Редакция пайдаланылатын туындыларға құқықты, оның ішінде интеллектуалдық меншікте авторлық және өзге де құқықтарды сақтауға міндетті. Оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі.
Егер заңда өзгеше көзделмесе БАҚ редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндетті құқығы жоқ. Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары БАҚ-та ҚР заң актілеріне сәйкес орналастырылады. Мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде ҚР Мемлекеттік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты кең шарттарда беруге міндетті. Сұралып отырған мәліметті беруден бас тартылуға БАҚ өкілі мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды адамдардың азаматтар құқығына қысым жасайтын заңсыз әрекеттеріне шағым жасауға арналған заңда көзделген тәртіппен жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға, ал одан соң сотқа шағым жасауы мүмкін.
Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиеті не болмаса іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді, егер мұндай мәліметтер таратушы олардың шындыққа сәйкестігін дәлелдемесе, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы. Егер азаматтық немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер БАҚ-та таратылса, олар сол БАҚ-та тегін теріске шығарылуға тиіс. Егер аталған мәліметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіндігі туралы адресатқа міндетті түрде хабарлануға тиіс.
Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған болса, олар мұндай мәліметтерді теріске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздеріне келтірген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.