Киелі бас сүйек
Ертеде бір қойшы қойын жайып келе жатып қу медиен даладан қай мезгіл екені белгісіз қуарып қалған адам бас сүйегін тауып алады. Бұл бас сүйектің әдеттегі адамның басынан әрі үлкен, әрі өзгеше екенін байқап, қолындағы құрығымен ары-бері аунатып қарайды да онда ғажайып жазулардың бар екенін көреді.
Бастың сол шекесіне «Ауызбен татсаң ауыздан туыламын», маңдайына «Ұлы жоққа ұл боламын», оң шекесіне «Қырық екі адамның басын алып хан боламын» деп жазылыпты. Қойшыға ой түсіп, мұның үш түрлі әулиелігін көрейін дейді де қуарған басты өртеп, күлін беліндегі кісесіне орап салып алады. Ешкімге білдірмейді. Бір күні қойшы күл салынған кісесін алдына қойып «Аузымен татқанға аузымен туылғаның қане? Ұлы жоққа ұл болғаның қане? Тәжі киіп, таққа отырып, хан болғаның қане?» деп өзіне-өзі сөйлеп отырады. Мұны қасына келген он бес жасар қызы естіп:
—Әке, өзіңіз жалғыздан-жалғыз күбірлеп отырсыз ғой, кісеңіздегі бұл не зат?—деп сұрайды.
—Балам, бұл бір улы зат. Дәмін татып көруші болма!—дейді әкесі. Ертеңінде қыз: «мен әкемнің жалғызы болсам да сырын менен жасырады, мұның қандай құпиялығы бар екен, не болсам да кісесіндегі күлден ауыз тиіп көрейін»,—деген оймен түйіншектеулі күлді шешіп, сұқ саусағын батырып, дәмін татып көреді. Осы кезде қыздың өне бойы шымырлап, жүйе-жүйесі босап, қайта-қайта түшкіріп, рухында ләззат сезім пайда болып, тұңғыш рет махаббаттың жан рахатына кенеледі. Аз уақыттан кейін көкірек шөлі басылғандай жан дүниесі тоят табады. Көп өтпей қыздың денесі ауырлап, дел-сал күйге түседі де жүкті болғандығының бейнесі байқалады. Қыздың шешесі мұны сезіп, «бұл қалай болғаны?» деп бір оңашада бұл сырын еріне айтады. Қыздың әкесі ойланып отырып әйеліне :
—Менің кісемде ғажайып бір сүйектің күлі бар еді. Қайсы күні «Бұл не нәрсе?» деп қызым сұрағанда нақ сырды айтпаған едім, әсілі сол күлден татып қойды ма екен, қызымнан сол сырды сұрап, ұғысшы?!—дейді. Шешесі қызынан сұрағанда дәл әкесінің ойлағанындай болып шығады. Қыз кіседегі күлден біраз ұрлап татып көргенін, сонан кейін осындай жағдайға тап болғанын үрейлене тұрып айтады. Қыздың шешесі жағдай нақ өзінің болғанындай екенін еріне мәлімдейді. Нақ сырды өзі ғана білетін қойшы бір кедейдің Сәлім деген баласын шақыртып алады да, былай дейді:
—Шырағым, сен маған бала бол! Қызымды саған қалыңсыз берейін. Бірақ бір шартым бар. Болашақ нәресте ауыздан туады. Туған баланы өзім аламын. Екеуіңе елу бас ірі қара, бес жүз бас қой, басыңа отау көтеремін. Бұл құпиялықты басқа жан баласы білмейтін болсын!—дейді. Осы шарт бойынша қыз Сәлімге некеленеді. Ай-күні толып уақыты жеткенде қыз босанады, ұл табады. Нәрестені әйелінің бауырына салған қойшы «Бәйбішем босанды!» деп жоғарғы елге көк бие, төменгі елге төбел бие, айналасындағы елге ала бие сойып, отыз күн шілдехана жасап, той-думан көрсетеді. Бала күн сайын толып, ай сайын өседі. Сымбатты болып толыса береді. Жеті жасқа келгенде қойшы баласын моллаға оқуға береді. Он бес жасқа келгенше қырық молладан оқып, олардың бәрінен білгір, данышпан болып шығады. Бала оқуын бітіріп, үйіне қайтып келеді. Әкесіне серік болып, күнделікті шаруашылығымен шұғылданады. Бір күні қой бағып келуге, әкесінен рұқсат алған бала қойын айдап келе жатса, қарсы алдынан үрейі қашқан бір әйел кезігеді. Екі қолына ұстаған екі қазы бар екен.
—Шешей, қайда барасыз? Неге мұнша сасқалақтап келесіз?—деп жөн сұрайды. Әйел:
—Балам, түнде бір жаман түс көрдім. Түсімде үйімнің оң жақ босағасы өртеніп жатыр екен, содан шошынып үйден шықтым да осы хандықтағы қырық моллаға барып түсімді жорытайын, түс садақасына мына екі қазды берейін деп барамын,—дейді.
—Шешей, қайтарыңызда түсіңіздің жоруын маған айта кетіңіз,—дейді бала. Әйел моллаларға барып түсін жорытса, моллалар:
—Отырған үйіңнен қаш, әйтпесе пәлеге душар боласың,—депті. Қайтқан жолында әйел түсінің жоруын балаға айтады. Бала әлгі әйелге көмектесіп, үйін басқа жаққа көшіріседі. Артынан қайта келіп, әйелдің көшкен жұртындағы босағасын қазып, ат басындай алтынды тауып алады да, орнына тас салып көміп тастайды. Алтынды ешкімге білдірмей әкесіне әкеліп береді де:
—Әке мені тағы оқытамыз,—деп қырық молла адам жібереді. Сіз бермеймін десеңіз де тартып әкетеді,—дейді бала. Айтқандай-ақ бір кезде бір неше молла келеді де, қойшыға «балаң жалғасты оқып, тәрбиеленсін» деп қолқа салады. Сол кезде қойшы:
—Бұл бала жалғызым еді. Енді оқыта алмаймын,—дейді. Бірақ моллалар қойшының еркі алдына қоймай баланы тартып әкетеді. Қырық молла баланы жан-жаққа сұраққа тартып «Алтынды табасың!» деп алқымға алады. Бала «Көрмедім, алмадым»—деп мойындамайды. Моллалар «алтынды таппасаң өлтіреміз» деп тақымына бұрау салып, шекесіне асық қыздырып басады, бала сонда да шын сырын айтпайды. Бала осындай қинау көріп жатқанда сол елдің ханы бір түс көреді. Хан түсінде бір өзеннен өтейін деп барса, қырық шабақ балық атының аяғына жармасып, тістелеп, аты үркіп, жығып кете жаздайды. Хан өзеннің ортасына барғанда бір қара жылан, бір сары жылан алдынан шығып, ханды шағуға ұмтылады. Олардан да зорға құтылып, өзеннен өтіп, жағадағы жасыл шалғын, миуалы бау-бақшаға кезігіп, сайран құрып жүреді. Ұйқыдан оянған хан бұл нендей түс екенін білу үшін шаһарындағы қырық молланы шақыртып, жорытады. Бірақ моллалар түсті қалай жорудың бабын таппай, отырып қалады. Сонда хан ашуланып:
—Үш күннің ішінде түстің жоруын айтасыңдар. Айта алмасаңдар бастарыңды аламын!—деп әмір етеді. Сасқалақтаған моллалар кітаптарын қанша оқыса да, түстің жоруын таба алмай, өзара ақыл құрып, «балаға жорытып, сонан соң өлтірейік» деген байламға келеді. Түсті балаға айтып:
—Сені осының жоруын айтсаң қоя береміз,—дейді. Бала:
—Түстің жоруын ханның алдына барып бірақ айтамын,—дейді. Түстің жоруы табылса, ханнан мол сыйлық аламыз деп дәмеленген моллалар баланы ханның алдына апарып:
—Алдияр, ханеке, мына бала біздің бәрімізден оқыған еді. Біздің білетінімізден де молырақ біледі. Біз жори алмадық, жанымызды қия көріңіз?!—деп құлдық ұра жалынады.
—Ал, қанекей, түсімді жоры!—дейді хан балаға.
—Мына отырған қырық молладан басқа ханымыңызбен сары құлыңызды да осы араға шақырыңыз. Түстің жоруын онан соң бірақ айтамын,—дейді. Хан ханымы мен сары құлын дереу шақыртып алады. Осыдан кейін бала түсті былайша жориды:
—Тақсыр, ханеке, сіз суға алғаш барғандағы қырық шабақ балық—мына отырған қырық молла, бұлар сіз тез өлсе көптеген қайыр-сақабат алып, қазаңыздан игіліктенсек деп, арандарын аш қасқырдай ашып жүр екен. Ал, су ортасына барғаныңызда сізді шағуға ұмтылған сары жылан мен қара жылан анау ханымыңызбен құлыңыз. Олар өзара көңіл қосыпты. Тақсыр, сізге қастандық жасап өлтіріп, ана құл ханымыңызды алып, хан болмақшы екен.
Баланың жоруын естіген хан қаһарын төге: «Мынаның айтқаны рас па?»,—деп отырғандардан сұрайды. Ханның қаһарына шыдамаған ханым, сары құл, қырық молла «Пендешілік істеп, күнәға баттық. Қылмысымызды кешіре көріңіз!» деп ұлардай шулайды. Бұл сұмдыққа жаны төзбеген хан дереу бұйрық беріп, ханым мен құлдың, қырық молланың басын түгел алдырып тастайды. Хан тағын балаға береді де өзі уәзір болады. Бала тапқырлығымен осылайша мұратына жетеді.