КҮЙЗЕЛІС (Л. Гумилев)

КҮЙЗЕЛІС
XXIII тарау
Шұғыл өзгеріс. Империя басынан өткерген барлық сәтсіздіктер жаңа император Сюаньцзунді Азияда гегемон болу жолындағы күрестен бас тартқыза алмады. Оның мейлінше пайдалы көмекшісі табылды, ол — Қапаған ханның өзі еді. Жағдайдың бұлайша өзгеруін «Таншу» қытайлықтарға тән прагматизмдікпен (субъективті-идеалистік бағытпен) ханның жеке басындағы ерекшеліктермен байланыстырып былай түсіндіреді: «қол астындағыларға өте қатал қарады, ал қартайған кезінде ақылсыздау әрі сұрапылдау болып кетті. Аймақтар наразылық білдіріп, одан алыстай бастады». Шыныңда да 714 ж. аяғында Күлтегінге қарсы соғысушы қарлұқтар, хулувулар (қыт. хуву) және шүнінтер Империяға өздерін аясына алуды ұсынды. Жетісудағы және Тянь-Шань маңындағы батыс түріктері Империяның пайдасына қағанатқа қарсы көтерілді. Татаптар және солардың артықша қадандар да Империя жағына қызықты. Әйтсе де хан үшін бәрінен де жаман болғаны сол, жаулап алынбаған, ал өзі қосылған:оның өз халқы»— тоғыз-оғуздар да көтеріліске шықты, Гобидегі, Инъшандағы және Алтайдағы үш түрік уәлиі жау жағына өтті.
Имперліктердің Жоңғариядағы Бесбалық тірек пунктін түріктердің талқандауға әрекеттенуі олардың толық жеңілісімен аяқталды . Соның өзінде түрік қолбасшыларының бірі қолға түсіп, қала қақпасы алдында басы кесілген, ал екіншісі ханға баруға қорқып, Қытайға қашып кеткен. 715 ж. басыңда түрік ханына адал әскерлер көтеріліс теңізінің ортасындағы аралдарға ұқсап қалды.
Онғын жазуында шегінуге жол берілмеуге тиісті қалыптасқан жағдайдың бүкіл қауіптілігі бейнеленген. «Тоғыз-оғуз бектері қайтадан бізге жау болды. Олар құдіретті еді. Хан қарсы аттанды… Біз азғындар сияқтымыз; біз өзіміздің аз екендігімізді, ал олардың көп екендігін кердік. Шабуылдайық… Мен өзімнің бектеріме: «Біз азбыз» дедім». Бұрынғы қырсық аз болғандай, ханның Қытайда елші боп жүрген үшінші ұлы қаза тапты және ол жақсылап жерленгенімен, жұбанышы әлсіз болды.
Көшпелілердің көңіл күйіндегі мұндай шұғыл өзгерісті немен түсіндіруге болады? — деген сұрақ туады. Халықты көтеріліске шығару үшін шетелдік эмиссардың көрінуі жеткіліксіз еді ғой. Сірә, далада қағанат өкіметінің ықпалы айтарлықтар мықты болмаған да шығар. Әйтсе де; ішкі алауыздықтар мен өзара мейірімсіздену себептерін ұғынуға әрекеттеніп көрейік.
Көтерілістің бұрқ етуін ханның ақымақтануымен түсіндіретін қытай хабары әбден негізсіз. Мәселені неғұрлым терең түсінушілікті біз орхон жазуларынан табамыз. Рас, онда да көтерілістің шығу себебі ретінде халықтың өз пайдасын ойламағандығы мен «опасыздығы» келтіріледі, бірақ сонымен бірге қол астындағылары мен көршілеріне ұнай қоюы екіталай мемлекет идеалдары да баяндалады. Автордың пікірі бойынша ең жақсысы Иоллығ-тегіннің жазулары — оның айтуынша бұл идеал . — төрт құбылада өмір сүруші барлық халықтарды бағындыру, соларды бастарын июге, тізелерін бүгуге мәжбүр ету. Ата-бабалары солай етті, бірақ Қапаған хан да олардан қалысқан жоқ. Оның басқаруы кезінде түрік қоныстарының шеңбері кеңейе түсті, өйткені түріктер бөтеннің жайылымдарына ие болды және байлықтарын молықтырды: «Ол кездері біздің құлдарымыз құл иеленушілерге айналды».
Екінші қанағат түріктері біріншісі кезіңдегіден де зор дәрежеде әскери демократия жағдайында болды. Жасақтар ішіңдегі шенге қарай бағынушылық теңдікті жойған жоқ, бірақ төңіректегілер үшін бұл демократия емес, ал нағыз аюандық еді. Сондықтан мұндай қоғамдағы негізгі қарама-қайшылық үстемдік етуші және бағындырылған тайпалар арасындағы қарсыластықтан туды.
Академик В. В. Бартольд түрік қоғамы аристократиялық қоғам болды ма немесе демократиялық қоғам болды ма? деген сұрақ қойды. Бұл мәнді сұрақ емес, өйткені түрік армиясында «або мен тархандар» қатардағы жауынгерлер болды, ал бектер жалпы барлық әскерлердегі тәрізді тек қолбасылық құрамда қызмет етті. «Халық» және «әскер» деген ұғымдар бірдей болып шыққанда аристократизм және демократизм деген ұғымдарға орын жоқ. Себебі, әскер өз қатарын толықтырып отыруды қажет етеді. Айталық, бірде оған тоғыз-оғуздар қабылданылса, олар түріктердің өздеріне теңестіріледі, ал өзге бағындырылған халықтардың бәрі елді, яғни мемлекетті құрайды, сөйтіп oлap ханның «еріксіздері» ретінде есептелді. Бұл «еріксіздердің» жеке басының еркі тартылып алынбағанмен, тапқан-таянғандары түк қалдырылмай сыпырып алынып отырды. Тоғыз-оғуздардың жағдайы тамаша сияқты-ақ болып көрінуі керек еді, бірақ бостандық сүйгіш ұйғырлар мұндай өмір туралы армандаған жоқ-ты. Олардың саяси идеалы ханның билігі шектеулі болған жағдайдағы тайпалардың ерікті түрде одақ құруына негізделген конфедерация еді. Ұйғырлар өздерінің бостандығын қорғай білді, «олжа табу үшін» өзгелердің байрағы астында ерлікпен шайқаса білді, бірақ ешқашанда мықты мемлекет құрмады, тіпті соған талпынбады да. Тонап алынған олжалардан түріктердің бөлген үлестері ұйғырларды ауыр тәртіп пен қорлайтын көнгіштікті сақтауға талаптандырмады. Тілі, нәсілі, тұрмысы және айналысатын шаруасы жағынан бір-бірлеріне етене жақын көршілес екі халықтың мақсат-мұраттары, міне осыншалықты терең айырмашылықта болды. Орталық Азияның тарихы енді не түріктік, немесе ұйғырлық жолмен дамуы тиіс еді.
Күлтегін. Әбден қартайғандықтан дана Тоныкөк енді түрік жасақтарын басқара алмайтын болды. 716 ж ал 70 жаста еді. Қағанатты күйреуден құтқару Күлтегіннің үлесіне тиді. Ол төрт жыл бойы (711-715) қарлұқтармен шайқасып, тек 716 ж. ғана әулиелі Тамаг тауы маңыңда солардың әскерлерін күйрете жеңді, сөйтіп оларды Қағанатқа бағынуға мәжбүр етті Бірақ бұл кезде мемлекетті көтерілістер жалыны шарпып алған болатын, соңдықтан туған мекеніне қайтар жолда Күлтегін олдардың қарсылығына ұшырап қалды. Қара қал (Батыс Моңғолиядағы Тотохаранор көлі) маңында аздар жеңіліп, қырғынға ұшыратылды. Үйіне оралған Күлтегін мейлінше қыза түскен тайпалар арасындағы соғыстың үстінен шықты. Өзінің ардагерлерімен бірге ол елден аласталған бұралқыларға тарпа бас салды, оларды талқандап, қырып-жойғаны соншалық, тіпті бұралқы деген аттың өзі ұмыт қалдырылды. Toгy қаласы маңында түріктердің тоғыз-оғуздармен алғашқы шайқасы өтті, бірақ Күлтегіннің бүкіл айбын-ерлігіне қарамастан, жеңіске қол жетпеді. Құшғалақ маңында әдіздер (қыт. адйе) сол бойы күйретіліп, қырып-жойылды. Сонан соң Бұл маңында тоғыз-оғуздардың халық жасағы талқандалған болатын, бірақ, жазу бойынша олардың ел-жұрты жаулап алынғанымен, Шуш тауы маңында өткен келесі шайқаста олар түрік әскерлерін сәл болмағанда қирата жаздады. Күлтегін жауды қуып тастады әрі соңдарынан өкшелеп, оларға біраз шығын келтірді. Шамасы олар тонгра тайпасы болуы керек. Мұның артынша Күлтегін тоғыз-оғуздармен Эзгенти Қадаз маңында болған шайқаста да ұтысқа жетті, «бірақ қалаға кірмеді». Сірә, жиенінің табыстары ханды беймазалаған болуы керек, сондықтан ол Қадазды алуды қолбасшы Алл Элъэтмишке тапсырды, ал ол бұл міндетті орындап шықты. «Ол қарапайым халықты жинады», ал бектер қашып кетті, қыс түсіп кеткендіктен де 715 ж. соғыс науқаны осымен аяқталды.
716 ж. көктемінде Қапаған хан өз жиенінің даңққа бөленгенін қызғанып, тоғыз-оғуздарға қарсы әскерін өзі бастап шықты. Күлтегін хан қосынын, яғни әйелдер мен балаларды қорғауға қалдырылды.
Сол тұста қарлұқтар кек алу үшін сәтті уақыт туды деп ұйғарды. Олар екі майданда соғысу үшін түріктердің әскери аттары жетіспейді деп жорамалдады. Түріктердің негізгі күштерінің шығысқа кеткенін пайдаланып, олар Алтайдан бірі түрік тосқауылын қозғалтпай тастауға, ал екіншісі — хан қосынын тонауға тиісті екі әскерін осы жаққа аттандырды. Алайда қосынды Күлтегін қорғап, өзін тағы да даңққа бөледі. Күш тең емес ұрыста ол не өлім немесе ғұн болу қаупі төнген әйелдерді қорғап, жаудың «тоғыз батырын найзамен түйреп тастады, сөйтіп орданы жауға бермеді». Бұл аралықта Қапаған хан шөл даланың солтүстігіндегі бүлікшілер жасақтарын талқандаған еді. Аталмыш науқанның өзге егжей-тегжейі бізге белгісіз.
Бұдан соң кезек байырқу тайпасына келіп, олар 716 ж. Тол өзенінде күйретілді. Бірақ осы арада тарихқа мынадай бір оқиға кірігіп кетті: жеңістен кейін үйіне қайтып келе жатқан хан өзінің күзетінен ұзап, жалғыз өзі ойға бата орманнан өтіп бара жатты. Тек не дерсің, дәл осы орманда талқандалған байырқұлықтар жасырынып жүрсе керек. Жалғыз салтаттыны көрген олар сол арада бас салып, оны атынан аударып түсірген де, өлтіре салған. Ханның басы қытай елшісіне жеткізілген, ал ол оны Чаньаньге жөнелткен. Қағанаттағы көтеріліс пен Тан империясы арасындағы байланыс, міне, осылай ашылады.
Бірақ бұл аз: 702-703 жж. империя жағына өткен ұйғырлардың көсемі «Мочжоға қарсы аттанып, оны өлтірген» деген тікелей көрсетулер де бар. Алайда, ханның апатқа ұшырағанына қарамастан, көтеріліс басып-жаншылмады. Империя өзіне тек Маньчжурияны қайтарып алды. Онда тардуштар шады Могилянь соғысты және Агу маңында болған шайқастарда ол екі рет жеңіске жеткенімен, олары, сірә, табысты болмаған тәрізді. Хан өлгеннен соң мұрагерлік туралы мәселе туды. Қапаған хан тақты иеленушіге Күшікхан, яғни «кіші хан» деген құрметті атақ беріп, үлкен ұлын өзі тағайындады. Түріктердің ескі заңы бойынша мұрагерлік тардуштар шады Могияньға тиісті еді, ал түріктік «мәңгі елдің» іс жүзіндегі көсемі батыр Күлтегін болды.
Күлтегін бастамшылдықты өз қолына алып, әскери төңкеріс жасады: ол өзі қорғаған қонысқа өзі шабуылдады. Қолбасшылық қызмет орнындағы оның мирасқоры Алп Эльзтмиш көтерілісшілер жағына шығып кетіп, мұның өзі олардың жеңіске жетуін қамтамасыз етті. Күшікхан мен Қапаған ханның кеңесшілері түгел өлтірілді. Қапаған ханның балаларынан сол кезде Қытайда жүргек ұлы Мотегін мен Ашидэ Мими деген біреуде күйеуде болған он жетідегі қызы аман қалды. Ерінен айрылған ханша Қытайға қашып құтылды. Онда әуелі ол сарай қызметіне қабылданған болатын, бірақ көп кешікпей өз ағасының үйінде тұрып, сонда қайтыс болды. Оның ағасы әуелгі кезде император әскерінде қызмет етті, әйтсе де кейіннен түпкі материалда ол жөнінде ешнәрсе айтылмай қалған. Қапаған хан ұрпағының өрбу сызығы осылайша кесіліп қалды.
Күлтегін ескі заңды бұзбады, хан атағын қабылдамады, сөйтіп, таққа Білгіхан деген құрметті атақпен өз ағасын отырғызды. Білгіхан таққа «өзінің сіңірген еңбегімен» көтерілмегенін және өзі інісінің қолындағы қуыршақ екенін білді. Сондықтан ол оны әскерлердің әміршісі, яғни қағанаттың нақты қожасы етіп тағайындады. Барлық ақсүйектілердің арасынан тек жалғыз дана Тоныкөк қана, яғни жаңа ханның қайын атасы ғана аман қалды.
Жаза тек Қапаған ханның ең жақын ақылшыларына ғана қатысты болды, бірақ ол бүкіл халықты дүрліктірді: «мен хан болған кезде түрік бектері мен халқы [енді ] елуге тиісті екендіктеріне қайғыланып, жоғарғы жаққа [таққа ] байсалды көздерімен қарады»196. Сірә, көп адамдар қуғынға ұшыраған ханзадалардың алдында айыпты болса керек, бірақ олар кек алудан гөрі мейірбандық жасауды артық көрді. Тоныкөк біраз уақыт қудаланып жүрді, бірақ «халық оны құрметтеді әрі одан қорықты да»197, сондықтан 718 немесе 719 ж. хан оған тарханный бойла бағасы шені мен мемлекеттік кеңесшісі қызметін қайтарып берді. Сонымен, өкімет басына қытай мәдениеті мен Тан империясының саяси басымдылығына қарсы күресу принципін ұстанған триумвират (үштік одақ) келді. Әлбетте, имперліктер бұған көнбеуге тиісті еді. Сондықтан да Білгіхан өкімет басына келісімен бірден бітім жасасу жөніндегі ұсынысын алға тартқанына қарамастан империя үкіметі бұған келісім бермегені былай тұрсын, қайта соғыс қимылдарын жандандыра түсті. Алайда солтүстік әскерінің табыстары туралы қытай материалдары ұялып үндемейді. Оның есесіне жабайы аңдарды аулауға шек қойылғандығына зығырданы қайнаған батыс түріктері көтеріліс жасап, Батыстың уәлиі, әскер басы Чжан Чжн-юнды» тұтқынға алды. Оны өзіне шын берілген қытайлық көмекшілері үлкен қиыншылықпен тұтқыннан босатты.
Қағанаттағы жаңа үкімет әмірге толық бейімді болып шықты. Ханның өлімі Қағанатқа мүлде күтпеген құтқару әкелді. Қапаған ханның қайырымсыздық саясаты телес тайпалары арасында оның есімін әбден жексұрын етті. Түріктермен соғыста жеңіліске ұшыраған олардың көбі оңтүстікке қарай қашып, Қытайға берілді. Бірақ, даланың «ұзын құлағы» төңкеріс жасалғаны туралы өздеріне хабар жеткізуі мұң екен, олар жаңа қожаларын тастап, туған қоныстарына қайтып келе бастады. Қытайлықтар істің бұлайша бет алысын көшпелілер арасында беделі күшті Тоныкөктің ықпалынан болды деп түсіндірді Әйтсе де бұған Білгіхан жариялаған жаңа саяси принциптер де, сірә. аз әсер етпесе керек.
Қалай дегенде де телестіктердің қайтып оралуы Қағанаттың қуатын қалпына келтіріп, империя дипломатиясының табыстарын жоққа шығара бастады. Имперліктерге енді бір нәрсе ғана — төніп келе жатқан соғыс өртін қайта жандыру ғана қалды.
Алайда, 714 ж. тибеттіктер шабуыл жасап, Наньшань мен Алашан таулары етегіндегі қазыналық жылқы үйірлерін басып алғандықтан да бұлай етуге мүмкіндік көтермеді. Тибеттіктердің екінші шабуылы имперліктердің барлық тұрақты әскерлерін Хасиге жинап, жауға тойтарыс беру жағын ойластыруға мәжбүр етті. Ол шайқаста тибеттіктер жеңіліп, тауға қарай шегіндірілді. Бірақ имперліктердің шығындары аса көп болды, ал таулықтардың қайсарлығы белгілі еді. Сондықтан империя әскері бұрын тибеттіктерге жасау мүлкі ретінде берілген жер учаскесін басып алып, шекараны Хуанхэ өзені жағалауы бойымен белгіледі және сол жерлерден 718 ж. дейін тибет шапқыншылығын тойтарып отырды. Бұл аралықта түріктер тыным алып, оны өз мақсаттары үшін пайдалана білді.
Уақытты босқа кетірмей Білгіхан бір жағынан «өздерінің жер-суын тастап, табгаштарға берілген» тоғыз-оғуздарға арнаған үндеуін халыққа жариялады. Бұл үндеуінде ол табгаш ханының «оларды қылмысқа азғырғанын» және «табгаштардың оңтүстігінде олардың аты мен даңқы жойылғанына» назар аударды. Ол тоғыз-оғуз халқын «ардақтайтынын» және нағашысы — ханнан қуғынға ұшырағандарды жазаламайтынын хабарлады.
Екінші жағынан ол бүкіл әскери күшімен далада қалып, қарсылық көрсетуін қоймай отырған ұйғырларға лап қойды. Селенгі бойымен төмен қарай жылжи және оларды тықсыра отырып, ол ұйғырлардың қоныстарын қиратты, ал шегінгендерін Хамардабанның таулы тайпасына апарып тықты. Ұйғырлардың жылқы үйірлері көтеріліс кезіңде өз аттарын жоғалтып алған түрік сарбаздарына таратылып берілді. Ұйғырдың жансаясы тұтқынға алынып, түрік ханы құлдарының санын көбейтті. Ұйғырлар жүз салт аттысымен шығысқа қашты.
Шабуыл қарқынын бәсеңдетпей Білгіхан Хинганға ұмтылып, татаптарға соққы берді. Жорықтың нәтижесі сол — тағы да жылқы үйірлері тартып алынды, ал мұның өзі түрік әскерін қуатты әрі оқ дарымайтындай ете түсті. Түрік тудуны Яштар қарлұқтарды күйреткен батыстағы табыс бұдан да гөрі нақтырақ болды. Солтүстік Жоңғария түріктер қолында болып шықты. 717 ж. аяғына таман дала қайтадан түрік ханының табаны астында жатты.
Жалтақтау. Өкіметті тартып алған және елді қалпына келтірген Білгіхан: бұдан әрі не істеу керек?— деген ой үстінде еді; оның шамалы ақылымен де, қылышкер інісінің еркімен де шешілмейтін проблема алдында тұрды. Ұйғырларды қол астына қаратқаннан кейін шапқыншылық соғысты бастауға болар еді, бірақ тыл жағында түркештердің қуаты қайта қалпына келгендігін білгеннен соң орданы нығайту және қорғаныстық мақсат көздеу қолайлырақ көрінді. Бұл ұстанымның соңғысы 714 ж. заңнан кейін тан үкіметіне қарсы көңіл-күйде жүрген буддашыларды қорғаушылықпен байланыстырылды. Айдаудан шақырылып алынған Тоныкөк осы екі жоспардың екеуін де жаратпай тастады. Қытайда «халық бірауызды, жылдар жемісті» болғандықтан да ол шабуылға шығудың келешегі жоқ деп, ал «бұл ілім адамдарды жаугершіл әрі күшті емес, керісінше, әлсіз әрі адамгершілікті ететіндіктен де» — қосын айналасынан қорған және ішкі жақтан Буддаға храмдар салу апатты деп есептеді. Оның қарсылығы орынсыз еді. Бірақ, Тоныкөк, сірә Қытайда оқып жүріп, буддизмге қарсы шыққан көптеген топтардың бірінің ұстазы болған тәрізді. Мұның үстіне қытайда қудалауға ұшыраған буддизмге қолдау жасау тан империясын жанжалдасуға шақыру болып есептелер еді, Тоныкөктің пікірі бойынша бұған әлі ертерек-ті.
Сонымен, ол әрекет жасаудың екі жоспарын да жаратпай, ханға бітім сұраңыз деп ақыл-кеңес берді. Алайда, империя үкіметі ханның жай ғана уақыттан ұтуды көздеп отырғанын білді және мұның өзі жағдайды дұрыс түсінушілік еді.
Шынында да «құдіретті үштіктің»— Білгіханның, Күлтегіннің және Тоныкөктің мақсаты — қағанатты қалпына келтіру болатын. Ал бұл Тан империясын қытай патшалығына айналдырып, қол астындағыларға қарсы күресте қытай сүйеніш табатынына көшпелілерді әулеттен жырып әкетер еді; әрі біз біліп отырғанымыздай, қытай қол астындағылар әулеттің қатал да мейірімсіз жаулары болатын. Тан әулеті үшін Қытайдың өзі қаншалықты қажет болса, дала да сондайлық қажет болды. Сондықтан бітім жасасу ұсынысы қабыл алынбады, ал Тоныкөкке толып жатқан жауларымен күресудің жаңа тәсілдерін ойлап табуға тура келді. Және ол соны тапты да: түріктердің таяу уақыттардағы стратегиясының принцип і белсенді қорғаныс болды да, саясаты мен идеологиясының принципі — өзін Қытайға қарсы қою деп табылды.
Бұл бағдарлама саяси бағыттың күрт өзгеруі болды. Мочур өзін қытай халқының емес, ал қытай үкіметінің жауы ретінде танытуға тырысты. Бітім жасасып, мәдени жақындастық құру үшін ханзадаларын Қытайға жіберді. Рас, ол мұндай байланыстарды буддизмге қарсы топтармен орнатты, себебі буддизмді император әйел У қолдайтын еді. Өз жауының жауы болып отырған қуатты буддалық қауымды жаңа ханның қолдауына толық негіз бар сияқты-ақ көрінетін. Бірақ ол бұлай істемеді, және Тоныкөк те өзінің саяси бағытын өзгертіп жіберді. Мәселе басты, шешуші әскери күш — ұйғырларда болатын. Олар империя аймағынан қашып кетті, өйткені бүкіл «қытайшылдық» олар үшін жексұрындыққа айналды. Ал сол дәуірде буддизм Тан әулетінің жаңа саясатымен ымыраласқан дәл осы қытай оппозициясы жағында болды. Сондықтан түрік ханы буддашыларды қолдау арқылы өзінің сүйеніші — қытайға қарсы көңіл-күйдегі көшпелілер арасындағы даңқынан айрылар еді. Әне, сол кезде Құтлуғтың Иоллығ-тегін шеберлікпен қисындап мазмұндаған қытайға қарсы бағдарламасы қайта тіріліп, дами бастады. Ол бойынша еріксіздікпен және қанмен өтелетін қытай сыйлары түрік батырларын Тоныкөктің сөзімін айтқанда «адамгершілікті әрі әлсіз» етті, өйткені олар Будда мен Лao-цзы ілімімен әуестене бастады.
Сөйтіп, белгіленген іс-қимыл бағдарламасы өз жеңістерімен жауын ақырына дейін күресу қажеттігіне жеткізбей, бітім жасасуға мәжбүр ету мақсатына қызмет етті. Яғни, қабылдауға болатын, лайықты бітім жасасу түріктердің басты мақсатына айналды, бірақ оған тек ең бір кескілескен соғыс жолымен ғана жетуге болатын еді.
Тоныкөк. 717 ж. өзінде-ақ ішкі соғыстардан шаршаған түріктерге қарсы шабуыл бастау империя үкіметі үшін ең бір ақылға сыйымды дұрыс шешім болған болар еді. Алайда бұған түрліше жағдайлар кедергі жасады. 716 ж. батыста көсемі Сұлу империяға айқын қарсы болған түркештер мемлекеті дүниеге қайта келді. Қарсылық себебі сол, Батыс өлкесіндегі империя уәкілдері Ашин ханзадаларынан қойылды, яғни гегмондығын түркештер тартып алуға тырысқан батыстүріктік заңды хандар уәкілдік етті. Ашин Хянь Қытайдан қосымша күш сұрады, бірақ ешнәрсе ала алмады. Үкімет Сұлумен ортақ тіл таппақ болып, оған бас қолбасшы қызметіне тағайындау және кінәздік құрметті атақ жіберді. Алайда елшілік керуен жолымен ілбіп бара жатқан шақта өзі үшін жағдайдың қаншалықты қолайлы қалыптасқанын әлі біле қоймаған Сұлу соғыс қимылдарын бастап жіберді». Құша уәлиінің көмекшісі түркештерге қарсы күресу үшін қарлұқтарды жалдады, сөйтіп Ашин Хэньмек бірге Сұлуға шабуыл жасады, бірақ ішкі жақтан көмек болмағандықтан табысқа жете алмады. Хянь Чаньаньге кетіп, сонда дүние салды. 717 ж. Сұлу Чаньаньге бітім жасасу ұсынысымен елшілік жіберді, ал 719 ж. Чжуншунхан яғни адал әрі тіл алғыш хан деген құрметті атақ алды. Бұл атақ шындыққа сәйкес емес еді, бірақ арабтардың шабуылы түркештердің қолын байлап, Империя үшін олар қауіп төндіруден қалды.
Екінші бір реніштік жағдай шығыста пайда болды. Қидан көсемдерінің бірі Кэтугань Империяның қойған кінәзсымағын өлтірді. Ал оны сол үшін жазаламақ болып әрекеттенген кезде 718 ж. ол қытай-татап әскерін тас-талқан етті. Осы оқиғаның бас-аяғы реттелгенше тағы бір жыл өтті, сөйтіп, тек 720 ж. ғана империя әскері түрік ханына қарсы шабуылға шыға алды.
Мұның есесіне империя дипломатиясы ірі табысқа жетті, өйткені оған оңтүстік-батыс Жоңғарияны мекендеген басмалдар тайпаларын түріктерге қарсы одаққа тартудың сәті түсті. Басмалдар ұлы түрік қағанатының жұрнақтары болатын және оларды Ашин тұқымының бектері басқаратын.
Чаньаньде жасалған жоспар бойынша қидандар, татаптар және басмалдар әр түрлі жолдармен әрі бір мезгілде Білгіханның қосынына жетіп, оны ұстап алуға тиіс еді. Алдыңғы бөлімдерді қолдау үшін империяның 300 мың адамнан құралған әскері жұмылдырылды. Бұл жоспардың мүлде орындауға келмейтінін байқау қиын емес-ті, өйткені Маньчжурия мен Қазақстанда әскерлердің біркелкі жылжуын келісіп алу мүмкін емес еді. Соның үстіне тек көшпелі сұлтанаттардың ғана емес, сонымен бірге империя қолбасшыларының арасында да өзара келісушілік болмады. Тоныкөк осыны ескеріп, ханға мазасызданбауға, ал жаудың келуіне үш күн қалғанда солтүстікке қарай шегініп кетуге, қытайлықтардың жейтін азық-түлік қоры таусылып, олар өздері-ақ кері қайтқанша сонда бола тұруға ақыл-кеңес берді. Алайда жағдай басқаша қалыптасты: басмалдар түрік ордасына бірінші болып жақындады, бірақ өздерінің одақтастары кешіккенін біліп, кері қайтты. Токыкөктің ақыл-кеңесімен түріктер оларға тиіспеді, яғни арлы-берлі сабылумен аттарының да сарбаздарының да қажып-қалжырауына мүмкіндік туғызды. Ал өздері жедел жүріспен (бөкен желіспен) Бәйтін-Бесбалыққа қарай аттанып, оны тұтқиыл шабуылмен басып алды. Шаршап-шалдыққан басмалдар өздерінің шабуылға аттанатын базасы Бесбалыққа қарай шұбатылып келе жатты, бірақ дем алып, азық-түлікпен жабдықталу орнына ол жерден жауларын жолықтырды. Бекініс дуалдары төңірегінде қоршауға алынған басмалдар тұтқынға беріліп, бұл науқанның жоспары жүзеге аспай қалды.
Алайда түріктер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Олар өз әскерлерін Жоңғариядан Ганьсуға, қытай әскерінің тылына асырып, Ганьчжоудың Юаньчжоудың және басқа қалалардың төңірегіндегі елді мекендерді тонады Ляньчжоудың коменданты Ян Кин-шу киби тайпасының»198 телестерін жинап, оларға өз әскерін қосып, жаумен шайқасу үшін бекіністен сыртқа шықты. Түріктер қарсы әрекетке кірісті. Имперліктердің күші жаяу садақшы әскерлерінде болды, ал түріктер атты найзашыларына сенді. Даладағы аяз аса күшті болатын, сондықтан қытай жауынгерлері қолдарына қолғап киюге мәжбүр болы0п, онысымен садақ қылып дұрыстап тарта алмады, ал қолғапсыз әрекет жасағандары қолдарын үсітіп алды. Садақ тарту мүмкіндігінен айрылған оларды түрік салтаттылары түйреп тастады. Жеңіс даңқы бүкіл Ұлы даланы шарлап кетті. Сөйтіп, бүлік шығарушы барлық тайпалар түрік ханының байрағындағы қасқыр басының таңбасы алдында бастарын иді.
Бұдан кейін кезек қидандарға келді. Түріктер оларға 721 ж. қысында лап қойды. Білгіханның жазуында осы жорыққа қатысты жәйттердің егжей-тегжейлі айтылмағанына қарағанда ол түріктерге жөнді ешнәрсе бермеген-ау деген ой келеді. Бірақ 722 ж. көктемінде олар татаптарға дүрсе қоя беріп, оларды барынша қаталдықпен күйретті, тіпті тұтқынға алынған әйелдерді де бауздан бақты. Осыдан соң Тан империясының даладағы одақтастарының да, өздерінің де соғысты онан әрі жалғастырар мүмкіндіктері қалмады.
Жеңіс жаңғырығы. Бесбалық түбіндегі жеңіс Хойто-Тамирден табылған шағын жазудан өз кескінін тапты. «Мешін жылының (720 ж.) сегізінші айында жиырмасы… табгачтарға [имперліктерге] бардық. Жылдың [сол жылдың] тоғызыншы айында мен кушулік қара бастарды жаншыдым [қысты]; күзде табгачтарға… әскермен кеттім. Соғысудан осылайша игілік көп, иә, ап талқандалмайды! [түріктер ме?]». Сірә, бұл жазу түріктің соғыста қаза тапқан онша ірі емес әскер басы атынан тасқа қашалып жазылған болуы керек. Оның патриоттық сезімге бөленген туыстары марқұмның аузына түрік қаруының табысқа жетуіне тілектестік сөзін салған.
Мұның есесіне дәл сол ескерткіштегі Бесбалық шайқасына арналған екінші бір жазу жолдарынан мүлде басқа үн ырғағы естіледі. Оның мазмұны мынадай:
«Мешін жылының тоғызыншы айында біз жасырын түрде Бесбалыққа кеттік. Бақытты батыр дел-сал күйде , оның нөкерлері торуылда. Иә, онда ер аман болсыншы!».
Мұндағы көңіл-күй бұрынғы жазудағы көңіл-күйге мүлде қарама-қарсы: Бесбалық шайқасы — апат. Бұл тексті басмалдың жазғандығы сөзсіз. Ол бекініс дуалдарының сыртынан демалыс пен тамақ табуды ойлаған еді, бірақ жау торуылына түсіп қалды. Бәлкім бұл жорық көсемі емес шығар; соңғы сөйлемді тек көсемге әскерлерін, соның ішінде авторды да, қоршаудан алып шығу бақытын тілегендік ретінде түсінуге болады. Алайда біз білетініміздей, бақыт атаулы басмалдардан теріс айналып кетті, сондықтан жазбаның авторы қолға түсіп, тұтқында жүрген кезінде өзі құрастырған тексті тасқа қашап жазуы мүмкін. Бұл жазу өзіне екі жақты назар аудартады, ол тек тарихи документ қана емес, сонымен бірге мәдениет ескерткіші де.
Бізге белгілісі бұл өз мөлшері мен тіпті ырғағы бар алғашқы түрік өлең-жыры. Буын саны жағынан ол мынадай: 4 буындық, 5 буындық, 8 буындық , үш жолы бір шумақ. Бірақ, өлеңдетіп оқыған кезде екінші жолдағы дауысты дыбыс қасаңданып кететіндіктен199, оны сегіз қайырмалы ырғақ кідірісі бар жолға ұқсатып ішкі ырғақпен немесе төрт қайырмалы екі жол тұрғысында оқыған дұрысырақ болады.
Бұл мөлшер200 татар фольклорында осы уақытқа дейін сақталып қалған, мысалы:201
Аттым қарға Түсті қарға
Қарға түсті ақ қарға-
Үн шығаруы толық үйлесіп тұр. Ұйқастық схемасы былайша: а, а, а, б, б, с. Жазудағы соңғы жол ырғақ кідірісімен екі жартылай өлеңге бөлінген. Бірінші жол — жағдайды суреттеу — қысқа желісі; екінші жол оның трагизмін көрсетеді — антитезис; соңғы жол — тиянақ, әрі мұнда «ия, болсыншы» деген жалбарыну сарыны бар. Бұл өлеңге берілген дуалық мәнді байқатады: одан тек аман қалуды күтті.
Дуа, арбауын ырғақпен келтіретін қысқа өлең жанры ертедегі ортағасырларда тек араб поэзиясында ғана белгілі болды. Біздің материалымыз бұл арада түріктер Орта Азияда қолдана алатындай өлең құрастыруды арабтардан алып пайдаланған жоқ па екен немесе өздерінің тапқаны ма? — деген сұрақтың түйінін шешуге мүмкіндік бермейді. Бірақ, қалай дегенде де VIII ғ. ақындық шабыт көне түріктердің киіз үйлерінде қонақ болып жүргендігі даусыз.
Білгіхан. Сыртқы жаулар сияқты ішкі жауларды да жеңіп шығуға қол жетті: ел тыныштыққа бөленді. Алайда бұл жазалаушылық жортуылдардан гөрі, ішкі саясаттың өзгеруінің нәтижесі еді. 716 ж. жеңімпаз түріктердің жағдайы да онша мықты бола қойған жоқ. Білгіхан былай деп жазды: «Мен тіпті де бай халықтың патшалық тағына отырған жоқпын; мен ішсе — асқа, кисе — киімге жарымаған аянышты әрі кемтар халықтың тағына отырдым» . Сірә, Кенгу-Тарманнан Қадырқан қара ормандарына дейінгі (Хинган) далада бытыраңқы қоныстанған түрік малшылары едәуір дәрежеде көтерілісшілердің құрбаны болған тәрізді. Тіпті олардың аман қалып, ордаға жетулерінің сәті түскен жағдайдың өзінде де олардың мүйізді мүліктері жау қолында қалып отырды.
Өкіметті басып алу кезінде Күлтегін Қапаған ханның барлық сыбайластары мен кеңесшілерінің, яғни тоғыз-оғуздар үшін неғұрлым жексұрын адамдардың көздерін жойды. Өйткені, дәл осы адамдар Қапаған ханды көтеріліс тудыратын саясатқа итермеледі. Білгіхан өзінің халықпен қарым-қатынас жасау тәсілін өзгерткенін атап көрсетеді: «мен бізге косылған халықтарды отпен қарып, сумен тұншықтырмадым», яғни олармен тіл табуға тырыстым дейді; ал «адал елдер мен адал қағандар болған жерде мен оларға тек жақсылық жасадым. Әлемнің төрт бұрышында өмір сүрген халықтарды мен бейбіт тіршілікке көндірдім және оларды өзара жауласпайтындай еттім, олардың бәрі маған бағынды. Нәтиже бірден-ақ көрінді. Кешірім жасау көтеріліс отын өшірді, мұның өзі Білгіханның қолын сыртқы соғыстарды жүргізуге бұратала босатты.
Білгіхан ішкі түріктік проблемаларды да сәтті шешті. Түріктердің көбі 716 ж. төңкеріс кезінде мемлекеттік кеңесшілерді қыру оқиғасынан қатты секем алып, «жалтақтай бастаған» болатын. Тоныкөкті өзіне қызмет етуге шақырып, Білгіхан наразыларды көсемінен айырды. Әйтсе де осымен бірге ол «құрып бара жатқан халықты өмір сүруге көтердім, жалаңаш халықты киім-кешекпен жабдықтадым, кедей халықты бай еттім, аз халықты кебейттім» деп көрсетеді. Бұған ол тек қолға түсірген олжаларын бөлген кезде жомарттық көрсету және ордаға еріктілерді қабылдау, яғни, батыл шабандоздарды өзіне қызмет етуге қызықтырып тарту арқылы ғана жете алды. Осы әдісімен ол қарсыластарының белсенді адамдарын тартып алып, өзін және өзінің ордасын күшейтті.
Білгіхан сыртқы саясатын да бұдан кем соқпайтын батылдықпен өзгерте білді — ол империямен бітім жасасуға қол жеткізді. Тамаша жеңісінен кейін ол бірден «Аспан ұлын баласы әкесін сыйлағандай қадірлейтініне уәде беріп», императорға сөз салды. «Император келісті». Бұл өзара көнісуден туатын келісім еді: мұндай қадірлеушілік ханды ешнәрсеге де міндеттемеді, сөйтіп оған ындын тыныштық берді. Мәселенің бұлай қойылысында император даланың жалған гегемоны болып, өз мәртебесін сақтап қала алды. Бірақ оған түріктерден аманат алу қажет еді. Сондықтан ол түріктерден бір ақсүйегін өзін қорғайтын корпуста қызмет етуге беруін талап етті. Бұл Империяның қол астындағы барлық көшпелілер атқаратын әскери міндетті мойындаудың символдық белгісі болуға тиісті еді.
Түріктердің сазайын тарттырмақ болған соңғы әрекет 722 ж. қолға алыңды. Білгіханға, Күлтегін мен Тоныкөкке Қытайға келіп, Тайшан тауында императордың өзі іске асыратын тасаттық беру рәсімі салтанатына қатысуға шақыру жіберілген болатын. Егер бұлар онда барса қытайлықтардың хан мен оның жол серіктерін аманат ретінде ұстап қалатындығы баршаға, соның ішіңде шақырылғандардың өздеріне де айдай анық еді . Сондықтан бұлар шақырып зор құрмет көрсеткендері үшін оларға алғыс айтумен шектелді. Сонымен бірге Білгіхан патша қызына әйелдікке беруін талап етті. Император бұған келіспеді, себебі мұның өзі Қағанатты заңды түрде мойындағандықты, яғни өзінің дәрменсіздігін мойындағандықты білдірер еді. Хан император ырқына көніп, жыл сайын Чаньаньга «қызмет ету үшін» бір ақсүйегін жібере бастады. Өзара бітім әлі жасала қоймаса да, бұл шара айтқызбай-ақ барып тұру тәртібімен жүзеге асырылды.
Ақырында хан территориялық мәселеде де көнгіштігін көрсетті. «Туфань (Тибет хандығы) иттерден жаралған, ал Қидан мен Хи менің еріксіздерім әрі қол астыдағыларым» және «түркеш ханы майда жер иеленуші және оның үстіне түрік тәуелдігі» деген тәкаппарлық мәлімдеме жасағанына қарамастан (сөйтсе де Білгіхан түркеш ханына өзінің қызын «үлкен сый-сыяпатпен» әйелдікке берсе, түркеш қағанының қызы Білгіханның ұлына тағы да сол «үлкен сый-сыяпатпен» күйеуге шыққан болатын). Білгіхан Жетісуды өзіне қайтарып алуға немесе тибеттіктер қаһарын тіккен Тянь-Шаньның оңтүстігінен бірнәрсені иемденуге асықпады. Тіпті, ортаазиялық хунндардың ұрпақтары — шато түріктері қоныстанған оңтүстік Жоңғария да 714 ж. Империяның билігіне өткен болса, сол күйіңде соның иелігінде қалды. Қағанаттан саяндық қырғыздар да шығып қалды, бұл олардың елшіліктерінің Сюань-цзунға төрт рет келгендігінен деп (713-715 жж.) көрініп тұр. Қырғыздарды жеңгендіктерінің бір ғана белгісі Қапаған ханның моласы жанынан орнатылған, 710 ж. өлген қырғыз ханын бейнелейтін балбал қалған. Осындай көнгіштігімен Білгіхан өзінің халқы мен елінің 722 ж.-дан 741 ж. аралығындағы жиырма жыл бойы бейбітшілікте өмір сүруін қамтамасыз етті.
Бейбітшілік. Білгіханның икемді саясатының арқасында жасалмай қалған бейбітшілік бітімі іс жүзінде сақталып отырды. Тибет Империяға қарсы тағы да соғыс бастады және түрік қағанатына ортақ жауға қарсы аттануды ұсынды. Білгіхан өзінің адалдығының дәлелі ретінде және императордың 724 ж. Шофанда, яғни Ордоста айырбас саудасын ашуға рұқсат бергеніне ризалығын білдірмек ниетте тибет грамотасын императорға жолдады. Ал айырбас сауда дегеніміз Қытайда сыртқы сауда монополиясы алтын мен жібек үшін жылқылар алатын қазынаға жататын болғандықтан, тәж өзінің құқы мен табысының бір бөлігінен ерікті түрде бас тартқандығын білдіретін.
Бірақ империя үкіметі экономикалық қарым-қатынастарды көп кешікпей ескі арнасына түсірді. 725 ж. хан қосынына империя елшісі Юань Чжэн келді, оған салтанатты қабылдау жасалды. Қабылдауда онымен үш ұлы түріктің барлығы — Білгіхан, Күлтегін және Тоныкөк келісім сөздер жүргізді. Бұл келіссөздердің мазмұны 727 ж. жасасылған шарттан айқындалады, ол бойынша жылқылардың келісілген саны үшін түріктерге жыл сайын 100 мың кесек жібек мата беріп отыру көзделген.
Қытайдағы және қағанаттағы халық бұқарасы саудаға қатысудан осылай тағы да шеттетілген еді. Ал екі үкімет арасындағы қарым-қатынас шиеленіспей қалмады, себебі түріктер жылқылары бағасының, ал қытайлықтар — жібектері бағасының артуын қалады.
731 ж. Күлтегін қайтыс болды. Император көңіл айтуларын білдіретін манифесімен арнайы елшілік жіберді. Елшілік құрамында Орхон жағалауынан тамаша монумент тұрғызған шеберлер болды. Оған Күлтегіннің мүсіндік сымбат ескерткіші орнатылды және қабырғалары соғыс тақырыбындағы көркем суреттермен безендірілген храм салынды. Ондағы қытай және түрік тілдеріндегі жазулар сол күйі сақталып, ол жазулар сырын 1889 ж. Н. М. Ядринцев ашты. Жазуларда Күлтегінді жерлеу рәсімі егжей-тегжейлі сипатталған. VIII ғ. халықаралық қарым-қатынастар деңгейін көрсететін болғандықтан202 бұл қызығуға тұрарлық.
«Жылап-сықтаушылар ретінде Удар-Сенгун бас болып қытай мен татаптықтар келді; табгачтар қағанынан Исьи мен Ликенг [Чжан Кюи мен Лю Сян]203 келіп, көптеген сый және қисапсыз алтын мен күміс әкелді; тибет қағанынан белек келді; күн батыс елдерде: Соғдыда, Бершекерде, Бұқарада тұратын халықтар атынан Нек-Сенгун мен Оғул-тархан келді. Он жебе халқынан және менің түркеш қағанымның ұлынан мөр сақтаушы Макрач пен мөр сақтаушы Оғуз-Білге келді; қырғыз ханынан Шур-Тардуш-Ынанчу келді. Үйді тұрғызушы ретінде және тасқа қашап сөздер жазу, әшекей салу үшін табгачтар қағанының шенеуніктері (П. М. Мелиоранский бойынша тас қашаушылар, тіпті, мүмкін суретшілер— Л. Г.) мен Чанг-Сенгун келді… Тас… тойгундар мен елтеберлер [?] соншалықты көп тас қалаушылар әкелді».
Бұл арада қағанаттың ең жақын көршілері көрсетілген, өйткені 732 ж. оның барлық шекараларында тату көршілестіқ орнатылған болатын. Бірақ 553 ж. дәл осындай жердеулерде аттары аталған шалғай жерлердегі халықтардың елшілері жоқ: бокли халқы немесе мұқры (мохэ) және Пурум-Рим, яғни Византия аталмаған204.
Хандарының барынша күш салуы мен талантына қарамастан екінші қағанат Біріншісінің тек көлеңкесі ғана болды, сондықтан 734 ж. дүние салған Білгіханның жерленуін суреттеп жазған кезде тек түрік ақсүйектерінің ғана аттары аталып, шетелдіктер жалпы аталмаған205. Сондай-ақ жоғарыда еске алынған кейбір тайпалар да: абарлар, үш құрықандар және оғыз-татарлар көрсетілмеген. Бірақ бұл түсінікті: абарлар Іленің орта тұсы жағалауында өмір сүрді және оларды Қапаған хан жаулап алған болатын, демек өз алдына халық болудан қалған-ды. Якуттардың ата-бабалары үш құрықандар түріктерден шалғай сібір тайпасына кетіп, өздерінің жауларымен қарым-қатынас орнатуға мүдделі емес-ті. Амур маңы тайпасына барып тығылған оғыз-татарлар да, сірә, осылай еткен болар. Мұның есесіне жаңа бершекер 7 деген жұмбақ халық пайда болды; түркеш қағанының соның «ұлы» болып аталуы таңғаларлық жәйт, мұның өзі оның соларға қандай да бір тәуелділігін танытатын тәрізді. Алайда, бәрінен бұ0рын бұл — үстемдікке деген дәме болса керек; түркеш қағанаты түрік қағанатына тәуелді болған жоқ.
Осының бәрі түріктер далада бейбіт тіршілік орната алатынын және орнатпақ болғанын көрсетеді, өйткені VIII ғасырда олар бұрынғы тағылық ордадан мемлекет құра бастаған-ды.
Оңтүстіктегі ұйғырлар. Оңтүстікке көшіп барған ұйғырлар қытайлықтармен сыйыса алмады. Олар үшін аса қолайлы басқарушылық орнатылғанымен, ол қытай шенеуніктері тарапынан озбырлық пен қастық әрекеті жасалуына тосқауыл қоя алмады. Әрине, ұйғырлар мұндай әрекеттерге тойтарыс беріп отырды, әне содан басараздықтар туып жатты.
Ван Гюнъ-чо деген біреу ұйғыр басшысы Чэн Цзунмен жанжалдасып қалды. Соның артынша ол Хэсидің басқарушысы қызметіне тағайындалды да, формальді түрде заңға сүйенген болып ұйғырларды қыспаққа ала бастады. Ұйғырлар орталыққа шағым жіберді, ал басқарушы астанаға Чэн-цзун бөлініп шыққысы келеді деп хабарлады. Әккі бюрократтың шебер құрастырған өтірігі ақкөңіл көшпелілердің аузынан шыққан шындықтан да сенімдірек болып тарап кетті. Чэн-цзун жер аударылды, оған ұйғырлар қатты ашуланды.
Осы кезде Тибетпен екі арада соғыс өрті бұрқ ете қалды. Сондықтан басқарушы Ван Гюнь-чо жорыққа аттанды. Бұл сәтті пайдаланған көсемнің ұлы Хошу әкесінің кегін алу үшін халықты жинап, торуыл құрды да басқарушыны өлтірді. Көтеріліске шыққан ұйғырлар Қытайдан Құшаға баратын керуен жолын кесіп тастады.
Бұл арада мұны соншалықты егжей-тегжейлі баяндау бізге Тан империясындағы мемлекеттік жүйенің азғындап, кері кеткендігін көрсету үшін керек болды. Қытайлықтар мен көшпелілер өзара ортақ тілді ешбір таба алмады; тіпті бір-бірлеріне қажет болса да олар сыйыса білмеді, өйткені олардың рухани құлықтары бір-біріне жат еді. Қақтығыстар стихиялы түрде шығып отырды және ақыр соңында Тан империясын ақсатып тынды. Хошу өз халқымен бірге Хэсиден солтүстікке қарай шегініп, қайтадан түріктерге бағынды. Бірақ көп ұзамай дүние салды. Оның орнын ұлы Гули Пэйло басты.
Жоғарыда бейнеленген оқиғаның ұйғырлар үшін зор маңызы болды. Сол кезге дейін олар тоғыз тайпаның өте тұрақсыз одағы болатын. Оңтүстікке төрт тайпа: хойху (яғни, ұйғырлардың өздері), кибн, сыгйе және хунь көшіп барды. Кейін оларға тунло (тонгра) мен байен қосылды. Бірақ жарты ғасырдан соң Алашан мен Наньшан таулары етектерінен Халқаға тұтас халық — ұйғырлар көшіп келді. Ортақ мүдде, тұрақты соғыстар, өздерін шет жерліктерге қарсы қою және тұрмыстарының, діндерінің, мәдениеттерінің қымбатты дәстүрлерін бөтендердің тұрпайы ықпалынан қорғап қалу қажеттігі тайпалық ерекшелік сезімін жойып ол тайпаларды халық етіп біріктірді.
Алайда қытай мен тибет мәдениетінен аулақ болған ұйғырлар тілі жағынан туыстас түріктерден де ерекшеленетін. Бұлардың шығу тегі жөніндегі аңыз қаншалықты ұқсас болғанымен әр түрлі. Түріктер өздерінің шыққан тегін ханзада мен қаншық қасқырдан бастаса, ұйғырлар — қасқыр мен ханшадан тарағанбыз дейді. Өзгешілік белгілер бар — ал құлықтық айырмашылық елеулі.
Және де бұдан әрі біз түріктер мен ұйғырлар мәдениеттерінің әр түрлі бағытта әрі әр түрлі реңкте болғандығын көреміз. Мысалы, түріктер бөтен қағанға «өз еңбектері мен күштерін» бергілері келмегендігін көтерілістерінің ұраны етіп алды. Ұйғырлар өздерінің көсемдерін ренжіткендері үшін кек қайтармақ болып көтеріліске шықты. Тағы да өзгешелік, тек өздеріне ғана тән сипат. Себебі бүкіл этностық құлық әрең байқалатын өзгешеліктерден құралады ғой. Әне, соларды алып тастап, біз тарихи фактілерді схеманың (желінің) білінбей келетін құндағына саламыз.
Ханның өлімі. Қидандар да өздерін ұйғырлар тәрізді танытты. Олардың көсемі Кэтугаш қытай итаршысы, кінәз Шаогуды өлтіріп, оның орнына Кюйлэ деген біреуді қойды және татаптықтармен бірге 730 ж. түріктерге өтіп кетті. Оған қарсы сегіз корпустан тұратын әскер жібереді Татаптықтар бірден бағыңды, ал кикар қидандар 732 ж. талқандалды. Бірақ келесі жылы Кэтугань түрік әскерлерімен оралып келді. 10 мың адамдық империялық корпус татаптардан құралған көмекші әскермен бірге жауға қарсы шықты. Алайда Тунгкер тауындағы шайқас кезіңде татаптықтар ұрыс алаңынан қашып кетті, содан: имперліктер жеңіліске ұшырады. Корпусқа жаңадан тағайындалған генерал Шеугуй Кэтуганьнің Ли Го-си деген, есіміне қарағанда қытайлық песірін парата сатып алды. Ли Го-си түнде «Кэтуганьнің, Кюйлэнің және олардың бірнеше ондаған сыбайластарының» бастарын кесіп, «кері қайтты». Мұндай еңбегі үшін Ли Госи Сунмо (Сунгарий провинциясы) уалиі болып тағайындалды, бірақ өлтірілген Кэгуганьнің серіктері сатқынды ұстап алып, оны отбасымен бірге майдалап турап тастады. Көтеріліс жалғаса берді, сондықтан имперлік қолбасшы Шеугуй 734 ж. қидандарға қарсы екі рет жорық жасады, оларды талқандады… бірақ көтерілісті басып-жанши алмады. Әйтсе де оның күресу әдісін Чаньанвдегілер қатты ұнатқан еді. Сондықтан да дәл сол 734 ж. Бұрын қытайда елші болған, сонау 727 ж. өзінде-ақ жеке кездескенде Сюаньцзуннен мол сыйлық алған түрік ақсүйегі Білгіханды у беріп өлтірді. Өлім аузында жатқан хан сатқынның және оның барлық туыстарының көзін жоюға бұйрық берді. Ал император болса өзінің ізін жасыру үшін ханның өліміне байланысты көңіл айтуға арнайы елші жіберді.
Алайда екі арада соғыс шыққан жоқ. Білгіханның мұрагері, оның ұлы Иоллығ-тегін қағанат ақсүйектерінің бірауызды келісімге келуі жағдайында таққа отырды. Бұл жазушы әрі тарихшы, екі орхондық жазу текстінің авторы еді. Өз әкесінің саясатын жалғастыра отырып, ол шиеленісті жағдайдан шығу жолын табуға тырысты, сөйтіп Қытайға үш елшілік жіберді. Бірақ осымен қатар ол қидандарды қолдауды жалғастыра берген тәрізді, өйткені Маньчжуриядағы партизандық соғыс әлі жүріп жатқан болатын.
Батыста бүкіл 30-жылдар бойы түркештер ханы Сұлу үстемдік құрды. Ол өзінің барлық күшін шабуыл жасап келе жатқан арабтарға қарсы күреске жұмсады. Сол үшін олар мұны Музаххим, яғни «сүзеген» деп атап кетті.
Империя бар уақытын тибетпен соғысуға және әскерін қайта құруға дайындық жасауға кетіріп жатты. Сондықтан ол да оқиғалардың шылауыңда жүрді. Иоллығ тып-тыныш қана 739 ж. қайтыс болды. Тақ оның інісі Білгі Құтлуғханға өтті. Империя оны және оның жаңа Тәңірхан деген құрметті атағын мойындады. 740 ж. хан Қытайға жауап елшілік жіберді. Дүние апат қарсаңында тұр деп кім ойлаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *