БАҚ-ты таратуды меншік иесінің шешімі бойынша оның өзі шарт негізінде немесе өзге де заңды негіздерде редакция, баспагер сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар жүзеге асырады. Эротикалық сипаттағы материалдар жариялайтын мерзімді баспасөз басылымдарын бөлшек саудада соған арнап әдейі бөлінген тұрақты үй-жайларда сатуға жол беріледі. Олардың орналасқан жері мен ондағы сату ережелерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді.
Порнографиялық және арнаулы сексуальдық-эротикалық сипаттағы радиотеледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнімінің көрсетілуіне, қатыгездік пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады. Темекі және алкаголь бұйымдарын насихаттайтын телерадио бағдарламалары мен жарнамалық роликтердің эфирге шығарылуына жергілікті уақыт бойынша 23 сағаттан 6 сағатқа дейін рұқсат етіледі. БАҚ-та алкаголь және темекі бұйымдарын жарнамалау оларды пайдаланудың зияны туралы айқын оқылатын мәтінмен бірге берілуге тиіс.
Заңды негіздерде жүзеге асырылатын БАҚ-ты таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тәркілеуге, сондай-ақ таралымын немесе оның бір бөлігін жоюға заңды күшіне енген шешімі негізінде болмаса жол берілмейді. Мерзімді басылымның әрбір шығарылымында мынадай мәліметтер болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралының атауы, БАҚ меншік иесі, бас редактордың тегі және аты-жөні, есепке қою туралы куәліктің нөмірі мен берілген күні және оны берген органның атауы, басылымның мерзімділігі, БАҚ-тың рет нөмірі мен жарық көрген күні, таралымы немесе тиражы, баспахананың атауы, оның мекен-жайы, БАҚ, оның ішінде телерадио хабарларын таратуда эфирге әрбір шыққан сайын, ал үздіксіз хабар таратқан жағдайда тәулігіне кемінде 4 рет өзінің атауын жариялап отыруға міндетті.