КӨК ТҮРІКТЕР МЕН ҰЙҒЫРЛАР НЕМЕСЕ ЕКІНШІ ҚАҒАНАТ ДӘУІРІ

Л. Гумилев

КӨК ТҮРІКТЕР МЕН ҰЙҒЫРЛАР НЕМЕСЕ ЕКІНШІ ҚАҒАНАТ ДӘУІРІ
Екінші бөлім
XIX тарау
БАТЫС ҚАҒАНАТЫНЫҢ ЖАНТАЛАСЫ ЖӘНЕ ТИБЕТТІК ЭКСПАНСИЯ
Көне Тибет. Егіншілерге тұрақ болған, мал өсіруге жарамды шалғын шөпті далалары өзен аңғарларымен қабысқан, тибет таулы өлкесіне, ел-жұрт батыс пен шығыс жағынан келіп қоныстанып жатты. Батысында көптен бері-ақ памирліктерге ұқсас егіншілікпен айналысатын тайпалар — мондар мен дардтар тұрды. Олар бір-бірлеріне тәуелсіз көптеген майда кінәздіктерге бөлінетін. Шығысында екі халық: қойшы қияндар мен егінші жундар өмір сүрді. Қазір екеуінің де ұрпақтары тибеттіктер саналғанымен, көне замандарда бұлар өз алдына бөлек екі халық болатын. Қияндардың ұрпақтары — иголоктар әлі күнге дейін Амдо тауларында арлы-берлі көшіп-қонып жүреді, ал біздің жыл санауымыз басталғанға дейін қияндардан бөлініп кеткен тибеттіктер — боттар егіншілік дағдыларына жундардан қабылдап алды да Цанпо (Брахмапутра) өзені алабына қоныстанып, тибет мәдениеті мен мемлекетінің негізін қалады. Онда, өзендер аңғарларының құнарлы топырағында тау бұлақтарының суымен суарылып, бидай, арпа, қара құмық және бұршақ дақылдары өсірілетін. Елді мекендер тас қабырғалармен бекітіле қоршалып, өзендер үстінен көпірлер салынатын. Металлургия пайда болды: кен қазбалары балқытылып, одан күміс, мыс, темір алынды, тоқымашылық етек жайды, сөйтіп шаруашылықтың жалпы дамуы VII ғасырдың бас кезінде мұндағы халықтың саны 2860 мың адамға жетуіне , яғни XX ғасырға дейін одан көтерілмеген шегіне дейін жеткізілуіне мүмкіндік туғызды. Сол кездегі ендіргіш күштердің даму дәрежесі жағдайында ел бұдан артық адамды асырай да алмас еді.
Тибеттік тайпалар ұзақ уақыт бойы өз әулеті памандарының басқаруымен өмір сүрді. Тек Шаншун елінен шыққан ұстаз Шэнраб уағыздаған «бон» қара сенімі Тибетке енгеннен кейін ғана мұнда алғашқы өзгерістер пайда болды. Ертеден келе жатқан анимизмнің (барлық заттың жаны бар деп қарау) орнына екіұдай құдай —»Барша игілік» пен оның жұбайы «үш дүниенің даңқты әйел падишасы» немесе адам қолын қоса қанды құрбандықтар қабылдайтын «қайырымдылық пен сүйіспеншіліктің Ұлы анасы» қойылған болатын. Шэнрабтың ілімі бойынша дүние: аспандық, жер бетіндік және су рухтары өмір сүретін су асты өрістерінен тұрады. Мистикалық әлемдік ағаш осы үш өрістің үшеуінде де өсіп шығады, сөйтіп олардың өзара қарым-қатынас жасауы үшін жол болып табылады. Бұлардың өзара қарым-қатынасы тиісті арнау қабылдап, өз ілімін уағыздаушы абыздар іске асыратын құпия діни табынушылықтың көмегімен өтеді. Тұрпайы табынушылықтан гөрі ең басты ерекшелігі сол — бон жоғары діни басшысы, әншілер орны ұйымдасқан ғибадатханасы және мемлекеттік істерге араласуды көздеген негізгі ой-мақсаты бар билеуші әрі белсенділікпен күресуші шіркеуге айналды. Ол қантөгіссіз үстем бола қалған жоқ. Тибеттің жұртқа аңыз болған бір басқарушысы қара шіркеудің қамқорлығынан босануға әрекет жасап көргенде, оны өзінің айналасындағылар найзалап өлтірген. Осыдан кейін басқарушылар мен тайпа көсемдері өз өмірлерін сақтап қалу үшін биліктерінің бір бөлігін шіркеумен бөлісуді мақұл көре бастаған. Оның үстіне тайпалар арасындағы тұрақты дау-жанжалдар бонның қазылық рөлі мен осыған байланысты басымдық таныту жағдайын жеңілдетіп отырған. Ақырыңда ақ сүйектер мен абыздар бір-бірлеріне көндігіп, содан былайғы тарихта жең ұшынан жалғаса әрекет жасайтын болған.
439 ж. Хэсэден Тибетке жауынгер сәньбиліктердің әскері шегіндіріледі де бай, бірақ бытыраңқы елдің үстінен түскен олардың көсемі өзіне қияндардың назарын аудартады, яғни мәңгі жауласушы тайпалардың арасында басымдық жағдайға ие болады. Осы басшының ұрпақтары 200 ж. ішінде тибеттіктерге айналып, цэнпо құрметті атағын мұрагерлікпен иеленеді. Ал цэнпо өздерінің аталастарына әрі елде бұрын бірден-бір нақты күш саналатындарға арқа сүйеген тайпалық көсемдердің ерік-жігерін орындауға тиісті патша, не үкімет басшысы екі аралығындағы қандай да бір билік дәрежесін білдіретін.
Мұндай жағдайда цэнпоның күй-қалі өте қиын болды. Бір жағынан ол өзінің орнын мұрагер ретінде алатын; «тағына» қарайтын кең байтақ жерлерден оның қазынасына кірістер, салықтар, бағындырылған халықтардың алым-салығы, иесіз қалған мүлік пен өліммен жазаланған қылмыскерлердің дүниелері түсіп жататын, бірақ, екінші жағынан оны кез келген уақытта қызметінен босатуға болатын еді және іс жүзінде оның нақты сүйеніші де, шын мәніндегі билігі де жоқ еді. Тіпті әскердің өзі де цэнпоға емес, арнайы тағайындалатын әскери кеңесшіге бағынатын. Цэнпо сорлыға істің шын мағынасында тек құрмет қана қалдырылатын және осынысымен ол байып кеткен ақсүйектер өздерін бір кездегі бөліктерінен айырған эллин жуан дауыстыларын еске түсіретін.
Алайда, елді біріктіру өз жемісін берді, сөйтіп цэнпо Намри тұсында (570-620) тибет әскерлері Үнді мен Тогокға басып кірді. 604 ж. Тогонда олар өздерінің шығыстағы тумаластары тастап кеткен Қара-Шөрінді күйретті. Елге жаңа бағыныштылар келіп қосылды. Міне, осы тұста ақсүйектер мен өздері үшін цэнпо табиғи көсем болуға тиісті халық арасындағы қарама-қайшылық шиеленісе түсті. Өйткені цэнпо да ақсүйектер мен бон шіркеуінің қысымымен ығыстырылған болатын. Азаматтық соғыстың шығуы үшін барлық алғышарттар туды. Намри өлтірілді, ал оның ұлы Сронцангамбо тұсында «оның әкесінің қол астыңдағылар көтеріліске шықты, шешесінің қол астындағылар көтерілді, туысқандарының (осылай санап шығады.— Л. Г.) бәрі көтеріліп бақты». Мұның өзі оған әр түрлі топтар мен тайпалар қатысқан азамат соғысына өте ұқсас еді. Әйтсе де көтеріліс бірте-бірте басылып, тәртіп қайта орнатылды. Ақылды әрі жігерлі Сронцангамбо бұл көтерілістен өте маңызды қортынды шығарды: ол бос қуыстық пен ешнәрсе жасамау жөніндегі ақылға қонбайтын ілімді уағыздаушы тақырбасты кедей монахтар қауымына көңіл бөлуді ұйғарды. Және де ол бұдан қателеспеді: ақсүйектер мен абыздардың қарсылық көрсетуіне қарамастан буддизм Тибетке еніп алып, оның ұрпақтарын цэнподан патшаларға айналдырған зор күш ретінде танылды.
Тогон үшін қырқысу. Тибеттің алдында тұрған ең өткір проблема оның Тан империясымен қарым-қатынасыңда жатты. Екі елдің мүдделері бір-бірлеріне тым қарама-қайшылықты болған еді. VII ғ-да Тибеттің барлық тұсынан тас бекітіліп тасталғанын ескеру қажет. Батысында басқаға бас имейтін дардтар тұрды; Үнді тек Гималай тауларымен ғана емес, қысы қатал таулы қырат тұрғындары үшін аса қатерлі климатымен де қорғалды; солтүстігінде адам өте алмайтын шөл дала жатты, ал шығысында — өте күшті әскери ірі мемлекет — тандық Қытай болды. Тек Амдо арқылы ғана ол солтүстік-шығысындағы Ганьсуға және Хэсэ мен «Батыс өлкесінің» (Шыңжан) дала кеңістіктеріне шыға алды. Бірақ, сыртқа шығатын бұл саңлауды да күші әлсірегенімен Қытайдың қолдауына сүйенетін Того патшалығы бөгеп тұрды.
Егер Тибет үшін Тогонды жаулап алу бірінші қажеттілік Сюлса, бұлай етуге жол бермеу Қытай үшін одан кем соқпайтын қажеттілік еді. Көшпелілер көтерілісімен және тәуелсіздігімен қыр көрсетіп жүргендіктен де дала қойнауында өзіне ықылас тудыртатын, империяға қарсы қаңдай да бір орталықтың пайда болуы түркіттерге қарсы соғыстағы оның арзанға түсе қоймаған жеңісі ешбір жеміссіз қалары ақиқатты. Дала қойнауына шығып алған соң тибеттіктердің қытай қатынас жолдарын қиып тастауы және түрік тайпаларының арасындағы бүліншілік жасаушы элементтерге арқа сүйеп, имперліктерді қайтадан Ұлы қорғанының ішіне қуып тығуы ықтимал еді. Сондықтан өз әрекеті соғысқа әкеп тірегеніне қарамастан тан империясы Тогонға қолдан келген көмегін аямады. Ал Тогонның өзінде Қытаймен одақтастық мейлінше түсініксіз болатын. Чжоу, Суй және ақырында тан Қытайымен кеп жылғы соғыстар қасіретсіз етпеген еді.
Тогон шапқыншылығына қытайлықтар Амдоны түркіт, ұйғыр және басқа одақтастар әскерлеріне қаптаттырып, қырғынды басып кірушілікпен жауап беріп отырды. Ең ақырында Қытай жеңіп шықты, бірақ Тайцзунның баскөз болуға қойған адамы — қытайланған ханзада Мойын Шүн қытайдың қолдаушығына қарамастан өз қол астындағылардың әрекетімен өлтірілді. Тайцзун бұдан соң хан тағына өлтірілген Мойын Шүннің ұлы, Қытайға барынша берілген жас өспірім Нохэбоны отырғызды. Нохзбо Тогонда қытай календарын енгізді, қытай патшасы қызына үйленіп, жас тогондықтарды Чаньаньге сарай маңыңда қызмет етуге жіберіп отырды. Әрине, пайда болған қарсы әрекет жасаушы топ Тибетке бейімделді, бірақ 641 ж. астыртын сөз байласудың бегі ашылып, оған қатысушылар түгел жойылды. Ол кезде тибет армиясын атақты Гар әулетінен шыққан, цэнпо Сронцангамбомен қарсыластықта болған ақсүйек Донцан басқарған еді.
Тайцзунның мығым ерік-жігері мен Сронцангамбоның тұсындағы тибет саясатында болған шұғыл бетбұрыс бірқатар уақытқа Тогонды қауіп-қатерден сақтап қалды, бірақ Донцан шығысқа шабуылын қайта бастағанда, ал алдағыны дұрыс болжай білмейтін Гаоцзун Нохэбоға шұғыл көмек көрсетуден бас тартқанда Тогонның тағдыры толық шешілген еді.
Тогон ақсүйегі Содохуй Тибетке қашып барып, Гаоцзунның шешімі жайында Донцанға хабар жеткізді. Донцан бірден соғыс бастап, 663 ж. Сары өзеннің жоғарғы сағасында тогондықтарды күйрете жеңді. Нохэбо ханшасымен және бірнеше мың киіз үйлі адамдарымен бірге Лянчжоуға қашып, Қытайды паналады. Гаоцзун өзінің қателескенін байқап, Тогонға әскер жіберді. Оны басқаруды батыс жорығының қаһарманы Су Динфанға жүктеді.
Бірақ мұнысы кешіктірілген әрекет еді. Тан империясы үшін мұндай сәтсіз жағдайлар кездеседі екен деп ешкім ойламаған болатын.
Сақ Донцан Гаоцзунмен келісім жасасуға әрекеттеніп көрді, бірақ Тогонды бөлісіп алу жөніндегі шың ұсынысы қабылданылмай қалды. Артына төрт ұлын қалдырып, Донцан қаза тапты. Бұлардың бәрі де дарыны жағынан өз әкелерінен кем түспейтін; үлкен ұлы Цинь-лин кемеңгер кеңесші, ал кішілері — әскери бастықтар болды, сөйтіп соғыс басталып кетті.
Таңдаулы әскерлері Кореядағы соғысқа жұмылдырылып, оны жаулап алуды тек 668 ж. ғана тәмамдаған империя үкіметі өте қиын жағдайға душар болды. Бичуриюгің жазғандарына қарағанда бұл екі аралықта тибеттіктер қытайдың қияндар қоныстанған 12 облысын талқандады, сөйтіп, әскерлерінің қатарын өздеріне қосылған дансяндар (тангүттар) мен хорлар (тогондықтар) есебінен күшейте түсті. 670 ж. шамасында тибет армиясы Тарима алқабына баса-көктеп кірді де, түркіттердің ниет білдіруіне және Хотанмен одақтасқанына сүйеніп, Құша қорғандарын қиратты. Соның нәтижесінде Сичжоудан (Турфаннан) басқа бүкіл Батыс өлке тибеттіктердің қол астында қалды.
Жоғалтқандарын қайтарып алуға тырысып, қытайлықтар Тибетке көп әскерін жіберді, бірақ Бұқайын көлі маңында олар быт-шыты шыға жеңіліске ұшырады. Қытай генералы Се Жинь-гуй тибеттіктермен келісім жасасып, тек сонан соң ғана шегінуге мүмкіндік алды (670 ж.). Қытайдың тибеттіктерге қарсы жіберген өзге әскерлері әскер бастығының қаза табуы себепті жалдан кері қайтты, сөйтіп осымен соғыстың бірінші кезеңі аяқталды.
Тибеттіктер Тан империясына екі рет: 672 және 675 жж. өздерімен бітімге келуге ұсыныс жасады, бірақ Гаоцзун олардың бұл ұсыныстарын қабылдамады, сөйтіп 676 ж. екі ел арасындағы соғыс қайта жандандырылды.
Түркіттердің ақыры. Бұқайын көлі маңындағы күйрей жеңілісі мен тәкаппарлық желігі империя үкіметін Тибетке қарсы күресте жаңа әдіс-амалдар іздестіруге мәжбүр етті. Осы мақсатқа батыс түркіттерін пайдалану керек деп ұйғарылды.
Халықты тыныштандыру үшін 671 ж. ағаман Ашин Досжи әскери қолбасшы және сонымен бірге фуяндік уели болып тағайындалды. Бірақ бұл іс жүзінде орындалмайтын міндет еді. Себебі, VII ғасырдың орта шенінде әулетті қолдап тұрған Ашин тұқымына деген дәстүрлі сый-құрмет соңғы хандар өздерін қытайлықтардың сенімді малайы және өз халқының жаулары ретінде танытқаннан кейін, оларға бүтіндей немқұрайды қараушылықпен алмастырылды. Көшпелі аудандарда империя басқарушылығының беделі болмады. Өзінің жағдайын нығайту үшін Досжи Тибетпен одақ құрды, сөйтіп 676 ж. өзін хан жариялады.
Империяның екі армиясы әрекетсіз тұрған уақытта тибеттіктер соғысты қайта бастап, батыс Қытайды Чаньаньге дейін тонап үлгерді». Келесі 677 ж. тибет армиясы Досжи әскерлерімен қосылып, тұрғындарының толық ниет білдірушілігі және белсене көмек көрсетуі жағдайында имперліктерден Кушаны азат етті. Бұл — Досжидің тағдырын шешті.
Досжиге қарсы әскерлерімен Пэй Хин-гянь төре жіберілді, бірақ қақтығыс бола қойған жоқ. Хин-гянь жол-жөнекей барлық жерге; мен парсы ханзадасын таққа отырғызуға және даштарды (арабтарды) тыныштандыруға бара жатырмын деп хабарлады. Ал Тұрфанға жеткеннен кейін, сонда қыстап шығуға тұрақтап, аң аулаумен және аман қалған қытай шенеуніктерін меймандыққа шақырумен шұғылдана бастады. Сондай шақырылғандардың арасында Досжи да болған кезде, оны қамауға алып, Қытайға жөнелтеді (679 ж.). «Содан былай он аймақ барынша 20 жыл ішіңдегі қандай өзгеріс десеңізші! Мишені өлтіргеннен кейін көтеріліс бүрк ете қалды, ал Досжиді тұтқындаған кезде ешкім орнынан қозғалмаған. Осы 20 жыл ішіңде батыста «түркіт» деген аттың өзі жойылып, ол «он оқ», яғни он жебе деген терминмен алмастырылды. Оларды қытайлықтарға бағындырған он жебе түріктерінің өздері бірігудің мәнін ұғынудан қалды, сөйтіп екі ұрпақтың (дулу мен нушиби) тектілері күннен күнге ыдырай берді. Тәртіпсіздікке апарып соғатын алауыздықты тыю үшін қытайлықтар Досжидің орнына екі ханзаданы — Мишенің ұлы Юань-кинді және Босжеңнің ұлы Хушэлоны тағайындады. Қытай тәжінің қуғынға ұшыраған мұрагерімен байланыста болды деп айыпталып, 693 ж. Юанькин өлтірілді. Юанькиннің ұлы Ашин Суйцзы тибеттіктермен байланыс жасап, 694 ж. көтеріліс ұйымдастырды, бірақ онысы жаншылып тасталды. Жыл болғанымен өкімет билігі Хушэлоның қолына шоғырланды. Әйтпесе түркештердің күшеюі оны барлығы 60—70 мыңдай еркек-ұрғашысы бар өз жақтастарының қалғандарымен Қытайға қоныс аударуға мәжбүр етті.
Түркіттердің тарихы осылай аяқталды.
«Батыс өлке» үшін шайқас. Батыс және шығыс түріктерінің арасында қытайға қарсы көңіл-күйдің күшеюі 679 ж. өзінің шарықтау шегіне жеткен тибет-қытай соғысының қиын-қыстау кезеңдерге байланысты болды. Империя үкіметі тибеттіктерді қайтадан тауға ығыстырмайынша дала қойнауында тәртіп болмайтындығын тамаша түсінді. Осы мақсат үшін үлкен армия (180 мың адам) жіберілді. Оны басқаруға білімді де айлакер, аланда ешқандай әскери таланты жоқ адам, «мемлекеттік хатшы» Ли Цзинь-сюань қойылды. Қытай дерекшісі тіпті бұл тағайындауда өз дұшпаны Ли Цзинь-сюаньді патшаның кәріне киліктіруді көксеген Се Жинь-гуян басты роль атқарды деп те жазады.
Бастапқы кезде қытайлықтар табыссыз болған жоқ, бірақ Хухунор көлі маңында тибеттіктердің қоршауына түсіп қалады. Әскерлерінің негізгі бөлігінен ұзап кеткен қытайдың алдыңғы жасағы қырып салынып, артында келе жатқаны тауға қарай ығыстырыла қоршауға алынады. Қытайлықтарды апаттан тек тегі корей Хэчи Чан-чжидің түнгі батыл шабуылы ғана аман сақтап қалған-ды; бұл өзі Тайцзун өзіне тартып әлпештеген «илохэнің» (сабаздардың) бірі, сұңғақ бойлы әрі мейлінше ержүрек күшті жігіт болатын. Іріктеліп алынған 500 жауынгерді бастап ол тибеттіктердің лагеріне басакөктеп кіреді де, жауларының арасында үрей туғызады, қоршаудың осал тұсын ашып, сол арқылы соның алдында ғана айбарлы саналған армияның қалған бөлігі аман құтылып шығады.
Бұған алынған Гаоцзун тибеттіктерге не істеу керектігін шешу үшін дереу кеңес шақырады, бірақ сарай маңындағылардың пікірлері бір жерден шықпайды, сөйтіп кеңес ешқандай шешім қабылдамайды. Тибеттік қауіп-қатер енді Қытайдың өзінің үстінен төне бастайды. Сол 679 ж. цэнпо Манромандан қайтыс болады, сөйтіп таққа оның сегіз жасар ұлы Дудсрон отырғызылады. Оның тұсында Циньлин өзінің аға-інілерімен бірге өкімет билігін толық сақтап қалады.
680 ж. тибеттіктер Қытайға басып кіріп, Ли Цзинь-сюанды толық жеңіліске ұшыратады. Бірақ іріктеліп алынған үш мыңдық «жарып кіретін атты әскерімен» (ту-ки)Хэчи Чан-чжи түн ішінде тибет лагеріне соққы беріп, жауды шегінуге мәжбүр еткенді. Осы жеңістен кейін шекара бойының бастығы болып тағайындалған Хэчи Чан-чжи 70 дабыл пунктін салдырып, өз әскерлерін астықпен жабдықтау үшін қазыналық егістіктер игеруді енгізді. Алайда осыған қарамастан тибеттіктер қытай шебінде тұратын қияндардың көмегімен шекара бойын бұзып, Юннаньға басып кірді, сөйтіп, мандар деген атымен белгілі жартылай тағы орман тайпаларын өздеріне бағындырды.
Келесі 681 ж. Циныннің інісі, тибеттік қолбасшы Цзанбу ішкі Қытайға басып кіруге әрекеттеніп көрді. Хэчи Чан-чжи бұл шабуылдың бетін қайтарып, мұның өзі оның салдырған бекісінің табысы болғанымен, ол қытайлықтар үшін апатты бола бастаған жағдайды тоқтата алмас еді. Ал Батыс өлкеде тұрған қытай әскерлерін тибеттіктер тас-талқан еткен 689 ж. Сол жағдай одан бетер нашарлай түсті. Үрейленген қытай үкіметі Батыс өлкеден бас тартуға дайын еді. Алайда, тарихнамашы Цуй-юн қалай болғанда да батыстағы қол асты жерлерін сақтап қалу қажеттігін дәлелдеген баяндамасын ұсынды, өйткені бағзы замандарға «бұлар хунндардың оң қолын шауып тастаған… Егер төрт тексеру орнында әскер гарнизендарын ұстамасақ, онда Туфань (тибет) әскерлері Батыс өлкесіне басып кіруді ұмытпайды, ал батыс өлкесі күйзеліске ұшыратылса, оның қорқынышы оңтүстік қияндарына да тарайды. Ал осылар олармен келісімге келе бастаса, онда Хэсэ болмай қоймайтын қауіп-қатерге ұшырайды… Егер туфандықтар солтүстікті жаулап алса, онда он ұрпақ (батыс түріктері) пен Шығыс Түркістан біз үшін жоқ болады».
Бұл ұсыныс әсер етпей қалмады: батыс түріктерімен толықтырылған жаңа армия жасақталып, 692 ж. ол толық жеңіске жетті әрі Батыс өлкесін тибеттіктерден азат етті. Дәл осы тұстары, қияндар мен мандар, сірә, тибеттіктерден түңілген болса керек, Қытайдың қолы астына қайтып оралды. Тибеттіктер бұлардың кейбіреулерін ұстап үлгерді, әйтсе де аман құтылғандары Қытайдың ішкі жағынан жер алып, батыс шекараның қорғанысын күшейтті.
Тибеттіктердің ханзада Ашин Суйцзының көмегімен батыстағы өз үстемдігін қалпына келтіру жөніндегі әрекеті де табысты болған жоқ, ал басқарушының аға-інілерінің жасаған шапқыншылықтары 695 ж. бұлардың жеңілісімен аяқталды.
Дегенмен, Циньлин табандылық танытты. 696 ж. ол Лянчжоуға (Алашандағы) тарпа бас салды, онда толық жеңіске жетіп, бітім жасасатын ұсыныстарымен елшісін жіберді. Циньлин империяға төрт тексеру орнынан әскери гарнизондарынды шығарып әкетіңдер, дулу облысы қарамағында қалдырылуы есебінен Тибетке нушиби облысын беріңдер деп отырып алды. Қытайлықтар мұның үстіне бұрынғы тогон территориясының қайтарылуын талап етті. Соның өзінде Тибеттің ішкі жағдайын ескеріп, келісім жасасуды әдейі соза түсті. Есеп дұрыс болып шықты. Тибеттегі қастандық әрекеттер мен мемлекеттік төңкеріс Тан империясын тағы да сақтап қалды.
Тибеттегі төңкеріс. Алма-кезекті табыстарымен ұзаққа созылып кеткен соғыс Тибет пен Қытайды бірдей-ақ шаршатты, бірақ қалжырау сипаты екі мемлекетте екі түрлі болған еді.
Қытайдың қоғамдық пікірі шекарадан тыс жерлерді иелену мақсатындағы соғыстарға жалпы қарсы болды. Өйткені мұндай басқыншылық соғыстар халыққа емес, ал сол кездері беделінен айрыла бастаған империя үкіметіне қажет еді. Қытайлықтардың қуаңшылықты далалармен және қар басқан таулармен алыс жорықтарға сабылудан гөрі, тып-тыныш қана егіншілікпен, әр түрлі қолөнер кәсібімен, классикалық әдебиеттерді оқып білумен айналысқылары келді.
Империя үкіметі жауларының көптігін уайымдап, қам жеумен болды: ортаазиялық иеліктеріне араптар қауіп төндірді, түріктер бүкіл солтүстігін басып алды, шығысында мұқырылар мен қидандар тынышсызданып жатты. Барлық жерге де әскер қажет болды. Ал тибетке қарсы қосымша әскер тек ондағы өз шептерін ұстап қалу үшін жіберіліп отырды. Сондықтан имперліктер де бітім болғанын дұрыс көрді.
Тибеттің ішінде де ауызбірлік жоқ еді. Жыл сайын шекаралардан елге олжа келіп жататын болғанымен, оның басым бөлігі Гардтың отбасына, яғни Циньлиннің туысқандарына тиетін. Мұның өзі өзге ықпалды рулардың, сондай-ақ ерікті жауынгерлердің қалың топтарының26 наразылығын тудыратын. Әдетте болатындай, басқарушы рулар қарсыластарының ұнатымы сол уақыттары тақта отырғанымен билік жүргізуден айрылған цэипоға ауған еді. Сол кезде Дудсрон 25 жасқа толған-ды. Дуньхуандық хабарламаға қарағанда ол ақыл-парасаттан кенде болмаған және сатқындарды аяусыз жазалаған. Оны өз тибеттіктерінен басқа непалдық батыл тау адамдары мен Тан империясының жазалау шараларынан27 Тибетке қашып құтылған түркіттер қолдады.
Циньлин Тибетте империя елшілігін ашып, қателік жіберді. Қытайдың тәжірибелі дипломаттары елдің әкімімен және цэнпомен бітім жайында келіссөздер жүргізе жүріп, өздерінің емексітулерімен әрі сыйлықтарымен цэнпоның өзі бас болған астыртын әрекеттің тууына дем берді.
Күрес 695 ж. Гар отбасының бір мүддесін Дудсроның өлім жазасына бұйыруынан басталды. Өлім жазасы орындала салысымен цэнмо (цэнпоның әйелі) бірден Гар отбасына бағынатын әрекеттегі әскер тарапынан болуы ықтимал қастандықтан тақты сақтап қалу үшін сірә, өз туысқандары болуы керек, көптеген адамдарды жанына шақыртып алды28.
699 жылы астыртын әрекет жасаушылар қаумалап аң аулаймыз деген желеумен өздерінің сенімді жауынгерлерін жинап, солардың күшімен үкіметтің төрт мыңнан астам жақтастарын қолға түсірген бойы бәрін жусатып салды. Бұдан соң Дудсрон әкімді әскерден астанаға шақырттырды, бірақ ол өзіне шынымен-ақ өлім қаупі төніп тұрғанын біліп, өз әскерлерінің адалдығына дәмелене көтеріліс ұйымдастырды. Алайда жауынгерлер өз патшасы (цэипо) үшін қолбасшысын тастап, тарап кетті. Жағдайларының үмітсіздігін көрген Циньлин өзіне адал жүздеген серіктерімен бірге өзін-өзі өлтірді. Ал тірі қалуды артық санағандары Циньлин ұлының басқаруымен Тан империясына берілді. Мұнда олар құрметпен қабылданылып, Тибетке кері оралулары мүмкін еместіктен, шекаралық әскер сапына алыңды.
Жағдай қарама-қарсылықты болып өзгерді. Тибет тәжірибелі қолбасшылары мен таңдаулы әскерлерінен айрылды, Қытай 8 мың шыңдалған жауынгерге ие болды. Осыдан кейін, әрине, империя үкіметі Тибетпен арадағы бітім келіссөздерін үзіп, барлық майдандарда соғыс ашты. Енді күш басымдылығы империя жағында болғандығы анық. Қытайлықтар тибеттің жаңа қолбасшыларының тәжірибесіздігінен қол жеткізген табыстарын өзіміздің жеңісіміз деп есептеді. 700 және 702 жж. болған шапқыншылықтардың беті тибеттіктер үшін үлкен шығындармен қайтарылды. Дудсронның бітім жасасу және қытай патшасы қызымен некелесу жөніндегі өтініші алтын беріп құрмет көрсетуімен қуатталса да, одан нәтиже шықпады. Шекаралық соғыстарға қарамастан Тибетке етіп жататын қытай дипломаттары өз үкіметін цэнпо Дудсрон тап болған жана қиыншылықтар туралы хабардар етіп тұрды. Оңтүстік шекарасындағы тәуелді мемлекеттер — Непал, Үнді, т. б. — бәрі көтерілді. Дудсрон 703ж. индустерге қарсы жорықта қаза тапты. Жеңіс империя жағында қалды, бірақ ол кешіккен еді. Тибет-қытай соғысын шығыс түркіттерінің ұрпақтары — араларындағы 50 жыл бойғы наразылық пісіп-жетіліп, көңіл-күйлерінің толқуына және қантөгістерге әкеліп соққанын көк түріктер пайдаланып қалды.
Ценпо қаза тапқаннан кейін тайпалардың көтерілісі мен ақсүйектердің талас-тартыстары қайтадан бүрк етті, ал Дудеронның інісі Непал тағынан айрылды. Әйтсе де 705 ж. өзінде-ақ Ба мен Дроның атақты ақсүйек отбасылары елдегі тәртіпті қалпына келтірді. Ал Қытайға келген тибет елшісі жаңа цзипо Мэагцомның таққа отырғаны туралы хабарлады. Оның кезінде Буддашылар өз шептерін сақтап қалды. Храмдар салу, қасиетті кітаптарды аудару және үнді ғалымдарын қызметке шақыру жалғаса берді. Буддизм мен бон бірге өмір сүруді үйренуге тырысып бақты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *