Шахман мен Сұлтанхан

Шахман мен Сұлтанхан
Өткен заманда Ыбырайым деген бір пайғамбардың тісі ауырыпты. Пайғамбар түні бойы тісінің ауруына шыдамай түрегеп жүріп, әйеліне:
– Менің тісім қатты ауырды, сен бір әңгіме айтшы, тісімнің ауырғаны бөлінер ме екен, – депті.
Әйелі:
– Менің әңгімем сіздің ауруыңызды бөлуге әсер беріп, қандай қызықты болар дейсің, одан да осында көп жасаған қарт Сұлтанхан деген кісі бар, сол кісіні шақырып берейін. Сізге әңгіме айтып берсін, – депті де, Сұлтанханды шақырыпты. Сұлтанхан келген соң Ыбырайым:
– Бір әңгіме айтшы, менің тісімнің ауырғаны бөлінер ме екен, – дейді.
– Тақсыр, есіткенімді айтайын ба, жоқ көргенімді айтайын ба? – дейді Сұлтанхан.
– Естігеннің бірі рас болса, бірі қосымша бекер болады, одан да көзбен көргенді айт! – дейді Ыбырайым.
– Жарайды, көргенімді айтайын, – дейді, сонда Сұлтанхан:
– Менің жасым қазір де жүз жиырма беске келді, о кезде отыздың ішіндегі кезім, өзім көргенмін, аң аулап, аң атамын, күндерде бір күн әйелім құланның етіне жерік болып, құланның еті керек болды. Атымды ерттеп міндім де, құлан іздеп жүріп кеттім. Мен араламаған шың, құз қалмады. Не қиын тау-тастарды кездім. Жүре-жүре елсіз далаға кездестім. Маңайға көз жіберіп қарап тұрсам, айдалада, көз ұшында бір ақ нәрсе көрінеді. Келсем тамашалап салған бір күмбез тұр, маңында ешбір қыбырлаған жан, не малдың ізі жоқ. Келдім де «елсіз далада бұл не қылған жалғыз тұрған күмбез, бұл кімнің мекені» деп ойладым. Бір кісіге алғызбаспын-ақ деп жүрген кезім. Атымды байлап тастап, үйге кіріп келсем ешбір жан жоқ, жалғыз төсекағаш тұр, үлкен тай қазанда ет асулы. Қисыны кісі бар сықылды. Келдім де иесі болса келер деген оймен жантайып, төрге барып жата кеттім. Бір мезгілде бір аттың дүбірі естілді, біреу келе жатыр екен деп ойладым. Айтып ауыз жиғанша есіктен еңгезердей ақсақ жігіт кіріп келді де, бір аяғы іште, бір аяғы сыртта тұрып: «Кім бұл үйдегі?», – деп ақырды. Басымды көтеріп алып, байқасам, егер жағаласатын болсам шама келетін түрі жоқ. Сасқанымнан «мен» дедім. «Менің кім?» деді. «Мен – Сұлтанханмын» дегенімде, үйге кіріп, төсегіне отырып, маған қазандағы етті түсіріп әкел деді. Одан басқа сөз жоқ, орнымнан тұрдым. Үлкен бір тайдың еті сиярлық ағаш астау тұр екен, етті соған толтырып, зорға көтеріп әкеліп алдына қойдым. Бар айтқаны: «кел, отыр, же». Ол да етті турап жеп отыр, мен де турап жеп отырмын. Бір мезгілде езу тартып күлгендей болды. Үрейім ұшып, зәрем кетіп отырған басым, күлгеніне бойым үйреніп, көңілім орнына түскендей болды.
– Тақсыр, жылағанды сұрама, күлгенді сұра деге еді, неге күлдіңіз? – дедім.
– Ажалың жоқ екен, атыңның атыма ұйқастығының арқасында ғана аман қалдың.
– Атыңыз кім еді?
– Атым Шамхан.
Қайтып басқа сөз сұрауға дәрмен жоқ. Бір жерін басып, ашуландырып аламын ба деп, тамақты жеп болған соң, кетуге ыңғайландым.
– Не ғып жүрген адамсың? – деді.
– Бір құлан іздеп жүрген адам едім, әйелім құланның етіне жерік болып…
– Ендеге кішкене тоқтай тұр, мен ұстап әкеп берейін, – деп Шамхан атына мінді де кетіп қалды. Көп кешіккен жоқ, бір топ құланның қысырағын (үйірін) айдап келді де, маған бір қысырдың тайын ұстап берді. Асау құлан тартынып жетекке жүрмеген соң, ноқтасынан ұстап, ат үстінен тақымына салып, бір қатар жерге шейін шығарып салды да, өзіме беріп, «қош» деді де қайтып кетті.
Былай шығып ойға түстім. «Бұл не қылған елсіз даланы жалғыз мекен қылып жатқан адам? Атым Шамхан деді. Одан басқа ешбір жөн-жосығын білгенім жоқ. Тіпті үйге барғанда қатыныма айтсам, ол не қылған елсіз даланы мекен етіп жатқан адам екен десе не бетімді айтамын? Қой, одан да мен қайта бұрылып жайын білейін, ең қиын қылғанда басымды алар. Сөзден жеңілгенім қиын болар» деген оймен қайта бұрылып, бірқатар жерге ұзап кеткен адамның артынан айқай салып едім, тоқтап, маған бұрылып келді.
– Тақсыр, Шамхан, сіздің атыңыздан басқа жөніңізді білмедім, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген еді, рұхсат болса сіздің жөніңізді білгім келеді.
– Дұрыс, олай болса, мына құланды қоя бер де үйге жүр. Мен сізге барлық жай-күйімді айтайын, – дейді Шамхан. Құланды қоя беріп, еріп үйіне келдім. Бір құланның семіз тайын әкелді, екеулеп сойдық, етін асып қойып әңгімеге кірістік.
– Мен осы елдегі бір байдың баласы едім, жалғыз шешем ғана бар. Осы елдің ханының қызы Айсұлу деген маған ғашық, мен оған ғашықпын. Менің өз бойыма дарынды азырақ батырлығым да бар. Ол Айсұлуға ғашық қалмақ ханның баласы Жорас деген бар. Біздің ханның қызын келіп сұраса, хан: «Мен заты басқа қалмаққа қыз бермеймін», – дейді. Оған ашуланған қалмақ төбеге әскер ойнатып «қызыңды тартып аламын» деген. Хан қорыққанынан қалмаққа берейін десе қызы көнбейді, маған берейін десе, әкесі қалмақтан қорқады. Сонымен хан маған кісі салыпты: «Мені қалмақтан құтқарып, Айсұлуды өзі алсын», – депті. Сонымен шешемді мал-мүлкімен елге тастап, қалың қалмақтың жолын тосып жатқан жайым осы. Қалмақтың келер мезгілі өткен жазғытұрым еді, онда келмеді, ендігі келмегі осы күз. Бір келсе осы күзде келмек, үш жыл күтпек, ханға берген уәдем бар. Үш жылда қалмақ келіп, менімен соғыс салмақ. Қызды жеңгеніміз алмақпыз, – деді Шамхан. Сол арада екеуіміз өмірлік дос болдық. Мен келесі күзге келіп, хабарын бермек болып уағдаластым. Ертеңінде және бір құланның тайын әкеп берді. «Қош» айтысып еліме қайтып кеттім.
Тірі кісінің жұмысы біте ме, әр нәрсеге айналып, Шамханның күз келерсің дегенін ұмытып кетіппін. Келер жаздың ортасында есіме түспесі барма! Күз тақалып қалған еді. «Енді Шамханға не бетімді айтамын! Қой, айтысқан сөз, алысқан қол бар еді ғой, неде болса болған шығар, бір хабарын біліп қайтайын» деген оймен атыма мініп алып жүріп кеттім. Арамыз бірнеше күншілік жер еді. Белгілі, манағы күмбезге келдім. Келсем баяғы қалпы, Шамхан үйде жоқ, келер деп күтіп жаттым. Бір мезгілде Шамхан да келді. Амандасқан соң қалмақтың әлі күнге келмегенін айтты. «Енді бір келсе осы күз келе ме деп тұрмын, ақыры уәдесі осы күз», – деді Шамхан. Сонымен бір айдай сонда жаттым. Тауға шығып мен қарауылдаймын, түнде Шамханның өзі қарауылға шығады. Қоңыр күз. Бір күні түс мезгілінде қарауылда тұрсам, күн шығыс жақтан қалмақтың қалың қолы келе жатыр екен. Келдім де, Шамханға хабар бердім. Қару-жарағын асынып, Шамхан алдынан қарсы шықпақ болды. Мен де қамданып едім. «Сен барма, егер өлсек, біреуіміз өлейік. Болмаса мен өзім де қалмаққа алғызбаспын», – деп, досым болмады. Амалым барма, тастап кеткен соң үйде қалдым. Қалмақтың алдынан астына өзіне сенімді қояндай ақ боз аты бар Шамхан, атына мінді де жүріп кетті. Ол күні келмеді. Күн кеш болды. Ерте тұрып қарауылға шығып қарасам, кешегі қалмақтың көп қолы көрінбейді, ханның шәрі жағына қарап тұрсам, бір жалғыз атты көрінеді. Кім екен деп алдынан қарсы жүрдім. Байқасам мінгені Шамханның аты сияқты, бірақ үстіндегі кісісі оған ұқсамайды. Шамхан өлген екен, не қолға түскен екен деп шошыдым. Жақындап келе жатқан адамға:
– Шамханның атын мініп жүрген сен кімсің? – дегенімде,
– Ой, Шамханымды білетін сен кім едің? – деп әлгі жылап қоя берді. Сөйтсем ол Айсұлу қыз екен.
Бүгін таң ата қалмақтың ханы: «Шамханды өлтірдік, сенгенің Шамхан еді. Енді қызыңды берсең де бересің, бермесең де бересің!», – деп қысым салып жатыр. Егер мені алатын болса, менің бір тілегім бар: «Маған Шамханның атын берсін. Мен барып, соғысып Шамханды өлтірген жерін көзіммен көрейін де, қайтып келіп тиейін», – деген екен. Айсұлудың ондағы ойы егер Шамхан анық өлген болса, көзіммен көрейін де басымды қалмақтан алып қашып қаңғырып өлейін деген мақсат екен. Қалмақтар: «Жалғыз әйел қайда барады дейсің?» – деп, атты беріп қоя берген екен.
Екеуіміз «Шамхан тегінде өлген ғой, болмаса олардың қолына оның аты қалайша түседі. Жүр, соғыс салған жерін көрейік!» – дестік. Қалмақтар Шамханның алдынан ор қазып, соғысыпты. Түнде көп әскер қырылып қашыпты. Қашқан қалмақтарды қуып келе жатып, әлгі ордың тұсына келгенде Шамханның астындағы аты қарғып олардың ар жағына түсіпті де, өзі байқаусызда орға түсіп қалған екен. Иесі орға түсіп ойнақшып шыққан атты қалмақтар ұстап алып ханға белгі ғып апарған екен. Шамхан қалмаққа жеңгізбесе керек еді, қапылыста орға түсіп қалды ма деген оймен, қыз ерінің артына ұзын жібек арқан бөктере шыққан екен. Біз орды көрген соң, Шамханның атын атап, ордың екі жағына шығып алып айғай салдық. Бір мезгілде бір дыбыс естілгендей болды. Ор сондайлық терең қазылмаған екен. Тірілігін біліп қуанып, тұсына келіп арқан тастадық, бірақ екеуіміз тартып ала алмадық. «Атымның құйрығына байла!» – деген дауыс естілді. Арқанды атының құйрығына байладық та атты жетелеп, Шамханды аман-есен ордан алып шықтық. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Шамхан өз атына мінді, Айсұлу менің алдыма мінді. Үшеуіміз Шамханның мекеніне келе жатсақ, Шамханның қорасының шарбағында екі қара көк ат байлаулы тұр. Шамхан маған аттың біреуін шешіп алып кел деп еді, барсам темір шынжырмен кілттеп байлап қойған екен, шынжырдан босатып ала алмадым. «Ай жан емессің-ау!» деп, Шамхан барды да, шынжырды бір тартып үзіп аттың бірін алып келіп, қызды мінгізе бергенде, артымызда тасада қалмақтың қолы аңдып тұр екен, бізге тұра ат қойып қалды. Бет-бетімізбен араласып кеттік, бір-біріміздің қайда екенімізді білмейміз. Бет келгенді қылышпен шауып, басымды қорғап жүрмін. Күні-түнімен асығыстықтан ата қалмақтың қырылғаны қырылды, тірісі қашты, бір мезгілде есімді жисам, өлген қалмақ төбе болған, әр жеріме жара түскен, қалжыраңқырап қалыппын. Судың жағасына келіп, беті-қолымның қандарын жуып, жараларымды байлап тұрсам, Айсұлу келе жатыр. Келе: «Шамхынды көрдің бе?» – дейді.
– Жоқ.
– Ай, сол Шамхан өлді-ау деймін, өйткені түнде көзіме қан толып, біреу қарсы келгенде, иығын ала шаптым, жығылмады. Одан мойын тұстан қылышпен ұрғанымда, әзер дегенде атынан құлап еді, өңге бет келгендер бір ұрғанымнан жығылып еді. Ай сол Шамхан болмаса игі еді, – деп, жылап қоя берді. Екеуіміз өліктердің арасын қарап жүрсек, Шамхан өліп жатыр, айтқанындай иығынан бір шапқан, мойнынан бір шапқан екен. Сол арада қыз: «Мұнан қалып мен не боламын?» – деп, қанжармен өзін-өзі өлтірмек болып еді, қолын босатпадым. «Ақымақ болма, қарсылық қылма ажалға! Енді жаның ашыса, Шамханды күмбезге апарып таза арулап, жерлейік!» – деген соң қыз иланып, екеуіміз көтеріп әкеліп төсегіне жатқыздық. Қыз: «Енді маған біраз рұқсат бер, тірісінде қосыла алмадым, біраз жанына жатып мауқымды басайын!» – деді. Мен: «Дұрыс!» – деп рұқсат бердім. Қыз барды да, жылап Шамханды құшақтап жатты. Сол уақытта мен намаз оқиын деп тысқа шығып, қайтып келсем, өзін-өзі бауыздап қыз да өліп қалыпты. Амалым бар ма, жылап-жылап адам кірместей етіп күмбезді бекітіп, еліме қайттым.
– Қайран екі ғашықтың тірі уақытында қосыла алмағаны, қыздың сондайлық батырлығы күні бүгінге дейін есімнен кетпейді! – деді Сұлтанхан.
Сонда, Ыбырайым:
– Білесіз бе, бұған қанша жыл болды? – деді.
– Мөлшері сексен жыл шамасындай болу керек, – деді Сұлтанхан.
Қанша адамдармен, Сұлтанханды басшы ғып, Ыбырайым Шамхан мен Айсұлу қойылған күмбезді іздеді. Жер өсіп кеткен, мөлшерлеп келіп бір дөңді қазса, күмбездің төбесі екен. Айнала қазып күмбездің есігін тауып алып, ішіне енсе, екеуі бүгін өлген өліктей сар тап болып жатыр екен. Сол жерде екеуі тіріліпті. Сұлтанхан Шамханға:
– Мен сені әдейі іздеп келдім. Сұлтанхан досыңмын! – дейді.
– Жоқ сен кәрісің, ол мендей жас болатын, – деп, Шамхан танымайды.
Неше жыл жатқандарын білмейді, өздері бейне бір түн ұйықтап тұрған адамдардай, сол жас қалпында тіріліп, өмірді қайта бастапты дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *