ШЫҒЫС АРАБ–МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНДЕГІ САЯСИ ОЙЛАРДЫҢ ТАРИХЫ

ШЫҒЫС АРАБ–МҰСЫЛМАН ЕЛДЕРІНДЕГІ САЯСИ ОЙЛАРДЫҢ ТАРИХЫ

Мұсылман-араб әлеміндегі құқықтық-саяси ілімдердің дамуы рулық-тайпалық қатынастардың әлсіреп, феодалдық қатынастардың қалыптаса бастаған VII–X ғасырлар аралығына тура келеді.
Мұсылмандық саяси-құқықтың қалыптасуы мен дамуына қасиетті Құран (араб тілінен аударғанда – «есітіп оқу», «тақпақтата дауыстап оқу», «мәнерлеп оқу») және Сунна (араб тілінен аударғанда – әдет-ғұрып, үлгі-өнеге) ерекше әсер етті. Көп құдайлықтан бас тартқан арабтар исламды басты дін тұтып, бір ислам идеологиясы аясына топтасып, күшті мемлекет – халифат орнатты. Ислам халифатын орнатуда Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мемлекет қайраткері, ірі саяси реформатор ретінде орны ерекше.
Мұсылмандық құқықтық-саяси теориядағы басты мәселе – мұсылмандық билік пен басқарудың арнайы халифаттық түрі болды.
Мұсылмандық Шығыстың саяси-құқықтық ойының басты тақырыптарының бірі – ізгілікті қала мен адаба (жетілген адам) мәселесі болып табылады.
Ізгілікті қала мәселесінің негізі әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнның саяси теорияларында қаланды.
Әбу Насыр әл-Фараби саяси ойларын «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекеттік билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» деген еңбектерінде жинақтаған. Әл-Фараби өз идеясында басты назарды билеушінің адамгершілік қасиеті мен оның белсенді азаматтық позициясына аударды. Әл-Фарабидің пікірінше, жақсы мемлекет басшысы жоғарғы билік өнерін жүзеге асырушы болып табылады.
Ізгілікті қалада бақытқа жетудің өзекті мәселесінің бірі – философиялық және құқықтық мәдениеттің, моральдық сапалардың, адамның рационалдық қабілеттерінің өзара үйлесімді әрекеттесуі болып табылады. Мұндай өзара байланысты билеушінің өзі жүзеге асыруы тиіс. Билеуші тек өзінің философиялық эрудициясын, қолданылып жүрген қағидаларды және өз білімділігін ғана жүзеге асырмауы тиіс, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерді, теориялық және практикалық ізгілік істерді жүзеге асыруы тиіс.
Өнерді, ізгілікті, білім мен даналықты және өзінің ұйымдастыру қабілетін мемлекет басқару ісінде шеберлікпен жүзеге асыра білу, әл-Фарабидің пікірі бойынша, билеуші үшін бастапқы негізді құрайды.
Философиялық, адамгершілік және құқықтық мәдениетті терең меңгеру – билеушіге мемлекетті дұрыс, шебер басқаруда, зандылықты қамтамасыз етеді және олардың мүлтіксіз орындалуына кепіл болады.
Бұл туралы әл-Фараби былай деп жазады: «Заң шығарушы, біріншіден, өзінің заңдарын ендіре білгені, екіншіден, басқара білгені жөн. Егер ол берген жарлығын ендіре алмаса, басқалар қадағалайтынды өзі де қадағаламаса, онда оның нұсқауларының заңды күші болмайды және оның сөзін қол астындағылары қабылдамайды. Егер заң шығарушы – білімсіз адам болса, онда ол адамдарға пайда әкелетін заңды белгілей алмайды, заңды сақтаудағы маңызды орынды тәрбие алады. Заңды елемейтін және өзінің бағыныштыларын да соған итермелейтін адамның өзі, өзінің іс-әрекетімен үлкен тәртіпсіздікке душар қылады».
Әл-Фараби қоғамдағы саясатты жүзеге асыруда, билеушімен қатар қала тұрғандарының да философиялық, адамгершілік, құқықтық және саяси мәдениетінің маңыздылығына назар аудару қажеттілігін атап өтеді.
Қайырымды қала тұрғындарының өзін әл-Фараби бірнеше топқа бөледі. Бұқара халықтың негізгі бөлігі кедей-кепшіктер, олар ерекше қамқорлықты қажет етеді, сондықтан да олардың мұң-мұқтажын үнемі естен шығармау керек, шаруамен келген адамның ісіне қолғабыс жасап, ілтипат көрсету керек. Тек жетілген қалада ғана адамдар бір-біріне қол ұшын беріп, бір-бірін қолдап, ұжымдасып өмір сүреді деп ескертеді.
Әл-Фараби қайырымды қала тұрғындарының қатарына медресе шәкірттерін де жатқызады. Кейбір шәкірттер білім алуды қара басының қамы үшін пайдаланғысы келеді, мұндай шәкірттердің ісіне сын көзбен қарап, теріс мінездерін алдымен өздеріне түзеттіру қажет. Ал мінезі түзу шәкірттерге білім ешбір қиындықсыз қонады деген пікір айтқан.
Келесі топқа әділдігін елге мадақтап айтып отыратын, әлеуметтік жағдайы жұрттан жоғары тұратындар (қала басшысы және оның көмекшілері) кіреді. Қала басшысының қызметі мен мінезіндегі кемшіліктерін тікелей айтпай, оны жанамалап, астарлап сынау арқылы түзету керек дейді.
Әл-Фараби бойынша, адам өз өмірінің қожасы, сондықтан да ол өз тағдырына өзі жауапты. Адамның өмірдегі бақыты мен бақытсыздығы ол құдайдан емес, ол адамның күнделікті істеген әрекетінен деп түсіндіреді.
Әл-Фарабидің идеяларын қабылдаған және оларды шығармашылық жағынан дамытқан ойшылдардың бірі – Жүсіп Баласағұн.
Жүсіп Баласағұн (XI ғ.) – көрнекті түркі философтарының бірі, атақты «Құтадғу біліг» (Берекелі білім немесе Құтты білік) еңбегінің авторы. Бұл шығарма
«бәйітпен» жазылған, 6520 «бәйіттен» тұрады. Негізгі тақырыбы – моральдық-этикалық мәселе. Жүсіп Баласағұн жазған моральдық-этикалық мәселе адам өмірінің тамаша жағдайын, билеушілер мен бағыныштылар арасындағы өзара қарым-катынас ережелерін көрсетеді. Бұл кітапта ойшыл, сол кезде өзі өмір сүрген Қарахан мемлекетінің негізін шайқалтқан, саяси бүлік кезеңінде өте қажетті ізгілікті билеушінің тамаша аспектілерін керсетуге ұмтылды.
Жүсіп Баласағұн билеушінің рөлі туралы айта отырып, мынадай өсиет қалдырады: «…Және біл: адамның алдында сенің үш борышың бар. Оларды орында, күшпен ұзақ тұра алмайсың. Біріншіден – күмістің тазалығын сақта. Екіншісі – адамдарға әділ заң бер. Үшіншісі – жолды күзетіп отыр». Баласағұн билеушінің мәртебесін және оның халық алдындағы борышын сипаттай отырып, билеушінің қол астындағыларынан оның шешімін талап етуін атап өтеді. «Сенің билігіңнің үш құқығы бар. Бағынышты адамдардан сұрайтыныңды ұмытпа. Олардың бірінші борышы – сенің барлық бұйрығыңды құрметтеу. Олардың екінші борышы – қазына алдында борышы болу керек. Және үшіншісі: сенің жауларыңмен жауласып, сенің достарыңмен достасулары керек. Егер сен өз борышыңды әділ орындасаң, бағыныштыларыңның да қайтарымы жақсы болады».
Билеушіге өсиет айта отырып, Баласағұн да әл-Фараби сияқты мемлекеттің ізгілікті түрі билеушінің рухани тазалығы мен еңсесінің биіктігіне, қол астындағыларының ізгілікті, адамгершілікті өзара қарым-қатынастарына байланысты деп санады.
Ортағасырлық мұсылман әлемінің ойшылдары үшін адаб (кемел адам) білімділік пен адамгершіліктің көрсеткіші болып саналды. Мұндай білімнің мақсаты – мәдениетті және нәзік сезімді адам жасау болып табылады. Сопылық философиясында адаб идеясына көп көңіл бөлінді. Нақты өмірде діни, адамгершілік жолдан таю, құқықтық және мемлекеттік нигилизм болатынын атап көрсете отырып, сопылыққа рух берушілер руханиадамгершілік кемелдену жолын ұсынды. Тек кемеліне жеткен адамға ғана ақиқат ашылады.
Сопылардың ойынша, кемел адам бейбіт өмір сүріп, қоғамдағы адамгершілікке жат нәрселерге, әділетсіз мемлекетке қарсылық танытады. Зұлымдық бой бермейтін және күйреткіш, жүрегінде құдайға деген сүйіспеншілікке орын жоқ адамдарды өзіне қатты тартады. Мұндай адамдар табиғатының қалауымен әрекет етіп, қылмыс, зұлымдық жасауға барады.
Факихтер дамытқан мемлекет теориясы бойынша бедел иелерінің арасында әл-Мүліктің орны ерекше. Әл-Мүлік (шамамен XI ғасыр) нақты саяси билік ретінде сұлтандықты нығайтудың негізгі қағидаттарын қалыптастырды. Халифатты тек діни институт ретінде, ал халифті діни басшы ретінде ғана тани отырып, сұлтандық билікті негіздеуге тырысты.
Әл-Мүлік өзінің идеясын негіздеу және оны іс жүзінде жүзеге асыру үшін уәзірлік қызмет атқара отырып, әлДжувейни және әл-Ғазали сияқты бедел иелерін тартты. Олар өздерінің теорияларында басқарудың ықпалдылығы мен тиімділігі тәрізді билік қырларына көңіл бөлуге тырысты. Мысалы, әл-Джувейни баскарудың барынша тиімді түрі сұлтан билігі деп есептеді, бірақ бұл үшін оның заңды екендігін негіздеу керек болды.
Бұл міндетті шешуге көптеген еңбектер («Әл-Иктисад фи-л-истинад», «Фадаих әл-батынния ва-фадаил әлМустазхирия») жазған факихтердің ірі кемеңгері әлҒазали (1058–1111 жж.). Ол мемлекетті басқару мәселесіне «Насырхат әл-Мүлік» деген еңбегін арнады.
Әл-Ғазали халифатты сынай және сұлтандардың нақты билігіне заңдылық дәрежесін бере отырып, мұсылман мемлекетін нығайту керек деген мәселеге көңіл бөлді. Бұл идеяға ол өзінің «Ихйа» деген еңбегін арнады.
Жаңа әдіснамалық кағидатты іздеуге көптеген идеологиялық және теориялық-кұқықтық, діни-құқықтық мәселелер мен методологиялық сипаттағы қиындықтар кедергі келтірді.
Әл-Ғазали өзінше бір эклектикалық нұсқа табады. Біріншіден, оның тапқан шешімінің нұскасы тәртіпті қамтамасыз етіп, қоғамды әр түрлі бүліктен сақтай отырып, тұрақтылықты қалыптастырады. Екіншіден, мәселені шешу қағидаты мұсылман мемлекетін нығайтуға ықпал жасаса деген бағытта болады.
Саяси мүмкіндіктерді, халифаттың болашағы мен нақты жағдайларын объективті бағалай отырып, әл-Ғазали мұсылман мемлекетін нығайту үшін ең алдымен халиф және сұлтан мәселесінің арақатынасын шешіп алу керек деген тұжырымға келеді. Ал бұл мәселені шешу үшін имамның сұлтанмен одақ құру идеясын ұсынады.
Әл-Ғазалидің имамат теориясының негізгі ережелері мыналар болып табылады:
1. тәртіпті ұстап тұру үшін билік қажет;
2. сұлтанат халифаттың бір бөлігі болып табылады, ал халифаттың өзі қауым мен имам бірлігінің символы;
3. халифаттың беделі Шариғатқа сүйенеді.
Әл-Ғазалидың ойынша, имам бедел иесі бола отырып, не пайғамбар арқылы, не халиф, не нақты билік иесі сұлтан арқылы тағайындалады. Әл-Ғазалидың ойынша, таяу арада сұлтан халифты (имамды) тағайындайтын болса, онда ол «сенім мен билік – егіз» деген қағидатқа сүйене отырып, оның беделін мойындауы тиіс.
Әл-Ғазалидың пікірінше, мемлекеттің міндеті – исламды және исламдық өмір сүру түрін қорғау болып табылады. Сол себептен, ойшыл саясат пен дінді бірбірінен бөлуге болмайтын, өзара байланысты тұтас организм ретінде мойындап, бір-біріне себепші арақатысы бар мәселе деп қарастырады. Ғазалидың пайымында, саясат дін мен моралдың қажетті компоненті болып табылады. Дін ғылыммен, құқықпен және этикамен тығыз байланысты. Саяси ғылым адамның бақытқа жетіп, болашақта аса жоғары бақыт иесі болуын қамтамасыз етуге тиіс деп көрсетеді.
Ибн-Халдун (1332–1406 жж.) өзінің саяси тұжырымдамасында мемлекет дамуыңдағы және жоғалып кетуіндегі кейбір аспектілерді айқындауға тырысты және билік жүргізу түрлерінің ерекше бір жіктеуін жасады.
Философтың пікірінше, мемлекеттің пайда болуы қоғамдық дамудың бір көрсеткіші болып табылады. Мемлекет күш пен билеуге сүйеніп, ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асырады. Сыртқы саясатта мемлекет өзінің дербес позицияларын сақтайды, ал ішкі саясатта ол тайпалардың тығыз бірігу функциясын жүзеге асырады, зандар мен тәртіптің іске асырылуын қамтамасыз етеді, халықтан салық жинайды, оның тәуелсіздігін қамтамасыз ететін әскер құрады.
Әр мемлекеттің өзінің өмір сүретін уақыты болады. Философтың пікірінше, мемлекеттің өмір сүру уақыты рет-ретімен бес сатыдан өтеді екен:
1-саты – пайда болу (билікке жаңа билеушінің келуі); 2-саты – биліктің жаңа билеушінің қолына шоғырлануы;
3-саты – мемлекеттің гүлденуі (мұнда тәртіп орын тебеді, тұрақтылық қамтамасыз етіледі);
4-саты – күш көрсетудің ашық нысандары қолданылып, оппозиция қудаланады;
5-саты – мемлекеттің жойылуы (дағдарыс қоса жүреді). Мемлекет эволюциясының себептерін талдай отырып, ибн-Халдун биліктің өмір сүру ерекшеліктерін анықтайды, саясат түрлерінің мазмұнын (сыртқы, ішкі, жазалау) және саяси режимнің типтерін айқындайды. ИбнХалдун мемлекеттің үш түрін жіктейді: саяси монархия, табиғи монархия және халифат. Саяси монархия парасатқа негізделген және адамдардың материалдық мүдделеріне бағытталған. Басқарудың бұл түрінде монарх рухани және діни құндылықтардан азат. Табиғи монархия жеке бастың деспоттық режимі болып табылады, себебі басқа адамдардың мүдделерімен емес, монархтың субъективті мүдделерімен айқындалады.
Ибн-Халдунның ойынша, басқарудың ең жақсы түрі – халифат. Халифат Шариғатты басшылыққа алады, бұл дүниелік істерді жүзеге асырады, исламға қатысты сенімінің мүдделерін қорғайды. Ойшылдың пікірінше, дәл халифатта діни және осы дүниелік қағидаттарды үйлестіре отырып, билікте үйлесім табуға, мұсылман құқығының әділдігіне сүйенуге болады. Басқару нысаны ретінде халифаттың артықшылығын атай келіп, ибн-Халдун оның эволюциясын және монархияға ұласуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: Құран, сунна, шариғат заңдары, құдай, сұлтанат, халифат, саяси монархия, тәртіп, құқық, кемел адам, адамгершілік, қайырымды қала.

Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Құранның Шығыс араб-мұсылман әлеміндегі саяси және құқықтық ілімдерді дамытудағы рөлі қандай?
2. Мұхаммедтің (с.ғ.с) мемлекет қайраткері, халифаттың негізін қалаушы ретіндегі саяси портретін ашып беріңіз.
3. Әл-Фарабидің мемлекет басшысына қоятын талаптары қандай?
4. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының саяси мәні қандай?
5. Араб ойшылдарының (әл-Ғазали, ибн-Халдун) батыстағы саяси ілімдер тарихының дамуына әсері қандай болды?


Әдебиеттер:
1. Әбдіғалиев Б.Б., Жамалов Қ. Ж., Сатершинов Б.М. Саяси ой тарихы. – Алматы, 2003.
2. Есім Ғ. Қазақ философиясының тарихы. – А., 2006.

Реферат тақырыптары:
1. Ислам дінінің Мұсылман-араб елдеріндегі саяси ойдың қалыптасуына тигізген ықпалы.
2. Мұхаммед (с.ғ.с) діни және мемлекет реформаторы.
3. Әл-Фараби – «Шығыс Аристотелі».
4. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» туралы.
5. Ж. Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі мемлекет және мемлекетті басқару туралы ойлары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *