ТЕЛЕӨНЕР ТУРАЛЫ ЕҢСЕЛІ ЕҢБЕК
Қолымызға тиген Теледидар өнері атты кітапты тапжылмай тұтас оқып шығып, айрықша күйге бөлендім. Білім мен білігім еселеніп, құнды пікір, ой олжаладым.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, –
деген ұлы Абай сөзінің хақтығына тағыда көз жетті, көңіл сенді.
Кітап авторы – Тəуелсіз Қазақстанға ғана емес, төрткүл ТМД елдеріне танымал теледидиар тарланы Сұлтан аға Оразалы. Көлемі 34,5 баспа табақ, сапалы қағазда шығарылған, көркем безендірілген, мазмұны бай, аппараты толық талапқа сай жасақталған кітап «Фолинант» баспасынан жарық көріпті. Бұл баспаның ғажап кітаптар шығаратынын бұрын да білетінбіз, мынау – соның айрықша жарқын үлгісі. Құнды кітаптың көзіқарақты оқырман қолына тиюіне бастамашыл болып, аса қамқорлық танытқан «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы акционерлік қоғамы басшылығына оқырман алғысы шексіз боларына еш шүбəміз жоқ.
Қош. Түр-тұрпаты көңіл төрінен орын тепкен кітаптың енді ішкі мазмұнынан сыр тарқатып көрелік.
Бес бөлімнен тұратын кітаптың əр тақырыбы мен мұндалап тұрғанын көріп, көңіл толды.
«Сұңғыла сөздің Сұлтаны» атты бірінші бөлімде, аты айтып тұрғандай, сөзі мен ісі жарасқан, шығармашылықтың да, қайраткерліктің де шыңына шыққан, қазақ теледидарының тарланы туралы Елбасыдан бастап, ел игі жақсыларының, Қазақстан ғана емес, əлемдік деңгейде сөзінің салмағы бар өнер марқасқаларының шынайы лебіздері топтастырылып берілген. Барлығын сөйлетпей-ақ, екі ірі қалам қайраткерінің Сұлтекең туралы пікірінен үзінді келтірсек те, теңіздің тұщы дəмін татуға болады.
«Сұлтан інім, қырғыз, қазаққа дəнекер болған өзіңдей жігіттер көбейе берсін. Сені көптен білемін. Мені елуге келді деп Алматыдан іздеп келгеніңе дəн ризамын. Мен əлемдік теледидардың құдіретін білемін. Сондай өнердің тұтқасын ұстап, биік мəдениетпен іс тындырып жүрген өзіңдей жігіттер көп емес. Келгеніңе көп рахмет», – деп сөз арнапты заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов 1978 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан» телеарнасының «Сұхбат» бағдарламасына берген сұхбатында.
Ал, алты Алашқа аты мəлім ақиық ақын Фариза Оңғарсынова бүй деп жар салады жарты əлемге: «Қазақ теледидарының негізін қалауға еңбегі сіңген екі адам болса, біреуі осы – Сұлтан Оразалы…
Тірідей көрге түсе жаздаған ана тіліміздің туын көтеріп, алғаш мəселе қоюға батылы барған кім?! Ол – Сұлтан Оразалы!
О дүниелік болып кеткен айтыс өнерін Алланың өзімен келіскендей қайта тірілткен кім?! Осы – Сұлтан Оразалы!».
Оқырманын олжаға кенелткен кітаптың екінші бөлімі «Өмірмен өзектес өнер» деп аталады. Мұнда қандай құнды мұра жинақталғанын автор былай аңдатады: «Дүниеге келген күннен бастап, еліміздің эфирінде отыз жылдай жалғыз жанған «Қазақстан» телеарнасы жаңа өнерге тəн өсіпөркендеудің, қалыптасудың барлық жолдарынан өтті. Біз тағдырдың жазуымен соған куə болдық. Жай ғана сырт көз бақылаушы емес, отына күйіп, суығына тоңған, сол ұзақ уақыт ішінде оның қаз тұрып, қадам басуына, қалыптасып, өзіндік бетін табуына шама-шарқымызша тер төккен адамның біріміз. Кітаптағы мақалалар, сұхбаттар мен ой-толғаныстар, естеліктер, телесценарийлер мен телепьесалар теледидар тарихының əр кезеңінде жазылған, сол уақыттың талғамы мен талабына сай туғандықтан жарияланған уақыты мен жерін көрсетіп отырдық».
Бұдан түйер ой мынау: Телеэкранның барлық жанрында үш жүзге жуық əдеби сценарий жазып, бірнеше мың ірі хабарларға редакция жасаған, одан бөлек өзі авторы болмаса да, шығармашылық ұжымның басшысы ретінде əдебиет, өнер, мəдениет саласындағы жүздеген телехабарлардың экранға шығуына ойын, білімін, уақытын, күш-жігерін аянбай жұмсаған қазақ теледидары тарланының бай тəжрибесі – бүгінгі жəне болашақ журналистерге, сөз жоқ, бағасы теңдессіз үлгі-өнеге. Автордың кітапты қалың оқырманға таныстыру мақсатында жазған «Бастау» атты естелік-эссесін оқып шықсаңыз, соған көзіңіз анық жетеді.
Автор бүй деп ағынан жарылады: «Қайда жүрсең де қызық пен тауқымет астасып жатады. Бірақ кешкен ғұмырыңның қауызы мен дəнін аршып қарағанда, сөз жоқ, уақыт желі қауызын ұшырып, еккен, терген дəнің ғана қалады. Оның салмағы мен нəрі сенің тіршілігіңнің мəнін анықтаса керек.
Бір жерде, бір қызметте тапжылмай өткізген жиырма жыл көп пе, аз ба? Əрине, жас ғұмыр үшін өте көп еді. 1967 жылы МГУ-дің тележурналистика кафедрасының меңгерушісі, теледидардың үлкен білгірі Р.Борецский деген профессормен жолыққанымда, ол:
– О, сіз үш жылдан бері теледидарда істеймін дейсіз бе? Бұл көп уақыт, өте көп уақытыңыз кетіпті əрі үлкен шыдамдылық жасапсыз, – деп өзі де таңырқап мені де таңырқатқаны бар. Ал сол қазандай қайнап жатқан теледидар тіршілігіне жиырма жыл өміріңді арнауды қалай бағаласақ екен?!»
Риторикалық сұраққа жігерлі жастық шағының жиырма жылын арнаған Сұлтан Шəріпұлының «Қазақстан» телеарнасының тарихында алтын əріптермен хатталған құнды төл туындыларының атын атап, түсін түстесек те толық жауап табасыз. Кезінде ұлттық жаратылысымызға тəн құндылығымен көрермен көңіл төрінен орын иемденген «Қымызхана», «Кек», «Отырар ойраны» атты көп сериалды телеқойылымдар, «Сұхбат», «Кездесу», «Сахна» тəрізді əдеби-публицистикалық туындылар, халық санасын оятқан «Айтыс», «Халық қазынасы» сынды хабарлар, кейінгі жылдары түсірген Қазақ зиялылары туралы антология деректі фильмдер топтамасы жұртшылықтан жоғары баға алды. Бұл телетуындылар жарыққа шыққан сайын миллиондарды көгілдір экран алдына байлап, қазақ теледидарының абыройын асқақтатты. Əдебиет пен өнердің өзекті мəселелері туралы қазақ сөз өнерінің алыптарымен, əлемнің отызға жуық елінің даңқты ақын, жазушы, өнер қайраткерлерімен салиқалы əңгіме қозғаған, қазір де Алтын қорда сақтаулы тұрған «Сұхбат» сериясымен көрсетілген хабарлар көрерменнің қай ұрпағының болсын таным, тағылым көкжиегін кеңейтетіні даусыз. Сұхбат сериясы көгілдір экраннан берілгеннен он жылдан кейін белгілі эстон журналисі Урмас Оттың «Теледидарлық танысулар» атты телехабары көрермен көзайымына айналды. Көптеген сыйлықтар алған, Орталық теледидардан берілген. «Теледидарлық танысулар» хабары мен «Сұхбаттың» ұқсастығы көп. «Бұған таңырқайтын ештеңесі жоқ, – деп жазады сұңғыла сөздің Сұлтаны «Бастау» атты эссесінде. – Урмас Отт эстон теледидарында диктор болып істеді. Ол кезде бауырлас республикаларда телехабарлар алмасып, бір-бірімізге барып келу жағы жиі болатын. Сонда тілін түсінбесек те, ұлттық теледидардың хабарларына, олардың ерекшеліктеріне қатты көңіл бөлуші едік. Бір елде табылған жақсы тəсіл екінші елдің теледидарына көшіп, дамып, төл туындысындай сіңісіп кететіні жаңалық емес».
Қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық алты Алашқа аты мəлім ағартушы Ыбырай Алтынсариннің Қазақ хрестоматиясы екені баршамызға белгілі. «Теледидар өнері» – қазақ тележурналистикасы тарихында сондай мəнге ие туынды десек, асыра бағалап, ауа жайылғандық болмас. Олай дейтініміз, осыған дейін ұлттық телеарналар тарихы мен көгілдір экран теориясына байланысты ана тілімізде бірді-екілі еңбек жазылғанымен, мына кітаптың жөні бөлек. Еңбектің басты ерекшелігі жəне құндылығы да сонда, үшінші жəне төртінші бөлімдерінде телетуындылардың сценарийлері тұтас əрі толық берілген. «Телетеатр – өнердің жаңа түрі» атауын алған үшінші бөлімде Қазақ теледидарында қойылған телепьесалардың, ал «Қазақ зиялылары туралы антология» атты төртінші бөлімде, аты айтып тұрғандай, ұлтымызға рухани тұтқа болған алыптар туралы деректі фильмдердің сценарийлері топтастырылған. «Отырар ойраны», «Мені миссис деп ата!», «Өлім фабрикасы», «Дала даналары», «Абай – қазақтың ұлы биі», «Парасат майданы» т.б. телетуындылар – уақыт сынынан өткен, қай кезеңде де құнын жоймайтын, өміршеңдігімен құнды асыл мұралар.
Кітап байтақ еліміздің журналистер даялайтын жоғары оқу орындары үшін хрестоматиялық оқулық болуымен бағалы. Шəкірттеріміз салмақты да салиқалы еңбекпен танысу барысында көгілдір экранның таңғажайып та тылсым сырына терең бойлап, білім көкжиектерін кеңейтумен бірге біліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болады. Студиялық
сабақтарда кітапқа енген сценарийлер бойынша қойылымдар түсіріп, тəжірибе жинақтай алады. Сонымен бірге, сценарий жазу өнерінің қыр-сырына қанып, шығармашылық ізденістің соны түрін игеруге ұмтылатын болады. Бұл кітап əлі талай тележурналистің игілігіне жарары сөзсіз.