КӨНЕ ГРЕКИЯДАҒЫ САЯСИ ІЛІМДЕР ТАРИХЫ
Көне Грекия территориясында алғашқы мемлекеттер б.э.д. I мың жылдықта дербес, егеменді қала – мемлекеттер – полистер ретінде пайда болды.
Алғашқы қауымдық құрылыстан құлдық формацияға көшу процесі қоғамда өте қатал таптық қайшылықтарға толы болды. Екі антогонистік тап қалыптасты. Бір жағынан бай аристократтар болса, екінші жағынан кедейленген қала тұрғындары және ерікті адамдар мен құлдар болды.
Мемлекет басқару формасында қала полистер арасында қатаң бәсекелестік басталды. Бұрыннан билік басында болған ақсүйектермен (аристократтар) бақталастыққа олигархтар (ірі мүлік иелері) түсті. Осындай қиын жағдайда
кейбір қалаларда демократиялық басқару формасы қалыптасты (Афина мен Абдер қалалрында). Қоғамдағы осы саяси жағдайлар мен процестер грек ойшылдарының саяси ілімдерінің қалыптасуына ықпал етті. Грекиядағы саяси ойлардың даму ерекшеліктерін саралағанда, біз оның үш кезеңін қарастырамыз. Алғашқы кезең – (б.э.д IX–VI ғғ.) ол көне грек мемлекеттерінің қалыптасуымен тұспа-тұс келеді және мемлекеттің пайда болуын философиялық-құқықтық (Пифагор, Гераклит) негізде түсіндіру үрдісі қалыптасады. Екінші кезең – (б.э.д. V–IV ғғ.) грек философиясының өркендеуі мен саясиқұқықтық идеялардың даму кезеңіне сай келеді. Бұл Демокрит, Сократ, Платон, Аристотель заманы еді. Үшінші кезең – эллинизм дәуірі, грек мемлекеттерінің құлдырауы мен грек қала полистерінің әуелі Македонияның, одан кейін Рим империясының қол астына енуімен сипатталады.
Демокрит (б.э.д. 460–370 жж.) өзінің саяси ойларында алғаш рет адам мен адамзат және қоғамның дамуы әлемдік даму үдерісінің табиғи жалғасы деп қарастырды. Осылайша адамзат қоғамы прогрессивті эволюциялық өзгерістерден кейін өзінің қалыпты жағдайынан шықты. Осы тұрғыдан алып қарағанда полис, қоғам және заңнамалар қолдан жасалған, ол табиғаттан алынбаған. Сондықтан да олардың пайда болу үдерісінің өзі қажеттіліктен туылған, яғни кездейсоқ процесс емес деп көрсетеді. Осыдан да болар Демокрит үшін табиғи және қолдан жасалған дүниенің байланысы саясат пен этикалық нормалардағы өлшеммен анықталады. Сондықтан да ол адам табиғатына қарсы келетін дүниенің барлығын әділетсіз деп қабылдайды.
Демокрит үшін мемлекетте әділеттілік пен жалпыға бірдей мамыражай жағдай қалыптастыру керек. Мемлекеттік мүдде барлығынан да жоғары тұруы керек, ал азаматтар мемлекеттік құрылым мен басқаруды жетілдіруге ат салысуы тиіс деген. Демокрит «жақсы басқарудағы мемлекет – зор қорған, өйткені ол жалпы тұтастықтың негізі, егер де ол өлсе, онымен бірге барлығы да өледі» дейді. Мемлекеттілікті дамыту барлық мемлекет тұрғындарының ісі, олардың бір-біріне өзара көмегі мен туысқандығында. Қоғамдағы азамат соғысы екі жаққа бірдей тиімсіз. Қоғамдағы тепе-теңдікті ұстап тұруда мүліктік жағынан алшақтық болмау керек, өйткені мемлекеттегі әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етеді деп санайды.
Демокрит үшін ел басқару ісі ол тек аристократияның үлесі. «Ақымақтар үшін бағынышта болу абзал, өйткені ел басқару тек жайсаңдардың үлесі. Әдеп бойынша заңға, билікке, ақылы асқандарға бағыну керек, ақымақтардың қол астында болу қандай қасірет» деген екен. Ақымақ азаматтарға биік мансап беруге болмайды, өйткені олар әдепсіз және топас болады дейді Демокрит. Ел басқару ісінде Демокрит тектілікке, көрегендікке және жауапкершілікке ерекше мән береді. Заңдар тек қарапайым адамдар үшін керек, өйткені олардың арасындағы қызғаныш пен бірбіріне деген алауыздықтарды жою үшін, ал даналар үшін, қай қоғамда өмір сүрсе де, олар әділетті болады, себебі әділеттілік даналар үшін мызғымас қағида дейді.
Сократ (б.э.д. 469–399 жж.) адамзат тарихында өшпес рухани із қалдырған танымал ойшыл. Өз заманында лайықты бағасын алып, данагөй атанған. Софистермен болған пікірталаста ол қарсыластарының көптеген идеяларын өзіне алып, кейінірек оларды дамытқан.
Сократтың пікірінше мемлекет басқару ісін практикада істі білетін іскер адамдар айналысуы керек. Ал теориялық деңгейде мемлекетті басқарудың адамгершілік мәнін ашу керек деп түсінді. Билікті ұдайы сынағаны үшін Сократ бірнеше рет қудаланды. 399 жылы қарсыластары оны дінсіз, заңды бұзушы ретінде өлім жазасына кескен болатын. Сонда Сократтың жақтаушылары оны түрме қызметшісіне пара беріп шығарып алмақ әрекет етеді. Сол кезде Сократ «Мен өзім жұрттан заңдылықты талап етемін, енді қалайша өзім заңсыз әрекетке бармақпын» деп өлім жазасына мойын ұсынады.
Кейінірек Сократтың ілімдері Платон мен Аристотель сияқты заманының ғұламаларына үлкен серпіліс әкелді.
Платон (б.э.д. 427–347 жж.) антикалық дәуірде өмір сүрген, философия мен саясаттану және саяси ілімдерде өшпес із қалдырған ғұлама.
Платон Афинадағы атақты отбасында дүниеге келген. Жас шағында (407–399 жж.) Сократтан дәріс алған, кейіннен оған сол дәрістері керемет әсер етіп, болашағына жол ашқан. Сократтың өлімінен кейін ол Афина қаласын тастап, ұзақ уақыт ел аралап саяхат жасайды. 387 жылы Афинаға қайта келіп өзінің Академиясын (Академ – жер аты) ашады.
Платонның алғашқы кезеңдегі еңбектерінде («Апология Сократа», «Протогор», «Критон») Сократқа еліктеушілік басымдау болады. Сократ сияқты ол рационалды идеяға көбірек беріледі. Ал кейінірек жазылған («Мемлекет»,
«Саясаткер», «Софист», «Парменид» және «Заңдар») еңбектерінде діни-мифологиялық сарын көбірек кездеседі.
Платонның ойларындағы басты идея екі әлем жайлы. Біріншісі – идеялар әлемі, екіншісі – құбылыстар әлемі. Идеялар әлемі Платон үшін ол – нағыз болмыс, яғни құдайдан түскен жарлықтар, ал құбылыстар әлемі – ол болмыстың кері құбылмалы көшірмесі.
Платон жердегі қалыптасқан саяси өмір мен саясат және мемлекет туралы айтқанда оны барынша идеялар әлеміне жақындатуға тырысты. Біріншіден, азаматтар арасындағы еңбек бөлінісінің қатаң сақталуын, сондай ақ иерархиялық деңгейлердің де сақталуын талап етті. Полистерде билік – басқарушылар, әскер – ел қорғаушылар, қолөнершілер мен шаруалар, яғни өндірушілер болу керек деп қарастырды. Мемлекеттегі еңбек бөлінісінің мұндай схемасы адам жанының үш бастауына сәйкес келеді деп түсіндірді: саналылық, жанкештілік және іскерлік.
Екіншіден, мұндай қатаң әлеуметтік сословияларды қалыптастыру мемлекет үшін де пайдалы, өйткені ол тәртіпке жауап береді деп түсіндірді. Мемлекет басындағылар математика мен философияны оқытып үйретумен қатар бұқара халыққа «ізгілік ойларды» да үйретуге тиісті. Адамдар туылғаннан барлығы бірдей болмағанымен де, олар бір-біріне көмектесіп қол ұшын беру керек деп көрсеткен.
Үшіншіден, ол аристократиялық басқару формасын жақтады. Аристократияны ол қоғамның ізгі жақсылары деп түсіндірді. Платон аристократиялық басқару формасына олигархия, тирания және демократиялық басқару формаларын қарсы қойды. Олардың барлығына өзінше анықтама береді.
Платон демократияға «демократия қысқа мерзімге арналған халық билігі. Биліктен шаршаған халық қайтадан бір тиранды таққа отырғызады…» деп анықтама береді. Платон «Мемлекет» еңбегінде жеке меншікке шектеу қояды. Өйткені шектен тыс байлық қоғамға алауыздық әкеледі, сондықтан да байлық орташа болуы керек дейді.
«Заңдар» еңбегінде Платон мемлекеттің екі құрылымы туралы айтады: біріншісі – барлығының үстінен билеушілер қадағалайтын, екіншісі – билеушілер үшін де заң жазылған мемлекет. Ал, бұл жерде Платон заң үстем болатын мемлекет туралы айтады. Осы «Заңдар» еңбегінде Платон «заңды сыйламаған, құрметтемеген елдің болашағы жоқ» деген пікір айтады. Заңды жүзеге асыруда Платон сот жүйесіне жүгінеді, ол үшін соттардың қызметін жақсарту керек дейді.
Платон өзінің идеялық көзқарасында идеалист болды.
Аристотель (б.э.д. 384–322 жж.) аралығында өмір сүрген антикалық дәуірдің көрнекті ғалымы. Аристотельдің саяси-құқықтық тақырыпта жазылған бірнеше еңбектері бар: «Саясат», «Афина саясаты», «Этика», «Риторика».
Аристотель саясат туралы ғылымды барынша жанжақты дамытуға тырысты. Саясатты ол этикамен тығыз байланыстырды. Аристотельдің пікірінше, саясаткердің адамгершілік қасиеттері басты назарда болуы керек. Аристотель де Платон сияқты мемлекет жайлы ой қозғағанда, мемлекеттік мүддені барлық басқа құндылықтардың бәрінен жоғары қойды.
Аристотель үшін мемлекет – табиғи дамудың жемісі. Мемлекеттің пайда болуын ол отбасылық жағдаймен, яғни отбасының пайда болуымен салыстырады. Жеке тұлғаның саяси-әлеуметтік дамуы полистерден (қала мемлекеттер) басталады. Жеке тұлғаның саяси өмірге араласуы және қалыптасуы осы
полистердегі саяси жағдайға тікелей байланысты деп түсіндіреді.
Платонмен салыстырғанда Аристотель жеке меншікке ерекше көңіл бөлді. Өйткені, меншік иесі болу адамның табиғатынан және өзіне деген махаббатынан шығады деп көрсетеді. Қоғамдағы барлық теңсіздіктер меншікке байланысты дей отырып, Аристотель өз пікіріне қарамақайшы пікір айтады. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік қайшылықтар осы мүлік теңсіздігіне және қоғамдағы орта таптың орны мен рөліне байланысты дейді.
Аристотельдің ойынша, мемлекеттің басты мақсаты – орта тапты қалыптастыру және сол орта тап мемлекеттегі саяси-әлеуметтік тұрақтылық кепілі болады.
Мемлекеттің басқару формасына келгенде Аристотель оны «дұрыс», яғни көпшілікке пайда, жақсылық әкелетін түрін: монархия, аристократия, полития және сонымен қатар «бұрыс» басқару – тирания, олигархия және демократияны көрсетеді.
Аристотель идеалды-озық мемлекет ретінде политияны ұсынады. Полития оның пікірінше, басқарудың ең жақсы элементтері, яғни аристократия, олигархия және демократиядан тұрады. Аристотельдің бұл тұжырымында үлкен мән бар, өйткені ол аристократтардан қашанда ізгілік есіп тұратынын, олигархтар қоғамда жұмыс орнын қалыптастырушылар, ал демократия халықпен санасу деп тұжырымдайды. Бірақ Аристотель де Платон сияқты демократиялық басқару формасына қарсы болды. Себебі, егер демократия қадағалаусыз болса, онда ол қоғамды тығырыққа апаратын жол деп көретеді. Жалпы мемлекетті басқаруда, байлық жинауда және билікті жүзеге асыруда орташа болу керек, яғни орта тапқа арқа сүйеу керек деп ескертеді.