Алтын мүйізді киік

Алтын мүйізді киік
Ертеде Бұлдыр мерген деген атақты аңшы болыпты. Өзі мерген, қарулы, ақылды, ержүрек адам екен. Бір күні ол аңға шығып, орманды, тауды аралайды. Шаршаған соң бір ағаштың көлеңкесіне келіп демалады.
Бұлдыр мерген қарсы алдында ағып жатқан бұлаққа қарап отырады. Сөйтсе байқамапты, бұлақтың арғы жағасында, үлкен жартастың түбінде екі мүйізі шаңырақтай бір киік жайылып жүр екен. Бұлдыр мерген өз көзіне өзі сенбей таңдана қарайды. Екі мүйізі қарағайдай, жарқылдаған алтын екен.
Мерген атуға мылтығын кезейді. Сол кезде киікке тіл бітіп:
—Сабыр ет, мерген!—деп Бұлдыр мергенді тоқтатады. Аңшы оның жанына келеді. Ол аң аулап жүріп бұрын-соңды мұндай кереметті көрмеген еді. Қатты таң қалады.
Алтын мүйізді киік әп-сәтте мүйізді ақ сақалды шалға айналады. Үстіндегі киімі күмістей жарқырайды. Ал екі алтын мүйізі сол қалпында қалады. Бұлдыр мерген ештеңе демей таңырқай таңдана қарайды.
—Осы тауда Бұлдыр мерген деген атақты аңшы батыр бар деп естіп, сені іздеп шығып едім. Сені іздеп шыққан шаруамды айтайын.
—Айтыңыз.
—Менің балам жер астындағы елдің ханы еді. Мен туған әкесімін. Қаламызға жақын жерде терең бір сай бар еді. Жиырма жыл болды, соны бір жеті басты айдаһар мекендеп алды. Жұма сайын бір ұл, бір қыз, он қой алғызып жейді. «Салығыма көнбесең, бүкіл ел-жұртыңды қаласымен қоса жұтамын»,—дейді. Оның үстіне сайдың маңына барған адам болсын, мал болсын, әйтеуір, тірі жанды құтқармайды. Соған ешкімнің де күші жетпейді. Оны тек Бұлдыр мерген ғана жеңеді,—деген соң, халқымызға бір жақсылық бола ма деп сені іздеп шығып едім!—дейді ақ сақалды шал жылап.
—Малға у жағып, айдаһар жатқан сайға жібермейсіздер ме? Соны жұтса улап өлер ме еді!—дейді Бұлды мерген ойланып.
—Оны да істедік, әйтеуір жауыз одан өлмеді. Жұртымызды жұтып тауысатын болды. Қолыңнан келсе, көпшілік үшін аянба, шырағым!—дейді шал өтініп.
—Жарайды!—деп Бұлдыр мерген сауыт-сайманын сайлап, алтын мүйізді шалға ілеседі. Олар жердің асты мен үстін жалғастыратын үңгірден өтіп, қарттың қаласына барады.
Бұлдыр мерген бойына бар күш қуатын жинап, қолына жүз құлаш алмас семсер алады да, айдаһар жатқан сайға келеді. Жотаға шықса, боран соғып тұр екен. Желдің қаттылығы сонша, таудың екі бетіндегі тасты ұшырып кетіп жатыр. Бұлдыр мерген қаһарланып, семсерді қолына көлденең ұстап, күшті леппен тартып жатқан айдаһардың аузына қарай жүреді. Сұрапыл боран оны ұшырып отырып, айдаһардың аузына бірақ апарады. Өткір семсер жауыздың екі езуін тіліп, құйрығынан бірақ шығарады. Ортасынан қақ бөлінген айдаһар қимылдауға шамасы келмей өледі.
Айдаһардан құтылған жұрт шат-шадыман қуанышқа бөленеді. Бұлдыр мергенді қоршап алып, қошаметтеп, қаласына алып келеді. Ұланасыр той жасайды. Алтын мүйізді шал:
—Балам, сен өзің жалғыз екенсің. Аң аулап қана тіршілік ететін көрінесің. Бізде мал да, дүние-байлық та мол. Сен енді осында қал да, отау тігіп, түтін түтет,—дейді Бұлдыр мергенге. Бұған мерген көнбейді: «Менің аш-арық ауылым, туысқандарым бар артымда. Оларды тастап, мен мұнда өз басымның қамын күйттеп қала алмаймын»,—дейді.
Бұлдыр мергеннің мұнда қалмасына көзі жеткен алтын мүйізді шал оған ханның қазынасынан көп алтын, асыл дүние сыйға тартып, аулына аттандырады. Осыдан соң Бұлдыр мергеннің ауылы да әлденіп, күн көрісі жөнделеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *