Қарға мен түлкі

Қарға мен түлкі
Қалың орманда қақ жарып аққан өзеннің жағасында ауыл отырады екен. Ауылда бір аңқау кемпір бар. Ол күнде ірімшік қайнатып үйінің төбесіне жайып қояды, кешке аларда азайып қалады. Кемпір оны күн көзінен құрысқан ғой деп жүре береді.
Шынында, бұл ірімшікті ұрлайтын орманға ұя салған ала қарға екен. Ол кемпірдің аңқаулығын пайдаланып өзі әбден тойып, балаларына да ала келіп жүретін болыпты.
Бір күні бұрынғы дағдысы бойынша ірімшікті жеп тойғаннан артығын үйіне ала қайтады. Балаларын тойғызып болған соң артылған бір түйір ірімшігін жеп қоюды да, жоқ үнем қылуды да шеше қоймай, ойланып отырғанда, орман кезіп жүрген қу түлкі көреді. Оның көзі жайнап, аузынан сілекейі шұбырып ағашты айнала береді. Басына шығуға дәрмені жоқ. Ақырында ол ойлап-ойлап амал табады.
– Қарғаның бойын ерітіп, жүрегін жұмсатып мақтайын, сол кезде ол бір дыбыс берер. Егер де дыбыс шығарса аузын ашады. Аузы ашылса, ірімшіктен айрылады. Менің аш құрсағыма тамақ барады, – деп есепке алады. Сол ретпен мақтай бастайды.
– Шіркін-ай, дүние жүзіндегі құстарда сенен сұлу бар ма екен? Маңдайың жалтыр қара, ішің толған ақыл-сара. Қанаттарың гауһардай жарқырайды, екі көзің танадай жалтырайды. Барлық сұлулық бір өзіңнің бойыңа қалай үйлесіп, қалай жарасып біткен? Үміт сипатыңа қарай даусың да тамаша деседі. Соны естіген соң әдейі іздеп, алыстан келіп тұрмын. Естігенде құлағым тойып еді, көрген соң көзім тойып тұр. Неше күн сапар шегіп келген бейнетім орнына тұрды. Енді жарқыным, маған үніңді есіттір. Өмірде армансыз болайын, – деп жалынады.
Қарғаның түлкінің мақтауына көңілі өседі. Мейлінше шат болып масаттанады. Сөйтіп, бұл байғұстың сағын сындырып, жүдетіп қайтармайын, әдейлеп келген соң разы етіп қайтарайын деп барлығынша жағын керіп «қарқ» етеді. Сол кезде ірімшік аузынан жерге түсіп кеткен екен. Түлкі ірімшікті қағып салып:
– «Дәулеттінің дәмінен», – деген. Даусың ащы, ірімшігің тәтті екен, – деп, жортып жүре беріпті.
«Аңқау – аңқауды қарақтайды», «Аңқаулығың ала қарғадай екен», – деген мәтелдер бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *