АНЬ ЛУШАНЬНІҢ КӨТЕРІЛІСІ (Л. Гумилев)

АНЬ ЛУШАНЬНІҢ КӨТЕРІЛІСІ
XXVIII тарау
Ұлы Қытай. 751 ж. шығыстағы және батыстағы сәтсіздіктер Империяға өте күшті әсер етті. Алым-салықтардың артуына және 754 ж. жаңбыр көп жауып, су тасқыны тудырған стихиялы апат салдарынан болған ашаршылыққа байланысты өрбіген бүкіл елдегі наразылықтан гөрі, армияны қамтыған наразылық үкіметті қатты алаңдатпай қалмады. Имперлік армия сандақ әскери топ-аттылы атқыштар мен сауыт киген жауынгерлерден, сондай-ақ көптеген көмекші командалардан: жаяу әскерлерден, арбалы керуендерден, қызмет көрсетушілерден, жабдықтаушылардан және басқалардан құрылды. Әскерлердің мейлінше көп болуы олардың құрамына барлық осы жауынгерлік күші кем жиынның енгізілуінен еді. Алайда көмекші командаларсыз салтатты садақшылар мен сауыт киген жауынгерлер соғыса алмас та еді, себебі, егер олар өз аттарын өздері күтсе, қару-саймандарын тазалап отырса, отын жинап, тамақтарын өздері пісірсе, онда ұрыс үстінде садақтың қатты керілген керме бауын құлағына жеткізе тартуы үшін немесе ауыр семсермен әрекет жасауы үшін ол жеткілікті тынықпаған болып шығар еді. VIII ғ. тактикасы жағдайында ұрыс тағдыры белгілі бір сәт аралығында шешіліп жататын, сондықтан ондай сәтке армияның саңдақ бөлімдерінің бүкіл күші жинақталатын. Осы саңдақ топтың үлкен бөлігі жастайынан атқа отырып, садақ тартуға дағдыланған көшпелілерден құралатындығы өзінен өзі түсінікті еді. Бұл әскерлердің бір бөлігі 682 ж. Құтлуғпен бірге Ордостан кетіп қалған болатын, бірақ солардың орнын алмастырушылар да далалықтар еді, соңдықтан оларды да содан 75 жыл бұрынғы түріктердің лажсыздық сезімі билейтін. Жеңістерге, сыйлар мен олжаларға үміт артқан кезде олар адал ниеттерімен шайқасатын, бірақ жеңіске қол жетпейтіндігі айқындалған сәтте соған кінәлілерді іздестіре бастайтын және де жиі ұшырасатынындай үкіметті кінәлайтын. Қытай шенеуніктері мен Чаньань сарайы маңындағылар шекара әскерлері үшін бөтен әрі жағымсыз адамдар болды, ал әскер бастықтары көшпелілерден, яғни өз адамдарынан еді. Олар ұзақ уақыттар бойы өздерінің қызметтік мансаптарымен ғана шектеліп қалды: бұларға провинциялардағы әскерлерді басқаруға сенім көрсетілмеді, мұның өзі бұлардың намыстарына ауыр тиетін. Соңдықтан шекаралық армия тұтасымен сарайға қарсы әрекет жасаушылар болып шықты.
Шекаралық армиядан басқа астананың айналасына Тан әулетіне дер кезінде қосылған аристократтық семьялардан шыққан өңшең қытайлықтар әскери қызмет атқарған гвардия шоғырландырылған болатын, Бұл гвардия барынша көп адамды әрі жақсы қаруланған, бірақ ұрысқа түсіп көрмеген гвардия еді. Оған әуел баста император Тайцзунды жақтаушылардан құралып, соның көмегімен ол 619 ж. таққа жеткен Солтүстік армиясы деп аталатын армия жанасқан-ды. Кейіннен бұл армияның қатары ардагерлердің балаларымен толықтырылды, сол себепті ол «Әкелері мен ұлдарының армиясы» деп атала бастады. Кез келген сарайлық астыртын сөз байласулардың немесе төңкеріс жасау әрекетінің табысты болып шығуын да, не әйтпесе сәтсіздікке ұшырауын да осы армия айқындайтын. Солтүстік армиясынан бөлек Ли фамилиясына жататын, жоғары лауазым иесін қорғаушылардың әскери тұтқындар мен үй құлдарынан құрастырылған арнайы атты әскер корпусы бар болатын. Сонымен, ішкі армия аса зор болды, бірақ оның саяси адалдығы әрдайым күдік туғызатын еді. Бұл армия сарайға және оның қастық әрекеттеріне өте жақын болды және кей кездері мысалы, айталық, 731 ж. өкімет көзқарасы тұрғысынан жоғарылатуға лайықсыз деп табылғандарға жақтасқан бірқатар офицерлерге өзін-өзі өлтіруге үкім шығарылғандығына байланысты императордың өзімен де тату тұра алмады.
Тибет майданындағы қиыншылықтар императорды Солтүстік армиясын сыртқы жауға қарсы соғысу үшін жіберуге мәжбүр етті, бірақ оның табыстары шамалы болды. Осыған байланысты екі әскердің VIII ғ-дағы қытай поэзиясында өз көрінісін тапқан сыйпаттамаларын салыстырып көрген орынды болмақ.
Генерал Ань Лушаньнің командованиесінде болған тұрақты бөтен халықтық армияға 751 ж-ғы әскерлердің тәртібі мен жауынгерлік рухын суреттеген Ду Фудың өлең жолдары арналған:
ҰЛЫ ҚОРҒАН ҮШІН ЖОРЫҚҚА
(қидандарға)
Лоянның қақпасы маңынан — лагерьден, біз шықтық ертемен,
Хэян көпірін ымыртта жайладық, еш көзге түспестен.
Кестесі жібектен-байрақты батар күн шапағы қызартты,
Әскери аттардың кісінескен — дабыры тарады желменен.
Теп-тегіс құм үстін әр тұстан тігілген шатырлар қаптады,
Сап түзеп сарбаздар, естілді қатарды түгендеу ақпары.
Өтсін деп түн тыныш әскери торуыл дамылсыз күзетте,
Соларды бақылап сұлу ай аспаннан нұр сәуле шашты әне.
Сырнайлар әр жерден күрсінді, үнімен қайғы сап көңілге,
Күрсінді жүректі батылдар, көз тастап түнгі аспан көгіне.
Егерде олардан сұрасаң — кім басшы жауынгер сендерге,
Сірә, айтар қолбасшы ол — Хо Кюй-бинь — жететін жауының түбіне.
Өлең осы әскерлердің көтеріліске шығуынан бірнеше ай бұрын, 755 ж. жазылған. Олардың басшысы хунндарды жеңген ханьдік даңқты қолбасшымен теңестіріледі, ал екінші өлеңде:
Бейнебір көңілсіз тағыдай қарайды қабағын қарс түйіп,
Қомданып қояды, бұйырған құсын ол бассалмақ ұмтылып.
Даусыңды шығарсаң тәрізді — зымырар жемтігін ұстауға,
Сол кезде-ақ жауынгерлік рухы берердей бір белгі бұлқынып.
Қашан сол кіріспек шайқасқа — қыруға тобырын құстардың
Тастайтын бөктіріп даланы қаны мен қауырсынына солардың,—
делініп, ол сұңқарға баламаланады.
Және де ол Ду Фу суреттеген, 749 ж. тибеттіктерге қарсы қимыл жасаған, Гэ Шу-линнің армиясы қатарына тартылған қытай жауынгерлерінің сезімі мен көңіл күйі бұған мүлде ұқсамайды десеңізші.
Онда қарапайым әскерлер «туған жерлерімен қайғыра қоштасады, ал шенеуніктер әскерден қашқандарды өлтіре соққылайды. Жаттығу кезінде қытай атты әскері «аты зымырап шауып бара жатқанда» өзінің садақты да қолына дұрыстап ұстай алмайтындығын менмендікпен мәлімдейді. Мұның өзі тек далалық үшін ғана емес, тіпті біз үшін де күлкілі жайт. Не деген табыс десеңізші! Бұдан соң қолбасшыға ақыл айтылады: «Ол білуі керек: біз мал емеспіз, адамдармыз… сондықтан мұнда қамшылар әрекет жасамауы керек». Осыдан былай тау өткелдерінің қиындығына айтылған шағымдар кетеді және ақыр соңында қажыған солдаттар аттылы жаудың тегеурініне төтеп бергенін баяндайтын қас-дұшпандарымен қақтығысу сәті суреттеледі. Бірақ содан кейін ащы түңілу алға тартылады:
Он жыл өтті әскерде жүргеніме,
Он жыл бойы солдат боп қалдым мүлде,
Сонда қалай, шынымен жиналмағаны ма,
Сіңірілген еңбек, қызмет мына менде.
Әдеттегі жағдай! Шен мен сый үшін шайқаста солдат қашаңда жеңіліс табады. Қарама-қарсылық ғажап-ақ. Жоқ, VIII ғ-да қытайлықтар қорқақ болған екен деп ойламау керек, бірақ оңтүстіктіктер болса, олар аса қызба келді, соңдықтан қытайлықтарға түріктер, қидандар және таулық-тибеттіктер бойына дарыған төзімділік жетіспеді. Қытайлықтар бекіністерде қорғана білулерін жоғалтқан жоқ, бірақ орын ауыстырып жүріп соғысу олардың мінез-құлқына келмейтін. Мейлі мейлінше адал болсын, тақ пен сарай өзінің куаттылылығын сақтауда қытайлық әскерлерге арқа сүйей алмайтын.
Ал сарай ішіндегі хал жақсы емес еді. Кәрілігі жеткен Сюань-цзун Ян» деген таңғажайып қытай қызына ғашық болды. Император ашынасы ол мемлекеттік қызметтерге өзінің қытай туыстарын орналастырып, соның айналасында жауынгер генералдарды тақтан бұратала ығыстырған сыбайластар тобы пайда болды. Билік штабтардан кеңселерге, қолбасшылардан әтектерге көшті. Алым-салық пен жеңілістерге, парақорлық пен зорлық-зомбылыққа, өзінің сіңірген еңбегін елемеушілікке және ашына әйел туыстарының сән-салтанатты өмір сүргеніне наразылардың бәрі Ян гуй-фэйді бірауыздан қарғады. Алайда қатерлі түйінді бөлшектеп кесуге әзір тұрған тек бір адам ғана табылды, ол — Ань Лушань еді.
Шама шегінде. Ань Лушань Қытайға берілген көшпелілерден шықты. 736 ж. ол дивизияны басқарып, қидандармен шайқаста жеңіліп қалды. Осы үшін өлім жазасына кесілген ол император алдында ақталып шықты. Ань Лушань өз бойына түріктік қайсарлықты қытайлық қулықпен бірге сыйыстырды, ол жарамсақтана да, шайқаса да білді, екіжүздене де, бұйыра да алды. Сарай маңының жағымпазданып, тамақ асырайтындарының сатқындар екенін біліп, ол пара беруге ақшасын аямады және сондықтан да оның қызметте жоғарылауы тез жүріп отырды.
Осы кезде сарай ішінде «аристократтар» арасындағы күрес жүріп жатты, яғни жоғары қызметтегілер семьялары мен емтихандар тапсыру жолымен шен алған «оқымыстылар» өзара тартысумен болды. Соңғыларының көсемі үкімет басшысы Ли Лин-фу өз бақталастарын жеңіп, әскери қызметтерге мүлде сауатсыз көшпелілерді қауіпсіз деп есептеп жоғарылата бастады. Осы толқын Ань Лушаньді де көтерді. 742 ж. әскери қайта құру жүргізілген кезде ол Маньчжуриядағы Пинлуден басқаруға бір корпус әскер алды; 744 ж. оған Ордостың орталық бөлігіндегі Фаньяннен тағы бір корпус әскер алудың сәті түсті, ал 751 ж.— Ордостың солтүстігіндегі Хэдунде орналасқан корпус те осы қолбасшының қарамағына тиді. 754 ж. ол өзіне атты әскерлердің мініс аттарын алмастыратын қазыналық жылқы үйірлеріне жеке өзі иелік ету правосын сұрап алды. Өзіне бағынышты облыстардың мол табыстарына билік жүргізе отырып Ань Лушань қидандардан, татаптардан және тонгра тайпасынан ең таңдаулы деген сегіз мың жауынгерді өзіне алды, сондай-ақ жоғарыда атап көрсетілгеніндей 753 ж. қытайдың жер асты зынданында қаза тапқан түрік ағаманы Абусаның аман қалған серіктерін де өз армиясына қосты.
Ань Лушаньға адал берілген соғды саудагерлерін ол «барлық жолдар бойында сауда-саттық жасауға» жан-жаққа жөнелтті, ал жол-жөнекей өзі үшін ақша әкеп беруді және жағдайды барлап келуді тапсырды. Тіпті қытайдың шенеуніктік бюрократтарының арасынан да Ань Лушань өзіне қолдау көрсетушілер мен жаны ашушыларды таба алды.
Тым белсенді іс-әрекет, әскерлерін көбейту, шекаралық иеліктерді бір қолға шоғырландыру, ал мүмкін бізге жете қоймаған агентуралық мағлұматтар министр Ян Го-чжунды Ань Лушаньге қарсы сот процесін қозғауға мәжбүр етті. Ань Лушань істі тергеттіруден бас тартқан жоқ астанаға тікелей өзі келіп, тамаша ақтала білді және 2500 офицерге төтенше сый-наградалар сұрап алды, ал бұл оның ойлап жүрген көтерілісі алдыңда оған өте қажет еді. 755 ж. ол жоғары шенді қытайлық 32 офицерді өзі ұсынған көшпелілермен ауыстыруды сұрады. Ян Гочжунның қарсылық жасағанына қарамастан император оның бұл өтінішін қағанаттандырды. Әйтсе де Ань Лушань бұдан әрі соза беруге болмайтынын түсініп, 755 ж-ғы қараша айыңда Хэбай провинциясындағы Юйян деген жерде барабандардың дабылымен Ян тұқымының ықпалын құлату үшін көтеріліске шақырған үндеуін хабарлады. Солдаттар мен офицерлердің толық бірауыздылығы жағдайында 150 мың шекаралық әскерлер көтеріліске шықты. Ань Лушань кеңесшілерінің арасында тіпті Ашиннің түрік ханзадасы да болды. Ян гуй-фэйді тайдыру жөніндегі сыпайы бағдарлама ешкімді де алдаған жоқ деп ойлау керек. Солдаттар өкіметті басып алуға өздерінің құқықтарын қорғау үшін бара жатқанын білді, қытайлықтар өздеріне қарсы шетінен қыру керек болып отырған ху тағылары келе жатқанын білді. Империяның бірлігі тігісінен қақырай сөгілді.
Бұл көтеріліске үкімет Ань Лушаньнің Чаньаньде тұрған ұлын өлтірумен және бүліншілікті басып-жаншуға бірі — 60 мың адамдық, екіншісі — 110 мың адамдық екі армияны жіберумен жауап берді. Екі армия да талқандалды Ань Лушань дереу астаналарға шабуыл бастады. Шығыс астанасы — Лоян — бірден оның қолына етті. Чаньаньге апаратын Шаньсидегі жолды Тунгуань таулы өткеліндегі застава қорғап тұрды, ал шығыстағы Хэбэ мен Хэдунде қидан кінәзінің ұлы Ли Гуань-би бүлікшілерге қарсы белсенді қорғаныс шебін ұйымдастырды. 756 жылдың жазында оған бүлікшіл дуан басы Ши Сыминге соққы берудің сәті түсті, әне сол кезде Хэбэнің жартысы Ань Лушаньге қарсы көтерілді.
Алайда, қытай үкіметтік әскерлері быт-шыты шыға жеңіліске ұшыраған Ланбао маңындағы шайқас Тунгуань гарнизоны әскерлері арасында үрейлі дүрбелең туғызды. Өткелді қорғап тұрған солдаттар кейін шегініп, көтерілісшілер 756 ж. 10-шілдеде Шэньсиге басып кірді.
Бірақ осы кәсіпқой солдаттардың аюандықтары қытай жұртшылығын әулетті құлшына қорғауға мәжбүр етті, ал көтеріліске дейін олар бұл әулетке сенбестік және тіпті теріс ниеттілік көзқараста болатын. 756 ж-ғы қыстың қарама-қарсылық қайшылықтарын Ду Фу данышпандықпен әрі ықшамды суреттеген:
ЧАНЬТАО ТҮБІНДЕГІ ЖЕҢІЛІСТІ ЖОҚТАЙМЫН
Батырлар шықты қыста қарлы,
Жасауға ерлік заяға кеткен.
Чантао көлінің суы қызарды,
Қанынан, сірә, солардың төккен.
Аспанда шалғай көгілдір түтін,
Алақы майдан қалыпты тылсым.
Жатыр-ау мұнда жастанып жерді,
Жауынгерлері Қытайдың — қырық мың.
Жебесін жуып мұнтаз ақ қармен,
Тындырып ісін тағылар кеткен.
Барады әне, өз әндеріне басып,
Мастық пен бұзықтық теңселткен.
Ал қайғырған астаналық ел-жұрт,
Солтүстікке бұрылып жылайды.
Басталса екен деп үкіметтік жорық,
Тағдырдан күндіз-түні сұрайды.
Өзі жаңа ғана мадақтап жырлаған армияға ақынның қатынасы қалай шұғыл өзгерген десеңізші! Енді ол сол армияның солдаттарын ху тағылары деп атайды; олар енді бірден қас дұшпан бола қалды, сөйтіп «500 сөздік… өлеңде» көрінісін тапқан, сарай мен үкіметке деген жақтырмаушылық лезде ғайып болды. Мұндай бетбұрыс император мен сарайлық сыбайластар тобының қабілетсіздігін көріп, көтерілісшілермен күресу бастамашылдығын өз қолдарына алған бүкіл қытай қоғамында көрініс берді. Алайда, қытай патриоттарының Ань Лушаньның шайқастарда шыңдалған және өз жеңістерімен рухтанған ардагерлеріне қарама-қарсы қоюға жарайтындай ешқандай нақты күштері болмады.
Император өзінің ашына әйелімен астананы тастап кетті, бірақ оның өз гвардияшылары, бұл кісіні қорғайтындар оған бағынудан бас тартты. Оқиғалардың барысына қарағанда олардың әулетте реформа жасағылары немесе оны ауыстырғылары келмеді, бірақ бұдан да гөрі өздері барлық бәленің себепкері деп есептеген Ян гуй-фэй үшін мерт болуды қаламады.
Императормен бірге еріп жүрген жоғары мәртебелі адамдардың ұсынуы бойынша наразылық жалынын басу үшін, министр Ян Го-чжун өзін-өзі өлтіруге жарлық алды. Борышына адал ол жолда асылып өлді. Жоғары мәртебелілер бұған қанағаттанған-ақ еді, бірақ солдаттар Ян гуй-фэйдің өмірін өз қолдарына беруді талап етті. Осылайша оны император күймесінен түсіріп алып, жіңішке жібек жіппен буындырып өлтірді. Кәрілігі жеткен императордың өзін ұлы Ли Хэннің (өлгеннен кейінгі құрметті атағы — Суцзун) пайдасына тақтан бас тартуға мәжбүр етті. Тек осындай бағамен ғана император өз өмірін сақтап қалды.
Тақтан бас тартқан императорды Сычуаиьға әкеліп, тау басындағы берік қорғанға жасырып тастады, ал Чаньань шайқассыз Ань Лушань көтерілісшілерінің қолына көшті. Астананың қытай халқы зәресі ұша бастары ауған жаққа қашты.
Тіпті Чаньаньда тұратын түріктер мен тонгралар да көтерілісшілерден қашты. Ашин бегі Цзун-ли бастаған олар Ордосқа бет алып, оңдағы көшпелілерді көтерді, оларды шабуыл жасап келе жатқан көтерілісшілердің тылы жағынан Шэньсиге лап қоюға көндірді. Бұл диверсия көтерілісшілер шабуылын кідіртіп, шын мәнісінде соғысқа жаңа күштерді әкеп салуға мүмкіндік туғызуы арқылы науқанның барысын шешті.
Батыс корпустары таққа адал күйінде қалды. Шофандағы командашы Го Цзы-и, Батыс өлкедегі командашы Ли Сы-йе және тақ мұрагері Ли Хэн қарсыласу күресін басқарды. Бірақ олардың күші аз еді, сондықтан тез арада көмек көрсетуді сұрап, көрші елдерге елшіліктер жіберді. 756 ж. қыркүйекте ұйғырлар мен тибеттіктер көтерілісті басу үшін өздерінің көмегін ұсынды. Бұл арада саяси мәселе өздерінің жеке мүддесімен тоғысты. Көтерілісшілерді жою император армиясын жойғандықты білдіретін еді, ал қытайдың ішкі жеріндегі соғыс бай олжаға дәмелендірді. Ли сы-йе өзінің тұрақты әскерлерімен бірге 5 мың хотандықтарды, шато түріктерін және «қара-көйлекті дашистіктерді» яғни аббасидтік арабтарды алып келді. Суцзун оңтүстіктен жартылай тағы мандарды тартты. 756 ж. қазан айыңда ұйғырлар жорыққа аттанды. Моянчурхан әуелі көмек беруге келіскендегі шарттарын ескертті: ол тату көршілік және туыстық келісімін жасасуды талап етті. Бұл келісім оның жалған тәуелділігін жойып, оны тең праволы одақтасы жағдайына қойды. Жаңа император Суцзун барлық шартты қабылдап, өзі ұйғыр бегінің қызына үйленді және оны «патшаның ақылды [білгі] әйелі» дәрежесіне көтерді. Осыдан кейін Моянчурхан Ань Лушаньға қосылған тонгра тайпасын талқандады, сөйтіп, 756 ж. желтоқсанда ХуЯнгу алқабында Го Цзы-имен қосылды.
Тонгра тайпасы арасындағы бөліну көтеріліс жаңғырығы далаға да жеткендігін көрсетеді. Тонгра көтерілісшілерінің басында империя генералы Пугу Хуай-эннің ұлы Пугу Бин тұрды. Генерал өзінің ұлын тұтқынға түсіріп, оны сатқындық жасағаны үшін өлтірді: азаматтық соғыстың мейірімсіздік сипат алуы оған қатысушылардың сезімін шегіне жеткізе қыздырды. Әйтсе де тонгра көтерілісінің сәтсіздікке ұшырауы тектен-тек емес: империяның далалық армиясын жою ұйғыр хандығын толық тәуелсіздікке жетуге дәмелендірді, ал осы мақсатқа жету үшін Тан әулетін аман сақтап қалып, көтерілісті жаншып тастау керек еді. Ұйғыр хандары мұны түсініп, мақсаттарын жүзеге асырды да.
Хан қытай қолбасшысын алдымен «қасқыр байрағына» тағзым өткіздіріп, тек осы әдет-ғұрыпты атқарғаннан кейін ғана оны өзіне жіберттірді. Қабылдау салтанатында өзіне берілген орынға риза болмаған ұйғыр елшісін император тақтық залға алып келуге әмір беріп, оны әлпештеп дәріптеді. Осыдан кейін ұйғыр тағының мұрагері — жабғы 4 мың іріктелген атты әскер алып келді. Қытай тағының мұрагері онымен бауырласты. Ақкөңіл ұйғырлар өздеріне көрсетілген мұндай құрметке көңілдері елжірей масаттанып, жарқын жүзді үй иесіне алғыстарын білдіруге асықты. Ұйғырлық атты әскерлер қимылына басшылық жасау үшін атты әскерлер генералы Пугу Хуай-энь тағайындалды. Хуай-энъ қытайшылдығы үшін туыстары өлтіріп тастаған бугу тайпасы агаманының ұлы болатын. Оны өлтірген адам өлтіріліп, марқұмның ұлына шен мен қытайлық тәрбие берілген-ді; ол өте талантты әрі сенімді адам болып шықты.
Алайда жатжерлік көмек қытай халқы үшін қымбатқа түсті. Бұл жөнінде Ду Фу былай деп жазды:
Имперлік гвардия — ретінде сөздік,
Тым батыл да шығар соғыста мүмкін.
Тек нағыз тағылығы сол солдаттардың
Туфандармен теңесе аларын ұқтым.
Естимін мен қытай халқы шырсуын,
Өліктер Ұлы өзенмен барады ағып.
Ал олардың тұтқындалған әйел, қызын,
Солдаттар жатыр, әне, азапқа алып.
Жалдамалы одақтастар жауларын да, достарын да аямады. Олар Қытайға баю үшін келді және осы мақсаттарына өздеріне белгілі бірден-бір тәсіл — тонаушылықпен дәйекті түрде жетіп отырды. Бақытсыз тұрғындар одақтастардан гөрі көтерілісшілерді артық көре бастады.
Сол аралықта көтерілісшілер қосында жаман хал орын алды. Ань Лушаньнің көзі көрмейтін болып қалды және содан ол ашуланшақ әрі мейірімсіз болып кетті. Өз бетімен титтей де бір әрекет жасауға барған қол астындағыларын ол балағаттап, ұрып-соқты, ал кейде тіпті өлім жазасына да тартты. Алайда өз беттерімен әрекет жасауды сүйетіндер батыл адамдар еді, сондықтан 757 ж. қаңтардың 30-на қараған түні кеңесші Янь Чжуан мен әтек Ли Чжу-эр қолбасшының шатырына кіріп, оны өлтіріп тастады. Кісі өлтірушілерге бұл өлімді қысқа мерзім ішінде жасыра салудың сәті түсті. Тіпті осы аралықта олар Ань Лушаньді император деп, ал оның ақылы кем ұлын соның мұрагері деп жариялап үлгерді. Бұдан соң императордың қаза тапқандығы туралы хабарлап, таққа оның ұлын отырғызды. Янь Чжуан жағдайдың қожасы болып қалды.
Осы уақыт ішінде үкімет армия құрып үлгерді: ұйғырлар, арабтар, хотандықтар, шато түріктері және бирмалықтар Қытайды қорғау үшін империяның тұрақты армиясына қарсы шықты. 757 ж. қыркүйек айында Фыншуй өзенінің жағалауында қарсыластар бір-бірлерімен кездесті. Ұйғырларға қолбасшылық жасаған Хуай-энь көтерілісшілер армиясын айналып өтті. Орағыту кезінде ол торуылшыларға кезігіп қалып, оларды соңғы салтаттысына дейін шапқылап тастады, сонан соң тыл жақтан соққы берді. Сол уақытта Ли Сы-йе хотандықтарға, арабтарға және шатолықтарға қолбасшылық жасап, көтерілісшілерді қақ маңдайдан соқты. Соңғылар тас-талқан етілді, олардың шығыны 60 мың адам деп есептелінді. Әрине, мұның өзі кәдімгі асыра айтушылық екендігі сөзсіз. Өйткені бұл науқан әлі біте қоймаған-ды. Егер бүлік шығарушы армия жеке құрамының шынында да 40 процентінен айрылған десек, онда бұлай болуы мүмкін емес. Бұл ретте оның өз тылын ұйғырлар мен қидандардан қорғау керек болғандығын да ескеру қажет.
Ши Сымин шығыс армиясын басқарып, Хэбэйді басып алды және имперлік қолбасшы-қидан кінәзі Ли Гуань-биді Тайюань бекінісінде қоршауға алды. Бекіністі қоршау оған көп адамға түсті, әйтсе де ол оны ала алмады. Сондықтан бүлікшілер астанасы әрі көтеріліс ордасы Фаньянға қарай шегінді Оның дербестігі мен тәуелсіздік әрекеттері Янь Чжуанның күдіктенушілігін туғызды. Янь Чжуан Ши Сыминді бақылап жүру үшін бірнеше офицерді жіберді. Бірақ шпиондарды оның жаны жек көретін. Сондықтан ол өзіне жіберілген бақылаушыларды қамауға алып, Фаньянмен және 80 мың жауынгерімен бірге өзіне берілетінін Суцзунге ұсынды. Ол бұл ұсынысты қуана қабылдап, Ши Сыминге көптеген құрметті атақтар берді, оны қолбасшы етіп бекітті. Хэнаньдегі көтерілісшілерді бір жола құрту ғана қалды. Фыншуй маңында жеңіске жеткен Хуай-энь ұйғыр, араб және бирма әскерлерімен Чаньаньді алды, сонан соң Шеньчжоуға кетіп, Синь-дяньнің керуен сарайы маңында бүлікшілермен шайқасқа түсті. Осы шайқастың нәтижелері жайында түпкі материалдар ұялып ләм демейді.
Бұл уақыттары ұйғырлардың дербес отряды Наныпаньнің оңтүстік беткейіндегі (сірә, Синин маңы) көтерілісшілер әскерлерін құртуға тапсырма алып; оны орындаған соң қайтадан солтүстікке қарай бұрылып кетті. Осы кезде онда Го Цзы-и армиясы қимыл жасап жүрді. Көтерілісшілер оны ығыстыра бастаған еді. Осыны білген ұйғырлар олардың тылына етіп, ту сыртынан соққы берді. Күтпегендік жағдай көтерілісшілер арасында дүрбелең туғызып, олар тым-тырақай қаша бастады. Янь Чжуан Лоянды тастап, Ань Лушаньнің ақылы кем ұлымен бірге Сары өзеннің сыртына шегінді. Осы арада ұйғырлар Қытайға не үшін келгендігін көрсетті: жаппай тонау мен зорлық-зомбылық басталды. Тұрғындар өздерінің «құтқарушыларынан» буддалық монастырьлерге барып жасырынды. Ұйғырлар екі монастырьді өртеп, 10 мыңға жуық адамды жусатып салды. Оларға жолсерік болып қызмет еткен қытайлықтар да табылды. Тек кәриелер ұйғырлардың көсемдеріне 10 мың кез жібек матаны алып барғаннан кейін ғана олар халықты тонауларын тоқтатып, елдеріне қайтып кетті. 757 ж. соғыс науқаны міне, осылай аяқталды.
Жеңіске жеткен Суцзун өзінің әкесін астанаға қайтарды, өкімет билігі мен тақты соның өзіне берді. Бірақ тағы да бірден таққа мұрагерлік төңірегіндегі сарай маңының қастық әрекеттері, даттау мен өсек-аяңдары қайтадан басталды. Жүріс-тұрысы жөнінде сөз жеткізіп тұру үшін Ши Сыминге де жансыздар жіберілді. Ши Сымин бұған шыдамай, олардың бәрін өлтіріп тастады. Ал мұның өзі үкіметпен қарым-қатынастың үзілгенін және көтерілістің қайтадан басталатынын білдіретін еді.
Бұл факті көтеріліс жасаудың түпкі негіздері қолбасшылардың атақ құмарлығында жатпағандығын көрсетеді, өйткені мұндай жағдайда олардың бірнеше жылдар бойына қол астындағы әскерлерді кескілескен қанды шайқастарға еліктіріп әкетуі мүмкін емес-ті. Сірә, тек Ши Сымин ғана емес, оның барлық жауынгерлері де қолдарына қару ұстап, ұрыс алаңында болғаннан гөрі сөз жеткізушілер мен бюрократтардың шеңгеліне түсіп қалудан әлдеқайда қатты қорыққан болар. Олар кешірім жасаймыз деген уәделеріне сенбеген-ау, сөйтіп, өзгермелі әскери бақытқа тағы бір рет ұмсынып көруді артық санаған-ау деп ойлауға болғандай. Сонымен, соғыс жаңа адуынды күшпен бұрқ ете қалды.
758 ж. ұйғырлардың қырғыздарға жортуылдаудан қолдары босамады және де оларды бір соғыс науқанында-ақ бағындырып алды. Осы уақытта көтерілісшілер қайтадан шабуылға шығып, соғыс қимылдары Хэнаньда өрістетілді. Императорға тағы да ұйғырлардан жәрдем сұрауға тура келді, әйтсе де ол бұл одақтастарының халыққа «көтерілісшілерден де асып түсетін адамгершілікке жатпайтын мінез көрсететінін» жақсы білетін.
Қытайды қорлау. Оқиғалар ұйғырлар үшін барынша қолайлы болып қалыптаса бастады. Қытайлықтарға жеңіс алып бергені үшін ұйғырларға жыл сайын 20 мың кез жібек мата беріп тұру керек еді. 758 ж. император өзінің кәмелетке толмаған қызын ұйғырдың қартайған ханына тұрмысқа шығарды, сөйтіп оның хандық құрметті атағын, яғни Ұйғырияның Қытаймен теңдігін мойындады. Император мен хан — немере аға-інілер деп жазылды. Бұған риза болған хан императорға 500 жылқы, бұлыңғыр терісін және ақ жүн мата сыйлады және мұнымен бірге көтерілісшілерге қарсы күресу үшін 3 мың салтаттысын жөнелтті.
759 ж-дың көктемінде Го Цзы-и және тағы сегіз қолбасшы Ань Лушаньнің ұлын Хэнаньдағы Иечэн қаласында қоршауға алды. Көтерілісшілер өздеріне келетін көмекті күтіп, мықты қорғанды және оларды құтқаруға Ши Сымин келді. Оның атты әскерлері жаудың тылын мазалады, арбалы керуендерін басып алып отырды, сөйтіп император армиясының біржолата діңкесін құртуға қол жеткізді. Ақырында қолма-қол шайқас басталды. Шайқастың қызған кезінде ұрыс алаңында ағаштарды тамырымен қопарған қатты дауыл — тайфун соғып, екі армия да басқарылусыз қалды. Солдаттар қаша бастады: көтерілісшілер солтүстікке, ал император армиясы оңтүстікке қарай қашты. Тәжірибелі қолбасшы Ши Сымин әскерлердегі тәртіпті бірінші болып қалпына келтірді, сөйтіп жауды өкшелей қуды. Го Цзы-и өзінің жан-жаққа бытырап кетіп, тонаушылықпен айналысқан солдаттарын жинай алмады. Ол Лоянды тастап шығып, батысқа қарай кетті. Ши Сымин Ань Лушаньнің ақылы кем ұлын өлтіртіп, 759 ж-дың мамыр айыңда өзін императормын деп жариялады.
Имперлік күштердің шығыстағы командашысы Ли Гуанъ-би Хэян түбінде көтерілісшілердің тоз-тозын шығарған еді. Алайда Ши Сымин оны талқандап, Хэян мен Хуайчжоу қалаларын басып алды. Онсыз да қалжыраған елдің барлық күшін тағы да қайтадан жұмылдыру керек болды.
Қытайлықтардың жағдайы мұның үстіне тағынан бас тартқан император Сюаньцзунның Чаньаньге оралып, өзінің ұлы, даңқты Суцзунды өкімет билігінен ығыстыруы салдарынан бұрынғысынан да қиындай түсті. Сюаньцзун патша-әке құрметті атағын қабылдап, алдымен Лоянда қоныс тепті, ал сонан соң Чаньань маңындағы батыс сарайына кешіп алды. Ол елді басқару ісіне белсене араласты және мұны негізінен өзін және әулетті аман сақтаймыз деп Ян гуй-фэйді өлтірген өзінің жақтастарымен есеп айырысу үшін істеді. Қартайған шағында ол мейлінше мейірімсіз болып кетті. Үш ұлын өз қолымен өлтірттірді. Мұның үстіне замандастарының пікірінше ол ақылынан алжасқан еді. «Барлығын өлтіріп, тек өзі ғана өмір сүргісі келді». Азамат соғысының сөне бастаған жалынын қайта лаулатуға Ши Сыминге бұдан артық, сірә, кім көмектесе қояр еді.
Бірақ әйткенмен де көтерілісшілердің шабуылы булығып қалды. Қытайлықтар Сычуаньда жатпай әскерге шақыру ісін қолға алды. Ду Фу жасөспірімдерді, мүлде дерлік балаларды майданға аттандырудың және соғысқа қызмет көрсетуші ретінде өз еріктерімен бара бастаған әйелдердің патриоттық танытуының жан түршіктіретін көріністерін өз өлеңдерінде қайғыра суреттеп жазады. Генерал Го Цзы-и әскерге жаңадан алынғандарды енді қамшының жәрдемінсіз үйрете бастады, сол себепті ол солдаттардың әкеміз әрі ағамыз деген сүйіспеншілігіне бөленді. Көтеріліс шығарушылардың отрядтары халық еріктілері бұқарасының қорғаныстық қимылдарымен маталып қалды, сондықтан соғыс тек Хзнаньда ғана ертіп, Шэньсяге өте қойған жоқ.
759 ж-дың жазында ұйғыр ханы Моянчур дүние салды. Тақ мұрагері — ханның үлкен ұлы қандай да бір теріс қылығы үшін өлтіріліп тасталды, сондықтан таққа оның екінші ұлы Идигань Мэуюйхан отырды. Ол Пугу Хуай-эннің қызына үйленген болатын, бірақ, тұтасынан екі жыл бойына ол Тан әулеті үшін күресте әлсіреген өзінің қайын атасын құтқаруға асықпады. Бұл кезде Ши Сымин қарап жатпады. Йечэндегі жеңісінен кейін ол сол кездері тибеттіктер бекіністі және Шань-чжоу қаласын (Ганьсудағы) басып алған батысқа қарай шабуылдады. 761 ж. сәуір айында оны астыртын әрекет жасаушылар өлтірді, ал көтерілісшілер әскерлерін оның үлкен ұлы Ши Чао-и басқарды. Ол ұйғыр ханына императордың қайтыс болғанын пайдаланып, қазына мен тақтың асыл байлықтарын оның иеленуі, ал өзіне елдің жері мен халқын қалдыру жөнінде ұсыныс жасады. Хан бұл ұсынысқа елігіп, оңтүстікке шабуылдауға дайын-ақ тұрған еді. Бірақ сол кезде Қытайдан елші келіп, оған таққа жаңа императордың, ұйғырлармен бірге 757 ж. көтерілісшілерді талқандаған Дай-цзунның отырғандығын сендіре хабарлағанда, ол бұл шешімінен дереу бас тартты.
762 ж-дың көктемінде ұйғыр әскерлері жорыққа аттанды және оның құрбаны енді кім болатынын ешкім де білмеді. Қытайда 100 мың ұйғыр шекараға келе жатыр екен деген қорқынышты қауесет тарап кетті. Ал шын мәнісінде ұйғырлар небары 4 мың саңдақ және 10 мың көмекші әскерлерден тұрды әрі әскер аттарын алмастыратын жылқы үйірлері болды. Олармен келіссөз жүргізу үшін Пугу Хуай-энь жіберілді және ол өзінің күйеу баласын көтерілісшілерге қарсы аттануға көндірді. Қытайлықтарға тақ мұрагері басшылық жасады , сөйтіп 762 ж-дың жазында ол Шаньчжоудан оңтүстікке таман ұйғыр әскерлерімен түйісті.
Хан өзін диктатор тәрізді ұстады. Тақ мұрагері оның алдында тағзым етудің ұйғырлық әдет-ғұрпын жасаудан бас тартқанда ол қытайдың екі мырзасын таяқпен өлтіре сабап тастауға бұйрық берді. Қытайлықтар бұл қорлағандықты іштеріне түйіп қалды. Ұйғыр-қытай әскерлері 762 ж-дың күзінде көтерілісшілерге дүрсе қойып, олардың армиясын күйрете жеңді. Ганмаға жүгінсек, көтерілісшілердің 60 мың адамы өліп, 20 мың адамы тұтқынға түскен. Қарашаның 20-да ұйғырлар Лоянға баса-көктеп кірді. Ши Чао-и Мочжоуда бекініп қалды, бірақ кейіннен онда комендантын қалдырып, өзі қосымша күш жинап әкелуге кетті. Комендант бекіністі Пугу Хуай-энге қолдан беріп қойды. Бұдан соң Фаньянның коменданты да берілді, сөйтіп, көтерілісшілердің ісі ұтылған іс болып қалды. Аңша қудаланған Ши Чао-и орманда жүріп асылып өлді, сонымен азамат соғысы тәмамдалды.
Қытай қирап-қаусаған күйде қалды. Ұйғырлар халықты тонап, селолардағы үйлерді қиратты, ал өлімнен аман қалған тұрғындар бүкіл киім-кешектерінен айрылып, үсті-басын қағазбен жапты. Халық санының кемуі мейлінше зор болды: жүргізілген санақ бойынша 754 ж. Империяда 52 880 488 жан, ал 764 ж. 16 900 000 жан тұрады деп есептелінді, әйтсе де бұл арада қорғаннан сыртқарғы иеліктердің үлкен бөлігі Қытайдан бөлініп кеткенін ескеру керек. Тан әулетінің мақтанышы — армия тұтастай қырылды, халық жасақтары мен жалдамалы отрядтар ғана қалды. Империяның идеясы толығымен күйреді: оны жүзеге асыру үшін енді күш те, қаржы да, ерік-жігер де болмай қалды. Азамат соғысының нәтижелері туралы қытайдың ұлы ақыны Бо Цзюй-и тамаша айтып берді:
Басталғалы сұм соғыс, тоғызыншы айда, бүкіл Сюйчжоуда,
Ұлыған жел сарнайды өлім әнін өзендер мен тауларда.
Тек көрем бір ғана Люгоудан, храмға кіре берістен,
Мүлде баяғыдай ақшаңқан бұлттарды төнген төбеден
Тибеттіктер шығысқа аттанды.
Ань Лушанънің көтерілісі тибеттіктердің іздегеніне айтары жоқ дөп келді. Өзінің таққа келуін кісі өлтірумен әйгілеген жаңа монарх Тиерондедан әуел баста қалжыратқан соғысты құрметті бітім жасаумен аяқтағысы келген еді, бірақ 755 ж. оның осы жөніндегі ұсынысын Империя қабыл алмады.
Алайда бұл — императордың қателігі еді және де оның өзі Қытайға қымбатқа түсті. Көтеріліс бұрқ етісімен азаматтық соғыс жүргізу үшін тибет шекарасында тұрған таңдаулы әскерлерді кері алып кетуге тура келді. Сондықтан тибеттіктер оп-оңай ғана Қытайдан Хэси мен Лунью батыс облыстарын жеті жыл бойына күшпен тартып алды.
763 ж. олар шабуылын жалғастырып жатқан еді. Тибеттіктерден, тогондықтардан (моңғолдардан) және дансяндерден (танғұттардан) құралған әскер Шэньсиге кіріп, өздерін ешкім күтпеген тура астананың өзіне жақындады. Екі күндік шайқастан кейін тибеттіктер өздерінің одақтастарымен қытай әскерлерін қашуға мәжбүр етіп, император тастап кеткен қалаға енді. Чаньань тонау мен қиратылуға душар етілді; ал оның шеткейлерінде жеңілістен кейін тым-тырақай қашқан қытай әскерлері халыққа тибеттіктердікінен де кем соқпайтын мейірімсіздіктер істеді. Әйтсе де тибеттіктер астананы тонап болысымен кейін қайтты, міне, бұл шығыстан келген қытай әскерлеріне тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Тибеттіктердің шегінуіне өздерінің ежелгі жауларынан Фян-сянь қаласын қорғай алған, сөйтіп тибет армиясының тылында қалып қойған шекаралық жауынгер қытайлықтар себепші болып, басты роль атқарды. Жергілікті халықтың қарсылығын тез арада басуға күші жетпеген тибеттіктер басып алушылығын енді Сычуаньға ауыстырды. Әуелгі кезде олар табысқа жетті, алайда 764 ж. оңтүстік қытай әскерлері тибеттіктерді жеңіліске ұшыратып, оларды шегінуге күштеп көндірді.
Майдандардағы жағдай тағы да тұрақтануға жақын сияқты еді, бірақ жаңа көтеріліс Қытайды тітіретіп, оны қайтадан шыңыраудың шетіне апарып қойды.
Батырдың тағдыры. Тан әулетін қолбасшы Пугу Хуай-энь сақтап қалғандығы Қытайдағы жұрттың бәріне анық еді. Бұл тағы кінәз әулетке адал қызмет етті, ал күші, батылдығы және таланты жөнінен оған ешкім тең келмеді. Оның өзі әрдайым алғы шепте шайқасты. Осындай шайқастарда оның қырық алты туысы қаза тапты. Жауға беріліп кеткені үшін ол өзінің ұлын әскери саптың алдына тұрғызып қойып өлтірді, өзінің екі қызын шалғай өлкелерге ханшалар орнына тұрмысқа берді және өзінің күйеу баласы — ұйғыр ханын астананы екі рет жаудан қайтарып алып беруге көндірді. Бірақ әр кімнің өз жауы бар дегендей, бірде Тайюань бекінісінің коменданты Хуай-эньнің басшылығында болған ұйғыр әскерлерін қабылдап, сый-құрмет көрсетуден бас тартты. Далалықтың көзқарасы бойынша ол осы нысымен мұны өлтіре қорлады. Өйткені шақжайлылықтың қасиетті әдет-ғұрпы бұзылды: өзі осы жердің қожасы бола тұрып, Хуай-энь ұйғырларды тамақ беріп сыйлай алмайтын болып шықты. Хуай-энь шағым әкелді, астанадан істі тергеуге әтек келді. Әтек пара алып, Хуай-эньнің сатқындық ниеті айқын деп сөз жеткізді. Өзіне жабылған жала туралы біліп, Хуай-энь әтек пен комендантты өліммен жазалауды талап етіп, бірақ іс соғыс аяқталғанша стол суырмасына салынып қойылды, ал сонан соң соттау үшін қолбасшы тергеуге шақыртылды. Алайда, Хуай-энь қытайдың мұңдай кездерді іс-әрекетін жете білетін, сондықтан бүлік көтеруді артық санады. (764 ж. мамырда).
Бастапқы кезде ол табысқа жете алмады: кенеттен шабуыл жасау арқылы Тайюаньды басып алу әрекеті тойтарыс тапты, ал оның әскеріндегі қытайлық бөлімдер Го Цзы-и жағына өтіп кетті. Дегенмен, Пугу Хуай-энь Хуанхэден өтіп, далалықтармен түйісуі мұң екен, оған еріктілерден көп әскер жиналды, ал 765 ж. ол тибеттіктер мен ұйғырларды өзіне көмекке шақырды. Олардың екеуі де шақыруға үн қатты. Пугу Хуай-энь өз одақтастарының мінез-құлқын жақсы білді, оларды біріктірмеді, сонда да Чаньаньге үш сапқа бөліп жіберді: солтүстіктен — дансяндар, батыстан — тибеттіктер, ал оңтүстік-батыстан — тогондықтар шабуылдады; ұйғырлар резервте болды, әне солардың соңынан Хуай-энь ордос әскерлерімен келе жатты.
Ұрысқа ең алдымен тибеттіктер кірді, бірақ .қытайлықтардың тас лақтырғыш машиналары мен қатты керілген садақтары олардың тегеурінін тоқтатып тастады. Көп адамынан айрылған тибеттіктер шегініп, ұйғырлармен қосылды. Келесі қысым түпкілікті болуға тиіс еді. Астана тұрғындары шетінен еріктілер болуы керек деп жарияланды, бірақ солардың қатарына алынғандардың оннан сегізі жан-жаққа қашып кетті, сондықтан тағылардан қорғанатын ешкім қалмады. Осы кезде Пугу Хуай-энь қайтыс болды.
Оның өлімі Қытайды сақтап қалды, өйткені тек есімінің жарқындығы ғана осыншама бір-бірлеріне мүлде ұқсамайтын тайпаларды біріктіріп ұстап тұрды. Тибеттіктер мен ұйғырлардың арасындағы жауластық жаңа күшпен бұрқ ете қалды. Көшпелілердің сыйлауына өзі де лайық болып үлгерген Го Цзы-и мұны оңды пайдалана білді. Ол қорықпастан ұйғырлардың қосына келіп, қытай императорымен одақтастығын үзбеуге олардың көзін жеткізді, бұл үшін сыйлар мен артықшылықтар болатынына уәде берді. Осы келіссөз жөнінде білген тибеттіктер арты жақсы емес бір нәрсені сезіп қалды, солайша ұйғырлардан бөлініп, батысқа бет алды. Ал мұның өзі өз кезегінде ұйғырларға ұнамады. Олар қытай қолбасшысының ұсынысын қабылдап, түнде жасаған шабуылдары кезінде тибеттіктерді талқандап жеңді. Хуай-эньнің жиені Пугу Минь-чень бағынып, кешірім мен шен алды. Хуай-эньнің қызы сарайға алынып, сонда хан қызы ретінде тәрбиеленді де, сонан соң оны ұйғыр ханына тұрмысқа берді. Хуай-эньнің өмірбаяны қытай тарихына сарай маңы жанжалдарының айыпталу үлгісі ретінде енгізілді. Әйтсе де бізді басқа нәрсе: қытайлықтар мен далалықтардың бір-бірлерін түсінбегендіктері мен бір-бірлерін жек көретіндіктері қызықтырады. Хуай-эньнің ісінен көрінген нәрсе парасаттылық емес, ал стихиялық құбылыс болды. Бір жағынан теңдесі жоқ еңбек сіңіргендік орын алса, екінші жағынан императордың ерік-жігері тұрды, бірақ осы екеуінің арасында аттап кетуге болмайтын жауластық тізбегі жатты. Осының салдарынан Тан әулетін жоғары дәрежеге көтерген далалықтар көтерілісшілер сапында бастарын өлімге тікті немесе далаға қашып, өздерінің күні кешегі жаулары — ұйғырлар мен қидандардан пана тапты.
Шайқалған су мен май өзінің сыбаға салмағы бойынша қабаттарға бөлінетіні тәрізді Тан империясы да солай жіктелді, сөйтіп Қытай өзімен-өзі болғысы келетін барлық бөтен қоспаларды жойып жіберді.
Бұрындары көне замандардың ұлы империялары қалай құлағаны және VIII ғ-дан соң жүз жылдан кейін Европада Ұлы Карлдың империясы қалай ыдырағаны сияқты «дүниежүзілік империя» тағы бір рет күйреді. Ань Лушань мен Хуай-эньнің көтерілістері Құтлуғтың көтерілісімен басталған кезеңді тұйықтайды. Бұл кезеңді ортаға тартқыш күштер мен сыртқа тепкіш күштердің арасындағы күрес уақыты деп атауға болады. Бұлардың соңғылары жеңіп шықты, бірақ, сірә, дәл осының өзі Шыңғысханның серіктері мінген, тағаланбаған женіл аттардың тұяқтары таптап тастағанша Орталық Азия бастан кешірген мәдени өсу мен гүлденуге зор мүмкіндіктер берген болар. Әйтсе де ол өзге ерекшеліктері мен өзге ырғағы бар жаңа дәуір және оны түсіну үшін жаңа кілт керек.
Тарихи панорама. Дәуір аяқталды! Тан империясының темір құрсауы қирады, сөйтіп, жүз елу жыл бойы сонымен құрсалған халықтар тарқап, әрқайсысы өздерінің даму жолына түсті. Қытайда «қайта өркендеу»41 және өзінің соны мәдениетінің орнығуы басталды. Тибет салтанат құрған буддизмді игеріп, оны өздерінің көзқарастары мен қажеттіктеріне бейімдеп жатты. Ұйғырлар желіге әуестенушілер «жетілгендерінің», несториан поптарының, будда монақтарының және мұсылман молдаларының уағыздарына құлақ түріп, өзгелердің мәдениеттерін қомағайлана бойларына сіңірумен болды. Өткен соғыстардың заулап аққан қандарымен жуылған дала тыныштықпен және қауқарсыз хандардың әлсіз үстемдігі астында біршама емін-еркіндікпен рахаттана бастады.
Соғдиана өле бастаған едігжеңген арабтар оның қайталанбас мәдениетін күл-талқан етіп, ешнәрсесін қалдырмады. Әйтсе де өртенген орнынан зор болашағы бар тәжік халқы құрала бастады. Батыс далалары қыпшақ пен қарлұқ семсерлерінің жарқылы алдында бас иді, ал Еділде батыстүрік хандарының ұрпақтары қуатты Хазар патшалығын құрды. Көшпелілік дәстүрлерін сақтай отырып, хазарлар мен қарлұқтар ісләмнің тегеурінін тоқтатты.
Мансурдың күшті қолымен сығымдалған халифат жаңа күшке ие болды; арабтардың тайпалық көсемдерінің озбырлығы аяқталды, сөйтіп, үстемдікке қолы жеткен парсылар Бағдат халифатының мәдениетін дамыту үшін жаңа көкжиектер ашты. 756 ж. бөлініп шыққан Испаниядан басқа орталықтандырылған жүйе Гибралтардан Памирге дейінгі жерлерді біріктірді және оның болашақтағы ыдыраушылығын ешкім де алдын ала болжай алмады.
Жеңімпаз Византия арабтар мен болгарлардың тегеурінін тоқтатып, иконға табынушылыққа қарсы күреспен тынышы кетушілікке душар болды. Кішіазиялық мәдениет пен әскери дәстүрлерге сүйеніп, Константин Копроним эллиндіктің соңғы іздерін қырып-жойды және оған ешнәрсе қарсы тұра алмайтын сияқты болып көрінді.
Батыс Европа даму жолына түсті: онда рим папасымен бірлесіп франктық король гегемон болды. Халықтардың ұлы қоныс аударушылығының жұрнақтары — лангобардтар, аварлар мен сакстар құр бекер қарсыласты; олардың күндері бітіп қалған еді, сондықтан Ұлы Карл 768 ж. таққа отырғаннан кейін өзіне дейінгі 140 ж. бұрын Тайцзун Ли Ши-минь әрекеттенгеніндей түрлі тайпалы империя құруға қам жасады. Ұлы Карлдың бұл әрекеті жеміссіз-ақ болсын, бірақ ол Европаның тағылықтан — соны мәдениеттің кең жолына шығуын белгіледі. Ал Лабтан Днепр мен Окаға дейінгі мүлгіген ормандарда дабылды күндері әлі алда тұрған славян тайпалары күштерін жинақтап жатты. Гүлденіп келе жатқан Ұйғырияны қоршаған дүниежүзілік жағдай, міне осындай болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *