«АЙҚАП» ПЕН «ҚАЗАҚ» НЕГЕ АЙТЫСҚАН?
Кезінде қалың қазақ еліне көздің ағы мен қарасындай қатар қызмет еткен бұл екі басылымды бір-біріне қарсы қойып қарастыруға мүлдем болмайды. Рас, кейбір мəселелерде пікір алалығы кездеспей қалмаған. Бірақ, ол мақсат бөтендігінен емес, соған жетуде ұстанған жолдарының əртүрлілігінен туындап отырған деуімізге толық негіз бар. Бұл турасында кезінде көрнекті қалам қайраткері Бейімбет Майлиннің «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған мақаласында: «Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпта араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де түп мақсаттары бір еді», – деп жазуы сөзімізді тірілте түседі.
Бір кереметі, араларында қанша талас-тартыс болғанына қарамастан, бұл екі басылымның бірінің сөзін екіншісі сөйлеп, бірін-бірі қолдап отырғаны коңіл аудартпай қоймайды. Бұдан оларды шығарушылардың жеке бас қамынан бұрын ұлт мақсатын биік қоя білген азаматтық болмыстарын жете тани түскендей боласыз. Оған бір ғана мысал, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 148-санында «Айқап» тоқталуы» деген мақала жарияланған. Онда «қазақтың айналдырған жалғыз журналының бірнеше жыл шығып тұрып, ересек болған соң тоқталып қалғанына» қапалы екендіктерін білдіре отырып, «Қазақ» басқармасы «Айқапта» жарияланған журналды шығарушылардың оқырмандарына соңғы арнауын газеттерінде көшіріп басуды өздерінің азаматтық борыштары санайды. Ал «айқаптықтар» болса, өз кезектерінде журналдың қаражат тапшылығынан жабылатындығына өкініштерін білдіре келіп, газет төңірегіндегілерге мынадай тілек-баталарын береді: «Журналды шығарғандағы мақсатымыз халыққа жол көрсетпек еді. Газеташылық, журналшылдық қазақ жігіттерінің қолынан келетін жұмыс екендігін сыпат етпек еді. Біз бұл мақсатымызға жеттік. Ендігі жұмыс оқыған жастардың мойнында.
Біз надан боп өсірдік Иектегі сақалды.
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Желкілдеп шыққан жас шөптей
Үміт еткен достарым,
Сендерге бердім батамды
(Алтынсарин сөзі)».
Осы жолдарды оқи отырып, бұл екі басылым арасында елеулі идеялық қақтығыс болмағандығына көзіміз жете түседі. Бірақ, соған қарамастан, күні кешеге дейін ол екеуінің біріне-бірі қарсы қойылып зерттелініп келгені, ащы болса да, тарихи шындық. Оны зерттеушілер кінəсінен емес, уақыт талабынан, яғни сіреспе таптық идеология зардабынан туған олқылық деп қабылдаған лəзім.
«Айқап» пен «Қазақ» арасында туындап отырған айтыстартыс туралы алғашқы пікірлерді көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов пен С.Асфендияровтың тарихи тақырыпта жазған еңбектерінен кездестіреміз. Бір айта кетерлік жай, өздері өмір сүрген уақыт талабына қайшы екендігіне қарамастан, олар бұл м
əселеге объективті түрде баға беруге тырысқан. Алайда, үстемшіл орталықтың өктем саясаты салдарынан ол бастама жөргегінде тұншықтырылады.
Бертінірікте бұл тақырып өзгеше өң ала бастаған. Екі басылым арасындағы пікірталасты таптық мүдделерінің қайшылығынан деп түсіндіруге тырысушылық уақыт талабынан туындаған амал-əрекет болатын. Бұл жөнінде алғаш пікір білдірген көрнекті ғалым Б.Кенжебаев екендігін зерттеушінің 1950 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің тарихынан» деген еңбегінен оқып білеміз. Онда осы тақырыпқа қатысты татардың «Уақыт» газетінің 1915 жылғы 9-шілдедегі санында жарық көрген Нығметолла Күзембаевтың «Айқап» журналы хақында» деген мақаласынан үзінді келтіре отырып, ғалым негізгі талас туғызған мəселелер жерге орналастыру, съезд шақыру жəне əліпби түзу жөнінде болғанын дөп басып көрсетеді. Алғашқы мəселе бойынша, яғни жерге орналастыру турасында туындаған пікірталасқа былайша сипаттама береді: «Жер мəселесі жөнінде «Айқап» журналының маңында болғандар татарлардың əсерімен жерге отырықшы болуды қуаттады, «Қазақ» газеті маңында болғандар қала болмауды қуаттады. Асылында, бұл екі түрлі пікір, екі түрлі ұсыныс қазақ арасындағы негізгі екі таптың пікірі, мүддесі еді. Мұның біріншісі қазақтың кедейлері мен жарлы-жақыбайларының пікірі, мүддесі еді де, екіншісі қазақтың ірі байларының пікірі, мүддесі еді (астын сызған біз автор)».
Мұндай тұжырым сол бір «күйіп» тұрған жеке басқа табыну заманының талабынан туындағаны ешбір дəлелдеуді қажетсінбейді.
Оны айтқанда зерттеуші басқаша мақсат көздеген болуға тиіс. Елуінші жылдардың басына қарай үстемшіл орталықтың өктем саясаты ушығып тұрған уақытта «алашордашыл, байшыл, ұлтшыл» деген «айып» арқалап, тар қапаста «кұлыпталып» ұсталынған «Қазақ» газетін ақтап алу мүмкін еместігін жете түсінген ғалым, біздіңше, өзгеше амал-айлаға көшкен. Ол кезінде көздің ағы мен қарасындай болған қазақтың бір газет, бір журналының алғашқысын ақтап ала алмасына көзі жеткеннен кейін, тым болмаса, тура келген тажал залалынан екіншісін аман сақтап қалу үміті болатын. Сол мақсатын жүзеге асыру үшін ғалымның екі басылым арасындағы айтыс-тартысты тіліне тиек етпесіне амалы да қалмаған. Оның жемісі де жоқ емес. Нəтижесінде, «Айқап» ақталынып», қазақ баспасөзінің тарихынан сылынып тасталынбай, ғылыми айналымда қалуына айқара жол ашылғандығына тарих куə (біз бұл жерде журналдың кезінде азды-көпті зерттеліп, тіпті диссертациялық жұмыстың объектісі болғанын айтып отырмыз). Мұның өзі кезінде ғалымның үлкен жеңісі, ғылымның айтулы жетістігі болғандығы күмəн келтірмейді. Күні кешеге дейін ол журнал бабалар рухын кейінгі ұрпақпен байланыстырып тұрған бірден-бір аспалы алтын көпір қызметін атқарып келсе, ол – зерттеуші еңбегінің жемісі. Сол үшін де қаламгерге халқының алғыстан басқа айтары болмасқа тиіс.
«Айқап» пен «Қазақ» арасындағы айтыс-тартысқа қатысты жоғарыдағыдай пікір, яғни оған таптық тұрғыдан баға беріп, журналды «ақтау» үшін газетті «құрбандыққа шалу» бағыты кейінгі зерттеушілер еңбектерінде де жалғасын тауып, көзжұмбайлықпен көшіріліп беріліп отырылды.
Соның салдарынан қазақ баспасөзі тарихына қатысты оқулықтарда «буржуазияшыл ұлтшылдар өз табының түбегейлі мүддесін қорғап, демократиялық басылымдарға қарама-қарсы өздерінің баспасөз органын құруға кірісті. Қоғамдық өмірдің мəселелері жөнінде «Айқап» журналына кереғар Орынбор қаласында 1913 жылы февральда «Қазақ» газеті шыға бастады. Журнал кейде «Қазақ» газетімен айтысып, буржуазияшыл ұлтшылдар («Қазақ» төңірегіндегілер – С.Қ.) байлардың мүддесін қорғайтынын əшкереледі», – деген сыңаржақ пікір қалыптастырылып келді. Ол бүгінгі күн талабын қанағаттандыра алмайтыны былай тұрсын, оған қайшы келетіндігі айтпаса да түсінікті.
Өкінішке қарай, осынау көкейтесті мəселе қазақ баспасөзіне қатысты соңғы уақыттарда жарық көріп жатқан зерттеу еңбектерде де тиісті бағасын алмай, қалыс қалып отырғандығы қынжылтпай қоймайды. Ал оған заман талабына сай ақиқат тұрғысынан зерттеу жүргізіп, бағасын беру күн тəртібінде тұрған өзекті мəселелердің бірі деп білеміз.
Сонымен, «Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан? Көрнекті ғалым Б.Кенжебаевтың жазуынша, оның үш түрлі мəселе бойынша өрбитініне жоғарыда тоқталдық. Атап айтқанда, жерге орналастыру, съезд шақыру жəне əліпби түзу жөнінде екі басылым басшылығы бір пікірге келе алмаған. Ол – тарихи шындық. Оны газет-журнал тігінділерінің материалдары да растайды.
Екі басылым арасындағы айтыс-тартыс неден ушыға түскенін көрсететін «Қазақ» газетінде мынадай бір мəлімет жарияланған:
«Қазақ» та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сəтсіз күні басталған басқосу мəселесі шыға келді», – деп жазады ол жөнінде М.Дулатов апталықтың 1914 жылғы 51-нөмірінде жарық көрген «Айқап» журналы» деген мақаласында.
Бұған қарап, журнал мен газет шығарушылары арасында осы басқосу мəселесі көтерілгенге дейін ешқандай келіспеушілік болмапты деген ұғым тумауы керек. Олай ойлау қателескендік болып шығады. Өйткені, бұл екі топтың аражігін аша түскен мəселелер «Қазақ» газеті жарық көрмей тұрып-ақ бой көрсетіп үлгергеніне «Айқап» материалдары куə. Оның бетінде жарияланған Ə.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың жəне М.Дулатовтың жер туралы, қазақ жазуы қақындағы мақалалары журнал басшылығы тарапынан қолдау таппауы салдарынан Алаш азаматтары жеке басылым шығару мақсатына ойыса бастағаны ғылыми жұмысымыздың бірінші тарауында таратыла зерттелінген болатын. Сондықтан оған бұл арада тоқталмаймыз.
Əйтсе де, екі басылым арасындағы айтыстың шарықтау шегіне жетіп, сыртқа сыр алдырған тұсы басқосу мəселесіне тікелей қатысты. Ол былайша өрбиді:
«Айқаптың» редакторы М.Сералин журналдың 1913 жылғы 4-5 сандарында алғашқылардың бірі болып ағымдағы мəселелерді талқылап шешу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде мəселе көтереді. Оған журналдың 10-санында Райымжан Мəрсеков, 13-санында Жұбекен Тілеубергенов, 16-санында Барлыбек Сырттановтар үн қатады. Соған байланысты А.Байтұрсынов апталықтың 1913 жылғы 18-нөмірінде жарияланған «Басқосу турасында» деген мақаласы арқылы «Қазақ» газеті төңірегіндегілердің пікірін білдіреді. Онда «басқосу қанша керек болғанмен, оған қолайлы кез еместігін» ескерте келіп, Ахаң күрестің басқаша жолын таңдау жөніндегі пікірін былайша жеткізеді: «Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлей тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазір бір журнал, бір газет бар, сыйғанынша солар арқылы кеңеселік, сыймағанын хатпен сөйлесуге болады. Съезде сөйлесіп, кеңескенмен, түбі барып істеушілерге тіреледі. Ісімізді істеушілер, жоғымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсатқа жан бітіп тірілмекші».
Алайда, көрген-түйгені мол, отаршылдарға қарсы күресте бай тəжірибе жинақтап, əбден ысылған қаламгердің сөзі «Айқап» тарапынан қолдау таппайды. Журналдың 13-15-нөмірлерінде Жиһанша Сейдалиннің оған қарсылық білдерген ашық хаты жарияланады. Онда ол Ахаң басқаратын «Қазақ» газеті төңірегіндегілердің съезд шақыруға келіспегендіктерін халық қамынан гөрі, жеке пайдасын жоғары қойғандық деп бағалап, оларға тіл тигізе, тас атады: «Съезд туралы сөз бола қалса, бетегеден биік, жусаннан аласа жұмыс жүргізеді. Осы Указ бойынша съезд шақырып, өздерінің мектеп, клуб, пансион, түрлі серіктік ашу, жерге орналасу, қала сияқты істерін жүзеге асырып жатқан елдер бар», – деп қалайда басқосу керектігін алға тартады.
Мұндай қаралау, əрине, «Қазақ» басқармасының шамына тимей қалмаған. Көп үзамай, газет бетінде Ə.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың бірін-бірі толықтырған жауап хаттарының жариялануы – соның дəлелі. Екі мақаланың да мазмұны бір, ол съезд шақыру мəселесінің буынсыз жерге пышақ сұққанмен бірдей екендігін түсіндіруге саяды. Бірақ, жазылуы əрқалай. Қос публицистің сөз саптау мəнері бөлекбөлек.
Алдымен, пікірталастың хас шебері Ə.Бөкейхановтың апталықтың 1913 жылғы 24-санында жарық көрген ашық хатын талдап көрейік. Туынды азаматтық пафоста, өткір де өр рухта өрнек тапқан. Əдемі теңеу, ел-жұртқа мəшһүр мысалдарды тиімді пайдалана білуі күрделі ойды қарапайым жеткізудің құрал-жабдығына айналған. Сондай-ақ, оның «қырағы көз» патшалық цензураның алдында айласын асыруға қызмет еткендігі де публицистің шығармашылық шеберханасының биік деңгейін тайға таңба басқандай айқын танытады.
Жауап хат бос байбаламға құрылмаған. Əр сөзінде мəнмағына бар. Айтылған ой артынан міндетті түрде дəлелденіп отырады. Мəселен, «Басқосу – пайдалы, басқосу – мақсат, бірақ бас қосқаннан табылар пайда өлшеулі. Басқосуды Жиһанша бекер қампитады. «Сабасына қарай піспегі», өстіп басқосуды өз орнына салайық», – деген ой-тұжырымын мынадай уəждермен жеріне жеткізе дəлелдеп береді: «Жиһанша болыс басына екі кісі басқосуға жимақ. Бірінші һəм екінші думаға қазақ депутат сайлағанда болыс басына екі выборщик болған. Біздің Семей облысының выборщигі 184 еді. Семей облысының қазағы бар он облыс қазағының бестен біріндей. Жиһанша сөйтіп басқосуға тоғыз жүз кісі жимақ. Бас қосатын жері – Оренбург. Бұл болмайтын іс емес пе? Тоғыз жүз қазақ қазақ жерінің бір шетіне жиыла ма? «Істің ең қиын жері хакімнен рұқсат алу, іздену, үркітпей, шошытпай жақсы қалыппен сөйлесу» дейді Жиһанша мырза. «…Үркітпей, шошытпай» сөйлесемін деген бола ма? Өзі бұрыннан үркіп, шошып тұрса, əуелі қазақ съезіне келе жатып, үркемін, шошимын деп пікір қылса:
«Сен қозы текке қарап жүре алмайсың,
Соқтықпа маған десем тіл алмайсың.
Мойныңды қазір жұлып алайын ба,
Суымды неге былғап ылайлайсың» –
демей (Байтұрсынов А. «Қырық мысал») ме өзі үйден үркіп шыққан мырзалар.
Осы өткен июнь аяғында Мəскеуде приказчик съезі болып, ақырына жетпей қуылды. Біздің қазақ басқосуы бұл приказчик съезі емес. Қазақ болып бас қоссақ, кемшілікте отырған жетім жұрт үкіметпен екі араны сөз қылмай қоймаймыз, мұны осы күнгі газета тілінде «политика» дейді.
Политика – үкіметке таздың бөркін алғанмен бір есеп.
Қазақ съезі не қазақ жиылмай, не жиылған кісіні сөйлетпей, бұл күнде жақсы басқосу болмай, арамтер болып тарқайды. Бас қосқанда сөйлейтін сөздің бəрі сөйленіп, қағазға жазылып, мінеліп, түзетіліп, даяр болмақ шарт. Басқосу төрт-бес-ақ күн болмақ. Бұрыннан жұртқа жарияланып, жұрт пайдасы осы деген сөзге басқосқан жерде бата қылмақ. Осы бата қылған сөзді жұрт болып іс қылмақ керек».
Бұл жолдардың кім-кімді де ойландырмай қалмасы хақ. Ой тиянақты, оны жеткізуде бір мін жоқ. Қаламгердің публицистік шеберлігі еріксіз өзіне тəнті етеді. Əсіресе, сөз саптау мəнері көңіл төрінен орын тебеді. Ойды астарлап, бүркелемей баяндау, оны оқырманға сыры қанық теңеулер арқылы бояуын бұзбай, қаз-қалпында жеткізе білу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Мұнда ол толыққанды көрініс тапқан, шебер пайдаға асырылған. Бір ғана мысал, «Политика» – үкіметке таздың бөркін алғанмен бір есеп» деген бірауыз сөзде қаншама мəн-мағына жатыр десеңізші! Мұндай теңеу – бұрынды-соңды қазақ жазба əдебиетінде кездеспеген құбылыс. Ол тек тапқырлықты ғана емес, терең білімділікті, біліктілікті жəне сөздің парқын білетін парықтылық пен парасаттылықты талап етеді.
Мақала биік азаматтық рухта жазылған дедік. Оны мына жолдар тайға таңба басқандай айқын аңғартады: «Болатын басқосудан қашпаймын, болмайтын басқосуға арамтер болмаймын. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Бұл жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Елін, жерін, туған тілін сүйген ұлдың жүректен шыққан сөздері жүректерге жылылық ұялатады. Міне, қаламгер шығармашылығының тылсым күші. Публицист шеберлігінің шоқтығы биік екендігін танытатын мұндай сөз саптау мəнері – бүгінгі журналистер бойынан табыла бермейтін, өнеге аларлық, үлгілі өрнек.
Ə.Бөкейхановтың ізін ала Ж.Сейдалиннің ашық хатына Ахаң да жауап жазып, өзіндік пікірін білдірген. Көсемсөз шеберінің апталықтың 1913 жылғы 30-санында жарияланған «Құрметті, Жиһанша мырза!» атты туындысы қазақ баспасөзіне жаңа бір үлгі алып келуімен де аса бағалы. Біздіңше, оны ұлттық журналистикамыздың тарихындағы фельетон-мақаланың алғашқы нұсқаларының бірі ретінде қарастырған жөн. Əрине, бұлай дегенде біз белгілі əдебиет теоретигі Б.Томашевскийдің сонау жиырмасыншы жылдары жазып қалдырған: «Жанрды жіктеу өте қиын. Жанрлардың ара-жігі тарихи тұрғыдан ғана ажыратылады. Оның дұрыстығы, дəлдігі нақтылы бір тарихи кезеңге ғана байланысты болуы ықтимал», – деген пікірін негізге ала отырып, ой түйгенімізді ашық айтуға тиістіміз. Рас, туындының кейбір тұстары бүгінгі талапқа сай фельетон жанрының фельетон-мақала түріне қойылатын шарттарды толық орындамай тұруы мүмкін. Бірақ, тұтас алып қарағанда, оның бітім-болмысынан соған т
əн ерекшеліктердің лебі есіп тұрғанын байқамай қалу мүмкін емес. Шығарма, «біріншіден, өз заманының толғағы жеткен, көкейтесті əлеуметтік мəселесін публицистикалық үнмен баяндау сарынында сөз еткен. Екіншіден, көркем əдебиет, сатира мен юмор элементтерін бірдей қамтыған. Сөйтіп, сатиралық шығарма ретінде оқушының эмоциясына, сезіміне əсер етеді, ал публицистикалық шығарма ретінде оның логикалық ой-парасатына əсер етеді». Көрнекті ғалым, белгілі сатира зерттеушісі Т.Қожакеев белгілеп берген осы шарттарды орындауына қарап жəне қалам қайраткерінің: «осы екі фактордың тоғысуы фельетонға үлкен күш береді, оның жанрлық ерекшелігін белгілейді» деген ғылыми тұжырымын ескерсек, бұл туындының қазақ баспасөзі тарихындағы алғашқы фельетон-мақаланың бірі екендігіне көз жеткізе түсеміз.
Фельетон-мақаланың фельетонның өзге түрлерінен ерекшеленіп тұратын талаптарының бірі, автордың жоғарыдағы еңбегінде көрсетілгендей, «қоғамдық мəні зор проблемалық мəселеге, қорытындыланған ой-пікірге, үлкен идеяға негізделіп жазылуында» екен. А.Байтұрсынов қаламынан туған туындыда бұл талап толық орындалған десек, қателеспейміз: «Сіздің де, біздің де ойлағанымыз – қазақтың азып-тозбасына қызмет ету. Тілегіміз қазақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалыбында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін əркім білгенін, қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз съезд жасаймын деп жатырсыз. Біздер «домострой» (жаңалыққа қарсы пікір жазылған орыс кітабының аты) кəкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан нəрселер жазып, газета-мазета шығарған болып, тырбанып жатырмыз. Соның бəрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сəуле кіруіне себепкер бола ма деп істеп жатырмыз», – деген жолдардан көтеріліп отырылған мəселенің жүгі ауыр екендігін тану көп қиындық келтірмейді. Мұнда мысқыл да жоқ емес. Сонымен бірге, фельетон жанрының бұл түрінде «Идея ерекше шабытпен, көркем элементтермен, сатиралық пафос, интонациямен, публицистикалық əуез үнмен берілуі» шарт екенін ескерсек, бұл да шығармада толық көрініс тапқан: «Орыстың мақалы айтқандай, «Ұжмаққа барғым келсе де, күнəларым жібермейді» деп, қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді. Арзан нəрселермен қазақ жұмысы бітті деп, «гүл жастанып» көсіліп, рахаттанып қарап жатқаным жоқ. Білгенімше, қолымнан келгенінше істеп жатырмын. Бірақ ұсақ іс істеп жүргеніміз, зор іс істеп жатқан сізге айып көрінетін шығар. Бай жарлының кедейлігін бетіне басады. Сұм аңқаудың аңқаулығын бетіне басады. Іскер жалқаудың жалқаулығын бетіне басады. Өзіңіз қымбат нəрсе жазған соң, арзан нəрсе жазғанымды бетіме басып отырсыз. Өзіңіз күндіз дамыл, түнде үйқы көрмей, жұрт жұмысында жүрген соң, менің «гүл жастанып» көсіліп, рахаттана жатқанымды бетіме басып отырсыз. Өзіңіз буыныңыз өсіп, бұғанаңыз қатып, ер жетіп, есіңіз кіріп, ақылыңыз толысқан соң, емшек табы ернінен кетпеген шəкірттердің балалығын бетіне басып отырсыз. Өзіңіз чиновниктің жылтыр түйме, жан қылышын жұрт үшін құрбан қылып, чиновниктігін қимай, 20-сыншы числомен жалование (жалақы – С.Қ.) алып отырған адамдардың чиновниктігін бетіне басып отырсыз. Көкіректі керіп, көкке карап күпірініп, күйініп əркім-ақ сөйлер. Бірақ маңызы қанша? Мағынасы не? Аю маймылға айтқан екен:
Маймылжан, бір азырақ етсең төзім,
Менің бар жалғыз ауыз айтар сөзім.
Əуре боп балаларыңды сынағанша
Абайлап қарашы əуелі өзіңе-өзің! –
деп.
Кекесін сөйлеп кеміткендей асқан-тасқан ешнəрсе жоқ. Қай-қайсымыздың да істеген ісіміз шамалы ғой. Бай кедейді кекетсе, байып отырып етуші еді. Олай болғанда, арзан нəрсе жазушыға қымбат нəрсе жазған адам күлуі тиіс еді. Сіздің не жөнмен кекесін сөйлеп кемітіп отырғаныңыздың мəнісін біле алмадым», – деген жолдар соның нақты дəлелі. Мұнда ой жалаң берілмейді, туындыгер айтысып отырған автор пікірлерімен келіспейтіндігін жай білдіріп қана қоймай, оның теріс екендігін сатира күшімен əшкерелейді, жеріне жеткізе сынап-мінейді. Əсіресе, кейіпкерінің өз мінін өзіне қарсы қолданып, ар-ождан сотына тартуы мұнда ұтымды шыққан.
«Өзіңіз чиновниктің жылтыр түйме, жан қылышын жұрт үшін құрбан қылып, чиновниктігін қимай, 20-числомен жалование алып отырған адамдардың чиновниктігін бетіне басып отырсыз» деген сөйлеммен-ақ оған айқын көз жеткізуге болады. Қаламгер мұны бекерден-бекер жазып отырған жоқ. Онда үлкен мəн-мағына бар. Оны біреу білер, біреу білмес, бірақ кейіпкердің өзі жақсы түсінуге тиіс. Ол содан бір жыл бұрын болған оқиғаны қозғап отыр. Бұл жөнінде кейіннен тарихшы-ғалым С.Асфендияров мынадай мəліметтер келтіреді: «Когда в 1912 году происходили выборы в 4-го Гос. Думу, казахи Троицкого уезда Оренбургской губернии, соседного с казахским областями, имели право выборов в Гос. Думу. Когда выборщики от Оренбургской губерний собрались для выбора депутатов в Думу, среди татарских выборщиков произошел раскол. Часть «прогрессивной» татарской буржуазии, группировавшейся вокруг газеты «Уақыт» выступила против кандидата крупной татарской буржуазии Еникеева, требуя дать место в Думе казаху (после 1907 года, как сказано выше, в Думе казахов не было).
Этот маневр давал возможность провести депутата казаха. Русские выборщики также поддержали это требования. Казахи выдвинули кандидатуру Сейдалина. Но Сейдалин отказался менять свою карьеру крупного царского чиновника на звания депутата Гос. Думы и отказался от своей кандидатуры. Со своими приверженцами он голосовал за кандидатуры Еникеева, Еникеев и прошел в Думу».
Көрнекті қалам қайраткері А.Байтұрсынов сол оқиғаны есіне сала отырып, қарсыласына үлкен айып тағады. Оны баттитып көрсетпей, астарлы мағынада, сатираның уытты тілімен жеткізе білуі – оның журналистік шеберлігінің үлгілі де өнегелі бір қыры.
Сатира зерттеушісі Т.Қожакеевтің жоғарыдағы еңбегінде жазылғандай, фельетон-мақалаға қойылатын тағы бір талап, автор «пікірін дəлелдеу үшін тарихтан мысалдар, саясаттан деректер келтіру арқылы фактіден саяси-əлеуметтік терең қорытынды шығаруы, ой түйіндеуі» керек екен. Бұл шарт та тілге тиек етіліп отырған туындыда қалыс қалмаған. Ахмет Байтұрсынов көтеріліп отырған мəселенің саясиəлеуметтік мəні жоғары екендігін егжей-тегжейлі баяндай келіп, «съезге шақырған адамдар тойға шақырған секілді болмай», оған үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін кеңес етеді. Жай ақыл айтумен ғана шектелмей, оған тарихтан мысалдар келтіре отырып, сөзіне жан бітіреді: «Сіздің съезіңіз, хатыңыздың сөзіне қарағанда, қазақтардың сходтары, чрезвычайный съездері сияқты яки губернатор, генералгубернаторлардың жасаған съездеріндей болмақшы. Бұлай болады деп съезд жеңілдету үшін айтатын шығарсыз, он облыстың қазағынан болыс басыңа екеуден шақырған съезд сход я чрезвычайный съездей болмас. Ең болмағанда генерал съездеріндей болар. Генерал съездері қазақтың не игілігіне болып, қазақ не керегін алып, не кемтігі толғанын мен білмеймін. Ол заман қазақтың көңілін аулап, ауанына қарап іс ететін заман еді. Крижановский, Кауфман, Колпаковский заманы – тай ноқталаған сықылды іс қылатын заман. Ноқталағанша һəм ноқталағаннан кейінгі істелетін істер басқа-басқа.
…1907 жылы Дала уалаятының генерал-губернаторы Надыров съезд жасады. Сол съезде қазақтың осы күнгі керек деп отырған нəрселерінің бəрі болмаса да бірсыпыраларыақ айтылды. Бірақ, бұл күнге шейін қазақтың сұрағанынан қолына тиген ешнəрсе жоқ. Жұрттың көбі ойлап жүр – қазақ тілегі хүкіметтің құлағына тимей жатыр, хүкімет қазақтың мұңын білмей жатыр деп. Олай ойлау – қате. Керегін қазақтың өзі қандай білсе, хүкімет һəм сондай біледі. Қазақтың тілегін хүкімет бермей тұрса, білмегеннен емес, беруші мен алушының есебі тура келмегеннен», – деген жолдар арқылы елдің көкірек көзін ашып, саяси сауатын арттыра түседі. Қоғамдағы күрделі əлеуметтік теңсіздіктің тамырын іздегенде оның мəні тереңде жатқандығынан ой қоздатады. Сөйтіп, ел жағдайының жақсаруына жоғарыдан басқарылатын үстемшіл билік жүйесінің ынталы емес екендігін танытып, оны халықтың өзі талап ете бастағанда ғана орнына келтіруге болатындығын кеңес етеді.
Жауап хатының соңында каламгер былайша ой түйіндейді: «Съезд турасында айырма сөз қыр баласы Бөкейханов һəм менен шығып тұрған көрінеді. Басқалардың бəрі жануға түскен пышақтай жалаңдап тұрған көрінеді. Шеттеп жүрген біз болсақ, қосылдық, енді алалық жоқ. Жалғыз-ақ, айтатын сөз мынау: құр аты съезд болмай, съезд сияқты болсын. …Съезде де балгер сөзі сияқты дəлелсіз құр мынау былай, анау олай десек, мұның дəлелі қайда демей ме? Сондықтан даярмыз деген мырзалардың дайындығын ат ерттеліп, киімін киіп, тойға жүруге дайындаған даярланыс емес, съезге алып келіп салатын дəлелді докладтары даяр деп ұғамыз». Бұл жолдардан елім деп еңіреген ердің жан дауысын естігендей боласыз. Мұнда ой ерекше интонациямен, публицистикалық əуезді үн, сатиралық пафоспен беріледі. Сол арқылы туындының фельетон-мақала түрінде жазылғанына көзімізді жеткізе түседі.
Басқосу туралы пікірталас – «Айқап» пен «Қазаққа» жарты жылдан аса уақыт «азық» болған тақырып. «Пікірталастан шындық туады» демекші, оның прогрессивтік мəні де жоқ емес. Соның нəтижесінде ғасыр басындағы қазақ даласының көкейтесті де күрделі мəселелерінің тұңғыш рет пердесі түріліп, жұртқа баян болуына қол жеткізілді. Ол өз кезегінде қазақ қоғамын қалың ұйқысынан түртіп оятып, ұлттық сананың бой түзеуіне аз əсер етпегені даусыз. Сонымен бірге, оның қазақ журналистикасының дамуына да əсерін тигізіп, оған жаңа леп, жаңа тыныс, жаңа түр ала келгенін де бөлек айтуға тиістіміз. Ұлттық баспасөзіміз осыдан бастап журналистиканың жауынгер жанры фельетон, айтыс (полемика) секілді түрлерімен байытылды. Тек түр жағынан ғана емес, мазмұндық жақтан да жаңа сапаға көтерілді. Осыған дейін газет-журналдар əдебиет, мəдениет, өнер-ғылым мəселелеріне көбірек көңіл бөліп келсе, ендігі жерде қоғамдық-саяси мəселелерді төтесінен қойып, оның оң шешілуіне күш жұмылдыра бастауы үлкен ілгерілеушілік деп бағалануға тиіс. Мұның қазақ баспасөзінің тарихында міндетті түрде аталып өтілуі керек.
Кез келген нəрсенің екі жағы болады. «Айқап» пен «Қазақтың» айтысы азаттық үшін бірден-бір күрес құралына айналып отырған баспасөздің беделін түсіріп, қоғамдық күшті əлсірете түскені – мəселенің екінші қыры. Мұны Алаштың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары да жақсы түсінген. Сондықтан оны ушықтыра бермей, қандай шартпен болса да келісіп тезірек доғаруға тырысқандықтары байқалады. Жоғарыдағы Ахмет Байтұрсынов мақаласының соңғы түйіні – соның дəлелі. Бұған апталықтың 1914 жылғы 51-санында жарияланған «Айқап» журналы» деген еңбегінде М.Дулатов та үн қосады. Ол екі басылым арасындағы айтыстың неден басталып, қалай өрбігендігін баяндай келіп, былайша ой түйіндейді: «Айқап» əлі де болса «Қазақ» туралы жазатыным бар десе, қағазда тіл жоқ, не жазса да, шыдайды. Тым асқынып бара жатқан соң «Айқапқа» берген жауабымыздың алды-арты осы. Құдайға шүкір, бір-бірімізді қажаудан басқа да ермегіміз бар ғой. Үмітсіз емеспіз, «Айқап» жолдасымыз орынсыз аузынан көбігін шаша бермес, енді тоқталар деп».
Екі басылым арасындағы басқосу туралы айтыстың асқынып, бас араздыққа ұласып бара жатқаны басқа да қазақ оқығандарын алаңдатпай қоймаған. «Қазақтың» 1914 жылғы 89-санында жарияланған жер-жерден келген хаттар соны айғақтайды. Мəселен, Оралдан Елбаласы деген бүркеншік атпен хат жолдаған қаламгер: «(«Айқап» – С.Қ.) Əлихан Самарда отыр. Қазақ жайын білмейді…» деген Бақытжан төренің бетке басқан сияқты сөзін жазып отыр. Былтыр қыстай «Самарда отыр» деп талайлар Самардың басын ауыртып еді. Ақырында Самарда отырмағандардың да ел жайын қанша білетіндігі мəлім болды. «Əлиханға не қыл дейсіздер?» – деп басу айтады.
Əсіресе, о баста осы басқосу туралы мəселенің көтерілуіне себепші болып, «Айқапта» (1913, 10-санында) алғашқылардың қатарында үн қатқан Райымжан Марсековтің араағайын ретінде оған тоқтау сала жазған, апталықтың 1914 жылғы 45-санында жарық көрген «Газеталарға сөз жазушыларға» деген мақаласы салмақты да салиқалы. Сондай-ақ, ол осы пікірталасты қорытындылап, қайсысы дұрыс, я болмаса, бұрыс дегенге тең төрелік айтқандығы байқалады.
Ендеше мақаланың өзіне сөз берейік: «Айқап» «Басқосу» деп сөз бастады, оған қарсы «Қазақ» өз ойын айтты. Пайдалы емес демеді, əлі мезгілі емес қой, сөзімізді жиылыс қылмай, баспамен сөйлессек қайтеді деп сақтық айтты. Бұл сақтық сөзді барып «Айқап» аққу мен шаянға апарып соқтырды, онан əрі барып маймыл шықты. Білген кісіге сөз аяқталған секілді, Ахмет мырза: «Басқосудың ашылатын рұқсаты болса, біз дайын» деді. Онан артық тағы не керек? Жоқ, ол жетпеген, съезд турасында əңгімелерін жаңа бастағандары бар көрінеді. Енді «Басқосу» деп ауызға алу бекер, алатын кісі рұқсатын алсын да, ал мінекей, енді келіңіздер деуге жөні бар. Қашаннан бері бір съездің сөзінен басқа нəрсе көрмей отырмыз. Бұл съезд əңгімесімен əуре болып жүргенде өзге сөз сөйленбей қалып бара жатыр».
Қазақ журналистикасының тарихында есімі ойып тұрып орын алуға лайық тұлға – ірі заңгер, ойы жүйрік журналист Р.Марсеков осы мақаласында бүгінгі журналистер үшін де өнегесі мол пікірлерін ортаға салады: «…газетаға жазғанда, біздің ойлауымызша, əркім ортаға өз білгенін айтып, көпке пайда келтіремін, біреу ойламағанды біреу табады деген оймен жазуы керек. Жазудың мағынасы жұрт қамы, ел сөзі болу керек. Біздің «Айқаптағы» жазушылар журналдың бетін сахараның даласындай қылып, даланы күңірентіп дауласқысы келетінге ұқсайды.
Жазушының міндеті ол емес. Жазғанда біреуді қемітпей, мұқатпай, ешкімге тіл тигізбей, сыпайы жазу лайық. «Айқаптың» бір нөмірінде біз көрдік, «А»-мен басталып, «С»-мен аяқталған сөзді. Онан соң тағы ас ішіп отырған уақытта оқылса, жүрек айнып, құсарлық сөздер көрінеді.
Ол жетпесе, біздің қадірлі мырзаларымыз Əлихан, Ахмет, Міржақыптың хүкімет жағынан тұтқынға алынғанын олардың бетіне басқандай қылады.
Бұл заманда ондай іс білгендер бетке баспайтын нəрселер. Олар не үшін тұтқында болғанына көз жіберу керек: Жамандық қылды ма, бұзақы, сотқар болды ма? Жоқ. Жұрты үшін қайғырып, елі үшін күйініп жүрген ерлерге ондай іс батырдың басына соғыста салған жарадай болып, батырлық, қаһармандықтың белгісі деп атаймыз біз.
Жазушы ортаға білімін салсын. Басқа жұртта сөз таластырғанда бірін-бірі дəлелмен жығады. Біреуді-біреу кемітпей сөйлеседі. Кемітуге басы лайық емес адамдарды кемге санаймын деу – өзі жетпегендік».
Міне, журналист этикасы, оның атқарар қызметі мен оны жүзеге асырудың жолдары. Ардақты Алаш азаматының ой-тұжырымдары бүгінгі оқытылып жүрген журналистика негіздері мен оның этикасы пəндерінің мазмұнына сай емес деп кім айта алады? Əрине, сай келеді. Ендеше оны неге мамандар даярлау ісінде игілікке жаратпасқа? Бұл да, өкінішке қарай, бүгінге дейін қалыс қалып келе жатқан «ақтаңдақтың» мыңнан бірі.
Дүниеде екі əділ сыншы бар: бірі – халық, екіншісі – тарих. Бұл екеуінің тезінен өтпеген нəрсенің ғұмыры ұзақ болмайды. «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы басқосу туралы айтыстың қорытындысын өмірдің өзі шығарды. Көкірек көзі ояу көптеген қазақ оқығандарының көңілі біртіндеп соңғы басылым жағына ауа бастауы «Қазақ» төңірегіндегілердің бұл мəселе турасында ұстанған жолының дұрыстығын айқындай түседі. Сонымен бірге «Қазаққа» басшылық еткен үштіктің съезді шақыруға таңдаған уақыттың қолайсыз екендігін, оның пісіп-жетілмегендігін жəне оған жоғарыдан рұқсаттың берілмейтінін тап басып көрсеткен шешімдерінің шындыққа айналуы соны нақты дəлелдеп береді. Бұл жөнінде Торғай губернаторының басқосуға рұқсат бермегендігі туралы татардың «Уақыт» газеті таратқан хабардың анық-қанығына көз жеткізе келіп, басылым басқармасы атынан апталықтың 1913 жылғы 35-санында жарияланған «Басқосуға рұқсат берілмепті» деген мақалада мынадай анықтама беріледі: «Съезд деген сөз басталған кезде заманның түріне қарап, тынымы осылай болады дегенімізде, жұрттың көбі жаратпай, құр əншейін сарыуайым, сары қайғы, тартыншақтық, қорқақтық деп, бірсыпырасы құр алауыздылық, ұйым бұзарлық, сөз жарыс, ерегіс деп, кейбіреулері съезді біз керек қылмағандай көріп, кейбіреулері жұрттан съезді біз бейне бір қызғанатындай көріп еді. Біздің онымыз бұл айтқандардың бірі де емес еді. …біздің міндетіміз білгенімізді айту еді ғой, айтарымызды айттық, мойыннан борыш түсірдік, …айтқанымызды алмаса, біз-ақ жұрт ауанымен бола қоялық деп, сөз көбейіп бара жатқан соң, сөзді қысқарту үшін біз де съезшілерге қосылып, қолдан келген көмегімізді істеуге бел байлап едік.
Жиһанша мырза Сейдалин Торғай губернаторынан рұқсат сұраған екен. Рұқсат берілмепті. «Уақыт» басқармасынан қайдан шыққан хабар екендігін сұрастырып едік. Олар бұл хабарды «Русское слово» газетасынан алған екен. «Русское словоның» хабарлары ұшқалақ болушы еді деп, оған қанағаттанбай, нағыз анығын білетін орындардан сұрап, əбден анығына жеттік. Рұқсат сұрағаны да, рұқсат берілмегені де рас екен». Бұл жолдар ешқандай түсіндіріп, талдауды қажетсінбесе керек. Онсыз да барлық жай алақанға салғандай айқын баяндалып отыр деп білеміз.
* * *
XX ғасырдың басында қазақ елінің ең көкейтесті де өзекті мəселесі – жер мəселесі болды. Оны ұлттық сананың ұйытқысы бола білген «Қазақ» газетінің «бас жазушысы» Ахмет Байтұрсынов апталықтың 1914 жылғы 48-санында жарияланған бас мақаласында «қазақтың тірі я өлі болу мəселесіне» теңейді. Ол тегін де емес еді.
Он тоғызыншы жүз жылдықтың соңына қарай қарқын алған орыс шаруаларының қазақ даласына қоныс аудару «науқаны» жаңа ғасырдың алғашқы он жылында шарықтау шегіне жетті. Цифр тілімен сөйлесек, «столыпиндік реформаны іске асыру барысында жыл сайынғы көшіп келушілер саны 140 мың адамнан асып жығылып отырды. Қоныс аударушылардың бестен бір бөлігі жат елге сіңісіп кете алмай, кейін қайтып, қалғандары жайғасып, иеліктеріне шаруашылық жер алып, осында мəңгіге қоныстанып жатты. Тарихшылар берген бағаға сайсақ, ол кездерде Қазақстанға келгендердің ұзын-ырғасы бір миллион 200 мың адамнан асады. Бұл саясат «жергілікті халықты орыстандыруды жəне отарлаудың барлық өлшемдеріне сəйкес олардың иелігіндегі жерді Ресей тəжіне түпкілікті бекітіп алу мақсатын көздеп» жүргізілгендігіне тарих куə. Соның салдарынан қазақ халқы бұрынғыдан да бетер өзінің шұрайлы жерлерінен көптеп айырыла бастайды. «Егер 1893 жылдан 1905 жылға дейін, яғни 12 жылдың ішінде қазақ халқынан 4 миллион десятинадан артығырақ жер тартып алынса, 1906-1912 жылдар аралағында 17 миллион десятинадан астам жер тартып алынған».
Сырттың суық та сұқ қолымен жасалынып, ел басына төнген бұл қасірет кезінде халық кабырғасына қатты батқандығы айтпаса да түсінікті.
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп білетін ел үшін бұл маңдайдан тиген соққыдан ауыр əсер етті. Жұрт қатты састы. Шабындығынан, жайлау, қыстауынан, атақонысынан айырылған ауыл-аймақ қайда барарын білмей сахарада сандалып қалды. Тығырықтан шығудың жолын таппай, сеңдей қозғалды. Осының бəрі, сөз жоқ, топ бастаған серкедей, елін соңынан ерткен Алаш ардақтылары – қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу оқығантоқығандарына үлкен жүк арқалатты. Олар елді қорғап, жерді сақтап қалу жолындағы осынау жауапкершілігі мол міндеттерін қолдарындағы жалғыз қаруы баспасөз арқылы атқаруға күш салды. Баспасөз сол кезең жағдайында қазақ елінің бірден-бір билік құралы болды. Өкінішке қарай, бұл турасында да осы күнге дейін жете айтылмай келеді. Ал шындығында, Қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық бейресми басылымдардың осы қызметінің өзі олардың қадір-қасиеті мен құндылықтарын еселеп арттыра түсетінін ешкім теріске шығара алмайды.
«Қазақ» газетін шығарушылар жер мəселесіне айрықша көңіл аударып, оған бірінші мəселе ретінде қарағанына жоғарыда нақты дəлел келтірген болатынбыз. Бірақ, соған қарамастан, басылым басқармасы оған қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салуға асықпайды. Бұл жөнінде тек газеттің 10-нөмірінен бастап, яғни газет басылып шыққаннан соң, 2 ай өткеннен кейін алғаш рет толыққанды сөз етеді. Оның себебі жөнінде сол нөмірінде жарық көрген «Жер мəселесі» атты бас мақалада мынадай түсінік беріледі: «Біз бұл туралы бұрын жазған жоқ едік. Жазбағанда ұмытып кеткендіктен яки керексіз деп білгендіктен емес. Əркім жер деген сөзді жеңіл түсініп жүрген секілді. Бұл – терең ойлап, тексере қарайтын іс. …Біздің мақсатымыз жер хақындағы ойымызды бастан-аяқ түгел баяндап жазбақ һəм жазылған сөзді бекітетін толымды дəлелдер келтірмек. Біздің жер хақында жазуға асықпай жатқанымыз да сол».
Осы мақалада жер мəселесі турасында «Айқап» журналын шығарушылармен бір пікірде емес екендіктері туралы да алғаш рет ауызға алынады: «Бұл күнде əркім өзі істеген ісін ұнатып жүр. Қала салғандар қала болуды, қала болмағандар көшпелілікті мақтап жүр. Көлденең ақылшылар ақылға салып, қала болған жұрт қандай, болмаған жұрт қандай, қазақ қала болмаса, бар жақсы жерінен айырылып қалады, сондықтан осы күндері өздері жер кестіріп, қала болу керек дейді. Осы айтылғандардың бірі де қазақ жері турасында толымды дəлел келтіріп, қазақтың халін һəм жерінің жайын жете білгендігін көрсеткен жоқ. Екі жылдан бері «Айқап» журналы қала болу керек деп жазды. Қала болған қазақ оған қарап қала болған жоқ, болмаған жұрт артық қобалжыған жоқ», – деп біраз жайдан сыр тарқатады.
Бұдан жер мəселесі жөнінде екі түрлі пікір туындап отырғанын байқауға болады. Оның бірі – қала салып, отырықшылыққа көшу, екіншісі – көшпенділік жолын таңдау. Мұны шешу жеңіл шаруа емес екендігі айтпаса да түсінікті. Ол ат төбеліндей қазақ зиялыларын ғана емес, барша жұртымызды ойландырып, толғандырған аса маңызды мəселе болды. Осындай жолайрықта тұрған сəтте дұрыс жолды таңдай білу «жеті өлшеп, бір пішуді» талап етті. Мұның кім-кімге де аз жауапкершілік жүктемегені белгілі. Бұл жөнінен апталықтың 1914 жылғы 48-санында жарық көрген «Аңдаспаған мəселе турасында» деген мақаласында Ахмет Байтұрсыновтың: «Қазіргі қазақ мəселесінің ең зоры – жер мəселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз бес миллион адамның обалын мойнымызға жүктейміз. Сондықтан бұл турада қазаққа ақыл айтқанымыз қазақ та һəм басқалар да қате ұқпастай етіп, анықтап, ашып сөйлескеніміз абзал», – деп жазып, оған үлкен мəн бере қарағаны да сондықтан болатын.
Бұл уақытта «Айқап» төңірегіндегілер отырықшылыққа көшуді, мұжықтармен бірге егін нормасымен жер алуды дұрыс деп тауып, оны тез арада жүзеге асыру жөнінде үгіт-насихат көрігін қыздырып жатқан болатын. Мəселен, журналдың 1912 жылғы 1-санында жарық көрген басылымның осы жылға арналған жоспарлы мақсатнамасында: «Айқап» журналының алдымен қолға алатын мəселесі, былтырғыдай, жер мəселесі болды, яғни алты Алаштың баласына егін шаруашылығына қолайлы жерлерде қала салуды қуаттап, халыққа шамадан келгенінше осыны түсіндіру», – деп көрсетіп, өздерінің тандаған жолдарын оқырмандарға хабардар етеді. «Айқаптықтардың» мұны екі түрлі себеппен қолдайтындықтары байқалады. Біріншіден, қазақтың ең шұрайлы жерлері мұжықтарға бекітіліп беріліп жатқандықтан, отырықшылыққа көшсе, жергілікті жұрт та өз үлесін иемденіп қалар деген үміттен туғандығы көрінеді. Яғни, оны жерден айырылмаудың бірден-бір тура жолы деп қабылдағандықтан еді. Екіншіден, егін нормасымен жер алып, қала салып отыру – цивилизации үлгісі, яғни қазақты мəдениеттендірудің ең қолайлы жолы деп түсінгендіктен болатын.
Ал «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан Алаш ардақтылары бұл мəселеге басқаша қарады. Олар мал нормасы мен егін нормасын қатар қойып, салыстыра қарастырып, көшпенділікпен күнелтіп келген халық үшін оның қайсысының пайдалы я залалды екенін саяси-экономикалық жағынан талдап, таңдауға айрықша көңіл бөледі. Осы мақсатта көптеген мақалалар жазып, оның бірінде заңдық негізде, екіншісінде ғылыми тұрғыда, үшіншісінде саясат жолы бойынша мəселенің оң-солын анықтауға ерекше мəн береді.
Атап айтқанда, «Үшінші дума һəм қазақ», «Көшпелі һəм отырықшы норма», «Қазақ һəм жер мəселесі», «Сусағанның түсіне су кіреді», «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау», «Аңдаспаған мəселе турасында», «Жер жалдау», «Он төрт тоғыз бола ма?» т.б. туындыларда осынау өзекті мəселе жан-жақты сөз болады.
Бұл еңбектердің қай-қайсысы да құнды дүниелер болып табылады. Оның кез келгенін алып қарасаңыз да, жазылуы жағынан болсын, мазмұны тұрғысынан дейсіз бе, я болмаса тақырыпты талдау, оның мəн-маңызын ашып қазақ түсінігіне сай қарапайым түрде жеткізе білу, соны жүзеге асыруда тілдік құралдарды ұтымды да əсерлі пайдалану жəне бастағы ойды шашыратып алмай, қысқа да нұсқа əрі бояуын қандыра баяндаулары еріксіз өзіне тəнті етеді. Алаш азаматтарының сөзден өрнек өріп, ғажайып ғимарат тұрғыза білген ұсталық шеберліктерінің шоқтығы биік екендіктерін айқын аңғаруға мүмкіндік туады. Ендеше, бұл қырынан келгенде де «Қазақ» газетін бүгінгі журналистерге де үлгі, өнегесі мол үлкен тəжірибе мектебі деп бағаласақ, қателеспейміз.
«Қазақ» басқармасы не себепті қалың қазақ елінің мал нормасымен жер иемденіп, отырықшылық тұрмысты емес, көшпенділік өмір-салтын таңдауын қалады? Бұл – тыңғылықты зерттеу жүргізіп, толыққанды жауап беруді талап ететін сауал. Ол үшін мəселені терең түсініп біліп, оның байыбына жету қажеттілігі туады.
Газет материалдарына жүгінсек, патшалық Ресей əкімшілігі тарапынан қазақ жеріне салынған ең алғашқы құрық 1891 жылдың 25-наурызында бекітілген «Дала Ережесі» болып шығады. Ол бойынша «көшпелі қазақ отырған жер – қазынанікі» деп белгіленіп, 120-бабында «бұл жер сроксыз көшпелі қазақ пайдасында болып тұратындығы» атап көрсетілгендігіне қарамастан, сол баптың қосымшасында баяндалғандай, «қазақ пайдасынан артық жер қазына керегіне алынып», қоныс аударушыларға бөлініп беріле бастаған болатын. Ендеше, бұл қазақ жері неғұрлым көбірек артық деп табылса, соғұрлым көп аймақ орыс отаршылдарының қолына көшеді деген сөз еді. Осыны түсіндіре келіп, апталықтың 1913 жылғы 9-санында жарияланған өзінің «Үшінші дума һəм қазақ» деген мақаласында ардақты алаш азаматы Ə.Бөкейханов мəселенің зандық негіздегі мəн-мағынасын ашып көрсетуге күш салады.
Осы ойы «Айқаптың» 1913 жылғы 11-санында жарияланған Ж.Сейдалиннің «Азып-тозып кетпеске не амал бар» деген мақаласына жауап ретінде «Қазақтың» 1913 жылғы 24-нөмірінде жарық көрген «Ашық хатында» одан əрі жалғасын тауып, терең талданады. Қалам қайраткері 1908 жылғы 9-июньде жарияланған столыпиндік жер реформасының «заң емес, тек ереже ғана екендігінде» тоқтала отырып, оның міндетті түрде орындалуы керек еместігі жөнінен сыр тарқатады. Ол ереже бойынша жер алуда екі түрлі норма: егін, яғни отырықшылық нормасы – əрбір ер адам басына 15 десятинадан, мал, яғни көшпелілер нормасы – жан басына 15 десятинадан деп белгілеген болатын. Бұл, шындап келгенде, қазақ халқын тонау еді.
Ə.Бөкейханов осы жағына баса назар аударып, халқын арандап қалмаудан сақтандырады. Жергілікті əкімшіліктің жоғарыдағы реформаны сылтау етіп қазақ қыстауларын тартып алып жатқандықтары заңсыз екендігінен сыр шертеді: «Қазақ 15-тен надел алмаса, қыстау, егін-жай, пішендік, арығынан қу, айда деген закон қайда?» – деп, оның қазақ жерін мəңгілік қазақтардың пайдалануына бекітіп берген 1891 жылғы «Далалық ережеге» қайшы келетіндігін тілге тиек етеді. Сөйтіп, қазақтың өз құқығын өзі талап етіп, өз қамын өзі жемесе, ешкімнің оған жақсылық ойлап отырмағанын былайша астарлап жеткізеді: «Жүз түйені бір бұралқы ит құйрығына тіркесе, осы ит Ташкент барса, жүз түйенің жетекшілдігі емес пе? Өзің түйедей жетекшіл болсаң, саған не ақыл керек», – деп жұртының қараңғылығына өкпе-наз айтады, жігерін жанып, намысын қайрайды.
Басылым басқармасы атынан апталықтың 1913 жылғы 20-нөмірінде жарияланған «Көшпелі һəм отырықшы норма» деп аталатын проблемалық мақала да жер мəселесіне арналған. Оның авторы көрсетілмеген, бірақ жазылу стиліне, сөз саптау мəнеріне қарап, А.Байтұрсыновтың қолтаңбасын тану көп қиындық келтірмейді.
Көрнекті қалам қайраткері мақаласында қазаққа жер бөліп беру «қамымен» жүргізіліп жатқан отаршыл озбыр саясаттың құйтырқы əрекетінің бетпердесін ашып көрсетіп, жеріне жеткізе əшкерелеп береді. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ: «Өткен 11-июньде думада айтылған сөздерден мағлұм болды, қай пікірдің дұрыс-бұрысы. Депутаттар қазақ жері жолсыз алынып жатыр дегенде, переселен управлениесінің бастығы Глинко қазақ жерін қандай жолмен алып жатқандығын көрсету мақсатында отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандарын жасырмай, ашып айтып берді», – деп, жоғары лауазымды чиновниктің аузынан шыққан сөздермен дəлелдеп береді.
Бұл – бір оқпен екі қоян шалудың дəл өзі. Сол арқылы, бір жағынан, алданып келген халқына шындықты айтуға қол жеткізсе, екінші жағынан, «қырағы көз» патшалық цензураның алдында айласын асырып, аузына құм құяды. Өйткені олар жоғары шенді үкімет адамының сөзін басқа біреу айтқан болса, істі насырға шаптырар еді, ал бұл жолы оған ештеңе дей алмасын қаламгер жақсы білген. Сөйтіп одан екі түрлі пайда тапқан.
Көтеріліп отырған мəселенің мəн-жайына қанып, қай басылымның ұстанған жолының дұрыс, я бұрыс екенін анықтау үшін Глинко сөзінің орны бөлек. Ендеше мақаланың өзін сөйлетіп көрейік: «Біздің қазақ турасында істеп отырған ісіміз болды. Біздің жолымыз екеу-ақ. Бірі – қазақтан артық жерді алу. Екіншісі қазаққа тиісті жер беріп орналастыру. Қазақтан артық жерді алып жатырмыз, артық жерді алсын деген закон бойынша қазаққа жер беріп орналастырып жатырмыз, өздерінің тілегі бойынша. Қазаққа істеп отырған жолсыздық емес, ебіміз, əдісіміз бар. Қазаққа тиісті жер беріп орналастыру турасында думаға закон жобасын кіргізбей отырмыз. Енгізбей тұрғанымыздың мəнісі мынау: көшпелі қалпында жер беріп орналастырсақ, қазаққа көп жер тиеді, арттырарлық жер аз болмақшы. Оны дума арқылы законмен бекітіп, қазаққа берген соң ала алмаймыз. Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін біз əдіс істеп отырмыз. Əдіс қылу – жолсыздық емес, ептілік. Біз министр советінен ептілік етуге рұқсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ-тобымен топырлап түсіп жатыр. Ол істеген ебіміз мынау еді: қазаққа отырықшы болып жер алуға ырза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз-ақ мұң екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік», – дейді ол депутаттарға берген есебінде шімірікпестен.
Міне, қазақтарға жер бөліп берумен айналысушы қоныс аударушылар басқармасы бастығының сөзі. Оны қорытқанда, біріншіден, «артық жер алынсын» деген заң талабына сай қазақ жері «жолмен» таланғанын көреміз. Екіншіден, ол қазақтың өз тілегі бойынша, оның «сұранысын қанағаттандыру» мақсатында алынған құйтырқы саясат екеніне қанамыз. Осыдан келіп, отырықшы норманы қазақтар жер алғанын патшалық əкімшілік не үшін қуаттағандығы өз-өзінен түсінікті болып шығады. Осының бетпердесін түре, түсіндіре отырып публицист: «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген, тісі шыққан адамдарға айтылып отырған сөз ғой. Переселен чиновниктері – алушы, қазақтар – беруші. Алушыға көп алғаны жағымды, берушіге аз бергені жағымды. Қазақ əуелден осыны ойлау керек еді… Берушіге – бес көп, алушыға – алты аз, жағымдысын ойлаңдар» – деп оқырманға ой тастайды. Кесіп-пішіп шешім айтпайды, оны əркімнің өз қалауына қалдырады. Осыны пікірталас көрігін қыздырып жатқан өзге жазушылардан да талап етеді: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, аттарыңмен ел адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар», – деп мəселенің жауапкершілік салмағын сездіреді.
«Қазақ» газетінің жер мəселесі турасында ұстанған жолын, мақсат-мұратын анықтауда апталықтың 1914 жылғы 54-санында жарияланған басылым басқармасы атынан «бас жазушысы» жазған «Қазақ һəм жер мəселесі» деген проблемалық мақаланың да орны бөлек. Байтұрсынов мұнда халқымыздың ғасырлық мəнге ие көкейтесті мəселесін жеріне жеткізе талдап, алақанға салғандай тарата баяндап береді. Осынау күрделі мəселе қазақтың жалпақ тілімен қысқа да нақты көрініс тауып, түсінікті түрде оқырман назарына ұсынылады.
Мақалада жоғарыда сөз болған егін жəне мал нормасының ара-жігі одан сайын айқындалып, қайсысының қазаққа пайдалы екендігі былайша таразыға салынады: «Қазақтардың адамдарының санын қосып санап, үйлерінің санына бөлгенде, яғни орта санын алғанда үй басына алты жаннан келеді. Оның үшеуі еркек, үшеуі əйел болады. Мал нормасымен жан басына 15 десятинадан беретін жерден егін нормасымен ер басына ғана 15 десятинадан жер береді. Қысқасын айтқанда, мал нормасының жері егін нормасының жерінен екі есе көп болмақшы. Мəселен, егін нормасымен 3 еркекке 15 десятинадан санағанда үй басына 45 десятинадан келсе, мал нормасымен еркек-əйелі бар жан басына 15 десятинадан санағанда үй басына 90 десятина келмекші. 45 көп пе, 90 көп пе?». Бұл сауалға жауап беру көп қиындық келтірмейді. Оқырманға осылайша мəселенің түпкі мəніне қануына жағдай туғызылуы – публицист шеберханасының үйренуге лайық, өнегелі үлгісі.
Одан əрі туындыда отырықшы нормамен жер алуды жақтаушылардың түрлі пікірлері келтіріліп, оның əрқайсысына жеке-жеке дəйекті түрде жауап беруге көңіл бөлінеді: «Кейбіреулер мал нормасы болса, жаман жер қалдырып, жақсы жерді алмақшы деп біледі. Бұл дұрыс емес. Кілең малға деп шығарған Щербина нормасын, яғни 24 аттық малды егін салады деп (үкімет) 12 аттық малға түсіріп отыр. Ол егінді салуға жақсы жер керек емес пе? Олай болса, егер егін нормасымен жер алмасаң, жақсы жеріңді аламыз дегендері жолсыз.
Егін нормасымен алсақ, жерді оңашалап бірыңғай аламыз дейтіндер бар. Мұны айтушылар не жөнмен айтатындарын білмейміз. Инструкцияда айтылған қазаққа қалдыратын жерлер һəм мұжыққа алынатын жерлер через полос болмай, бірыңғай болсын деп. Олай болса, қазақты орынсыз бөліп, орыс арасында қалдыру жолсыз. Ал тіпті қазақ пен орыс жанаспай, оңаша жер алады деу, ол да бекер сөз», – деп жұртты орынсыз пікірлерге еріп, адасушылыққа салынып, арандап қалмаудан сақтандырады.
Енді не істеу керек? Тығырықтан шығар жол бар ма? Бұл сауалдар ардақты Алаш азаматын да ойландырып, толғандырмай қалмаған. Жоғарыдағы жайларды ерінбей егжейтегжейлі талдай келіп, мақала соңында мынадай түйін түюі сол жайынан сыр шертеді: «… мал нормасымен жер алғанда қазақтан бір жүз үй орысқа артылса, егін нормасымен алғанда қазақтан екі жүз үй орысқа жер артылмақшы. Бұлай болса, егін нормасымен жер алса, қазақ арасына орыс екі есе көп кірмекші. Переселен чиновниктері егін нормасымен жер алсаң, жеріңді алмаймын, əйтпесе аламын десе, онысы жолсыз. Қазақ ешнəрсені білмейді деп істеп отырған қиянаты. Законы бар, жолы бар мемлекеттің ішінде отырмыз, жолсыздық істейтін чиновниктер болса, жолға жүгіну керек демей, зорлығына көн деп қалай айтармыз? Мал нормасымен күн көргіш жерді малға есептеп шығарып отыр. Ол жерден бір қойлық жер ауыстырып, жолсыз алса, бір қойын ауыстырып алғанмен бір есеп. Бір қойыңды біреу ауыстырып алса, іздемейсің бе? Ауысқан малын іздей алмаған адам малға ие бола ала ма? Сөздің қорытуы мынау, осы күні егінмен күн көріп отырған қазақ егін нормасымен жер алсын. Малмен күн көріп отырған мал нормасымен жер алуы тиіс. Жолсыз бір қойлық жерін ауыстырып алса, бір қойын алғандай іздеу керек», – деп шындықтың шымылдығын түре отырып, газеттің ұстанған жолын, бағыт-бағдарын анықтап береді.
Бұдан «Қазақ» газетін шығарушылардың егін нормасымен жер иемденіп, отырықшы қалыпқа көшем деушілерге біржола қарсы болмағандығын көреміз. Егер жер жағдайының ыңғайына қарап, егін егіп, күн көре алатынына көзі жетіп отырған кісі болса, сол жолды тандауы дұрыс екендігіне шүбə келтірмейді: «Қазақ жерінде отырықшы норманы алу керек, нағыз жері жақсы қазақтар я жерді арықпен суаратын қазақтар» деп кесіп-пішіп, оған келте жауап береді.
Сөйтсе де, басылым басқармасы қазақта ондай суармалы, жайлы жерлердің тым тапшы екендігіне аландаушылық білдірмей қоймайды. Сондықтан оның егін шаруашылығына қолайсыздығын құрғақ сөзбен емес, жер қыртысын зерттеп жүрген ғалымдардың пікірімен дəлелдеуге ден қояды: «Туралығын айтатын адамдардың қазақ жерін білетіндері қазақ даласы малдың жері дейді. Шудалы түйе, жабағылы қойдың жері деп профессор Верпер айтады. Көктің дымын жерге түсіру амалын тапқанша, қазақ даласы егін жері бола алмайды деп профессор Богданов айтады. Оның айтуынша, қазақты алақандай жерге арқандап отырғызамыз дегені – адасқандық. Қазақты егінші қылып жарытпас, малынан айырып кедей кебін кигізер (Россия европейская и азиатская, допол. к 1 тому)», – деп, ғылым жүзінде қазақ даласының мал шарушылығына қолайлылығын тілге тиек етеді. Осыны жұртқа жеткізу мақсатында басқарма атынан жазылып, «Қазақтың» 1914 жылғы 46-санында жарияланған «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау» деген мақаладан ардақты Алаш азаматтарының жанайқайын естігендей боласыз: «Рас, қазақ жерінің жақсысы да бар екені. Бірақ, ондай жерлер тіпті аз һəм ондай жерлердің көбін алып та қойды. Бұл күндегі жақсы деп жүрген жерлерінің жақсылығы шамалы. Ол жерлерден 15 десятинадан жер алып, қала болып күн көру қиын. Бұл күнде қазақ жерінде казағы бар, орысы бар егін салып, байып отырса, оған қарап топшылап, егінмен күн көруге болады деп айтуға болмайды. Жердің қазіргі молшылығында жүздеп, екі жүздеп егін салғандар, əрине, байыр. Қазақтың да, мұжықтың да күні десятинаға түскенде байымақ түгіл, күн көретініне көзіміз жетсе, біз де қазақтарға қала бол деп ақыл берер едік. Оған көзіміз жетпейді, 15-тен жер алып, қала болса, кедей болатынына көзіміз жетеді. Жердің молшылығында жан-жағындағы қазақтың жерін еркінше жалдап отырып, мұжықтар егіні шықпаған жылы қазынаға қарап, балапандай аузын ашып, асыра деп шулайды. Сол шулауға қазақ та түседі. Егін егу жайын қазақ мұжықтан артық білмейді. Өз ауқатымен тамағын асырай алмай, басқаның қолына қарап телмірсе, қазақ жұмысы біткені. Өлімтік андыған қарақұс пен қарғалар қазақ үстінде тойып сонда тойлайды», – деп басқа төнгелі тұрған қауіп-қатердің алдын алуға, халқын өзіне-өзі көр қазбауға шақырады.
Осы ой кейінірек «Шаруашылық өзгерісі» деп аталатын газеттің жеті нөмірінде тізбектеліп (сериялы) жарияланған көлемді туындыда одан сайын терең талданып, жанжақты ашыла түседі. Мақаланың жазылу мақсаты да содан туындаған болуы керек. Мұнда немістің Ф.Лист жəне К.Бокер сынды экономист-ғалымдарының еңбектерін арқау ете отырып, қаламгер қазақ шаруашылығының табиғи даму барысын зерттеп, оны жілік-жілікке бөліп тарата талдап береді. Онда «шаруашылықтың бір сатысынан екіншісіне өту үшін ұзақ ғасырлар қажет болғанын, дүние секірмелі түрде емес, эволюциялық жолмен бірте-бірте өзгеретінін» оқырман назарына аударады. Сондықтан, ғасырлар бойы көшпенді тірлік кешіп келген қазақ халқының мал шаруашылығының отырықшылыққа көшкені пайдалы деп, бірер жылдың ішінде егін шаруашылығына өзгерту мүлдем мүмкін еместігін, оның соңы халықтың жерінен айырылып, кедейленіп қана қоюмен шектелмей, ашаршылыққа ұшырап, қырғын табуына əкеп тірейтіндігін қам көңілмен жеткізе баяндайды. Халықты содан сақтандырады.
Осында айтылған ойдың растығын тарих бір емес, бірнеше рет дəлелдеп беріп отырған жоқ па? Кешегі кеңес заманындағы коллективтендіру науқанының салдарынан болған ашаршылық нəубеті халқымыздың қабырғасына қатты батып, ғасырлық қасіретіне айналып отыруы – соның бұлтартпас айғағы. Оның салған жарасы əлі де толық жазылып кете қойған жоқ. Соған қарамастан, «жығылған күреске тоймайды» дегендей, тағы да ат басын ескі жолға бұрып отырған сыңайлымыз. Бүгінгі ауылдың ауыр халі, оның күннен-күнге тозып, аштық-жалаңаштықтың тақсіретін тартып отыруы сол Алаш азаматтарының айтқан ақыл-кеңесін орындамағандықтан, яғни шаруашылықтың эволюциялық емес, секірмелі (революциялық, реформалық) жолмен өзгеріске ұшырауынан туындаған қиыншылықтар демеске лажымыз қалмайды. Ендеше, газет материалдарының бүгінгі күні де қоғамдық мəн-маңызы жойыла қоймағандығына, Алаш азаматтарының ақыл-кеңестерінің əбден орынды əрі орындалу керек екендігіне көз жеткіземіз.
Жоғарыда «айқаптықтардың» қазақ егін нормасымен жер алса, ертерек отырықшылыққа көшіп, ал ол өз кезегінде елдің мəдениеттенуіне айқара жол ашар еді деген пікірде болғандығына тоқталған едік. «Қазақ» газетінің қаламгерлері ондай ой-толғаммен келісе алмайды. Жоғарыда келтірілген «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау» деген авторы көрсетілмеген, біздіңше «бас жазушының» қаламынан туған мақалада ол былайша көрініс табады: «Қала бол деушілердің көбі қазақ көшуін қойса, қазақ даласына мəдениет туын тігіп орнар еді» дейді. Мəдениет деген жақсы. Бірақ жақсы нəрселердің қолға түсуі оңай болмайды. …Переселен чиновниктері 15-тен жер кесіп беріп, қала-қала қылып отырғызса, мəдениетті жұрт болып дүрілдеп кетесіңдер деген сөз – қазақ қазір еуропаша киініп ала қойса, Еуропа адамдарының істегенін істеп кетер еді деген сияқты сөз. Ешнəрсені үйретпей, еуропаша киіндіріп, Лондон я Парижге қазақты апарып қоя берсе, тапса малай болар, таппаса аштан өліп қалар. Хүкімет біздің 20-ғасырда көшіп жүргенімізден ұялса, бізге жаман жерді жақсы жер орнына тұтынарлық ғылымын үйретіп, білдіріп алып, қала бол десін. Сонда қала болмасақ, біз үшін ұялсын. Оны істемеген хүкімет өзінің істемегеніне ұялмаса, қазақ көшіп жүруінен ұялатын жөні жоқ. Қазақ көшіп жүрсе, еріккеннен көшіп жүрген жоқ, мал баққаннан көшіп жүр. Жері малдың жері болған соң, мал бақпасқа шарасы жоқ, жаман жерді жақсы жер орнына тұтынарлық амалын тапқанша. Мəдени боламын деп 15 десятина жерге қамалып, малдан айырылып, егінмен күн көре алмай, судың бір жиегінен алыс кетіп, екінші жиегіне жете алмай, суға батқандардың күйіне түсіп, бітіретініміз аз болар».
Құлақ құрышын қандырып, көңіл тұшындырар бұл жолдардан қаламгердің дүниетанымының кеңдігі мен ой-санасының жоғарылығын ғана емес, журналистік шеберлігінің биік дəрежеде екендігін танисыз. Соншалықты күрделі мəселені оқырман түсінігіне сай қарапайым мысал арқылы тілмен жеткізе білуі – хас шеберліктің белгісі. Ойды шұбалаңқы емес, қысқа да нұсқа əрі əдемі өрнектермен, майын тамыза ақ қағазға түсіру – асқан талантты тұлғаның қолынан келер құдіретті өнер. Осының бəрі мақалада толыққанды көрініс тапқан. Ол сонысымен де құнды. Міне, журналист шығармашылығының өнеге аларлық, үлгілі мектебі.
Сөз етіп отырған мақалада жер мəселесінен туындап, ел ішінде індет болып таралып жатқан тағы бір халық қасіретінің бетпердесі түріліп, жұртқа жария етіледі. Ол жер жұмысына дін жұмысының қыстырмалануы болатын. Туындының бас тақырыбы дəл осылай аталуының өзі оған басылым басқармасының ерекше маңыз беріп отырғандығын танытса керек. Ой бос байбаламмен емес, орыс миссионерлерінің есептерінен мəліметтер келтіріліп, дəлелді деректер негізінде өріледі: «Алтай һəм қазақ миссионерлерінің 1893 жылғы отчетында («Православный благовестник»! 1894, № 7, 8, 9) айтады: 1893 жылы қазақтан шоқынған – еркек-əйелі бар 69 кісі. Христиан дінін оңай қабыл еткіштер – жарлылар; қалың қазақтың ішінен шығып, қалаларға келіп малайлыққа жалданғандар. Бұлар біртебірте орыс тілін біліп, орыстың ғұрпымен, дінімен танысады. Сонан соң христиан дініне икемдеп бұрмалаушы əуел бастан қожалары болады деп». Мұндай дерек пен дəйектеме кім-кімді де ашындырмай тұрмайды. Қаламгер ел ішіне дендеп енгелі түрлі кеселдің түп-төркінін ашып көрсетіп, оған сақтықпен қарауды кеңес етеді. Сөйтіп, оған басқа басқа, жоғары билік органы сенат жиылысының өзі айрықша көңіл бөліп, дем беріп отырғандығын былайша жайып салады: «Қазақты отырықшы қылғанда христиан дінін түбінде қабыл етерлік жағы да көзделсін деген сенат жиылысы ұнатып, жер министрі қабылдаған бір істі өткен нөмірде «Уақыт» газетасынан көшіріп бастық.
Сенат мақсұты табылу үшін, əуелі, қазақтарды мұжықтармен біріктіре отырғызу керек. Екінші, қазақ саны орыс санының жартысынан аспасқа керек. Солай етсе, орыстардың қазақтардан саны басым болмақ. Саны басым болса, орыстардың сөзі де, тіршілік ісі де басым болып, қазақтар христиан дініне көшпек».
Бұдан патшалық Ресей əкімшілігінің қазақ даласын отарлауда небір құйтырқы əрекеттерге барып, қолдан келгенінше айлаларын асырып баққандарын байқаймыз. Байтақ өлкені Ресейдің құрамдас географиялық аймағына айналдыру үшін жерін басып алу жеткіліксіз екендігін біліп, енді халқын аздырып-тоздырып, өз дініне енгізу саясатымен түпкі мақсаттарына қол жеткізу жолын таңдапты. Сол үшін егін нормасы дегенді шығарып, қазақты жерінен бір айырып, сонан соң бөліп берген алақандай жеріне сыйғыза алмағандықтан малынан екі айырып, үшіншіден, егін егіп көрмеген əрі құнарсыз жер тап болған елдің шаруашылығын күйзелтіп, мейлінше қайыршылануына əрекет етіпті. Ол, жоғарыда айтылғандай, жұрттың азып-тозып, амал жоқ, қоныс аударушыларға жалданып, солардың тілін үйреніп, дініне кіруіне алып келеді деп үміт етіліпті. Осының тамырын дəл басып көрсеткен қалам қайраткері тілге тиек етіп отырған мақаласында мойынға салынған құрықтан құтылудың жолдарын да қарастырмай қоймайды: «Сенаттың айтып отырған бір қазаққа екі мұжық келсе дегені бір қазақты екі орыс ұстап отырып шоқындырады деген сөз емес. Тіршілік шаруасы жүзінен қазақ мұжықтан төмен болып əлсіреп барып, христиан дінін қабыл алады дейді. Олай болғанда қазақ жарлы болмас жағын көздеу керек. Қазақ телміріп басқалардың қолына қарайтын күйге жетпеске керек. Оған жетпес үшін оқу-өнер, кəсіп үйренерге керек. Мəдениетке бірте-бірте сол жолмен жетісуге керек. Оны істеуге мал бағу жағынан оралғы болатын ешнəрсе жоқ. Мал баққан Швейцарияның мəденилігі һəм қалалары ешкімнен кем емес. Переселен чиновниктерінен бата алып, 15 десятинадан жер алып, сонда ғана қала салып отыруға болады деген – қате пікір», – деп ой түйеді. Сөйтіп, «Айқап» жəне татар газеттерімен айтысып жүрген тақырыптың түпкі мəнінен сыр суыртпақтап, өздерінің ұстанған жолдарының дұрыстығына оларды да ұйытады. А.Байтұрсыновтың аталған мақаласында көшіріліп басылған татардың «Уақыт» газетінің «қазақтың отырықшы болғаны хүкіметке пайдалы, қазақтарға зарарсыз іс кой деп бұрын біздер, яғни ноғай газеталары, қазақтар қала болындар деп ақыл беруші едік һəм соңғы жылдарда əуелі переселен чиновниктерінің айтқан ақылы, екінші, ноғай газеталарының берген ақылы, қазақ оқығандарының («айқаптықтардың» С.Қ.) сөздері қамшы болып, қазақтардың көбі отырықшы болуға сұранып, бірсыпыралары отырықшы боламыз деп мұжық нормасымен жер кестіріп те алып еді. Мұнан былай біз, ноғай газеталары, қазақтың жер туралы ісіне тіл қатып кіріспейміз, өйткені жер жұмысына тиіссіз басқа жұмыс кірісіп тұр, ол – миссионерлік жұмыс» деп жазуы – соның айғағы. Оған мақаласының соңында публицист: «Ноғай бауырларымыздың газеталары бұрын қазақтың ол жайын білмей, енді ғана байқап, бұрынғы жөнінен бет бұрып шықтық деп тұр. «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң», – деп жазып, түсіністікке қол жеткізгеніне шүкіршілік етеді.
Қорыта айтқанда, «Айқап» пен «Қазақ» арасындағы жер туралы пікірталас патша əкімшілігі тарапынан таңылған көшпелі жəне отырықшы нормаға қатысты туындағанын көреміз. Екі басылымның да ойлаған мақсаттары бір болды. Ол қайткенде де қазақ жерін отаршыл күштің қолжаулығына айналудан қорғап қалу мұраты болатын. Бірақ, оған жетуде екі жолды таңдапты. Журнал қаламгерлері (М.Сералин, Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев т.б.) патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясаты мен толассыз қоныс аударушылар легінің екпінінен қаймығып, қазақ жерін сақтап қалудың бірденбір дұрыс жолы келімсектер сияқты 15 десятинадан жер кестіріп алып, отырықшылық тұрмысқа көшу деп ұғынып, соны уағыздап, бұл істе өздері де үлгі көрсетті.
Ал, «Қазақ» газеті төңірегіне топтасқан Алаш азаматтары бұл мəселеге басқаша қарады. Олар кешегі кеңес дəуірінде кейбір зерттеушілер дəлелдеуге тырысқандай, отырықшылық тұрмысқа қарсы шығып, таптық мақсат көздеген жоқ. Отырықшы норманың отаршыл мазмұнын ашып көрсетіп, аңқау елді алдап, қақпанына түсіруді көздеген құйтырқы саясаттың сырын түсіндіруге күш салды. Олардың газетте жарияланған туындыларынан мынадай түйін түюге болады:
–
Əрбір елдің өмір сүру ерекшелігі шаруашылығына байланысты болып келеді. Ал шаруашылыққа жер, ауа, су секілді табиғи ресурстар тікелей əсер етеді. Ол ғасырлар бойы қоршаған ортаны игеру барысында қалыптасады, дамиды. Оны озбыр əкімшіліктің немесе жеке адамдардың қалауы бойынша аз уақыттың ішінде жаңа сапаға көтерем деу, біріншіден, бос қиял, екіншіден, халықты қырғыншылыққа ұшырататын соқпақ. Сол себептен де оған жол беруге болмайды. Ондай өзгеріс үлкен дайындықты жəне көп уақытты талап етеді;
–
Қазақ қоғамының мешеулігі, мəдениеті мен өнер-ғылымының кенже қалуы мал шаруашылығымен айналысқандығынан емес, құлдық қамытын мойнына кигізген отаршыл озбыр саясаттың зорлық-зомбылығы салдарынан. Əлемдік тəжірибе көрсетіп бергендей, мал шаруашылығымен айналысу арқылы да көсегесі көгеріп, мəдениеті гүлденіп отырған елдер бар (Австралия, Швейцария т.б.). Ендеше отырықшылыққа көшіп те мал өсіруге, мал өнімдері арқылы да қоғамдық байлық жасауға болады деген сөз.
–
Осылардан таратып айтқанда, жердің құнарына, ауа райына қарай шаруашылық құру, яғни «жердің түріне қарай мал өсіруге қолайлы, жерде мал бағатын, егінге жақсы жерде егін егетін қала болу керек».
–
Патша əкімшілігі шығарып отырған қос норманың бірін таңдағанда, қайсысы кімнің пайдасын көздейтіндігін біліп болмай, қадам басу адасушылыққа душар етеді. Ал оның соңы жақсылыққа апарып соқпайды. Сондықтан қазақтың бас адамдары, əуелі сіздер адаспаңыздар. Адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңіздер. Екінші, қазақтың байлары, күштілері жарлы-жақыбай, нашарларыңды жермен теңгеріңіздер. Бір асауға да болса құлдық дейтіндер көбінесе солардан болады. Сөйтіп, олар (патшалық əкімшілік – С.Қ.) өзіне жағымды жағын көздегенде, қазақтар да өзіне жағымды жағын көздеуі тиіс» дегенге келіп саяды.
Міне, «Қазақ» газетінің жер турасындағы ұстанған жолы, бағыт-бағдары. Бұдан күні кешеге дейін біржақты сыналып-мінеліп келген басылымның «байшылдық» ауруына шалдықпағанын, яғни таптық тартыс күресінің көрігін қыздырмағандығын, оның есесіне жалпыұлттық мақсаттар жетегінде қазақ елінің біртұтастығы мен саяси-экономикалық жəне мəдени болмысы жағынан өсіп-өркендеуі жолында қызмет еткендігін дөп басып танимыз.
Бұл жолы да қай басылымның ұстанған жолының дұрыстығын өмірдің өзі дəлелдеп берген болатын. Көп ұзамай жер-жерден егін нормасымен жер алып, отаршыл əкімшіліктің құрған қақпанына іліккен қазақтардың алданып, арандап қалғанын білдіретін хат-хабарлардың газет редакциясына қарай ағылып келе бастауы сол жайынан сыр шертеді. Оларды оқып, о бастан-ақ оқырмандарына ашық білдірген «Қазақ» қаламгерлерінің күдіктері расқа айналғанына көз жеткізесіз. Мəселен, апталықтың 1913 жылғы 27-санында жарияланған «Қала болған қазақтар жайынан» деген тілші хабарында Қапал уезінен 64 үй Қарамола деген жерден жер кестіріп алып, отырықшылыққа көшкендігі айтылады. Бірақ, соған қарамастан, мəдениеті гүлденіп, тұрмысы жақсарып кетпегендігін тілге тиек ете келіп, бастарына түскен ауыртпалық былайша баяндалады: «Енді хүкімет кісілері бұларға өз беттеріңмен жеке қала болып отыра алмайтын көрінесіңдер. Сондықтан сіздерді құрдың боғындай бытыратып он үйден орыс қалаларына қосамыз, яки орыстарды сендердің қалаларыңа орналастырып, соларды басшы қыламыз. Сол уақытта сендер олардан көріп, дүниеде қалай тұру керек екендігін үйренесіңдер деп жатыр. Бұлар жаз жайлауға шығып жүр еді. Енді мұжық болған қазақтарға жайлаудың керегі жоқ, олардан жайлау алынады» деген сөз шыққаннан бері бұлардан салы суға кетіп, сасып тұр».
Мұндай мазмұндағы мақала, хат, хабар-ошарлар газет тігінділерінің беттерінде көптеп кездеседі. Оның барлығын бірдей тізіп, талдап жатудың қажетін көріп отырғанымыз жоқ. Оларда жоғарыда келтірілген газет қаламгерлерінің материалдарында айтылатын күдіктер толық расқа айналып, басылым басқармасының ұстанған жолының дұрыстығы дəлелденеді. Оған мына бір мысалмен де көз жеткізуге əбден болады.
«Айқап» пен «Қазақ» арасындағы айтыс, белгілі бір дəрежеде, бұл екі басылым төңірегіндегілердің өмір сүруде ұстанған бағыттарының да көрінісі болатын. «Айқап» журналының 1913 жылғы 20-нөміріндегі жарияланымдардан 1910 жылы Орал облысы, Орал уезі, Жымпиты жəне Шідерті болыстарындағы бір топ қазақ отбасылары Б.Қаратаевтың бастауымен 15 десятинадан жер кестіріп алып, Қаратаев поселкесін құрып, отырықшы тұрмысқа көшкендігіне қанамыз. Алайда, тек малмен күнелтіп келген ауыл тұрғындары егін шаруашылығын игеріп кете алмай, көп ұзамай, қала тіршілігінен қаша бастағаны байқалады. Оған орыс қалаларын басқаруға арналған заңдық билік жүйесінің қазақ тіршілігіне қайшы келетіндігі де əсер еткен болса керек.
Осыған байланысты «Қазақ» газеті 1914 жылғы 91-санында «Бұ қалай?» деген хабар жариялап, мəселенің анық-қанығына жетуге көңіл бөледі: «Бақытжан Қаратаев қаласында төрт-бестен-ақ үй қалды, қазақ көшіп кетті деген бір хат алдық, Қаратаевты тастап кеткен қазақ жері мұжыққа беріліп, енді Бақытжан хохолға ақсақал болады» дейді.
Жымпиты, Шідертіге бас болып Бақытжан 1910 жылы 15-тен жер алғанда, бұларға (Бақытжан қаласына) таңдама жер, өзгеден артық енші тисе, халық өзі соқаға құл болса, бұл Бақытжан қаласынан бар қазақ неге үрікті?» деп сауал қоя, шындықтың шымылдығын түріп, ақиқатты астарлап жеткізеді.
Орталықтың отарлау саясатының сырын ашатын мұндай хабар-ошардың қазақ еліне кең жайыла таратылуы, əрине, ресми билік орындарына ұнай қоймағаны түсінікті. Орынбор генерал-губернаторы Сухомлиновтың Б.Қаратаевтың шағымын негізге ала отырып, мұндай хабар «қырғыздардың (қазақтардың – С.Қ.) арасында жалған жəне тексерілмеген сөздер таратып, үкіметке қарсы жаулық сезімдерді қоздыруды» көздейді деп тауып, 1915 жылғы 13-наурыздағы №1481 қаулысымен газет редакторы А.Байтұрсыновты екі жетіге тұтқындау немесе оған 50 сом айып төлету туралы шешім шығаруы
– соның бұлтартпас дəлелі. Осыданақ, «Қазақ» газеті ұстанған жолының, бағыт-бағдарының туралығына, соны жүзеге асыруда көрген қиянаты мен бастан кешкен тауқыметінің молдығына көзіміз айқын жете түссе керек.
Екі басылым арасында айтыс туғызған үшінші мəселе – қазақ жазуы жөніндегі пікірталас. Ол «Қазақ» газеті жарық көрмей тұрып-ақ «Айқап» бетінде көрініс тауып, соның өзі апталықтың дүниеге келуінің бір себебі болғандығын, оған кейіннен бірқатар қаламгерлердің үн қатқанын ғылыми жұмысымыздың бірінші тарауында, дəлірек айтсақ, «Газеттің шығу тарихынан» атты бірінші бөлімінде кеңірек тоқталған болатынбыз. Сондықтан оны бұл арада қайталаудың ретін көрмей отырмыз.