Сапаһи

Сапаһи
Бұрынғы заманда бір Сапаһи деген кісі өз заманында теңдесі жоқ өте сұлу бір әйел алыпты. Әйелінің сұлулығы өте артық болыпты. Бір көрген адам екінші көруге құмарланып тұратын, ауызбен айтып жеткізе алмайтын сұлу екен. Ері Сапаһи әйелін өте жақсы көріп, әйелі үйде отырса үйде отырып, тысқа шықса әйелімен бірге тысқа шығып, қашан ұйқыға барғанша әйелінің бетіне қарап отырудан басқа тіршілік етпепті. Сонымен бірнеше жылдар өткізіп, Сапаһи басында жақсы, ауқатты адам болса да, бірнеше жылдар басқа әрекет болмағаны үшін, ақыры кедейлене бастапты. Бара бара тіпті нашарлап кеткен соң, бір күні әйелі отырып ері Сапаһиге:
– Қолдағы мал, ақша таусылды, бізде халық қатарлы істеп жүрген тіршілік жоқ. Енді жанды қалай бағамыз, сен неге тіршілік етпейсің, – депті.
Сонда Сапаһи әйеліне қарап:
– Мен сені үйге қалдырып, қайтып басқа жақта шыдап жүре аламын. Сырқа шығып бір қонып, түнемек тұрсын, бір сағат көрмесем сені көргенше асығып, өліп кете жаздаймын, – депті.
Сонда әйелі:
– Сіз анығында қалай ойлайсыз, ұзаққа жолаушы жүріп кетсем, мені әлде біреулермен ойнап қоя ма деп ойлаймысыз, – деп сұрапты.
Сонда Сапаһи:
– Шынында сені көрмей тұра алмаймын, әрі басқа жаққа кетсем біреулермен ойнап қоя ма деп те ойлаймын, – депті.
Сонда әйелі Сапаһиге:
– Мен сізге бір әңгіме айтайын, әбден тыңдап отырыңыз, – депті. Сондағы әйелінің әңгімесі: «Бұрынғы өткен заманда бір жігіт қыз таңдап, ел аралап жүріп, өзі жақтырып бір сұлу қызды алып, ол әйелін тастамай, қайда жүрсе де ертіп жүретін болыпты. Бір күндері сол жігіт қасына бір қанша құлдарын ертіп, түйесімен керуен болып ұзақ жолға саудаға шығып, сүйікті әйелінде қалдырмай ерте шығыпты. Сауда бір қанша айлар бойы сапар жүріп, еліне келе жатып, бір дарияға келгенінде түйелер дариядан өтпей тұрып алыпты. Сонда суға түйесін түсіре алмай тұрған құлға әлгі саудагер жігіттің әйелі тұрып айғайлып: «Ей жігіт, сенің түйең суға түспейді, сен мына менің астымдағы түйеме мініп баста», – деп астындағы түйесін жігітке берген екен, әйел мінген түйе, судан тоқталмай өте шығып, соның артынан барлық түйелер өтіп кетіпті. Судан өтіп алғаннан кейін ері әйеліне сұрай қойып, «Сен ана құл мінген түйенің судан өтпейтінін, өзің мінген түйенің судан қорықпай өтетінін қайдан білдің», – деп сұрапты. Сонда әйелі: «Ол құл мінген түйенің енесі қорқақ болатын, түйе енесіне тартып қорқақ болады. Ал менің астымдағы түйенің енесі суға қорықпай түсетін жүректі түйе еді. Соның үшін мен мінген түйе енесі сияқты судан өткіш болады, мен екі түйенің де анасының сырын білетін едім», – депті. Сонда ері: «Әрбір жанды зат өзінің туған шешесіне тарта ма», – деп сұрапты. Әйелі айтыпты: «Әрбір жанды заттар өзінің туған анасына тартпай қоймайды», – депті. Сонда ері тұрып, «Ендеше сенің шешең өте зинақор еді, сенде ақыры өз анаңа тартады екенсің, сен ондай істеп менің көңілімді қарайтқанша осы күннен тартып екеуіміз ажырассақ болады», – деп, еліне келісімен әйелін талақ қылып шығарып жіберіпті», – деп Сапаһидің әйелі әңгімесін аяқтатып келіп, осы хикая сияқты менің анам, анамның анасы, тіпті рухымда зинақорлық жоқ, әгерде мен ондай келіспейтін істі істегім келсе, сен мені аңлып тоқтата алмас едің, мен қалай да болса, сізге білдірмей сан адамдарды кіргізіп шығара алар едім деп әйелі осы сөздерді айта келіп, еріне деді: «Сіз көңіліңізге еш қандай қауып келтірмей әрекет етіп, мал табу үшін кете беріңіз, мен өзімнің тазалығым үшін бір белгі берейін. Ол белгі мынау деп бір иісті шөптің гүлін еріне беріп тұрып, осы гүлді сіз құлағыңызға қыстырып алып тастамаңыз, осы гүл қурап сөнсе, менің көңілім бұзылғаны, егерде гүл қурамай, сөнбей осы күйінше тұра берсе, менің көңілімнің бұзылмағаны, менің адал-арамымды осы гүлден ғана білесіз», – деп ерін сендіріпті. Сапаһи әйелінің сөзіне әбден сеніп, әйелімен қоштасып, ұзақ жолға сапарға шығып, он бес күн жүріп, бір шәріге келіп, мен істеуге қандай жұмыс табылар екен деп жүргенде, сол шәрінің патшасының баласына кезігіп қалады.
Патшаның баласы қырық жігіт нөкер алып, әр жігіттерге тиісті ақысын беріп, әрдайым ойын-сауық, тамашамен жүреді екен. Сапаһи кезігіп қалғанда патшаның баласы, маған нөкер болсаңыз тиісті ақыңызды беремін деген соң, Сапаһи қырық жігітке қосылып, ойын-сауықпен жүре беріпті. Сапаһидің бұларға қосылғаны көктем кезі екен, Сапаһи әйелі берген гүлін тастамай күн сайын құлағына қыстырып жүреді екен. Ол гүлі жаңа үзіп алған гүл сияқты түсін өзгертпеген соң, әйеліне сенімді болып, еш нәрсе ойламай, жүре беріпті. Сонымен жүре жүре күз болып, барлық шөптің гүлі түсіп, қысқа айналғанда да Сапаһидің құлағындағы әр күні бір гүл қыстырулы жүретінін көріп, бір күні патшаның баласы: «Сапаһи, сен барлық шөп қуарып кеткенде, қурап сөнбейтін гүлді күн сайын қайдан тауып жүрсің» деп сұрапты. Сонда Сапаһи:
– Мен бұл гүлді күн сайын бір жерден алып жүрген жоқпын, бұл гүлдің жай-мәні мынада, менің әйелім адамзаттың сұлуы, мен әйелімнің бетіне қарап отырып бір қаншы жыл өткіздім. Ақыры кедейленіп, мал табу үшін сапарға шығарымда, әйелім біреумен ойнап қоя ма деп қорыққанымда, әйелім осы гүлді беріп отырып, гүл қураса менің көңілімнің бұзылғаны, қурамаса менің тазалығым деген, міне алты ай болды осы гүл әлі бір қалыпты, менің әйелімнің тазалығын осы гүлден білемін, – депті.
Сонда патшаның баласы Сапаһиді жасытып:
– Әй Сапаһи, сен әйелдің әдіс-амалдарының қандай болатынын әлі білмейді екенсің ғой, сені әйелің келістіріп алдаған, сен соған сеніп жүріпсің ғой, – деп екі қолын санына шапалақтап, қарқылдап күліпті. Сапаһи ойға кетіп, біраз жасып қалыпты. Сондай болса да гүлін тастамай жүре беріпті. Патшаның баласы Сапаһи жоқ жерде барлық жігіттерін жинап алып, Сапаһи осындай дейді, шыныда әйелінің ешкімге көңілі бұзылмай жүргені рас болуы мүмкін. Енді осының гүлін сынау үшін осы жігіттердің ішінде Сапаһидің шәріне барсып, сол әйелдің көңілін бұза алатын азамат барсыңдар ма? Егер өзіне сенімді азамат болса, мың-мыңдаған ділдә, гәуһармен жіберемін депті. Сонда бір Хасен деген жігіт тұрып, «Құдай-ау, еркектің сөзіне көнбейтін әйел болушы ма еді, ол адамына кезікпей жүрген шығар, егер сіз мені жіберсеңіз мен оны, перінің қызы болса да жөнге келтіруге осы жігіттердің алдында уәде беріп, сіздерді сендіре аламын», – депті.
Бұған ханзада қатты қуанып, есепсіз көп бағалы алтын, гәуһар, асыл заттарымен оны Сапаһидің шәрісіне шығарып салып, қайтып келуі үшін мөлшерлі уақыт белгілеп жіберіпті. Қалғандары бұрынғыдай ойын-сауықпен жата беріпті. Хасен бір қанша жол жүріп, Сапаһидің шәрісіне келіп, шәріні байқап жүргенде бір күні ойын-тамаша қылып, отырған бір топ өңкей жас жігіттерге кездесіп қалыпты. Түр сипаты, киім салтанаты патшаның баласынан артық, тамашамен отырған жігіттер Хасенді қошаметпен қарсы алып, арақ-шарапты бірге ішіпті. Бұл қайсы шаһзада екен деп отырып, бір кезде:
–Я шаһзада қайсы патшаның баласы боласыз, қайсы шәріден келесіз, – деп сұрапты. Сонда Хасен атақты патшаның баласымын, осы шәріге келу себебін баяндай бастапты:
– Азаматтар, жігіт жігіттің гүлі деген, менің тілегіме құдай сіздерді кезіктірді. Мен сіздердің шәріңіздегі Сапаһи деген кісінің әйеліне ғашық болып, бірнеше айшылық жолдардан арып-ашығып келіп отырмын. Менде дүние деген жетеді. Азаматтар, мені мұрадыма жеткізсеңдер, сіздерге өмірлік алтын, ділдә берер едім, – депті.
Сонда отырған жігіттер, «Япырмай ханзада, бұл іске біздің шамамыз келе алмайды. Неге десеңіз сіз ғашық болған әйелге осы отырған жігіттердің барлығы ғашық болып, өзімізді әуреге салғанбыз. Ақыры ол әйелді бой сұндыра алмай бәрімізде шаршап отырмыз. Сіз өте алыстан келіпсіз, қымбат заттарыңызда жетерлік екен. Соның үшін сізге бір ақыл көрсетелік. Пәлен жерде бір өте айлалы кемпір бар. Сол кемпірді риза ете алсаңыз, сізді мұрадыңызға жеткізуге шек жоқ», – депті. Сонан кейін Хасен кемпірдің тұрған жерін сұрап алып, ол кемпірді іздеп тауып, көңілдегі мақсатын айтып, кемпірге көп алтын, ділдә беріпті. Кемпір қуанып кетіп:
– Балам, мен ол адамға барып көрейін, ол адам өте қатты деп есіткен едім. Құдай абыйыр берсе, бірдеме болып қалар, – деп кемпір Сапаһидің әйеліне жүріп кетіпті. Кемпір келсе, Сапаһидің әйелі үйінде жалғыз отыр екен. Сонда кемпір амандасып, біраз отырып, адам баласының жастық кезіндегі жүріс-тұрысын айтып, өзінің негізгі ойын сөйлей бастайды. Сонды кемпір отырып:
– Балам, адам баласы дүниеге адам болып туылғанда әр дәуірді өз жолымен өткізгенге жету қайда дейсіз. Алла тағала өз пәндесін жаратқанда жастық дәуірін ләзәтті етіп, жас кезінде ойнап-күлісіп, жастық махаббатын өз жолымен өткізіп, өздеріне сай шаһзадалармен ойнп-күліп, жастық көңілін көтеріп, кәри бастағанда тәуба қылу үшін адамды дүниенің қызығы үшін жаратқан алла тағала. Ал енді балам, сіздің нұр сипатыңызға ғашық болмаған, ол үшін сізбен бір кеш махаббаттасып, бір түнеп шығу үшін басымды қатырмаған адам жоқ. Соның бәрін сізге лайық көрмей, есіткен сөзімді ішіме сақтай беруші едім. Осы жақын күнде бір патшаның шаһзадасы сіздің көркемдік дыбысыңызбен сізге ғашық болып, келген екен. Ол шаһзаданы байқап қарасам, құдайым жаратқан сізге лайық туылған екен. Әкелген алтын мен гәуһарлары сан жеткізсіз, туысы тіпті бөлекше. Ары-бері ойлап қарасам, жастық махаббат жағынан да, сізге лайық көріп, әкелген заттары сіздің өмірлік қажетіңізге жарайтын болғандықтан, сол шаһзаданың бір түн ғана көңілін тапсаңыз қалай болар еді деп, сізбен ақылдасу үшін келіп едім, – депті.
Сонда Сапаһидің әйелі отырып:
– Әй, шеше-ай, мен өмірімде Сапаһиден басқа ер адамға етімді тигізіп көрмеп едім, бірақта сіздің айтқан ақылыңыз да теріс сияқты көрінбейді, соның үшін сонша алыстан көксеп келген шаһзаданың көңілін қарайтпай, бір түн қондырып жіберуді лайық көрдім. Шеше, ал енді сол шаһзадаңыз өзі келіп мені көрсін, мені жақтырса, сіздің айтқаныңыздай болсын, шеше – депті.
Кемпір қуанып:
– Ой балам, жолың болсын, – деп батасын беріп, іші толған қуанышпен жүгіріп отырып, үйіне келіп, «балам, шүйінші-шүйінші» деп шүйінші сұрап алып, барлық болған сөздерді баяндап беріпті. Хасен қуанғаннан терісіне симай, «шеше сізге мыңда-мың рахмет, еңбегіңізді ақтармын. Енді мен әуелі өзіне барып келейін» деп, Сапаһидің үйін сұрап алып, жүгіре басып, Сапаһидің үйіне келіпті. Сапаһидікіне келсе, өзі туып көрмеген бір адам, Сапаһидің әйелін көргенде не дерін біле алмай есі шығып, аң-таң болып тұрып қалыпты. Сонда әйел Хасенге:
– Әлгі менің шешем айтқан ханзада сіз бе едіңіз? – депті.
Хасен:
– Я, соншалық алыс жерден сіздің атағыңызды естіп, сізге ғашық болып келген мен едім, – депті.
Сонда әйел тұрып:
– Мен өзім ес білгелі өз ерімнен басқа бір адамға осы уақытқа дейін көңіл аудармаған едім, сіз соншылқ алыс жерден келген соң сағыңыз сынбасын дедім. Ал енді менің сол сөзім сөз, ендігі ақыл мұндай болсын, мен бұрын мұндай істі істеп көрмегенмін, сізбен менің жастық махаббатымызды, сарайдағы кемпір де сезбей қалуы үшін, сіз қазір кемпірдің үйіне қайта барыңыз да кемпірге былай деңіз, «мен сондай, өте сұлу дегенмен іздеп келіп едім, тіпті өте артықша сұлу да емес екен, ондай адамдар өз шәрімізде де толып жатыр шеше, мен бұл әйелді жақтырмадым, сондықтан еліме қайтуға тура келді», – деп, кемпірдің үйіндегі заттарыңызды алып, мен енді еліме кеттім деп, кеміпрге қош айтып, мұнда қайтып келіңіз. Мұнда келген соң өзіміз білеміз. Кемпір шаһзада жақтырмай кетті деп қалсын депті.
Хасен бұл сөзді есіткенде өте қатты қуанып, жүгіріп отырып кемпірдікіне барып, әйелдің айтқан сөздерін түгелімен кемпірге айтқанда кемпір тамсанып тұрып, «ойпырмай балам-ай, бұл кісіден де өткен сұлу болады екен адам болады екен, өзің біл, балам, өзің біл», – депті.
Хасен кемпірдің үйіндегі алтын, діллаларымен қымбатты заттарын алып, тоқталмай жүгіріп отырып, Сапаһидікіне келіпті. Хасен келсе, Сапаһидің әйелі түрліше тамақтарын даярлап, жақсы киімдерін киіп, қонақты күтіп, даяр отырыпты. Хасен келген кезде күн батып, қас қарайыпты. Сонда Сапаһидің әйелі өзінің ас жасайтын әйеліне айтыпты:
– Тамақ ішіп, жатар кезде, сен сыртқы қақпаны қағып қағып жібер де асығып үйге жүгіріп кір де «молда ағаң келіп қалды де» депті. Сонымен тамақты жайлап, пісіріп ішіп, енді жатуға жақын қалыпты. Хасен асығып, жүрегі алып ұшып, қашан жатар екенбіз деп, тамақты да жақсы іше алмай, тезірек жаталық деп қайта қайта айта беріпті. Әйел ыдыс-аяқты жинап, төсекті жайлап салып, енді жатуға таман ыңғайланған кезінде сыртқы қақпа тарс-тарс етіліп қағылыпты. Сол кезде аспазша әйел асып-сасып үйге жүгіріп келіп, ойбай-ай молда ағаңыз келіп қалды дегенде, әйел: «ойбай-ай енді қайттым» депті. Хасен де асып-сасып «мен қайтем» депті. Сонда Сапаһидің әйелі, «ол кісі мұнда жатпас деп сіз әзірше, ол кісі кеткенше тауық қораға кіре тұрыңыз» деп, Хасенді ертіп келіп, тауық қораға кіргізіп, сарт еткізіп сырттан шәугімдей қара құлыпты салыпты да, өзі жайлы төсегінде жата беріпті.
Хасен «мені қашан шығарып алар екен» деп таң атқанша ұйықтамай таң атқызыпты. Таң атып, күн шыққан соң бұлар жәйімен тұрып, жәйімен шайларын ішіп болған соң Сапаһидің әйелі Хасенді қамаған кілетіне келіп, бір тесігінен қарап тұрып: «Әй жігіт, сен қайдан келдің? Маған көрмей-білмей қалай ғашықсың? Кәне жөніңді айтшы», – депті. Сонда Хасен болған ахуалды бастан-аяқ түгел айтыпты. Әйел істің жәйін әбден түсінген соң, «Е жарайсың азаматым, іздегенің осы шығар, осы жатқан орныңда жата бер», – деп, есікті ашпай, күн сайын аштан өлместей тамағымен су беріп тұра беріпті. Сонымен Хасен лажысыз қамауда ұзақ уақыт жатып қалып, Хасенді жіберген патшаның баласы Хасеннің келетін уақыттан әлде қайда асып кеткен соң, бір күні Сапаһиден басқа жігіттерін жинап алып, «Бұл қалай болды, Хасен баяғы кешікті, онымен бірге мына Сапаһидің құлағындағы гүлі де сөнбей қойды, мұны қайтеміз, Сапаһидің әйеліне барып, сол адамды бұза алатын азамат бармысыңдар», – дегенде, Хасеннің інісі Құсайын деген жігіт тұрып, «Шаһзада, ол жерге мені жіберсеңіз мен қанадай да болса ол адамды жөнге келтіріп келемін», – депті. Сонан соң Хасенге берген алтын ділдәларды бұған да беріп, Құсайынды Сапаһидің шәріне сапарға шығарып салыпты.
Құсайын сапар жүріп, Сапаһидің шәрісіне келіп, Хасен сияқты ол да алдымен жігіттерге кездесіп, жігіттердің ақылымен кемпірді тауып алып, кемпір бұрыңғысындай Сапаһидің үйіне келіп, Хасен туралы айтқан сөздерін бір-бірлеп айтқан кезде Сапаһидің әйелі: «Шеше-ау, сіз айтқан соң, өткендегі жігітке мақұл деп едім, ол кісі мені менсінбей кеткеніне осы күнге дейін өзімнен өзім ұялып жүрмін. Шеше сіздің сөзіңізді тастамас едім, бұл кісіңіз де тағы да жақтырмай кетеді ғой деп қорқамын», – депті.
Сонда кемпір, «Қарағым бұл жолғы шаһзада ана өткендегі жігіт сияқты емес. Бұл шаһзадаға сене беріңіз, қарағым», – депті. Сонда Сапаһидің әйелі: «Әй, мен сенемін, әуелі өзін жіберіңіз, мені көрсін», – депті. Кемпір қуанып, Құсайынға келіп, болған сөздерді түгел ұқтырып, Құсайынды Сапаһидің үйіне жіберіпті. Құсайын Сапаһидің үйіне келген соң, әйел Хасенге айтқан сөздерін түгел айтып, Құсайын да ағасы сияқты барлық заттарын алып, Сапаһидікіне келіп, ақыры ағасына істеген әдістерді бұғанда істеп, ағасының қасына Құсайынды да апарып қамап қойыпты.
Сонымен Құсайынның келетін уақыты да асып кетіп, патшаның баласы: «Бұл қалай болды» деп, қайран болып, бір қанша күндер күтіп, ақыры келмеген соң шарасыздан бір күні Сапаһиге:
– Сіз еліңізден шыққалы көп уақыттар болып кетті, сондықтан екеуіміз сіздің еліңізге барып, сіздің үйдің аман-есендігін білсек қайтеді, – депті. Бұл сөзге Сапаһи өте қуанып, шаһзадамен екеуі өз шәрісіне келіпті. Шәріге келгенде Сапаһи шаһзададан бұрын үйіне келіп, әйелімен амандасып, өзінің қожайынының қонаққа келе жатқанын айтыпты. Сапаһидің әйелі үй ішін түзеп, келген қонақты құрметпен қарсы алып, түрлі тамақтар дайындай бастапты. Күн батар мезгіл екен, Сапаһидің әйелі қамаудағы Хасен мен Құсайынға келіп, бүгін біздің үйге бір сый қонақ келіп қалды, сол мейманды тамақ беріп, күтісетін әйел жоқ, сіз екеуіңіз бүгінше әйел киімін киіп, осы мейманды күтісесіңіздер, сіздерді ертең азат етіп, өз шәрлеріңізге қайтарамын депті. Бұл сөзге ағалы-інілі екеуі қуанып кетіп, болады болады деп, әйел киімдерін кие бастапты. Екеуі де әйел киімін киген соң мөлдіреген екі жас әйел бола қалыпты.
Түн болып, үйге шам жағып, шаһзаданы төр алдына отырғызып, қасында Сапаһи бар, бұлар өзара әңгімемен көп отырыпты. Шаһзаданың ойында өзінің екі жігіті бар: «япырым-ай бұлар қайда екен, бұлардың хабарын қайтып білемін», – деп, шаһзаданың көңілі екі жігітінде отырғанда, әйел болған Хасен мен Құсайынның біріне самауыр көтертіп, біріне шәугіммен шылапшын көтертіп, өзі дастархан мен тоқаштарын көтеріп, шаһзада отырған үйге үшеуі де кіріп келіпті. Хасенмен Құсайын төр алдында отырған өздерінің шаһзадаларын көргенде, бұлар есік алдында қалта қарап тұра-тұра қалысыпты. Сонда төр алдында отырған шаһзада өзінің екі жігітінің әйел болып келгенін көріп, орнынан ұшып тұрып, Сапаһидің әйеліне жалбарып:
– Менен қателік өтті, кешіріңіз, – деп аяғына бас ұрып, кешірім сұрап, болған оқиғаны дәл сол сәтте ғана Сапаһиге бірақ айтыпты. Сапаһиден де кешірім сұрап, Хасен мен Құсайындарға да өз киімдерін кигізіп, барлығы бірге отырып, тамақ ішіп, ертесі қайтарында бұрынғы жігіттерімен жіберген қаншалықты қымбат атын ділдәларының үстіне шаһзада осы жолы өзі алып келген қаншалаған алтын ділдә, қымбатты заттарының барлығын Сапаһидікіне беріпті. Өзі Сапаһимен дос болып, екі жігітін алып, еліне қайтып кетті. Ақырында шаһзаданың сан жеткісіз көп зат Сапаһидікінде қалып, сонымен бай болып өмірлері өтіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *