АНТОЩЕНКО-ОЛЕНЕВВалентин Иосифович (18.6. 1900, Украинаның қазіргі Полтава обл. Зеньков қ. — 11.6.1984, Алматы) суретші. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1965). 1926 — 28 ж. Мәскеудегі жоғарғы тех. көркемсурет шеберханасында оқыған. 1928 ж. Қазақстанға келіп, газет-журналдар (“Советская степь”, “Еңбекші қазақ”, “Жаршы” мен “Әйел теңдігі”) редакцияларында жұмыс істеді. А.О-тің тарихи тақырыпқа жасалған “Әкелеріміздің жастық шағы” (1958), “Қамығу” (1959), “Бостандық және өлім” (1962) графикалары, “I. Жансүгіров” (1958), “П. Пикассо”, “О. Ренуар” (1962), “Ы. Жақаев” (1965), “А.Х. Ярмухамедов” (1983) психол. портреттері және замандастар өмірінен алынған романтик. сипаттағы “Жарқырайды жаңа құрылыс оттары” (1960), “Мазар” (1964), “Қонаққа бару” (1964) атты линогравюр. шығармалары бар. Осы заманғы шығыс тақырыбына бірнеше топтама еңбектерін (“Хиуа”, 1965; “Ақындар”, 1969) арнаған.