БАТЫС ҚАҒАНАТЫ (Л. Гумилев)

БАТЫС ҚАҒАНАТЫ
XII тарау
Мемлекеттің жүрегі. Қағанатты болу ісі түркіт халқының ерік-жігері мен тілек-талабына қарсы, бөтен күштің, тіпті жаулық әрекеттің ықпалымен жүзеге асырылғанына қарамастан, бір кездері біртұтас болған елдің екі жартысының жолдары мейлінше әртүрлі болып шығады.
Шығыстағы хал-ақуал онша өзгермеген еді, өйткені қытай протектораты түркіттердің дәстүріне де, өндіріс әдістеріне де шаруашылықты жүргізу жүйесіне де тиіспейді. Шығыс түркіттер этникалық ауызбірлігі берік топ болып қала береді және олардың потенциалды күші кез келген көрші халықтың күшінен едәуір молды. Бір ыңғайлы-киелі сәт туа қалса, сайын далада түркіттердің саяси басымдығы мүмкін болып қана қоймай, қалпына түсуге де тиіс еді.
Батыстан біз мүлде басқаша суретті көреміз. Ол жақта түркіттер үркердей аз болатын. Істемихан өзімен бірге қанша нөкер ертіп кетсе де, олар бәрібір бағындырылған облыстарда теңіздің тамшысындай ғана болар-ды. Олар,— өзіміз түрік тектес деп атай алатын — жергілікті халықтар арасына, әлде сіңісіп жоғалып кетуі керек-ті, әлде, өз руластарының басым көпшілігі Суй императорының табаны астына түсіп қалғаннан кейін солардың құрбандығына шалынуы керек-ті. Бірақ бұл екеуі де емес, үшінші бір құбылыс пайда болады: Жетісу мен Шу алқаптарының, Еділ мен Кубанның төменгі жағынан, Ертіс пен Есілдің жоғарғы жағының көшпелілері Ашин әулетін адал, ақ көңілмен қарсы алады. Сол сияқты Тәрім мен Амудария өңірі көгалды-нулы аймақтарының отырықшы халқы мен тіпті Гиндикуш пен Кавказ жоталарының тұрғындары да тап сондай пейіл көрсетеді. Сонымен түркіттер бұл жақта да билеушілік жағдайын сақтап қалады.
Істеми мен Қара-Сор Түріктің тек қолбасшылары ғана емес, аса көрнекті әкімдер болғанын да мойындауға тура келеді. Олар өздері жаулап алушылар ретінде мекен жайларына келіп кірген халықтарға қолайлы тіршілік жағдайын жасайды. Ұдайы болып жататын уақ соғыстардан әл-дәрмені бітіп, әбден азып-тозған, басы бірікпейтін уақ тайпалар тыныш өмірдің дәмін татып, өздерінің көшпелі мал шаруашылығын дамытуға толық мүмкіндік алады да, бұл өз жүйесімен жүріп отырып, бірлік-ынтымақ санасының тууына апарып соғады, сол кезден бастап ол түріктік бірлестік деп атала бастайды. Бұдан билеуші жікті құрайтын түркіттер санының аз болуы — жаңадан пайда болған жүйенің орнықтылығын қамтамасыз еткен деп қорытынды жасаған дұрыс. Хан нөкерлерін асыраудың ауырлық түсірмейтіні сондай, салық төлеушілердің қарсылығын тудырмайды, ал бір ғана, бірегей өкіметтің болуынан түсетін пайда жұрттың бәріне аян болатын. Сыртқы саясат жөнінде мемлекет алдында тұрған мақсат — ұлы керуен жолы үшін күрес — қағанаттың оңтүстік облыстарының сауда-саттық жүргізетін қалалары үшін өмірдің зәру қажеттілігі болып табылатын, оның солтүстік бодандары үшін баю кезін ашатын, ендеше бұл арада да ел мен әулет мүдделері табысып жататын. Бірақ нақты күш үкіметте емес, халықтың өзінде болғандықтан да, біз барша институттар мен күштердің ара салмағының біртіндеп өзгере бастағанын байқаймыз, міне осы өзгерістер Батыс түркіт қағанатының 659 ж. құлайтын кезіне дейінгі тарихын құрайды. Бірақ енді алға озып кетпей-ақ, назарымызды 609 ж. жеткіншек Чулохан кезінде қалыптасқан жағдайға аударайық, бірақ сипаттаманың алдына тағы бір аса маңызды жалпы пікірді салып жіберейік.
Кейінірек мұсылмандар түріктермен жолығыса жүріп, олардың өз айналасындағы халықтармен ортақ тіл таба білетін ғажайып қасиетін атап өтеді. Олар бұл қасиетін жаңа елге жеңушілер есебінде ме, әлде мейман есебінде ме, жалдамалылар немесе әскери тұтқын-құл есебінде келе ме — бәрі бір, әйтеуір ұдайы көрсетіп отырған, кез келген жағдайда да олар, басқа халықтардың өкілдеріне қарағанда, карьераны (іс-әрекеттің барша саласында табыспен алға жылжу) ойдағыдай жасайтын болған.
«Түріктер үлесіне тиген атақ-даңқ пен табыстың себебі неде деп кім сұрай алады?— деп жазады Фахраддин.— Оның жауабы көпке белгілі бір нәрсе, әрбір ру немесе адамдар тобы өз халқының ортасында, туған-туысқаны ортасында, өз қаласында жүргенде құрмет пен қошеметке бөленеді, ал олар саясат-сапарға шығып, жат жерге кез болған шақта, жұрт олардан жеркеніп, тіпті назарын да салмайды. Бірақ түріктер мұның керісінше олар өз елінде, ағайындары арасында жүргенде, басқа да түрік руларының ішіндегі бір ру ғана болып саналады да, олар сонша қажыр-қайрат танытып, жұрт олардан көмек сұрап жатпайды. Ал олар өз елінен мұсылмандарға келіп жетісімен — өз үйлерінен, ағайындары мен елінен алыстап кеткен сайын, олардың күш-жігері тасып, бағасы арта түседі, олар сосын әмірлер не сипех-саларлар болып алады».
Және мынаны да оқыңыз: «Түріктер хандық құрып, шексіз ақыл мен даналықтың иесі болған Афрасиабтың мақал-мәтелдерінің ішінде мынадай біреуі бар екен: «Түрік шанақ ішіндегі теңіз маржаны сияқты, өз жайында жатқанда ол тіпті құнсыз нәрсе, бірақ ол теңіз шанағынан шықса болғаны, баға-құны артып, патша тәждары мен қалыңдықтың мойны мен құлағының әшекей-көркі болып шыға келеді».
XII ғ. ойлы тарихшысы байқаған жәйттарын VII ғ. түріктеріне де толық қолдануға болады. Өзінің құдырет-қуатынан кейін де жарты ғасыр өмір сүрген әулеттің орнықтылығын міне осы қасиеттер арқылы түсіндірген дұрыс. Түрік ханының асыл-асасы, қырық рудан құралған жауынгер халқы бар елдің ішкі тыныштығын қамтамасыз ете алады — деп ойлау дұрыс болмас еді. Ашиннің әлсіреген әулетін бодандарының бәрі де мойындайтын, ал бірақ нағыз да нақты күштер мен құштарлық иелері, заңдылық тұрғысынан айнымай, өзара қырқысып, күресе берген. Ал, хандар тақтарын сақтап қалу үшін тайпалар бектері мен соғды диқандарына ақша төлеп, солардың қолындағы қуыршақтарға айналады, ал, ана екі топ, өкімет әлсірегеннен кейін, бірқатар партияларға бөлініп, басым түсу үшін өзара таласып-тартысып кетеді.
Басшылық етуге үміттілер ішінен екі тайпалар одағы ерекшеленіп көзге түседі: олар — Жетісу мен Батыс Жоңғариядағы Дулы пен Батыс Тяньшандағы Ыссықкөл өңірін мекендейтін нушебилер еді. Осынау одақтың әрқайсысы бес тайпадан туратын, содан да болар, Батыс қағанатын кейде «он тайпа» деп те атайтын, бұл осы тайпалар одағының күллі мемлекет үшін маңызының зор болғанын ерекше бөліп көрсетеді. Бұл атпен бірге » жабғы-түріктер» деген атта кездеседі, бұл Батыс қағанатта тұратын түркіттерді, Елхан Бумынның тұсында Істемидің жабғы болғанын ескеріп, осылай атап кеткен. Гәп мемлекет туралы болған күнде осы екі ат бірінің орнына бірі жүре береді, бірақ екеуінің қатар болуы — түркіттер мен «он тайпаның» түріктері арасындағы айырмашылық VII ғ. әлі жойылмағанын көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *