ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ РЕСЕЙДЕГІ САЯСИ ОЙЛАРДЫҢ ДАМУЫ
І Александрдың таққа келуімен Ресей мемлекетінің саяси өмірінде саяси жылымық лебі байқалды. Сол жылымық әсерінен батыстық либералистік құндылықтар Ресей қоғамына ақырындап ене бастады, нәтижесінде елде (қоғамда) «Дауыссыз комитет» деп атау алған либералды адамдар тобынан «жас достар» үйірмесі қалыптасты. Жоғарғы деңгейдегі саяси және мәдени-ғылыми элиталық ортада комитеттің мүшелерін олардың ұстанған көзқарастары мен іс-әрекеттері үшін «якобиндік топ» деп атады. І Александр осы комитетпен бірлесе отырып, мемлекетте бірқатар либералды заңдар қабылдады және басқарудың орталық органдарына өзгертулер енгізді, сондай-ақ, қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдай зиялы қауым арасында конституциялық көңіл-күйдің пайда болуына әсерін тигізді.
М.М. Сперанский (1772–1839 жж.) Владимирская губерниясының Черкутино деревнясында, кіші рухани шенді Третьяков отбасында дүниеге келді. Михаил Михайлович «атағы» мен Владимир-Суздальдік рухани семинариясын бітірген және үш озат оқушылар қатарына ілініп, математика, физика, риторика және философия мұғалімі ретінде Санкт-Петербург рухани семинариясына (1797 жылдан бастап академия) жіберілді. 23 жасында ол осы семинарияның ректоры болып тағайындалды, содан кейін генерал-прокурор Куракиннің қол астында қызмет етті. Бұл қызметте ол кеңесші шеніне дейін жетеді. М. Сперанскиді І Александр сарайға алдырды, онда бірқатар жоғары қызметтер атқарады, ең соңғысы – мемлекеттік хатшы қызметі. Сарай төңірегіндегі көре алмаушылардың қызғанышы, сонымен қатар, ақсүйектердің реформаторлық іс-әрекеттерге көңілі толмаушылығы М. Сперанскиді 1812 жылы жұмыстан босатуына және (Нижний Новгород, Пермь) жер аударуына себеп болды. Патша жарлығымен ол 1816 жылы Пензаның губернаторы етіп тағайындалды, ал 1819 жылы Аракчеев өтініші бойынша, Сібір губернаторы болды. Тек 1820 жылы ғана Сперанскиге Санкт-Петербургке қайта оралуға мүмкіндік туды, ал 1826 жылы император І Николай оған Ресей империясының Заңдар жинағын құруды тапсырды. М.Сперанскидің басшылығымен құрылған комиссия бұл Заңдар жинағын төрт жыл ішінде біріктіріп, жүйелендірді және тарихи-мағыналы 45 томды құрады. Үш жылдан соң атқарушы заңнаманы жүйелеп біріктіретін 15 томдық басылым дайындалды. І Николай М. Сперанскиді осы еңбектері үшін Андреев жұлдызымен марапаттады.
М.М. Сперанскидің саяси доктринасы антикалық және еуропалық ойшылдардың саяси теорияларының терең танымдарына негізделген. Діни адам бола отырып, ол «сезімдік материализмнің күңгірт жүйесін» жоққа шығарды және Құдайды әлемнің жоғары заң шығарушысы ретінде қабылдаған. Мемлекеттің келісімді концепциясын ол ғылыми болжам ретінде қарастырған (Құдай еркін жүзеге асыру келісім шарты ретінде).
М. Сперанскидің ойы бойынша, Ресей өзінің тарихи дамуында үш сатыны бастан кешірді: Ортағасырларда – удельщина; Жаңа заманда – абсолютті монархия; ал қазіргі заманда – жоғарғы биліктің конституциялық шектеулерін талап ететін және қол астындағыларға саяси және азаматтық құқықты ұсынатын өнеркәсіптік кез (тұлға қауіпсіздігі, жеке меншікті сақтау және жеке саяси құқықтарды қамтамасыз ету). Ресей Батыстағы мемлекеттердегідей революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен «дұрыс заңдар арқылы» өзгерістерді күтуде. «Мемлекеттің реформациясы екі-үш жылда емес, он жылдап, ғасырлап жүргізіледі» деп көрсеткен.
М. Сперанский өзінің өзгертулер жобасында «міндетті заңдарға негізделген самодержавиелік басқаруға (мұнда абсолюттік мағынада)» мүмкіндік беретін конституциялық монархияны армандаған. М. Сперанский би лікті жүзеге асыру формаларының заңдылығын билік бөлінісімен байланыстырған. Заң шығарушы билік сессиялық түрде жиналатын, заңдарды талқылап, қабылдайтын екі палаталы Думаға берілуі керек деген. Атқарушы биліктің басшысы – монарх Думаның қызметіне араласады, бірақ «ешбір заң Думаның қолдауынсыз басылып шығарылмайды. Жаңа алым-салықтарды, міндеттіліктерді бекіту Думада қабылданады» деп көрсеткен. Думаның пікірі тәуелсіз, міне, осы себептен де монархтың «заңдарды жоюға да, өзгертуге де» мүмкіндігі жоқ дейді.
Конституция және соған негізделген билік бөлінісі мемлекеттегі барлық бостандықтың кепілі болып табылады. Ресей үшін қалыптасып қалған жағдайды өзгертудің және жаңа тәртіпті қалыптастырудың уақыты жетті; Ресейдегі бостандық үшін болған қозғалысты меңзей отырып, ол «басқа мемлекеттермен салыстырғанда, Ресейдің даму қарқыны өте жылдам» жүріп жатқанын айтқан.
Заңға негізделген конституциялық монархия қызметін қамтамасыз ететін мамандандырылған шенеуніктік аппаратқа сүйенуі қажет. Мұндай жобаны жүзеге асыру үшін М. Сперанский шенеуніктер туралы екі заңды: «Сарай атақтары туралы» (3 сәуір, 1809 жыл) және «Шендік емтихандар туралы» (6 тамыз, 1809 жыл) заңдарды ұсынып, жүзеге асырды. Бұл заңдар қызмет және қызметтік шендер алу үшін жоғары білім туралы дипломның бар болуы немесе көптеген пәндер бойынша шендік үшін емтихандар тапсыру сияқты қажетті шарттарды енгізді.
Н.М. Карамзин (1766–1826 жж.) жас кезінде өте көп саяхаттаған және сол кезде бірнеше атақты батыс еуропалық философтармен және саяси қайраткерлермен танысқан. Еуропада Карамзин Гетемен, Гердермен, Кондорсемен кездескен.
Парижде Дантон мен Демуленнің сөздерін тыңдаған, Робеспьермен таныс болған.
Н.М. Карамзиннің шығармашылық жолының бастауы әдеби саламен байланысты. Ол басылым қызметіне белсенді қатысты, сонымен қатар, өзін жазушы ретінде және әдебиеттегі жаңа бағыттың – сентиментализмнің негізін салушы ретінде танылады. 1803 жылы Н. Карамзин баспа жұмысын тастап, өз көңілін «Ресей мемлекетінің тарихын» қалыптастыруға жұмылдырады. Өз ойларын жүзеге асырғаны үшін, ол І Александрдан тарихнамашы атағын алады және
Вяземскидің айтуынша, 23 жасында «тарихшылар қатарына енеді».
Н.М. Карамзин өзінің саяси концепциясын өзі басып шығаратын Ресейдегі ең бірінші саяси журнал болып табылатын «Еуропа хабаршысында» жариялап отырған. Мұнда антикалық, француз, ағылшын авторларының саяси шығармашылық басылымдарымен қатар, Н. Карамзин басқару түрлеріне, саяси режимдерге, заңдардың мазмұндары мен т.б. көзқарастарын білдіріп отырған. Бірақ саяси концепциясын ретті, әрі нақты өңдеуі «Ресей мемлекетінің тарихында» көрсетілген, ал дәлелдеуі 1811 жылы І Александр атына құрылған «Саяси және азаматтық қатынастағы ежелгі және жаңа Ресей туралы жазбаларда» көрсетілген.
Ресей үшін ең тиімді болып табылатын билік түрін зерттеу – «Жазбалардың» ең басты тақырыбы. Мысалы, ІV Иванның басқаруын сараптай отырып, Н.Карамзин тирандықты сынға алды. Теориялық түрде Карамзин тирандықты табиғи,
салт-дәстүрлік және жағымды заңдарды бұзатын билік түрі деп сипаттаған.
Басқару түрін талқылай отырып, Н.М. Карамзин монархия кезінде республикашыл болып қала беру мүмкін екендігін қоса отырып, өзін нағыз республикашыл екендігін ерекше атап өткен. Мемелекеттік және қоғамдық өмірді ұйымдастыру ретінде республика түсінігінің өзі ол үшін қоғамның жоғары салт-дәстүрлік дәрежесін сақтай отырып, барлық азаматтардың бостандық пен қауіпсіздікке қол жеткізуін білдірді. Адам өнегелігінің нақты деңгейі, олардың саяси сауаттылығының деңгейі кез-келген мемлекеттің қандай басқару түріне дайын екендігін анықтайтын көрсеткіштер болып табылады дейді. Мысалы, республиканы армандаған Франция оған дайын болмады және нәтижесінде Бонапартқа бағынды, ал ол Н. Карамзиннің ойынша, билік жаулап алушы емес, керісінше, «игілікті саясат» жүргізген, нағыз монархияны әкелуші болып табылады.
Н.М. Карамзин өзінің құқықтық түсінігінде табиғиқұқықтық теорияны ұстанған, себебі салт-дәстүрлі мемлекетте азаматтық заңдар түгелімен табиғи заңдарға сәйкес болуы қажет деп көрсетеді.
Тарихшы заң шығарушылардың жұмысының жауапкершілігін ерекше атап көрсетті, себебі ол жаңа заң жобасын жасаған уақытта «барлық заттарды бір жақты емес, жан-жақты қарастыру қажет, әйтпесе бір зұлымды кесе отырып, ол одан да көп зұлым жасауы мүмкін» дейді. Ол сонымен қатар инкорпоративті және кодификациялық жұмыс жүргізу арқылы барлық ресейлік заңдарды қазіргі заманға сәйкес қарастыру қажеттілігі туғанын айтқан. Карамзин заңдардың барлық жүйеленген және түсініктемелермен қамтылған заңдар жинағының басылымын көргісі келді. Мұндай жұмыстарды жүргізу қажеттілігі бұрында туған, себебі, көптеген заңдар ескіріп, тіпті, зиянды болып кетті, сондықтан олардың кейбіреулерін, «әсіресе, қылмыстық, қатал және варварлы заңдарды түзету…».
«Жазба» авторы заңдарға қарағанда, көбінесе, халықтық ағартушылық және өнегелі тәртібін таратуға сүйенген. Бірақ оның көзқарастары тиянақсыздығымен ерекшеленеді. Сонымен, бір жағынан, ол ағартушылықты, мемлекетте саяси және тарихи білімдерді таратудың жақтаушысы болса, екінші жақтан, батыс еуропалық мемлекеттерде қабылданған ағартушылық жүйесін сынға алып, оны практикалық әрекеттен алыс және шамадан тыс теориялық деп санаған.
Н. Карамзин қоғамның сословиелік ұйымдарына да көп көңіл бөлді. Ол бұл ұйымдардың құрылымында мыналарды бөліп көрсетті:
1. дін басылар;
2. ақсүйектер;
3. көпестер;
4. шаруалар т. б.
Ол ақсүйектерді ерекше артықшылықтарды пайдаланатын, құрметпен, молшылықпен қамтамасыз етілген тап ретінде қарастырған. Ақсүйектер әскерде және мемлекеттік қызметте жоғары орындарды иеленуі қажет, бірақ соған қарамастан, Н. Карамзин төменгі таптардың мүмкіншіліктері мен «ерекше білімі» болса, онда шендер мен атақтарға «жолдарды жабуға» болмайды деп көрсетеді.
Дінбасылар – «оқытатын тап», осы себептен де олардың жоғары өнегелі әлеуеті және білім беретін деңгейі болу қажет. Оларды арнайы оқу орындарында оқытып, жеткілікті қамтамасыз ету қажет дейді.
Ресейдің негізгі табы ретінде шаруалардың жағдайын және шаруалардың дамуының болашағын анықтауда Н. Карамзиннің пікірі қарама-қайшы. Табиғи-құқықтық концепцияның жақтаушысы бола отырып, Н. Карамзин әрбір бостандыққа деген адамның тартып алынбайтын табиғи құқығын мойындаған.
Б. Годуновтың ерікті шаруаларға үстемдікті беріп қойғаны дұрыс болмады, олар бостандық алғанымен, жерлері жоқ, олар сол жерлерді қамтамасыз ете алмайды, сондықтан олар бұрынғы жерлерде қалып, жұмыс істеуге тура келеді. Міне, осы себепті «олардың өмірлерінде ешнәрсе өзгермейді» деп көрсетеді. Сонымен қатар, бекіністерге тыйым салу белгілі тәртіпсіздіктерге әкелуі мүмкін немесе шаруалар бостандық алған соң, өздеріне жаңа басқа иелер іздеуі мүмкін, нәтижесінде егіс далалар толығымен түптеліп аяқталмай қалады да, ең алдымен осыдан қазына азап шегеді. Сонымен қатар, шаруалар жүгеннен босатылған соң, «арақ ішіп, зұлымдық жасауды» бастайды. Монарх мемлекеттегі тәртіпті сақтау үшін, «тақ тірегі және мемлекетте тыныштық пен тәртіп сақтаушылары» ақсүйектерге сенім артады, ал егер қалыптасқан жағдайды шайқалтып жіберсе, мемлекет жойылып кетуі мүмкін дейді.
Н.М. Карамзин сыртқы саяси қатынастарда бейбітшіл бағытты ұстанды. Мәскеу патшасының саяси жүйесі халықтың бір ғана берекесін мақсат ете отырып, өзінің даналығымен таң қалдырды. Олар қажет болғанда ғана соғысқан, әр қашанда бейбітшілікке дайындар Ресейді көтеріп, иемдену емес, ал сақтауды аңсай отырып, бұрыс немесе қауіпті жаулап алушылықтарды құмартпады. Н.Карамзин қазіргі заманға сәйкес әскер құру кезінде оның санын азайту, әскери ауылдарды жою сияқты өзгерістердің қажеттілігін қарастырған.
«Жазба» ІІ Александрға өте үлкен әсер қалдырды, себебі, ол шындықтың маңыздысын және бүкіл мемлекеттік аппаратты өзгерту талаптарын қамтыған.
Батыс жорығынан кейін ресей қоғамында патша билігін шектеу идеясы біртіндеп тарала бастады. Қоғамда либералдық пиғылдағы әр түрлі жасырын саяси ұйымдар пайда болды. Патша Үкіметі өз тыңшылары арқылы елдегі саяси тұрақтылыққа сызат түсірді. Елдегі саясатқа деген наразылық әсіресе жоғарғы топта күшейе түсті.
«Орыс серілер ордені» (1815), «Құтқару одағы» (1818), «Береке одағы» (1818) және соңғысының құлауы нәтижесінде Солтүстік және Оңтүстік қоғамдарын біріктірген оппозициялық ұйымдардың пайда болуына әсер етті.
П.И. Пестель (1793–1826 жж.) Мәскеуде ірі шенеунік отбасында дүниеге келген. П. Пестель үй білімін алған, содан соң оны Германияда жалғастырған, ал Ресейге қайтып оралған соң, Пажес корпусын бірінші оқушы болып аяқтады. 1812 жылы Отан соғысына қатысып, көптеген батыл әрекеттер көрсетіп, үкімет тарапынан атаулы алтын қарумен марапатталды. 1821 жылы полковник шенін алған соң, оның алдынан жарқын әскери қызмет жолы ашылды. Бірақ П. Пестель басқа өмір жолын таңдады. Қоғамды және мемлекетті өзгерту мақсатында ол құпия одақтарға кіріп, нәтижесінде «Оңтүстік» қоғамының ұйымдастырушысы және басшысы болып, келесі әрекеттің теориялық бағдарламасы ретінде «Русская Правдасын» құрады. «Русская Правда», П. Пестельдің пікірінше, елдегі конституцияны алмастыру керек болды.
1825 жылғы 14 желтоқсанда Санкт-Петербургтің Сенат алаңында болған көтеріліс құпия қоғам әрекетінің нәтижесі болды, оны тұншықтырып басқан соң, П. Пестель «дәрежеден тыс» сотталып, өлім жазасына кесілді.
П. Пестель өзінің философиялық көзқарастары бойынша материалист және атеист болған. Өзінің әлеуметтік көзқарастары барлық адамдардың табиғи құқықтары туралы және еңбек бөлінісі негізінде қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қоғамдық өмірге өзара талпыныс туралы жағдайлардан шыққан. Ол мемлекетті қоғамды заңды тәртіпке әкелуші ретінде анықтай отырып, қоғамдық және мемлекеттік құрылымды бөліп қарастырған. Соңғысы адамның бағынышты және басқарушыларға табиғи бөлінісінің нәтижесінде пайда болған.
Үкімет «жалпының әрекетін басқаруға және барлығы мен әрбіреуіне Береке беру үшін күшті әдістерді таңдауға міндетті. Халық үкіметтен жалпы және жеке Берекесіне қол жеткізуді талап етуге құқылы» деген болатын. Мемлекет үкімет пен халықтың өзара құқықтар мен міндеттердің тепе-теңдігі болған жағдайда ғана өмір сүре алады, ал егер осындай тепе-теңдік жоғалса, онда «мемлекет күштеу және ауру халге душар болды» деп көрсеткен. Сондықтан осы тепе-теңдікті ұстап тұра алатын заңдар құру қажет. «Мемлекеттік құрылымның мақсаты – барлығы мен әр-біреуінің Берекесі» және оған тек заңдар негізінде қол жеткізуге болады дейді.
П. Пестель барлық заңдарды үшке бөлген: рухани, табиғи және азаматтық. Рухани заңдар қасиетті жазулар арқылы танымал: олар «рухани әлемді табиғимен, өткінші өмірді мәңгі өмірмен байланыстырады». Табиғи заңдар табиғат талаптарынан және табиғи қажеттіліктерден туындайды және олар «біздің жүректерімізде терең сақталған. Әр адам оған бағынышты және ешкім оны жоя алмайды». Мемлекеттік заңдар өз алдына қоғамдық Берекені мақсат етіп қоятын мемлекеттік бекітулерді білдіреді және сондықтан да олар табиғи және рухани заңдармен сәйкес шығарылуы қажет. Мұндай сәйкестік олардың ақиқат екендігінің сөзсіз шарты болып табылады дейді.
Қоғам мүдделерінің басымдылығы мемлекеттік заңдардың мазмұнын анықтайтын басқа бір шарт болып табылады. Себебі, тұтастың пайдасы әрқашанда бөліктің пайдасынан жоғары болады. Азаматтық заңдар жеке тұлғалардың мүдделері бүкіл қоғамның мүдделеріне қарама-қайшы келмейтіндей етіп құрылады. Егер үкімет әрекеттері жеке тұлғалардың әрекеттеріне тең болып,
«тек осындай міндетті заңдарға негізделсе, онда Берекені пайдалану барлығы үшін мүмкін болар еді». Әділетті құрылған әрбір қоғам қоғамның жеке қасиеттеріне емес, заңдардың билігіне бағынышты болуға міндетті деп көрсетеді.
П. Пестель жеке мемлекеттер мен халықтың «байырғы заңдардағы» нақты айырмашылықтарын қарастырған, бірақ Монтескьеден өзгеше, ол бұл айырмашылықтарды тек географиялық орта және климаттық жағдайлармен ғана байланыстырған жоқ, сонымен қатар, кез-келген мемлекетте қалыптасқан әлеуметтік және саяси мекемелермен, институттармен де байланыстырған.
П. Пестельдің әлеуметтік бағдарламасы радикалды бағытта болған. Ол шаруаларға ақысыз жер бөліп беру ді талап етеді. Табиғи құқық бойынша, жер барлық адамдарың мүлкі болып табылады, соған сәйкес жер – «адамзат тамағының» басты қайнары болғандықтан, әр адам өзінің үлесін алуы қажет. Бірақ қазіргі заңдарға сәйкес жеке меншік қалыптасады және жеке меншік құқығы адамдар санасында терең тамырын жайған, тіпті, оны бүкілдей сындыру мүмкін емес, соған қарамастан бұл екі дамуды біріктірудің және олардың арасындағы қарама-қайшылықты шешетін жолдарды табу қажет. П.Пестельдің жоспары жеке меншікті жоюға емес, ал барлық ресейліктерді меншік иелеріне айналдыруға негізделген.
Бүкіл жерді ол екіге бөлді: болыстық (қоғамдық) және жеке. Біріншісі қоғамдық меншікті білдірсе, ал екіншісі – жеке меншікті білдіреді. Болыстық жерге қол сұғуға болмайды және ол болыс мүшелеріне үлестіріліп беретін жер телімдеріне бөлінеді. Қандай да болсын бір шаруа басқа жерге орын ауыстырған жағдайда, ол жер болыс қарауына беріліп, айналымға қатыспайды. Болыстың бұрынғы мүшелері қайтып оралған кезде, оған болыстық фондтан тамақтануға қажет жер беріледі.
П. Пестель жеке меншік құқығын «қасиетті және қол сұғылмайтын» деп атайды. Ол адамның мүмкіншілік пен бұлшық ет күшінің табиғи теңсіздігі болған жағдайда, қоғамда байлар мен кедейлерге бөліну сақталады, бірақ соған қарамастан, «әрбір ресейлік қажетінше қамтамасыз етіледі және ешкімнің тәуелдігіне түспейді» деп есептеген. П. Пестель мемлекеттің жоғары билігін ұйымдастыруда жоғары заң шығарушы билік пен басқаруды (атқарушы билікті) бөліп қарастырды. Жоғары билік халықтық вечеге берілсе, атқарушы – Державалық думаға, ал олардың қызметін бақылау – қорғаушы билікті өз қолына
шоғырландырған жоғарғы жиылысқа беріледі.
Жеке қызмет атқаратындардан басқа 25 жасқа жеткен барлық ерлер сайлау құқығына ие.
Халықтық вече – жыл сайын 1/5 бөлігін қайта сайлап отырған, бес жылға сайланып отыратын бір палаталы ұйым, сонымен қатар «сол біреу қайта сайлануы мүмкін». Вече біртұтас және ол бөлінбейді, барлық заң шығарушы билік сонда шоғырланған. Ол соғыс жариялап, бейбітшілікті бекітеді, сонымен қатар «ардақты (негізгі)» және т.б. заңдарды қабылдайды. «Ешкім халықтық вечені таратып жібере алмайды. Ол мемлекеттегі ерікті, халықтың жан дүниесін білдіреді» деп көрсетеді.
Атқарушы билік – Державалық дума – бес жылға сайланатын бес адамнан тұрады, олардың біреуі бір жылға президент болып сайланады. Державалық дума – ең жоғарғы атқарушы билік, ол «соғысты жүргізіп, келіссөздер өткізеді, бірақ соғысты жарияламайды және бітім жасамайды. Барлық министрліктер мен барлық басқаратын орындар Державалық думаның ведомстволары мен басшылығының астында болды» дейді.
Сақтаушыбилік– жоғарғы жиылыс – боярдепаталатын 120 адамнан тұрады. Олар өмір бойына тағайындалады және заң шығарушы да, атқарушы билікке де қатыспайды. Кандидаттарды губерниялар тағайындайды, ал халықтық вече «шығып кеткен жерлерді» солармен толтырады. Әр заң жоғарғы жиылыстың бекітуіне жіберіледі, бірақ бұл оның қарауына кірмейді, ол тек барлық қажетті жағдайлардың сақталуын тексеріп отырады және жоғарғы жиылыс заңдарды бекіткен жағдайда ғана заңды күшіне енеді.
Жиылыс маңызды бақылау функцияларын атқарғандықтан, өзінің мүшелерінен бір-бір адамнан әр министрлікке және әр облысқа тағайындайды. Армияның жоғарғы қолбасшысында жоғарғы жиылыс тағайындайды және армия мемлекеттің шекарасынан тыс аттанған уақытта жоғарғы жиылыс армияға басшылықты өз қолына алады, міне, осылайша «жоғарғы жиылыс Халықтық вечені және Державалық думаны заң шеңберінде ұстап тұрады». Жиылыс кез-келген деңгейдегі шенеунікті асыра сілтегені үшін сотқа беруге құқығы бар деп көрсетеді.
Заң шығарушы және атқарушы биліктің әрекеттерін, мемлекеттік құрылымды Конституция анықтайды. П.Пестель конституцияны мемлекеттік өсиет деп атайды. П. Пестельдің жобаларында Ресей «бүкіл кеңістігі 10 облысқа және 3 енші нәрсеге» бөлінген федерация ретінде берілген. Өз кезегінде әр облыс бес губерния немесе округтен, губерниялар уездерден, ал уездер болыстардан тұрады. Биліктің жергілікті органдары орталық үлгісі бойынша құрылған дейді.
П. Пестельдің Ресей территориясын қамтыған әр түрлі ұлттардың жағдайын анықтау туралы пікірлері қызықты.
«Бүкіл ресейлік халық бір тапты – азаматтықты құрайды; қазіргі барлық таптар жойылып, бір тапқа – азаматтыққа бірігеді. Ресей мемлекетін құрап тұрған әр түрлі барлық тайпалар орыс деп мойындалады және өзінің әр түрлі атауларын тастап, біртұтас орыс халқын құрайды» деген болатын.
Ресейде орналасқан барлық халықтың құқықтары тең, бірақ қолайлылық мақсатында барлық халықтардан бірыңғай орыс халқын құру қажет деп есептейді. Мұндай құрылымда Ресей «жалғыздықты, біркелкілікті және бірпікірлілікті» білдіреді.
П. Пестель орыс мемлекетінің астанасын Ресейдің географиялық орталығы және орыс еркінің бесігі деп қарастырған Нижний Новгородқа ауыстыруды ұсынды.
Таптық артықшылықтар, титулдар және атақтар жойылады және барлығы ресей азаматтары деп мойындалады дегенді ұсынған. Жұмыс түрін анықтағанда және қызметтерді ұсынған уақытта «барлық таптарда» табылуы мүмкін азаматтардың жеке мүмкіншіліктері ескеріледі дейді.
П.И. Пестель республика жобасын құрды, бірақ оны жүзеге асыру ұзақ мерзімге енгізілген революциялық диктатураға байланысты. Қатаң заңдылықты жақтай отырып, ол өзінің әрекеттерінде заңмен мүлде сәйкес келмейтін революциялық диктатураның орнауын қолдаған.
Н. Муравьев (1796–1843 жж.) ірі жер иеленуші аристократияға жататын отбасында дүниеге келген. Әке сінің басшылығымен үй білімін алған. Университеттің математика факультетінде оқып, оны аяқтамай, 1812 жылы әскерге өз еркімен кетеді.
Н. Муравьев өзінің саяси және әлеуметтік бағдарламасын конституциялық үш жобада көрсеткен, оның соңғысы түрмелік деп аталады, себебі, ол қылмыстық биліктің талаптары бойынша жазылған және жобаның ішіндегі ең радикалдысы болып табылады. Н.Муравьев АҚШ-тың конституциясын және Францияның декларациясы мен конституциясын жақсы білген.
Н.М. Муравьев Ресей үшін билік бөлінісі қағидаттарына негізделген конституциялық монархияны ең тиім ді басқару түрі деп есептеген. Ол мемлекетте жоғары биліктің өзара бақылауы үшін қажетті кепілдіктерді қалыптастырады.
Заң шығарушы билік «екі палатадан, яғни жоғарғы Дума және Өкілдер палатасынан тұратын» халықтық вечеге берілген. Кәмелет жасқа толған, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі бар тұрғындардың барлығының (тек жеке қызметтегі тұлғалардан басқа) сайлау құқығы бар.
Жоғарғы дума алты жылдық мерзімге сайланады және екі жыл сайын оның бүкіл санының 1/3 бөлігі, яғни 45 мүшесі жаңарып отырады. Думаның мүшесі 30 жастан асқан күмістей 6000 рубльден асатын жылжымалы және жылжымайтын мүлкі болу керек деп есептеген.
Өкілдер палатасы 450 мүшеден тұрады және екі жылға сайланады.
Монарх атқарушы биліктің басшысы ретінде заң шығарушы биліктің қызметін атқаруға, заңдарды өзгерту мен тыйым салуға еш құқығы жоқ, бірақ оның өкілеттігі маңызды болып табылады: ол жоғарғы атқарушы билікке ие, барлық құрлық және теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып табылады, министрлерді және армиялар мен флоттың жоғарғы бас қолбасшыларын тағайындайды және қызметтен босатады, шетел державаларымен келіссөздер жүргізеді және елшілерді тағайындайды. Монарх екі палатаны да шақыруға және палаталардың отырыстарының уақытын тек екі айға ғана кейін шегеруге құқылы.
Облыстық (державалық) басқару екі палатадан тұрады: облыстық (державалық) дума және сайланғандар палатасы. Палаталардың міндеттері Конституциямен анықталады. Облыстық держава тәуелсіз бірлік емес, оның өзінің жеке конституциясы жоқ, ол сыртқы байланыстарды жүргізбейді, ақша соқпайды және т. б., бірақ оның жергілікті шаруашылық, әкімшілік және қаржылық мәселелерді шешу бойынша өкілеттері бар.
Н. Муравьевтың конституциясы сонымен қатар жергілікті басқаруды сайлау негізінде ұйымдастыруды қарастырады. Бұл басқаруларға «шаруашылық және әкімшілік билік беріледі».
Сот билігі әкімшілік биліктен бөлінген және орталықтанған, сот органдарының біршама күрделі жүйесі арқылы жүзеге асады. Уездерде намыс соты қызмет етеді. Сайлаушылардың сенімін артқан және екі мың рубль күміс цензы бар уездің кез-келген тұрақты тұрғыны мұндай сотта судья бола алады. Намыс судьясының қызметі ауыстырылмайды және ол бұл қызметті басқа міндеттермен бірге жетпіс жасқа дейін атқара алады. Уезде ешкім де намыс судьясының бекітуінсіз күзетке алынбайды. Бұл судьялар азаматтық дау-шараларды және ұсақ қылмыстық істерді қарастырады және аз мерзімге қамауға алуға және үш күндік жалақы көлемінде айыппұл төлетуге құқығы бар. Сот процесі ашық түрде жүреді.
Сот жүйесінің келесі қатары – облыстық сот, оның құрамын облыстық палаталар жылына кірісі үш мың рубль күмістен асатын тұлғалар құрайды. Олар да ауыстырылмайды және өзінің қызметін жетпіс жасқа дейін атқарады. Бұл сотта қосымша бақылаушылар болады.
Жоғарғы сот өзінің ортасынан жыл сайын сот мүшелері сайлайтын төраға басшылығымен өтеді. Жоғарғы сот өзінің саласындағы қызметті шешеді, сонымен қатар, император мен екі палатаға төрт жылда бір рет түсініктемелермен, бағаларымен және конституцияға қатысты басқа қарама-қайшылықтарды анықтаумен шыққан барлық заңдар мен бекітулерге қатысты, сонымен қатар, бүкіл заң шығаруға қатысты өзінің қорытындыларын ұсынады. Жоғарғы судьяның қызметіне қатысты арыздар жоғарғы сотқа, сонымен қатар өкілдер палатасына жазылады.
ХIХ ғасыр Ресей қоғамында ең үлкен саяси оқиғамен тарихта қалды. Патша жарлығымен 1861 жылы Ресейде крепостниктік құқық жойылды. Бұл саяси оқиға орыс қоғамы үшін үлкен прогрессивті мәні бар саяси реформа болды. Бұл тарихи-саяси оқиға Ресейдің беделін Батыс елдері арасында бір көтеріп тастады. Крепостниктік құқықтың жойылуы елдің ішінде де кең қолдау тапты. Қоғамда жаңадан қалыптасып келе жатқан буржуазия өкілдері үшін бұл өте қолайлы сәт болды, өйткені өндірісті дамыту үшін қоғамда ерікті, басы бос жұмысшы табы болмаған еді.
Саяси және экономикалық бостандыққа қолы жеткен қолөнершілер мен шаруалар қоғамда жаңа әлеуметтік тап – жұмысшылардың пайда болуына әкеліп соқты. Бірақ бас бостандығын алған шаруалар жерсіз, мүліксіз өз жағдайларын түзей алмады. Елде люмпен шаруалар мен люмпен жұмысшылар қатары көбейді. Бұл өз кезегінде орыс қоғамындағы алдыңғы қатарлы либералистік бағыттағы демократ тұлғалардың ашу ызасын туғызды. Енді олар патша билігін шектеу, халықты әлеуметтік жағынан қорғау туралы, келешекте Ресей мемлекеті қай бағытта дамиды деген ойлар қозғай бастады.
30-40 жылдарда шетелдерде ақсүйектер интеллигенциясының ортасында славянофилдер мен батысшылдардың шартты атаулары мен қоғамдық және саяси ойдың екі ағымы қалыптасты. Олар орыс ағартушылары мен реформаторларының күшті дәстүрінде Ресейдің тарихи сот мәселесін, оның басқа халықтар арасындағы орны мен рөлін, Еуропа мен Шығыс халықтарының тәжірибесімен тарихи салыстыра отырып, оның саяси және құқықтық тәжірибесінің ерекшеліктерін талқылаған.
Ресейдің өткен және қазіргі заман тәжірибесін бағалау кезінде славянофилдер бірқатар жаңа ойлар мен ережелерді, яғни І Петр дәуіріне дейінгі тәжірибені қайта бағалау қажеттілігі туралы, шаруалар қауымдастығының жергілікті өз-өзін басқарудың маңызы туралы, мемлекеттік бастаудың рөлі және халық білімінің жалпы концепциясының шеңберінде заң мен дәстүр арақатынасы туралы ойды алға қойды.
Құқықтанушылар ішінде батысшылдардың көрнекті өкілдері – К.Д. Кавелин және Б.Н. Чичерин. Олар уақыт өте келе, либерализмді эволюция жолымен бірте-бірте дамытқан және ХХ ғасыр басындағы конституциялық демократтардың идеялық бастаушылары болды. Славянофилдер мен олардың қарсыластарының 40-жылдардағы дауларында В.Г.Белинский, А.И. Герцен, Н.П. Огарев, Т.Н. Грановский, П.В.Анненков батысшылдарды жақтады. Константин Дмитриевич Кавелин – Ресей тарихын түсіндірудегі мемлекеттік мектептің негізін салушылардың бірі (С.М. Соловьев және Б.Н. Чичеринмен бірге). Оның көзқарастарына сәйкес, тұлғалардың бостандығы үшін күресі және қоғамдық формалардың «баяу өзгеруі» – рулық қатынастардан отбасылыққа, ал олар өз кезегінде қоғамдық қатынастың жоғарғы формасына, яғни мемлекетке жол беруі тарихи процестің қозғалмалы күшін және негізін қалыптастырады.
Тимофей Николаевич Грановский – славянофилдерді радикалды тарихи-философиялық тұрғыдан сынады. Ол үшін тарихи даму әр түрлі күштердің күресімен жалғастырылып отырды және әр дәуірді басқасынан «айқын айырмашылықтар» бөліп отырады. Тарихи даму шексіз, себебі, қарама-қайшылықтар әрқашанда жаңа және олар ешқашанда бұрынғы пункттерге оралмайды, «олардың күрестерінен әрқашанда жаңа нәтижелер шығады».
60- жылдардағы реформалардан кейін, славянофилдер мен батысшылдар арасындағы келіспеушіліктердің шиеленісуі өзінің бұрынғы мәнін жоғалтпады. ХХ ғасырда орыс тарихының өзіндік ерекшелігіндегі мәселе әлеуметтік тәжірибеге байланысты көтерілген болатын, міне, осылайша, Ресей деген не, оның мәні, бейімділігі және әлемдегі орны неде? деген Хомяков пен Киреевскидің сұрақтары жаңа түсіндірулер мен жаңа бағдарлар алды.
Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: либерализм, диктатор, радикализм, славянофилдер, батысшылдар, халықшылдар, консерваторлар, эволюционистер.
Тақырыпқа қатысты сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Орыс қоғамындағы либералистік идеялардың пайда болу алғышарттарын атаңыз.
2. Декабристердің арасындағы идеологиялық түсінбестіктің себебі неде деп ойлайсыз?
3. П. Чадааев – ресейдегі пессимистік идеяның негізін қалаушы.
4. Батысшылдар кімдер және олардың идеялық көсемдерін атаңыз.
5. Славянофилдердің саяси бағдарламасындағы басты ерекшелік неде?
Әдебиеттер:
1. Исаев И.А., Золотухина Н.М. История политических и правовых учений в России 11-20 вв. – М., 1995.
2. Азаркин Н.М. История политической мысли России. – М., 1999.
3. Политология: Энциклопедический словарь. – М., 1993.
4. История политических и правовых учений. 19 в. – М., 1993.
5. Карамзин Н.М. Записка о древней и новой России и ее политическом и гражданском общениях. – М., 1991.
Реферат тақырыптары:
1. XІX ғасырдағы Ресейдегі саяси ойлардың дамуы.
2. М. Сперанскидің саяси-құқықтық көзқарасы.
3. Н. Карамзиннің саяси ойлары.
4. Н. Муравьевтің саяси платформасы.
5. Халықшылдардың әлеуметтік қолдаушы топтары.