АНТИТЕЗА (грек. antithesis — қарама-қарсылық) —шендестіру, мүлде қарама-қарсы ұғымдарды, жағдайларды, образдарды салыстыра не қарама-қарсы қоя отырып, ой мен сезімді әсерлі жеткізуге ұмтылатын стильдік, эстетикалық бейнелеу құралы, көркемдік әдістің бірі. А-ның сөз өнеріндегі орны ерекше және ежелгі А. бастауы мифтерде жатыр. Адамзаттың балаң кезеңіндегі дүниені аспан — жер, жарық — қараңғы, су — от, т.б. қарама-қарсы ұғыммен салыстыра тануы шендестірудің алғашқы белгілері. Сөз өнерінде А. жай ғана салыстырудан көркемдік, бейнелік бояуымен өзгешеленіп тұрады. Қазақ әдебиеттану ғылымында бұл әдіске, ең алғаш А. Байтұрсынов назар аударған: “Жайдағы қайғыдан қуаныш үстінде көрген қайғы жанға көбірек батады. Жарлылық қиындығы жасынан жарлы болғаннан гөрі байдан жарлы болғанға көбірек сезіледі. Көріксіз бетіндегі дақтан көріктің бетіндегі дақ көзге көбірек түседі. Тәттінің артынан ащылық, дәмдінің артынан дәмсіздік артығырақ білінеді. Сөз шығарушылар көп қолданады”. Шендестіру қарсы мәндес сөздерді бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы жасалады. Мыс., “Қан мен тер” (Ә. Нұрпейісов), “Соғыс жөне бейбітшілік” (Л. Толстой), “Қызыл мен қара” (Стендаль”), т.б. шығармалардың аты шендестіру арқылы тура немесе жанама болса да оның мәнін ашуға қызмет етіп тұр. Қазақ ауыз әдебиетінің А. әдісі шеберлікпен қолданылған. “Қатыны семіз, ері арық, Үй жұтынан сақтасын. Иесі семіз, аты арық, Тұз жұтынан сақтасын (Мақал). Мұнда А. арқылы адам бойындағы кемшілік әсерлі бейнеленген. “Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр. Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр” (Ер Тарғын). Бұл — сұлулықты эстетикалық талғаммен қарама-қарсы айқын, ашық түстерді салыстыра көрсеткен шендестірудің үздік үлгісі. Мысал жанрында да шендестіру нышандары бар: “Қасқыр мен қозы”, “Қарға мен түлкі”, “Бұлбұл мен есек”, т.б. Қазақ әдебиетінде шендестірудің күрделі, көркемдік қуаты мол, эстет. әсері күшті үлгісін Абай жасаған: “ Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға…”. “Аппақет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш, Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда…”. Абай реңі жағынан бір-біріне қарама-қарсы үш түсті алып, шендестіру арқылы негізгі бейне — төртінші суретті қиыннан қиыстырып бере алған. Сыртқы белгілерді салыстырумен бірге, адамның жай-күйі, ішкі сезімі, сыр-сипаты да шендестіру арқылы бейнеленеді: “Бір суып, бір ысып, Бір үміт, бір қауіп” (Абай). Қазақ әдебиетінде шендестірудің мұндай сәтті үлгілері көп кездеседі. “Шашың — қара, денең — ақ бұлт, жүзің — Ай, Тісің — меруерт, көзің — сәулем, құралай” (М. Жұмабаев). А. — бейнелеу құралдарының көркемдік қуаты ерекше, көп қолданылатын түрі.