Бақыт құсы

Бақыт құсы
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, байлар киіп қырмызы, жарлының тоны келтеде, жердің үстінде, аспанның астында әлемді таң еткен Келтең деген бір сараң бай болыпты. Байдың Асаубай деген ұлы болыпты. Бірнеше малшылары, құлдары болыпты. Сол көп жалшылардың бірі Қазанқап деген қозы бағатын қозышысы бар екен.
Қазанқап бір күні ұйықтап жатып түс көріпті. Түсінде басынан күн, аяғынан ай туып, қасында екі қозы қошқар соғысып жатыр екен. Қазанқап «екі қошқарды айырайын, әйтпесе сүзісе-сүзісе бастары жарылар да бай маған ұрысар» деген оймен айғайлап тұра жүгіремін дегенде, өз даусынан өзі шошып оянып кетеді.
Оянса, түн әлі қараңғы. Қозылар қотанда тып-тыныш жатыр. Қазанқап әңкі-тәңкі болып біраз отырады да, ертеңіне малдарды өріске айдайды, қозыларды да айдайды. Асаубай күнде қозылар өргенде өзі қатысып біраз жерге шығарысып салады екен. Асаубайға түсін жорытпақ болады.
Таң атып, ел тұрады. Бүгінде әдеті бойынша өріп бара жатқан қозыға келіп Қазанқапқа тілдеседі. Қазанқап Асаубайға түсін айтады. Асаубай қызыға тыңдап тұрады да:
—Маған осы түсіңді сат. Төрт түлік, малдан қанша алсаң да берейін,—дейді. Қазанқап: «Мүмкін, сатсам сатармын, жауабын үш күннен соң берермін»,—деп қозысын айдап кете береді. Қазанқап далаға барып әрі ойлайды, бері ойлайды.
«Тегі бұл түсім жақсы түс болар. Сараң байдың баласы маған мал да бермес, алдар, немесе сатпадың деп сабар, асылы мен қашып кетейін де, алдымнан бақыт іздейін»,—деп қорытынды жасайды да қозыны тастап, құла дүз далаға жүре береді. Жүре-жүре күн батып, түн болады. Таң атып, күн болады. Неше күн жүргені белгісіз, бір күні шаршап кешке қарай бір шоқ терекке жетеді де, демалып тәтті ұйқыға кетеді.
Бұл маңда Таусоғар деген хан болады. Ханның бірі мұсылман, екіншісі пері қызынан екі әйелі болады. Екі әйелінің екі қызы бар екен. Мұсылман әйелінен туған қызының аты Гүләйым, пері әйелінен туған қызының аты Гүлмаһира екен. Екі қыз әрі құрдас, әрі тату болды. Екеуі де білімді екен. Әсіресе Гүлмаһира артық білгіш болады. Өйткені ол шешесінен оқып жын-пері оқуларын да біледі.
Екі қыз бір жүреді, бір тұрады, сырлары да бір болады. Өсе келе екеуі де ерге шығу, отбасы құру туралы сөйлеседі. Сонымен екеуі бір кісіге әйел болуға және өздері сүйген (екеуі қатар сүйген) адамға әйелдікке баруға уәде етеді.
Күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтеді. Екі қыз өсіп, бойжетеді. Таусоғар хан екі қызын екі байдың мырзасына бермек болып құда түседі. Бірнеше күн той-топыр болады. Көп мал, дүние алады. Хан құдаларымен сөйлесіп, келесі жылы осы уақытқа той жасап, екі қызын бір күнде ұзатуға уәде жасап тарқасады.
Қыздар бай балаларын сүймейді, өздерінің уәдесін де бұзғысы келмейді. Елде өздері сүйіп, сөйлесіп жүрген Сағит деген бір жарлы жігіт бар екен. Кісі жібертіп соны шақыртады. Сағит келді. Үшеуі сөйлесіп қашпақ болады. Әуелі Гүләйім мен Сағит қашып кетуі керек. Олар орныққанда Гүлмаһира бару керек. Сонымен үшеуі осылай уәде байласады да Сағит бүгін түнде ауылдың шығысындағы шоқ терекке барып отыруды ұйғарды. Гүләйім қос атпен өзі барып, сол жерден әрі жүріп кетуге келіседі де тарайды. Түн көзге түртсе көргісіз қараңғы болады. Сағит жүре-жүре адасады. Ақыры жүріп келіп кездескен бір шоқ терекке жата кетеді. Гүләйім өзі ерлерше киінеді. Қалған киімдерін қоржынға салады. Азық, жол қаржылық алтын, Сағитқа киім алады. Садақ, қылыш, найза сияқты қаруларды да алады, түн ішінде бір атты мініп, бір ерттеген атты жетектеп жүріп кетеді.
Шоқ терекке келеді. Келсе, түбінде біреу ұйықтап жатыр.
—Тұр, мына атқа мін!—деп оятады. Ұйықтап жатқан адам шошып оянады. Қару асынған қос атты адамды көріп зәресі ұшады. Өзін қуып келген Асаубай шығар деп түсінеді, басын төмен иіп жылай береді.
Гүләйім де қайран қалады. Сағит емес, бір тазша бала. Сағиттың адасқанын, өзінің басқа адамға кездескенін біледі. Не де болса, менің жазмышым осы шығар. Көп аялдауға уақыт жоқ. Айғайлауға болмайды. Осы түнде Сағит табылмас. Біліп қалса қуғыншылар ұстап алар. Не де болса осы тазшаны алайын да кетейін деген пікірге келеді. Бірақ аялдауға уақыт жоқ.
—Тез, мына атқа мін де маған ере бер!—дейді. Қазанқап мінеді де Гүләйімге еріп тарта береді. Аттар тұлпар екен, сол түннің ішінде бірнеше патшалықтан өтіп, таң ата бір бұлақтың басына келіп тоқтайды.
Айнала өскен ағаш. Ағып жатқан өзен, сыңқылдап ұшып жүрген құстар, ойнаған балықтар. Аттарын отқа жіберіп, өздері ұйқыға кетеді. Ұзақ ұйқыдан кешке қарай оянады. Гүләйім тамақ ішкісі келгеніне қарамастан өзенге алып барып Қазанқапты жуындырып, тазалайды.
Ескі киімдерін өртеп, таза киім кигізеді. Тамақ ішіп әлденеді. Қазанқап әп-әсем бала жігіт болады. Өздері күрке жасап алып, құс, балық аулап тұра береді. Аттарын көзге түсірмей, терең сайға арқандап ұстайды.
Гүләйім Қазанқапқа көңіл қосады. Бірақ біреу-міреу біле қалса, мені апам дерсің және жетімбіз дерсің деп тапсырып қояды.
Күндерде бір күн бұлар өздері тұрған жерден онша қашық емес бір қаланың бар екенін біледі. «Асықпай аралап кел» деп, елеусіздеу киім кигізіп, қыз Қазанқапты қалаға жібереді. Қазанқап қаланы ертеден кешке дейін аралап қайтып келеді. Оның мәліметіне қарағанда, бұл Асаухан деген ханның қаласы екен. Хан ауру болып, орнын бас уәзірі Қасен басқарады екен.
Күндерде бір күн Қасен жолдастарымен аң аулап жүріп, Гүләйімдердің күркесінің үстінен түсіп қалады. Уәзір қайтып қалаға келген соң, ханға сондай бір сұлу қыз көргенін, ол қыздың тек ханға лайық екенін және қасында інісінің бар екенін айтады. Хан жазылған соң алармын деп ойлайды да, жазылғанша інісінің көзін жоюды тапсырады. Ертеңінде Қасен Қазанқапты шақыртып алып: «Хан науқас еді. Ол аурудың емі Сүлейменнің «ақ дәрісі» деген көрінеді. Соны тауып әкеліп бер. Бармасаң, не таба алмасаң басыңды аламын!»—дейді.
Қазанқап өмірінде күлмейді екен. Үйге мұңайып келеді. Оны Гүләйім сезеді де күндегіден ерекше бір түрлі қуанған сияқты күндегідей Қазанқап демей, «Күлмесім, неге ренжіп келдің?», – дейді. Қазанқап Қасеннің бұйрығын айтады.
—Ол еш нәрсе емес, мұңайма, уәзірге бар да ханның бар жылқысын ертемен алдымнан шұбыртып өтіңіз, ішінен таңдап бір ат аламын да, соны мініп дәріні іздеймін де, олар оны мақұл көреді,—дейді.
Қазанқап қайта келіп уәзірге айтады. Хан да, уәзір де мақұл көреді. Ертеңіне Гүләйім мен Қазанқап жылқыларды аралап жүріп, бірнеше жүз жылқы өткеннен кейін, басқа бір жүз жылқының орта шенінде келе жатқан бір қара семіз ат пен бір арық көк атқа көздері түседі. Қазанқап қара атты ұстағысы келеді. Бірақ Гүләйім көк атты ұстатқызады. Қазанқаптың көңілі толмайды. Сонда Гүләйім тұрып:
Ей, Күлмесім!
Еш нәрсені білмейсің.
Ер жігітте мін болмас,
Тұлпар атта сын болмас.
Қазанат мініп қас батыр
Өмірінде жау алмас,—
дейді. Қазанқап кететін болады. Гүләйім бір хат жазып қолына ұстатады. Жүретін жолын сілтейді.
«Күннің батысында Таусоғар деген хан бар, оның Гүлмаһира деген қызы бар. Бұл дәріні тапса сол табады. Осы хатты өте құпия ұстап сол қызға табыс ет, бірақ оның қақпасына ену қиын. Қақпасына екі тау қондырған. Ол екі тау лезде ашылып, жабылып тұрады. Арасында қалып қойсаң атың да, өзің, де жаншылып мерт боласың. Тек ашылғанын бағып тұрып тез өтіп кетесің»,—дейді. Қазанқап жүріп кетеді.
Күндерде бір күн Қазанқап Таусоғар ханның еліне жетеді. Есік ашылғанын аңдып тұрып ханның ордасына өтеді. Ретін тауып хатты Гүлмаһираға табыс етеді. Гүлмаһира хатты оқып қуанады. Қазанқаптың атын да, өзін де оңаша жерге қойып күтеді. Бір күн түнде өзінің сиқыр орамалдарын желпіп-желпіп, бүкіл жер жүзіндегі перілерді жинап алып: «Сүлейменнің ақ дәрісін» сұрайды. Бұл дәрі жинаған көптің біреуінде бар екен. Содан бір мысқалын алып, өздерін таратып жібереді. Ертеңінде Қазанқапты аман-есен аттандырып салады. Қазанқап келгенше Асаухан өліп қалады. Өлсе де дәріні әкеп Қасенге береді.
Ел ханның орнына хан сайламақ болады. Бұл елдің заңы бойынша «бақыт құсы» деген құс болады екен. Сол құсты үш күндік жерден ұшырып, құс кімнің үйінің төбесіне қонса, сол кісі хан болады. Мезгілді күні елді жиып, сол заңдары бойынша құсты ұшырады. Құс Гүләйім мен Қазанқаптың күркесіне келіп қонады. Бір емес үш рет ұшырады, үшеуінде де сонда келіп қонады. Бірақ Қазанқапқа хандықты бермейді. Ел хансыз бірнеше ай тұрып қалады. Қасен елге де, Гүләйімге де қысым жасайды. Гүләйім енді қорқады да, әкесіне хат жазып, барлық жағдайды баяндап, Қазанқапты жібереді. Қазанқап хатты табыс етеді.
Таусоғар хан көп әскерімен Асауханның еліне келеді. Барлық жайды ұғады да, елді жинап алып, мерзімді жерден бақыт құсын ұшырады. Құс төртінші рет келіп күркеге қонады. Сонымен бүкіл ел жиналып, ақ түйе сойып, той жасап, Қазанқапты хан көтереді. Қасенді уәзірліктен алып, халық алдында жазалайды.
Таусоғар хан мен Гүлмаһира бірге келеді. Кетерде екі қыз өздерінің ойларын әкесіне білдіреді. Таусоғар хан мақұлдайды. Қазанқап той жасап екі қызды да алады, неке қидырады. Қазанқап өте әділ және қайырымды хан болады. Бұның тұсында ұрлық, кісі өлтіру, біреуге біреу зорлық қылу сияқты әдеттер азаяды, хан жарлығы құлдарға жәрдемдеседі. Қазанқап күлмейді. Халық мұны Күлмес хан деп атайды. Гүләйім мен Гүлмаһирадан екі ұл болады. Екеуі де бір күнде дүниеге келеді. Бірінің аты Ередік, екіншісінің атын Біредік қояды. Балалары жақсы өседі, бірімен-бірі тату болады.
Бір күні Күлмесхан күндегісінен ертерек ұйықтауға жатады. Жанында екі ұлы Ередік пен Біредік асық ойнап отырады. Екеуінің де екі алтын сақасы бар екен. Ханның көзі ілініп кеткенде, бір нәрсе сарт ете қалады. Хан селк етіп, көзін ашып жан-жағына қараса, бірі басында, бірі аяғында екі әйелі отыр. Екі баласы өзінің баяғы түсінде көрген қошқарша екі сақаны шарт-шарт соғыстырып жатыр. Сонда хан: «Баяғы түсімде көрген ай мен күн—екі әйелім, екі қозым—екі ұлым болды-ау»,—деп сақылдап күліп жібереді.
Қайран қалған Гүләйім мен Гүлмаһира күлген мәнісін сұрайды. Күлмесхан бастан-аяқ түсін айтып береді.
Қазанқап келесі жылы Таусоғар ханға қонаққа барады. Сұрастырып Сағитты тауып алады. Сағит орта жасқа келген, әйел алмаған, бір байдың құлшылығында жүр екен. Елге келгенде Сағитты өздерімен бірге ала кетіп, таңдаған қызын алып береді. Өзіне уәзір етіп алып, өле-өлгенше дос болады! Сөйтіп, бәрі де бай боп, баршасы мұратына жетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *