Күмесхан, Әзімхан, Аязхан
Күлмесхан мен Әзімхан екеуі дос екен. Күлмесхан қырық әйел алса да, бірде-бір еркек бала көрмепті. Әйелі қыз тапса болды тастай беріпті. Күлмесхан сол кезде бір сартпен көршілес отырыпты. Ханның халін сарттың әйеліне айтады.
—Егер мен қыз тапсам, сен ал да, сен ұл тапсаң, мен алайын. Құдайым жарылқап ұл тапсам, кем жоқ,—деп уағдаласады. Тоғыз ай болды дегенде сарттың да әйелі босанады. Ханым да босанады. Ханым қыз тауып, сарттың әйелі ұл табады. Олар уағдасы бойынша балаларын дереу ауыстырады, ауыз басыртқысына алтын ділдә береді де, «Ханым ұл тапты»,—деп жария шашады. Күлмесхан көп кешікпей дүние салады. Күлмесханның ұлы ержеткен соң Әзімханның баласы Аязханмен бірге қалыңдық іздейді. Еш бірі көңіліне жақпай, ең соңында сарттың қызына көзі түседі. Аязхан Күлмесханның ұлын ертіп сартқа барып құдалық сөйлеседі. Сонда сарт:
—Бір қозы екі енеге телі болса, еті көп бола ма, майы көп бола ма?—деп сұрайды да, бір шіркег тарыны жерге тастап жіберіп, аяғымен басып жүре береді. Аязхан бұл қылығының астарын байқап қалады да, «бойыңнан жаның шыққанша аузыңнан шығарма» деп [емеурін білдіріп] тарыны басып кеткенін жадына сақтап:
—Ой, мынау бір жынды адам екен. Әкесі мынандай болғанда қанша сұлу болғанымен қызы баяғы осының аяғын құшады. Қара – ханға бармайды,—деп Күлмесханның ұлының ойын аударып жібереді. Сол кезде ханның төрт уәзірі отырып:
—Сен ай астындағы Ақсұлу дейтінді ал,—дейді. Аязханның сұңғылалығына қызғанған төрт уәзір оны қиын сапарға жібергісі келеді. Ханның айтуы бойынша Аязхан Ақсұлуды тауып келуге аттың басын бұрады. Неше айшылық жол жүріп, арып шаршап келе жатқанда аты өледі. Онан әрмен Аязхан қолына бір таяқ ұстайды да жаяу кетіп бара жатып қайыршы шалға кез болады. Ол екеуі бірігіп жүріп отырып бір қаланың шетіне келгенде Аязхан:
—Ат ауыстырып мінейік?—дейді. Оған шал ыза болып «қайдағы атты айтып отырсың»—деп шамданады, онысы таяқ ауыстырайық деген сөз тігуі. Тағы да аз жүрген соң:
—Самауыр қайнатайық,—дейді. Шал тағы ыза болып, қайдағы «самауырды айтып отырсың?»—деп шамданып қызарақтасады. Мұнысын анандайтын жердегі үш қабат тамның үстіне шығып отырған бір қыз көреді де кісілер жіберіп, Аязханды алдырып, неге керілдескенін сұрайды да Аязханның оңай адам емес екенін біледі. Ол қыз сол елдің ханы екен. Аязхан ай астындағы Ақсұлуды іздеп жүргенін айтқан соң үйіне үш күн жатқызып қояды. Әбден дем алып болған соң:
—Жә, сен Ақсұлуды алу үшін әуелі жолыңдағы екі айдаһарды өлтіру керек. Оны мына қылышпен шап та, жеті қабат темір үйдегі айдаһардың ұшатын тұлпарын мініп, ай астындағы Ақсұлуға барасың—деп қайтып алу жөнінде ұқтырып береді. Аязхан қыздың айтуымен барып, Ақсұлуды алып, қайта айналып қызға кеп, айдаһардың тұлпарын қызға сыйлыққа тартады. Қыз Ақсұлумен Аязханды еліне апарып салады. Ақсұлуды алып берген соң уәзірлері Аязханға онан әрмен өшігіп, бұл бізден асып түсетін болды, мұны тағы бір қатерге жұмсайық,—деп ойлайды. Төрт уәзір ханға келіп:
—Ханеке, сіздің Ақсұлуыңыздың жанында жарқылдап алтын көліңіз тұрса қандай әсем көрінер еді,—дейді.
—Алтын көлді кім табады?—деп сұрайды хан.
—Тапса, тағы Аязхан табады,—деп уәзір әрбілейді. Аязхан тағы сапарға шығады. Ол алдыңғы жақсылық істеген қызға келіп алтын көлді іздеп жүргені туралы әңгімелейді. Қыз:
—Ағайынды екі пері қызының қолында тұрады алтын көл. Сен әуелі жер жаһанының әсемі Жайнагүл сұлуға жетуің керек. Ол саған алты айшылық жерді алты күнде жүріп өтетін дүлдүлін береді. Ары қарай сені сол дүлдүл жеткізеді. Мына тұмарды ол қызға көрсетсең, саған бар жақсылығын аямай істейді,—деп тағы да жол сілтеп қоя береді.
Аязхан қыздың айтуы бойынша жер жаһанының ең әсемі Жайнагүл сұлуға келеді. Ол тұмарды көрген соң Аязханға дүлдүлін беріп, алтын көлді қайтып алу жағын ұқтырады. Жайнагүлдің айтуынша, ол екі пері қыз әр жұма сайын жексенбі күні бау-бақшаны аралап серуен құрады. Онда олар алтын көлді қапшыққа салып, алма ағашының саясына қояды екен. Дәл сол күні дүлдүлмен алып қашуға бел байлайды. Сөйтіп, алтын көлді қапшығымен алып қашып кетеді. Жолда тағы әлгі жанашыр ақылшы қызға соғады да, ризашылық білдіріп, Жайнагүлдің дүлдүлін береді. «Егер саған мен керек болсам, шашымның бір талын алып түтет, дәл сол сағатта дайынмын,—деп шашының бір талын алып береді оған досы.
Аязхан алтын көлді әкеп ханға береді. Бұны көріп қызғаныш оты қаулаған төрт уәзір Аязды тағы бір жаққа жұмсатады.
—Ой, тақсыр, Ақсұлудың жанында алтын көліңіз жайнап тұр. Енді сол алтын көлдің үстінде алтын сарай тұрса, төрт түлігіңіз сай болар еді?—деп бөждіреді.
—Аспанға алтын сарай салатын шеберді қайдан табамыз,—дейді оған.
—Оны мына досың Аяз табады. Соны жұмса,—дейді. Аяз тағы кетеді. Аяздың әкесі Әзімхан өлерінде Күлмесханның ұлына ерінбей жиырма жыл еңбек ет деген еді. Сол әкесінің сөзін сыйлап тағы сапарға шығады. Ол өзінің дос қызының еліне келеді. Көкке сарай салатын шеберді іздетіп жібергенін айтады.
—Ол шеберді осыдан шығысқа қарай жүре берсең, алдыңнан өгізге мінген шал кез болады. Сонан сұра. Ол саған қайда тұратынын ұқтырады,—дейді. Аязхан қыздың айтуымен кетіп бара жатса, алдынан әлгі айтқан шал шығады. Шалдан сұрағанда:
—Әнеу көрінген Ақбасты таудың бөктерінде екі шынар бар. Сол екі шынардың шығысындағы шынарға шықсаң, екі балапан жатыр. Ол екеуінің шығысқа қарап жатқанын ал!—деп ұқтырады. Барса, айтқанындай, үйректің екі балапаны жатыр екен. Соның шығысқа карап жатқанын алады. Аяз балапанды алып, еліне келіп әкеп береді. Хан балапанға:
—Сен дүниенің шебері дейді ғой. Кәне, маған арнап көкке [аспанға] алтын сарай сал!—деп бұйырады. Балапан қанатын бір сілкіп кісі боп тұрып:
—Сен маған құрылыс салатын дүние мүлкіңді (ағаш, темір, сияқтыларын) көкке [аспанға] шығарып бер,—дейді.
—Оны мен қайтып шығарамын?—дегенде.
—Сен оны көкке шығара алмасаң, оны мен қайтып салады екенмін. Хан емес, ақымақ екенсің ғой,—деп ұшып кетеді. Бұған қапаланған хан төрт уәзірінің басын кесіп, ақымақ болғанына опық жеп күйінеді.
Адал досы Аязханнан сұрайды:
—Мен ақымақ болдым. Осы қылықтарыма қарағанда мен нағыз хан тұқымынан боламын ба, жоқ па әлде тегімде басқадай шатақ бар ма?—деп күмәнданады. Ол айтпайды.
—Енді айтпасаң, басыңды аламын!—деген соң амалсыз бойынан жаны шығатын болғандықтан, ақиқатты айтуға тура келеді.
Аязхан болған жағдайды түптұқиянымен айтып түсіндіреді. Хан әбден тыңдап отырып, әділдікке жүгініп, сарттың сұлу қызын Аязға алып беріп, хан тағына досы Аязды отырғызып, өзі бас уәзір болыпты-мыс.