Өнеге
Бұрынғы заманда бір шәһәр бар екен. Бұл шәһәрдің ханы болыпты. Ол күнде жаман киініп, жабайы кісі болып, шәһәрді, базарды аралап жүреді екен. Күндерде бір күн хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп, хан таң қалып, неше күндей мұны сыртынан бағып жүреді. Бұл адам ерте де, кеш те бір қалыпта басына, аяғына бір-бір кесек алтын қойып жатады. Ақырында, бір күні хан:
– Сен не қылған адамсың? – деп, сұрайды.
Ол адам басын көтеріп:
– Мен ақыл сатушымын, – дейді.
– Олай болса, маған бір ақыл сатшы, – дейді патша.
Онда ол адам:
– Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың алтын, – дейді.
Хан санап, мың алтын береді.
– Не істесең де ойлап істе, ойламай қылсаң, қор боласың, – дейді.
Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарханға дейін жазып қояды. Күндерде бір күн хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел», – деп, бас уәзірге әмір қылады. Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең кел, ханның шашын ал», – деп бұйырады. Ертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады. Уәзір:
– Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы боласың? – дейді.
Шаштараз:
– Ай, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жабайы ұстарамен аламындағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан аламын? – дейді.
Сонда уәзір:
– Ей, ақымақ! Ханның шашын жабайы ұстарамен алуға болмайды. Мә, мынау ұстарамен ал, – деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді.
Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың!» – деп, әр жерге жазылған сөздерді көреді де, ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ ханның шашын алайын» – деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, өзінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп, хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады. Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» – деп шашын алғызып болған соң хан:
– Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! – деп, кісілеріне әмір қылады.
Шаштараз мұны естіп, не қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді; жендет келген соң, бишара шаштараз ханның аяғына жығылып:
– Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да ықтияр, бірақ менің кінамды айтып алсаңыз екен! – дейді.
Хан:
– Сен басында менің шашымды алтын сапты ұстарамен алмақшы болып, ақырында, оны менен аяп, ағаш сапты жабайы ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінаң осы, – дейді.
Сонда шаштараз:
– Жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда, алдымнан бас уәзірің шығып: «ханның шашын алуға мына ұстара лайық», – деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған «Не істесең де ойлап істе, ойламай істесең, қор боларсың», – деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай да болса, үйренген өзімнің ұстараммен алайын», – деп, ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алған себебім осы еді, – дейді.
Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп бас уәзірін шақыртып алдырып:
– Мынау ұстараны шаштаразға сен бердің бе? – деп сұрайды.
Уәзір:
– Мен бердім, – дейді.
– Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, – деп, хан шаштаразға бұйырады.
Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сыйпап еді, уәзірдің жаны да шығып кетті. Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен, соны өлтірмекші болып, ұстарасын зәрге суарған екен. Мұны көріп, хан шаштаразға көп риза болады, көп алтын, күміс сыйлық беріп, үйіне қайтарады.
Мұнан соң хан бұрынғыдай жабайы киініп, шәһәрді, базарды аралап жүреді. Күндерде бір күн базарда баяғы ақыл сатушыны тауып, ордасына алып келіп, бас уәзір етеді. Екеуі бек тату болып, күні-түні бірге болып, не істесе де ақылдаспай істемейтін болады. Және хан өзі бір жаққа кетсе, орнында уәзір қалып, ханның үйде бар-жоғы да білінбейді. Күндерде бір күн хан жабайы кимімен базарға келсе, қанша халық бір наубайшының нанын таласып алып жатқанын көреді. Жұрт таласып алып жатқан бұл қандай нан? – деп, хан да азырақ на алып қараса, дәмі дүниеде жоқ тәтті көрінеді. «Бұл нан тәтті екен. Күнде осындай нан алып жесе болады екен», – деген оймен, хан наубайшыға:
– Ай, науайшы, наның артықша дәмді екен! Сен маған үйіңді көрсетіп қойшы, мен сенен күнде нан алып тұрайын, – дейді.
Наубайшы қуанып: «Құп болады!» – деп, ханды үйіне ертіп апарады, үйден үйге, бөлмеден бөлмеге ертіп, аралап келіп, ақырында, ханды жер астындағы бір үлкен үйге алып кіреді. Қараса, ол үйдің ішінде қаншама адам темір көгенде көгенделіп жатыр. Наубайшы бұл ханды да көгендейді. «Сен кімсің?» – деп, сұрайды. Хан «Мен ханмын», – деп, айтпайды. Бұл наубайшы күнде көгендегі адамдардың бірін сойып, майына нан пісіріп, базарға сатады екен. Сөйтіп, хан көгенге түсіп қалып, неше күнге шейін ордасына қайтпайды. Бұған уәзір қайран қалады, бірақ ханның жоғалғанын халыққа жария қылмай, бұрынғыдай хан орнына әмір, жарлық қылып тұра береді.
Күндерде бір күн кезек ханға келеді. Наубайшы мұны соймақшы болып, жетектеп алып шығады. Сонда хан:
– Ай, наубайшы! Сен мені сойма, мен саған менің майыма піскен нанды сатып алатын ақшадан артық ақша тауып беремін. Мен неше түрлі қымбат кілем тоқуды білемін, – деді.
Наубайшы:
– Жарайды, – деп ханды бір бөлмеге қамап, дереу базардан барып кілемге керек жабдық әкеліп береді.
Хан күнде бір кілем тоқып шығаратын болады. Бір күні бір қырмызы кілем тоқып наубайшыға:
– Бұл кілемді ханға апарып сатыңыз, бірақ мың алтыннан кемге бермеңіз, – дейді.
Бұл кілемді наубайшы ханға мың алтынға сатады. Ертеңіне тағы бір кілем тоқып шығарады.
– Мұны екі мың алтыннан кем сатпаңыз, – дейді.
Айтқанындай, хан бұл кілемді екі мың алтынға алады.
Үшінші күні хан тағы бір кілем тоқып шығарады, кілемге неше түрлі гүл салып, ортасына: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, жазым боларсың», – деп жазу түсіреді. Бұл кілемді наубайшы тағы ханға алып келеді. Хан – баяғы ақыл сатушы – бұл кілемді көріп, ортасындағы жазуды оқып ішінен: «Ханымыз табылды», – деп ойлайды да, наубайшыға:
– Бұл кілеміңе үш мың алтын берейін және мұнан былай кілем керек болса, сенен басқа кісіден алмаймын. Сен мына менің жасауылдарыма үйіңді көрсет, ақшаңды қайтып келіп аларсың, – деді.
Наубайшы қуанып:
– Құп, тақсыр! – деп, ханның үш жасауылын үйін көрсетуге ертіп кетеді.
Бұл екі арада уәзір әскерін жиып, даяр болып тұрады. Біраздан соң жасауылдар мен наубайшы ақшаны алуға қайтып келеді. Уәзір бұл жасауылдарды ертіп, әскерімен наубайшының үйіне келіп, есіктерін сындырып кірсе, темір көгенде жатқан адамдарды көреді. Уәзір мен хан жыласып көріседі. Сонан соң көгендегі адамдарды босатып, наубайшының мойнына шынжыр тағып, ордаға алып келіп, дарға асып өлтіреді.