АНТИНЕЙТРОН (n) — нейтронғақатысты антибөлшек. Ол — массасы нейтрон массасына тең, спині 1/2-ге тең электрлік бейтарап бөлшек. А. мен нейтронның магниттік моменттері абсолют шамасы жағынан тең де, таңбалары жағынан қарама-қарсы болады. А-ды алғаш рет 1956 ж. Б. Корк, Г. Ламбертсон, О. Пиччони және У. Венцель (АҚШ) тәжірибе жүзінде антипротон шоғын зат ішінде шашырату нәтижесінде алды. Антипротон нысана ядромен соқтығысқанда ядро құрамындағы протонның біреуіне өзінің теріс зарядын береді (немесе оның оң зарядын алады). Осы процесс кезінде нейтрон — А. жұбы түзіледі. А. басқа ядроның нейтронымен не протонымен аннигиляттанады (аннигиляттану кезінде іздері бір нүктеден шығатын бір не бірнеше зарядталған бөлшектер пайда болады). А-ның пайда болғаны оның аннигиляттануы арқылы білінеді.