Қарахан ертегісі

Қарахан ертегісі
Қарахан деген қадірлі хан болыпты. Қырық уәзірімен бір жерге сейілге шығыпты. Әлгі сейілге шыққанда қырық уәзірдің қасында қырық кісі бар екен. Сейілге шығып жолда келе жатқанда Қараханның қамшысы қолынан түсіп кетеді. Сол арада көп кісі – қырық уәзір, қырық кісі тегісімен атынан түсе қалып ханның қамшысын әпермекші болады. Тигені қамшыны ұстап, тимегені тек ұмтылып, бәрі де ханға құрмет қылады. Сол кезде Қарахан ат үстінде тұрып ойлап: «Япырау, бір қамшы үшін қырық уәзірім мен қырық кісі бірдей түсіп қүрмет істегендей мен сонша қадірлімін бе? Халық жақсы құрметтейді екен ғой», – дейді. «Мен бұған шүкіршілік қылайын, халықтың маған істеген сол құрметіне мен оларға көңіл бөліп, қаріп-қасырларға болысайын, жұрт айта қалғандай бір жомарттық істейін» деген ой көңіліне кірді.
Содан хан қырық уәзір, қырық жігітпен күні бойы аңда болып кешке жақын аман-есен үйіне келді, Үйіне келіп, жайласып отырған соң, ханның үйіне үстіне жаман киім киген бір қайыршы адам кіріп келеді.
Күндіз аңда жүргенде «зор жомарттық істеймін» деп хан өзіне уәде қылған. Орнынан тұрды да қайыршыға бір үлкен сый тартпақшы болды. Сонда қайыршы айтты:
– Сен маған шын ниетіңменен сый беретін болсаң, менің көңілім не тілесе сен соны бер, – деді. Хан айтты: «Төрт түлігімнен, мүлкімнен не тілесең соны бердім, қалағаныңды ал», – деді. «Жоқ, сенің төрт түлігіңнің маған керегі жоқ. Сен берсең, патшалық орныңды бер. Менің көңілім осыны сүйеді», – деді қайыршы. Хан айтты: «Орнымды да бердім», – деді. Қайыршы айтты: «Берсең түс, орныңа мен отырайын», – деді. Хан мұны да жақсылық көріп орнынан түсті. Бақсы айтты: «Сен мұнда тұрма, төрт түліктен таңдаған атың мен дүние ал да жайыңа бар», – деді. Хан қайыршының айтқанын істеп, жылқыдан таңдап ат алып, керекті бұйым алып, үйінің ішін арбаға мінгізді де шаһардан шығып, екінші бір шаһарға жөнелді. Келе-келе жатып ханның үй іші бір өзен суға кездесті. Өзен су терең екен, түгел өтейін десе, тегісімен суға кетеміз бе деп, жарымдап өтуді ойлады. Ең алдымен екі баласы мен қатынды өткізді. Одан кейін қайыра қалған жүкке жөнелді. Қарахан жүкке қарай өтіп келе жатқанда, қатын, балаларын орнына тастап, жарды жағалап ұзаңқырап кетті. Сол кезде екі қасқыр шауып келіп екі баланы көтеріп алып кетті. Балаларды қасқырдың көтеріп алып бара жатқанын хан да, қатын да көріп тұр. Бірақ олардың бірі ар жақта, жаяу не істесін, өздерін-өздері жұбатты. Содан кейін хан мен қатын өзенді жағалап келіп бір жерге келіп жатты. Сол уақытта олардың үстіне бір топ керуен көшіп келді. Керуен келіп қонған соң олардың ішіндегі кейбіреулері хан мен қатынға келіп жолықты. Ханның қатыны көркем сұлу кісі еді. Керуеннің сал-сері жігіттері оны керуен басы Ханзадаға айтып келді. Олардың айтуы бойынша керуен басы оған ғашық болды. Содан кейін керуен басшысын бір қиял билеп, қатынды көру үшін екі жігітті жұмсады.
«Бізде бір адам сырқат еді, «қырықтың бірі – қыдыр» деген сөз бар еді. Жолаушы әйел соны келіп көріп берсе екен деп айтындар», – деді.
Жігіттер ханның арбасына келіп керуен басының сөзін қатынға айтқанда, қатын «бармаймын» деді. Жігіттер өтініп үш рет сұрады. Қатын үшеуінде де «бармаймын» деп жауап қайырды. Қарахан айтты: «Бұлар да жолаушы адам ғой, барып келе ғой», – деді.
Қатын керуеннің шатырына келген соң, бағанағы көрмей ғашық болған керуен басы қатынды көріп, оның көркем сұлулығына таң қалады. Қатынды күйеуіне қайтармай бауыр басып, шатырын жиып көше жөнеледі. Хан бұған да ішінен сабырлық қылды. Содан кейін қатынды алып керуен басы жөнеліп, Қарахан өз жайына кетті. Қарахан жүре-жүре тағы бір өзенге кез келді. Бұл су да терең екен. Өтіп келе жатқанда аты суға кетіп, өзі ғана жүзіп шықты. Содан киейін десе киім жоқ, ішейін десе асы жоқ, келе-келе жатып шаршап, бір салындының арасына кіріп жатты. Бұл жерге шаһар таяу екен. Бұл шаһардың ханы өліп иесіз тұр екен. Бұрынғы заманда хан өлгенде дәулет құсын ұшыру елдің салты екен. Бұл шаһардың халқы жиналып дәулет құсын ұшырыпты. Ұшырған дәулет құсы ұшып келіп бағанағы салындыға қонады. Ол жерде Караханнан басқа ешкім жоқ. Осы салындыға келіп қонғанда, артынан үш жігіт құсты алып кетті. Жігіттердің қолындағы құсы талпынып салындыға қарай береді. Құс талпына берген соң, қоя беріп қараса, құс қайтадан барып салындыға қонады. Ол жерде жігіттердің дыбысымен Қарахан оянады. Жігіттер оған таң қалып, құсты алып, Қараханды ертіп топ басына барады. Барған жерде жиналған топ Қараханның жайын, неғып жүрген адам екенін сұрап таныған соң, оны ақ киізге орап хан көтеріп, шаһарға хан сайлайды. Қарахан бұл шаһардың ханы болып тұрды. Дәулет құсы басына қонып, бақтың сарайыңа кірсе де, ойынан қатын мен бала шықпады. Оларды көп ойлады. Ақырында ханым мен баласын іздеуге көп кісі ертіп жолға шықты. Айдан ай, жылдан жыл өтті. Ел-елден сұрап ханым мен балаларды іздеді. Неше заман жол жүріп келе жатқан адам бір елде қайыр сұрап жүрген әйеліне кездесті. Ханым үстінде киім, ішерге ас жоқ, тек елден сұрап күнелтіл жүр екен. Ханын көріп қайтадан жасағандай болды. Екеуі бірін-бірі құшып, мауқын басты. Хан ханымынан балаларынан хабар білер ме деп сұрады. Ханым бұрынғы есіткен бойынша балаларынын қай жерде тұрғанын айтты. Хан мен ханым көп нөкермен балаларын іздеді. Айдан ай өтіп, келе-келе жатып бір өзен бойында қой бағып жүрген қойшыға жолықты. Қойшыдан жөн сұрады. Қойшы бағып жүрген қой қай елдің қойы екенін айтты. Қойшы жай қойшыдай емес, еті тірі болғандықтан оның кім екенін сұрады. Қойшы:
– Мен Қарахан деген кісінің баласымын, – деді. Оны жас күнінде бөрі алып қашқан екен. Бөріден бұл елдің бір байы құтқарып алып, асырап енді қой бақтырып қойыпты. Оның қасында інісі бар екен. Інісі – ол да қозы бағып жүр екен. Балалардың етін бит жеп, аяғын тас қырқып әбден жүдеген екен. Оларды іздеп тауып иіскеп бір жасады. Содан балаларыи жанына ертіп еліне қайтып, бұрынғы хандығына отырып, барша мұрат басына жетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *