Алтын құс
Ертеде бір екі ағайынды жігіт болыпты. Үлкені алтын айыратын кәсіпші екен. Бұл үлкені мыңды айдаған бай болыпты. Кішісі кедей болған екен. Бұл кішісінің үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы болыпты. Үлкенінде бала жоқ екен. Жаңағы екі бала кішкентай, кісіге жалдану қолынан келмейді, жас екен, тек үлкен үйінің тезегін теріп беріп, қыс болса ағаш жинап беріп тамақтарын асырайды екен.
Күндерде бір күні қалың ағаштың ішінде отын теріп жүрсе, жүні әп-әдемі, бір көк ала, қанатының, құйрығының үшінің аласы бар, әдемі гүлді, кісі қызығарлық құс көреді. Мұны көрген соң екі бала қуады. Құс та балалардан ұзап кетпей ұшып-қонып, ұшып-қонып жүреді. Бір мезгілде баланың бірі құстың құйрығынан ұстай алғанда құс ұшып кетіп, бір тал құстың құйрығы баланың қолында қалады. Отынын алып балалар үйге келіп: «Біз әдемі құс көрдік, ұстатпай кетті, бір тал құйрығы қолымызда қалды»,—деп айта келеді. Құйрықты көріп жұрт таң қалып: «Мынау тегін құс емес»,—десті. Көптің ішінде бір көпті көрген қария адам отырып: «Мынау алтын құстың құйрығы, бұл құсты ұстап алып сойып етін жесе, ол адамның басына ұйықтап таңертең тұрғанда ылғи алтын түсіп отырады»,—деді.
Мұны естіген соң бәйбіше екі балаға май беріп, қаспақ беріп көңілдендіріп: «Сол құсты ұстап әкеліңдер»,—деді. Екі бала қуанып отын әкелуге, құсты ұстап әкелуге кетті. Күндегі ағаш теретін жерлерге келсе, өздері көрген ала құс тағы да жүр екен. Балалар ертеден кешке дейін соңына түсіп жүріп, әлден уақытта құсты ұстап алады.
Балалар қуанып жеңешесіне әкеліп береді. Жеңешесі балаларға бір-бір тостаған айран мен бір-бір уыс құрт беріп еді, секіріп-секіріп қуанып балалар кетті.
Бәйбіше құсты бауыздап, жүнін жұлып үйітіп, бақырашқа майға қуырды. Әлден уақытта балалар отын алып келсе, ас үйде оңаша бақырашта шыжылдап құстың еті пісіп тұр екен. Екі бала қызығып кетіп, кішісіне есіктен аңдытып қойып үлкені қасықпен құстың бір кішкене бөлегін алып ышқырына тығып алады. Сасып-пысып екі бала үйдің сыртына шығып қараса, құстың жүрегі екен. Екі бала жүректі ортасынан бөліп жеп алып, ауыздарын сүртіп үйге келді. Келсе, бай мен бәйбіше екеуі құстың етін жеп отыр екен. Балаларға бермейді. Балалардың онымен жұмысы болған да жоқ.
Кешкісін үйлеріне келіп жатып қалды. Таңертең тұрып екі бала байдың үйінің бұзауы мен қозысына кетіп қалды. Шешесі үйді жиып жүрсе екі баланың жастығының астында бес жамбыдан он алтын жамбы жатыр. Үндемей-түндемей байы екеуі қуанып алтынды тықты да қойды. Енді ұйқылары әбден қашып бай мен бәйбіше тұрып жастықтарының астын сипалап қараса, алтын түгіл түк те жоқ. Бұл өтірік болды десті де қойды. Айлардан ай өтті, жылдардан жыл өтті, екі баланың астынан бестен он алтын жамбы күнде табылып тұратын болды. Бір күндері баланың әкесі алтынды шығарып сата бастады. Аз уақытқа жетпей байып кетті. Мұның байығанын ағасы көре алмады. Бір күні ағасы інісін шақырып алып:
—Сен мына екі баланың көзін жоғалт, бездіріп жібер, әйтпесе сенің мына алтындарыңды көрсе, ұлық екі балаңды өлтіреді, әйтпесе өзіңді өлтіреді,—деді. Мұны естіген соң қорқыныш кіріп «не істеу керек» деген ойға қалады. Екі баласы тұрып ақыл берді.
—Әке, сен саспа, оған ойлап жүрме, біз екеуміз кетейік. Сендер мына байлықпен өлмейсіңдер. Біз де өлмейміз, бір табармыз,—деді.
Әкесі мұны «мақұл» деп, екі баласына азық әзірлеп бергізіп, екі баласын жөнелтеді. Екі бала келе-келе жатыр, айлардан ай өтті, күндерден күн өтті. Бір заманда бір қалың орман ағашқа келіп кірді. Біраз жер жүрген соң ағаштың ішінен он шақты тазы келіп, екі баланы талауға ұмтылады. Балалардың шырылдаған даусымен тазылардың иесі бір аңшы келді. Келіп, балаларды айырып алды. Балалардан: «Қайда барасыңдар, не қылған баласыңдар?»—деп сұрады. Балалар: «Баласы жоқ кісіге бала боламыз»,—дегенді айтты. Аңшы: «Ендеше, маған бала болыңдар! Менің балам жоқ, бала қылып алайын»,—деді. Балалар да: «Жарайды, болсақ болайық»,—десті.
Аңшы балдарды алып үйіне келді. Балаларды өз баласындай қылып тәрбиелейді. Мылтық атуды үйретті. Балалардың бастарынан таңертең тұрғанда ылғи жастықтарының астынан алтын тауып тұрады. Аңшы әйелімен екеуі бірсыпыраға дейін «бұл не керемет» деп қорқып жүрді, артынан үйреніп кетті. Сөйтіп, аңшының үйі алтынға симай кетеді. Бұл алтынның артынан қорқып, бұл екеуі баладан енді құтылмақ болады. Аңшы екі балаға садақ, қару-жарағын сайлап беріп жөнелтеді. Қолдарына ақ алмас қанжар береді. «Бұл қанжардан екеуің бөлінсеңдер бірінің амандықтарыңды екінші қанжарға қарап отырып білулеріңе болады, егер бірің өлсеңдер, қанжарды тот басады»,—дейді. Мұны естіп екі бала қанжарды алып жүріп кетті. Айлардан ай өтті, күндерден күн өтті. Келе жатса, бір қоян кетіп бара жатыр еді, екеуі садағын қолына алып атуға ұмтылды.
Қоян жүгіріп келіп: «Сендер мені атпа, мен сендерге екі қоян алып келіп берейін»,—дейді. Екі жігіт қоянды атпады. Қоян екі қоянды ертіп беріп кете барды. Екі жігіт келе-келе жатса, бір түлкі кездесті. Түлкіні атуға екі жігіт садақты қолына алып еді, түлкі жүгіріп келіп: «Мені атпаңдар! Мен екі түлкі әкеп берейін»,—деп, екі түлкі ертіп кеп береді. Оны ертіп екі жігіт жүре береді. Келе-келе жатып алдынан бір қасқыр кездесті. Атуға екі жігіт садақтарын қолдарына алып еді, қасқыр жүгіріп келіп: «Мені атпаңдар, мен сендерге екі қасқыр ертіп әкеп берейін»,—деді де, екі қасқыр әкеп ертіп берді. Онан жүре-жүре келіп, бір жолбарысқа кездесті. Садақтарын алып атуға ұмтылғанда жолбарыс келіп: «Мен екі жолбарыс әкеп берейін, мені атпаңдар»,—деді де, екі жолбарыс ертіп әкеп берді.
Аңдарын шұбыртып келе-келе жатып бір екі айыр жолға келді. Екеуі бұл екі жолға бөлінбек болды да, жолдың ортасында тұрған бір бәйтерекке қанжарды шаншып, жандарындағы аңдарды бір-бірден бөлісіп алып, екі жолға түсіп кетті.
Үлкені келе-келе жатып бір үлкен қалаға келді. Қаланың шетіне келіп, аңдарын шұбыртып тамақтанатын, жататын үйге кіріп аңдары да, өзі де тамақтанды. Көшеге шыға келсе, қаланың іші қайғылы, өңкей қара киінген жұрт теңселуде.
—Бұл не?—деп біреуден сұрайды.
—Бұл біздің жерімізде жеті басты жылан бар, ол жыланға айында бір ту бие мен бір қыздан беріп тұратын едік. Бүгін басқа жұрттың қыздары таусылып, кезек ханың қызына келіп, соны бүгін жейтін күні еді. Соған жұрт қайғыланып жүр,—деді. Мұны естіген соң: «Ол қай жерде, қалай бару керек?»—деп сұрады. Баратын жерін біліп алып, аңдарын ертіп алып, жыланның бар деген жеріне қарай бет бұрды. Қаладан бес-алты шақырым жерде тігулі тұрған ақ үйге келді. Кіріп келіп еді, үйде ай десе аузы бар, күн десе көзі бар бір сұлу қыз отыр. Жігітті көріп қыз жылап қоя берді. «Ағажан, кетіңіз! Қазір жылан келеді де сізді де, мені де өлтіреді, кетіңіз»,—деді. Біраз әңгімелесіп отырды да аздан соң жыланның келетін уағын тосып жатты.
Әлден уақытта дауылдатып, борандатып жеті басты жалмауыз айдаһар келіп, жігітті көріп, жылан: «Алыспақ керек пе, атыспақ керек пе?»—деді. Екеуі алыса кетті. Жеті күн, жеті түн алысты. Жігіт әлсіреп жығылуға таяу кезде жолбарыс жетіп келіп, жыланды жарды да тастады. Жеті басын кесіп, жеті басының тілінің үштерін кесіп, орамалға түйіп алып, аңдарын ертіп алып бір жерге барып ұйықтауға кірісті. Жігіт күзетуге жолбарысқа ұйықтама деп тапсырды, жолбарыс қасқырға, қасқыр түлкіге, түлкі қоянға тапсырды. Жігіт ұйықтап қалады, аңдардың да бәрі ұйықтап қалды. Бұлар ұйықтап қалғанда жыланға қыз бен биені алып келген күзетші жүгіріп келіп, жігіттің басын кесіп алып, қызды арбасына салып алып қалаға бетін бұрды. Қызға: «Енді сен маған ти, тимесең қазір өлтірем»,—деді. «Егер тисең уәдең болсын, мына құмды жұт,—деп бір уыс құмды еріксіз жұтқызды. Сөйтіп, ханға келіп сүйінші сұрайды. Ел-жұртын жиып, ат шаптырып хан той қылды. Банағы қызды әкелген адам көрінген әлі жеткен адамдардың тілін кесіп алды. Сөйтіп, олар әбігер болып жатқанда жігіттің аңдары ұйқысынан оянып тұрса, жігіттің басы бір бөлек, кейінгі жағы бір бөлек жатыр. Жолбарыс қасқырды қысты, қасқыр түлкіні қысты, қоян сасқаннан алай жүгірді, былай жүгірді, әлден уақытта бір жерге жүгіріп барып, бір жерден бір жапырақ алып келді. Жапырақты алып денесі мен басын қосып, жапырақпен үйкеп жібергенде «қатты ұйықтап кеткен екенмін» деп, жігіт басын көтере тұра келді. Басқа хабарларға әбден қанып алып, жиынға келді. Келсе қыз қайғылы, жанында бір адам отыр, жігіт келген соң қыз жүгіріп барып құшақтай алды. Хан: «Жыланды кім өлтірді?»—дегенде, жігіт қалтасында орамалға түйілген тілдерді тастай бергенде, хан жігітті жанына алып, қыздың жанындағы адамды дарияға тастауға бұйырды. Тойды таратып, хан қызын жігітке беріп қоя берді. Жігіт күнде аңдарын ертіп жүріп аңға шығып тұрды. Барлық аңдардың мойнына алтындап қарғы тақты, қоянның мойнына алтын сағат тақты. Күндерде бір күн аңда жүріп бір қалың тоғайға кездесті.
Сөйткенше болған жоқ қара дауыл соғып түн болды. Аңдарын жинастырып тұрса, бір үлкен бәйтерек тұр екен. Бәйтерекке жақын келсе, бәйтеректің түбі аң қалпында, мал-жан қалпында қатып қалған қара тас, таң қалып жанына жақын келсе, бәйтеректің басында бір кемпір отыр. Жігітке қарап кемпір: «Қарағым, мына бір ағашты ырғашы»,—деді. Жігіт нанып ағашты ырғап қалғанда жігіт те, аты да, аңдары да қара тас болып қатып қалады. Әйелі, ел-жұрты жиналып жоқтап жүрді.
Мұнымен бұл тұра берсін. Інісі бір жерге барып қайта қайтты. Баяғы ағасымен айрылған жерге келіп, шаншып кеткен алмас қылышты қараса, тот басып қалыпты. «Ай!.. туысқаным не өлген екен, не шала жансар екен»,—деп ағасының түскен жолына түсіп тартып берді. Күндерден күн өткенде баяғы ағасының келген тамақханасына келіп аңдарын тамақтандырып отырса, тамақ беретін адамдар әлгінің жай-күйін сұрап, «әйеліңмен қалай тұрасың?» деп сұрап жатыр.
Жігіт не екенін білмей, аң-таң болып отыра береді. Тамағын ішіп жайланып, қаланың ортасына қарай аңдарын ертіп келе жатыр еді, ханның күтушісі жетіп келіп: «Сен пәлен күннен бері қайдасың? Біз іздеп таба алмай жүрміз»,—деп атының басынан жетектеп ханның үйіне алып келіп атын байлап, аңдарын жайлап үйге енгізеді. Ханның қызы ұшып тұрып құшақтай алып сүйіп, мәз болды да қалды. Жігіттің ойында дәнеңе жоқ, таң қалып отыр. Кешкісін әйел төсекті түндегісіндей салды. Жігіт те қыздың ыңғайына қарап тұр еді. «Жатыңыз, неге отырсыз?»—деген қыздың сыңсыған жіңішке даусы саңқ етті.
Жігіт біраз ойланып отырып төсекке жатты. Жұмсақ еріндер шөпілдеп сүйісумен болды. Таң атты, жігіт «бұл қалың сырдың бетін қалай ашсам екен» деген оймен оларға сыр бермей, ертемен аңдарын ертіп аңға шықты. Барып келе-келе бұ да бір аңнан екінші аңды қуумен жүріп баяғы қалың тоғайға келді. Келсе, тоғай іші тып-тыныш, ешбір аңның дыбысы білінбейді. Жөтелген дауыс тоғайды жаңғырықтырды. Әлден уақытта: «Балам, бері кел!»—деген бір жаман дауыс құлағына саңқ ете қалды. Жан-жағына қараса, артында бір аспанмен тілдескен бәйтеректің түбі толған таста аңның да, адамның да суреттері. Байқаса, мына жағында бір атты адамдар да тұр. Жанына жақын барса, соңынан тұрған жолбарыс, қасқыр, түлкі-хайуанның суреттерін көріп, мұнда бір сыр барын білді де, кемпірден жөн сұрады.
Кемпір: «Қарағым, мен жерге түсе алмай тұрмын, отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын. Мынау бір ағашты қозғашы, сонан соң мен жерге түсіп сенімен әңгімелесіп жөнімді айтайын»,—деді. Жігіт садағын қолына алып: «Айтпасаң қазір атамын»,—деді. Кемпір сасып банағы ағаштың бұтағын сындырып алып еді, банағы тас болып қалған аңдар, адамдар—бәрі қозғалып, бұл жігіттің аяғына жығылып жатты. Кемпірді атып өлтіріп, артына қараса, ағасы аңдарын жайлап жатыр. Көре салып екеуі құшақтасып көрісіп, амандасып елге қарай жүруге бет алды. Келе жатып ағасы інісінен жөн сұрады. Інісі ағасынан өткен уақиғаның бәрін уақтында қалдырмай айтып берді. Ағасы мұны естіген соң ойланып, ашуланды да: «Сен менің әйеліммен ойнадың»,—деп інісінің басын қылышпен бір-ақ шапты, екі бөлініп інісі қала берді. Жүре түсіп барып ағасы ойға түсті. «Қой, менің мұным жарамас, білмеген у ішеді ғой, жалғыз інімді өлтіріп»,—деп қайта барып, баяғы жапырақ шөппен інісін тірілтіп алып, аңдарын шулатып қайынына келді. Келсе, ханның қызы бұл екеуінің қайсысы байы екенін білмей, екеуінің киімі, мінген аты, түрлерінен бір-бірінің айрықсыз екені сондай, тек қана қоянының мойнындағы сағатынан танып, күйеуін айрып алды. Өткен жолғы істеген ісі есіне түсіп, санын бір-ақ соқты. Ханның қызынан басқа ер баласы жоқ еді. Өзі хандығынан түсіп, күйеу баласына хандығын берді.
Бұл екі жігіттің кішісі біраз күн дайындалып, азық-түлігін алып жол жүреді. Күндерден күн, айлардан ай өткенде бір шаһарға келіп жетті. Шаһардың шетінде бір кемпірдің үйіне келіп түсті.
Атын байлап жаман үйге кіріп келсе, бір кемпір жылап отыр. Жігіт кемпірге: «Шешеке неге жылайсыз?»—деді. «Ой, қарағым-ай, мен жыламай кім жыласын. Біздің ханымыз бар, оның бала дегенде жалғыз қызы бар еді, сол күндіз сау болады, түнде аспаннан көрінбей албасты түсіп қызды иектеп кетеді, күзетке күнде түнде бір-бір жігіттен тұрады. Ол жігіттің өзін шалып қалады, оны хан өлтіріп отырады. Міне, өткен түні менің баламды осылай күзетте тұрғанынан жын шалып, бүгін баламды өлтірген күн еді. Соған жылап отырмын»,—деді. Жігіт: «Ендеше, шеше, жылама, балаңның орнына бала боламын»,—деді. Ол күн сонымен тынығып, келесі күні кемпірден ханның үйіне сұрап келеді. Келсе ақ боз үйде ай мен күндей бір сұлу қыз отыр. Қызбен әңгімеге кіріп отырғанда кеш болды. Қыз мырс етіп күлді. «Неге күлдің?»—деді жігіт. «Мен адам баласы жынға кіріптар болады ғой деп күлдім»,—деді. «Неге?»—деді жігіт. Қыз: «Ойбай, бүгін осы үйдің төбесінен пері түседі. Сізді шалып кетеді ғой деп күлдім»,—деді. Сөйкенше болмады бір жігіт жетіп келді. «Е, неге отырсың? Шық! Күзетке тұрам»,—деді. Жігіт: «Жоқ, бүгін мен болайын күзетте, сен жүре бер»,—деді. «Жолаушы, қой, қалма!»—деп қыз үш қайырды. Жігіт те үш қайырды, болмаған соң қыз: «Қалсаң қал»,—деді. Екінші жігіт қуанып кетіп қалды.
Әлден уақытта ел ұйықтады деген кезде қыздың шырылдаған даусы шықты. Жігіт ояна келсе, бір түкті пері қыздың тізесін сорып жатыр екен. Енді пері дұға оқып, екі қолын жая бергенде, оң қолынан жігіт ұстай алады. Алысып, алысып әлден уақытта жігіт алып соғып өлтіріп, ұстаған қолын кесіп алып, қалтасына салып алып, тұра жөнелгенде, қыз етегінен ұстай алып, артқы етегін кесіп алып қалды. Ертеңгісін ертемен түндегі күзетке тұрған жігіт үйге жүгіріп келсе, бір нәрсе өліп жатыр. Қыз күндегіден дені сау, жүгіріп барып ханнан сүйінші сұрады. «Осылай жауды өлтіріп қызды аман алып қалдым»,—дейді. Хан ат шаптырып той қылып жұртқа жаяды. Бағанағы жігіттің айтқанына нанбайды. «Кімде-кім періні өлтірсе, соның оң қолы мен өзінің артқы етегі кесілсе, соған қызымды берем және тағымды берем»,—дейді. Көрінген жұрт бір әлі келгеннің оң қолын кесіп алып, өзінің артқы өңірін кесіп «мен өлтірдім» деп келеді. Бәрі де ұқсаспайды. «Енді елде кім қалды?»—дегенде: «Пәленше кемпірдің үйіндегі қонақтан басқа адам қалған жоқ»,—дейді. «Шақыр!»—деді хан.
—Ханның менде шаруасы жоқ еді ғой,—деп топқа келді. Келісімен қыз: «Мені жаудан құтқарған осы жігіт, мен осыған тиемін»,—деп құшақтай алды. Амал бар ма, хан: «Не белгің»,—дегенде қалтасынан қолды алып тастай берді. Хан той жасап, төмендегілерге төбел бие, жоғарғы елге жорға бие сойып, ат шаптырып, үлкен той қылып, қызын әлгі жігітке беріп, тағын беріп хан қып қойды. Осымен біраз уақыт өтті. Бір уақытта жігіттің есіне ағасы мен әкесі түсті.
Атасынан ұлықсат сұрады. «Осылай менің ағам пәлен жерде хан еді. Ұлықсат етсеңіз орданы соның жанына көшірейін»,—деді. Атасы оған қарсы болмады. Ханның ордасы қалай барғанын жас хан өзі де білмей қалды. Ертеңгісін ағасы «інім келді» деп той қылып жатқанын көреді. Сөйтіп, әке-шешесін алдырып, ортаға үлкен үйін тігіп, екі жанына екі ханның ордасын тігіп әкесі де, балалары да барлық мұраты басына жетіп, сақалдары қайрылып артына жетіпті.