ҚАЙТА ТІРІЛГЕН «ҚАЗАҚ»
Араға жетпіс жыл салып «Қазақ» газеті халқымен қайта қауышты. Омбы атқару комитетінің Орынбор кеңесіне берген нұсқауы бойынша 1918 жылдың қыркүйегінде тосыннан тоқтатылған басылымның кезекті 266-нөмірі өзінің шыға бастағанына 80 жылдық мерейтойына орай жалғаса жарық көріп отыр. Бұл тек газет оқырмандарының ғана емес, иісі қазақ жұртының, қала берді алты Алаштың ортақ тойы, мерекесі десек қателеспейміз. Өйткені, осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын қалың ұйқыда жатқан қазақ даласын, ұлы Мұхаң, Мұхтар Əуезов сөзімен айтқанда, «маса болып шағып, өлі денесіне қан жүгірте» дүниеге келген «Қазақтың» қайта тірілуін қазақтың қай баласы қуанбай қарсы алсын?! Оның үстіне, оған халқымыздың ғасырлар бойы аңсай күткен тəуелсіздік тізгінінің өз қолымызға іліккен күні қол жеткізіп отырғанымыз қуанышымызды еселей түсері де заңды.
Өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы түрлі айыптаулармен архив «зынданында» шынжырлап ұсталып, халқынан қол үзіп қалған «Қазақты» көпшілік оқырманның біле бермесі ғажап емес. Мұның өзі кешегі империялық аурудан айықпаған, тоталитарлық жүйенің қазақ халқына тигізіп кеткен көп залалының бірі десек, ешкім дау туғыза қоймас. Сөйтсе де, ақиқат хақтығын істейтінін тарих тағы дəлелдеді. Қаншама күйе жағылып, қараланғанына қарамастан, «Қазақ» халқының алдында ақ күйінде қалды.
Алдымен, басылымды таныстырып кеткеннің артықтығы болмас. «Қазақ» – қоғамдық-саяси жəне əдеби газет. 1913 жылдың ақпан айынан 1918 қыркүйегіне дейін аптасына бір мəрте, 1915 жылы жұмасына екі рет Орынбор қаласында үзбей шығып тұрған. Кей жылдары 8 мың данаға дейін көбейтіліп, басылып шыққан басылымның таралым аймағы да кең. Газет материалдарына жүгінсек, əрісі Түркиядан, берісі Санкт-Петербург, Мəскеу, Уфа, Ташкент қалаларынан, сонымен қоса, қазақ даласының барлық облыстарынан тұрақты жаздырып алушылар болған. Бір ғажабы, сол кездің өзінде басылым жер-жерде тілшілерін ұстаған.
Басылым басшылары туралы сөз қозғағанда алдымен ауызға халқымыздың біртуар ұлдарының бірі – Ахмет Байтұрсыновтың есімі ілігетіні айтпаса да түсінікті. Ол заңды да. «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр», – деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Əуезов жоғары бағалағанындай, Ахаңның газеттің аяғынан тік тұрып, жұрт қызметіне жарауына қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды.
Осы орайда, басылымның басқармасында Ахаңмен қанаттаса қызмет еткен тағы кімдер болды деген заңды сауал туады. Оған дерекке жүгіне жауап беруге тиіспіз. Қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемлекеттік архив қорында (қор №776, 21-тікпе, мəлімет ғалым-библиограф Ү.Х.Сұбханбердіқызының архивінен алынды) Ішкі Істер министрлігінің рұқсат қағазы сақталған. Құжаттың рухы мен сипатын толық сақтау үшін аудармай, сол қалпында бергенді жөн көреміз. «Согласно циркулярному распоряжению от 9 декабря 1905 года за №14508 уведомляю Главное Управление, что мною одновременно с этим разрешаю киргизию №8 аула Кызылжингильской волости Тургайской области Мустафе Ахметовичу Уразаеву под ответственным в полном объеме, редакторством киргиза №5 аула Тусульской волости Тургайского уезда Ахмета Байтурсынова в г.Оренбурге еженедельную газету на киргизском языке, под названием «Казах» (Киргиз)».
Осындағы екінші кісінің аты танымал болса да, алғашқысының есімі қалың оқырманға осы күнге дейін белгісіз болып келеді. Газеттің бірінші нөмірінен бастап «бас жазушы» – А.Байтұрсынов, «бастырушысы» – М.Оразаев деп қол қойылып, атап көрсетіліп отырғандығына қарамастан, зерттеушілердің оған мəн бермей өте шығып жүргендері көңіл қынжылтады. Əйтпесе, терең үңілген кісіге осының өзінен талай сыр ұғуға болатындығы айтпаса да түсінікті.
Газеттің екінші редакторы қызметіне Міржақып Дулатов 1914 жылдың 19-мамырдағы Жоғарғы баспасөз басқармасының Орынбор губернаторына жолдаған бұйрығы бойынша ресми түрде тағайындалған. Алайда, оның қызметі газет жарық көрген күннен бастау алады. Ол апталықты шығару жолында өзге басқарма мүшелерімен бірге барлық қиындықты бөлісумен қатар, газет бетінде мақала, сын, əңгіме-өлеңдерді молынан жариялаған. Шығармаларының бірінде патша үкіметінің отаршыл саясатын шенесе, екіншісінде халықты оқытудың жолын іздеп, озық мəдениетті елдерден үлгі-өнеге үйренуді ұсынады. Халқымыздың тарихынан деректер береді, ел ішіндегі керітартпа мінездер мен əдет-ғұрыптарды əжуалайды. Қысқасы, оның газет қызметінде аянбай еңбек еткендігін дəлелдейтін материалдар жетіп артылады.
Бұдан басқа Ə.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. əрқайсысының еңбегі жеке бағалауды талап ететін ұлы тұлғалардың газет ісіне білек сыбана атсалысқандарын ауызға алсақ, басылым маңызының еселей артатынына күмəніңіз қалмайды.
Олардың қазақ жұртының саяси-əлеуметтік өмірінің ең түйінді мəселелеріне арнап жазған мақалалары апталықта көптеп жарық көрген. Бұл да зерттеушісін күткен ірі тақырыптардың бірі екендігіне талас жоқ.
Қорыта айтқанда, Қазан төңкерісіне дейін көзі ашық, көкірегі ояу алғашқы қазақ зиялыларының күшімен шығып тұрған «Қазақ» газетінің тəулсіз Қазақстанның тарихын, мəдениеті мен əдебиетін жəне шаруашылық жайларын қайта зерттеп, толықтыруда орны бөлек. Апталықты қайта жаңғыртып, тірілтіп отырғандағы мақсат та содан туындайды. Алдағы уақыттарда бүгінгі күнмен үндес, маңызын жоймаған материалдарды іздеп тауып, қайта жариялап отыру ойымызда бар. Сонымен бірге «Қазақ» жолымен ел тіршілігіне араласып, көкейтесті мəселелерді көтеріп, жұрт қызметіне жарауды талап етіп отырмыз. Жолымыз оңынан болып, ісіміз алға басып жатса, сөнгеннің жанып, өлгеннің тіріліп жатқаны емес пе, ағайын?!
«Жас Алаш» газеті, 1993 жылдың 29-ақпаны.