Көне түркілер (Л. Гумилев)

ЖІБЕК ЖӘНЕ КЕРУЕН ЖОЛЫ
IV тарау
Керуен сауда. Эфталиттер мен Солтүстік Қытай патшалықтарын күйреткеннен кейін, түркіттер саяси ғана емес, экономикалық құдыретке де не болады, өйткені Батыс пен Шығысты қосып жатқан ұлы керует жолы солардың қолына келіп түседі.
Бұл жол Чаньаннан басталып, қыраттардан ылдиға түсетін сансыз өзек-бұлақтармен суарылатын толып жатқан алқаптар арқылы, Наньшань жоталарын қуалап тарта беретін. Жолдың бұл бөлегі жеңіл еді, бірақ сосын қу мекен шелді басып, Хами көгалды аймағына жету, одан асып, Люкчун шұңқыры табанымен Тұрфанға бару оның ең қиын кезеңі саналатын. Осынау екі көгалды аймақ және көршілес бірнеше гүлстан жайлар Гаочан кінәздігін құрайтын, оны өздерінің жаңа отанына әбден үйреніп алған, біркездеігі қытай әскери қоныстанушыларының ұрпақтары мекендейтін.
Гаочаннан бастап, жол екіге айырылатын. Оның бір тармағы Тянь-Шанның түскей жоталарын жиектей жүріп, Қарашар, Кучу мен Ақсу арқылы Ыстық көлді жанай отырып, Шу өзені алқабына түсіп, содан Талас алқабы Исфарадан барып бір-ақ шығатын. Жолдың екінші теріскей тармағы да Гаочаннан басталып, оңтүстік Жоңғарияны жағалап, Үрімші, Манас, Күркіреу мен Ерен-Шабырған тауы арқылы жүріп барып, Іле өзенінің алқабына түсіп, сосын түскейге қарай тартып, Орта Азияға бет алатын. Бұлардан басқа тағы бір қиын жол бар-ды, ол Тянь-Шань асуларынан асып, Қарапырдан Юлдуз алқабы арқылы Іле аймағынан келіп шығатын, бірақ ол жолмен жұрт өте сирек жүретін99.
Орта Азияда керуендер тыныс алатын. Ең ірі аялдама — тасымал пункттің бірі Пайкент болатын. Жол одан әрі Хорасан арқылы Рей мен Хамаданнан өтіп, Византия бекінісі Несевия (Низиб) арқылы Сирия мен Константинопольға қарай кететін. Қытай теңізінен Персияның шекарасына дейін 150 күн жүру керек болатын, ал осы арадан рим шекарасындағы Низибке дейін тағы 80 күн жүру керек еді100.
Сауда-саттық қазандай қайнап жататын және тиімді болатын, бірақ шынайы шаруашылықпен күн көретін халық бұқарасына қызмет етпейтін, тек сән-салтанат жиһаз-мүліктеріне мұқтаж, әлеуметтік сатының биігіндегі бай-бағландарға қызмет ететін. Қытайлар, мәселен, Ираннан тек өз патшайымдары үшін аса қымбат тұратын, қас пен көз сүрмелерін алдыратын, сол сияқты вавилон кілемдері сирек кездесетін мүлік еді. Ақырыңда Қытайға Сирияның табиғи да жасанды асылтастыры, Қызыл теңіздің інжу-маржандары, Сирия мен Мысырдың маталары, Кіші Азияның есіртпе нашалары101 жеткізілетін. Бірақ сауданың ең маңызды мүлкі жібек болатын, ол Европаға Августың заманынан102 бері түсіп тұратын. Византияның жібекке деген мұқтаждығы аса зортұғын, өйткені ол хан сарайы мен ақсүйектердің қажетіне ғана емес, тұз тағыларымен қарым-қатынаста, мәселенки, көмекші әскер жалдаған кезде валюта есебіңде пайдаланылатын.
Юстинианның бүкіл әлемді билемек болған астамдығы Византия үкіметін, тіпті ағылшын-сакс корольдіктерін де қоса, Европаның барша мемлекеттерімен елшілік байланыс жасап тұруға мәжбүр етеді. Тарту-таралғыға, парамен сатып алуға, жауынгерлер жалдауға қисапсыз жібек қажет болды. Византия жібек үшін Европадан одақтастарды да, жалдамаларды да, кез келген товарды да, құлдарды да алып отырады. Византияда жібек алтынмен, асыл тастармен бірдей бағаланатын.
Бірақ Византияны осынау аса бағалы матамен жабдықтайтын күретамыр Солтүстік Иран үстімен өтетін, сол себепті де сасанидтер үкіметі керуен саудасын бақылауды бір сәтте өз қолынан шығарған емес. Шикі жібектің басым. бөлігін өңдеу үшін өздеріне алып қалып, ирандықтар өз бұйымдарын өздері қойған бағамен батыс елдеріне әрдайым сатып тұруға зор мүмкіндік алғанды.
Византия империясын әлсірету үшін парсылар, әлбетте, тауар айналымын ұлғайтуға емес, Византиядан ақшаны саумалап, неғұрлым көп алып, оны саяси және әскери жағынан қалжыратпақ болып, жібектің нарқын қымбаттата түсуге тырысады. Тауар айналымын ұлғайтудың Иранға зәредей де пайдасы болмайтын, өйткені Византия жібектің бағасы қандай болған күнде де, оны Европа базарына қайта сатып, есесін қайтарып алар еді, бұл оның әскери күшін өсіре түсуге көмегін тигізеді. Сондықтан да парсылар жібек бағасын қымбаттатып қоймай, сол сияқты батысқа шығаратын жібектің санын да шектеп, онымен сауда жасау ісін мұқият өлшеп қояды.
Әрине, Византия бұл қиянатты жағдайға төзе алмайды, өйткені жібекке артық ақша төлеу арқылы ол өзінің ата жауы Иранды күшейтеді ғой. Көп соғыстың ара-арасында ес жиған кездері константинопольдік патша сарайы ел ішінен мемлекет жауларының қолына қанша алтын зая кетіп жатқанын қынжыла отырып көреді. Бірақ экономикалық кіріптарлықтан құтылуға жасалған әрекеттен ештеңе де шықпайды. 531 ж. шамасында Юстиниан, африка көпестері делдалдық роль атқарып, жібекті Үнді мұхиты арқылы тасу ісін жөнге салса деген тілек айтып, Эфиопиямен келіспекші болады, бірақ парсылардың үнді порттарындағы ықпалының күштілігі сондай, эфиоптар олардан жібек сатып алудың монополиясын тартып ала алмайды, ал 532 ж. жасалған бітім сауда-саттықтың үйреншікті тәртібін қалпына түсіреді.
540 ж. Иранмен арада басталған жаңа соғыс Юстинианды арнаулы жарлықпен жібектің бағасын кемітуте мәжбүр етеді, бірақ парсы көпестеріне жібекті осынау бағамен саттыруға ешбір мүмкіндік болмайды. Соның салдарынан Сириядағы жібек тоқитын манифактуралар шикізат жетпей, тоқтап қалады»103. 570 ж. Ануширван Иеменді басып алып, Византияның Қызыл теңіз (Үнді мұхиты арқылы шығысқа баратын жолын біржолата жауып тастайды. Тап сол кезде тарих ойынына жаңа кейіпкер — Түрік қағанаты шығады. Түріктердің алым-салық ретінде Қытайдан орасан көп жібек алатынын біз жоғарыда айтқан едік. Хандар үйлерін жібекке қанша малындырып қойғанымен, олар алған жібегін түгелдей пайдаға асыра алмайды.
Эфталиттерді талқандағаннан кейін, соғдылар түркіт ханының боданына айналады. Олар көптен бері Шығыста да, Батыста да жылпос делдал және көпес ретінде әйгілі болғанды. Эфталит қожайындарын түркіттерге алмастырғаннан олар ұтпаса, ұтылған жоқ, себебі олар Азияның ішкі облыстарына ешбір кедергісіз және ештеңеден қауіптенбей-ақ бара беретін болды. Өздерінің басы артық жібектерін сатуға ұмтылған түркіттер сияқты, жібекпен сауда жасау ісін мейлінше кеңейтуге соғдылар да мүдделі тұғын.
Маниах деген соғды. Сонымен соғды көпестері эфталиттердің күйретілгенін өздерінің баюының басы деп есептегені әбден дұрыс еді. Шынында да Қытайға баратын жол ашық та қауыпсыз болатын, ол түркіттердің өздері тонап алған немесе салықтан түскен жібектерін қайда қоярын білмейтін, сол себепті де арадағы дәнекер-делдал бұрын болып көрмеген дәрежеде байып кете алар еді. Міндет тек жібекті Византияға жеткізу ғана, бірақ ол жөнінде парсы шахымен келісу керек. Істеми хан өз тарапынан жаңа бодандарының тілегін орындауға тырысады, себебі — бұл оның көңілдес-жақындарының мүдделерімен сәйкес келіп жатқан. Сондықтан да хан Маниах деген соғдының өзін Хосрой Ануширванға, шалымды соғдылар қолыңда жиналып қалған мол жібек қорын Иран арқылы алып өтуге рұқсат сұрау үшін, өкілетті елші етіп жіберу жөніндегі тілегін шын ықыласымен мақұлдайды. Елші тіпті парсы шахынан саудаға қатысу жөнінен яғни жібекті сатып алып, оны Батысқа апарып қайта сатуға ұсыныс жасайды104. Мұндай шараны жүзеге асырған күнде соғдылар тауар бағасы жөнінен аздап шығындалса да, оның айналымын молайтып, пайдаға шаш-етектен келер еді.
Әлбетте, парсы үкіметі мұндай мәмлеге көнбес еді, өйткені бүкіл жібек қорын Византияға өткізіп жіберетін болса, енді бірнеше жылдан кейін Евфрат бойында жалдамалы әскер қара құрымдай қаптап кетер еді де, оған тойтарыс беруге күллі Иранның күш-қуаты жетпес еді. Ал, жібекті ел ішінде пайдаға асырайын десе, оған Иран жұртының сатып алу қабілетінің төмендігі бөгет болады. Византия императорының батыс саясатын жүргізу үшін жібек қалай қажет болса, парсы шахы жібекті сатып алып, өзінің шығыс саясатын жүргізуге қажет алтыннан айрылады.
Одақтас ханы мойнына арта салған ауыр жағдайдан Хосрой құтылу жолын табады. Эфталит Катулфтың кеңесімен, әкелінген жібектің ақысы төленеді де, ол табанда елшінің көзінше өртеледі. Бұл соғдыларға парсылардың кәзіргі қалыптасқан жағдайды өзгертуге жол бермейтінін көрсетеді105. Соғдылар дереу ханға келіп, арыздарын айтады, сосын хан бұл тартысты реттеуге бел байлайды. Ол Иранға түркіттерден құралған жаңа елшілікті жібереді. Бірақ бұл елшілер де құралақан қайтады. «Жығылғанға — жұдырық» дегендей түркі елшілері белгісіз бір аурудан қаза табады; олардың тек үшеуі ғана қайта оралады.
Бұл кезде Маниах, Иранмен жасалған одақты бұзып, Византиямен қарым-қатынас жасау жөнінде ханды азғырып қойған еді. Алайда жібекті Каспий теңізін айналып өтіп, Кавказ арқылы тасу әрі қымбат, әрі қауыпты болатын: түркіт найзагерлерінен қорқып қашқан угорлар көпестер керуенін оп-оңай тонап-талап, жусатып салар еді. Иран арқылы жүретін жол төте де жеңілтұғын. Сол себепті де Істеми хан егес-тартысты қару күшімен шешпекке бел байлайды. Ол елшілерге у беріп өлтірді деп жариялап, жұрт көзіне кек қайтарушы болып көрінеді106.
Өзі бастаған соғыстың қиындығын анық түсінген хан одақтас тауып алғанша асығады. Ол Константинопольге сол баяғы Маниахты бас етіп елшілер жібереді, оған император Юстинианмен сауда жөніндегі шарт қана емес, Иранға қарсы әскери одақ жасауға тапсырма беріледі. Маниах Константинопольға Кавказ арқылы барады. Ол онда дер
кезінде келген екен. 568 ж. Ланчардтар Италияға басып кіреді, ал император Юстин II естиярлық танытып, юстинианның тұсында империяның қаржысын таусып бітірген батыс саясатын жүргізуден бас тартады. Оның үстіне Персияға қарсы соғыстың қайта басталмай қалуы мүмкін емес, ендеше қуатты одақтасты елемеуге тағы болмайды. Сол (себепті де император түркіт елшілігін зор ынта-ықыласпен қалбылдайды, одақтастық ниетін дәйектей түсу үшін 568 ж. тамызда, кейін қайтатын Маниахпен бірге шығыс шаһарларының қолбасшысы Земарх Киликийцті107 жібереді, Істемихан византиялық елшіні жылы жүзбен қарсы алады және өз ойының шын екенін дәлелдеу үшін оны Иранға қарай беттеген әскермен бірге жүруге шақырады.
Хосройдың соғысқысы келмейді. Талас өзені алқабыңда түркіт әскері парсы елшілігін кездестіреді, бірақ хан той кезінде Ісмархты парсы елшілерінен жоғары, құрметті орынға отырғызады да, мұның көзінше аналарды ашықтан-ашық кінәлайды. Парсы елшілері Иранға соғыс хабарын алып, қайтып келеді. Осыдан кейін хан Земархты жөніне жібереді, сөйтіп ол Константинопольға Маниахтың баласымен және өкілетті елші — түркіт Тагма-Тарханмен бірге қайтып келеді108. Маниахтың өзі бұл кезде дүние салған еді, ал бірақ Византия мен қағанат одағы өзін жасаушыдан кейін де өмір сүріп, Иран мен жауласу ісі сияқты, мұра ретінде хазар хандарына ауысады, ал Иранға деген жаулық сезімі, парсы патшаларын арап халифтары алмастырғанға дейін жалғаса береді.
Эфталиттер мұрасын бөлу. Соғыстың шығуына ресми себеп болған нәрсе — Істемиханның, парсылар эфталиттерге беріп келген алым-салықты енді мұның өзіне төлеуі керек деген талабы еді. Бұны шахтың қабылдамайтыны анық тұғын. Хан діттеген жеріне дәл соғады. Түркіт атты әскері Амудариядан жеделдете өтіп, Журжанадағы Сирдің бұрын парсылар қарауында болған сауда қалалары мен порттарын басып алады. Бірақ парсылардың сонау V ғ. эфталиттерге қарсы тұру үшін салған шекаралық бекіністер тізбегі түркіттер өте алмайтын бөгетке айналады. Шабуыл екпіні басылып қалады да, 569 ж. түркіттер Соғдианаға қайтып келеді. Осымен соғыс әрекеттері аяқталады, өйткені Істемихан Шахиншахтың жақсы жаттыққан тұрақты әскеріне ұрынып, басын жарып алудан сақтанғанды. Византияның енді көп ұзамай Месопотамияда соғыс бастап, парсы әскерін солай қарай әкететінін білетін хан әзірше эфталиттер мұрасын бөлісу жөнінде келісуге тырысады. 571 ж. шарты бойынша, Хосрой Ануширван Синдті, Бост, ар-Рохадж (Арахозия), Забулистан, Тохаристан, Дардистан мен Кабулистандарды алады. Бұған қоса эфталит сұлтаны Фагониш-Чаганианның мұралық меншігі де парсыларға қарайды. Түркіттер еншісіне Соғдиана тиеді.
Бітім шартын жасау Хосрой Ануширван үшін табыс болды. Біріншіден, ол патшалығының шекарасын шығысқа қарай өзінен бұрынғылардың бәрінен де алыс шетке жылжытады, екіншіден, ол армандары көтеріліс жасап, грузиндері византиялықтарға беріліп, Арапстандағы эфиоптар белсенділік көрсетіп жатқан, ақырында 572 ж. Византия әскері қаптап келіп, Низибті қамап алған батыс соғысына өз күшін босатып, жұмылдыруға мүмкіндік табады. Өзінің әбден үйретілген әскерін батысқа шұғыл жөнелткен Хосрой, соғыс әрекеттерінде тез өзгеріс жасап, 573 ж. Даруды алады109 . Шынын айтсақ, бұл жеңіске жеткені үшін ол ылажсыздан тоқтап қалған түркіттерге борыштар болатын: түркіттер өзінің ата жауы аварлар мен даланың Сабадан Донға дейінгі жерін басып алады да, Істемихан енді әскер бетін оңтүстіктен батысқа қарай бұрады. Сонымен 567 және 571 жж. арасында түркіттер бүкіл Солтүстік Кавказды қаратады да110, Босфор маңындағы Византия империясының иеліктерімен барып шектеседі. Бәлкім, олар өздерінің әрі досы, әрі кеңесшісі болып жүрген соғды көпестеріне жаңа керуен жолын ашқысы келген шығар.
Парсылар мен аварлар қысқаштай қысқан Византия ханмен одақтастыққа шап беріп, айрылмай қойды. Жақын жылдар ішінде түріктерге Евтихий, Иридон, Павел Кликкийский, Анангаст бастаған елшіліктер жіберіледі. Енді осынау одақ бекіп, Батыс пен Шығыс арасындағы көпір салынып бітетіндей болып көрінеді, бірақ оқиғалар басқа арнамен ағады.
Византиямен соғыс. 553 ж. Византияның өз жібек өнеркәсібі болады111. Жібек құртының ұрығын, Прокопий Кесарийскийдің айтуынша, Константинопольға екі христиан сопысы әкеледі, ал Феофан Византийскийдің сөзіне сенсек — бір парсы таяқтың ішін үңгіп, соған салып әкелген. Н. В. Пигулевская ол Соғды қалаларынан алынған деп шамаласа, Феофанға сілтеме жасайтын М. Е. Массой ұрық Журжаннан әкелінген деген пікір айтады. Жібек құртын өсіру Константинополь мен Бейрутте, Тир мен Антиохияда дамиды. VI ғ. аяқ кезінде жібек сатып алу ісі Византия үшін бұрынғы мән-маңызынан айрылады, сөйтіп түркіттердің жібек монополиясына ие болу жөніндегі үміті үзіледі. Бәсеке күшейгеннен кейін, олар жібек бағасын арандатпай тұра алмайды, бұл саудадан түсетін пайданы азайта түседі.
Византия. Түрік қарым-қатынасының салқындауына жібек саудасындағы бәсекелестікпен бірге авар мәселесі де әсер етеді. 568 ж. шарт бойынша Византия аварлармен бітімге келіп, одақ жасаспау туралы міндеттенген болатын, сол себепті де авар елшілігі Юстинге бітім жасауға және Паннонияны қаратып алуға рұқсат сұрай келгенде, олардың беті қайтарылады. Бұған қарамастан, аварлар Паннонияны басып алып, византиялықтарды жеңеді, олар сосын 570 ж. бітім жасауға мәжбүр болады.
Саясат жағынан қайта топтасуға осынау екі жәйт жеткілікті болады. Түркіттер Еділ бойындағы жаңа бағындырылған тайпалар арасында тұратын, олар осы уақытқа дейін түркіттердің ауыр атты әскеріне тең келетін жау болмағандықтан да бағынған еді. Аварлардың аяқ астынан күшейіп кетуі түркіт қағанаттары жауларын, ең әуелі құтырғырларды өзіне тартатын орталыққа айналады, сөйтіп түркіттердің өзіне қауып төндіреді. Бірақ аварлар әлі де гепидтармен, гректермен соғысудан қолы тимей жатқан кезде және соғыстың қалай бітетінінің өзі күмәнді болып тұрған кезде, түркіттер әлсіз дұшпандарына көңіл аудармаса да болатын еді. Ал енді аварлар Византиямен бітімге келіп, бір қауыптен құтылып, қуатты мемлекет құрып алған шақта, түркіттер бұған алаңдамай тұра алмады. Шынында да 576 ж. келген Валентиннің елшілігі, бұрынғыға қарағанда, мүлде басқаша қабылданады.
Елшіні сегіз еншіліктің біреуінің сұлтаны Турксанф қабылдайды (бұл кезде түрік мемлекеті ұлы ханға бағынатын сегіз еншілі аймақтан тұратын). Валентиннің сәлем-сауқат сөзіне ол былай деп жауап қатады: «әлгі он тіл мен бір алдауды қолданатын рулар сенсіңдер ме?» Осынау сөзден кейін ол он саусағымен аузын басып, сөзін сабақтай түседі: «Менің мына аузымдағы он саусағым секілді, румдық сіздерде не көп — тіл көп, соның біреуімен Сіздер мені, екіншісімен менің құлдарым вархониттерді алдайсыздар… Сіздердің патшаңыз менімен дос көңілден сөйлесіп алып, менің қожасынан қашқан құлдарым вархониттермен (ол аварларды айтады Л. Г.) келісімшарт жасағаны үшін, тиісті кезінде жазасын тартады. Бірақ вархониттер түріктердің (түркіттер — Л. Г.) боданы ретінде менің қалаған кезімде өзіме қайтып келеді… Румдықтар, Сіздер осы менің Византияға баратын елшілерімді, маған: «осыдан басқа жол жоқ деп, неге тек Кавказ арқылы жүргізесіздер? Мұны Сіздер ана жол қиын болғандықтан, мені Рум облыстарына шабуыл жасаудан бас тартады деп әдейі жасайсыздар. Алайда мен Данапр өзенінің қайда екенін, Истрдің қайда барып құятынын, Эврдің қай жермен ағатынын, әлгі вархонит құлдарымның қандай жолмен Рум империясына өткенін айдан анық білемін. Маған сіздердің күш-қуатыңыз да белгілі. Күн шашырап шығатын жердей бастап, батыс шектеріне дейінгі бүкіл ғалам маған бас иіп, тәжім етеді. О, бақытсыз байғұстар, ана алан жұрты мен ұтырғырлар тайпасына қараңызшы, олар да біркездері күш-қайраты бойларына симай құтырып, өз қуаттарына шексіз сеніп, өмірде жеңіліп көрмеген түрік халқына қарсы тұруға дәті шыдап еді, бірақ одан не пайда, жоқ үмітке алданып, жер соғып қалды. Енді олар біздің боданымызда, құлақ кесті құлдарымыз болып жүр112.
Бұл текс бізге түркіт сыртқы саясатындағы бетбұрысты түсіндіреді, бірақ Менандрдың баяндауындағы Турксанф сөзінің дәлелі тіпті де толық емес. Дүниенің бәрінен құлақдар болып отырған Түрксанфтың, Византияның аварлармен бітімге келуінің себебі гректердің Дунай бойында қатты жеңіліп қалуымен байланысты екенін білмеуі мүмкін емес. Валентин мұны ақтау үшін дәлелді оп-оңай-ақ табар еді, бірақ мұның орнына ол өзінің жеке басының қауыпсіздігіне кепілдік беретін елші ережесін, Түрксанфтың әкесімен ескі дос екенін т. б. еске алады. Қысқасы, ол өзін кінәлі кісідей көреді. Оның себептерін арап тарихшылары Табари мен Саалиби түсіндіреді. Хосрой Ануширванның соғыстарын сипаттай отырып, олар византиялықтарға жасалған жорықтан қайтып келгеннен кейін, Хосройдың хазарларға барып (яғни батыс түріктерге — Л. Г.) олардың сазайын бергенін хабарлайды. Саалибиде бұ хабардың датасы жазылмаған, бірақ ол Антиохияны алғаннан кейінгі уақытқа қойылған; Табари болса, бұл арада оқиғаның мезгілін реттеп қоймай, баяндай береді. Шынында да 575 ж. дейін византиялық елшіліктерді түркіттер өте жақсы қабылдайтын, бірақ 575 ж. Иран мен Византия өзара бітімге келеді де, Хосрой босаған әскерімен өз жауларының одақтастарынан кеткен есебін қайтарады. Түркіттер болса, 570 ж. 576 ж. арасында Солтүстік Кавказды бағындырудан қолы тимейді. Олардың жәрдемімен Византия қойған Гуарам Багратид Картли тағына ие болады (575 ж.). Олар Византияға сеніп, ту сыртынан соққы тиеді деп ойламайды.
Miнe осындай ақуал тұрғысынан қарасақ, Түрксанфтың ашуланғаны түсінікті болады. Қатынастың үзілгені дереу іс жүзінде көрінеді. 576 ж. түркіттер ұтырғырлардың қолдауымен Босфорды басып алады, «осы әрекеттен түріктердің (түркіттер) румдықтарға қарсы күрес жүргізіп жатқаны белгілі болады. Түріктердің шабуылы осымен тоқтап қалмайды. Олар бұзып-жарып Қырымға кіреді, бірақ шамасы одан тықсырылып тасталған тәрізді. Бұдан кейін түркіттер Византияға Батыс Кавказ арқылы жетуге ұмтылады113, алайда Солтүстік шекарасы Кавказ қырқасымен өтетін Эгриси хаңдығының қарсылығына ұшырайды. Олар сөйтіп Кавказдың арғы бетіне өте алмайды да, 80-ші жылдардың бас кезінде көптеген тұтқындарын қырып тастап, түркіттер кейін шегініп кетуге мәжбүр болады. Олар тек Солтүстік Кавказдың жазықтары мен Дағыстанның Дербентке дейінгі тау бөктерлерінде бекініп қалып қояды. Византияға енді түрік қаупы төнбейтін болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *