Дулылар басшылығы. Чулохан Таман. 604 ж. Батыс түрік қағанатының толық қожыраған жылы болды. Ұлы Қара-Сор Богухан хабарсыз жоғалып кетеді, оның баласы Ниліхан қаза табады, оның інісі Басы (Поши) тегін деген лақап атпен белгілі болған зарлық, тәж-тақтың заңды мұрагері Қытайда ұсталып қалады. Заңды тәртіпке қарамастан, Шаштың билеушісі Шегуйдің намысын қорлай, Ниліханның баласы Таман, Нигу Чулохан лауазымын алып, тәж-таққа ие болып шыға келеді. Жаңа хан таққа отырарда аяғын тәй-тәй басып, жүре алмайтын да болса керек; ол әкесі опат болардан сәл ғана бұрын туғанды.
Оны хан етіп қойған қай партия?— деген сұрақ туады. Оның ордасының географиялық тұрған жері «бұрынғы үйсін жері» яғни Іле өзенінің аймағы болғанын еске алсақ, өкімет дулы тайпалар одағының қолында қалғанын көреміз. Олар хан өкіметін оны ыдырату жолымен шектегісі келеді яғни батыс пен шығыстағы бектер «Кіші хан» лауазымдарын алады, шенеуніктер «сатысына» қосымша екі шен-шекпен: Сыфаян мен Хунданы енгізеді де, олар мемлекет істерін басқаратын болады. Бала хан өз бағыныштыларының қолындағы ойыншыққа айналады.
Сенім-нанымға реформа жасау ісінің де мән-маңызы одан кем түспейтін. Жоғарыда айтылғанындайын, түркіт ханы тек әскери көсем ғана емес, бас-қазырет те еді, сол себепті де жыл сайын екі рет ата-бабалар аруағы мен Көк тәңрісіне құрбандық беретін. Батыс қағанаттағы бектер ханды бұл маңызды міндетінен айырады да, енді құрбандық шалу үшін қасиетті орынға жоғарғы бекзаттардың біреуі барады. Бұл ханның абыройын кетіріп қана қоймай, сонымен бірге онымен рулас күллі түркіттердің де қадырын түсіреді, сөйтіп олар дулы бектері басқарған үкіметке қарсы шығады да, нушеби бектерімен, соғды көгалды аймағының иелерімен одақ жасауға бейімделеді. Соңғылары әйтеуір жібекті тоқтаусыз жеткізуге келісіп, ұлы керуен жолының қауыпсыздығын қамтамасыз ететін кез келген үміткерді қаржымен қамтамасыз етуге келісетін еді. Алайда түркіттер тек Ашин әулетінен шыққан ханға ғана қызмет етуге әзір болатын, ал нушебилер болса өздерін жақсы көретін кісіге ғана өкіметті бергісі келетін. Осынау талаптардың бәрін де қанағаттандыра алатын үміткер де табылады: ол өзінің еншісіне тиген Шаш бектігін місе тұтуға мәжбүр болып жүрген Қара-Сор Түріктің немересі Шегуй еді. Оның жайлауы Мыңбұлақ Талас өзенінің оңтүстік жағындағы нушеби жерінде болатын, тегі, бек олармен тату-тәтті көрші болып тұрса керек.