Хан мен уәзір

Хан мен уәзір
Ертеде бір хан және оның ақылды бір уәзірі болыпты. Хан мен уәзір үнемі ел аралауға шығып тұрады екен. Бір күні уәзірмен ел аралауға шығыпты. Шыққанда, жаман киім киіп: «Елде кім ханды жақсы көреді екен?» – деп, жасырын жүріп, тың тыңдайды. Сол аралаумен жүріп, бір кедейдің үйіне келіп, қонуға рұқсат сұрайды. Ол кедейдің қатыны толғатып жатыр екен. Үй иесі:
– Әйелім босанғалы жатыр, – деп, қондырмайды.
Толғатып жатқан әйел:
– «Қырықтың бірі қыдыр» деген, қондыр, – дейді күйеуіне.
Үй иесі қонақтарды қондыруға рұқсат береді. Сөйтіп, екі қонақ отырады. Әлде не уақытта толғатып тұрған әйел босанып, еркек бала табады. Бала шырылдап жерге түскенде ханның уәзірі мырс етіп күліп жібереді.
Бұрын орынсыз күлмейтін, күлгенде бірдеменің мәнін болжап күлетін уәзірінің бұл күлкісі ханға оғаш көрінеді.
Хан:
– Неге күлдің? – деп, сұрайды.
Уәзір:
– Жай күлдім, – дейді.
Хан:
– Жай күлген жоқсың, айт, – деді.
Уәзір:
– Жай күлдім, – деп, болмайды.
Хан сұрап қоймаған соң, уәзір:
– Осы бала сізге күйеу болады, – дейді.
Хан жұлып алғандай:
– Қойшы! Мен осы бір кедейдің баласына қызымды беремін бе? – дейді.
– Ол арасын өзіңіз білесіз, әйтеуір осы бала сізге күйеу болады, – дейді.
Хан:
– Ендеше мұны сатып алып, өлтірейік! – дейді.
Ертең таң атқан соң хан отырып үй иесіне:
– Сен, мына балаңды бізге сат, өзінің үлкендігіндей алтын берейін, – дейді.
Бірақ, үй иесі жұлып алғандай:
– Сатпаймын! – дейді.
Әйелі:
– Қой, өзіңнің үлкендігіндей алтын берсе, сатып-ақ жіберейік. Бұл бала өсіп, бізді асырағанша, талай уақыт бар. Құдай берейін десе, сәтімен тағы берер, – деп, сатқызады.
Хан баланы алады да, бір жәшікке салып, суға ағызып жібереді. Хәшік сумен ағып келіп, бір шалдың диірменінің кіндігіне оралып, диірмен жүрмей қалады. Шал диірменін аралап келіп қараса, бір жәшік ілініп тұр. Жәшікті алып ашып жіберсе, ішінде бір аппақ, сазандай ұл бала жатыр.
Диірменші шалдың сегіз ұлы бар еді. Сегізі де жас еді. Шал судан алған баланы кемпіріне алып келіп:
– Мына баланы өлтірейік! Бала өзімізде жетеді ғой! – дейді. Кемпір:
– Қой, өлтірмейік! – дейді.
Шал:
– Мұны қалай асыраймыз. Өзіңнің сегіз балаңды асырасаң да жетер, – дейді.
Кемпір:
– Құдайдың өзі асырайды. Көзін қиып қалай өлтіресің? Балалармен бірге жүрсін. Сенің ырысыңды ішіп бара ма? – деп көнбейді.
Шал да бұл сөзден аса алмай:
– Мейлі, жүрсе жүрсін, – дейді.
Сонымен, шал асырап, бала жүре береді. Енді олардың балалары тоғыз болды. Оның ішіндегі ең кішісі тауып алған бала, қалғандары онан үлкенірек, бәрі де үйелмелі-сүйелмелі, үйректің балапанындай жарасып тұратын болды.
Күндерде бір күн хан бас уәзірін ертіп, ел аралауға шығады. Елді аралап жүріп, шалдың есігінің алдынан өте бергенде, уәзір тағы да мырс етіп, күліп жібереді.
Хан:
– Неге күлдің? – деп сұрайды.
Ойнап жүрген балалардың ініндегі әне бір кішкентай сізге күйеу болады, – дейді.
Хан жұлып алғандай:
– Қойшы! Ханға күйеу болуға кедейдің баласын жазып қойып па? – дейді.
– Көрерсіз! – дейді уәзір.
– Олай болса өлтіру керек, – дейді хан.
Оны қалай өлтіру керек? Хан мен уәзір амалсыз шалдың үйіне бұрылып келіп:
– Анау кішкентай бала сенікі ме? – дейді.
– Менікі, тауып алған балам, қалғаны өзімнің балам! – дейді шал.
– Ана тауып алған кішкентай балаңды сатшы, өзінің үлкендігіндей алтын берейін, – дейді хан.
Шал қуанып кетіп, баланың үлкендігіндей алтын алып, оны ханға беріп қоя береді. Хан баланы әкеліп: «Осыны өлтір!» – деп бір уәзіріне береді. Уәзір баланы жазықсыз өлтіруге қимайды да асырай береді. Осымен жүргенде бала өсіп қалады. Хан келіп қараса, бала өлмепті:
– Мұны неге өлтірмедің? – деді хан.
– Тіпті өлтіруге қиятын бала емес. Өзі ақылды, өзі әдемі, еш кінасы жоқ. Қалай етіп өлтіруді білмедім, – дейді.
Сол уақытта ханның еліне жау тиеді. Хан әскерін жинап, соғысқа кетерде еліндегі бас уәзірлеріне хат жазып: «Мына баланы барысымен өлтірсін!», – деп үкім етіп, хатты баланың өзінен беріп жібереді де, өздері соғысқа кетіп қалады. Бала хатта не барын білмейді. Оған: «Хатты тез алып бар!» – деген. «Осы хат бойынша онан бізге әскер жібереді. Ертең ертеден қалма», – деген.
Бала хатты алып, жүгіріп келе жатып, әбден шаршайды, содан ханның үйіне жетпей шаһарға жақындағанда ханның бау-бақшасының ішіне келіп ұйықтап қалады. Ханның қызы бақшаны аралап жүрсе, ұйықтап жатқан бір сұлу баланы көреді. Қыз оған ғашық болады. Жанындағы нөкерлеріне:
– Сендер жүре беріңдер, мен мына баланың кім екенін білейін, – дейді.
Баланы оятып, құшақтап, сүйіп, баланың қолына қараса, хат бар екен, оны ашып, оқып жіберсе: «Мына баланы мен барғанша өлтір!» – деп жазған. Қыз хатты алып, жыртып тастап, оның орнына: «Мен барғанша мына балаға қызымды некелеп қой» – деп, жазады да кетіп қалады. Бала оянып тұра келсе, ханның бар деген уақыт өтіп кетіпті, бала сасып: «Хан ұрсар ма екен?» – деп, уәзірге жүгіріп барып, хатты береді. Ханның жарлығы екі бола ма? Қазір ат шаптырып, той істеп, ханның қызын балаға некелейді.
Бала ханның қызын алып, жата береді. Хан жауды жеңе алмай, төрт-бес жыл соғыста болады. Бұл уақытта ханның қызы екі балалы болып қалады. Ханның қызы бұл айланы өзі ғана біледі. Бір күні: «Хан соғыстан қайтып келе жатыр», – деген хабар естіледі. Ханның қызы күйеуіне:
– Сен мына екі баланың бірін жетектеп, екіншісін көтеріп, ханның алдынан шық. Әкемнің мінезі жаман еді. Ашуын қалдырса, мүмкін, сонда қалдырар, – дейді.
Екі жиенін алдынан шығарып, жігіт ханға сәлем беріп еді, ханның ішіне мұз құйылды, суық қана амандасты да қойды. Бірақ, ренжігенін білдірмейді. «Жарайды», – деп, хан үйіне келді. «Мына ханның қызын қаңғырған кедейдің баласы алыпты», – деген ат ханның сүйегіне таңба болатын болды. Әркімнің күңкілі күшейді: «Ханға бір ханның баласы табылмады ма? Осы қаңғырған баланың несіне қызықты?» – деген сөздер желдей есті.
Әркімнің өсегіне қалмау үшін хан нан пісіретін жерге уәзірінен қағаз беріп: «Ертемен келген адамды кім де болса, ең ақыр аяғы, мен болсам да отқа жағып жіберіңдер!» – дейді. Уәзір ханның сөзін бұлжытпастан жеткізеді. Хан күйеу баласын тәңертең нан пісіретін жерге баруға қосады.
Тәңертең пәлен сағатта барсын дегенмен бала үйден шығып келе жатса, бір жерде сырнай-кернейлер жартып жатыр екен, ол сол үнді тыңдап кідіріп қалды. Баланы жағып жібер деген уақыт та болды. «Баланың жанып жатқанын көзіммен көрейінші!» – деп, хан келді. Нан пісіретін жігіттер нанды ала салып, сөзге келтірген жоқ, кешегі ханның уәзірінің тапсыруы бойынша, көтеріп алды да, пешке тығып жіберді. Бұл жана берсін.
Әлде не уақытта: «уақытым болып қалды-ау!» – деп, асығып бала келді. Барса, наншылар: «Біз бұл адамды ханның кешегі тапсыруымен бағана өртеп жібергенбіз», – дейді.
Бала қағазын береді де, қайтып келеді. Сол күні ұзамай-ақ ханды жоқтайды. «Хан қайда?» – дегенде, ханның өртеніп кеткендігі айқындалады. Енді жаңадан хан сайлау керек болады. Халықтың барлығы шақырылып: «Ханға кімді ұсынамыз?» – деген сөз көтеріледі. Сонда ханның бас уәзірі, сыншы уәзір, ханның күйеуінің басынан өткізген түрлі-түрлі қиыншылықтарын айта келіп, хандыққа сол ханның күйеуін ұсынады.
Бұрын хан жоқта ханның орнына хан болып жүрген бас уәзір, хандыққа таласпай-ақ, өзі ұсынып тұрған соң, қалған уәзірдің көмейіне құм құйылады да, жас бала хан болады. Сөйтіп, мұратына жетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *