Ақылсыз берілген жаза
Бұрынғы өткен заманда бір үлкен бай болыпты. Оның әйелі болыпты, бір қарындасы болыпты. Міне, осы бай байлықпен бір дәуір бойы ғұмыр сүріп тұрады. Сөйтіп, жүргенде әйелі мен қарындасы өштесіп ұрыса беріпті. Әйелі күйеуіне арыз түсіргенді де қоймапты. Оны бай тыңдамай жүре береді.
Күндерде бір күн бай ұзақ жерге бір шаһарға жиынға кетеді. Осы сапардан ол бай оралып үйіне келер қарсаңында әйелі үй ішіндегі бар дүниесін жыртып, сайманын сындырып, үйдің ортасына үйіп қойыпты.
Бай үйіне кіре, дүниенің бүлінгенін көріп: «Бұл не?»—десе, әйелі жылап қоя беріпті.
—Мен саған айттым, әйелім деп менің сөзімді тыңламайсың. Мына істің бәрі сенің мына қарындасыңның істеген ісі. Осы қарындасыңнан кұтыл десем болмадың. Міне, ақыры бар еңбегіңді еш етті. Ал енді бұдан құтылмасаң, бір күні өзіңнің түбіңе жетер,—деді.
Сәйкелді, жалақор қу әйелдің бұл жала сөзі байға қатты әсер берді. Сөйтіп, дүниесі бүлініп, іші күйіп тұрған бай ойламастан қатты ашуға келді де, далаға шығып ат жектірді де, қарындасын шақырып алып пәуескеге отырғызды да, иесіз далаға қарай алып жөнелді.
Артта қалған әйелі айқайлап:
—Тірі тастап қайтпа, өлтіріп қайт жексұрынды!—деп, ішінен қуанып тұр.
Сөйтіп, иесіз бір даладағы қалың орман ішіне алып келді. Ақылы көп толмаған жас балдырған қыз еңіреп жылауда. Бір жерге әкеліп арбадан түсіріп, қолына балтасын алған кезде, үлпілдеген жас қыршынның еңіреген дауысы орманды күңірентті:
—Қайран аға, бір құрсақтан жарып шыққан жас төл едік. Не жазығым бар еді. Менің қасықтай қанымды қисаңшы!—дегенде, ағасы:
—Қысқарт сөзді, арамза, қу қаншық. Сал қолыңды айқастырып мына түбір ағашқа!—деп, бір кесілген ағаштың түбірін көрсетті. Сол кезде есі шыққан жас қыз жылай берді… «Иә, қайран жалғызым, не істесең де өзің біл. Не де болса туысым едің, аман бол, жалғызым!»—дегенде:
—Қой сөзді!—деп ағаштың түбіріне айқастырылып қойған екі қолды балтамен шауып тастады.
—Ал енді қаңғырып өл!—деп, иесіз далаға тастап, үйіне қарай жүріп кетті.
Сонымен, жас қыз жылай-жылай, жылаумен өмірін өткізіп орман ішінде шөптің басын теріп жеп жүре берді. Күндерде бір күн сандалып жүріп, тағы бір үлкен байдың бақшасына кез болады. Ол бақшаның ішінде жинаулы алманы көреді. Сөйтіп, күнде түн уақытында келіп, алмадан тізерлеп жатып жеп тойып кетеді. Сөйтіп, бір күні күзетші алмасын жоқтап, бақшаны аралап жүріп, түнде келіп жеп жатқан қызды ұстап алады да, байға алып әкеп береді.
Бұл бай жас жігіт екен, әйел алмаған, әлгі қызды моншаға түсіртіп, тазартып киім кигізіп, қолына жалған қол жасап кигізіп, әйелдікке алады. Міне, өстіп бұлар біраз өмір сүргеннен кейін бұл екіқабат болып, бала көтереді. Сөйтіп, осы әйелдің босанар шағында күйеуі ұзақ жолға, жиынға кетеді. Ол жиынға барған кезде үйдегі әйелі босанып, екі ұл тауыпты. Міне, осыдан кейін ол байдың артынан хат жазып кісі шаптырып жібереді. Шапқыншы кісі келе жатып жолда бір үйге қоныпты. Сөйтсе, ол да осы байдың түсіп-қонып жүрген үйі екен. Ол әйел алмай жүргенде бұл әйелді алам деп жүрсе керек. Міне, сөйтіп, бұл қонақтан:
—Қайда барасыз?—десе, қонақ оған:
—Біздің бай жиынға кетіп еді. Сол кісінің әйелі босанып еді. Соған хат беріп еді, апарып бер деп. Соны әкеле жатырмын,—депті.
Сол кезде әйел тұрып:
—Хатын берші, оқып көрейін,—деп хатын алып оқыса, хатта «әйелің босанды, екі ұл тапты» деп жазыпты. Оның орнына бұл әйел, екі ұл деген сөздің орнына «екі ит тапты» деп, жазып жіберіпті. Ол хатты шабарман алып келіп, жиын болып жатқан үйдің есік алдындағы күзетшіге беріпті. Сыртындағы жазу бойынша, ол хатты байға әкеліп табыс етеді. Бай алып жіберіп оқыса, хатта:
—Әйеліңіз босанды, сүйінші, екі иттің күшігін тапты,—деп жазулы тұр екен.
Бай не болғанын білмей ашуланып, қайтадан жауап жазыпты бұйрық ретінде:
—Қандай жағдаймен болмасын мен барғанда ол әйелдің көзін құртатын болыңдар!—депті.
Осы хатты шабарман алып ауылына жетеді. Елдері хатты ашып оқыса, хатта әйелдің көзін құрт деп жазыпты. Байдың бұйрығы екі болмаушы еді. Міне, осы бұйрық бойынша әйелдің екі ұлын екі емшегіне байлап беріп, қаңғыртып қоя беріпті. Міне, осымен күн өтті, ай өтті, жыл өтті. Бір күндерде бір жерге келіп, ағып жатқан өзеннен шөлдеген соң су ішейін деп еңкейе бергенде балаларды байлаған жібі үзіліп кетіп, екі бала суға түсіп кетіпті. Екі қолы жоқ сорлы әйел шырылдап жаны қалмай қаужаңдап, шолақ қолымен суға кеткен екі баланы ұстай алмай, көп қорлық көрді. Сөйтіп, жүргенде ол бейшараның көз жасына кенеттен қол бітіпті. Сөйтіп, екі баланы судан аман алып өзіне-өзі сенбей, «өтірік пе, шын ба, Құдай-ау, өңім бе, түсім бе» деп, баласын емізіп, екі қолын кезек-кезек сипап көп отырады.
Сөйтіп отырып, әйел демін алғаннан кейін «қой, енді мен елді-күнді жер тауып, бір жұмысқа орналасайын» деп, жүріп кетті. Бір күні бір үлкен қалаға келіп жұмыс іздеп, бір патшаның қол астына асханаға ас жасаушы болып қызметке орналасады. Сөйтіп, бірнеше жылдар қызмет етіп тұрады. Екі бала жеті-сегіз жасқа келеді. Сөйтіп жүргенде осы шаһарда үлкен жиын ашылады. Осы жиынға жан-жақтан бай-көпес—бәрі жиылады. Оның ішінде бұл әйелдің күйеуі де келеді және қолын кескен ағасы да келіпті. Бәрін сыртынан көреді де, үндемей шаруасын істеп жүре береді. Және екі баланы әбден үйретіп айта беріпті, басынан өткен уақиғаның бәрін. Сөйтіп жиында отырғанда адамдар кешке таман асханаға келіп ас ішіп, шарап ішіп дем алып отырып, бір-біріне «әңгіме айтыңдар» дегенде, манағы аспазшы әйел екі баласын жібере қойыпты, «мен үйреткен әңгімені бастан-аяқ айт» деп. Сөйтіп, екі бала халық алдына келіп: «Ағалар, біз айтайық әңгімені»,—депті. Қызып отырған адамдар: «Айт, айтсын!»—деп, шу ете қалыпты.
Екі бала тұрып: «Біз әңгіме айтамыз, бірақ та ешкім сөзімізді бұзбайтын болсын»,—депті. Сол арада бір адам шығып: «Ешкім сөздеріңді бұзбайды, бұзған адамнан жүз сом айып әпереміз»,—деп уәде етеді. Сөйтіп, бірінші бала жұрт алдында шығып:
—Бір бай болыпты. Ол байдың бір әйелі, бір қарындасы болыпты. Оның әйелі мен қарындасы екеуі өш болыпты. Бір күні бай жиынға кеткенде әйелі өштесіп бар дүниесін бүлдіріп, үй ортасына жиып қойыпты. Бай келгенде, «бұл не» дегенде, қатыны шағыстырып «қарындасың бәрін бүлдірді» депті. Содан ол бай қарындасын арбаға салып айдалаға апарып, орман арасындағы ағаш түбіріне қойып екі қолын шауып тастапты,—дегенде, шешесінің әлгі ағасы шыдай алмай қолын көтеріп: «Олай емес еді»,—дегенде, басшы адам «баланың сөзін бұздың, әкел жүз сом айып» деп, жүз сом ақша алып беріпті. Енді екінші бала шығып сөйледі:
—Сол әйел сонымен қаңғып бірнеше уақыттар осы иесіз далада өмір өткізеді. Бір күндерде бір байдың бақшасына барып, түнде содан алма теріп жеп, күн көріп жүріпті. Бір күні оны байдың күзетшісі ұстап алып байға алып барса, бай ол әйелді жуындырып-шайындырып қолына жалған қол салып, өзі әйелдікке алыпты. Сөйтіп, жүргенде бұл әйел екіқабат болып бала көтеріпті. Ол әйел айы-күніне жетіп отырғанда ол бай жиынға кетіпті. Ол жиынға кеткенде әйелі үйінде босаныпты. Ол егіз ұл тауыпты. Сөйтіп, байдан сүйінші сұратуға хат жазып, кісі шаптырып жібереді. Ол кісі жолда келе жатып, бір үйге қоныпты. Сөйтсе, сол үйдің әйелі бұрынғы осы байдың алам деп жүрген әйелі екен. Сол кісінің әкеле жатқан хатын сұрап алып, орнына басқа хат жазып беріпті. Ол хатында «екі еркек бала тапты» деген орнына, «екі иттің күшігін тапты» деп, жазып беріп жіберіпті. Міне, осы хатты ол адам байға әкеліп бергенде бай: «Мен барғанша көзін құртсын»,—деп қайтадан хат жазыпты. Міне, байдың осы хаты бойынша әйелдің екі баласын екі емшегіне таңып қаңғыртып жіберіпті. Сондағы тапқан екі баласы, міне, мына екеуміз,—дегенде, бай: «Менде бір сөз»,—депті. Сонда басшы адам: «Баланың сөзін бұздың»,—деп, одан жүз сом алып балаға беріп, «енді шешеңді шақырып кел» депті. Сөйтіп, екі бала шешесін ертіп әкеледі. Шешесі халық алдында бар болған уақиғаны, басынан кешкенді—бәрін айтып, «екі баланың айтқан сөзі бәрі рас, сондағы менің қолымды шапқан бауырым анау отырған, сондағы мені мына екі баламен қаңғыртып жіберген күйеуім анау отырған» деп, бәрін-бәрін көрсетіп беріпті. Міне, осы арадан бастап сол көпшілік жиналып, би ағасын сайлауда орнынан алып, жәй шаруа етіп жіберіпті.
Ал енді күйеуі әлгі хатты өзгертіп жазған әйелді алған екен. Оны қаңғыртып жіберіп, екі баласымен өз әйеліне қайта қосылыпты. Міне, енді бұлар баяғы қызық дәуіріне қайта түсіп, ғұмыр сүріп жата берсін.
Енді алғашқы қастық істеген аға-жеңгесіне келейік. Ағасының бұрынғы дәуірі жоқ, бір шаһарда кедей болып отын арқалап сатып күн көріп жүреді. Күнде бір арқа отын әкеліп сатып жиырма-отыз тиын алса, оны «ұстап қоясың» деп, әйелі қағып алып отырады екен. Бір күндер болғанда ашуланып отынды аз ғана алып келіп, он тиынға сатып әкелсе, әйелі: «Сен бүгін ақшаны неге аз әкелдің, күнде көп әкелуші едің. Сені сорып жүрген бір сорғыш бар ғой»,—деп, ертесіне отынға барған жеріне әйелі қоса келіп, айқай салып, «сені сорып жүрген албасты қайда» деп, ары-бері жүгіріп жүрсе, беті шөппен жабылған бір құдық жатушы еді, әлгінің қасына барғанда байы әйеліне: «Ей, анау жатқан құдыққа түсіп кетесің ғой, байқа!»—десе, қатын: «А, сені сорғыш албастың осы екен ғой, ә?»—деп барып шөпті бас салса, салдыр-күлдір құдыққа түседі де кетеді. Кедей жүгіріп келіп қараса, түбі жоқ құдық екен. Ішінен бір пері қарғып шығады. Сөйтсе, әлгі әйел құдықтың түбіне барғанда перінің үстіне түсіпті. Пері шошып бүлк ете қалса: «Менің байымды сорып жүрген сен екенсің ғой»,—деп жатқан періні түте бастапты. Сонан пері шошып, жер бетіне қарғып шығып, құдыққа қарап тұрған кедейді көріп: «Сен не істеп тұрсың?»—десе, кедей: «Менің әйелім түсіп кетті, соңынан қарап тұрмын»,—дейді.
Сол кезде пері: «Әйелің долы ма еді?»—десе, ол: «Иә, долы еді»,—депті. Пері: «Ол ондай болса, әйеліңді таста, мен саған әйел тауып берем»,—деп, кедейді азғырып алып кетеді. Сөйтіп, бұл кедей періні жақтап, пері болып кетеді де, жалақор әйелі құдыққа түсіп өліпті.