«АЙҚАП» ОЙЛАРЫҢДА БАР МА?»
Осы атпен 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген қазақ мəдениеті мен əдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің мақаласын арқау етіп, əңгіме бастауымыздың өзіндік себебі бар. Алаш ардақтысы аталған еңбегінде ұлт зиялылары назарын «Айқап» журналына аудару мақсатын тұтса, жүз жыл өткеннен кейін де оның өзектілігін жоймағанына көз жеткізгіміз келеді.
Биылғы жылдың қаңтар айында «Айқап» журналының шыққанына 100 жыл толғанын екінің бірі біле бермейді. Соның салдары болса керек, оны атап өтіп жатқан ел көрінбейді. Рас, Астанадағы «Аманат» пікірсайыс клубы даталы күнге орай «Қазақ баспасөзі: кешегісі мен бүгіні» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырғанын айтуға тиістіміз. Аталған шара туралы ақпарат жариялаған республикалық «Айқын» газеті 2011 жылдың 8-қаңтар күнгі санында: «Айқап» журналына – 100 жыл! Мұны «Аманаттан» басқа кім ескеріп жатыр?» – деп мəселе көтерді. Бірақ оған үн қатқан бірдебір қазақ зиялысын байқамадық. Соны ескеріп, кезінде Бейімбеттей ұлт жанашыры жоғары бағалаған басылымның мерейтойы елеусіз қалар ма екен деген қауіпті сейілту үшін қолымызға қалам алып, еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі саналатын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика жəне саясаттану факультеті алдағы сəуір айының 15-жұлдызында «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойларына орай «Мерзімді баспасөз: адамзаттық құндылықтар мен елдік мүдде мəселелері» атты тақырыпта ғылыми-теориялық жəне тəжірибелік конференция өткізуді ұйғардық.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді қазақ даналығы. Мұның философиясы, меніңше, мынада. Елу жылда ұрпақ жаңарады. Жүз жылда сол жаңарған ұрпақтың төккен тер, еткен еңбегі өз жемісін береді. Осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген «Айқап» журналы тігінділерін қайыра парақтап, жарияланымдарына көз сүзгенде түйген ой осы.
Қош. Енді əңгімені «Айқап» журналының аты неге солай аталғанына қарай бұрайық. Бұл туралы басылымды шығарушылар мен тұрақты авторларынан артық ешкім айта алмасы анық. Сондықтан сөз кезегін соларға берелік.
Басылымның «Айқап» аталуының себебі мен алдына қойған мақсаты туралы журналдың 1911 жылғы 11-санында мынадай түсінік беріледі: «Айқап» деген сөз – қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мəдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына қосылайық деген үнді білдіреді».
Осы ойды журналдың тұрақты авторларының бірі Бақытжан Меңдібеков «Газеталарымыз туралы» атты мақаласында (1912, №6) бүй деп шегелейді: «Ай, қап! Əттеген-ай, іс өтіп кеткен екен ғой, біз ұйықтап жатқанда, басқалар соққан желден, аққан судан пайдаланып жатқанда, біздің мұндай халде болуымыз жарамас деп, өткен іске өкініп қойған есім боларға керек».
Ал Халиолла Ғабдолжалилов деген автор журналдың 1911 жылғы 2-санында жарияланған «Айқап мағыналары» деген мақаласында «Айқап» этнонимінің үш түрлі мағынасына тоқталады: «Ай-қап – болмай қалған іске өкіну жəне қараңғы түнді жарық еткен ай жəне оның қабы (сауыты), халықты айқап-шайқап аралау».
Бұл жөнінде журнал жарияланымдарын араб (төте) жазуынан кəдімгі қазіргі жазуымызға аударып, жинақ етіп құрастырған белгілі библиограф-ғалым Ү.Сұбханбердина (марқұмның жаны жұмақта шалқысын) аталған жинақтың «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты алғысөзінде: «Соңғы екі ұғым Ғабдолжалиловтың ой-қиялының жүйріктігінен туған дүние болса керек, бірақ нақтылы шындыққа жанаспайды. «Айқап» деген ұғымның мəніне тұңғыш рет көңіл бөліп, тұжырымды ой түйген журналдың редакторы М.Сералин», – деген пікір білдіріп, «Айқаптың» тұңғыш санында жарияланған бас мақаладан мынадай үзінді келтіреді: «Біздің қазақтың «əй, қап!» демейтұғын қай ісі бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы жоқтарымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымызай» дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға: «ендігі сайлауда көреміз, қап, бəлем-ай!» дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде «қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды».
Осы жерде аты туралы толық мағлұмат алған журналдың «заты қандай болды екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Енді соған жауап іздеп көрелік.
«Айқап» – 1911 жылдың қаңтарынан бастап 1915 жылдың қыркүйек айына дейін, алдында айына бір мəрте, 1912 жылдан айына екі рет үзбей шығып тұрған тұңғыш қазақ журналы. Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасында басылып, байтақ қазақ даласына кең тараған басылымның бас редакторы да, шығарушысы да – алты Алашқа аты мəлім жазушы һəм журналист, көрнекті көсемсөз шебері Мұхаметжан Сералин. Бұл жөнінде Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемелекеттік тарих мұрағатында төмендегідей дерек сақталғанын Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзі тарихының бас зерттеушісі Ү.Сұбханбердина алғаш жалпақ елге жария етеді: «1910 жылы 18-январьда берілген куəлік бойынша Орынбор губерниясының Троицк қаласында шығатын қазақ журналына Қостанай облысы, Шұбар болысы, №5 ауылының қазағы М.Сералинге редакторлық етуге жəне шығарушы болуға рұқсат берілді». Журналдың алғашқы санында жарық көрген беташар мақала соңында «басқарушы, бастырушы М.Сералин» деп қол қойылуының сыры да сонда. Осы жарияланымда көсемсөзші басылымның шығу тарихымен көзіқарақты оқырманды қысқа да нұсқа таныстырады: «Құрметті оқушылар! Алдыңызға үшбу журналымды саламын, кішкене екен деп қоңыраймаңыздар! Газет һəм журнал халық үшін екендігіне шəк айту жоқ. Халықтың қай дəрежеде алға кеткендігі халық арасында таралған газет-журнал һəм кітаптардан білінеді. Заман ғылым заманы болған соң əрбір жұрт қатарынан кейін қалмас үшін ақша аямай кітап-газет һəм журнал бастырып, халыққа таратудың ыждақатында», – деп бір қайырып, одан əрі қазақ баспасөзі тарихынан көпті хабардар қылады. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаның жиынымен Шаһмəрдан Қосшығұлов «Серке» газетін шығарғанын, бірақ ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылғанын, сол жылы Троицкіде Есмағамбет Айманбаев «Киргизская газета» атты орысша-қазақша бір газет шығарып, оның да бір саны жарық көргеннен кейін жабылып қалғанын өкінішпен баяндайды. Сөйтеді де қазақ намысын қайрайды: «Мен тағы талап етіп, осы кішкене журналды шығармақ үшін халқыма жармастым. Жұртқа атақ шығарып, білім сату үшін емес, бəлки дəулет иесі ағалар мұны көрген соң ойға қалмас па екен деген ниетпен. Қолда пұл жоқ. Жұрт болып жұртшылық етпесе, əлбетте, бұл журнал да қазақтың дүниеге шығара алмаған ісінің бесіншісі болар да қалар. Қазіргі үміт халықта».
«Айқаптың» бес жылға таяу уақыт үзбей жарық көргеніне қарап Алаш ардақтысының үміті ақталғанын аңғару қиын емес. Əрине, Ресей патша үкіметінің қатаң бақылауын қалтқысыз қамтамасыз еткен цензураның қатал қыспағы астында журналды ай құрғатпай осыншама мерзім шығарып тұру оңайға түспегені түсінікті. Оған бір ғана дерекпен көз жеткізуге болады. Жоғарыда тілге тиек еткен «Қазақ баспасөзі тарихынан» атты еңбегінде Ү.Сұбханбердина Орынбор губернаторының Ішкі істер министрлігіне 1911 жылғы 3-қыркүйекте жолдаған мəліметін алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Онда «Айқаптың» 1911 жылғы 6-санында жарық көрген корреспонденция үшін журналдың редакторы М.Сералинге 100 рубль айыппұл немесе бір ай абақты кесілгендігі баяндалады. Əлгі «кінə» тағылған жарияланым қызығушылығымызды арттырып, онымен танысқанымызда, бар болғаны, «Оян, қазақ» кітабы үшін Міржақып Дулатовтың 1911 жылдың 2-маусымында Семей қаласында түрмеге қамалғандығы жалпақ жұртқа жария етілген екен. Сонымен бірге Алаш арысының қолындағы татар, қазақ газет-журналдарын, ұлтымыздың ақын, жазушылары Абай Құнанбаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Ғұмар Қарашевтың кітаптарын жандармның алып кеткені туралы деректер патша шенеуніктеріне ұнамай қалғанын байқадық.
Мұндай тырнақ астынан кір іздеу, патшалық билік тарапынан журнал жұмысына түрлі кедергілер келтіру басылым тарихында көптеп ұшырасқанына кəрі тарих куə.
«Кез келдің заманында журнал «Айқап»,
Білгендей шөлдегенін жұрттың байқап.
Жасаған ұзағынан сүйіндіріп,
Кетсе екен Еділ, Жайық – бəрін шайқап»,
– деп журналмен алғаш қауышқандағы жүрекжарды қуанышын «Айқаптың» 5-санында өлеңмен жеткізген Б.Құсайынов ақынның шаттығы бар оқырманына ортақ екені күмəн туғызбайды. Ол қуаныштың себебі де түсінікті. Оны журналдың тұрақты авторларының бірі М.Мақұловтың:
«Қуандым журналыңды білгеннен соң,
Майданда шабысыңды көргеннен соң.
Дертім бар, дəрменім жоқ, мен бір ғаріп,
Сөз қостым көңіл танып тұрғаннан соң», –
деген жыр жолдарынан дөп басып тануға болады. «Дертім бар, дəрменім жоқ, мен бір ғаріп» – сол заманда отарлық езгіден мерт болуға шақ тұрған қазақ күйі. Осындай қысылтаяң кезеңде санасы сансыраған, адасқан елге ой салып, бағытбағдар беруді міндетіне алған басылым – «Айқаптың» құтты қадамы қалың қазақты қуандырмай қоймайды.
Журналдың аз уақыттың ішінде оқырман жүрегін жаулап алуына тұрақты авторлар құрамының биік парасат, ұшқыр ой, жүйрік қалам, жанкешті еңбектері ықпалын тигізгені талас тудырмайды. Бұл ретте əуелі əр кезде журналдың хатшысы қызметін абыроймен атқарған Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Əкірам Ғалымовтың ерен еңбектерін айрықша атап өткен лəзім. Солармен қатар журналдың тұрақты авторлары: Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Көпеев, Б.Қаратаев, Ғ.Қарашев, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Б.Майлин, Ж.Сейдалин, Б.Сырттанов, С.Сейфуллин, т.б. Алаш арыстарының «Айқапта» жарияланған құнды мұралары тақырып ауқымдылығымен, ұтқыр ой, тартымды тіл, ұшқыр қиял, құнды деректерімен көңіл төрінен орын иемденеді. Осыдан-ақ «Айқаптың» ұлттық журналистика тарихында ғана емес, қазақ қоғамы дамуындағы, мəдениеті мен əдебиеті, жалпы руханиятындағы орны айшықты екені анық танылады.
Осы жерде айрықша атап өтуді тіленіп тұрған «Айқаптың» қазақ журналистикасына қосқан тағы бір жаңалығы бар. Журнал басшылығы ұлт баспасөзі тарихында тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартады. Басылымда тырнақалды туындылары жарық көрген Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мəриям Сейдалинова, Күлəйім Өтегенқызы – қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы журналистер. Олардың есімдерін ұлықтап, ел журналистикасына жаңалық енгізген ерен еңбектерін бағалау – уақыт еншісіндегі мəселе. Бір ауыз сөзге сыйдырып айтсақ, бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыздары сарбаздары мен сардарларының бастауы «Айқаптан» арна тартады.
Қаймана қазаққа қатысты «Айқап» көтермеген мəселе кемде-кем. Журналдың тақырып ауқымы өте кең. Профессор Б.Кенжебаев «Қазақ баспасөзінің тарихынан мəліметтер» атты еңбегінде журнал материалдарын мазмұнына қарай мынадай бөлімдерге бөлген:
1. Саяси-əлеуметтік мақалалар;
2. Əдеби шығармалар, əдебиет мəселелері;
3. Қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі жəне маңызды мəселелер;
4. Ана тілі, əліппе, емле мəселелері;
5. Қазақ əйелдерінің жайы, бостандық, теңдік мəселесі;
6. Дəрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары;
7. Ішкі-сыртқы хабарлар;
8. Тілші хаттары, жауап хаттар».
Қазақ баспасөзі тарихын, əсіресе, Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңін зерттеуге ерен еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, ғибраты мол ғалымның аталған кітабы 1956 жылы жарық көргенін ескерсек, оның бағасы еселеп арта түседі. Өйткені, ұлттық мұраға қырғи-қабақ танытқан отаршыл саясаттың өктемдігі артып тұрған уақытта жеке басына қауіп төнерін біле тұра, саналы түрде тарихи тақырыпқа қалам тарту ерлікпен пара-пар іс екенін бүгінгі жас біле бермейді. Сонымен бірге саясат салқыны салдарынан ғалым еңбегінде лажсыздықтан біраз шындықтың шымылдығы түрусіз қалғанын айтуға тиістіміз. Айталық, «Айқап» журналы материалдарының мазмұн жіктелісін бүгінде мынадай тақырыптармен толықтыру талабы туындайды:
1. Отарлық езгіге қарсы күрес тақырыбы;
2. Ұлт азаттығы мəселесі;
3. Қазақ жерін ішкі Ресейден қоныс аударушылардан сақтап қалу жолдары;
4. Ұлттық сананы ояту мəселесі;
5. Ұлт тілін, діні мен ділін қорғау, көркейту мəселелері.
Журнал материалдарымен терең танысу барысында түйген бұл тұжырымдарымыздың шындығына «Айқап» жарияланымдарын оқыған əрбір жан көз жеткізе алады.
Бірер мысал келтірейік. Журналдың редакторы М.Сералин былай деп жазады: «Қазақ осы күнде қалың орманға кіріп адасқан адам секілді. Қалай жүрсе жөн боларын білмей дағдарған кезі. Олай-былай жүріп еді, жол табылмады. Енді тоқтап, тың тыңдап, қайдан қандай дыбыс шығар деп құлағын салып тұрған кезінде əркім шама-қадірінше, адасқанына айғайлап дыбыс беретін сықылды. Үнін шығарып, ойын айтуға міндетті». Бұдан отарлау саясаты шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде бес жыл бойына үзбей шыққан жалғыз журнал «Айқаптың» тарыққан елге, адасқан қазаққа жол басшы, бағыт-бағдар беруші болғанын байқау қиын емес. «Айқаптың» 1911 жылғы 5-санында жарық көрген «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес» деген мақалада, аты айтып тұрғандай, ХХ ғасыр басындағы қазақтың ең көкейтесті м
əселесі – теңдікке қол жеткізу арманы дараланып, айшықталады да, соның жолдары сараланады.
1913-1918 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетінің зерттеушісі жəне апталық жарияланымдарының энциклопедиялық жинағын құрастырушылардың бірі болғандықтан, мына мəселеге оқырман назарын аудартуға тиістімін. Кезінде Бейімбет Майлин: «Қазақ» көзіміздің қарасы болғанда, «Айқап» ағы емес пе еді», – деп жоғары бағалаған қос басылымды бір-біріне қарсы қойып, ұпай түгендеушілерге жол беруге болмайды.
Мақаламызды Бейімбет Майлиннің «Айқап» ойларыңда бар ма?» деген жанашыр пікірімен бастап едік. Енді сол сөзбен ойымызды қорытындылағанды жөн көріп отырмыз. Алаш арысы «Айқап» журналын мегзеп айтса да, ар жағынан «өткізіп алып, қап-ай деп сан соғуды қазақ қойдың ба?» дегенді ымдап тұрғандай көрінеді.
Осы орайда, «Айқапта» көтерілген мəселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін, яғни журнал материалдарының өмір-+ шеңдігін айтпау қиянат болар еді. Айталық, журналдың 1913 жылғы 15-нөмірінде жарық көрген «Қазақтың қазіргі халі» атты мақалада Бейімбет Майлин көтерген мəселе – қазір де көкейтесті. Алаш арысы қазақ тіршілігіндегі əдет-ғұрыптың кемшілік, кері кеткен жақтарын сынап-мінеп, олардың білімсіздіктен, кəсіпсіздіктен туатынына тоқталады. Қазақтың қыз ұзату тойында, өлімге ас беріп, еске алуда үлкен шығынға бататынын айыптап, оның орнына халықты пайдалы іске, оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға, мектеп-медресе салуға, газет-журнал, кітап алдырып оқуға қаражат шығаруға шақырады.
Қазақты қап-ай деп өкінуден арылту мақсатын көздеп «Айқапты» шығарған М.Сералиннің мына пікірі де көңіл төрінен орын иемденеді, көкейтестілігімен құнды: «Біздің ілгергі-келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нəрсеге тіреледі. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек, өнерлі халыққа жалшы болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы-талапкерге жəрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды». Дəл бүгінгі күннің өзекті мəселесін көтеріп тұрғандай əсерге бөлейді. Қазіргі жастар мен сауданы кəсіп еткен, тек баюды ғана мақсат тұтқан байманап, бизнес өкілдеріне ой салса игі.
Мұндай құнды ойларды «Айқаптың» əр нөмірінен молынан ұшыратарыңызға бəс тігеміз. Ендеше, журнал жарияланымдарын ұлттық құнды мұрамызға айналдырып, қажетімізге жаратудан жаңылмайық.
«Егемен Қазақстан» газеті, 2011 жылдың 12-сəуірі.