КӨК ТҮРІКТЕР ӨЗДЕРІ ТУРАЛЫ (Л. Гумилев)

КӨК ТҮРІКТЕР ӨЗДЕРІ ТУРАЛЫ
XXIV тарау
Күлтегінге ескерткіш. Күлтегін мәйітінің өртелген күлі император Сюаньцзун жіберген қытай шеберлері тұрғызған тамаша ескерткішпен көмкерілді. Жоғарыда айтылғанындай, осы құрылыстың қираған орнын 1889 ж. Н. М. Ядринцев ашқан болатын. 1891 ж. оны В. В. Радлов206 зерттеді. Оған әртүрлі саяхатшылар талай рет келіп кетті. Және ақыр соңында Чехословакия мен Моңғол Халық Республикасының 1958 ж. Бірлескен археологиялық экспедициясы жұмыс істеген кезде ескерткішті зерттеген чех археологы Писл сит жайында егжей-тегжейлі жазды, 1958-ж.-ғы экспедиция ескерткіштің жоспарын жасады және оны шамамен алғандағы бастапқы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін бейне тұрқын суреттеп көрсетті.
Көлемі 80×40 метрлік бүкіл құрылыс шығыстан батысқа қарай созылған. Ол қақпалары алдына келіп тірелетін орлармен және үсті черепицамен (қатырма балшық) жабылған кесек дуалдармен айнала қоршалған. Ал ол дуалдары іші-сыртынан сыланып, әктелген. Қақпалар алдында — бір-біріне қаратылған қойлардың мәрмәр мүсіндері. Солардың артқы жағынан тас төселген жол мен артылған жаңбыр суы керамика құбырымен ағып барып құйылатын тоған тартылған. Соған жалғастырыла мәрмәрдан жасалған тасбақаның жонына (қытайдың мәңгілік символы) жазуы бар атақты ескерткіш құлыптас бекітілген. Археологтың пікірінше бұл құлыптас төбесі черепицамен жабылған павильонның ішіне орналастырылған болса керек; павильон қабырғалары сыланып, әктелген. Сол павильоннан жол Храмға тартады; жолдың екі жағынан бейнебір құрметті қарауылда тұрғандай, адамның табиғи шамасына сәйкес қалыпта төрелер мен қызметшілердің мүсіндері тізілген. Жоспарында храм шаршы тұ0рғыда өрілген, 10,25×10,25 м. Оның ақ қабырғалары қызыл безектермен өрнектелген; төбесі меруерт жиекті черепицамен жабылған; қабырғаларында айдаһарлардың күйдірген саздан істелген пішіндері бар. Храмның ішінен ошағымен бірге құрбан шалынатын жер және Күлтегін мен оның әйелінің мәрмәр мүсіндері орын тепкен.
Күлтегін мүсінінің басын табудың сәті түсті. Ол барынша шыңдық тұрғысынан сомдалған: моңғолдық кескіндері — бет сүйегінің шығыңқылығы, моңғолдық қабақ, төмен жатқан тік мұрын және көздерінің қиғаш бітімі оның нәсілі жағынан Ашин тұқымына жататындығына ешбір күдік келтірмейді. Басына бес тісті таж кигізілген, онда бүркітке ұқсас құс мүсіні бейнеленген. Күлтегіннің бет әлпеті алысқа көз салған жан тыныштығына берілген; сірә, мүсінші оны өлгеннен соң көрген тәрізді.
Күлтегін әйелі басының тек фрагменті (қалдық бөлігі) ғана сақталған, онан да моңғолдық кескін анық танылады: Әсіресе бұл әйелді жігерлі де табанды жан ретінде сипаттайтын оның қатты қымқырған еріндері тамаша-ақ.
Ескерткішке қарай пайдамдық тұзды көлден бастап тұтас 3 шақырымға балбалдар тізбегі созылады. Біздің кезімізге дейін 169 балбал бүтін қалыпты, бірақ олар бұдан көп болған сияқты. Кейбір балбалдар адамның тұрпайы сүлбесіне ұқсатылып қашалған, қолдары мен белі белгіленген. Қазылған ордың бойымен шығысқа қарай балбалдардың екінші тізбегі тартылады, бұл Йислдің олар қорған дуалын айнала қоршап тұрған деген жорамал жасауына дәлел болды207. Алайда, бұлар бәрінен де осында бұрын жерленуі мүмкін басқа марқұмға қатысты тізбек болар деген ой келеді.
Орхон текстері, оларды құрастыру мен жариялау уақыты. Біздің қарауымызда екі ескерткіш бар: кіші және үлкен екі жазудан тұратын Күлтегіннің құлыптасы және Селенгі бойындағы Тоныкөктің жазуы. Қытайдың Күлтегін мен Білгіханға арнаған, сонда, Орхон жағасында мәңгі сақталып қалған эпитафиялары (ескерткішке жазғандары) бұларға жарыспалы текст болып табылады. Екінші ескерткіш в фрагменттік (қалдық) түрде сақталып қалған, ал біріншісі *өзінің тұтастығымен өзіне айтарлықтай назар аудартады.
Басын ашып алатын бірінші мәселеміз — олардың жазылған уақыты. Күлтегіннің үлкен жазуында ескерткішті тұрғызудың дәл мерзімі қойылған: «мешін жылы (732 ж.), жетінші ай, жиырма жетінші күн». Қытай эпитафисы да сол мерзімді көрсетеді. Мазмұнынан көрініп отырғанындай, қытай тексті сол кезде, жерлеу мен қабір үстіне ескерткіш тұрғызу оқиғасына байланысты жазылған. Алайда бұл түрік текстін құрастырған немесе жариялаған кез емес, өйткені жазуда тарихи баяндау тек 716 ж. дейін ғана жеткізіліп, ең қызық жерінде үзіліп қалған. Күлтегін жасаған төңкеріс және оның немере аға-інілерін өлтіруі еске салынбаған және бұл, сірә, тегін емес. Осымен қатар жазу тексті 719 ж. кешіктірілмей құрастырылған, өйткені онда 720 ж-ғы ұлы жеңістер суреттелмеген әрі тіпті басмалдардың есімдері де айтылмайды. Демек, біз таста 732 ж-мен мәңгі есте қалдырылған текст 716 және 720 жж. аралығында, онан да дәлірегі 717-718 жж. құрастырылған деген қорытындыға келе аламыз. Ол кезде Білгіхан күйзеліске ұшыраған елді қалпына келтіре отырып, қалың жұртшылыққа үндеу тастаған. Бастапқы кездегі тарихи шошыма да, бектер мен халықты өсиеттеу де, Күлтегіннің қайтыс болғанына дейін, яғни 14 жыл ішінде текстке тек қана Күлтегінге арналған эпитафия қосылғанына қарамастан үлкен және кіші жазулардың бүкіл бағдарламалық сипаты да, міне осымен түсіндіріледі. Сірә, текстің өзі қайта өңдеуге жатпайтын әдеби шығарма ретінде қаралған болуы керек. Осыдан біздің мынадай қорытынды жасауымызға болады: халыққа үндеу шынында да Білгіханға жақсы нәтижелер берді, өйткені ол халық арасында әйгілене түсті — бүйтпеген жағдайда тас бетінде мәңгі қалдырған кезде текст міндетті түрде өзгертілер еді, яғни толықтандырылар еді.
Алайда бірде-бір тарихшы өз шығармасын нақты материалмен толықтыру мүмкіндігін пайдаланбай қалмас еді. Иоллығ тегін де ерекшелік жасаған жоқ. Білгіханның құлыптасындағы жазуға ол Күлтегінге жазғанынан қалып қойған шайқастар мен жорықтар жөніндегі барлық мәліметтерді қосты. Мұнда ол 700 ж. Танғұттарға жасалған жорық туралы, 709 ж. чиктерді бағындыру жөніндегі, 714 ж. Бесбалық түбінен түріктердің талқандалмаған жасақтарының шегінуі, 715 ж. Агу маңындағы тоғыз-татарлармен шайқасу, 716 ж. аяғында ұйғырларды бағындыру, 717 ж. татаптар мен қарлұқтарды жеңу, 720 ж. Лянчжоу маңында империя әскерлерін талқандау және қидандар мен татаптарға 721-722 және 733 жж. жасалған одан кейінгі жорықтар жөніндегі оқиғаларды еске салады. Әсіресе, 716 ж. төңкеріс пен кескілесу жөнінде бүркемеленген» әрі сумаң сөйлемдермен еске салуы назар аударарлық. Құлыптастағы бүкіл жазу осыдан басталатындықтан да текстің бұл жері неғұрлым мағыналы. Мұның есесіне ескіні қайталап жату қызғылықсыз болғандықтан да Күлтегін жазуында баяндалған оқиғалар жанды әрі толық етіліп осында жинақталған. Баяндау 734 ж. қайтыс болған хан ғұмырының соңына дейін жеткізілген, тіпті оның жерленуі «доңыз жылы бесінші айдың жиырма жетінші күні» [755 ж. жазы ] деп жазылғандықтан да одан әрі жалғастырылған. Сол уақытта жазу тексті «бір ай төрт күнде» құрастырылған. Бұл орайда Иоллығ-тегіннің тәжірибесі болды және жазушыларда жиі кездесетініндей, ол өзіне өзі еліктеді. Сонымен біз Білгіханның құлыптасындағы жазуды Күлтегіндегі жазудың жалғасы және соған қосылған қосымша ретінде қарастыра аламыз».
Күлтегін жазуы жазылған уақытқа Тоныкөк жазуы да жатады. «Білгі қаған халқына» үн тастағандықтан да ол 716 ж. соң және 720 ж. дейін құрастырылған, өйткені басмалдармен күрестегі дана Тоныкөктің сіңірген енбегі жөнінде бұл жазуда ешнәрсе айтылмаған. Оның үстіне жазу Тоныкөк қуғында жүргенде және халыққа үндеу тастауы арқылы өзінің еңбегін ханға мойындаттырып, өзін сарайға қайтаруына әрекеттенген кезінде құрастырылған. Оның бұған 719 ж. ғана. Сұлу Қытайдан хан атағын алғаннан кейін ғана қолы жетті. Олай болса жазу тексті 717-718 жж. құрастырылған, сөйтіп біз бір тақырыпқа сөзбен қақпайласушы екі жазудың сақталып қалуы сияқты сирек кездесетін оқиғаға тап болып отырмыз.
Үшінші құжат —»Онғын тасы»— айдаһар жылында , яғни 716 немесе 728 ж208, орнатылған. Білгіханның таққа отырғанына дейінгі, яғни 716 ж. дейінгі оқиғалар ғана суреттелгенімен, бірінші мерзім сенімсіз. Бірақ 716 ж. құрастырылған текст жартасқа 12 жылдан кейін ғана қашалып жазылды. Бұл ескерткіш қатты зақымдалғандықтан ондағы жазуды айырып, ғылыми айналымға қосу қиындыққа соқты. Әйтсе де текстің бұрынғы қалпына келтірілген қолда бар түрі оны осы жанрдың үшінші түрі ретінде Күлтегін мен Тоныкөк жазуларына жатқызуға мүмкіндік береді. Онда 719 ж. өлген (қой жылы) Алып Ілетміш мадақталған. Жазуда марқұмның ұлдары мен інілерше өзі 716 ж. төңкеріс кезінде шынайы берілген Білгіханға адалдықтарын сақтауы керектігі жөніндегі өсиеті айтылады. Бұл құжат өзінің бағыты жағынан Күлтегін жазуына жанасады.
Жанр. Үш жазудың үшеуі де түрік қоғамының қалың бұқарасына арналған үндеу іспетті. Және де бұл үндеулердің мақсаты ешнәрсемен бүркемеленбеген: халықтың көзін жеткізгілері келеді. Демек, жазулар — үгіттеу, яғни оларда тарихи материал іріктеліп келтіріледі. Соңдықтан «Таншуда» оқиғалар барысының жарыспалы түрде баяндалуы біз үшін ерекше бағалы. Бұларды салыстырып тексерген кезде оқиғалардың едәуір дұрыс баяндалғанына, бірақ толық еместігіне көз жеткіздік. Бұл түсінікті де, себебі үгіттік құжатта бейтараптылық тек қисынсыз ғана емес, сонымен бірге ақылға сыймастық. Осындай жанрдың көп болуының өзі түріктерде сөздің күшті ақиқатты шынайы күш болып есептелгендігіне сендіреді. Олай болса, бұл — дамыған қоғам еді және онда қоғамдық пікір өмір сүріп жатты.
Композиция. Жазулардың композициясын зерттеу қызықты қорытынды жасауға мүмкіндік. береді. Жоғарыда Иоллығ-тегін мен Тоныкөктің жазулары — қақпайлы құжаттар екендігі көрсетілді. Олардың композицияларын салыстыру бұған күмән қалдырмайды.
Бұл жағдайда барлық күшімен «бастықтарға жағынып қалуға» тырысатын Алп Ілетміш жазуы қызғылықты. Аталмыш жазу тарихты ресми түрде баяндаудан басталады; бұдан әрі ол өзінің атақ-шені бар туыстарын көрсетеді; мұнан соң ол өзінің Қапаған ханға да, Ілтерісханға да адал болғандығын атап көрсетеді, ал Білгіханға одан да адал екендігі даусыз. Ол тіпті балаларын да осы принципте тәрбиелейді. Қысқаша айтқанда, ол оқырманды өзінің ниеті түзу екендігіне сендірмекке тырысады. Сірә, бұл оған қажет те болған шығар, өйткені Қадаз маңындағы шайқастан кейін әскерге қолбасшылық жасауды Күлтегіннен басқа ешкім де емес, дәл сол қабылдап алды. Ол Мочурдың тірі қалған жақтастарының бірі еді
Иоллығ-тегін
1. Автор оқырмандарға хан мен оның серіктерін таныстырады (§ 1-2).
2. Ілтеріс пен Қапаған хандардың соғыстарын қысқаша санап өту (§ 3-4).
3. Қытай мәдениетін сынау (§ 5-6).
4. Халықтың құлқын сынау1
5. Ханның халық алдындағы еңбегін көрсету (§10): Қаған болып мен жарлы халықты көтердім, оны бай еттім, көп халық еттім. Менің сөзімде шындыққа жанаспайтын бір нәрсе бар ма, сірә?».
6. Жазудың кімдерге арналғандығы: „Түрік бектері мен халқы біліп қобыңдар…» — және автордың қолы: „Бұл жазуды жазған оның немересі Иоллығ-тегін» (§13).
Білгі Тоныкөк
1. Автор өзін таныстырады: „Мен дана Тоныкөк …» т. т. (§ 1).
2. Бірінші қағанат тарихына шолу жасау (§ 1-3).
3.Құтлуғ таланттарын сынау (§ 4-7).
4. Халықтың аздығына сілтеме (§ 6).
5. Тоныкөктің өзі басқарған жорықтарын санап шығуы (§ 8-48): „Мен әскерлердің қолбасшысы болдым, мен күндіз дамыл таппай, түнде ұйықтамадым, өзімнің қызыл қанымды төгіп, өзімнің қара терімді сорғалаттым, мен халыққа жұмыспен күш бердім және ұзақ әскери шапқыншылықтарды мен өзім бағыттап отырдым».
6. Автордың қолы және жазудың кімдерге арналғандығы: Мен дана Тоныкөк Білгі қағанның түрік халқы үшін жазуға бұйырдым: Ілтеріс қағанның және дана Тоныкөктің тырысушылығы арқасында міне, Қапаған қаған мен түріксир халқы өмір сүруде (§ 61).
Алп Ілетміш
1. Автор өзінің бүкіл ру тарихын береді (§ 3-4).
2. Тарихқа шолу жасау (§ 1-3).
3. Адалдығына акт беру: „Мен Қапаған мен Ілтеріс елі үшін тәрбиеленгем (§ 3-4).
4. Халықтың мінез-құлқын қатал айыптау (§ 6-9).
5. Өз әкесінің (§ 5-6) және өзінің (§ 10) шын бағынғандығын көрсету.
6. Жазудың кімдерге арналғандығы: Білгіханға адалдықтарын сақтау жөнінде балаларына өсиет айту (§ 3) және ұлының жерленген әкесіне үн қатуы (§ 4).
Сонымен біз осы бір ғана материалды диаметриальді ( қарама-қарсылықта баяндау кезіндегі композициялық қайталаушылықты көріп отырмыз. Иоллығ-тегін ханды көкке көтере мадақтайды; Тоныкөк хан ақылды емес еді, «семіз өгіз қайсы және арығы қайсы екенін білмейді» деп тікелей көрсетеді. Иоллығ-тегін қытай мәдениетін сөгеді. Тоныкөк өзім сонымен тәрбиеленгенмін және ол өзіме зиян келтірген жоқ деп мәлімдейді. Иоллығ-тегін бектерді сатқындыққа бейім тұратындығы үшін сөксе, Тоныкөк оған қарсы шығады: «өзімнің түрік халқыма мен қаруланған жауларды жібергенім жоқ және сайманданған атты әскерлерді әкелмедім» дейді ол.
Мұндай мысалдарды көп келтіруге болар еді, бірақ осы да жетеді. Орда ішіндегі екі партияның : қуғындалған ханзадалар мен қолы жетіп үлгірген ақсүйектердің сөзбен қақпайласуларын білдіретін болғандықтан Иоллығ-тегін мен Тоныкөктің жазулары тек өзара байланыста зерттелуі мүмкін.
Тоныкөк Білгіханмен татуласқан кезде ол басқаша сөйлей бастады: «Могилянь орданы дуалдармен қорғап, Будда мен Лао-цзыға храмдар салмақ болды. Тоныкөк былай деді: «түрік халқы өзінің саны жағынан Қытайдағы халық санының жүзден бірімен де теңесе алмайды, сондықтан ол мемлекетке қарсы тұра алмақ емес. Мұның себебі түріктер шөп пен судың соңында жүріп, өздеріне тұрақты мекен таба алған жоқ және әскери істермен ғана шұғылданады. Күштілер — иелену үшін алға ұмтылады, әлсіздер — бас сауғалап, жасырынады. Тан үйінің әскерлері көп, бірақ пайдаланатын жер жоқ… Оның үстіне Будда мен Лao-цзы ілімі оларды адамгершілікке, адалдыққа тәрбиелеп, жаугершілікке икемсіз, әлжуаз етеді.
Қулық-сұмдықты хан сарайы өзінің иелеріне ұнайтын және сол кездегі саяси қалыпқа сай келетін әуенге басты, ал Білгіхан тұсындағы мұндай ахуал қариялар ақыл-парасатын мойындау еді. Тоныкөктің сарай маңындағы ептілігі жазудың өзінен-ақ көрінеді. Мұнда ол өлген хандардың барлық даңқын ұялмастан өзіне тіркейді. Ал тірілері жөнінде: «Білгі қаған түрік-сир халқы мен оғуз халқын биікке көтерді» деп жазады.
Күлтегіннің үлкен жазуы екі тақырыптық баяндаудан: 550 ж. бастап 718 ж. дейінгі түріктер тарихынан және Күлтегінге арналған некрологтан тұрады. Баяндау Білгіханның өзінің атынан айтылады, бірақ оны ең дұрысы Иоллығ-тегін жазған. Идеологиясы жағынан алғанда үлкен және кіші жазулардың мағыналары бір тектес.
Бірінші баяндау дүниенің жаратылыуынан басталады; сонан соң алғашқы хандардың сіңірген еңбектері мен Бірінші қағанаттың құлауы жөніндегі еске түсіру кетеді. Түріктерді Тан империясына бағындыру тарихы мейлінше қысқа, бірақ айқын айтып берілген және бір сөйлеммен Фунян көтерілісі жайында еске салынған. Осыдан кейін құтқарушы Ілтерісхан көрінеді; автор ол үшін мақтау сөздерін аямайды. Қапаған ханның соғыстары тым қушитылып жіберілген. Ал бұдан соң «қағанға байланысты опасыздық» жасаған, сөйтіп, оның «ұшып кетуіне», яғни өлуіне кінәлі болған халыққа ақыл айту орын алады. Текст Білгіханның өзінің сіңірген еңбектерін (әскери жағынан гөрі, ішкі құрылым саласындағы) әңгімелеумен біткен. Тағы да 720 ж. соғыс және басмалдар туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Сондықтан текст 720 ж. дейін құрастырылған деп есептеу керек. Бірақ онда жаулардың қатарында қидандар мен татаптар еске алынғандықтан, үлкен жазу кіші жазудан және Тоныкөк жазуларынан соң бір жылдан кейін, яғни 718-719 жж. жазылған-ау деп ойлауға болады.
Бұл бөлігінде Күлтегін жазуы композициялық және идеологиялық жағынан Иоллығ-тегіннің жазуын қайталайды. Сондықтан мұның біріншісі кіші жазу болып, оған Тоныкөк жауап қатқан-ау, ал жауап қату үшін оған үлкен жазудың тексті құрастырылып берілген шығар деген ой келеді. Алайда бұл тек болжал ғана.
Екінші бөлігі — Күлтегінге жазылған некролог. Әкесі Құтлуғ қайтыс болған кезде аудармашының шамамен көрсетуі бойынша Күлтегін 7 жаста еді деп жазылғанын, бірақ бұл дұрыс еместігін, өйткені ол кезде, 693 ж. Күлтегін 9 жасар болғанын, ал мүмкін тіпті 10 жасқа толғанын атап көрсету керек26. Бұдан әрі 700 ж-дан 716 ж. дейінгі жорықтар егжей-тегжейлі суреттелген. Күлтегіннің өлтірген жауларының саны және оның тұлпарларының аттары берілген. Сірә, текстің бұл бөлігі 716 ж. Күлтегін тудырған кескілесуден кейін оны ақтау мақсатында 717 ж. құрастырылған болуы керек. Сондықтан да оның сыртқы жаулармен күресудегі ерліктері соншалықты мұқияттылықпен жазылған. Бұл текстке Күлтегінді жоқтайтын және оның жерленуін суреттейтін «құйрық жапсырылған». Күлтегіннің 716 ж. жасаған соңғы ерлігі мен оның 731 ж. қайтыс болуы арасында ешқандай қисынды байланыс жоқ оның есесіне ешнәрсемен ақталмаған, 15 жылға созылған хронологиялық үзіліс орын алған. Мұны тек бұрыннан дайын әдеби шығарма — тірі кезіндегі мадақтың құлыптас жазуы ретінде лайықталып пайдаланылғанымен ғана түсіндіруге болады. Бұл үшін соңғы жағы өзгертілген. Жазу Күлтегіннің қайтыс болған мерзімін белгілеумен және оның жерленуін суреттеумен тәмамдалған. Үгіттік үндеу текстері келешек ұрпаққа өсиет үшін мәңгі есте қалдырылған. Сөйтіп, сөзбен қақпайласу сарынға айналып кеткен.
Жазулар түпкі материал рөлінде. Енді өзіміз үшін неғұрлым маңызды сұраққа көшейік: жазуларда баяндалған жәйттерге сенуге бола ма және оған қандай дәрежеде сенуіміз керек? Біз жоғарыдан білгеніміздей, ол жазуларды әділетсіз және шындықты айқындауды емес, оны өз мақсаттарына жетуді алдарына міндет етіп қойған адамдар құрастырған. Сондықтан Иоллығ-тегін мен Тоныкөктің берген бағалары әділетті баға бола алмайды. Оқиғалардың барысы да толық баяндалмаған: «Таншуда» көрсетілген бірқатар фактілер жазуларда еске де алынбаған. Бірақ, сонымен бірге жазуларда VIII ғ-дағы түріктер мәдениетін біздің көз алдымызға елестетін көптеген мәліметтер бар. Олардың діні, тарихтық және географиялық танымы, олардың идеалдары, ұнамдары, ең ақырында жауынгерлік тактикасы мен оны ұйымдастыру жүйесі жазуларда қытай мәліметтерінен асып түсетіндей жеткілікті бейнеленген. Жазуларды құрастыру кезінде қандай да бір жәйттер жалпыға мәлім әрі талас тудырмайтын болғандықтан, олар жайында жол-жөнекей еске салынады да, сол арқылы фактілерді әдейі бұрмалаушылыққа жол берілмейді. Бұларға сенуге болады, сондай-ақ жазулар негізінде түріктер мәдениеті мен идеологиясының очеркін құрастыру қиын емес.
Қағанат тарихының саяси және стратегиялық проблемалары жоғарыда талданған болатын және де дәлдеп түзетуші түпкі материал ретінде бұған «Таншу» тартылды. Сондықтан біз ол жағын енді қозғамаймыз, ал барлық назарымызды түріктердің рухани өмірінің осы уақытқа дейін біздің көңілімізден тысқары қалып келген жақтарына және қағанаттың апат болуы қарсаңындағы көне түрік мәдениетінің сонылығына аударамыз.
Соғыс. Екінші түрік қағанаты әскери мемлекет болды, сондықтан соғыс Күлтегін жазуында аса жақсы бейнеленеді. Ұрыс тактикасы сияқты, түрік батырының кескіні де «Роланд туралы жырдағы» серіні барынша еске түсіреді. Шайқас тағдыры ауыр қарулармен жарақтанған салтаттылардың лап қоюымен, олардың бір-бірінен ара қашықтығы едәуір болғандығы соншалық, іс жүзінде әрбір жауынгер өз еркімен әрекет ететін самсыма саптың селдей аққан көшкінімен шешілетін. Сондықтан ұрыстың табысты болуы әрбір жауынгердің жеке дайындығына байланысты еді.
Бұл жөнінен Күлтегіннің айрықша үздік шығып отырғаны жоғарыда айтылды да. «Қүлтегін Байырқудан әкелінген ақбоз айғырға мініп, шабуылға шықты, бір ерді ол садағымен атып жаралады, екеуін найзасымен түйреп тастады. Осы шабуыл кезінде Байырқудан әкелінген ақбоз айғырын мертіктіріп алды — оның қабырғасын сындырды». Осыдан кейін ол Башгу күлгін торысына мініп, түркештердің сапына бұзып-жарып кіреді; Шалшы ақбоз атымен ол екі қарлұқты түйреп өлтіреді. Ізгілдермен шайқаста ол Шалшы атын жоғалтып алып, ақбоз Азманмен алты оғузды найзалап тастаған және семсерімен жетіншісін шауып өлтірген. 716 ж. орданы қорғап, ол «ақбоз Отукен жеті қарсыласын түйреген, сөйтіп, орданы жауына бермеген.
Сонымен, жекпе-жек — сол уақыттағы ұрыстың маңызды бөлігін құрайтын. Егер батырлар қашанда онша көп бола бермейтінін ескерсек, мұндай тактика жағдайында батырды саптан шығару оңдаған қатардағы жауынгерді шауып тастағаннан гөрі көп пайдалы екендігі өзінен өзі түсінікті. Батырлар әскерлердің саңдақ тобын құрайтын және олардың өлімі, әдетте, сапта үрей тудырып, оны жеңіліске ұшырататын.
Әйтсе де ұрыс жүргізудің бұл қарапайым тәсілі орағытып өту айласын жоққа шығармайтын (найза бойламайтын қалың қар үстімен өткен және Ертіс өзені арқылы жүзіп өтіп шыққан бас айналдырарлық жорықтарды еске түсірейікші). Түрік әскер бастықтары кенеттік факторын кеңінен пайдаланды.
Жекелеген әскерлердің адам санын ең болмағанда шамамен анықтаудың мүмкіндігі жоқтығы өте өкінішті. Біз қытайдың оларды асырып көрсетуіне сенбеуіміз керек — ен далада жүздеген мың әскерді асырап отыру оңай емес. Тоныкөк жазуында Ярыш даласындағы түркештер әскерінің саны 100 мың адам болды деп көрсетілген. «Мұны, әрине, сөзбе-сөз түсінбеу керек. 100 мың деген —»сансыз көп». Екінші бір жерде Тоныкөк 697 ж. Отукен тобырындағы түріктердің күші 2 мың адам болды деп, оны өз бетінше кемітіп көрсетеді. Алайда, сол арада-ақ ол әскерлердің екі жасағы болғанын айтып отырмын деп түсінік береді.
Соғыс кезіндегі қатыгездік күшті болды — әйелдерге де, балаларға да аяушылық жасалмады. Олар масқаралық құлдыққа түсірілді немесе жай ғана өлтіріле салды. Әдетте, дамудың ерте сатысында тұрған халықтарда тайпааралық соғыс кезінде әйелдерге ешкім тимейтін болған.
Идеология. Қағанаттың ресми идеологиясы: қытай мәдениетін мойындамау және көршілерінен өздерінің артықтығың ұғыну сияқты екі принципке сүйенді. Осы екі принциптің екеуі де өте жүйелі түрде жүзеге асырылып отырды және көк түріктер мемлекетінің қайта тууы сияқты оның апатқа ұшырауына да себепші болады.
Бірінші мәселе бойынша Иоллығ-тегін мен Тоныкөк бір пікірде. Иоллығ-тегін былай деп жазады: «Бізге соншама көп алтынды, күмісті, спиртті (немесе астықты) және жібекті шектеусіз беретін табгач халқының сөздері тәтті, ал асыл заттары жұмсақ болды, тәтті сөздерімен және сәнді асыл заттарымен қызықтырып, олар шалғайда өмір сүрген халықтарды аса күшті еліктірушілікпен өздеріне тарта білді. Келгендер болса соларға жақын қоныстанып, сонан соң ақымақтық данасуларын бойларына сіңіре берді».
Бұл «данасу» дегеннің не екендігі Күлтегінге арналған жазуда түсіндірілген: «…табгач халқы тарапынан болған арандатушылықтың әрі алданушыларды алдаудың салдарынан және оның қызықтырып еліктіруінің салдарынан, сондай-ақ олардың [табгачтардың ] інілерді ағаларымен араздастырып қоюының және халық пен басқарушылардың бір-бірлеріне қарсы қаруландыруының салдарынан — түрік халқы өзінің өмір сүріп келген елін кері кетуге жеткізді». Тоныкөк қысқа қайырады: «Мен өзім, дана Тоныкөк, табгачтар мәдениетінің ықпалында тәрбие алдым… Хан: «маған қосылыңыз» деді. Мен, дана Тоныкөк, оған келіп қосылдым». Тоныкөк таңдау жасады, сөйтіп дала үшін қаланы тастап кетті.
Түріктердің идеялық бағыты бар болғандығын қытай жазуы да атап көрсетеді, оны жаугершіл ескішілдік деп атауға болар еді. Өзінің абыройын сақтау үшін ол жазу қытай мәдениетін жақтырмаушылыққа мейлінше созалаңқы түсініктеме ұсынады: «Оның [Күлтегіннің ] туыстарына деген ізеттілігі, баршаға деген достық пейілі шалғай елдерге мәлім болды оның ұлылығы мен рақымшылдығы оны өзінің әдет-ғұрпын өзгертуден қорқытты». Тым қышқылтым болғанымен бұл сыпайы түсіндірме тек бөтен мәдениеттен саналы түрде іргесін аулақ салып, оған өзінің ескі әдет-ғұрпын қарама-қарсы қоюы фактісін қуаттайтындығымен ғана аса маңызды.
Осы тұсының төтенше маңызды болатын себебі: мұнда тек мемлекеттердің күресі ғана емес, сонымен бірге мәдениеттердің күресі, екі дүние таным мен дүние тану жөніндегі түсініктердің күресі бар. Ұлы дала өз манифесімен қытай болмау, ал тек өзінше болу құқын мәлімдеді. Мұндай күрес тіпті хунндық Модэшанью уақытынан бері қарай созылып келеді, бірақ мұнда ол құжатта қисынды мазмұндалып жазылып қойылған. Қытайдың ырқына берілмеу үшін орасан зор күш-жігер жұмсау керек болды, әне соны Құтлуғ, Тоныкөк, Күлтегін және Иоллығ-тегін сықылды көк түріктер жүзеге асырды.
Әйтсе де, қытай садақасынан айрылдырып, қалта түбін қақтырғанымен бірінші принцип көк түріктер еліне бағынған көшпелілер арасында әйгілі болса да, екінші принцип түгелімен қабыл алуға келмейтін еді және тіпті қорлағандық саналатын. Өз ішіңде біртұтас түрік елі оның негізін қалаушылардың идеясы бойынша өзге тайпалардың үстінен билік жүргізуге тиісті болатын. Тоныкөк өзінің сіңірген еңбегін атап көрсеткенде, ол бүкіл өмірі бойы «жаңа иеліктер таптым» және «түрік халқын жоғары дәрежеге көтердім» дейді. Түрік ханы орнатқан «тәртіптің» мәнісін «біздің құлдар құл иеленушілерге, ал күңдеріміз күң иеленушілерге айналды» деп түйеді.
Білгіхан былай деп мәлімдеді: «Туфань (Тибет патшалығы) иттерден тарайды, ал Қидан мен Хи менің кіріптарларым». Түркештер ханын түріктер өздеріне тәуелді деп санады, сондықтан Чаньаньдағы бір тойда түрік елшісі түркеш елшісінен төмен отырудан бас тартты. Түріктердің менменділігі өздерін даланың ұйымдастырушысы және онда өзіндік соны мәдениет құрушы санайтын түсініктерінен туындады. Бірақ бұл түсініктері қол астындағыларын қанаумен және тіпті олардың өндіріс құралдарын еріксіз иеленулерімен байланыстырылды. Ал мұның өзі қол астындағыларды мұндай қанаушылықтан құтылу жолын Империямен одақтасудан іздеуге мәжбүр етті, және сол қадам Қағанаттың апатқа ұшырау тағдырын күні бұрын шешіп қойды. Әйтсе де, көк түріктер ұзын найза, өткір қылышпен уағыздаған мәдениеттің қандай болғандығын көрейік.
Тарих. Өз тарихын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес. Егер басқалардан алынып пайдаланылмаса, жыл санау дәуірі этногенез (халықтардың шығуы) тарихи процесінің басталғанын білдіреді, яғни, сол мерзімнен былай қарай белгілі бір халықтың өмір сүре бастағандығы есепке алынады, оған дейін болып өткеннің бәрі сол халық үшін тарихтан бұрынғысы болып табылады.
Түріктер өздерінің өмір сүре бастағанын әлемнің жаратылуынан бері қарай есептеп келді, бірақ олар дүние оншалықты көне емес деп ойлады. Күлтегін жазуы тарихи шолымадан басталады: «Жоғарыда көк аспан және төменде құба жер жаратылғанда [немесе пайда болғанда] сол екеуінің арасынан адам баласы жаратылған [немесе шыққан] болатын. Адам баласы үстінен менің ата-бабаларым Бумын қаған мен Истеми-қаған салтанатты отырды». Сонымен, дүниенің басталуы дәл біздің жыл санауымыздың VI ғ. деп белгіленген. Демек, оның тұсында дүниенің жаратылғанына не бары 200 жыл ғана болған. Бұл арада бәрінен бұрын Орта Азиядағы хунндық саты үзіліп қалғандығын атап көрсету керек. Шыңғысхан моңғолдары түріктер жөнінде ешнәрсе білмегені сияқты хунндардың ұрпақтары түріктер де өздерінің ата-бабалары жөнінде ешнәрсе білмеген. Егер біз Хунну мен түрік қағанаты арасындағы және қағанат пен Шыңғысхан империясы арасындағы дәстүрлердің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азияның тарихы бізге түсінікті бола алмайды. Бұл үзілістерде ғылымға, ағарту ісіне қарсы тұрушылық кезеңдері жатыр.
Ал қытайлар үшін тарих оқиғалардың үздіксіз тізбегін құрайтын түзу сызық сықылды көрінетін. Сондықтан құлыптас жазуындағы қытай тексті мүлде басқа тарихи концепсияны (көзқарас жүйесін) алға тартады. Сірә ол да өз позициясын насихаттауға есептелген болуы керек. Ең алдымен тек Инь және Ян деп аталатын соқыр күштердің ойындарынан ғана үзілген адамзаттың әуел бастапқы қоғамдастығы жарияланады. Мұндай көзқарас Тан әулетінің императорларына барынша ұнайтын, өйткені олардың қай-қайсысының да күш-жігері тек әуел бастапқы сол рахат өмірді қайта қалпына келтіруге ғана жұмылдырылуда деп есептелетін. Онан соң түріктер хунндардың ұрпақтары ретінде аталып, хунндар Қытайдың бағыныштылығында болған кезең баса айтылған және оның өзі жалпы алғанда екі халықтың тарихы үшін кездейсоқ оқиға ғана болған еді деп көрсетілген. Бұл арада жазудың тек білімі жоқ оқырманға ғана есептелгендігі бірден байқалады. 630 ж. бірінші түрік қағанатын жаулап алушылық тәртіпсіздікті жою үшін жасалған қадам ретінде ғана алға тартылған және де жауынгерлік ерліктер ескерусіз қалған. Қағанатты қайта қалпына келтіру мен одан кейінгі соғыстардың тарихы сыпайыгершілікпен ұмыт қалдырылған, бірақ «басып кірушілік пен мазалаушылық енді тиылған, садақ пен жебе қорамсағына салынған, оларға [түріктерге] менің [императордың] қамқорлығым қажет болмаған, біз олардан алдаушылық көрмеген» бейбіт қарым-қатынастардың орнатылғандығы көрсетілген. Одан әрі «қаған бейнебір менің ұлымдай» делінеді, яғни, жүзеге асырудың сәті түспеген тәуелді етудің емес, ал «жақсы көрушілік пен қошеметтеушіліктің» формасы белгіленеді.
Тарихи келешек сол заманғы саяси бағыт принциптерін негіздеу үшін жұмылдырылған болатын, бірақ, әрине, қытайлықтардың өздері Күлтегін құлыптасының жазуын тарихи шығармалар санатына жатқызған жоқ. Біз үшін басқа нәрсе — VIII ғ-да ғылми-тарихи сөз қақпайласулардың орын алғандығы және оның сипаты аса маңызды. Түріктердің өз тарихына көңіл бөлушілігі қытайдікінен мүлде өзгеше.
Екінші бір қызықты жағдай — құлыптас жазуы мен қытай мәліметтеріндегі түріктердің пайда болуы жөніндегі түсіндірменің шындыққа жанаспайтындығы. Қытайлықтар бізге екі аңыздық мағлұмат жеткізеді, олар бойынша түріктер жас ханзада мен қаншық қасқырдан пайда болған. Жазуда аңыз немесе ертегі деудің орнына, qylyn — болған, болуы керек деген етістік қойылған.
Құлыптастағы қытай жазуы этногенездің (халықтардың шығуының) дәл осы мағлұматын қайталайды, оны аңыздардың көне жазуларынан артық көреді. Енді түріктердің пайда болуы «батырлары көп шыққан» Динлин елімен байланыстырылады , яғни, құбылысты ұғыну жергілікті табиғаттың қасиетін көрсетумен анықталатын жабайы-материалистік тұрғыға келтіріледі. Екі жағдайда да түріктік көрсетулер жазып қойылған шығар деп ойлауға болады, мұның өзі түріктерде ғылыми ойдың дамығандығын көрсетуге негіз қалайды. Өзінің сол кезге дейінгі 200 жылдық тарихы аралығында олар, сірә, дүние танудың аңыздық, бейнелік асуынан өтіп, тарихтық әрі тиімділік түріне құлаш ұрған тәрізді.
Бұдан кейін Бірінші қағанаттың тарихы тым үстірт баяндалады. Алайда, таққа мұрагерліктің түріктік «сатылық» тәртібі атап көрсетілген: «Олардан кейін солардың інілері қағандар болды, ал онан соң осылардың ұлдары қағандарға айналды». Одан әрі «басқарушылар мен халықтың қыңырлығына» және табгачтардың «еліктірулеріне» байланысты өкініш білдіріледі. Түрік халқы «өз елінің берекесін кетіргендері және қағанды өлуге душар еткендері», осының салдарынан өз еңбектері мен күштерін 50 жыл бойы табгач халқына беруге тиіс болғаны үшін айыпталады. Бұған байланысты жазу табгачтарды кінәламайды, өйткені олар жаулары ғой, демек, зиянкестік істеуі керек, ал олай болса олар тиісінше жасап отыр және ешнәрсеге жазықты емес. Бірінші қағанаттың тарихы, міне осымен аяқталады. Әйтсе де жазудағы тарихи мәліметтердің жұтаңдығын жалпы білімсіздіктің салдары деп қарамау керек. Бәлкім, осы жазумен бірге біз таба алмаған немесе жоғалып кеткен басқа мазмұндағы текстер болған шығар. Өйткені, руналық жазу текстерінің көп бөлігі ағаштарға жазылып, ол ағаштар шіріп кетті ғой.
Тарихтың хронологиясыз баяндалуы мүмкін емес. Белгілі бір мерзімді уақыттан ұзақ мерзімді уақытқа өту — жабайылықтан тарихқа өту деген сөз. VI ғ-да түріктерде жыл есептеудің «айуандық циклы» қабылданды, яғни әрбір жылға аңның аты беріліп, 12 жылдан соң олар қайталанып отырды. Уақытты осылай есептеу Орта және Шығыс Азияның барлық халықтарында қазірде де бар. Айуандық циклдың шығуы ерекше әрі әзірше шешімін таппаған мәселе. Тек қана аңдардың арасында мешіннің де аты аталатындықтан, оны оңтүстік жақтан шыққан деуге болады. Түріктердің айуандық циклды қабылдауы оның халықаралық байланыстарының және шеттен алып пайдаланушылығының күшейе түскендігін көрсетеді.
Осы циклмен қатар «жанды хронология» да өмір сүрді, мысалы: «Күлтегін 26 жаста болғанда біз қырғыздарға жорық жасадық»; немесе: «Бұл шайқас кезінде Күлтегін 30 жаста болатын»; немесе: «менің нағашы-қағаным тақта отырған кезде», т. т. «Жанды хронология» маусымдық циклдан (бір көктемнен екінші көктемге дейінгі) айуандық циклға көшудің өтпелі түрі болған-ау деген ой келеді. Жылдарды замандарға, ғасырларға бөліп есептеу түріктердің ойына келмепті.
Түріктердің тарихты түсіну философиясы және оның тіпті бір-бірінен айырмашылығы бар екі бағыты болды. Қытайлықтар тәрбиелеген Тоныкөк — субъективті-идеалистік бағыт өкілі. Ол түрік халқы мен ханының игілігі үшін қам жеп талпыныс жасағандықтан бәрін өзім істедім деп ойлайды. Оның Мен деуін бірінші орынға қоюы — нағыз валютаризм! Діни сәттері де жоқ емес: «Тәңірі [аспан, құдай ] маған білім берді», бірақ жердегіні Тоныкөктің өзі-ақ талғап, айыра алады. Бұл деизм (күнделікті қоғам өмірі мен табиғатқа құдай әсерінің қатысы жоқ деушілік) дерлік. Дәл осы арада Тоныкөктің қытайдан алған тәрбиесінің нышандары көрінген. Тарихи процестің механикасын осылай дерлік түсінуді біз қытай жазуынан да Инь мен Ян күштерінің өзара мағынасыз күресі жағдайынан көреміз. Тайцзун тәртіпсіздікті жойып, ағарту ісін енгізеді; бұл арада валютаризм принципі бұрынғысынан да анық білдірілген.
Иоллығ-тегінің танымы мүлде басқаша. Түріктер құруға бет алғанда, «түріктердің Тәңірі мен қасиетті Жері — түріктердің Суы былай деді: «жә, түрік халқы құрымайды, ол халық болып қалсын». Сонан соң тәңірі Ілтерісханды басқарады және оны жоғары көтереді, оның әскерлеріне күш береді, сөйтіп көршілерін жеңіп шығуын қамтамасыз етеді. Тәңірі тек есіркеп қана қоймайды, сонымен бірге жоғарыдан баса да алады, сөйтіп жер кең ашылып кетеді, әйтсе де тәңірінің қайырымын жалбарына сұрап алуға болады, сонда ол көмектеседі, өйткені «уақытты [яғни тағдырды] Тәңірі бөледі». Заңды хан «Тәңіріге ұқсас» деп түсініледі, «түріктің ақылды қағанын Тәңірі жаратқан». Көрініп отырғанындай Иоллығ-тегін құдай адамы болған!
География. Көк түріктердің географиялық танымдары олардың жаугершілік шапқыншылықтарының ауданынан әлде қайда кең болған. Шығыстағы қидандардан, татаптардан (хи) және Манъчжурияның ежелгі монғолдық тайпалары — оғыз-татарлардан басқа түріктер Амур маңының мұқры халқын да білген. Түріктердің шығыс жағында, Ылай-Сары немесе Теңіз өзенімен суарылған теңізге жақын жерде «Шантунг жазығы» жатты. Бұл — солтүстік-шығыс Қытай. Оңтүстік жағынан түріктер екі ірі мемлекетті білді: оның бірі — бұлар Табгач деп атайтын қытай да, екіншісі — Тибет.
Түріктердің Сібір жөніндегі танымы онша кең болмады: Сірә, тайға оларды қызықтырмаған тәрізді. Олар тек даламен шекаралас өңірде тұратын тайпалар мен халықтарды ғана: Шығыс Забайкальедегі байырқуларды, сол кездері Байкал маңында өмір сүрген құрықандарды, Батыс Саяндағы қырғыздарды және Жоғарғы Ертістегі қарлұқтарды білді. Ертіс атауы (жазуда «Artis») біздің уақытымызға дейін сақталып қалды.
Батыс елдері туралы еске түсіру едәуір көп. Көк түріктер Орта Азияны Соғдақ деп атады; Сырдария Иенчу — Інжу өзен деп аталды, ал Бузғала Темір-Қапығ асуы — Темір қақпа. Үлкен қалалар өз аттарымен аталған, мысалы, Бухара. Түріктермен шектеспейтін облыстардан Құрдан, яғни солтүстік Түркменияның шөл далалары, тохарлар, tazik — арабтар және Пурум-Рум (Рим), яғни Византия империясы еске салынған. Географиялық ілімнің мұндай кең өрісін көк түріктер бірінші қағанаттың түркіттерінен мұра етіп алды. Түріктердің батыспен байланыстары үзіліп қалғанымен, олар жөніндегі таным дәстүр бойынша ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, жинақтала берген, яғни түрік мәдениетінің өсуі жүріп жатты.
Жазуларда бұл аталғанғандардан басқа әлі әзірше анықтауға көнбей жүрген атаулар да кездеседі: солтүстік-батыс Моңғолияда аздар деп аталатын жұмбақ халық мекендеген, олармен іргелес ізгілдер (?!) және шүбә туғызатын бершекерлер өмір сүрген. Күлтегінге арналған жазуда еске алынатын абарлар жоқ болып кеткен мұқры халқымен қосылып аталады.
Мұқры халқы жөнінде феофилакт Симокатта өзінің «Тарихтарында» еске салады. Ол мұқырларды «таугастарға», яғни тобастықтарға жақын әрі өте жауынгер халық деп есептейді. Бұл тайпаны біз согэ және алишэ руларымен аралас-құралас бірге тұрған қалпында түркештер құрамынан табамыз. Шаванн мұқры-мөңкі түнгустардың қытайлықтар мохэ деп атап кеткен тобына жатады деп шамалайды.
Маркварт мұқрыларды меркіттермен бірдей деп саяды. Алайда бұл екі зерттеуші де мекірін немесе мүкрін халқы бар екендігін ескерусіз қалдырған. VII ғ-дағы Қытай анналдарында (тарихи оқиғалардың жылға бөлініп жазылуы) мұқрылар мохэ деп аталады және согэмен бірге Іле өзенінің жоғарғы жағалауларын әрі Хамиге дейінгі солтүстік Тянь-Шаньді мекендеп, түркештердің бір тармағын құрайды. Іс жүзінде мұқрылар дауыссыз дыбыстардың орнын алмастыру ешнәрсемен ақталмайтыны сияқты, меркіттерді Чаньани-Таугастқа жақын халық деуге ешбір келмейтініндей, ешқашанда меркіттер бола алмайды. Мүкріндер болса Тянь-Шань мен Бейшаньнің шығыс тарамдарыңда Вэй империясының батыс шекарасымен түйісе шектесіп тұрды. Сірә, Гучен мен Үрімші аралығына орналасқан Мохэ қаласы осында өмір сүрген тайпаның атымен аталған болуы керек. Ілe өзені аңғарынан қарлұқтар ығыстырған мұқрылар өз облыстарының оңтүстік шеткейінде, Тянь-Шаньнің солтүстік тарамдарында орнығып қалған.
Рашид-ад-Дин олар жайыңда былай деп хабарлайды: «Бәкрін тайпасы мүкрін деп те аталады. Олардың үйлері Ұйғырстан еліндегі мықты тауларда. Олар моңғолдар да емес, ұйғырлар да емес». Рашид-ад-Дин бойынша айтудың сәйкес келмеуі диалектілердің айырмашылығына байланысты; осы себеппен ол халықты кәбрін деп те атайды. Рашид-ад-Дин бойынша олар аңыздық Өгізхан нағашысының тайпасынан шыққан, моңғолдарға ұқсас, далалық тайпаларға жатады. Бұл тармаққа керейттер, наймандар, оңғұттар, таңғұттар, бәкріндер мен қырғыздар, яғни этникалық тегі бөлек және мейлінше түсініксіз әртүрлі тайпалар кіреді. Мүкріндер жөнінде Әбіл-Ғазы да сондай сөз саптаумен хабарлайды, мұнысында ол, сірә, Рашид-ад-Динге еліктейтін тәрізді. Ақырында мүкіріндер туралы Плано Карпини» мен Мин ши еске салады.
Моңғол дәуірінде мүкріндер Үгедейдің немересі — Хайдудың үлеске алған жерінде мекендеді, ал кейіннен ол жерлер, сірә, Шағатай ұлысына кірген болуы керек. Шағатай хандарының үстемдігі құлап, далада өзбектік тайпалық одақ ұйымдастырылғанда оған енген тайпалардың қатарында мүкріндер де болған еді. Қазір мүкріндер жоқ, әйтсе де 1896 ж. Грумм-Гржимайло Қарлықтаттан моңғол, қытай және түрік тілдерін араластырып сөйлейтін бір тайпаның қалған-құтқан өкілдерін кездестірген, бірақ Олар соңғы мүкріндер болды ма немесе басқа біреулер ме, ол жағын шешу мүмкін емес-ті. Өздерімен түркештер соғысқан кенгерестер Сырдария сағасында мекендеген печенегтерден бөтен ешкім де емес6 және батыс жаққа қарай ауғанға дейін олар «қаңғарлар» деп аталды, ал бұл — бекзаттық пен батылдықты білдіреді
Ақырында Тоныкөк өз халқын сир-түркі — turk-sir-budun — деп атайды. Хирттің сир атауын сеянто этнонимнің құрамды бөлігі — қытайдың се деген сөзі ретінде көрсетпек болған әрекетін Г. Е. Грумм-Гржимайло жалған деп тапты, бірақ ол сөз А. Н. Бернштамның өз зерттеуіне сын көзбен қарамауы салдарынан ғылымда орнығып қалды. Сирлер жөніндегі мәселені әзірше ашық қалдыра тұрайық. Батыс түріктері әр қашанда он жебе халқы деп аталады. Бұл этноним емес, ал батыс түркіт ханы Ышбар Төліс-шад-ханның 635 ж , әкімшілік қызметінің қалдырған ізі. Алты чуб шу тайпалары ретіңде түсіндіріледі, бұлар ортаазиялық хунндардың ұрпақтары: чуюе, чуми, чумугунь, чубань; бұлардан чубань VII ғ. ортасында екіге (бөлінді, ал чуюеден шато бөлініп шықты.
Чуюе (cub) тікелей қытай жазуында түріктердің батыстағы көршілері ретінде еске алынады; мұның өзі ұсынылып отырған түсіндірме үшін негіз саналады Сонымен, көк түріктердің географиялық танымы дамуы жағынан тек қытай мен гректердікінен ғана кем түскен, әйтсе де өз заманындағы батыс европалықтардікінен асып жатқандығы сөзсіз.
Ауыз әдебиеті. Әтнографиялық мәліметтерге талдау жасауды жалғастыра отырып, біз өз назарымызды фольклорға да аударуымыз керек. Бірақ батырлық сюжеттердің көп бөлігі тіпті көне дәуірлерге барып тірелгенімен ойраттық уақытта қайта өңделгендігі соншалық, фольклорлық материалды тарихи зерттеулер үшін барынша абайлап пайдаланғанымыз жөн.
Дегенмен, фольклордың кейбір элементтерін тіпті қайткенде де түркіттер уақытына жатқызуға болады. Жырау Н. Ұлағашевтен жазылып алынған батырлар жырының бірі —»Сай Солонг» көне замандарға барып тірелетін жәйттерге құрылған. Батырлар жырының сюжеті қарапайым әрі соны да емес: батыр ерлік жасайды, жын-шайтандар мен жауларын жеңеді. Әйтсе де маңыздылығы басқада: Ұлағашевтің баяндауында жырдың кейбір жерлері қысқартылып кеткен. Мысалы, апасы берген тамаша дәрі — әрдеңені батырдың пайдаланбауы немесе алтай тілінде кездеспейтін «эрмен» деген сөзді қолдануы нені білдіреді. Дегенмен, ең бастысы — алтайлық батыр Сай-Солонгқа алып балуан Ирбис-буркан (мүмкін бұрхан шығар?) көмекке келеді; жыраудың пікірінше бұл «батыр жырының негізіңде көне аңыздың жатқандығын дәлелдейді».
Осы Ирбис-бурқан өзі туралы: «қалың жартастарды тесіп өтіп, мен жарық дүниеге өзім шықтым»— дейді. Түсінік беруші мұны көптеген халықтарға қатысты, соның ішінде кавказ халқы ертегілерінде кездесетін сарын деп ұғындыруға тырысады. Бірақ Амиран мен Кіші Мгер туралы аңыздар бойынша оның келтірген ұқсастырулары Ирбис жөніндегі қиссаға қарама-қайшы: Кавказда батырлар тауға үңгіп кіреді, ал Ирбис одан үңгіп шығады. Оның үстіне Кавказ бен Алтайдың өзара байланыстылығы мейлінше дүдамалды.
Ұқсастық әлде қайда беріден, Алтайдың өзінен табылып отыр. Рашид-ад-Диннің шығармасында түріктердің шығу тегі туралы олар тау жартастарының ішіне айдап кіргізіліп, одан шыға алмаған еді деп әңгімеленеді. Сонда олар жартас түбіндегі бір жерге отынды үйіп, лаулата от жағады. Ал тау темір рудасы болғандықтан, ол ериді де, тесік пайда болады, сол тесіктен түріктер жарық дүниеге шығады.
Мұндағы варианттар дәлме-дәл келеді. Түрік Ирбис-буркен алтайлық Сай-Солонгты бәледен құтқарады да, оның қарындасына үйленеді, сөйтіп олар бірге, ағайынгершілікпен өмір сүреді. Батырлар жырының өзі үшін елеусіз саналатын дәл осы саздың тарихи мәні бар. Ол бір кездері Алтай тұрғындарының түркіттердің қалғандарымен бірігіп кеткендігін қуаттайды. Ирбис, яғни Барыс есімінің өзі орхон жазуларында кездеседі, бірақ есімнің — бурқан деген екінші бөлігі дүдамал туғызады. Ирбистің өз басында құдайшыл дейтіндей ешнәрсе жоқ және оның мұндай құрметті атаққа ие болуға құқы да жоқ сияқты. Онда мәселе неде? Бәрінен бұрын мұнда ең соңғы уақытты қайта қарастырушылық орын алған: бурхан — Бөріхан дегеннен пайда болған, ал бөрілер делініп түркіттер айтылды. Шаманизмнің пайда болуына әрі моңғолдармен және ойраттармен қарым-қатынастың басталуына орай сөздің мәні де өзгерді, сөйтіп, Ирбиске жұмбақ есім қосылды, ал бұл оған шын мәнінде де тән емес еді.
Осы әуенді — ақ қасқырдың Ақ-Тойшыны Эрликтен құтқарып, маралдардың сүтімен асырағанын түркіттердің шығу тегі туралы ертегімен салыстырып, бұл аңыздан осы заманғы алтайлықтар ата-бабаларының ескі нанымдарының жаңғырығын көре білген Л. П. Потапов та атап көрсетеді.
Түрік қағанаты дәуіріне келіп тірелетін екінші сюжет — Алпамыс туралы батырлық ертек. Бұл ертегінің бірнеше түрі мәлім. Бірақ солардың неғұрлым көнесі Н. Улағашев жыраудың аузынан жазылып алынған алтайлық түрі «Алып-Манаш». Оның мазмұны түркіттер тарихы үшін маңызды тұрғыда қысқартылып берілген. Алып-Манаш өте дәу батыр болды; туыстары оны Қырғыз-ханның сұлу қызына үйлендірді. Алайда Алып-Манаш өз әйелін сүймеді, сөйтіп, Ақ-Қанның қызы — Ерке Қарақшы сұлуды іздеуге кетеді. Әр түрлі оқиғалардан
1Рашид-ад-Дин, Шежірелер жинағы, 136-137-66.
1П. М. Мелиоранский, Күлтегін құрметіне орнатылған ескерткіш, 69-6.
1Л. П. Потапов, Алтайлықтардың …, 122-6.
1В. М. Жирмунский, Алпамыс туралы…, 9-6.
кейін батыр Ақ-Қанның қолына тұтқынға түседі және жабайы қаздың қанаттарына үйінен көмек сұрап хат жазады. Батырға көмек көрсетуге жіберілген өкіл ағасы оны құтқарудан бас тартады да тұтқын үшін берілген сиқырлы асты өзі жеп қояды. Осыдан кейін Алып-Манаш кейпіне айналған сатқын, досының әйелін алу үшін кері қайтып кетеді. Батырды өзінің аты босатады, мұнда да сиқыршылық орын алады. Батыр мен аты бірлесіп, Ақ-Қанды жеңеді, сөйтіп оны көптеген батырлардың өлуіне себепші болған қызымен бірге өлтіреді. Ақ-Қанның халқы мен малдарын «қалталарына салып», еліне алып кетеді. Жаудың халқы мен малын «қалталарына салып» алып кету — алтай ертегілерінде кездесетін дағдылы әрекет. Алайда ол үйіне шашы жоқ тазшал кейпінде келеді және сонысын пайдаланып, өзінің сатқын досының айыбын ашады. Қауіп-қатердің барын сезген ол тырнаға айналып, ұшып кетеді, ал Алып-Манаш жорықта тапқан тұтқындары мен малдарын өз жеріне орналастырып, халық үшін той жасайды.
Мұндағы көп нәрсе қызықты: «Ақ-Қанның» жауыз сұлу қызы үшін сапарға шығу орхон жазуларының өз үйінде, Отукен жай халықтары арасында тұруды және жазуда көрсетілмегенімен араларында аз роль атқармайтын сұлулары бар табгач ханының сән-салтанатты еліктіруіне талпынбауды жөн санайтын өсиеттерін еске салады. Жабайы қаздың қанатына хат жазу осы әдіспен хунн тұтқынынан құтылып кеткен қытайдың Хань дәуіріндегі елшісі Су У жөніндегі өсиеттік әңгімесімен үндеседі. Өкіл ағаның сатқындық жасау тақырыбы неғұрлым өткір әрі күйзелісті, ал біз бірінші қағанаттың бүкіл тарихы түрік ханзадалары мен батырларын парамен сатып алатын қытай барлаушыларына қарсы күреске толы болғандығын жоғарыдан көрдік. Түркіттер бір-бірлеріне аз сенді, сондықтан жағымды кейіпкердің рөлін оның сиқыршылдық қасиеті бар аты атқарып отыр. Ертегінің соңы басты кейіпкердің алдына қойған мақсатына өкініш білдіруімен аяқталады. Оған сұлуға үйленуден гөрі кек алу артығырақ көрінеді де, ол Ақ-Қанды қызымен және жақын-жуықтарымен бірге өлтіреді. Әйтсе де іс жүзіндегі мүддесі өз құқын сақтап қалған, сондықтан тапқан олжасы батырдың көрген азабы мен басына түскен қауіп-қатер үшін өзіне сый болып дарыған. Сонан соң бұзықтық сазайын тартқан, ал ізгілік — салтанат құрған бақытты шақ туады. Бұл өсиеттік элемент VIII ғ-дағы жарық күн астынан орын алу үшін қиянкескі күрес жүріп жатқан кезде мейлінше маңызды еді және ол да Иоллығ-тегін мен Тоныкөктің бағдарламалық ой-пікірлерімен үндесіп жатыр. Қандай да бір көзге шалынбайтын сюжеттік ырғақтар ертегінің біз талдаған бұл түрі, мүмкін, бірінші қағанат кезінде туып, екіншісі тұсында өмір сүрген шығар және содан Алтайға өтіп, оларда біздің уақытымызға дейін сақталып Баяндаудың барлық детальдары шегіне жеткізіле суреттеліп, әсерлеуге ұрындырылған және шындықты сезіну эстетикалық өлшемге жатпай қалған шығар деген ойға жетелейді. Қарт ескіліктің осы бір жұрнағы арқасында біз тек түрік басқарушыларының нені жариялағанын ғана емес, сонымен бірге олардың халқы нені әңгімелеп, нені тыңдағанын да көз алдымызға елестете аламыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *