ЕЖЕЛГІ ШЫҒЫСТАҒЫ САЯСИ ОЙЛАР
Саяси ойлардың қалыптасуы мен дамуы өз бастауын көне заманнан алады. Олардың пайда болуы алғашқыда философиялық-діни бағытта болды. Өйткені қоғамда діни нанымдар ертерек пайда болған еді және адамдар санасы қоршаған ортаны танып білуде өте тұрпайы да, қарапайым болды. Адамдар санасында қоғамдағы болып жатқан әр түрлі табиғи-саяси және әлеуметтік үрдістерді, қоршаған ортаны түсіндіруде мифтік көзқарас басым болды.
Адамдар өздерін қоршаған ортаны жанды космос әлемімен байланыстырды. Сондықтан да көне замандағы көптеген халықтар (гректер, парсылар, египеттіктер, үнділер мен үндістер, вавилондықтар мен римдіктер) жердегі болып жатқан құбылыстар мен тәртіпті көктен түскен заңды құбылыс деп қабылдады. Осыдан да болар, олар жердегі барлық жағдайды: қарапайым адамдар арасындағы қатынастан бастап, саяси істерге дейін барлығын діни идеологияға апарып таңып қойды.
Көне Египетте халық биліктің қайнар көзі деп құдайлар мен фараондарды қабылдады. Сондықтан да Египеттегі биліктің өзі фараондар салдырған пирадаға ұқсас болды. Пирамида басында құдайлар мен фараондар, яғни пирамиданың шыңы, ал пирамиданың табаны (негізі) – халық, ортасы – абыздар мен ақсүйектер деп түсінді. Ал осы тәртіпті бұзған жағдайда адамдар құдайдың қарғысына қалады, ақырзаман болады деп түсінді. Осыдан барып олар қоғамдағы қалыптасқан жағдайды, тәртіпті сақтап қалу үшін әр түрлі заңдар жинағын жариялады. Сондай заңдардың ең көнесі ретінде ежелгі вавилондағы Хамурапи (б.э.д. 1782–1750 жж.) патшаның заңдарын айтуға болады. Заңның кіріспе бөлімінде «осы заң сендерге әділеттілік үшін жіберілген» деп көрсетіледі. Көне Үндістандағы бізге дейін жеткен көне ескерткіштердің бірі – ертедегі арийлер туралы мәліметтер сақталған «Ригведа». Бұл құнды деректе олардың қоғамдық өмірі түгел сипатталады. Дерек бойынша үнділер қоғамды төрт арнайы топқа бөлген: а) брахмандар – абыздар; ойшылдар, ғалымдар;
ә) кшатрийлер – әкімдер мен жауынгер әскери басшылар;
б) вайшилар – көпестер мен саудагерлер;
в) шудралар – бұқара халық.
Қоғамдағы мұндай әлеуметтік тапқа бөліну сол заманның идеологиясына ешқандай қайшы келмеді және бір таптан басқа тапқа ауысуға қатаң тыйым салынды. Осылайша үнді қоғамында саяси өмірді реттеуші қатаң касталық жүйе қалыптасты. «Ригведада» берілген мәліметтерге қарағанда арийлер еңбекшілерге билік жүргізген, сондайақ кшатрийлерді өздері сайлап отырған. Арийлер егер де кшатрийлер өздеріне берілген қызметті дұрыс атқармаған жағдайда және патшаға адалдық сақтамаған кезде оларды билік басынан алып тастау құқығын иеленген.
Көне заманнан бізге жеткен тағы да бір құнды жәдігердің бірі – ежелгі үнді тарихшысы, ойшылы Каутильяның жазған «Артхашастра» еңбегі болып табылады. Бұл еңбекте автор үнді жеріндегі көне Маурья мемлекеті туралы сөз қозғайды.
Маурья империясы мемлекетілік нышандары түгел қалыптасқан, өз құрылымы, нысаны, салық жүйесі және басқа мемлекеттермен саяси байланыс орнатқан мемлекет болғаны сипатталады.
Басқару формасына байланысты Маурья мемлекеті автократиялық тұрпатта болды, соған қарамастан қалалар мен ауылдық жерлерде оларға кейбір автономиялық өкілеттіктер берілді. Атап айтқанда, сауда, салық, мүлік, шекара күзету мәселелеріне келгенде тұрғындар бұл сұрақтарды арнайы құрылған мекемелер, заң, сот жүйесі арқылы шешіп, жүзеге асырып отырды.
Маурья мемлекетінде арийлер ерекше мәртебеге ие болды. Олар ешқашан құл болмады.
Арийлер патшаны олардың мүліктік жағдайына қарамастан сайлады. Таққа отыру рәсімі кезінде патша халыққа адал қызмет ету туралы ант берді. Патша «егерде мен сіздерге қысымшылық көрсетсем, онда мені жаратушы аспан мен жерден және ұрпағымнан айырсын» деп ант берген.
Каутилья былай деп түсіндіреді, патшаның бақыты оның қол астындағыларының бақытына, олардың әлеуметтік жағдайына тікелей қатысты, өйткені патшаның негізгі қызметі халыққа қызмет етуден тұрады. Патша халқына адал болмаған жағдайда халық оны тақтан түсіруге құқылы болды. Бірақ үнді қоғамындағы билеушілердің ашкөздігі мен дүниеқоңыздығы Каутилья сипаттаған қоғамның біртіндеп құлдырауына әкеліп соқты.
Маурья мемлекетінде тұрғындарды табиғат және соғыс жағдайларына байланысты әлеуметтік қорғау механизмі құрылды.
Қалаларда сәулет, жол салу, туу мен өлімді тіркейтін, ішкі тәртіпті қадағалайтын арнайы муниципалды кеңестер жұмыс істеді. Бірақ соған қарамастан, Маурья мемлекетіндегі қатаң касталық жүйе біртіндеп саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан дағдарысқа ұшырай бастады. Патша мен брахмандардың шектен шыққан билігі мен қатыгездігі кедей бұқара халықтың құқықтарын аяққа таптады. Бұл өз кезегінде қоғамды идеологиялық тығырыққа әкеліп тіреді. Енді саяси сахнаға халықты осы тозақ шеңберінен құтқарушы жаңа харизматикалық лидер Будда (ханзада Гаутама Сиддхартха) келді.
Будданың («Будда» – көзі ашылған, нұрланған) өзі және оның ізбасарлары брахманизмнің қасиетті мәтіндерінде қалыптасқан идеяларды, ұғымдарды және санскрит тілін пайдаланды. Олардың көптеген ойлары брахманизм идеясымен ұштасып жатты. Атап айтқанда, қайта туу (сансара) қағидаты, жазасын алу (карма), парыз, хақ жолы (драхма) және т.б. Алайда ендігі жерде Будда ұжымдық психологиядан жеке психологияға ауысты. Адам жеке өзінің хақ жолын сезініп, қалыптастыра отырып, сансардан шыға алады және тағдырына ықпал етіп, карманы өзгерту мүмкіндігіне ие бола алады.
Будда іліміне кіріп, аман қалу жолында барлық адамдар бәрі бірдей деп саналды. Таптық, әлеуметтік және нәсілдік айырмашылықты адамдар рухани жағынан кемелденген шақта өзгерте алады. Ешқандай әлеуметтік сатыға, дәрежеге бөлінбейді. Адамның бақытқа жетуі де өз қолында. Ол оның істеген іс-әрекеттеріне байланысты. Будданың айтуынша, бақытқа жету үшін адам өз өміріне, құндылықтарына, қағидаттарына, тәртіп ережелеріне, қарым-қатынасына (ортамен), ниетіне, наным-сеніміне (діни) саналы мүмкіндік жасауы тиіс. Бұл жолдағы жақын мақсат пен мүмкіндік – болашақ өмірге қайта келу (туу) мәртебесіне ие болу бұқара халық үшін өте тиімді болды. Өйткені бұған дейін өмірде қайта туу мәртебесіне тек брахмандар ғана мүмкіндік алған еді.
Будда ілімінің бұқаралық мәні халық тарапынан кең қолдау тапты. Тіпті аристократия өкілдері де жаңа дінді қуанышпен қарсы алды. Б.э. ІІ ғ. Үндістанда ірі мемлекет билеушісі Ашоко патша будда дінін насихаттауда ерекше еңбек етті. Ол өзін будда монахтығы – сангханың, яғни 32 буддизмнің этикалық нормасы – дхарманың қорғанымын деп жариялады. Сол арқылы ол жергілікті элитамен тартыста болашақ империяның билігін нығайтты.
Мемлекет бақылауымен Паталипутрада өткен соборда будда ілімін толық мойындау үдерісі басталды. Буддизмнің үш асыл қазынасы: ұстаз – Будда, ілім – дхарма, ақиқат иелері – сангха туралы түсінік бекітілді. Соның ішінде сангха нирванаға жетер жолды көрсете және жеңілдете алатын, ілімді түсіндіретін институт деп қабылданды. Сондай-ақ, Будда дінінде нирванаға жетер жолдағы ұстаз рөлінің маңызы артты.
Саяси ілімдердің бағзы отанының бірі – Қытай. Қытай халқының күрделі саяси өмірін түсіндіретін, реттейтін елде бірнеше мектептер болды. Сол заманда негізі қаланған идеялар қазіргі кезде де қытай халқының негізгі идеологиясына айналып отыр.
Қытай қоғамында конфуций ілімі негізгі доктринаға айналғанға дейін, мемлекеттің саяси өмірінде даосизм мен буддизм ілімдері саяси-идеялық тәртіпті қалыптастырып үлгерген еді. Буддизм адам мен ғаламның үйлесіміне назар аудара отырып, қоғамда әділетті мемлекет орнатуға болады деген идеяны қолдады.
Кун-фу-цзы (б.э.д. 551–479 жж.) Конфуций әлеуметтік және саяси қайшылықтар заманында өмір сүрді. Мемлекет іргесі шайқалып, патриархалдық-рулық нормалар дағдарысқа ұшырап, елді хаос жайлаған кез болды. Осы жағдайдан шығу үшін Конфуций әлеуметтік үйлесімділік идеясын ұсынды, сонымен қатар, ол Қытайдың рухани және қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған даналар мен ел билеушілерінің беделіне сүйенді.
Конфуций идеялары көрініс тапқан «Луньюй» жинағында (оның шәкірттерімен арадағы сұхбат ретінде жазылған еңбегі) жетілген адам (цзюнь цзы) идеясы ашылады, адами тұлға өзіндік тұлға ретінде қарастырылады. Ол ғарышпен үйлесімділікте болатын рухани кемелденген тұлға деңгейіне жету мақсатында жетілген адам бағдарламасын жасады. Мейірімді адам – бүкіл қоғам үшін адамгершілік мұраттың бастауы. Тек соған ғана үйлесімділік сезімі мен табиғи ырғаққа сай өмір сүру тән. Ол ішкі жүрек әрекеті мен сыртқы іс-қимылдың тұтастығының көрінісі. Дана табиғатқа сәйкес әрекет етеді, өйткені «алтын үйлесімділік» ережесін сақтау, оған туа біткен қасиет. Оның мақсаты – ғарышта орын алған үйлесімділік заңына сай, әлеуметті қайта құру, барлық тіршілікті тәртіпке келтіріп сақтау.
Конфуций үшін бес «тұрақтылық»: әдет-ғұрып, адамгершілік, әділетті парыз, білім мен сенімділік аса маңызды. Әдет-ғұрыптан ол әрбір тұлғаға, қоғам мен мемлекетке шексіз ғаламнан өз орнын табуында, Жер мен Аспан арасында «негіз және арқау» болатын құралды көрді. Осы тұрғыда Конфуций отбасылық этиканы мемлекеттік деңгейге дейін көтереді. Иерархиялықтың негізіне ол білім, кемелдену және мәдениетке жақын болу қағидатын алады.
Осы қасиеттерді тәрбиелей отырып, даналар қоғамдағы иерархияны өміршеңдігін қалыптастырады. Әлеуметке берілген табиғи ырғақ қоғам мен мемлекеттің дамуына негіз болады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сұхбат табиғи үйлесімге негізделіп, шиеленіс пен қақтығысқа жол бермеу керек деп түсіндіреді.
Саясаткер ретінде Конфуций ел басқарудағы әдетғұрыптың құндылығын өте жақсы түсінеді. Үлкен және ұсақ істерде ол қол астындағы адамдардың өз шамасын білу сезіміне тәрбиелей отырып, әдет-ғұрып, тұлғалық және әлеуметтілік деңгейдегі адамды «сыртқы ортаға» бейімдейді, қақтығыстардың алдын алады.
Әдет-ғұрып қоғамдағы қалыптасқан саяси өмірді жалғастыруға, аман болуына себеп болады. Қазіргі қытай қоғамы өзінің саяси және мәдени-экономикалық дамуында, тұрақтылығында негізін Конфуций қалаған, әдет-ғұрып пен моральдық-этикалық нормаларға көп қарыздар.
Конфуций саяси идеясы жағынан алып қарағанда консерваторлық бағытты ұстанған, гуманист ойшыл болды.
Конфуцийшілдікті әрбір жаңа ұрпақ өзінше талқылап, қабылдады. Мысалы, Мен-цзы (б.э.д. 372–289 жж.) ұстаздың билік мәні туралы тезистерін қайта қарады. Қоғам мен мемлекеттің пайда болуын ол қоғамдық келісім нәтижесі деп түсіндірді. «Көк жарлығы» идеясы арқылы қоғамдағы жоғарғы тап пен төменгі таптар арасындағы келісімділікке жетудің жолын көрді. Идеалды мемлекетте биліктің қайнар көзі халықта және бұқара барлық қажеттіні өз қолына алады деп түсіндірді. Әділеттілік бұзылған жағдайда бұқара халық «Көк жарлығын» жаңа, игі ел басшысына ауыстыруға болады деген ескерту айтады.
Легистер конфуцийшілдік гуманистік идеяға сын айтушылар еді. Көне легистер идеясы, негізі б.э.д. IV ғ. аралығында дүниеге келген «Шан цзюнь шу» (Шан облысы басқарушысының кітабы) еңбегінде айтылған еді.
Шан Ян конфуцийшілдердің әдет-ғұрыпқа арқа сүйеп, елді басқару идеясын қатты сынады. Легистер мемлекеті басқаруда қатал заң мен тәртіп қана тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп түсіндірді. Олар «Егер халық мемлекеттен күшті, басым болса, онда мемлекет әлсіз, ал керісінше мемлекет – билік халықтан мықты болса, онда армия (әскер) мықты болады» деді.
Легистер заңға бағыну деп халықты тұтастай қанау мен қудалауды түсінді. Шан Ян тіпті «Ақылдылар ғана заң шығару құқығына ие, ал ақымақтар оны орындаумен ғана шектелу керек» деген екен.
Тақырыпқа қатысты ұғымдар мен түсініктер: халық, билік, құдай, патша, әдет-ғұрып, дін, мемлекет, брахма, кшатра, шудра, карма, драхма, дао, сансара.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1. Көне Шығыстағы саяси ойлар тарихының ерекшелігі неде?
2. Көне Үндістандағы касталық жүйенің қоғам өміріндегі орны мен рөлі қандай?
3. Көне Қытайдағы саяси мектептерді атап өтіңіз.
4. Конфуций ілімдерінің қытай қоғамындағы орны қандай? (өткен заманмен салыстырыңыз).
Әдебиеттер:
1. Әлемдік саясаттану антологиясы: 10 томдық. – Алматы, 2007.
2. История политических и правовых учений (Древний мир)/ под ред. В.С. Нерсесянца. – М.: Наука, 1985.
3. История политических и правовых учений / под ред. Сыздыков К.К. – Павлодар, 2006.
4. Сырымбетұлы Б., Сатершинов Б. Саяси және құқықтық ілімдер тарихы. – Алматы, 2015.
5. Утченко С.Л. Политические учения древнего мира. – М. 1972.
Реферат тақырыптары:
1. Көне Египет пен Вавилондағы саяси ойлар.
2. Көне Үндістандағы саяси ілімдер тарихы.
3. Брахманизм ілімінің саяси мәні.
4. Қытайдағы саяси ойлардың негізгі ерекшеліктері.
5. Конфуций – мемлекеттегі тұрақтылық туралы.