XIX ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ БАТЫС ЕУРОПАДАҒЫ САЯСИ ІЛІМДЕР ТАРИХЫ
XIX ғасырдың І жартысындағы Батыс Еуропадағы қоғамдық-саяси өмір буржуазиялық тәртіптің Англия, Франция, Германия, Швейцария, Голландия секілді елдерде қуаттырақ, әрі тереңірек орнауымен өтті. Сол уақытта пайда болған негізгі идеологиялық ағымдар өзінөзі анықтай түсті. XVIII ғасыр соңындағы француздық буржуазиялық революция капитализмның Еуропада дамуына күшті импульс болды.
Өзнің бұрынғы кең мүмкіндіктерінен айырылып бара жатқан феодалдық-монархтық орталар, аристократтар капиталистік өмірдің орнауына барынша қарсы болды. Олар буржузияға дейінгі тәртіпті қайта қалпына келтіруді ұсынды. Оған қоса, капиталистік тәртіпті пролетар лық социалистік лагерде қызу сынады. Капиталистік жүйе оларды кедейшілік өмірдің ең төменгі деңгейіне түсіріп тастады. Олар құтқару жолын жеке меншікке негізделген өркениеттен бас тартудан және ортақ меншіктің орнауынан көрді. Тағы бір идеологиялық ағым – анархизмның бағдарламасы өзгеше еді. Олардың жақтастарының барлығы да буржуазияға қарсы емес, анархистер мемлекетті барлық қоғамдық зұлымдықтың көзі деп білгендіктен, оның кез-келген формасына қарсы шықты.
Батыс Еуропада орныққан капиталистік құрылым либерализм секілді идеологияға жетті, XIX ғасырда ол ықпалды әрі интелектуалды болатын, ал әлеуметтік
негізін кәсіпкерлер, шенеуніктер және университеттік профессорлар құрады.
Либерализмның концептуалдық негізін екі тезис құрады: 1) индивидтің жеке бостандығы мен меншігі; 2) аталған құндылықтардың жүзеге асуы тек тұлғаның өзіне ғана пайдалы емес, сондай-ақ, бүкіл қоғамның өркендеуі мен ұйымдасуына да өз септігін тигізеді. Бұл негізгі екі тезис либерализмдегі әлемнің рационалды ұйымдасуы, тарихтағы прогресс, бәсекелестік және қадағалау секілді идеологиялық элементтерге бастау болды.
Консерватизмнің шарықтау шегі өткен ғасырдың бірінші жартысына келеді. Социализм мен либерализмге қарағанда, консерватизмнің тұрақты концептуалды негізі болмады. Алайда консерватизмнің идеяларын жасау мен таратудың арқасында белгілі болған азаматтар да жоқ емес. Мәселен француздар Жозеф де Местр (1753–1821 жж.) және Луи де Бональд (1754–1840 жж.), немістерден Людвиг фон Галлер (1768–1854 жж.) және Адам Мюллер (1779–1829 жж.).
XIX ғасырдағы қоғамтануға Канттың зерттеушінің фактіге негізделген білімінің міндетті түрде болуы, тарихи үдеріс заңдылығын анықтау, әлеуметтік құрылым мен институттарды зерттеу секілді идеялары белгілі дәрежеде ықпал етті. И. Канттың қоғамды организм ретінде түсінуі, функциялаудың заңдылығын шектеуі және қоғамның даму заңдылығын көрсетуі – теңдесіз еңбек ретінде бағаланады.
Англия XVIII ғасырдың соңғы жартысында қоғамдық дамудың көрсеткіштері бойынша әлемнің жетекші капиталистік державасына айналды. Оған біршама факторлар ықпал етті. Жеке меншік, жеке тұлға белсенділігі, адамның жеке өмірінің қауіпсіздігі – қоғамтанудың негізгі тақырыптарына айналды. Индивидуалистік идеялар кең тарады. Соның негізін қалаушылардың бірі – Иремия Бентам (1748–1832 жж.). Ол – Т. Гоббс, Дж. Локк, Д.Юмның әлеуметік-философиялық идеяларын жинаған утилитаризм теориясының негізін қалаушы. Оның негізгі 4 постулатын көрсетсек:
1) ләззат алу мен қайғы-қасіреттің болмауы – адам әрекетінің мәні;
2) пайдалылық, кез-келген тапсырма шешімінің әдісі болу – барлық жағдайдың негізгі критериі;
3) барынша көп адамға барынша мол бақыт ұсынғанда ғана адамгершіліктің негізі қаланды;
4) жеке және қоғамдық мүдделердің гармониясы арқылы жалпы игілікке жету – адамзат дамуының мақсаты. Бұл постулаттар И. Бентамның саясатты, мемлекетті, құқықты сараптағанда негізгі тірегі болды. Ол өзінің саясиқұқықтық ойларын «Заңнама принциптері», «Үкімет туралы фрагменттер», «Деонтология немесе Мораль туралы ғылым» атты еңбектерінде баяндаған.
И. Бентам – еуропалық либерализмнің негізін қалаушылардың бірі. Бірақ оның либералистік идеялары өзгеше. И. Бентам индивидтің жеке бостандығынан гөрі, оның мүдделері мен қауіпсіздігі жөнінде көп ойланған. Адам шеттен көмек күтпей, өз игілігі үшін өзі қам жеу керек дейді. Тек адамның өзі ғана оның мүдделері мен пайдасын өзі анықтай алады деп көрсеткен.
Ол қоғам мен мемлекет адамдар арасындағы өзара келісімнің арқасында дүниеге келді деген оймен келіспеді. Бұл пікірді ол дәлелденбейтін тезис, фикция ретінде бағалады. И. Бентам мемлекеттік биліктің құрылымы жөнінде демократиялық позицияда тұрды. Ол билігі үш тармаққа бөлінген республиканы қолдай отырып, монархия мен мұрагерлік аристократияны сынады. Бірақ И. Бентам үш тармақтың бір-бірінен тәуелсіз қызмет етуіне келіспеді. Ол осы үш билік тармағының өзара әрекетін, кооперациясын қолдады, себебі ішкі тәуелділік оларды келісімге келтіреді, тұрақты ережеге мойынсұндырады, жүйелі жұмысқа итермелейді деп көрсеткен. Егер биліктер бір-бірінен тәуелсіз болса, онда бұл олардың қақтығысына әкеледі деп түсінді. Демократиялық-респубикалық құрылымның қолдаушысы ретінде, И.Бентам Англияда лордтар палатасының құқығы шектеліп, бір палаталы парламенттік жүйенің енгізілуін қалады.
И. Бентамның пікірінше, тек мемлекеттік билікті ғана емес, сондай-ақ, бүкіл қоғамның саяси жүйесін де демократияландыру қажет. Бұл орайда, ол сайлау құқығының кеңейтілуін қалады, оның ішінде бұл құқықтың әйелдерге де тиесілі екенін де ұмытпады. Ол демократиялық институттардың көмегімен заң шығарушы және атқарушы биліктің әрекеттерін қадағалауға болады деп үміттенді.
И. Бентамның еңбегінде үкімет қызметінің шекарасы мен бағыттары туралы ойлар кең орын алды. Бірақ И.Бентам мемлекеттің экономика саласына араласуын жақтамады, себебі ол жағымсыз нәтижелерге әкелуі мүмкін деген пікірде болған.
И. Бентамның еңбегі заңнаманы ескі элементтен арылтып, оны қоғамда болып жатқан әлеуметтікэкономикалық, саяси өзгерістерге сәйкестендіруінде көрініс табады. Оның пікірінше, бүкіл қоғамның ең басты мақсаты – адам саны қаншалықты көп болса, бақыт та соншалықты мол болуы тиіс.
Англия – еуропалық либерализмнің отаны және өмірге осы атаққа тұрарлық ұлдарын әкелді. Соның бірі – Джон Стюарт Милль (1806–1873 жж.). Ол Ресей интеллегенциясының арасында зор құрметке ие болды. Оның мемлекет, билік, заң жөніндегі көзқарастары «Бостандық туралы», «Өкілдік басқару», «Саяси экономияның негіздері» атты еңбектерінде жазылды.
Өзінің ғылыми-шығармашылық қызметін бентамдық утилитаризмнің замандасы ретінде бастаған Дж. Милль, кейінірек іргесін аулақ сала бастады. Мәселен, ол адамгершілікті бүтіндей жеке тұлғаның жеке экономикалық пайдасына негіздеу постулатымен келіспеді. Оның ойынша, жеке бақытқа жету қағидаты тек көзқарастар сәйкес келгенде ғана іске асуы мүмкін, соның ішінде, әлеуметтік көзқарастар да шет қалмауы тиіс. Ол өзі бұл жөнінде былай дейді: «Мен енді саяси құрылым таңдауына материалдық мүддеден гөрі, моральдық және тәрбиелік көзқарас тұрғысынан қарай бастадым».
Жеке тұлғаның еркіндігі – бұл Дж. Милль қарастыратын саяси және құқықтық мәселелердің «топтық шыңы» болып табылады.
Тұлғаның жеке еркіндігінің шекарасы ретінде Дж. Милль мынаны көрсетеді: ой мен пікір еркіндігі, өзге жеке тұлғалармен байланыса әрекет ету еркіндігі, таңдау құқығы. Мұның барлығы да жеке тұлғалардың дамуы мен орнығуы үшін бөлінбейтін жағдай және сыртқы қауіптерден сенімді қорған. Дж. Милль жеке тұлғаның еркіндігі дегенде, ол өркениетке, мәдениетке, азаматтық дамуға бейімделген тұлғаны еске алады.
Дұрыс ұйымдастырылған және қызмет ететін мемлекеттің бір белгісі – мемлекеттік механизмнің сапасы. Дж. Милль мұндай механизмнің құндылығын биліктің бөліну қағидатымен байланыстырады. «Өкілдік биліктің» авторы олардың шектелгенін қалайды, әсіресе, заң шығарушы және атқарушы билік құзырының шектелуін жақтады.
Дж. Милль ұсынған либерализм тек жеке тұлғаның еркіндігін, құқықтарын қорғап қана қоймай, мемлекеттік механизмнің ұйымдастырылуын демократиялық
және құқықтық бастамаларға негізделуін қалайды. Осыдан шығатыны, құқықтық мемлекет концепциясы либералды саяси-құқықтық ойдың органикалық негізі болып табылады. Мемлекеттік функциялардың объективті қажеттілігін түсіне отырып, бұл функцияны атқара алатын мемлекеттің ел үшін керек екенін көре отырып, Дж. Милль сонымен қатар, үкімет қызметінің кеңеюін сынайды, мемлекеттік шенеуніктердің шексіз билікке ұмтылысы мен жеке өмірдің еркіндігін заңсыз бұзуын барынша айыптайды. Оның пікірінше, бұл үкімет ықпалын күшейтеді және қоғамның еркін әрі тәуелсіз мүшелерін, үкіметтің қарапайым құлдарына айналдырады. Бұл, әрине, қоғамды әлеуметтік пассивтілік ауруына ұшыратады. Қоғамда еркіндік рухы өледі, жеке намыс санасы сал болады, айналада болып жатқан жағдайға жауапкершілік сезімі жоғалады.
Наполеон мен оның режимі құлаған соң, Бурбондар әулиетінің билікке келуімен де Францияда тап аралық күрес тоқтаған жоқ. Дворяндық аристократтар негізгі экономикалық және саяси-құқықтық революциялық өзгерістерді әкелген конституциялық монархиямен келіскенімен, өздерінің дворяндық бастамаларын қайтаруға тырысты. Өндірістік және сауда буржуазиясы ескі тәртіптің оралуына, сословиелік артықшылыққа қарсы күресті және жеке тұлғаның еркіндігі мен заң алдындағы теңдікті қорғады. XIX ғ. анти феодалдық идеологияны көптеген саяси ойшылдар қолдады. Соның ішінде Б. Констан мен А. Токвилль ерекше аталады.
Зерттеушілер еуропалық либерализмнің рухани әкесі деп те атайтын Бенжамен Констан (1767–1830 жж.) саясат, билік, мемлекетке қатысты еңбектерін 1810–1820 жж. аралығында жазды. Ол бұл еңбектерін «Конституциялық саясаттың бағыты» атты кітабына жинайды және ол мемлекет туралы ыңғайлы, жүйеленген либералды оқулыққа айналды.
Б. Констанның саяси-теориялық конструкциясының негізі – жеке тұлғаның еркіндік мәселесі. Жаңа заманның еуропалық азаматына бұл антикалық еркіндіктен өзгеше еркіндік еді. Көне гректер мен римдіктер үшін еркіндіктің
мәні жоғары билікті азаматтардың ұжымдық түрде іске асыруында болды. Оған қоса антикалық еркіндікте жеке тұлға толықтай қоғамдық билікке бағынды және жеке тұлғалық тәуелсіздікті көрсетуге кеңістік өте тар еді. Ал жаңа еуропалық азаматтың еркіндігі – жеке тәуелсіздік, дербестік, қауіпсіздік, мемлекетті басқаруға ықпал етуге құқықтылық. Ал еркіндіктің бұл типінде жеке тұлғаның мемлекетті басқару ісіне қатысуы міндетті емес деп көрсетеді.
Б.Констан жеке тұлғалық еркіндікті практикалықсаяси мәнде қарастырғанның өзінде де адамның материалдық және рухани автономиясы, оның заңмен қорғалуы бірінші орындағы мәселе болып қалады. Оның ойынша, бұл құндылықтарға мемлекеттің мақсаты мен құрылымы да тәуелді болуы тиіс. Егер мемлекеттік биліктің институттары жеке тұлғалық еркіндікке, адам құқығының бұзылмауына негізделсе, ал мемлекеттің өзі түрлі адамдардың ұжымдарын біріктірген саяси бүтіндік ретінде қызмет етсе, онда мұндай саяси өмірді қалыпты деп бағалауға болады. Осы ойдың аясында, Б. Констан қуатты халықтық егемендіктің қажеттілігі туралы Ж.Ж.Руссоның тезисіне ірі өзгеріс енгізеді. «Жеке тұлға мен оның тәуелсіз өмірі басталған жерде, мемлекеттік шекара бітеді», – деді ол. Билікке мұндай шектеу мен бақылау орнату қоғамның саяси-институционалдық құрылымының қағидатына айналады.
Алайда, Б. Констан мемлекеттің әлсіз болуын қалайтын либералдарға мүлдем жатпайды. Ол өзге моделді қалайды: билік институттарының әлеуметтік қажеттілігін, олардың құзыретінің шекарасын дәл анықтау. «Билік өз саласының шегінен шықпауы тиіс, ал өз саласында ол шексіз болуы тиіс» деген қағидатымен құрылған мемлекет әлсіз болуы мүмкін емес. Пассивті әрі әлжуаз мемлекет ешқашан да Б. Констанның саяси идеалы болмаған.
«Король ешбір билік түрінің басқалардан үстем болғанын қаламайды, керісінше, олардың бірін-бірі қолдап, келісім және гармонияда жұмыс істеуіне мүдделі» деп көрсеткен. Сөз бостандығына негізделген, қоғамдық пікірмен, қоғамның өзімен қадағаланатын мемлекеттік билік институттарымен қатар жеке тұлғалық еркіндіктің кепілі құқық болады. Бұл – Б. Констанның бұлжымас позициясы. Құқықтық формалар «қоғамның желепжебеуші періштесінің» және «адамдар арасындағы қатынастың жалғыз негізі».
Жеке тұлғаның еркіндікті заңды жолдармен іске асыруға және қорғауға тырысқан Б. Констанның отандасы Алексис де Токвиль (1805–1859 жж.) болды. А.Токвильдің саяси концепциясы Констанның идеясының ықпалымен қалыптасты. А. Токвильдің екі атақты «Америкадағы демократия туралы» және «Ескі режим және революция» атты еңбектері саяси ғылымда оған бедел әкелді. Демократияның теориялық және практикалық аспектілері оның қызығушылығының обьектісіне айналды. Ол демократияны кең насихаттады. Демократия ол үшін антифеодалдық және жоғары, төменгі таптар арасындағы шекараны көрмейтін қоғамдық құрылым ретінде көрінді. Демократияның діңгегі – тарихта салтанат құратын теңдік принципі. «Уақыт өте теңдіктің орнауы
– жоғарыдан берілген қашып-құтылмас
жағдай. Бұл үдерістің мынадай белгілері бар: оның әлемдік, ұзақ мерзімді қасиеті бар және ол күн сайын адамдардың еркінен тыс болуда. Соншалық терең кеткен әлеуметтік процесті бір ұрпақтың күші тоқтата алар ма екен? Феодалдық жүйені жойып, корольдерді жеңген соң, демократия буржуазия мен байлардан сескенеді дегенге кім сенер екен? Оның қарсыластары әлсіз, ал өзі қуатты күшке айналғанда, оның дамуы тоқтар ма екен?» деген сұрақтарға жауап іздеген.
Еркіндік пен теңдік, А. Токвиль бойынша, мүлдем басқа түсініктер. Олардың арасындағы қатынас та өзгеше.
«Еркіндік адамдарға күн сайын кіші қуаныштар сыйлайды. Теңдіктің тартымдылығы әрдайым сезіледі және әрбіреуге әсер етеді, оның сиқырына кең пейіл жүректер де шырмалады. Осылай теңдіктен туатын құмарлық әрі күшті, әрі ортақ болады» деп түсіндіреді.
А. Токвиль демократиялық институттардың қатарына сөз бостандығын, дін бостандығын, тәуелсіз сотты жатқызады. Алайда, ол демократиялық қоғамда нақты қандай саяси құрылым болу керек екенін көрсетпеді. Оның ойынша, ең бастысы бұл қоғамда өкілдік билік формасы болуы қажет.
А. Токвиль батыстық демократиялық қоғамдағы азаматтардың саяси мәдениетін жіті зерттеді. Бұл мәдениеттің еркіндік рухын тұншықтыратын, демократиялыққұқықтық режимді әлсірететін қасиеттері А. Токвильдің мазасын алды.
Неміс жеріндегі либералды қозғалыстар XIX ғ. бірінші жартысында басталды. 1848–1849 жж. революцияның алдында ол Германияда жоғарғы деңгейге жетті. Ерте неміс либерализмі, революцияға дейін туған қозғалыс,
«конституциялық қозғалыс» ретінде үстемдеу еді. Оның аясында герман мемлекеттері үшін түрлі саясизаңнамалық тәртіптер ұсынылды. Осы мемлекеттерді модернизациялауға бағытталған модельдер Батыс Еуропадағы белгілі либералдық қағидаттар мен нормаларға сүйенді. Ағылшын және француз либералдары секілді, олардың неміс замандастары да әлеуметтік тіректі буржуазиялық орта таптан іздеді. XIX ғ. бірінші жартысындағы неміс либерализмінің алдында Фридрих Дальман, Роберт фон Моль, Карл Роттек, Карл Велькер және Юлиус Фребельдер болды. Олардың көзқарасы мен қызметі сол кездегі Германияның саяси және рухани климатына қатты әсер етті.
Лоренц Штейн (1815–1890 жж.) «1789 жылдан бүгінге дейінгі Франциядағы әлеуметтік қозғалыстың тарихы», «Басқару туралы ілім», «Германиядағы мемлекет пен құқық туралы», «Бүгінгі және болашақтағы ғылым» атты еңбектердің авторы. Л. Штейннің пікірінше, индивидтің өзін тұлға ретінде қалыптастырудағы басты түрткі – игілікті табу, өңдеу, дайындау және көбейту. Тұлғадан шыққан барлық игілік тек өзіне ғана тиесілі және өзімен ғана өзгереді, сол үшін тұлға секілді ол да қол жетімсіз болады. Бұл игіліктің қол жетімсіздігінің өзі – құқық. Құқық арқылы тұлғамен бір бүтінге біріккен игілік жеке меншік болады деп түсіндірген.
Адам өзгелерден бөлек болып, тұлға ретінде қалыптаса алмайды, шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндігі келмейді. Ол сол адамдарға тәуелді және сол үшін олармен бірге тұруы тиіс, өзара әрекет етіп, әріптес болуы керек. Міне, осылай Л. Штейннің еңбектерінде адам қоғамдылығы, қоғам мәселесі туындайды.
Кез-келген қоғамның ұйымдасуының маңызды жері – мүлікті бөлісу. Жеке мүлікке ие адамдар әрдайым өзара тығыз байланысты. Қоғамдық өмірдің заңы «мүлкі барларға мүлкі жоқтардың тұрақты және өзгеріссіз тәуелділігі» болмақ. Бұл екі тапты жойып жіберуге, аттап өтуге болмайды. Қоғам басқаратын және басқарылатын таптардан тұруы тиіс деп көрсетеді.
Л. Штейннің қоғам мен мемлекет туралы ойларына Гегельдің идеялары қатты әсер еткен. Л. Штейннің концепциясында қоғам өзінше дербес және тәуелсіз әлеуметтік құрылым ретінде суреттеледі.
Мүлдем басқа құрылым мен мақсаттарға ие мемлекет – қоғамның жоғарғы формасы. Онда түрлі адамдардың еркі мен әрекеттері бір бүтінге жиналады. Л. Штейннің ойынша, мемлекет – жалпы еріктің тұлғаландырылған организмі, сол үшін ол жалпыға қызмет етуі керек. Өзінің осындай ұйымдасуы мен мақсатына байланысты мемлекет қана еркіндікті қамтамасыз ете алады.
Л. Штейн – басқару құқығы Конституцияға негізделетін және заң мен бұйрықтың аражігі бар құқықтық мемлекеттің жақтаушысы. Л. Штейн құқықтық мемлекеттің үздік формасын конституциялық монархиядан көреді.
Конституциялық монархияда атқарушы билік заң шығарушы билікке адал қызмет етеді, ал монарх орталық фигура болғандықтан, қоғамда партикулярлық мүдделердің үстем етуін жоя алады.
Анри де Сен-Симонның (1760–1823 жж.) мемлекет, құқық туралы танымдары оның тарихи прогресс концепциясы арқылы анықталды. Оның ойынша, қоғам өз жолымен табиғи түрде дамып келе жатыр. Ол бір деңгейден екіншісіне жылжығанда, өзінің «алтын ғасырына» ұмтылуда. Теологиялық деңгейді метафизикалық деңгей ауыстыруда. Одан кейін позитивті деңгей келеді, ол «қоғамдағы адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін максималды құрал мен мүмкіндік беру арқылы бәрін де бақытты қылады» деген болатын. Егер бірінші деңгейде қоғамдағы билеу құқығы діндарлар мен феодалдарға берілсе, екіншісінде – заңгерлер мен метафизиктерге, үшіншісінде – ғалымдар мен өндірісшілерге беріледі.
А. Сен-Симон бойынша, жеке меншіктік қатынас индустриализм жүйесімен үйлесімді. Ол зауыттағылардың, саудагерлердің, банкирлердің жеке капиталына қол сұқпайды, алдыңғы «өндірісшілер класының» құрылымын өзгертпейді. Бірақ индустриализм қазіргі буржуазиялық қатынастан асып түседі. Себебі, ол елді біріккен, орталықтанған өндірістік қауымдастыққа айналдырады. Бұл қауымдастық – қоғам арқылы іске асырылатын жоспармен өмір сүреді.
А. Сен-Симонның тарихи кезеңдегі адамды басқарудан мүлікті басқаруға өтетін идеялары Ж.Ж. Руссоның пікірлерінің жалғасы болып табылады.
Роберт Оуэн (1771–1858 жж.) саяси аренаға өндірістік революция туындаған және оның кесірінен басталған таптық күрес кезінде шықты. Осы жағдай Р. Оуэннің реформаторлық танымына әсер етті.
Р. Оуэннің пікірінше, адамның мінезі – оның өмірінде басты рөл ойнайтын жеке тұлға мен қоршаған ортаның қатынасының нәтижесі. Міне, дәл осылай, сыртқы әсердің ықпалымен бүкіл қоғамдық таптың мінезі қалыптасады. Р.Оуэн өзі ұсынған адам мінезі туралы ілімі қоғамның әділ, әрі саналы құрылымына апаратын жалғыз жол екендігіне сенімді еді.
Сол кездегі әлеуметтік-экономикалық тәртіптерді сынай отырып, Р. Оуэн капитализмдегі өндіруші күштердің прогресінде, ірі өндірістің дамуында, ғылыми-техникалық жетістікті қолдануда қоғамдық жаңа құрылымның қажет екендігін түсінді. Оның ойынша, бұл өзгерістер объективті табиғат заңы бойынша өтіп жатыр және ол ұлы әрі маңызды әлеуметтік революцияның дайындық деңгейі болып отыр. Р. Оуэн мемлекет шығаратын заңдар арқылы еңбекшілердің пайдасына реформа жүргізуге болады деп үміттенді.
Р. Оуэн қоғамдық ауыл Конституциясын жасап шығарды. Оған сәйкес ондағы комунналар ұжымдық еңбек, қоғамдық мүлік, барлық қатысушылардың тең құқығы мен міндеті негізінде құрылуы, қызмет етуі тиіс деген. Комунна мүшелері арасында өзара көмек қатынастары орнайды. Аурулар, қарттар, еңбекке жарамсыздарға қамқорлық жасайтын ұжымдар пайда болады. Жас ұрпақты тәрбиелеудің рационалды әрі гуманды жүйесі дүниеге келеді.
Өткен ғасырдың 30–40 жж. Батыс Еуропаның рухани өмірінде революциялық-утопиялық концепциялар үлкен рөл ойнады. Джеймс Бронтер О Брайен (Англия), Огюст Бланки (Франция), Вильгельм Вейтлинг (Германия) және басқалар жұмысшы таптың атынан қоғамның түбегейлі өзгеруін талап етті. Олардың саяси бағдарламасы Г. Бабеф салған революциялық дәстүрді синтездеді.
Позитивизм философиясының негізін қалаушы Огюст Конт (1798–1857 жж.) қоғамның тарихи қозғалысында жаңа перспективаны ашқанын мәлімдеді. Оның мұндай идеяларына А. Сен-Симонның әлеуметтік философиясы әсер етті.
О. Конттың негізгі еңбегі – алты томдық «Оң философияның бағыты» 1830–1842 жылдар аралығында басып шығарылды. О. Конт философияның басты тапсырмасы – жағдайлар қалай пайда болады және өтетінін түсіндіру деп мәлімдеді.
Шынайы философия адам өмірін үш топ феномені арқылы жүйелендірілген: ойлар, сезімдер және әрекеттер. Қоғамдық өзгерістердің үш қайнар көзі нәсіл, климат және «оның ғылыми дамуын толықтай қарастыратын саяси қызмет». Адамдық құндылық адамдық бақыт секілді тәртіпке шақыратын кез-келген күшті өз деңгейінде ерікті түрде қолдануына байланысты болады.
Бұл орасан зор қызметте философияның негізгі мақсаты мен міндеті адам өмірінің барлық саласын координациялау болып табылады. Философияның функциялары «саясаттың сілтеушісі мен философияның табиғи қосындысы болатын моральдық жүйенің» функцияларымен араласып кетеді. О. Конт саналы түрде христиан дінін жоққа шығарып, ортақ тәртіптің дамуына мүмкіндік беретін адамдардың өткені, бүгіні, ертеңінің тұтастығы болатын Адам дінін жариялайды.
О. Конттың жалпы әлеуметтік ілімі өткен ғасырда Ресейде де көпшілік түгілі, сыншыларға да өте қатты ықпал етті. Әсіресе оның институционалдығы өте тартымды болды, оған қоса түрлі әлеуметтік концепцияларға әсер еткен саяси-мекемелік және ғылыми реформаторлығы да ерекше еді.
Тақырыпқа қатысты түсініктер мен ұғымдар: индустриализация, либерализм, құқықтық мемлекет, жеке тұлға, социалистік идея, революция, өндіруші күштер, ғылымитехникалық революция.
Тақырыпқа қатысты сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Батыс Еуропадағы саяси-құқықтық ойлардың негізгі бағыттары.
2. Ағылшын либерализмінің негізін қалаған кім?
3. Социалистік идеяның пайда болу алғышарттарын атаңыз.
4. Француз либерализмінің басты ерекшеліктері.
5. Батыс Еуропада социализм идеяларының пайда болуы.
Әдебиеттер:
1. История политических и правовых учений / под ред. В.П. Малахова, Н.В. Михайловой. – М., 2007.
2. Андерсон К.М. Мексиканский проект Роберта Оуэна // История социалистических учений. – М., 1987.
3. Аникин А.В. Юность науки: Жизнь и идеи мыслителейэкономистов до Маркса. – М., 1985.
4. Утопический социализм: Хрестоматия / общ. ред. А.И. Володина. – М., 1982.
5. Фурье Ш. Избранные сочинения. – М. – Л., 1951-54.
Реферат тақырыптары:
1. XIX ғ. бірінші жартысындағы Батыс Еуропадағы саяси ойлар мен саяси ағымдар.
2. Социализм идеологтарының саяси-құқықтық танымдары.
3. Иремия Бентамның саяси көзқарасы.
4. Огюст Конт – қоғамның тарихи қозғалысындағы жаңа концепцияның негізін қалаушы.
5. Р.Оуэннің саяси көзқарасы.