ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН ҚАҒАНАТ
XXII тарау
Міндеттер. Толадағы жеңіс түріктердің қолына бүкіл дерлік Халханы алып берді. Бірақ соған қарамастан бұлардың мемлекеті қиын-қыстау жағдайда болды. Жаңадан қол астына қараған ұйғырлар сенімсіз еді; империя иеліктері қайта туған қағанатты шығысынан, оңтүстігінен және батысынан қапсырып жатты; солтүстікте, Сібірде түріктерге анық қас, кең-байтақ жерді мекендеген қырғыз хандығы болды және ең бастысы түріктердің өз халқының үлкен бөлігі Ордоста, жау тырнағында қалды. Бірінші кезекте әне соларды құтқарып алу керек еді, Қапаған хан соған кірісті. 694 ж. түріктер Қытай шекарасына жай оғындай шапқыншылық жасап, оларға қатты соққы берді және көптеген жауынгерлері мен халқын тұтқынға алып кетті. Осымен бір мезгілде Қапағанхан император әйел У-ға өзін қолы астына алуды ұсынды. Мұның өзі Халхада түрік мемлекетінің құрылғандығымен империя үкіметінің келіскендігін, оны тікелей мойындағанын білдірген болар еді. Әлбетте, Қытайдың бұлайша көтерілісшілермен оп-оңай татуласа салғысы келген жоқ. 18 әскери аймақ қытай және көшпелілер атты әскерлерімен оған қарсы жорыққа шықты, бірақ жауды таба алмай кері қайтты . Отюкен құл-құтандары түріктерді күйреуден сақтап қалды . Қытайлықтардың қозғалысқа көшуіне тура келді.
Мүмкін шапқын кезінде ұсталып әкетілгендер тұтқындар емес, ол Құтлуғпен бірге кетуге үлгіре алмаған, енді өздерінің руластарына қашып өткен ордос түріктері болар. Жазу Капаған ханның саясатын дал осылай түсіндіреді: «Менің қаған немере ағам патшалыққа отырып, түрік халқын қайтадан орналастырды әрі көтерді, жарлыларды ол бай етті, аз халықты көп халық етті». Әрине, мұның соңғысы табиғи өсім есебінен болмаса керек.
Маңызы жағынан руластарын азат етуден кем соқпайтын екінші міндет — көшпелі халықтармен және тайпалармен дұрыс қарым-қатынас орнату болды. Империяға жалған бағыну көп телілер үшін оңайға соқты және тіпті пайдалы да еді, бірақ қытайлықтар өздерінің үстемдігі толығынан орнықты деп жаңсақ ойлап, сыртқы иеліктерін басқару қызметіне өз шенеуніктерін тағайындай бастады. Осыдан келіп көшпелілер ағамандарының құқтарына қысым жасалуына, қатардағы көшпелілердің мұң-мұқтажын түсінбеушілікке, парақорлыққа, қорқытып алушылыққа және қытай шенеуніктерінің қорлаушылық менмендігіне байланысты әртүрлі шиеленістер сөзсіз туындап жатты. Сондықтан VII ғ. аяғына таман қол астына өткен көшпелілердің оларға деген адалдығы Ұлы қорғаннан қаншалықты алыста тұрғандығына қарай өзгеріп отырды. 696 ж. Маньчжурияда қидандар мен татаптар (хи) көтеріліске шықты, түріктер мұны да пайдаланып қалды.
Ақырында ханның алдында үшінші ішкі саясаттық міндет тұрды. Жоғарыда айтылғандай, көне түріктерде таққа мұрагерлік жөніндегі заң болды, ол бойынша тақты ағасы інісіне, ал жиені нағашысына (сатылап жоғарылау) мұра етіп қалдырып отырған. Қытайлықтар бұл тәртіпті көңілге қонбайды деп санап, түрік істеріне араласа, оны тіпті елемеген. Қағанатын қалпына келтіріп түріктер ескі заңдарын да қалпына келтірді, Мочур сол бойынша Қапаған хан болды. Алайда ол қытай мәдениетінің ықпалын өз басынан өткерген-ді, сондықтан тақты жиені Моңғолияға емес, өз ұлы Фугюге бергені өзі үшін жақсы болар деп есептеді. Заңды ашық түрде бұзуға болмайтынын білген ол «кіші хан» (шадтан жоғары) деген шен тағайындап, оны өзінің ұлына бұйыртты, ал жиенін тардуштардың, яғни түріктердің батыс қанатының шады етіп қойды, әрі оған неғұрлым қатерлі соғыс міндеттерін өз бетінше тапсырды. Бұған қарағанда ол өз жиенінің қаза табуына қарсы болмаған тәрізді.
Шығыста. Түріктердің табыстары Орталық Манчжурияның моңғолдық тайпалары — қидандар мен татаптардың үмітіне канат бітірді. Тіпті қытай тарихының өзі көтерілістің шығуына деген жауапкершілікті сезініп менменділігімен бағыныштыларына қалай болса солай қарай бастаған жоғары лауазымды бастық Чжао Вэньхайга жүктеген. 695 ж. қидан көсемдері Цзиньчжун мен Ваньюн көтеріліс ұйымдастырып, Чжао Вэнь-хайды өлтірді және оның көмекшісін тұтқындады. Күннің ішінде көтеріліс қидандардың барлық сегіз тайпасын қамтыды. Олармен бір мезгілде татаптар да көтерілді, бірақ өз күштеріне сенбей, түріктермен одақтасты. Көтерілісті басуға жіберілген тұрақты армияны қидандар Хуанчжангу алқабы мен Пинчжоу маңында күйрете жеңді. Тек сатып алынған құлдардан құралған үшінші әскер ғана 696 ж. қидандардың шабуылын тойтарып, олардың ілгері жылжуын тоқтатты.
Қапағанхан осы жағдайды пайдаланып қалды. Император әйелге ол көтерілісшілерді жуасытып берейін деген ұсыныс айтты, сонысына келісім алды. Осындай көмегі үшін сый ретінде оны хан деп мойындады, оған әскери шен мен бектік құрметті атақ берілді. Қапағанхан жай осындай шапқыншылығымен қидандардың тас-талқанын шығарып, оларды орман шатқалдарына шашырап кетуге мәжбүр етті.
Бұған қуанған император әйел түрік ханын ұлы шанью деп танығысы келген еді, бірақ ол бұл атақ-дәрежені алып үлгермей, қытай шекарасына шабуыл жасап, 697 ж. екі уезді —Линчжоу мен Шэнчжоуды, яғни солтүстік-шығыс Ордосты тонады. Оны ол жерден империя әскерінің шекаралық шағын халықтардан жасақталған әскерлері кері қуып шықты.
Қытайлықтарды осылайша қорқытып, хан өз бітім шартын алға тартты. Ол император әйел өзін бала етіп алуын, қыздарын қытай кінәздеріне күйеуге беруін, Ордоста қалған түріктерді босатып өзіне жіберуін қалады және осы үшін оған себу үшін 100 мың қу тары, 3 мың егіншілік құралдары мен таға жасайтын темір берді. Әлбетте, оның бұл шарты қабыл алынбады. Мұнан соң хан келіссөз жүргізуді тоқтатып, елшілерін ұстап қалды және әскерлерін қидан жерінен алып кетті. Қидандар дереу ормандардан шығып кінәз Ваньюнның төңірегіне топтасты. Ваньюн қайтадан қытайлықтарға шабуыл жасап, Цзичжоу уезін талқандады. Қидандарға қарсы үлкен әскер — 170 мың адам жіберілді (сірә, бұл цифрға барлық қызмет көрсетушілер де енгізілген болар), бірақ ол жасаққа есінен тандырыла соққы берілді. Ваньюн шабуылға шығып, Ючжоу және Инчжоу уездерін өзіне қаратып алды және оны «жүгенсіздікпен өзі билеп-төстеді».
Қидандарға қарсы күресуде көмек алу үшін император әйелге барлық талаптарына келісуіне тура келді. «Сол күннен бастап түріктер күшейді»‘. Ханның император әйелмен одақ құруы қидандар үшін қатерлі болды. Түріктермен одақ құрған татаптар қытайдың жаңа екі жүз мыңдық әскерімен бірігіп, қидандарды екі жақтан қыспаққа алды. Қидан әскерлері тас-талқан етілді, ал Ваньюнды қашып бара жатқан кезінде өзінің еріксізі өлтірді. Қидандардың аман қалғандары қытайлықтарға берілмес үшін түріктерге бой ұрды. Сөйтіп, 697 ж. Қапаған өз иелігіне Маньчжурияны қосып алды. Осыдан кейін қидандар түрік ханының тәуелділері күйінде қытайлықтармен соғысуын жалғастыра берді.
Император әйел У төңкерісінің және тан әулетін басқаруының салпары, міне осы жерден керінді. Шет жерліктерден құралған шекаралық әскерлердің қытайлықтар үшін шайқасқылары келмеді, сондықтан әскерді еріксіздермен толықтыруға және тіпті солдаттарды жалақыға жалдауға тура келді» Далалық әскерде кекірейген қытай шенеуніктеріне қарсы наразылық пен өшпенділік күшейе түсті. Тандық дәстүрдің әсерлілігі мен бейқамдығы ғана шекаралық әскерді ниеті түзулік шеңберінде ұстап тұрды, бірақ әскерлердің көп бөлігінің ұнатымы қуғынға ұшыраған мұрагерге ауғандығы табиғи құбылыс еді. Сондықтан да император әйел оларды жек көрді. Бір генералдың қолына көп күшті шоғырландырмау үшін ол командалық құрамды бөлшектей бастады, ал мұның өзі әскердің соғысқа жарамдылық қабілетіне әсер етпей қалмады.
Қапаған хан саяси жағдайды ескеріп, өзін мұрагерді жақтаушы ретінде жариялады. Оны таққа отырғызу үшін Қапағанхан 698 ж. «100000 салтаттымен» жорыққа шықты. Мұндай көпірмелілік оған біраз пайда келтірді, өйткені империя әскерінде қызмет етіп жүрген көшпелілер бірден оның жағына қашып өте бастады. Оған қарсы адам құрамы 300 мыңдық және 150 мыңдық екі әскер жіберілді. Бірақ олардың белді шайқасқа түсуге батылдары бармады. Түріктер бірқатар округтерді тонап, қолға көптеген тұтқын түсірді. Сол кезде қытай үкіметі жаудың әулетті жақтаушылық басты құралынан айыруды ұйғарды. Мұрагер жер аударылған жерден кері қайтарылып, әскердің қолбасшысы болып тағайындалды. Қапаған хан шегінуге мәжбүр болды, бірақ бұл ретте ол тіпті де Тан әулеті үшін емес, ал өзі үшін және өзінің халқы үшін соғысқанын көрсетті.
40 мың тұтқын, яғни ол әулетті қорғаған кезде іс жүзінде өзіне өткен адамдар қырып жойылды, осыдан кейін түріктер шегіне бастады. Осы шегініс жолында барлық қытай қалалары мен селолары түгі қалдырылмай тоналып, халқы құлдыққа айдалып әкетілді. Соғыс бұдан кейін де тоқтаған жоқ, бірақ әулетті қайта қалпына келтіру империя күштерін топтастыра түсті. 699 ж. қидандар талқандалды, және де жеңіс даңқы бұрын жаулары болған «көшпелілерден шыққан» екі тамаша қолбасшыға жазылған. Түсінікті нәрсе Қытай үшін көшпелілердің өлгілері келмейтін. Мончурға әлі келе қоймаған көшпелілерді өзіне байдап-матап тастау үшін ақылды император әйел отярдын жағдайын жақсартуға дейін барды. 701 ж. түріктерді құлға айналдыруға тыйым салатын жарлық шығарылды192. Осы арқылы ғасырлар бойғы көрген зәбірлері үшін далалықтармен есеп айырысуға мүмкіндіктері болмай, өздерінің өшін шекаралық көшпелілерден оларға дөрекі қанағатсыздықтың талай пәлелерін жабыстырып алып жүрген шенеуніктер мен ірі жер иеленушілердің қиянат жасаушылығына шек қойылды.
Жарлық өз рөлін атқарды, сөйтіп, шекараға шабуылдаушы түрік жасақтарының табыстары едәуір кеми түсті. 700 және 702 жж. түріктер солтүстік Қытайға шапқыншылықтар жасады, бірақ ол шабуылдары малдарын айдап әкетумен және тонаушылықпен шектелді. 703 ж. Қапағанхан өзінің елшісіне қызын тақ мұрагерінің ұлына атастыру жөнінде келіссөз жүргізуді тапсырды. Бұл татуласуды білдірген-ді. Шынында да осы жөнінде келіссөздер жүргізу үш жылға созылып, сол аралықта соғыс қимылдары да болған жоқ. Осы кезеңде император әйел қаза тапты, сөйтіп таққа сол баяғы Чжунцзун отырды. Ал оның есімімен түрік ханы өзінің ойлағанын сәтті бүркемелей алды. Енді ашық ойын басталды.
Батыста. 698 ж. қатал соғыс түріктердің де, қытайлықтардың да күштерін уақытша обып тастады. Түркештердің көсемі Үшжеле осы жағдайды пайдаланып қалды. Ол өзінің 60-70 мың жақтастарымен 699 ж. ішкі Қытайға көшіп барған193, қытайланған элементтердің көсемі, қабілетсіз хан Ашин Хусэлоны ығыстырды. Түркеш хандығы территориясының өзегі Іле өзенінің алқаптары мен Тянь-Шаньның солтүстік тау бөктерлері болды. Ханның оңтүстіктегі жаздық қосыны қазіргі Тоқмақ қаласы маңында, ал солтүстіктегі қосыны — гун-юэ тайпасы жерлерінде194 орналасты. Басып алған жерлерін заңды ету үшін Үшжеле Қытайға екінші ұлы Чженуді басшы етіп елшілік жіберді. Елшілік игі ниеттілікпен қабылданылды және сол арқылы жерді басып алушылығы бекітілді.
Бірақ бұған түріктер онша жайбарақаттықпен қараған жоқ. Олар батыс Жоңғарияда түркештер әлі ез мемлекетіне қосып үлгіре қоймаған шулық тайпалар (орта азиялық хунндардың ұрпақтары) өмір сүріп жатқанын пайдаланып қалды. «Мемлекеті мен қаған билігін кеңейту үшін» Жетісу іргесін басып алуға тырысып, хан жиендері Магилянь тардуш-шад пен оның он алты жастағы інісі Күлтегін шу тайпаларына қарай жорыққа шықты және 701 ж. оларды бағындырып алды. Әйтседе жорық жоспары әлде қайда кең еді: түріктер өздеріне бүкіл Соғдыны бағындырып алармыз деп ойлады, өйткені осы арқылы олар бірыңғай қағанатты қалпына келтірер еді. Түркештер қарым-қатынастарын ушықтыруға бармады, түрік бектері де әзірше оларға тиіспеуді ұйғарды. Бірақ батыс иеліктеріндегі қытай өкіметі өз жауларының табыстарына көз жұма қарап отыра алмады, Түрік жазбалары Ыдық-баш маңында империяның елу мыңдық әскерінің тас-талқан етілгені және оның көсемі Онтүтіктің тұтқынға алынғаны туралы хабарлайды. Бірақ қытай хабарламалары бұл шайқас жайында ешнәрсе айтпайды. Сондықтан шайқас қалай да болғанымен, оқиғаның аумағы асырылып жіберілген деп ойлауға тура келеді.
Түсіндіру. Осы оқиға жөніндегі ұсынылған бұл түсіндірме бірінші рет айтылып отыр: оған П. М. Мелиоранскийдің аудармасынан айырмашылығы бар С. Е. Маловтың аудармасы негіз бола алады. Бұлардың алдыңғысы «alty cub sogdak» деген сөздерді «алты чубтар соғдақтары» деп аударған . Маркварт бұл жұмбақ «чубты» алты соғдылық иеліктің кінәздері: Қан (Самарканд), Ми (Маймург), Шы (Кеш), Хэ (Кушания), Цао (Усрушан) және Насебо (Несеф) мирас еткен Чжао-ву әулетінің есімімен байланыстыра түсіндіреді. Маркварттың пікірі бойынша оларды 701 ж. шығыс түріктері жаулап алса керек. Ол өз ойын сол жылы соғдылықтар хорасан әмірі Мүхаллаба ибн Абу Суфраға қарсы соғыста түріктерден көмек көрген еді деп қуаттайды. Бұлай ұқсастыру кең тарады, бірақ Г. Е. Грумм-Гржимайлоның өлтіре сынауына ұшырады. Бұл ол уақытта Соғдыға жорық жасау мүмкін болмағанын дәлелдеді. Әйтседе ол батыс жорығын мүлде мойындамай, жазбалар тексті ойдан құрастырылған деп есептеп, екінші бір қателікке ұрынды.
С. Е. Маловтың аудармасы осы екі шеткері пікірдің екеуінің де жалғандығын айқара ашуға мүмкіндік береді. Ол әлгі сөздерді «алты чубтар мен соғдақтарды» деп аударды. Егер «чубтар» деп чуюе, чуми, чумугунь, екі бөлік чубань және шато (чуюеден тармақтанған)» деген шу тайпаларын айтар болса, онда батыс Жоңғарияда, Тарбағатай мен Қара Ертісте көшіп-қонып жүретін оларды жаулап алу орындауға болатын міндет еді; ал соғдақтарға қатыстылығы жайында айтсақ, ол алысты көздейтін саясат болды. 700-701 жж. Соғдыны арабтардан қорғаған түріктер өздері жаулап алғысы келген халықты қорғаудың өздері үшін ешбір қажеті жоқ ешқандай да шығыс түріктері емес, ал Тан әулетінің қол астындағы батыс түркіттері болатын деп Грумм-Гржимайло дұрыс көрсеткен. Бірақ оның Оңтүстік пен Қытай қолбасшысы Сян Банды бір адам деп санауы дұрыс емес. Өйткені Сяк Ван Империяның шекаралық армиясына қолбасшылық еткен, бірақ жеңіліске де ұшырамаған, тұтқынға да түспеген. Батыс жорығын жоққа шығару, міне осы негізсіз ұқсатушылықтан келіп туған, өйткені Күлтегін Соғдыдан Орхонға бір жылда да жетіп үлгірмес еді.
Әйтсе де әңгіме мынада: сірә, Оңтүстікті 692 ж. тибеттіктерді Тарим бассейнінен қуып шыққан және сонда далалық армияның қолбасшысы болып қалған қытай қолбасшысы Ван Сяо-цземен бір адамға сайыған жөн шығар. Егер осылай дейтін болсақ онда сол уақытқа дейін Сүйедегі (ЬІстықкөлдің шығысындағы бекініс өстіп аталған) имперлік гарнизенмен табыссыз шайқасқан түркештердің тез күшейе түсуі әбден түсінікті. Бұдан Батыс өлкесінде үш жақты соғыс пайда болғанын аңғарамыз: империя әскерлері тіпті ЬІдуқ-баштағы шайқаста жеңіліске ұшырағанымен төрт инспекцияны (Қарашар, Құша, Қашғар, Хотан) және Бәйтінді (осы заманғы Гученге таяу) өз қолдарында ұстап тұрды; батыс — түркештердің, солтүстік-түріктердің бақылауында болды. Түріктер Соғдыға дейін шынында да жете алмады. Ертістің бас жағындағы қарлұқтар, сондай-ақ оңтүстік-батыс Жоңғарияда, Жұлдыз өзені алқабында көшіп-қонып жүретін хувулар мен шүніштер (дулу одағындағы түрік тайпалары) олардың құрбанына айналды. Оңтүстік Жоңғарияда өмір сүрген басмалдарды жаулап алуды да (703 ж,) осы кезеңге жатқызу керек.
Цзю-Таншудың мына мәліметтері, сірә, осы шабуылға қатысты болар: «Чоугун дәуірінен бастап (685-688; яғни Ашидэ Юанъ-чженнің батысқа сәтсіз жорығынан бастап,— Л. Г.) он рулар Мочжо түріктерінің үздіксіз шапқыншылығы мен тонаушылығына тап болды. Олардың бірсыпырасы қырғынға ұшыратылды, бірсыпырасы қуып таратылып, түгел дерлік құртып жіберілді (кәдімгі қытайлық асырып айту — Л. Г.), ал содан соң адам саны 60-70 мыңнан аспай қалған олар Хушэломен бірге Қытайға қоныс аударып, сонда орналасып қалды»? Бұған керісінше «Син-Таншу» Хусэлоның басты жауы түркеш Үшжелесі болды дейді. Бірақ екеуінікі де дұрыс-ау деген ой келеді: өйткені түріктер де түркештер де батыс түркіттерінің тірі қалғандарына бірдей қатер төндіріп, олардың бір бөлігін Қытайға, өздерінің ірі жер иелерінің канаты астына барып қоныстануға мәжбүр етті.
700-704 жж. аралығында Батыс өлкесіндегі империяның күш-қуаты мардымсыз болды. Сірә, далалық армияның Ыдуқ-бан маңында жеңіліске ұшырауынан кейін тек бекіністердегі гарнизондар ғана қалып, ешқандай толықтырулар келмеген болуы керек. Шынында да әскерге жаңадан алынғандар Манчжурияда қидандармен және Хуанхэ жағалауларында түрік ханының өзімен шайқасты. Сондықтан ағалы-інілі ханзадалардың Соғдыға дейін жетуге әрекеттенуі де мүмкін. Дегенмен, жазудың бұл жайында ешнәрсе айтпағанына қарағанда, олар осы бағытта үлкен табыстарға жете қоймаған сияқты. Алайда түріктік қауіп-қатер империя үкіметін түркештердің ең болмағанда өздерінің бейтараптылығын қамтамасыз ету үшін күшеюіне амалсыз көнуге мәжбүр етті. Бұлайша түсінік берушілікті хронологиялық үйлесім де қуаттайды: түріктердің Жоңғарияға басып кіруі, Хусэлоның қашуы және Үшжелені мойындау — міне, осының бәрі 699 ж. болды. Оқиғалардың өзара байланыста өрбігендігі сөзсіз.
Түркештер. Абарлар мен мұқырылар сияқты олардың ұрпақтары түркештер телестік те, шулық та, тегінде түріктік те (түркіттік) топқа жатқан жоқ. Олар жөніндегі алғашқы мәліметтер VII ғ. екінші ширегіне жатады, онда бұлар дулудың бес тайпасы құрамында атап көрсетілген. 659 ж. Батыс түркіттік қағанатты қытайлықтар жаулап алған кезде түркештер екі әскери округті: согэ және моко рулары өмір сүрген Іле өзені алқабының жоғарғы бөлігіндегі Вулоуды және алишэлер тұрған Іле өзенінің батысындағы Го-шаньді мекендеді. «Тан әулетінің тарихы» түркештердің шығу тегі мен қай этникалық топқа жататындығы жөнінде тек олардың «сары» және «қара» тектілерге ғана бөлінетінін айтады. Біздің талдауымыз бойынша «сарылар» байырғы тұрғындар мұқырылар, ал «қаралар» — келімсек абарлар, олар бірігіп бір халық боп кетсе де, әлі де өздерінің шыққан тегін, нәсілі бөлектігін әлі ұмыта қоймаған.
Түркештер саны жағынан өте көп халық. Хан Согэ дәуірлеп тұрған шағында әскерінің саны 300 мыңға жеткен екен. Бұл санға түркештердің өздерінен басқа олар Батыстүркіттік қағанатты құлатқаннан және Ашин мемлекетін қиып өткеннен кейін өздеріне бағынған көрші тайпалардан құралған көмекші әскерлер енді. Ал соның алдында ғана әулет негізін қалаған Үшжеленің тек 140 мың ғана жауынгері болды ғой және соның өзі де «бағыныштыларын тыныштандыра білуі, сол арқылы олардың құрметтеуі мен сеніміне бөленуі, сөйтіп көшпелілердің оған көнуі» арқасында ғана осылай болды емес пе?!
«Қара» тектілер аз еді, өйткені олар 300 мың жан-тұғын (жауынгерлер емес!), яғни олар түркеш халқының шамамен үштен бірін құрады.
Әрбір ер-азаматы — жауынгер болып есептелетін жабайы елдер үшін әскердің халыққа қатысты кәдімгі есеп козффициентін қолдана отырып, белгілі бір дәлдікпен түркештердің адам санын айқындауға болады. Олар 50 мыңнан 700 мың адам аралығында ауытқып отырды. Егер тан әулетінің барынша гүлденген шағында (754 ж.) Қытай халқының саны екі жыныстан бар болғаны 58 миллион жанға жеткенін ескерсек, сол кез үшін бұл өте көп. Алайда батыстүркіттік хандардың иеліктерін мұраланған түркештер олардың Империяға бағыт ұстайтын саясатын да мұралыққа алды. Сол арқылы түркештер түріктердің жауларына айналды және оның салдары кешікпей-ақ байқалды.
Қарсы шабуыл. Тан әулеті Батыс өлкесінен айрылғанына көнгісі келмейді. Ол түріктердің, түркештердің және арабтардың жаулап алушылығын өздерінің уақытша сәтсіздіктері деп есептеді. Тек далалық және атты әскер мен талантты генерал ғана қажет болды. Өлтірілген хан Юанъкиннің ұлы ретінде айдалуда жапа шегіп жүрген түркіт ханзадасы Хянь сондай тұлға болып шықты. Өздеріне керек болысымен оған кешірім жасалды.
703 ж. шығыста бітімге қол жетісімен, 704 ж. бірден батыстағы жағдай да өзгерді. Батыстүріктік екі хан — Хуай-дао мен Хянь әскерлермен жіберілді. Хянь Шу өзенінің батысындағы 30 мың үйді тыныштандырды.
Империя жағына ең әуелі 704 ж. шато, ал сонан соң 705 ж. батыс түркіттері мен қарлұқтар берілді. 706 жылға қарай бастапқы жағдай қалпына келтірілді.
Бірақ онда түркештердің бейқамдығын қалай түсіндіруге болады? Бұл оп-оңай: оңтүстік жақтан оларды арабтар қыспаққа алды. 705 ж. Күтейба Балхты, 706 ж.— Пайкендті жаулап үлгерді, бірақ соғдылықтар мен «түріктер» оларды шегінуге мәжбүр етті. Табари хабарындағы бұл «түріктер» түркештер еді. Жаңа ортақ жаудан қорғану қажеттілігі оларды қытайлықтармен татуластырды, ал қытай министрлерін оңтүстік-батыстағы қажетті тосқауыл ретіндегі жаңа мемлекетті мойындауға мәжбүр етті. Осы арада Хяньнің не себепті Шудың батысындағы жерлерді бағындырып, түркештерге аяушылық жасағандығы және 706 ж. Үшжеле бектік құрметті атаққа қандай еңбегі үшін ұсынылғандығы түсінікті бола түседі. 707 ж. түркештер Кутейбаны тағы да Бұхарадан кері ысырып тастады.
Тек түркештер мен соғдылықтардың арасындағы алауыздық қана арабтарға Хорасанға шегінуге мүмкіндік берді. Көп кешікпей 708 ж. өзінің ұлы Согэге жақсы жабдықталған ордасын, 300 мың (?!) әскерін, Қытаймен. одақтастығын және арабтармен соғысын қалдырып, Үшжеле қайтыс болды. Сол жылы Кутейба тағы да Бұхарадан қуып тасталды, сөйтіп Согэ бүкіл Орта Азияның гегемоны болып шыға келді. Егер 707 ж. 710 ж. дейін өзінің басты қазарын оңтүстікке аударғаны белгісіз болса тибет саясатының енжарлығы бізді таңғалдырар еді.
Оңтүстік қытай әскерлері Юньнани ну тоғайларында мандар тайпаларын өзіне бағындырып, олардан алынатын салықты екі есеге арттырды. 710 ж. мандар көтеріліс жасап, тибеттіктерді көмекке шақырды. Осы жағдайды пайдаланған олар жаулап алған жерлерінен шегінулері үшін қытайлықтарды өздеріне хан қызын және оның жасау мүлкі ретінде Хзсидегі Цзюдюй үйезін беруге көндірді. Жердің бұл бөлігінің Қытайға шапқыншылық жасауға әзірлік кезінде аттар үшін құнарлы жайылым бола алатын стратегиялық маңызы бар еді. Кейіннен бұл факті оқиғалардың барысына айтарлықтай ықпал етті.
Бірлік. 703-706 жж. аралығындағы үш жылдық бітім Қағанаттан гөрі Империяға үлкен пайда келтірді. Қорғаныстық және шабуылдық шаралардың мақсатсыздығын түсінген қытайлықтар параға сатып алудың жәрдемімен әрекет жасай бастады. Сондай параға сатылғандар хандардың қаншалықты қылымсуына қарамастан, өздері дала төсінде асықпай көшіп-қонып, императордың жомарт сыйларын алатын өте бір бақытты күндерін ұмыта қоймаған тоғыз-оғуздар болып шықты. Уақытша бітім жасасу кезінде Толда өлтірілген Бас қағанның (қкт. Били) ұлы Дугяйчжи ұйғырлармен және киби, сыче және хунь тайпаларымен бірге ханнан қашып кетті, Гоби шөлін басып өтіп, Империяға берілді. Оны еріп келген адамдарымен Лянчжоу маңындағы Алашанға және Ганьсуға орналастырды, сөйтіп, олардың арасынан «ат құлағында ойнайтын күштілерін әскер қатарын толтыруға алып отырды».
Ұйғырлардың бөлініп кетуі түріктер үшін үлкен соққы болды. Өйткені мұның өзі олардың ішкі саясатының күштілігін көрсетті, оның үстіне тоғыз-оғуздардың арасындағы қозғалыс қытайлықтар бейнелегеннен гөрі едәуір кеңірек еді. Шамамен дәл сол уақыттары түрік ханзадалары Могилянь мен Күлтегін Шығыс Забайкаль мекендеген байырқу тайпасының көтерілісін басқан болатын. Байырқұлар Түршарғүн көлі маңында (Онон мен Керулен аралығындағы Торей көлі) талқандалған еді, бірақ олардың көсемі Ұлуғ Иркин сытылып шығып қашып кеткен-ді, сірә, Қытайға қашқан болуы керек, әйтпесе басқа барар жері де жоқ қой.
Алдағы күннің нышандары қатерлі еді, бірақ өзінің айбындылығына мастанған Қапаған хан екі жүзді императорды бағындырып алуға бел шешті. 706 ж. түріктер солтүстік Қытайға баса-көктеп кіріп, қолбасшы Шача Чжунның тұрақты әскерлерін быт-шытын шығара жеңді әрі жайылымдағы қазына аттарын айдап әкетті. Бұл жылқылар атты әскерлердің аттарын алмастыруға арналған болатын.
Минша маңындағы шайқас Күлтегіннің үлкен жазуында көркем суреттелген. Күлтегіннің астындағы үш ат мертікті, ал сауыт-сайманы мен шекпені «жүзден астам жебемен» түнеліпті. Осы шайқасқа үш құрамасы қатысқан, қайталама шабуыл жасауға қабілетті, алдын-ала үйретілген ауыр атты әскерлердің сапасы тағы да білінді. Қытайлықтар өздерінің шығындарын 10 мың адам деп анықтады, мұның өзі шайқастың қалай өткенін көз алдыңа елестетуге мүмкіндік береді. Жеңіл қаруланған садақшылар, сірә, жебелерін борату арқылы шабуылды тойтаруға тырысқан болар және оларға екі рет соның сәті де түсті, бірақ үшінші шабуыл жау шебінде үрей туғызды, сөйтіп түріктер қашып бара жатқандарды найзаларымен түйрей берді. Мұншалықты көп шығын тек осылайша молыққан болуы керек. Ұрыс тактикасына қарағанда қытай әскерінің қатарында соларға қашып өткен ұйғырлар шайқасқан.
Осыдан соң бітім жасасу үзіліп, ханның басы үшін император сыйлық белгіледі. Алайда Халхаға шабуыл бастауға империя әскерінің батылы бармады, олар Ордос іргесінен үш бекініс салумен шектелді. Бұл арадан біз бүтіндей психикалық қайта туындауды байқаймыз: далалықтан ол қытайлыққа айналды және жарыспалы түрде, бейнебір хунндар үшін алынбас қамалдары, «жас жексұрындардан» және сүйкімді қолбасшылардан құралған жаяу әскерлік ерікті жасақтары бар Ханьдік дәуір қайта тірілгендей, қорғанудың қытайлық жүйесі қайта орала бастады. Міне, енді 708 ж. қолбасшылығына сексен жастағы шал тағайындалған армиядан не күтуге болар еді.
Бастамшылық түріктерге өтті. Мочур империя елшісін өлтіртіп, 708 ж. қытай шекарасына шапқыншылығын тағы да қайталады. Бұл шапқыншылық туралы солғын жазылғандығы соншалық, сірә, түріктерге нақты қарсылық көрсетілген тәрізді. Имперліктер ханға жаңа елші жіберді, бірақ ол өзіне жүктелген тапсырманы орындамай, жолда қайтыс болды. Алайда, дипломатия мен пара беріп сатып алушылық өзінің дегенін істеді. 709 ж. жағдайын дана Тоныкөк тамаша суреттеп жазды: «Табғаш қағаны біздің жауымыз болды. Он жебе қағаны (батыс түріктерінің, бұл арада түркеш ханы Согэ.— Л. Г.) біздің жауымыз болды. Бәрінен де біздің нағыз жауымыз болған қырғыздың күшті қағаны. Осы үш қаған өзара ақылдасып: «Иә, біз Алтун тобырларына барайық»— деді. Олар осылай ақылдасып, былай деді: «иә, біз шығысқа, түрік қағанына қарсы жорыққа аттанайық. (Бұдан батыс жақтан, түріктердің тылына түйдектелген соққы беру алдын-ала ойластырылғандығы аңғарылады.— Л. Г.) Егер біз оған бармасақ, қандай болғанда да ол бізді жеңеді: қаған — батыр, ал оның кеңесшісі — дана, мүмкін бізді өлтіретін сол болар. Біз үшеуміз бірігіп, жорыққа аттанайық та, оны құртайық». Түркеш қағаны мынаны айтты: «Менің халқым сонда болады,— деді ол,— ал түрік халқы абдырап қалған, оның оғуздары,— деді ол— ыдыраған жағдайда». Шынында да түріктер қоршауда қалды және одан құтылу үшін жауы күтпеген жол табуы тиіс еді. Олар соны тапты да.
Алғашқы соққы. Тоныкөк хан кеңесшісі қызмет орнын Қапаған хан тұсында да сақтап қалды, бірақ қуғынға ұшыраған ханзадалармен байланысын үзбеді, қайта керісінше өзінің қызы Пофты тақтың заңды мұрагері тардуштар шады Могилянға тұрмысқа беріп, жағдайын бұрынғыдан да нығайта түсті. Қағанаттың батыс шекарасындағы әскеріне қолбасшылық жасай жүріп, Могилянь 709 ж. чиктердің облысына басып кірді және Енисейдің бас жағынан екінші бетіне өтіп, Орпен маңында олардың әскерлерін тас-талқан етті және соның артынша аздарды бағындырды. Дәл сол уақыттары ол қазіргі Туваның бүкіл территориясын өзіне қаратып алды, бірақ басты жау — қырғыздар сенімді табиғи қорғаныс — Саян жондарының арқасында өзіне ешнәрсе дарытпайтын болып қала берді. Чиктер мен аздарды жеңіп алу қырғыздардың шапқыншылық жасау қаупін кейінге шегергенімен, оны жойған жоқ-ты.
Сол кезде Тоныкөк билік ісіне тағы да килікті. Ол бастамашылдықты өз қолдарына алып, жазды күтпей қырғыздарға дереу шабуыл жасауды, кенеттен бас салуды пайдаланып, оларға күйрете соққы беруді ұсынды. Бұл орайдағы ең үлкен қиыншылық Саян жондары арқылы әдеттегіден өзге жерден өтуде болды, өйткені Көгмән (батыс Саян) арқылы өтетін асу күзетіліп тұрды. Асуға атой салу ақылға сыймастық нәрсе болар еді, себебі қырғыздар 80 мың сарбаз шығарып, түрік армиясын түркештер мен табгаш-имперліктер келіп жеткенше ұстап тұра алар еді. Адамдарын шайқасқа жұмылдыру жағынан қырғыздардың зор артықшылығы болды: олар суармалы егіншілікпен айналысатын, демек, халқы тығыз орналаса өмір сүрді. Қалай дегенде де сабан-топанның көп болуы жылқыларын үйлерінен онша алысқа айдамай бағып-қағуға мүмкіндік берді. Түріктер өз жорықтарының тек кенеттен шабуыл жасағанда ғана табысты болатындығына үміт артты. Басқа жолды көрсетуді мойнына алған жолбасшыны Тоныкөк «далалық аздар арасынан» тапты.
Ойға алынған бұл жорық өте бір өжет авантюраға көп ұқсас еді, бірақ хан оған келісті, Тоныкөкті бастық тағайындап, оған өзінің жақсы көрмейтін жиендерін көмекшілікке берді. Одан арғы оқиғаларды Тоныкөктің өзі тамаша етіп баяндаған: «Мен әскердің жылжуына бұйрық бердім; мен атқа қоныңдар!— дедім. Ақтермел өзені арқылы өтісімен мен лагерь құрып тоқтаңдар,— деп бұйырдым (Сірә, осы арада барлық артық нәрсе, дұрысырағы, қалдыруға болатын нәрсенің бәрі түгел қалдырылған болуы керек.— Л. Г.) Атқа отыруды бұйырып, мен қар арқылы [дұрысы қар үстімен] жол салдым. Мен өзгелермен бірге атымды тізгінінен жетектеп, жаяу, ағаш сырықтарына сүйеніп таудың үстіне шықтым. Алдағы адамдар жолды таптап тастаған екен, сондықтан біз орман өскен тау шыңының арғы жағына астық. Үлкен қиыншылықпен біз төмен түстік, сөйтіп он түннің ішінде (жауды шошындырып алмас үшін күндіз жүруден сақтандық) қар үйіндісін айналып өтіп, таудың баурайына жеттік. Жолдан адасқан жолбасшымыз түйреп өлтірілді. Біз Ан өзенінің ағысы бойымен төмен қарай жүрдік. Өз әскерімізді қайта санап шығу үшін біз тоқтап тұра тұруға бұйрық бердік, ал аттарымызды біз ағаштарға байлап қойдық. (Сірә, біразы артта қалып, үсіп кеткен болулары керек.— Л. Г.). Күндіз де, түнде де біз атпен ағылтып шабумен болдық. Қырғыздарға біз ұйықтап жатқан кездерінде тарпа бас салдық… найза ұшымен жол салдық. Оларды ханы мен әскерлері жиналып жатты».
Бұл ұрыс туралы Иоллығ-тегін жақсы баяндайды: «Олардың қағанымен біз Сунга тобырында шайқасып қалдық. Күлтегін Байырқудан алған ақбоз айғырына мініп, жауына ышқына ұмтылды, бір батырын жебесімен атып түсірді, екі батырын бірінен соң бірік найзамен түйреп өлтірді. Осы ат қоюында ол Байырқудан алған ақбоз айғырын мертіктіріп алды, оның қабырғасын сындырып жіберді. Біз қырғыз ханын өлтірдік, сөйтіп оның мемлекетін жеңіп алдық». Тоныкөк былай түсіндіреді: «Біз олардың ханын өлтірдік. Қырғыз халқы қағанға бағыныштылыққа өтті сөйтіп оның айтқанына көнді». Сонымен, Токыкөктің мейлінше тапқырлығының, Күлтегін ерлігінің және түрік жауынгерлері төзімділігінің арқасында бірлік құрғандардың бір мүшесі қатардан шығарылды. Тоныкөктің осында әскер бөлімдерін қалдырмағанына қарағанда қырғыз жерінің бағындырылуы нақтылы болмаған-ау деген ой келеді. Әйтсе де енді желке тұстан соққы беріледі екен деп қорықпай, барлық назарды батыс проблемасына шоғырландыруға болатын еді.
Екінші соққы. 708 ж. Түркеш ханы Согэ Қытаймен одақтасу келісімін жасасты. Сірә, Тоныкөк дәл осы келісімді ескерген болар. Бірақ, кең-байтақ түркеш мемлекеті Батыстүркіттік қағанатты құртқан азғындаушылықты мұра еткендіктен де шама-шарқы жағынан осал еді. Мүмкін мемлекеттік саясаттан тысқары себептермен шығар, әйтеуір «Согз өзінің қолбасшысы Кюэ-чжомен [Кулнчур] жанжалдасып қалып, екеуі де өзара қатты қырқыса бастады». Согэ өзінің қол астындағының үстінен қытай үкіметіне шағымданды. Бірақ, қолбасшы қытайлықтарға пара беріп, істі өзінің пайдасына шешуге тиісті шенеуніктің жіберілетіндігіне қол жеткізді. Согэ кездейсоқта бұлардың бір-бірімен жазысқан хаттарын қолына түсіріп, шенеунікті өлтіреді. Мұнан соң түріктермен соғысудың орнына ол Лньси (Құша) бекінісіне шабуыл жасап, қытай әскерлерін талқандады. Ол мұны қытай үкіметін өзімен санасуға мәжбүр ету үшін жасады жәке өзінің көздеген мақсатына жетті. Император Чжунцзун «оны кешірді», сөйтіп батыстағы татулық қалпына келтірілді. Алайда түріктермен соғысу үшін уақыт оздырып алған еді әрі одақтастар арасындағы қарым-қатынаста да адалдық азайған-ды.
Бір қырсық біте салысымен, екіншісі басталды. Согэ өзінің кіші інісі Чженге сыбаға жер кесіп берген еді, бірақ ол маған жерді аз бердің деп ағасына өкпелеп қалды. сөйтіп 710 ж. бір туған ағасының сыбағасын беру үшін түрік ханы жағына шығып кетті.
Сірә, дана Тоныкөк былай деп жазғанда Чженді айтқан болуы керек: «Түркеш қағанынан барлаушы келді (korug, мүмкін бұл арада «байқаушы» деген дұрыс болар?— Л. Г.). Оның сөзі мынадай. Шығыс жақтан қағанға, дейді ол, жорыққа аттанайық. Егер біз жорыққа шықпасақ ол бізді жеңеді. Түркеш қағаны жорыққа аттанды,— деді ол —»он жебе» халқы түгелдей жорыққа аттанды дейді, олардың арасында табгачтардың әскері бар».
Түркештерге Қапаған ханның өзі шабуыл жасауға тәуекел ете алмады. Өйткені оның негізгі күштері шығыста шоғырланған болатын, сондықтан бұл іс оған тым қатерлі көрінді. Әйелін жерлеу желеуімен ол Алтун орман-тоғайына (Алтаин нұры жотасы) 20 мың салтаттыдан тосқауыл қойып, өзінің қосынында қалды. Сол әскерлерге бастықтыққа ол өзінің кенже ұлы Инэль-қағандым (салыстырыңыз: Икехан) және тардуш шады Могилянді тағайындады, ал кеңесші-жетекші етіп (штаб бастығы) Тоныкөкті қойды. Тоныкөкке тек қана қорғаныста болып, «өздерін жаншытып алмау», қашып кеткендер мен хабар-ошарларды жинастыру жөнінде қатал нұсқау берілді. Бірақ, Тоныкөктің бұл бұйрықты орындайтынына онша сене қоймаған хан апа-тарқанға (уәкіл, комиссар) Тоныкөктің шабуылға шығуға тәуекел етуіне рұқсат бермеуді тапсырды. Сірә, соның алдындағы жорықтың сәтсіз аяқталғандығы түрік ханының есінде мықтап сақталып қалса керек.
Алайда Тоныкөк өз бетінше әрекет жасап, шағын әскерді шабуылға шығарды. Жауына күтпеген жерден соққы беретін өзінің үйреншікті әдетіне басып, ол Алтаин-нұрдың қалың орманда тарамдарынан асқан бойда Қара ертістен өтті және аттарын арынды желіске сала отырып, бір түнде Болчу, яғни Ұрынғы өзеніне жетті. Онда түріктер түркештердің алдыңғы жасақтарының үстінен шығып қалды. Олар жау соншалықты кенеттен келіп қалар деп күтпей, қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан екен, сондықтан жусатып салынды. Тұтқынға алынғандар түрік қолбасшыларына «Ярыш даласына он түмен әскер жиналған» деп хабарлады. Сол себепті түрік бектері шегіну керектігін айтты. Бірақ, Тоныкөк тұтқиылдықты пайдаланып қалу қажет деп санап, өзгелерді шабуылға шығуға көндірді. Түріктер түркеш әскерлеріне атой сала тиісіп, оны аздаған жеңіліске ұшыратты.
Түркештердің сан жағынан басымдығы онша көп болмағанын атап көрсету керек. Оны Тоныкөктің өзі былайша айқындаған: «олардың екі қанаты жарты еседей көбіректеу болды». Сірә, «он түмен» «он тайпаның» жасақтарынан құралған шығар және дұрыстап толықтырылмаған болар. Оның үстіне алғашқы екі жеңісінде түріктер түркештерге едәуір шығын келтірді ғой. Бірақ соған қарамастан түркештер естерін жиып, түріктерге өздері «өрттей жанып» шабуыл жасады. Бұл арада түрік атты әскерлерінің жауынгерлік сапасы қайтадан көрінді — түркеш әскерлері тамтығы қалмай талқандалды, ал Согэ қаған қолға түсті. Түркеш мемлекеті құлады. «Он жебе бектері мен халқы түгел келіп, бәрі бағынды»‘. Табыстарын баянды ете әрі түркештердің қалғандарын іздеріне түсе қуалай отырып, түрік әскері оңтүстікке бет алды, сөйтіп, түріктер «Темир Қанға» деп атайтын Бұзғал өткеліне дейін жетті. Онда бұлар соғдылықтардан мол алым-салық жинап алды. Алайда түріктердің одан әрі жылжуын Орта Азияға оңтүстігінен кешіккен арабтар тоқтатты. «Бізге ер жүрек жауынгерлер шабуыл жасады». Тек Күлтегіннің шегінуді тасалаған ерлік арпалысы ғана түріктердің негізгі күшінің жау қуғынынан құтылып кетуіне мүмкіндік берді . Бұл қақтығыс жөніндегі сыбыс тіпті Тибетке дейін жетті.
Осы шабуылдар кезінде Күлтегін өзін даңққа бөледі. Өйткені ол оңтүстікке қарай шегінген түркештерді және Кошу-түтікті, яғни Орта Азияда әлі де сақталып қалған соңғы нушибийлік бектердің бірін тас-талқанын шығара жеңе алды. Бірінші мақсат сияқты екінші мақсат та тамаша орындалды: 710-711 жж. батыстан туатын қатер толық жойылды.
Өз әскерлерінің толық жеңіске жеткендігі, Согэнің тұтқындалғаны және олжалы болғандары туралы хабар алғанда Қапаған хан батысты толық жауланып алынған және түркеш хандарының енді өмір сүрулері артық деп есептеді. Сондықтан да ол сатқын Чженге: «Сіз өзіңіздің бірге туған ағаңызбен өзара келісіп өмір сүре алмадыңыз; ендеше маған бүтіндей берілгендікпен қызмет ете алар ма екенсіз?»,— деп, 711 ж. екеуінің де бастарын шаптырды.
Алайда ол өз ұйғарымымен асығыстық жасады: батыс күйретілгенімен, жаулап алынбаған болатын. Қара Ертіс жағалаулары мен Тарбағатайда өмір сүрген қарлұқтар «бостандық пен тәуелсіздік үшін» түріктерге қарсы аттанды. Жаңа жаумен күрес батыс әскерінің күштерін бірнеше жылға тұсап тастады. Мұқырылары (қыт. могэ ) түріктерге бағынған Батыс Жоңғария ғана сенімді аймақ болып шықты. 713 ж. Мохэдо Түтін (Баһадүр-тудун) деген біреуді «соғыста қызмет көрсеткені үшін» имперліктер Ташкенттің тәуелді иеленушісі етіп қойғанына қарағанда түріктер Соғдыда табан тіреп қала алмаған. Батыс түріктерінің 714 ж. империяның билігін серпіп тастағысы келген әрекеті де табысты болмады. Имперлік генерал Ашин Хянь көтерілісшілерді Суйшэ (Тоқмақ) маңында талқандап, олардың көсемдерін жоқ қылды. Осы жеңістен кейін қарлұқтар, хулувулар және сүніштер өздерінің Империя қол астына өткендерін (әрине, жалған) мойындады яғни, онымен түріктерге және түркештерге қарсы одақ құрды.
VIII ғ-дың ортасына таман имперліктер түріктердің Соғдыдағы барлық табыстарын жоққа шығарды. Бірақ, қарлұқтардың Күлтегін әскерін тырп еткізбей қойғаны сияқты Тибеттің қимыл-әрекеттері де қытайдың Батыс өлкесіндегі белсенділігін буып тастады. Бұдан батыс Соғды мен Тохаристанды бағындыруды аяқтап үлгерген арабтар ұтты.
711 ж. аяғында тибеттіктер соғыс қимылдарын Батыс өлкесіне ауыстырды. Олардан аман құтылу қамымен шато тайпасы Баркөл көлінен империяның Бәйтіндегі гарнизонына қорғаныш іздеп көшіп келді. 713 ж. тибет әскерлері Ферғана алқабына басып кіріп, арабтармен одақ құрды, сөйтіп екеулері Ферғанаға өздерінің Алуд деген итаршысын отырғызды. Бірақ 715 ж. Құша уәлиі жергілікті күштер мен төңіректегі тайпалардың жасақтарына сүйеніп, Ферғанаға басып кірді, озбыр жауызды қашып құтылуға мәжбүр етіп, заңды бектің билігін қалпына келтірді. Тибеттіктер кері қайтуға мәжбүр болды, ал араб-империя шекарасы уақытша тұрақтанып қалды.
Үшінші соққы. Бірлестіктің батыстағы сәтсіздігі түріктер үшін қытайдың шығыстан шабуылдау қаупін жоя алған жоқ. Имперліктер Алтайға Гоби арқылы шабуыл жасау әрекетін жүзеге асыра алмас еді. Өйткені түріктер олардың таңдаулы атты әскерлерін беріп тұратын аудандарын тартып алғанды. Міне, енді империя әскерінің үлкен бөлігі қытайлықтармен толықтырылған болып шықты. Сондықтан, шабуыл жасайтын тұс осы жер делініп Маньчжурия, оның татаптар тұратын дәл батыс бөлігі таңдап алынды.
712 ж. үш корпусқа бөлінген жүз жиырма мыңдық қытай әскері татаптарға тарпа бассалғанымен, тас-талқаны шыға жеңіліп қалды. Естері шыға үрейленіп қашқан кезінде олардың «бірнеше ондаған мың» жауынгерлері қаза тапты және «екі генералы тұтқынға берілді». Татаптар тұтқындарды түрік ханына табыс етті, ал ол тұтқындарды өлтіруге бұйрық берді. «Ол кездері сарай істердің көптігімен қам жеп, жуасытуға уақыттары болмағандықтан»79 бұл өлтірудің кегі қайтарылмаған күйінде қалды. Жолы болмайтын император Чжунцзунды өзінің сүйікті әйелі у беріп өлтірді, сөйтіп тақты Сюакьцзун алды. Түрік ханы некелесумен бекітілетін келісім жасасуды үзілді-кесілді талап етті, сөйтіп империя үкіметіне жуасуға тура келді: ханға кінәздің осындай атағы бар қызы тұрмысқа берілді, сөйтіп 714 ж. оған «мархабатты құрмет қағазы жіберілді». Бұл түрік әскери күш-қуатының шыңы болған-ды, әйтсе де империяның бақытсыздығы мұнымен тына салған жоқ. Татаптардың табыстары шығыс Маньчжуриядағы бір майда тәуелді кінәзсымақ Цицик Чжунсянға кәдімгідей әсер етті. 696 ж. бастап ол қытайдың оңтүстік Маньчжурия мен Кореядағы иеліктеріне шабуылдап тұратын және ақырында өзі үшін, атап айтқанда құрамына орталық және оңтүстік-шығыс Маньчжурияны (Фуюй мен Чао-сянь) әрі тіпті Кореяны (Бяньхань) өндірген мемлекет құрып алған болатын. Империя үкіметінің бұл жағдаймен келіспеуге амалы қалмады. Жаңа патшалық Боқай деп аталды. Тан әулеті саяси дағдарысқа ұшырады. Сол бірте-бірте қытай патшалығына айнала бастады.
Арабтардың шабуылы. VIII ғ. басқы кезінде Мауараннахрдың соғдылық сұлтанаттары — осынау халқы тығыз орналасқан әрі өте бай елдің сұлтанаттары өздерін өздері қорғауға мүлде қабілетсіз болып қалды. Арабтардың жеңісі ер-азаматтарға өлім, ал әйелдер мен балаларға тұтқындалу мен еріксіздер базарларына апарылып сатылу тақсіретін әкелетіндігі әркімге-ақ белгілі еді. Соған қарамастан әрбір бекініс бір езі жеке дара қорғанып, содан апат бола берді. Өздерінің бөлініп, оңашаланушылығынан айрылмай, соғдылықтар сол бойы өзара бірігіп, ұйымдаса алмай-ақ қойды. Араб жасақтарына тек түркештер ғана тойтарыс беріп отырды.
Бұл аз болса соғдылықтар тіпті өздерінің қорғаушылары түркештермен де өзара тіл табыса білмеді. Құтқарылушы мен құтқарушы арасындағы алауыздық қана 707 ж. кері тықсырылған арабтардың аяқтарын Хорасанға әрең алып кетулеріне мүмкіндік берді. Осындай ырың-жырыңдық 709 ж. да қайталанды және мұның өзі Күтейбаның Бұқараны басып алуына мүмкіндік берді. 710 ж. түріктердің түркештерді талқандауы арабтардың Шоуманды, Несефті; Кешті жаулап алуымен және Талеканды бағындыруымен тұспа-тұс келді. Бұл сұлу қалалар өртеліп жіберілді, ал олардың халқы бауыздалды немесе тұтқындалып әкетілді. Тонап алынған алтындар мен жібектер тиелген керуендер үздіксіз Дамаскіге кетіп жатты, бірақ Күтейба зор нәрсені қалады.
711 ж. ол хорезмшах пен Хамжурд шахының арасындағы дау-дамайға араласты, хорезмшахты тағына қайта қондырды және соның көмегімен Хамжурдты талқандады. Сонан соң бағындырылған бухарлықтарды, несефтіктерді және хорезмдіктерді жұмылдырып, Самарқандқа шабуыл жасады. Самарқандтықтар өжеттікпен қарсылық көрсетті, екі жақтан да шығын өте көп болды. Бірақ араптарға қарсы төтеп бере алмайтындықтарын сезіп, олар жәрдем алу үшін Ферғана шихидына, Чач бегіне, түріктер қағанына (сірә, сол түркештердің) және қытай императорына елшілер жіберді. Түріктер талқандаған түркештер Самарқандқа қандай көмек көрсете алар еді? Ешқандай да Чаньаньге елші тек 713 ж. ғана жетті, бірақ император жәрдемдесуден бас тартты: оған ескерлері түріктерге қарсы соғысу үшін керек еді. Соның өзінде жәрдемдесетін уақыт та енді өтіп кеткен-ді. «Чач сұлтаны мен яшхид самарқандтықтардың: «егер арабтар Соғдыны жеңсе, кезек сендерге де келеді»— деп жазған хаттарымен келісті'», сөйтіп, оларды құтқаруға аттанды. Кутейба бұл жөнінде хабар алып, оларға қарсы өзінің көмекшісі Солехи Мүслімді көп әскермен жіберді. Бұл қол Бегабад мекені маңындағы түнгі соғыста чачтықтар мен ферғандықтарды күйрете жеңді. Самарқанд құлады. 712 ж. күзінде Кутейба өлшеусіз олжамен және тұтқындалған тобырмен Мервке оралды.
713 ж. ол өткен жылғы қырқысудан аман қалған соғдылықтарды жұмылдырып және олармен өз әскерінің қатарын толықтырып, Ходжентке, Ферғанаға және Чачқа шабуыл жасады. Ходжент пен Ферғана жеңілді, бірақ Чач төтеп берді. Ондағы басқарушы қызметіне имперліктер тағайындаған Баһадүр-тудун деген түрік арабтарға тойтарыс бере алды.
Батыс өлкесі губернаторының тұратын орны дәл сол Ферғана алқабында болғандықтан арабтар қытайлықтармен де қақтығысып қалуы мүлкін еді, бірақ бұл жөнінде оларда да, бұларда да ешқандай мағлұмат жоқ. Ең дұрысы, жаулас екі жақ та өзара қақтығыспағанды дұрыс көріп, бір-бірлерін ыждаһаттылықпен айналып өткен тәрізді.
715 ж. Кутейба Шығыс Түркістанға басып кіруге тырысты, бірақ халиф Валидтің қаза тапқандығы жөніндегі хабар оны кейін қайтуға мәжбүр етті. Қайтар жолда бүлік шығармақ болғаны үшін оны өзінің әскер бастықтарының бірі өлтірді. Жаулап алу дәуірі уақытша доғарылды.
Алайда, арабтардың шабуыл жасауды тоқтатуын тек қолбасшысының апат болуымен байланыстырмау керек. Түрік қағанатындағы зор күйзелістер талантты хан Сұлуға түркеш мемлекетін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ал бұл мемлекет араб шапқыншылығына қарсы тосқауылға айналды. Сондай-ақ империя үкіметі де түрік қатерінен құтылып, Ферғана алқабының шығыс бөлігіндегі өз ықпалын сақтап қала алды. 715 ж. он жебелік батыс түріктерімен толықтырылған империя әскерлері арабтар мен тибеттіктерді Ферғанадан қуып шықты. Бірақ 716 ж. түркештер империя әскерлерін жеңіліске ұшыратты, ал 717 ж. арабтар мен тибеттіктер қайтадан империяның Қашғардағы бекінісіне шабуыл жасады.
Ал Қытайда ше… Империяның шекараларында түріктер, арабтар және тибеттіктер қаншалықты кәрін төккенімен, ол үшін ең қорқынышты қауіп-қатер қытай әйелдерінен келді. Жұмсақ мінезді, ынжық император Чжунцзуннің жұбайы император әйел Вэй Шэ өзінің алдында өткен Ухоудың сәтсіз авантюрасын жүзеге асыруға тырысты. Күйеуіне ықпал жасау арқылы ол оның сенімді қызметшілерінің өлтірілуіне қол жеткізді. Бірақ, императордың көзі ашылатынын және өзінің жаулары кімдер екенін кейін түсінетіндігінен қорқып, ол өзінің күндесі Анломен бірге оны у беріп өлтіреді. Монархтың өлгенін жасырып, қастандықшы әйелдер оның тақтан безетінін және таққа ұлын отырғызатынын хабарлайтын жарлығына соның қолын жалған қояды.
Әрине, император әйел өзін монарх орнында мемлекетті уақытша басқарып тұрушы етіп тағайындаған еді. Алайда, арамдық істің бұл жолы да сәті болмады. У беріліп өлтірілген Чжунцзунның туысы, оқымысты, Тан әулетіне әбден берілген офицерлер, солдаттар мен шенеуніктер құрметтейтін әрі өте жақсы көретін тамаша әскер бастық Ли Лун-ки таңдаулы әскерлерге басшылық жасап, сарайға баса-көктеп кіреді де, астыртын сөз байласушы екі әйелдің де бастарын шауып, таққа өзінің әкесі Жуйцзунды отырғызады (710 ж.)195. Ал ол әкімдік кәсіпті жаны сүймейтін, сондықтан 712 ж. ол өз ұлының пайдасына (өлгеннен кейінгі құрметті атағы — Сюаньцзун) тақтан безеді. Тан империясы тағы бір сынға төтеп берді, әйтсе де әрбір жеңіс оған тіпті де оңайшылықпен келмейтін. Адамдармен қарым-қатынаста қарапайым және өзінің от басына әбден берілген жана император әулет жақтастарының пейілін жаулап алды. Мұның өзі оған у беріп өлтірмек болған апасының қастандығын оп-оңай әшкерелеуге көмектесті. Қастандық жасаушылардың бастары кесілді. Мұнан соң 714 ж. император әйел У-дың сүйеніші болған буддизмге қарсы заң шығарылды. Будда монахтарының кәрі-құртаң және сырқаттыларынан басқаларына өздерінің үй-іші, бала-шағасының ортасына, яғни алым-салық төлейтіндердің арасына оралу ұсынылды, ал Будданың бейнесіне табынушылыққа тиым салынды. Сарайдағы мәңгі қастандық жасаушылық тоқтатылды бірте-бірте әдеттегі басқарушылық қалпына келтірілді, сөйтіп, бірнеше жылдан кейін Тан империясы алғашқы императорлар тұсындағыдан кем соқпайтын күшіне енді. Оның жағдайын Тоныкөк қысқаша ғана, әйтсе де айқын түрде былайша сипаттайды: «Аспан ұлы жаугершіл, халқы ауызбірлікте, жылдары жемісті оларға тиюге болмайды».
Бірақ, батыс жақтан жаңа қатер төне бастады — тибеттіктер арабтармен одақтасты, ал қара түркештердің көсемі Сұлу өзін хан жариялады.
Буддизмді насихаттауға тиым салу Құша мен Қарашар халқына ауыр соққы болып тиді. Өйткені бұларда буддизм 500 жылға жуық уақыт бойы үстем әрі үйреншікті идеология болған еді. Қалыптасқан дүниетанымды бұйрықпен өзгерту мүмкін еместігі табиғи нәрсе. Бірақ заңға бағынбау сәтсіз аяқталар бүлікшілікке апарар еді. Дегенмен, құшалықтар одан өте бір тапқырлық әдіспен құтылып кетті. Ол жөнінде Муг тауы соғдылары құжаттарының бірінде (А-9 құжат) мынадай мағлұмат сақталып қалыпты: «Иә, мұндай сыбыс бар: құшалықтар мен «им» [сірә, қытайша айтылуыңда Ян делінетін Қарашардың ежелгі аталуы болар], бүкіл халық брахман дініне өтті [шықты)— ақсүйектер де, саудагерлер де, қарапайым халық та (қызметкерлер] және 14000 діни жетекшілер [ұстаздар, baxsl]».
Ең алдымен брахманизм адамдар құмартатындай жаңа дін еместігі және де оған кіру үшін кастаның (ерекше топтың) мүшесі болуың қажет екендігі, ал бұған тек сол кастада тусаң ғана қол жететіндігі себепті 714 ж. мерзімімен көрсетілген бұл тексті түсіну тіпті де мүмкін емес. Онан соң егер дінді мұндай алмастырушылық шынында да орын алған болса, онда Тянь-Шань маңының тарихында ол ешбір із қалдырмауы мүмкін емес еді; алайда біз ақырында Құша мен Қарашар халқының сол бойы будда дінінде қалып келе жатқанын көреміз. Тіпті желіге әуестенушілік пен христиандықтың шамалы ғана енуінің өзі де бұл елдің жазуында атап көрсетілген, бірақ брахманизмнен із де қалмаған. Сірә, «сыбыс» немесе «қауесет» таратқаннан гөрі істің барысы басқаша болған-ау деген ой келеді. Құшаға император жарлығын шекаралық әскери шенеунік алып келді, ал бұл адамдар философиялық нәзіктікті талғай білмейтін. Ол тек қана кейіннен өзі бастық алдында есеп беруі үшін жарлықтың орындалуын талап ететін. Буддизмнен басқа барлық дін жолына рұқсат етілген болатын, ал брахманизм және оның қағидасы мен ырым-жорасы жөнінде тек буддизммен байланысты оқымыстылардың ғана, бірақ ешқандай да шекаралық билік адамдарының емес, кейбір, соның өзінде бұлыңғыр түсініктері болуы мүмкін еді. Сондықтан құшалықтар мен қарашарлықтардың император жарлығын орындадық және рұқсат етілген діңді ғана ұстанып жүрміз деп батыл мәлімдеуі әбден ықтимал ғой. Ол солай емес деп ешкім де дәлелдей алмайтын. Оның үстіне Қытайда буддизм жексұрыншылыққа ұшырап, өзге идеологиялық жүйелермен бақталастықта болғандықтан да, ал Құшада ешкімге де бөгет жасамайтын бірден-бір әрі әдеттегі дүние таным: ретінде өмір сүргендіктен де бұл алдаушылықты әшкерелеудің ешкімге де қажеті жоқ еді.
Жарлықты шын мәнісінде мүлтіксіз орындау тек жағымсыз тәртіпсіздіктерге жол ашқан болар еді, ал қытай әкімшілігі үшін, әдеттегі формальдылық бұл ретте жағдайдан шығудың сәтін келтірді. Әлбетте, буддашылар императорды алдады деп базарларда айқайлау қалай дегенде де қатерсіз болған жоқ, әне соңдықтан да Соғдыға дейін ресми хабар келіп жетті. Ал хаттың сөйлем құрамында мұның өзі хат авторының «мұндайды естіп» Құтталға аттанғандығының және адресатқа (хат жолданған адамға) орнында тұра тұруға ақыл-кеңес бергендігінің және басқаларының болжамы ретінде естіледі. Басқаша айтқанда құшалықтар туралы еске түсіру Империяның батыс аудандарында сол кездері тұрақты болған жағдайды сипаттау үшін кірістірілген.
Әскери жүйенің бірте-бірте дамуы. Сюаньцзук тұсында қалыптасқан жағдайдың бүкіл өткірлігін түсіну үшін 723 ж.жойылған фубин әскери жүйесінің бірте-бірте даму барысын тексере қарап шығу қажет. Бұл жүйені жою оны орнықтырудан да кем соқпаған неғұрлым мәнді салдарға әкеп соқты десек асыра айтқандық болмас. Фубин жүйесі IV ғ. солтүстік Қытайды жаулап алған теб тайпасының әскери ұйымынан шыққан. Бұл жүйе бойынша сэньбилік руластар үшін әскерде қызмет ету міндетті іс болған. Сый ретінде оларға үлес жерлер бекітіліп берілген және әскери міндет атқарушылар басқа барлық борыштарынан босатылып отырған. Қызмет етуде мұрагерлік тәртіп қалыптасқан және бірте-бірте жауынгерлер жеңілдікпен пайдаланушы қастарға айналған.
Әуел баста бұл әскер тек сәньбиліктермен ғана толықтырылып отырды, бірақ кейіннен ол Шаньси мен Шэиьсиден шыққан бай қытайлықтармен толықтырыла бастаған. Себебі бұл аудандар қытай мәдениетін ресми қабылдап, қытай тілін мемлекеттік тіл деп танығаннан кейін бөтен әулетке көнген болатын. Бұл ымыра қытай элементі жеңген кезде де, яғни Бзй-Чжоу мен Бэй-Ци әулеттері кезінде фубин жүйесінің сақталып қалуына мүмкіндік туғызды. Бірақ сол кездері 564 ж. заң бойынша әскери қызмет ету міндеті қарапайым халық арасына да тарады, сол себептен екі жарыспалы жүйе ұйымдастырылды, сөйтіп секааттылар әскері — фубин — жай халықтан құралған жасақпен теңестірілді. Осының артынша фубинге жатжерліктердікі сияқты қытайлықтардың да жарлылары енгіздіріле бастады және жылына алты ай бойы міндетті түрде әскери қызмет атқару тәртібі белгіленді. Суй әулеті тұсында фубиннің жағдайы бұрынғыдан да нашарлап кетті: 590 ж. жарлық бойынша жауынгерлер ерекше «әскери тізімдерге» емес, «азаматтық үй басы тізімдерше» енгізіле бастады, яғни алым-салықтан босаттыру енді аларға қолданылмайтын болды. Бұл шара Қытайдағы сәньбилік үстемдіктің қалдықтарын түбірімен жоюға бағыттаған Суй саясатын сипаттайды.
Тан әулетінің жеңісі фубинді уақытша жандандырды. 650 ж. жарлық бойынша қол басыларына жер учаскесімен бірге ақшалай жалақы төленетін болды және «азаматтық үй басы тізімдеріне» тіркеу жүйесі өзгертілмегенімен, фубин әскері азаматтық әкімшілікке емес, аймақтық әскер бастықтарына бағынды. Алайда фубин сыртқы жауларға қарсы емес, тек қытай халқының қалың бұқарасы арасында аты әйгісіз әулетті нығайту үшін пайдаланылды. Фубин әскерлерінің үлкен бөлігі шекараларда емес, көбіне-көп астана төңірегіне шоғырландырылды. Шекаралық әскерлер немесе салтаттылы атқыштар күзеті көшпелілерді жалдау жолымен толықтырылып отырды.
Қытай халқымен ымырада болу саясаты фубин әскерінің болуын қажет етпеді. 723 ж. жарлықпен бұл жүйе іс жүзінде жойылды, сондықтан әскери мансапты көздегендер шекаралық әскерге етті, ал 735 ж. жарлық оны заңды түрде тыйды. Осы ескертпек империяның қытайлық және қытайлық емес бөліктерінің бір-бірін жатырқауы, бөлектенуі жойылып, бірігіп кетті. Сол уақыттан былай қарай Хэдунде ерекше эпикалық құбылыстардың жалпы негізі қалыптаса бастады. Шекаралық атқыштар әскері Қытайда мекендеп қалған барлық қытайлық еместердің бірден-бір арқа сүйер қорғанышына айналды. Ал қытай халқының ұлттық дамуы оларды ешқандай жақсылықтан дәмелендіре қойған жоқ. Тек өзгерілуін өздері байқағысы келмеген әулетке берілгендік қана кәсіби әскер мен бір-бірлерін жек көретін сан миллиондаған халықты әлі де болса өзара байланыстырып тұрды.
Имперлік және қытайлық айырықтың басталуындағы күрес әдебиетте де өзінің кескінін қалдырды. Тан дәуіріндегі қытай поэзиясы аңғырттық пацифизмге берілген. Одан қарсылық көңіл қошы мен үкіметтің саяси бағытын бүркемелеп айыптаушылықты байқау оңай. Бір таңғаларлығы — бұған кері көзқарастар бізге өз елінің жеңілісінен кейін жеңімпазға, император Тайцзунға қызмет етуге барған әскери басшылардың ертедегі жырларын корей тіліне аудару немесе қайта өңдеу арқылы жетті.
Тан қолбасшылары болған кейбір корейліктердің, айталық, Хэчи Чжан-чжи мен Гао Сянь-чжидің есімдері тарих үшін сақталып қалды, бірақ Тан дәуіріндегі корей әскерлерінің ерлігін жырлаған ақындар XV ғ. өмір сүрді. Олар ертедегі корей жырларын пайдаланды ма, немесе өздерінікімен ұйқасымды қытай тілінен аударды ма, әлде өздеріне сегіз ғасырдан соң жеткен әскери даңқтың жанды дәстүрін өздері нақты түрде көрсеткісі келді ме, әйтеуір ол жағын берік сеніммен айту қиын, бірақ қалай болғанда да олар суреттеген жағдай аса ерекше және бізді қызықтырып отырған дәуірге өте дөп келеді. Бұл есте қалған жәйттер кейініректегі ақындардың көңіл-күйінен үндестік тапқан-ау, сондықтан олар өткендегіні саналы түрде тірілткен шығар деп ойлауға болады. Поэзияның дамуының осы екі желісін салыстыру Тан империясы мен оның тамаша астанасы Чаньаньді жырымдаған іштей тартыстың орын алғандығын көрнекі куәландырады.
ЦУЙ ЖУН
Батыс теңізі үстінен,
Ай да туып келеді,
Шекара жақтан жел есіп,
Жүректе толқын желеді
Айдың жарық сәулесі,
Шекара — таудан асты, әне,
Айналаны лезде-ақ
Нұрына бөлеп тастады.
Әскерлері Қытайдың,
Кеңістікке ұмтылды.
Тағылар атты әскері,
Тесік іздеп жортулы.
Жаудың түнгі әндері,
Сағындырар үйіңді.
Сырнайының саздары,
Жабырқатар көңліңді.
ВАН ЧАН-ЛИН
Өттік біз өзеннен
Аттарымызды суарып,
Су — тастай, жел — өткір
Алыста барады күн батып,
Дамылсыз жол жүріп шаршаған,
Мен болсам көңілсіз көз салам,
Линьтао кеңістігіне,
Бұрынғы шайқастар кезінде
Айтады: солдаттар рухы
Жоғары әм батыл болған деп,
Ал енді бүгінде ойлайсын:
Япырай, ол қандай күн еді,
Елсіз бір даладағыдай;
Шашылып бәрі де,
Тек жусандар ара-арасында
Жатыр ағарып, өлгендер сүйегі.
КИМ ЧОН СО
Солтүстік желі ұлиды,
Ағаштардың басында.
Жылтырайды мұзға ұқсап,
Сәулесі айдың ақ қарда.
Туыстардан шалғайда,
Шекарада күзетте,
Тұрмын ұзын семсермен,
Ысқырығым қаһарлы.
Айбатты менің айқайым,
Дауысым менің өткір-ақ,
Кедергі жоқ мен үшін,
Жер бетінде, жиһанда.
КИМ ЧОН
Туымызды желбіреттік,
Чанбэксанның үстінен.
Туманғанды кешіп өттік.
Әй, сендер, дана-сымақтар,
Айтыңдаршы,
Қорқақтар деп санайсыңдар ма,
Біздерді?
Ал сонда суретші,
Бейнелемек кімдерді.
Топырағы торқа болуы үшін,
Даңқтылардың, Линянгэдегі?
Бұл салыстырулар өзінен-өзі түсінікті және де қытайдың соғысқа қарсы жырларын бұдан да көптеп келтіруге болар еді. Мысалы, Ду Фу тұп-тура былай деп мәлімдейді: «Кеңейту керек дегеніне елдердің шекараны, шал басыммен шүбәланам мен-дағы». Тағыларды талқандайтын жеңістерді өзі де қадір тұтатын болғандықтан да бұл тіпті де бейбітшілікті сүюшілік емес, және ақырында көшпелілердің шапқыншылығынан құтылу үшін шекаралық әскерлерді барынша алға жылжыту бірден-бір тәсіл екендігін оның түсінбеуі неғайбыл ғой. Жоқ, оған бәрінен де Алқызыл сарайдан, яғни Суй әулетінің сарайынан әкетілген алтын табақтармен той тойлаушы әулет пен сарай адамдарына айыптау аса мәнді. Бұл ретте тан монархтарының өздері қытай қол астына қарағандармен ымырада болуды іздестіріп отыратынын және біз жоғарыдан байқағанымыздай, өздерінің сенгіштігінің құрбанына ұшырағандарын атап көрсетуіміз керек. Алайда, түріктердің жырылып шығуы тақтың далалық сүйенішін тұрақсыз еткендігі соншалық, тіпті тақты қабылдаушы император Сюаньцзунға ішкі тыныштықты сақтауға қол жеткізудің өзі маңызды міндет болып қалды.
Қытайлықтар бірте-бірте, әйтсе де үздіксіз сарайдағы билікті өз қолдарына ала бастады. 739 ж. Конфуцийге патшазада құрметті атағы берілді және соған орай оны еске түсіруге арналған салтанаттар рәсімі де өзгертілді. Бұдан кейін шен алу үшін гуманитарлық білім қажет болды және де бұл салада қытайлықтар түріктер мен моңғолдарды оп-оңай басып озды; 754 ж. шенеуніктер даярлайтын Ханълинь академиясы құрылды. «Ақсүйектер» мен «оқымыстылар» арасында талас-тартыс басталды. Бұлардың соңғылары жоғарыға жеткізетін сөздерін шебер жымдастырып, қарсыластарын жеңіп шықты, сөйтіп үкімет басына солардың итаршысы Ли Лин-фу келді. Осының бәрі Қытайға азаматтық татулық әкеліп, Сюаньцзунге өзінің назарын далалық саясатқа шоғырландыруға мүмкіндік берді.