ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ (Ұраным Алаш) Т. Жұртбай

ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ)

1.
Сонымен, «Дала қарақшысы», «Өзі де – ақ, сөзі де – ақ», «Байтұрсынов – сол баяғы Байтұрсынов» атты ілгерідегі тараулардың мазмұнына жүгінсек, «Алашорда» астыртын контрреволюциялық ұйымының қастандық әрекеттері ашылмады. Дінше Әділевтің көрсетіндісі бойынша Міржақып Дулатовпен қоса Жүсіпбек Аймауытовтың «ылаңкестікке, қастандыққа» тікелей қатысы бар екенін анықтай алмаған тергеушілер, енді тергеу тәсілін күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық қастаншықпағыр тәсілін тапты. Олар тікелей Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай:
«Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «қырда көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді»,– деген айып аяқ астынан табыла кетті.
Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филип Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бір де біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден: бұл кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден: «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі»,– деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйіткілдің болғаны. Ендеше қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет»,– деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана болжам. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста: өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын басқаша қалай түсінуге болады?
Ең шетін мәселе – Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы 20 мамыр күні тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа:
«1927-1928 жылдары Әділевтің бандысымен астыртын байланыс жасап қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған»,– деген айыптың тағылуы соған дәлел.
Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанымызда, жолда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол: Өлкелік Комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым,– деген болатын. Мен мұны Қожановқа айттым. Ол содан кейін Асфандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Асфандияров тапаншаның бірнеше оғын Қожановқа берді. Қайтарда Арыс бекетінен Шымкентке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым.
1927 жылы өзімнің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұрлан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Байсейіт елге шығып кетті.
Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: «Қожанов Мәскеуден келді. Ол: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс»,– деп сәлем айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: «Мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер»,– деген үмітпен туысым Нұрлан Кәрібаевті ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келгеннен соң Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке – Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айттым. Ол: «Сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт»,– деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: «Таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да, өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер»,– деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».
Бұл көрсетінді Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне тікелей себепкер болды. Өйткені мұнда Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті» ашық айтылған. Және Д.Әділевтің берген көрсетіндісін Ж.Аймауытовтың өзі мойындаған. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:
Жоғарғы соттың айқындамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д.Әділев) бұған (Ж.Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді».
Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін алғыс айту керек еді. Ол кезде Жүсіпбек – Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушысы болатын.
Ал, бірінші рет «Торғай ісіне» байланысты жауапқа тартыларда ЦКАКА-да (қызыл әскер курсында) әдеби қызметкер екен. Ж.Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық кеңестің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол «айыпкерден» айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады.
«Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921 жылы 18-маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті – еуропалық аштарға азық-түлік жөнелту болды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті.
Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік Комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі:
«Алашордашылар аштарға көмек көрсетуде белсенділік танытып, дербес қимылдап еді, біз олардың бұл әрекетіне қарсы тосқауыл қойып, іске араластық»,– деп жазды.
Аштарға көмек көрсетіп, азық-түлік жиып, ажалдан құтқарған адамдарға «тосқауыл қоюдың» өзі қылмыс емес пе?! Иә, тосқауылды жақсылап тұрып, қойып, алаш ардагерлерінің барлығын кеңес қоғамынан «тазартып», қызметтен қуды, Қазақстанда тұру еркінен айырды, сотқа тартты. Сол «тосқауылдың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың, Ахмет-сафа Юсуповтың үстінен жүргізілген тергеу. Сөйтіп, осындай жазалау әрекеттерін жүргізу арқылы большевиктер өзінің беделін күшпен қалпына келтірген».
Тергеушілер «Алашордашылардың қылмыстық ісіне» Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы сот хаттамаларын да қоса тіркепті. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны Ж.Аймауытовтың өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: «Соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды»,– деп бағаланып, мемлекеттік деңгейдегі қаралаушы О.Исаевқа «Баянхат» (докладная записка) арыз жазуға түрткі болды.
Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылды. Істің созылуына әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.
«Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш
Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден: комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қалалық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады. Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын. Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келуге міндетті боламын.
Жүсіпбек Аймауытұлы. 18-сентябрь, 1927 жыл».
Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927-жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты.
Анкеталық деректер: Ж.Аймауытов сол жылы ол 37 жаста. Орынбордың Совет және Инспектор көшелерінің қиылысындағы №51 үйде тұрады. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген. Әйелі, үш баласы бар. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.
«Жан жегісі» атты тарауда бұл соттың жай-жапсары, О.Исаевтің баянхаты, Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінің М.Дулатов газетке жариялаған нұсқасы толық қамтылғандықтан да, бұл арада таратып жатпаймыз. Тек соған қосымша «Торғай ісі» туралы ресми мағлұмат ретінде Қазақ Өлкелік Комитетінің бір мүшесінің баянхатындағы төмендегі деректермен шектелеміз. Онда:
«1922 жылы Қазақстанның негізгі бөлігі, соның ішінде Торғай мен Қостанай уезі қатты аштыққа ұшырады. Тоқшылықта отырған Семей губерниясынан 8 мың ірі қара жиналды. 2 табынға бөлінген малды Торғайға Семейдегі аштарға көмек комитетінің атынан Аймауытов пен Тоқтарбеков айдап әкелді. Торғайда малды мұқтаждарға үлестіріп беретін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына: уездік аткомның төрағасы Жүсіпов, БК(б)П укомының хатшысы Байменов, уездік бөлімнің меңгерушісі Әбдіғапаров, Семей губерниялық Аштарға көмек көрсету комитетінің өкілі Аймауытов және уәкіл Құлжанов кірді. Мал таратылып болғаннан кейін кедейлердің арызы бойынша мал бөлісі жөнінде тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша: комиссия мүшелері мен уәкіл Аймауытов мал үлестіру барысында мал басын иемденіп, шығынға ұшыратып, талан-таражға салғаны үшін, малды байларға немесе мұқтаждығы жоқтарға үлестіріп бергені үшін жауапқа тартылды. Тергеу 4 жылға созылды. Алдын-ала тергеу кезінде және сот барысында комиссия мүшелері 5-9 қараны иемденгені, шығынға ұшыратқаны (темекі сатып алған, жорға майлаған), 15-тен астам қараны олардың Орынбор мен Семейде тұрғанына қарамастан туыстары мен таныстарына (Дулатовтың, Қадырбаевтің, Құлжановтың, Бірімжановтың) таратқаны расталды (мұны өздері де жоққа шығармайды), ал 5 жаны бар кедейлерге екі жасар бір тайыншадан ғана берген. Комиссия белгілеген мал үлестіруші уәкілдердің көпшілігі ауқатты адамдар (олардың ішінде мешіттің бір молласы да бар), дені комиссия мүшелерінің ағайындары мен құдалары (мысалы, айыпталып отырған Сарыбай Жүсіповтің туыстары 100 қара алған). Мал Жер жөніндегі халық комиссариятының телеграфпен берген өкімінен тыс үлестірілген, Жүсіпов, Байменов және Құлжанов соған мәжбүр еткен»,– деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 289-бет) көрсетілген.
Бұған қандай уәж айтуға болады? Шындықтың барлығы Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінде дәлелмен келтірілген. Дегенмен де тілмарсып мынадай сауалдар қоюға болады: жаз айында екі жарым – үш мың шақырым жерге 8 мың мүйізді ірі қараны (!) оқыралатпай, шыбындатпай, ит-құсқа талатпай жеткізгені үшін бақташылардың еңбекақы алуға, үш уақыт тамақтануға, насыбай-темекі атуға құқы бар еді. Ал мұнша сиырды шашыратпай жеткізу үшін жүрдек ат қажет шығар. Бақташыларға арнап жолақы төлемегені анық. Екінші бір уәж: қазақ жолына келсең, бар қазақ ағайынды. Бірақ Торғайдағы ақ пен қызыл боп бөлінген арғын мен қыпшақтың ата дауының арасы ашаршылық тұсында тіпті ашылып кетті. Мұны Жүсіпбек Аймауытов төбе шашы тік тұрып еске алады. Тіпті солай болған күннің өзінде де, ашаршылыққа көппен бірге ұшыраған Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Қадырбаевтың, Бірімжановтың, Жангелдиннің, Имановтың руластары мен ағайындары мал үлесінен неге шеттетілуі тиіс? Солардың қара шаңырағы ретінде 15 үйге 15 қара үлестірілсе, ол да айып па? Молданың үйі аштан өлуі тиіс пе еді? Осылай шексіз тілмарси беруге болады. Ашығына көшкенде оларға себеп емес, салдар ғана қажет болатын. Оған сылтау да даяр тұрды.
Жүсіпбектің бейнесін қысым жылдары да ұмытпай, оның есімін үнемі еске алып, ол жинақтаған Сұлтанмахмұттың қолжазбаларын қайта бастырған шегенді ұстаз Бейсенбай Кенжебаев өзінің жазып кеткен естелік мақаласында аталмыш сот күндеріндегі Жүсіпбектің көңіл-күйі туралы:
«Соттың бірінші мәжілісі аяқталған соң, Жүсіпбек Әуеш арқылы менен «Сана» журналының бір санын сұратып алды. Онда Жүсіпбектің психология жайында жазған «Әдет заңы» деген мақаласы болушы еді. Сот үш күнге созылды. Үшінші күні Жүсіпбек соңғы сөзін сөйледі. Оны түгел жазып алған екен, мәнерлеп оқып шықты. Залдағы отырған көпшілік өте риза болды. Соңғы сөзін Жүсіпбек түгелдей қазақ халқының әдет заңының негізінде құрған еді. Асылы былай болды: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады, құн беріп, құн алады, қалыңмал береді, қалыңмал алады. Сонда ол бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды, бәрін ауызша, сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестіргенде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім»,– дегенді айтты. Осылай Жүсіпбек ақталып шықты.
Түрмеден шыққан соң бір күні Жүсіпбек редакцияға келді. Біз – Ахмет, Әуеш, Аманғали, Мерғали, мен бәріміз ортаға алып, біраз әңгімелесіп отырдық. Көбінше оған сұрау бердік. Ол бізге жауап берді. Сол сұрақ-жауаптың кейбіреуі әлі есімде:
– Ал, түрмеде көпшілік арасында кілең бұзықтармен жатқаныңыз қалай?
– Әдейі жаттым. Оларды білгім келді. Бұзақылар өмірінен бірдеңе жазбақ ойым болды»,– деп жауап берді»,– деп (Бейсембай Кенжебаев, Телегей теңіз, «Лениншіл Жас» 1989, 6 қаңтар) еске алыпты.
Жоғарыдағы мағлұматтарға жауап есебінде Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөздің қолжазба мәтінін ұсынамыз. Оны тапқан адам – зерделі, сергек ойлы аға, марқұм Бейсенбай Байғалиев. Б.Байғалиевтің Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшірудегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, марқұмның өз қолынан алған Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзінің қолжазбасын келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында жазып алынған.
Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі: «Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері:
І) Мал үлестірген комиссияда болуым.
ІІ) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:
1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ басқан соң-ақ, қайтар»,– деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болды, оның үстіне: Торғай аштары кісі етін жеп жатыр,– екен дегенді естіп, үрейленумен болды.
2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласындағы жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені, бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген. Аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үстіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол»,– деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.
3) Мен үлестіру комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып (күш көрсетіп – Т.Ж.) жіберіп, талап алатұғын еді, өйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ондай талаудың болғаны екінші топ мал үлестіргенде анық көрініп тұрды.
4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі – мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.
Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:
1) Мен Торғайдың кейбірін – оқығандарын ғана білемін, көбін білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.
2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болғандықтан, олардың малды үлестіріп алуы мүмкін де емес.
3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары, он бес шақты үй: ашпыз,– деп арыз қылды, тағы сондайлар болды. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар. Себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай (бойынша есептеп), жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) – Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты аталып, олардың аш ағайындарына мал берген, оны маған айтып түсіндірген – тағы да сол Торғай жігіттері, ал үлес беруді ұйғарған – комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, жоқ па, олардың өздерінен сұрауға болар.
Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені, Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтініштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы да сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.
Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.
Еңбегім салауат! Ниетім – арам, жүрегім – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын. Аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.
Жүсіпбек Аймауытұлы.Тергеуші Сейдалыұлы».
Есіл ағаның аузына: «Мен-ақ құрбандығың болайын», – деген сөз қайдан ғана түсті екен. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. Сөйтіп, бірінші сотта Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.
2.
Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Бұл өзі Әлихан Бөкейханов: «Қазақта террор жасайтын ержүрек жігіт жоқ»,– деп айтты-мыс деген сөзге намыстанған өжет жігіттің жауап әрекеті ме? Әлде Қара – Ноғай үшін түбінде бір түрмеге түсетінін біліп, не де болса тәуекелге бел буғаны ма? Әлде қызба жігіттің ет пен терінің арасындағы желігі ме? Ол өзін театрдың директорлығын өткізіп бергеннен кейінгі ашынудан-үрейден туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.
Әлқисса, осы арада бір оқшау түсінік бере кетудің орайы келіп тұр. Біз екінші рет, яғни, 1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Праволық комиссияның төрағасы ретінде Қауіпсіздік комитетіндегі құпия құжаттармен танысқанымызда жазушы Дүкенбай Досжан да рұқсат алды. Құжаттарды қатар қараған кезіміз де болды. Соның нәтижесінде тездетіліп «Абақты» атты кітабы жарық көрді. Жүрдек қалам иесінің мақалалары да 10-15 күннен кейін баспасөзде жарияланып жатты. Ал біздің Мұхтар Әуезовке қатысты «Талқы» атты зерттеуіміз 1997 жылы ғана басылым көрді. Біз көшіріп алған құжаттар осы «Ұраным – Алаш!..» атты әфсанада барынша толық қамтылып отыр. Құжаттардың аудармасын салыстыра отырып, кейбір мәтіндерді Д.Досжанның жарияланымы бойынша деп ұсынуды мақұл көрдік. Түпнұсқа біреу болғандықтан да салыстыру барысында байқалған деректік ауытқуларды өзіміздің қолымыздағы көшірмеге сүйеніп жүйеге түсірдік. Сондай-ақ ол деректер автордың стилі мен шығарманың ырғағына қарай жинақтала баяндалды.
Сонымен, Д.Досжанның жарияланымында: «Қызылорда қаласы, Карл Маркс көшесі 54-үйде тұратын Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне 1929 жыл 14 мамыр күні жүргізілген тінтуде тәргіленген заттар: 1. Хаттар, барлығы – 88 дана. 2. Екі фотосурет. 3. Жеке басының құжаттары – 20 дана. 4. Аймауытовтың қолжазбалары және газет қиындылары – 34 бума. 5. Қалың дәптердегі қолжазбалар – 33 дана. 6. Кітапта – 6 дана. Куә ретінде азамат Ысқақов қатысқан. Тұтқындаған – Дінше Әділевті Бетпақдалада қуғындап жүріп, атыс үстінде қолға түсірген ОГПУ-дің өкілетті өкілі И. А. Шумилов»,– деп көрсетілген.
Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінің өзге алаш қайраткерлерінен оқшау жүргізіліп, кейін олардан бөлек тізімге ілініп, атылып кетуіне әскери тергеушінің айыптауы бойынша тұтқындалғаны себепкерлік етсе керек. Ал Евгения Аймауытованың хатында А.Саенко тінту жүргізген – делінеді. Бұл оқиғаның мазмұны Д.Әділевке қатысты тарауда толық қамтылғандықтан да, хаттамамен қысқарта таныстырамыз. «Тергеу хаттамасы. 29 жыл, 16 мамырда толтырылағн. Тергеуді ОГПУ-дің өкілі Саенко жүргізген.
Анкеталық анықтама: Жүсіпбек Аймауытов – 40 жаста, қазақ. Семей губерниясына қарасты Павлодар уезі Қызылтал болысының 1 ауылында туған. Әке-шешесі орта шаруа. Әйелі, 3 баласы бар. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Арнайы орташа білімі бар. Қазір партияда жоқ. 1920-22 жылдары БК(б)П мүшесі болды, басқа партияға мүше болған емес. Өз еңбегінің табысымен күн көреді. Мамандығы – мұғалім. Халық комиссарлары автономиялық Орталық Комитетінде қызмет істеді. 1926 жылы Қылмыстық кодекстің 113 статьясы бойынша істі болған, кейін ақталған. Әке-шешесі кедей шаруа. Ол кісілер қайтыс болған. 16 жасқа дейін туысқандарының қолында өскен.
Хаттаманың мәтіні алдыңғы және кейінгі бөлімдерде дәлел ретінде келтірілгендіктен де төлеу сөз ретінде қысқартып береміз:
Семей семинариясында оқып жүрген кезінен шығармашылықпен айналысқан. 1918 жылдан бастап негізінен Семейдегі семинарияда оқитын қазақ жастарының «Жанар» атты мәдени-ағарту қоғамының ұсақ қарыз серіктестігінің қаржысына басылған «Абай» журналының шығарушысы болды. Бұған Тұрғанбаев жетекшілік етті. Алғашқы кезде «Абай» журналын қолжазба күйінде шығару ұйғарылса да, кейін ұсақ қарыз серіктестігінің мәдени, оқу-ағарту ісіне арналған қаржысы пайдаланылды. Журнал өзінің 12-ші саны шыққаннан кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Оның үстіне «Сарыарқа» газеті журналға қырын қарады. «Сарыарқа» газетінің екінші санына «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деген ұзақ мақаласы жарияланды. 19-жылы семинарияны жақсы бітірді. Колчак үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі төңкерісшіл губерниялық комитетте істеді әрі «Кедей таңы» атты жаңа газеттің редакторы болды. Осы кезде БК(б)П мүшелігіне өтті. 1920 жылдың қазан айында Қазақ Атқару комитетінің мүшесі және оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайланған.
Ж.Аймауытов (жалғасы): «21-жылдың қыс айында Ысқақов пен Сәрсеновтің үйінде, кімнің ұсынысы бойынша жиналғанымыз есімде жоқ, партияда бары және жоғы аралас, ішінде алашорда көсемдері де бар, Семейдегі қазақ қызметкерлері бас қосқанымыз бар. Алашордашылардан Дулатов, Ғаббасов, Тұрғанбаев қатынасты, өзгесі жадымда қалмапты. Әңгіменің ешқандай қорытындысы болмады, бір шешімге келе алмай тарқастық. Осы басқосуда болар-болмасы белгісіз, әлі нақты белгіленбеген қызметке кейбір кісілерді ауызша тағайындап жатқаны маған түсініксіз көрінді. Сіздің сұрағыңызға орай айтарым, жиналыста БК(б)П мүшелігіне қабылдау мәселесі қаралды ма, жоқ па, ол арасы анық есімде қалмапты».
Ал 1929 жыл 23-мамыр күнгі тергеуде Дінше Әділев туралы көрсетінді береді. «Дала қарақшысы» атты тарауда баяндалғанындай Ж.Аймауытов (Д.Досжанның жарияланымы негізінде):
«Әділовпен 1921 жылы, Орынборда оқу-ағарту наркомының орынбасары кезімде таныстым. Ол кезде оның не істеп жүргенінен хабарым жоқ, әйтсе де, Қазақ Атқару комитетінің мүшесі екенін білетінмін. Кейін Әділев жаңғалақ жігіт дегенді естідім: жолдастарынан қарызға ақша алады екен де, оны қайтармай кетеді екен. Ташкентте тұрған кезімде үйіме бір мәрте келді, кейін оған: «Жазғы демалыста үй-ішімді жайлауға жіберсем қайтеді?»,– деп хат жазғаным бар. Бұл шаруаны кейін Ташкентте өзімен келістім»,– деп жауап берген.
Осы көрсетіндіден-ақ олардың арасындағы таныстықтың орнықты екендігі аңғарылады. Шындығында да, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша, екеуі сол жылы Семей қаласында танысқан. Зады Ж.Аймауытов таныстық мерзімін ұзартып көрсеткісі келмеген сияқты.
«Алаш iсiнiң» басталуына себепкер болған куәләрдiң iшiндегi ең түйінді «тұлғасы» да Дiнше Әдiлев болғандықтан да бұл тұзақтан Жүсiпбектiң жазасыз құтылуы мүмкiн емес едi. Егерде жеке тұрғанда оның арнаулы кешiрiмге iлiгiп, тағы да жетi-сегiз жыл өмiр сүруiне мүмкiндiк туатын едi. Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған «басты қылмыстың» астарын ашу үшін осы арада «Дала қарақшысы» атты тараудағы Дінше Әділевтің төмендегі көрсетіндісін қайталап ұсынуға мәжбүр екенімізді қаперге іле кетеміз. Жүсiпбектi оқтың ұшына байлаған айып мынау:
«Дiнмұхамед Әдiлевтiң жауабының хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.
(Жауаптың басында террор туралы ұзақ-ұзақ толғаулар айтады. Өзiн кекшiл – терроршы ретiнде көрсетедi – Т.Ж.). … Айтпақшы, Есполовтың үйiнде Голощекин туралы әңгiме болды. Онда Голощекиннiң өмiрiне тiкелей қауiп төндiру жөнiнде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егерде ретi келсе оған қастандық жасаған артық болмас едi. Бiрақ та бұл өте қиын дүние, бұл бiрiншiден, халыққа қатты күйзелiс әкеледi деген қорытындыға келдi. Сөйтiп, бiз үшеумiз осы тақырып төңiрегiнде әңгiмелестiк, алайда бұл мәжілісте нақты шешiм қабылдағанымыз жоқ. Менiң ағайым тұтқындалғаннан кейiн (оның «Алаш iсiне» ешқандай қатысы жоқ – Т.Ж.) Қызылордаға екiншi рет келгенiмде ол әңгiмеге қайтып оралғамыз жоқ.
1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келiп Аймауытовпен жолықтым. Әңгiме арасында Голощекин жөнiнде сөз қозғалды. Оған дейiн мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм деп сұрағанымда Аймауытов: «Макин. Ол жерге оңбаған бiр бұзықты қойды»,– деп жауап бердi. Содан кейiн: Жетiсу губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кім?,– деп сұрадым, бұрын ол орында Әлiбековтiң отырғанын бiлетiнмiн. «Оған да бiр бұзықты қойды»,– дедi Аймауытов. Ташкентке бару, бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы бұрын да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: «Әйтеуiр бiр қара түнек төнiп келедi, дүниенiң астан-кестенi шығып, асты-үстiне төңкерiлiп барады. Айналаң толған тыңшылар мен «үндеместер», тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелттi, соның барлығына Голощекин кiнәлi. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстiне төңкерiлдi»,– деп мұңын шақты.
Сөйтiп, бiздiң әңгiмемiз Голощекин жөнiнде болды. Әңгiме арасында не ол екенi, не мен екенiм есiмде жоқ, әйтеуiр бiреуiмiз оған қастандық жасауға болмас па екен дедiк, Аймауытов өзiнiң мұны – қастандықты қолдамайтынын бiлдiрдi. Ол маған: «Ол қолдан келе ме, жоқ па бiлмеймiн. Сен өзiңнiң ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзiңнiң адамыңды жiбер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремiн»,– дедi».
Мiне, Дiнмұхамед Әдiлевтiң осы сөзi Жүсiпбектi «саяси қастандық жасады» деген айыппен кiнәлауға себепкер болды. Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлев өте күрделi өмiрбаянның иесi. Осы арада бірінші кітапта баяндалған оның өмір жолын қысқаша еске түсіре кетеміз.
Оны он төрт жасында көшеден көрiп қалған Мiржақып Дулатов бауырына тартып, Омбыға оқуға түсiредi. Одан қызылдардың әскерiнiң қатарына кiредi, Колчактың түрмесiне түседi, Қиыр Шығыстағы партизан жасағында соғысады, одан Қожановтың көмегiмен қызметке алынады, қазақ драма театрының тұңғыш директоры мiндетiн атқарады. Мiнезi тез, тентек, оқиға құмар Дiнше ауылына барғанда Бетбақдаланы шулатып жүрген, ауылдың қыз-келiншектерiн Сарысудың бойында жинап алып, бейбастақ әрекетке еркiндiк берген Қара Ноғай дегендi ұстап, оған өзiнше сот құрып, атып тастайды да денесiн мұздың ойындысына батырып жiбередi. Содан бастап қуғынға түседi.
1928 жылы желтоқсан айының 28-і күнi ұсталады. Ол өзiн бiрден ұлттың жоқшысы ретiнде жариялап: «Алашорданың» тапсырмасын орындадым»,– деп мәлімдейдi де бүкiл өмiрбаянын хатқа түсiрiп, «Алаш» үкiметiнiң барлық көсемдерiнiң қайраткерлiк әрекеттерiн өзiнше баяндап бередi. Сөйтiп, әуелi Мiржақып Дулатов пен Жүсiпбек Аймауытов, содан кейiн Ахмет Байтұрсынов түрмеге қамалып, тергеуге алынады. Соның нәтижесiнде алдыңғы топта 42, кейiнгi топта 30 адам жазаға тартылады. Тергеу барысында Жүсiпбек Аймауытов өзiне Дiнмұхамед Әдiлевтiң бiр рет жасырынып келгенiн, Голощекинге қастандық жасаймын деп қоқиланғанын, бiрақ та оған: «Тентектiкпен iс бiтпейдi, сен бар жағдайды айтып, Қара Ноғайдың қылмысын дәлелдеп, өкiметке жаз. Ал қастандық жасаймын дегендi ұмыт. Халыққа кесiрiң тиедi»,– деп шығарып салғанын айтады.
Сондай-ақ, Жүсiпбектiң үстiнен өзiнiң шәкiрттерiнiң де арыздары жиналыпты. Шымкент педагогикалық техникумының студентi Қалабай Бекдуллаев бастатқан үш шәкiрттен жауап алыныпты. Оның iшiнде кейiннен аты қазаққа танымал болған бiр адамның аты да ұшырасады. Оның барлығын тәптiштеп айтудың пәлендей қажетi шамалы. Голощекин мен «Үндеу» туралы дерек дәлелденбесе де Жүсiпбектiң мойнына айып ретiнде тағылды. Негiзгi себеп осы ғана…
Өзге тұтқындарға қарағанда бұл екеуінің беттесуі тездетіліп ұйымдастырылыпты (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«1929 жылы 29-мамыр күнгі Ж.Аймауытов пен Д.Әділевтің беттесуінің хаттамасы.
Аймауытовқа сұрақ: Әділевпен соңғы рет қай уақытта кездестіңіз?
Жауап: 27-жылдың жазында. Оны кездейсоқ көшеде ұшыраттым, ұмытпасам, қасында ешкім болған жоқ. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сәдуақасов Жанайдарға ауылдың әлдебір шаруасымен келгенін айтты. Иә, дәл солай айтты.
Әділевке сұрақ: Кездескеніңізді мойындайсыз ба?
Жауап: 1927 жылы Шымкент қаласында болған емеспін. Сондықтан да Аймауытов мәлімдеген әлгі кездесудің болуы қисынға келмейді.
Аймауытов: Дәл мерзімі жадымнан шығып қалыпты, әйтсе де Жанайдар Сәдуақасов Сырдария Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезде кездескеніміз рас. Содан кейін Әділевпен бетпе-бет жүздесіп отырғаным осы.
Әділевке сұрақ: Аймауытовпен соңғы рет қашан кездестіңіз?
Жауап: Соңғы рет 28-жылдың маусымының басында Ташкентке бара жатқан жолымда Шымкентте жолықтым. Байдуллаев Ағабекті босатып алу оқиғасына келетін болсақ, Аймауытов бұл ойымды құптайтынын айтқан еді.
Аймауытовқа сұрақ: Ол кездесу есіңізде ме?
Жауап: Мұндай кездесу болған емес. Сіздің көзіңізше Әділевке мынандай сауал қойғым келеді: Әділевке үнемі ақыл-кеңес беріп жүріппін бе?
Әділев: Біреудің ақыл-кеңесіне сүйендім бе, жоқ па, ол өз алдына жеке әңгіме, ал айтып отырған жағдайға байланысты Аймауытов маған ешқашандай кеңес берген емес, көмектескен де жоқ.
Аймауытовқа сұрақ: Саяси оқиғаларға орай Әділевке қандай да бір тапсырма берген кезіңіз болды ма?
Әділев: Жоғарыдағы айтылғаннан басқа маған тапсырма берген емес.
Аймауытов: Егер Әділев менің ақыл-кеңесіме мұқтаж болса, сол ақыл-кеңестің қандай да бір нәтижесі болды ма?
Әділев: Шымкент қаласында тұрғанда Аймауытов Дулатовтың айтқан сәлемдемесін менің хабаршы жігітім Нұрлан арқылы маған жеткізді».
Жауапқа тартылушылардың түбіне жеткен соңғы сөздің мәнісі тергеуде қайталана тәптіштеліп, нақтылана түседі. Тергеудің қайырмасы сияқты қайталана беретін бұл оқиғаға жауап ретінде Жоғары сот анықтамасының:
«БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ»,– деген қорытындысын назарға ұсынумен шектелеміз.
Бұдан кейін тергеушілер Жүсіпбек Аймауытовқа астыртын ұйымның мүшесі ретінде айып тағу және оның ісін өзге алашордашылармен, Созақ көтерілісімен байланыстыру мақсатында куәлердің ауқымын кеңейтуге ұмтылған. Тергеудің үшінші томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаевтың: «Жүсіпбек Аймауытов шәкірттерді көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған»,– деген мағынадағы көрсетіндісі тігілген. Онда кеңес өкіметінің “болашақ ұстазы” өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты “халық жауы” ретінде әшкерелеген. Ол өзінің көрсетіндісінде қыза-қыза келе Абайды да “халық жауының” қатарына қосып жіберіпті. Соған қарағанда Қ.Бекдуллаевтің кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады.
«1929 жыл, 26-маусым. Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2-үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.
Аймауытов Жүсіпбекті 1921 жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған – Т.Ж.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (– ?– Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек – Т.Ж.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен. Ол 1926-жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл – алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура – Т.Ж.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға берді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде “Үрбек” («Ақбілек» — ? – Т.Ж.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап “алашордашылардың” рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. «Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді»,– делінген.
Сондай-ақ, ол студенттерге “Ақ жол” газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің “Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды” – деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.
Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің “Сылаң қыз”, “Мансапқорлар” т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақ та мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта – Т.Ж.) жазылғандықтан да, ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы “Еңбекші қазақ” газетінде сын мақала жарияланды, ал онда: «Бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да, қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ»,– делінген.
Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.
Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас.
«1928 жылы көктемде педтехникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың Үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – Т.Ж.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс (Белгілі кеңес қайраткері Ә.Досов емес екені анық. Соған қарағанда Досов деген Ж.Аймауытовтың бұрынғы шәкірттерінің не таныстарының бірі болуы мүмкін – Т.Ж.). Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған – Т.Ж.) студенттерді оқудан шығарған соң, оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды. Егерде ішінара кейбір студенттер оған: «Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз»,– деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: «Біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі»,– деп жауап беретін»,– дейді.
Бұдан кейін шәкірт Бекдуллаев өзімен бірге оқитын шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Өзінің ұстазы жөніндегі Қалабайдың жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде: «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?»,– деген күдік ұялайды.
«Аймауытов, әсіресе, қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймауытовтың үйінің төрін бермейтін».
Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Ж.Аймауытовтың театрға ауысуы туралы Д.Әділевпен арадағы хаттары алдыңғы бөлімде жарияланған болатын, ал Иса мен Әміре, Жұмат – Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі де әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.
1977 жылы қараша айында қызыл әскердің құрылғанына алпыс жыл толуына орай редакция тапсырмасымен Баукеңнің үйінің табалдырығын таңғы сағат онда аттадым. Әр сөзін айтып отырып қағазға түсіртті, соңынан Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов туралы сұрадым. Бұл деректі өзі жақсы еркелететін қаламгер Мамытбек Қалдыбайдан естігенімді, ал өзім сегіз жылдан бері ұстазым, профессор Хайыржан Бекхожиннің тапсырмасымен алаш тарихына қатысты жартылай жабық зерттеу жүргізіп жүргенімді айттым. Сонда ұзақ ойланып отырып:
« – Мұны жазба. Маған емес өзіңе сөз келеді. Алаш көсемдерінің бәріне де айып тағуға болады. Өйткені олардың кеңес өкіметін мойындамағаны шындық. Ондай кеңдік – демократиялық елде ғана кешірімді. Ал бізде пролетариат диктатурасы. Түсіндің бе, диктатура, пролетариат диктатурасы. Ал кез-келген диктатура ешқашан өзінің дұшпанын кешірмейді. Солардың ішінде диктатураның өзі де кінә таға алмайтын адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Менің ұлы ұстазым. Мен ол кісінің ақтығына ант бере аламын. 1927-1928 жылдары Шыменттегі техникумда бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Кәдімгі қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкірттердің арасына келіп әдебиет туралы әңгіме айтатын, әнді сондай нақышына келтіріп орындайтын. «Екі жирен» әнін Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есімде. Музыкалық аспаптарда, әсіресе мандолинді өте шебер орындайтын. Домбыраны өзі жасайтын. Етікшілігі де керемет еді: «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді»,– деп отыратын. Қазіргі қазаққа белгілі адамдардың ішінде Әбділдә Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов үшеуміз дәріс алдық»,– деп мағлұмат беріп еді Баукең.
Тергеу ісі бойынша Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің “ізі өшкен”, яғни, кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады:
«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді»,– деген мағлұмат тыңшының тиянақтылығын білдіреді.
Әйтпесе, оқытушысының басқан ізін санап жүретін зеректік кез-келген шәкіртке тән емес болса керек. Мұхтар Әуезов туралы сирек те құпия деректерді жариялай бастаған кезім, яғни, 1987 жылдың күзі мен 1988 жылдың көктемінің бірі еді. Күнделігіміз сол тұста қолды болып кеткендіктен де нақты мерзімін анықтай алмадым. Әйтеуір, «қайта құрудың» екпінімен Қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік архивтің сөрелеріндегі осындай шетін құжаттардың біріне кешкі бесте жолығып, ертең қарауға ысырып қойған түні таңғы сағат жетіде Әбділда Тәжібаев телефон шалып, тура сағат сегізде күтетінін бұйыра айтты. Күдігіміздің үстінен түскенін ішіміз сезді, бірақ секемге қимадым. Салқын қарсы алып, шахмат тақтасын нұсқап, ойынға шақырды. Бірінші кезекті жеңуге мүмкіндігіміз бола тұра жеңілдік. Екіншісінде қапы қалдырды. Қарқылдап ұзақ әрі рахаттана күлді де: «Мұның барлығын неге сүйеніп, кімге сеніп жинап жүрсің?»,– деді. Кімге сенемін дерсің? Тек Қайым Мұхамедхановтың атын атап, өзінің Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған «Аққайың» пьесасын, «көмілген мысық» тарихын емеуірін еткенімде орнынан атып тұрып, сөздің біткенін білдіріп маған жонарқасын берді. Қапымды шахматтан емес, архивтен қалдырыпты. Кешегі құжаттар қайтып менің қолыма түспей кетті. Демек, кешкі сағат бес пен таңғы сағат алтының аралығында «абыз ақынымыз» тыныш жатпай, «өлілердің архивін» әлдекімнің қолымен ақтарған болып шықты ғой! Қара жер хабар бермесін, «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссеміздің жалғасы (1988) жарияланғанда тура осы мазмұндас пікірімізді білдіріп, қарсы хабар күтіп едік. Дауысы естілмеді. Содан кейін де біраз жыл өмір сүрді. Мағжанның әйелі Зейнеппен соттасқандай болып айтысып, шығармаларының алғысөзін жазды. Сонда да көңілі тыныш таба қойды ма екен. Қайдам.
Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:
«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймауытовтың жақын араласатын адамдары – Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».
Бұл үндеуді табуға ұмтылып, барынша зер салсақ та, тергеу ісінен оны кездестіре алмадық. Ал техникум студенттерінің астыртын ұйымы туралы мағлұмат қазір де тым мардымсыз.
Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай.
Бауыржан Момышұлы: «Ол түсініспестік жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пікірімді Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемі болатын. Мына Ғабит Мүсірепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. «Созақтағы көтеріліске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзіммен оқыдым. Сондықтан ақталуы қиын»,– депті Димекең. Ғабит те алып көріп: «Ұқсайды. Бірақ ол емес. Мен де сол кісінің жазу үлгісімен жазамын. Сонда да айырмасы бар. Мына жазу үлгісі оныкі емес. Соған еліктеген шәкірттерінің бірінікі болуы мүмкін»,– депті. Ал оған кімді сендіресің? Түбінде қайрылып бір оралатын кез туады. Сондықтан да сенің олардың мұраларын жинақтап, дерек теріп жүргенің дұрыс та шығар. Жүсіпбек мұғалім туралы айтарым осы, қарағым. Ал Мағжанды мен көрдім…»,– деп әңгімесін одан әрі жалғастырып еді.
Ол естелік Мағжан туралы бөлімде баяндалатындықтан да кейінге қалдыра тұрамыз.
Енді Ж.Аймауытовқа: – «Контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын «Алқа» астыртын ұйымына қатысқандығы әшкереленді»,– деген үшінші айып тағылды.
Соған орай «Алқа» әдеби бағдарламасы мен Ташкенттегі астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысты қайыра жауап алды. «Алқа» әдеби үйірмесі туралы арнайы бөлімде дербес талдау жасалатындықтан да Д.Досжанның жарияланымындағы төмендегі хаттамадан үзінді келтірумен ойымызды тиянақтаймыз:
«Сұрақ: астыртын ұйымға мүше болғаныңызды растайсыз ба?
Жауап: Ешқандай астыртын ұйымға мүше болған емеспін.
Сұрақ: «Ақ жол» газетінде ұлтшылдық сарындағы мақалаларыңыз басылды ма?
Жауап: қандай сарында жазылғанын айта алмаймын, әйтеуір әдебиет туралы және сол кездегі казақ кедейінің халі туралы мақалаларым басылды.
Сұрақ: Жұмабаев туралы не білесіз?
Жауап: Ол қазақтың көрнекті ақыны, оның өлеңдерін сынаушылар да көп, мен оны таза ақындық пафостың иесі деп білемін.
Сұрақ: Жұмабаевтің ұйымына ендіңіз бе?
Жауап: «Жұмабаевтің ұйымы» деген ұйым болған емес, ондай ұйымды естіген жоқпын.
Сұрақ: Дулатов жайлы не айтасыз?
Жауап: Дулатовтың «Оян, қазақ» деген жинағын оқығаным бар, ол «Ақ жолды» шығарып тұрды, саяси істері жағынан ешқандай баға бере алмаймын, ал, әдебиетшілігі көпке пайда беретін дәрежеде дегім келеді.
Сұрақ: Астыртын ұйымның жоспары болды ма?
Жауап: Ешқандай астыртын ұйымның болмағанын біле тұрып, оның жасалмаған жоспары туралы не айтуға болады».
Иә, бұл жауаптарға не айтуға және оны қалай талдауға болады? Жүсіпбек Аймауытовтың ауызынан тергеушінің сұрағына орай қайталанып айтылған сөздер мен мойындаудан бас тартқан оқиғалардың барлығы оған қылмыс ретінде таңылып:
1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.
2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.
3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.
4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.
5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған – деген айып тағылды.
1929 жылы 29 -шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:
«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі»,– деген ілеспе хаты сақталған.
Бұдан кейінгі “Әділевті және басқа да 41 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің” тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.
Ол бұл сапардан аман қайтпайтынын білді. Олардың Барсакелмеске кетіп бара жатқанынан үй-іші хабардар болған. Оған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың:
“Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен»,– деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар – Жүсіпбектің баласы – Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы – Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы – Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: “Қайт, атамын!”,– деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: “Бектұр! Жақында, қорықпа!..»,– деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп поезды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын”,– деп (Р.Сағымбекұлы. Жүсіпбек. А. 1997. 209-бет) еске алады.
Ал сол кезде есін енді-енді біліп келе жатқан, алайда шешесі Евгенияның қасында әкесі туралы естіп өскен Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызы Сахно:
«Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті. Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл»,– деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен оны әбден тексеріп білдім»,– деп хабарлапты»,– деп (З.Ақышев.Қайран Жүкең…, «Шалқар» 1990, қазан) еске алады.
Ұлттың рухани өмiрiн тiзерлетiп кеткен бұл зауалдың бетiн қайыру мүмкiн емес-тiн. Оған Қужақтың – Голощекиннiң өзi де араша түсе салмайтын. Дегенмен де, адамның үмiтi үзiлген бе? Он төрт томнан асатын тергеу хаттамаларының iшiнен жоғарыдағы Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызының сөзін растайтын, жұбайына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбек Аймауытовтың қосағы – Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайырымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:
«2 / VII – 29.
Голощекин жолдасқа!
Маған көмек көрсететiн бiрден-бiр адам ретiнде Сiзге хат жазып отырмын. Менiң тауқыметтi iсiме сiз ғана көмектесе алады деп көп адамнан естiдiм.
Мәселе мынада. Биылғы жылдың 14-мамыры күнi ОГПУ-дiң агенттерi менiң күйеуiм Жүсiпбек Аймауытовты тұтқындап әкеттi, оған тағылған айыптың бабына қарағанда оның қылмысының саяси астары бар екен (Менiң күйеуiмдi ұстаған ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң өкiлi, тергеушi Саенко солай деп айтты). Мұның әлде қалай бiр жаңылысу екенiн мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi, менiң күйеуiм саясатпен ешқашанда айналысып көрген емес. Ол тек қана әдеби жұмыспен ғана шұғылданды, оқу-ағарту саласына арнап оқулықтар мен таза көркем шығармалар жазып, кiтап шығарды. Ол қазақтың жаңа қарпiне байланысты Орталық Комитетте жұмыс iстедi, латын қарпiн етене кiргiзуге белсене араласты, газет беттерi арқылы еуропалықтарға қазақ тiлiнен дәрiс жүргiздi. Бұдан басқа ол қазақ ағарту институтында сабақ бердi, демек, оның саясатпен айналысуға ешқандай да уақыты болған жоқ.
Мен сiзден осы iске араласып, тергеудi тездетуге және егер мүмкiн болса тергеу бiткенше кепiлдiк арқылы босатуға рұқсат етуге көмектесуiңiздi қатты өтiнемiн, өйткенi ол ешқайда ешқашанда жасырынып әлек болмайды, себебi ол өзiнiң кiнәсiз екенiн бiледi, өзгесiн былай қойғанда, жазықсыз адамның кәдiмгi қылмыскер сияқты түрмеде отыруының өзi күйiнiштi ғой. Егерде оның денсаулығы маған сенiмсiздiк тудырмағанда, онда мен соттың әдiлдiгiне сенiп, үндемей отыра беруiме шыдамым жетер едi. Алайда ол биыл қыста ғана ауырған сүзектiң зардабынан қос өкпесi қабынып кетiп едi, сол үшiн оны өкпе ауруының емханасына есепке алған болатын. Менiң өзiмнiң де өкпем ауырады, сондықтанда сағат сайын оның өмiрiн қысқартып бара жатқанын жақсы бiлемiн, ол өзiнiң жастығымен, бiлiмiмен және қабiлетiменен қазақ пролетариатына өте зор пайда келтiрген болар едi ғой.
Менiң жан айқайыма құлақ түрiп, бiр жағынан – Қазақстандағы ең ықпалды адам ретiнде, екiншi жағынан – өзге адамның қайғысын түсiне бiлетiн адам ретiнде осы iске араласып, менiң күйеуiмдi босатуға көмектесуiңiздi тағы да өтiнiп сұраймын әрi қатты үмiттенемiн. Менiң өзiм сiзге жолығып бар мұңымды ашып айтсам ба деп едiм, ойыңдағыңның барлығын қағазға толық түсiре алмайсың ғой, бiрақ та оған денсаулығым мүмкiндiк бермедi, менiң өкпем ауырады әрi менiң қолымда үш бала бар.
Оның өзiне де, бүкiл үй-iшiне де не үшiн екенi белгiсiз, осыншама қасiрет әкелген осынау үлкен қателiктiң бетiн қайтаруды сiзден тағы да қиыла өтiнемiн.
Сiздiң кiшiпейiлдi қайырымдылығыңызға деген сенiмiмде қаламын.
Евгения Аймауытова. 15 / VI – 29 жыл.
Шымкент, Пушкин көшесi, 5 үй. Аймауытова».

Қарапайым адамның, оның iшiнде ерiн аялаған әйелдiң үмiтi мен сенiмінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Евгения Аймауытованың да сезiмi сондай қасиеттi махаббаттан туып едi. Түрменiң тар терезесiнен бiр нәзiк сәуле боп түсiп, Жүсiпбектiң жүрегiне жарық құйғысы келдi. Бұл ұясына таңдайының астына тамшы тұндырып, су тасыған ана қарлығаштың мейірiмiмен пара-пар едi. Бiрақ, оған «көмек көрсете алатын бірден-бiр», «Қазақстандағы ең ықпалды адам» – «өзге адамның қайғысын түсiне бiлмейтiн», түсiнгiсi де келмейтiн. Ол – «кiшiпейiл де емес, қайрымды да» емес, Жүсiпбекке ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «қасiрет әкелген үлкен қателiктi» тудырып отырған, «кiшi октябрь үшiн» бүкiл елдi жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректiнiң өзi сол Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi.
Екiншiден, бiрден Голощекинге арнап хат жазуының себебi, Жүсiпбекке тағылған айыптың бiрi – Голощекинге қастандық жасауды жоспарлады деген жала. Мұңлы махаббат иесi тiкелей Голощекиннiң өзiне хабарласу арқылы оның жүрегiндегi қатқан берiштi ерiтуге тырысқан. Өлкелiк басшының кешiрiмiн алуға ұмтылған. Өкiнiшке орай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбетi ендi ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеушiлерге жолдап, қосымша айғақ ретiнде iске тiркеттiрдi. Сөйтiп:
«ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгi кеңесiнiң шешiмi бойынша №78754 іс бойынша айыпталған Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовты қылмысты iстер кодексiнiң 58/2, 58/4, 58/11, 58/10 – баптары бойынша, Есполов Мырзағазыны 58/2, 58/10 баптары бойынша, Ғаббасав Халелдi 58/2 бабы бойынша, Әдiлев Дiнмұхамед пен Аймауытов Жүсiпбектi 58/2, 58/8, 58/11 және 58/10 баптары…» бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды.
Оның артында сабақтасы Омар Иманбаев досына түрмеден жолдаған:
«Шықпаса жаның денеңнен,
Не салса тағдыр көрем мен.
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған сенем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар, соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем – мен өлмен!»,–
деген өсиет сөзі ғана қалды.
Иә, өзі өлсе де Жүсіпбектің сөзі өлген жоқ. Сөзімен қоса мұқым қазақтың жандүниесін егілтетін «Екі жирен» әні қалды.
Оның, Жүсіпбектің аса шебер музыкант болғанын, алты-жеті әні бар екенін Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының естелігі де, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовтың бізге берген мағлұматы да, Семейдегі көз көргендердің куәлігі де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешінде Жүсіпбектің «Біржан мен Сараның» айтысындағы Біржан бейнесінде сахнада өнер көрсетуі соған дәлел. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков марқұм да «Екі жиренді» айтқанда, оның екінші нұсқасын үйренген ауыл әншісі Толыбайдың тағдырын сөз еткенде Жүсіпбектің ән шығару қабілетін еске ала отыратын. Соның ішінде дәлелі анығы «Екі жиреннің»:
Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,
Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен,–
деп басталатын нұсқасы.
Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терісаққан өзенінің бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарғаны туралы естелікті бізге Баукең – Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпісінші жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазу барысында әңгімелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып еді. Бұл деректі жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсірепов дегдар да мақұлдаған болатын. Бұдан өзге де оншақты әні, соның ішінде осы тергеу ісінде аты кездесетін әйел заты – Шәкітайға (Шын аты – Шәмши-Хамар), арналған «Шәмши-Хамар» (арабша Күн мен Ай, яғни, Күнсұлу деген сөз) әні де халық әнінің қатарында жүр. «Шамши-Хамар» әнінің шығу тарихына байланысты кезінде газетке фельетон да жарияланған. Біз оны әдейі назарға алмадық. Ол басылым туралы Муза – Мәруә Жүсіпбекқызы да мағлұмдар екен, оған шешесі Евгения айтып беріпті.
Әрине, бұл серіліктің хикаясы дербес әңгіме. Дегенмен де енді қайтып жарық дүниені көрмейтін сапарға аттанған өнер иесінің тіршіліктегі серілік қасиеттерін еске сала кеткіміз келді.
3.
Тергеу ісінің ҮІІ томның 372-бетінен бастап Ж.Аймауытовтың өзі жазған немесе өзіне келген хаттар, сондай-ақ осы томда Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет туралы жазбалары және екі суреті тіркеліпті. Сурет тура және қырынан түсірілген. Шашы қысқа. Көзі қысылыңқырап тұр. Мұртты. Кеудесіндегі ақ шүберекке «№ 2870» деген сан жазылған. Іспен алғаш рет танысқанымызда бұл сурет бар еді. Екі жылдан кейін қайта қолымызға алғанымызда, сурет жоқ болып шықты. Оған не амал бар. Қолма-қол түсіріп алатындай мүмкіндік қазіргіге қарағанда шектеулі болатын. Тығыз да кесімді уақыт, қысталаң кеңсе әдеби жазбалардың барлығын көшіріп алуға еркіндік бермеді.
Соның бірі – тінту кезінде алынған Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаевтың Мағжанға жазған хаты. Зады бұл хат «Алқа» әдеби үйірмесін құру мақсатында ниеттеніп жүрген ақынның пікір білдіру туралы өтінішіне жауап болуы да мүмкін. Өйткені мұндағы пікірлерден «Табалдырық» атты бағдарламадағы ой ұшықтары аңғарылады. Анығы, «Мағжанның ақындығы» атты мақаласына дайындық тұсында жазылған. Әдебиет туралы пікір қозғау олардың ойында бұрыннан болса керек. Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Әлде, не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым қарпінің жазу үлгісін пайдаланған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.
«Орынбор. 1924-жыл. Майдың — 16.
Ардақты Мағжан!
Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.
Ақылды – не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақ та туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.
Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын да сенсің. “Жаралы жанды”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгіннен” жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?
Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса, күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?
Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торықпа, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды – “болды” деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?
Пушкинді – Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен – туысың қазақтың, адымың – қарға, елің – мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы – адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның ( иманына – ?) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.
Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.
Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түрткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.
Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали”.

Мiне, шынайы тiлек, шынайы сын деген осы. Қаншама «жасасындатып», «қарғап-сiлеген» сыннан көрі Жүсiпбек пен Молдағалидың дәл осы сөздерi Мағжанға әлдеқайда мол әрi терең әсер еткенi сөзсiз. «Жиhан күйiгi» туралы iшкi рухани ақындық түйсiктi Мағжанның өлеңдерiнен алғаш аңғарған да және оны дәлелдеп берген де – Жүсiпбек Аймауытов. Қазiргi сауаты сан-салалы, әлем поэзиясына көзi қарақты сыншылар мен зерттеушiлер де мұны назардан тыс қалдырып келедi. Демек, ақынның жан құпиясы әлi толық ашылмады деген сөз.
Төменде назарға ұсынылып отырған Жүсіпбектің әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша мәтінінің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты анық, сұлу. Өкінішке орай хаттың кімге арналғаны туралы бастапқы жолдар таспадан хатқа түсіргенде өшіріліп кетіпті. Негізінен бұл хат Абдолла Байтасовқа, не Қошке Кемеңгеровке жолданған. Алғашқы сөйлемді:
«Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсіресе қазақ өмірінде бұл өте ажыратылмаған іс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзім де кедей боп өстім. Сонда көргенім, кедей жігіттері…»,– деп бастап, пікірін одан әрі былай жалғастырады.
“Сонда көргенім, кедей жігіттері жаман аяғымен, байдың жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: «Мынау қазаққа келеді екен»,– деп жалшының, не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ – берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.
Тағы бір қосылмайтын жерім: «Ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады»,– деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені – өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болғандықтан да, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, Міржақып байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма?
Төңкерістен бұрын, деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушыларының да кейбірі төңкерістен кейін жарамсақтанған, олардың ішінде жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащылы, тұщылы тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәмін тата алмай (…) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр.
Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, хохолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген.
Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға.
Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябрінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келе, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың?
Осының бәрі жүзден бірі. Бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре, біле тұра – кімшіл болу керек?
Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.
Рас, қазақ кедейі теңдікке жетті, жетілді. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бірақ екі зорлықтан әлі айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды – бірі: өз байынан көретін зорлық, бірі – жатынан көретін зорлық. Соңғыны айтайын десең, ұлтшыл болып шығасың, немесе, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгі алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзі мен өмір жүзін айыру керек. Ғаббас, Әбдірахмандар қағаз жүзін алса, мен өмір жүзін алғым келді. Міне, менің пікірім осы.
Мен осы пікірімді газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өріс берер, бермесін білмеймін. Ішімде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пікіріңді жаз. Теріс, бұрысын көрсет! Бұл пікірімді Ғаббасқа да айт. Жөні келсе, керек жерін оқып жібер.
Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенімен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсің? Жақсы кітап болса маған жібер. Мұхтардың адресін білсең, жазып жібер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы – 72 сом. Тезірек хат жазарсың.
Қош, сүйдім. Жүсіпбегің.
Адрес: Орынбор, Совет көшесі, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор, 2 январь”.

Жүсіпбектің екінші бір араб қарпінде қара сиямен жазылған хаты да осы адамға арналған. “Кәкебай” – дейді. Бұл кім? Қошке ме, жоқ, басқа біреу ме? Тура осы хатқа жауап ретінде жазылғандай мазмұндағы Абдолла Байтасовтың хатының қолжазбасы да іске тіркеліпті. Аудармашылығымен, шағын мақалаларымен, сыни пiкiрмен сол тұста жұртқа танымал, жолдастарының арасында үлкен беделге ие, ұлттық мүдденiң туын ұстаған, шығармашылық өмір жолы мүлдем ұмыт қалған, тергеудегі жауаптары да қысқа қайырылған азамат.
Енді осы әңгімеге тілтартар болған, тергеу барысында екі-ақ рет шағын жауап алынған, айыптау айғақтары да мардымсыз, бірақ «қылмысы» өзгелермен теңестіріле үкім шығарылған Абдолла Байтасов жөнінде қысқаша мәлімет бере кетеміз.
Анкеталық анықтама: 1900 жылы Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің Айыртау болысында (екінші бір анкетада – Қостанай округінің Бақбаққара ауданы) туған. Мұғалімдер семинариясын бітірген. 1921 жылдан кәсіподақ мүшесі. 1920 жылдан мамандығы бойынша қызмет істейді. Шет елде, әскерде, қызыл армия қатарында болмаған, бұрын сотталмаған. Қоғамдық қызмет атқармайды, дені сау, өзін істеп жүрген қызметіне лайық деп санайды, қазір мұғалім. Сын-ескертпесі жоқ. «Жас алаш», “Жас қайрат” газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған.
Анкетаның соңына: «Байтасов жолдас өзінің тағайындалған қызметіне толық сай келеді»,– деген бұрыштама қойылған. Ташкенттегі қазақ институтына:
«Жолдас Абдолла Байтасов 1923 жылы: «2 қыркүйектен бастап ана тілі пәнінінің оқытушысы ретінде бекітілген».
Бұл – сол жылы оқытушылықтан босаған, Мәскеуге оқуға кеткен жерлес ақыны Мағжанның орыны еді. Өзінің кететінін ескертіп, орынына Абдолланы шақырған болуы әбден мүмкін. Жүсіпбек Аймауытовтың емеуірініне қарағанда сондай ыңғай байқалады. Ал өзінің толтырған қызмет анкетасында:
«Оқытушылыққа 1923 жылдың 1-қазанынан кірістім»,– деп көрсетілген.
Абдолла Байтасовтың бар айыбы – Даниял Ысқақовпен бірігіп «Көркем әдебиет туралы» мақала жазып, оны «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған. Онда:
әдебиет – адам тағдырын бейнелейтін көркем өнер. Ол адамның психологиясы ұлттан тыс қалыптаспайды. Өйткені ол ұлт ішінде тәрбиеленіп өседі. Сондықтан да әдебиет – ұлттық өнер және ол таптық тартыстан, партиялық принциптен тыс болуы тиіс,– деген ыңғайда пікір білдіреді.
Ол туралы Ж.Аймауытов тергеушіге:
«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А.Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз,– дедi. «Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн»,– дедiм. Сол уағадаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»,– деп жауап бердi
Осы арада екi нәрсенi назарға iлiктiре кеткендi лайық санадық. Бiрiншi, Мағжанның ақындығын талқылаған Мәскеудегi жиналыста оны қорғап сөйлеген, кейiннен «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыруға белсене қатысқан Сәрсенбиннiң кейiнгi тағдыры көмескiлеу болып қалғандығы. Оның өмiрi мен шығармашылығы туралы нақты зерттелген еңбек жоқ. Әдеби естелiктерде де аты аталмайды. Сондықтанда осынау азамат қақында белгiлi бiр дәрежеде дерек пен мiнездеме бере алмағанымызға өкiнемiз. Екiншiден, осы уақытқа дейiн «Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған әдеби мақалалардың барлығын Ж.Аймауытов пен М.Әуезовке телiп келдi. Ал мына жауапта Абдолла Байтасов пен Даниал Ысқақов та сондай бүркеншiк атты пайдаланғаны дәлелдi түрде көрсетiлген. Беделдi ғалымдарымыз да дәл осы екi азаматтың жазған мақаласын Аймауытов пен Әуезовтiң «еншiсiне» бердi. Бұл – қиянат. Көрсетінді де М.Әуезовтің бұл мақаланы оқып, ол туралы пікірді Ж.Аймауытовқа айтқаны да анық көрсетілген. Ендеше ақиқатты ескерiп, әркiмнiң сыбағасын өзiне берген лазым.
Сол үшін де отызға енді толған есіл ер қалған өмірін айдауда өткізіп, ақыры ату жазасына кесілді.
Әрине «мәдениет майданындағы» мұндай «дұшпандық пікірлер» жазасыз қалмайды. Алайда А.Байтасовты «ұлтшыл-контрреволюционерлер» мен «басмашылардың» қатарына қосқан өзінің қызылжарлық жерлесі Есім Байғасқинның мына көрсетіндісі:
«Ташкент қаласы Пушкин көшесі №10/12 үйде тұратын Есім Байғасқин нақты мына айғақтарды көрсетті:
«Алашордашылардың» іс-әрекеттері туралы білетіндерімнің барлығын өткен жолғы көрсетіндімде жазып берген болатынмын. Мен олардың жұмысына араласқан емеспін, «Алашордашыларды» маған сеніммен қарап, сырын жасырмай шынын айтатын Байтасовтың әңгімелері арқылы ғана білемін. Қазақстанда, оның ішінде Петропавлда тұрғандықтан да алашордашылардың ішінде жүрдім, бірақ олардың тобына қосылғамын жоқ. Өйткені олар аса сақ жүрді, маған сенімсіздікпен қарады. Себебі, Байділдин мен Тоқтабаев оларды іс жүзінде сатып кеткен болатын. Жоғарыда айтып өткенімдей, маған тек Байтасов қана сеніммен қарайтын.
1922 жылы Орынбордағы кеңес құрылтайына қатысуға келгенімдегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Мен сонда оқитын Байтасовпен кезігіп қалдым, ол Сәдуақасовтың ба, Кенжиннің бе, Байділдиннің бе, әйтеуір біреуінің пәтеріне шақырды. Біз барғанда Кенжин, Нахимжанов, Байтұрсынов, Сәдуақасов, Байділдин және тағы басқалар сонда отыр екен. Отырғандардың біреуі Рысқұловтың Байтұрсыновқа арналған хатын дауыстап оқыды. Хатта: Рысқұловтың Москвадан Ташкентке бара жатқаны, Орталық Комитет бұған Түркістанда қызмет істеуді сеніп тапсырғаны хабарланыпты. Отырғандар хатты талқылай келіп: Қожанов пен Рысқұловты татуластыру керек. Олардың арасындағы араздық ұлттық мүддені шешуде кесірін тигізеді – десті. Бас қосуда Байтұрсыновқа: Екеуінің арасындағы кикілжіңді тоқтатуды өтініп Қожанов пен Рысқұловқа хат жазу туралы ұсыныс жасалды. Хат Ташкентке Байтасов арқылы жолданды. Оның қандай мазмұнда жазылғанын білмеймін. Байтасов Ташкенттен Орынборға қайтып келгенде маған: Қожанов пен Рысқұлов татуласты, өзара кикілжіңдерін қойды – деді. Содан кейін мен Петропавловскіге кетіп қалдым.
Өткен жолғы тергеу барысында ұмыт қалған тағы бір жайды айта кеткім келеді. Бірінші көрсетіндімде: 1922 жылы мамыр айында Әнуар паша мен Заки Валидовтің келуіне байланысты алашордашылардың арасында қозғалыс басталғанын, түрікшіл үгіт-насихаттың күшейе түскенін, оған Мұхтар Әуезов пен Тоғжановтың белсене араласқанын жазып берген болатынмын (бірінші көрсетіндіні қараңыз). Петропавлдағы алашордашылардың арасында жүргізген түрікшілдікті насихаттаған отырысқа сол кездегі губаткомның төрағасы Смағұл Қазбеков, губпарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұхамеджан Бейсенов, Әуезов, Тоғжанов, Жұмабаев, Қияқов т.б. қатысты, кеңесте олар ешқандай да қорытынды шешім қабылдаған жоқ, өзара пікір алысумен шектелді. Нәтижесінде ешқандай әрекет жасамауға, Әнуар паша мен Заки Валидовтің іс-қимылын күте тұруға келісті. Міне, олармен араласып, таныс-біліс боп жүрген Байтасовтың айтуы бойынша менің бар білетінім осылар.
Байтасовтың: «Дайындалу қажет»,– деген сөзінің астарын мен: қарулы топ құрып, ауыл тұрғындарын көтеріліске дайындау керек,– деп түсіндім.
Менің жеке пікірім мынадай: егерде Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері жеңіске жетіп, алға қарай жылжитындай бола қалса, онда алашордашылар тұрғындарды сөзсіз көтеріліске бастар еді,– деп ойлаймын. Сондай-ақ Байтасов маған: Қожанов пен Рысқұловтың Әнуар паша мен Заки Валидов екеуімен байланысы бар,– деді.
Бұдан басқа алып-қосарым жоқ. Дұрыс жазылған және маған оқып берілді.
Тергеген ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің өкілі – Атабеков. 25.1.1930 ж.».
Бұл көрсетіндінің қолдан жорта жасалғаны туралы мәлімет тергеу ісінің ішінде сақталып қалған.
Оған ОГПУ-дiң Мәскеудегi Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяковқа Орта Азия бөлiмiнiң бастығы Каруцкий мен Шығыс бөлiмшесiнiң бастығы Круковскийдiң:
«Сiздiң жарлығыңызға байланысты Байғасқиннiң сұрақ-жауабының көшiрмесiн жолдап отырмыз.
Сұрақ кезiнде Байғасқин бұрынғы берген жауаптарына жаңадан ештеңе қосқан жоқ, тек Әнуар Паша мен Заки Уәлиди Түркiстанға сәтi түсiп жорық жасай қалған жағдайда, алашордашылардың жергiлiктi тұрғындарды көтерiлiске дайындауға талпынғанын дәлелдейтiн дерек қана назар аударады.
Байғасқин бiзге: алашордашылардың кеңес өкiметiне қарсы әрекеттерiне өзiнiң қатыспағандығын, өйткенi олардың бұған сенбегенiн, ал өзiнiң алдыңғы екi куәлiгiндегi деректердi бұған Байтасовтың айтқандығын мәлiмдедi.
Бiздiң парықтауымызша, Байғасқиннiң өзiне сенiмсiздiкпен қарады дегенi, өтiрiк. Ол өзiмдi әшкерелеп аламын ба деп жалтарып отыр, шындығына келсек, ол алашордашылардың арасында ерекше сенiмге ие болып келдi және қазiр де сенiмдi адам саналады. Сондықтан да бiз: оның алашордашылардың арасындағы беделдi орынын түрмедегi басқа тұтқындардың жауабы арқылы, соның iшiнде Байтасов арқылы анықтауға болады, алынған мәлiметтерге сүйене отырып Байғасқинға қысым жасауға мүмкiндiк туады,– деп есептеймiз.
Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы – «Қалам» («Перо»), «Нияз», «Дальше» – олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр.
Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды. Байғасқиннiң сұрақ-жауабын жiберiп отырмыз»,– деген мәлiметi толық дәлел.
«Алаш iсi» мен «Алқа» туралы әңгiме қозғалғанда:
Д.Ысқақов: «Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты»;
Қ.Кемеңгеров: «(…) Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгеніммен де, өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқандай мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін»;
сондай-ақ «Айыптау қорытындысында»:
«…1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-iс, 1 т., 220-бет);
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық… «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,– деген мағынада қағазға аты жиi түскен адамның бiрi де осы Абдолла Байтасов.
Тура бiз сөз еткен әдеби ортаға тiкелей қатысы болғандықтан да және оның көзқарасын толық бiлдiре кету мақсатымен бұл хатты толық жариялауды мақұл көрдiк. Өйткені осындай хаттардың iшiндегi пiкiр алысулардан барып «Алқаның» өмiрге келгенi аян. Оның үстiне, осынау дегдарлардың жандүниесiнен мағлұмат беретiн деректердiң көзi де шамалы. Сондықтан да дос адамдардың арасында ғана айтылатын кейбiр жеке мәселелердi де қысқартпадық. Өмiрдiң аты – өмiр. Ол үнемi – күйiнуден тұрмайды, сүйiнiш те сыйлайды. Сонымен қатар, бұл хаттың түрме тартпаларынан жуырмаңда жарыққа шыға қоюы да неғайбыл. Сонымен, елге демалысқа кеткен Абдолла Байтасов өзiнiң сыралғы досы Жүсiпбекке былай деп сәлем жолдапты:
«Жүсіпбек!
“Көрмегелі көп айдың жүзі болды” – дегендей, бір-бірімізбен көріспегелі көп уақыттар болып қалды-ау. Сенің биылғы жазған хатың маған кешігіп тиді. Сондықтан саған іле жаза қоймадым. Өйткені сенің адресің өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкенге барған соң қапшықтың аузын бір-ақ шешіп, жаздайғы бастан кешкенді бір көйтермін-ау деуші едім.
Не керек, жолыға алмадық. Сені Қызылорда да кездестіремін деген оймен Қызылордаға соқтым. Мен келген күні таңертең Жақаңдыкіне (М.Дулатовтікіне – Т.Ж.) барсам, Ж: “Жүсіпбекті шығарып жаңа ғана вокзалдан келдім”,– деп отыр. Санды бір-ақ соқтым. Сені Ташкен мен Қызылорданың бірінде болар деп ойлап едім. Болмаған себебіңді Жақаңнан естідім. Ж. айтуынша, “Дәлелі – дәлел”,– дейді. Және Женяның науқасы Т-т (Ташкент – Т.Ж.) әуесін жақтырмайтындығы екінші себеп болса керек еді. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, енді орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сені Шымкентке шақыртуы күшті көрінеді (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едім), өзің ырза болсаң, олар тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едік деп ынтық-ақ болып отыр. Әуесі жақсы жер, барсаң да теріс болмас еді. Әлі де кеш емес қой.
Енді әңгімені өз жағыма аударайын. Жаз – ай жарым елде болдым, 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңіл-күй жақсы. Әзірше ойлаған нысанаға дәл тиіп келеді. Ана жағын айтам. Бізге қырын қарайтын (өсек айтпаса іші кебетін бір адамдардан келген хабар болса керек) біреу, ол туралы саған теріс информация берген сықылды. “Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгеріп қалса да, сырттағы бір күш еріксіз…”,– деген сықылды. Бұл сөздердің источнигі атақты қу атышулылардан шыққан көрінеді. Әминаның сіңілісін Байділдин алды. Ол тұқыммен біз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйімізден ешбір өзгеріс болған жоқ. Қайта одан көрі өмір қызығырақ болған сықылды. Бірақ саған ол күйді суретті түрде сездіруге қалам шабан ғой. Өзің ауызға салып жіберсең, “иә, солай”– дер едім. Қалайда, көңіл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бітіруіне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал-жайымыз осы.
Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам “Нұр күйі” болды, қызыққандықтан әлденеше оқыдым”,– дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: “Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз”,– деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды. Екпіні күшті қалам, сиқырлы сөз, негізі берік пікір түбінде алып та, шалып та жығады – деп ақын шалқып-ақ жүрген көрінеді. Оның настроениесін көтеріп отырған Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пікір жарысы бар, майдан бар сықылды. Европа әдебиетшілерінің де соны пікірі жарыққа шығып қалатын шақтары болады,– дейді. Марксшылдыққа қарсы пікірді қолдайтын әдебиетшілер де пікірлер ұсынатын сияқты. Тегінде бірезулік қылмай, ғылыми жетіп, сығалап жүріп таңдап ала алса, пікір тудыратын майдан ашылағандай. Қапелімшіл желөкпелер көп ағымның арасында кез-келгенінің біреуіне қақтығып, саломдай салмақпен біреуіне еріп жүре беретіндей сияқты. Біздің Қызылорданың ВАП-ы да сондай бір ағымға еріп бара жатқандай деседі. Түрлі әдебиет ағымдарымен таныстыру үшін олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жібермек болды. Сен де сұрап алып таныс.
Мағжан саған жазудан қажитын емес дейді, өзің де енді шет тұрғаннан кейін жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов – Т.Ж.) “Восиздаттың” науч. сотрудниктері. Мүмкін бұлар арқылы жазуға кітап та аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек дейді, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.
Мұхтар: «Әдебиет соңынан жарық алып түстім. Оқимын»,– деп Ленинградқа кетіпті. Оның “Таңдағы” соңғы жазған әңгімелерін оқыған шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де, жақсы-ау! Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрған екен, пікірлерін оқыдым. Олардың енді бір ойы: сол ұйымдардың бір қазаққа қолайлы деген біреуіне қатынасып, қазақ әдебиетіне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пікірлерін тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бірнеше қырғыз, қазақ тілдерінде шыққан әдеби кітаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделі кірісемін деп отыр.
Ташкенде тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспіз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремін деп барып еді. “Жәшейке қабыл алмады”,– деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школға кірді. Мен орыншамын. Менің мұндағы қуанышым: педфак түзеліпті, программа жақсы. Әдебиет тарихы. Тәрбие жағы күшті. Әзірге оқу басталған жоқ.
Жалғызсырайтын емеспіз. Жолдастар бар. Әйтседе, сенің орының бөлек. Биылғы хатың мені көп желпіндірді. Жазып тұр. Не жазайын демессің. Өміріміздің қою-сұйығы, ащы-тұщысы бір-бірімізге мәлім шығар деп ойлаймын. Туғаныңды көргем жоқ, өлгеніңе жыламаймын – дейтін жеріміз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзінен қымбат нәрсені мен өзім әзірге білмеймін. Жалғыз-ақ, шын достық санаулы екенін білемін. Бірақ достықты тар кезең, талма жер көрсететін көрінеді ғой.
Жап-жақын жайшылықта көп достарды,
Мен неге жамандықта сирек көрем, –
дейтін ақынның сөзі сүзіліп өткен таза сөздің нақ өзі шығар деп ұғамын.
Сенің жақсылығыңа – мерей өсіп қуана алмаған, жамандығыңа – жаны ашып күйзеле алмаған ерлігі жоқ ездердің не керегі бар.
Жарайды жазып тұр.
Жәнеге (Женя, Евгения – Жүсіпбектің әйелі – Т.Ж.) жақсылап сәлем айт. Бектұр, Мәруа, Жанақ жолдастарға Абдолладан сүйіп сәлем. Анық адресіңді жазып жібер.
Сәлем(мен) – Ғабдолла. 12/ІХ» .

Жылы көрсетiлмеген бұл хаттың шамамен 1924 жылдың аяғында жазылғандығы байқалады. Өйткенi, Мағжан мен Мұхтар өзара пiкiр алысып, жаңа әдеби бағытты бағдарлайтын үйiрме ашудың жоспарын талқылап жүргендiгi туралы мәлiмет соны растайды. Бұл кезде Мұхтар да оқуда жүрген болатын. Жүсiпбектiң «Нұр күйi» дастаны да сол жылы жарық көрдi. Мұндағы әдебиет туралы пiкiрлер де назар аударарлық. Абдолла Байтасовтың куәлiгiне илансақ, «Алқаны» құру идеясына Мұхтар Әуезовтiң де дем бергенi байқалады. Абдолланың өз хатында ашып жазғанындай: «тар кезең, талма жер көрсететiн» нағыз достықтың сыналатын кезiн олардың бәрi де бастарынан кештi. Әрине, достықтың құнын мұндай күнде сынаудың бетiн аулақ қылсын деңiз. Бұл – сын емес, жаза. Әдiлетсiз жаза. Заманға да, адамға да, достыққа да қиянат. Бiрақ кеңес өкiметiнiң өмiр сүру «салтанатының» өзi тек қиянаттан, жазалаудан, құрбандықтан тұрды емес пе. Ендеше оған таңданудың ешқандайда жөнi жоқ.
Осы хаттағы Жүсiпбектiң жалғыз қызының қазақша есiмiнiң аталуы туралы тосын бір жайтты осы арада айта кетуді жөн көрдік. Әкесi ақталған кезде де және одан кейiн де Муза Жүсiпбекқызымен ұзақ-ұзақ әңгiмелескен едік. Талай-талай тағдыр сынын баяндап берiп едi. Сонда: «Әкеңiздiң сiзге қойған қазақша атының болмауы мүмкiн емес»,– дегенiмде, ешнәрсенi есiне түсiре алмап едi. Мына хаттағы айғақ бойынша, осындағы екі ұлымен қатар аталып отырған «Мәруә» – Жүсіпбектің Евгениядан туған кенже қызы – Муза боп шықты. Алматыдағы Құрманғазы мен Абылай даңғылының бойындағы ауланың орындығында отырып мұны естігенде, Музаның – Мәруәнің көзіне жасы мөлтілдей тұнып:
«Бұл туралы шешем маған айтқан емес. Бірінші рет өзімнің қазақша қойылған есімімді естіп отырмын. Шешемнің әкесі де, шешесі де шоқынған қазақтар еді. Мен де Сахно деген украинға тұрмысқа шықтым. Бектұрдың әйелі де орыс. Жанақтың бір ұлы мен екі қызы да Мәскеу мен Ленинградта, орыстанып кетті. Өкінішті. Бұл тағдырға не істерсің? Енді оны өзгерте алмайсың»,– деген шарасыз қысылысы біздің де жүрегімізді шымырлатып еді.
Кейін Алматыдағы «Көктем» шағын ауданынан Бектұрға бір бөлмелі үй беріліп, сонда қоныстандырып едік. Өзінің айтуынша, өгей шешесі Евгения жайсыздау болып, Жанақ екеуін балалар үйіне тапсырыпты. Татарстандағы әскери заводта істеп жүргенінде «халық жауының» баласы екені білініп қап, тағы да қуғындалады. Сол кеткеннен мол кетіп, еліне оралмайды.
Отбасының қарсылығына қарамастан қартайған шағында 1997 жылы Алматыға жалғыз келді. Қарсы алдық. Жас кезіндегі әңгімелерін жаттап алғандай қайталап айта беретін. 2001 жылы біз Астанаға ауысқан соң арадағы байланыс үзіліп, тағы да көз жазып қалдық. Соңынан іздестіргенімізде білгеніміз, орыс әйелінен туған қызы іздеп келіп, бір бөлмелі үйін сатып, ешкімге ештеңе айтпай, әкесі Бектұрды қарттар үйіне өткізіп кетіпті. Шамамен 2005-2007 жылдардың мөлшерінде ол сонда дүниеден қайтыпты. Бұл деректің өзі де репрессияға ұшырағандардың тұқымдарын есепке алатын Ақмоладағы мұражай қызметкерлерінің іздестіруімен адамның өлгенін тіркейтін азаматтық мекеменің ақпараты бойынша анықталыпты.
Ал Қырғызстанда математикадан мұғалім болған, айдаудың азабы әбден жүйкесін тоздырған, сондықтан да оңаша өмір сүруді қалаған Жанақ Аймауытовтың Ресейдегі ұлының аты ұмытпасам – Евгений Викторович, не Александр Викторович, кезінде құпия әскери заводтың бас маманы, не директоры боп істесе керек. Қыздары да сондай әлуетті. Бірақ енді олардың қазаққа да, атасына да жандарының ашуы, еске алуы неғайбыл.
Бұл Жүсіпбекке қаратылған үшінші ең қатал үкім. «Бір жанға екі өлмек әділет» (Абай) емес еді. Ал Жүсіпбек Аймауытов екі рет сотталып, бір емес, екі емес, үш рет өлді. Бәрінен де соңғы өкініш – орыны толмайтын өкініш.
Сөйтіп, қазақтың тағы бір адал азаматының арты тұйықталды. Тек Жүсіпбектің Шымкенттегі немере бауырлары ғана ас пен тойға қатысып тұрады. Оған да тәубә.
Көңілсіз естелікті үзе тұрып ескерте кетеріміз, Жүсіпбектің хаттары мен тілшелерінің біразы Д.Әділевке арналған тарауда пайдаланылғандықтан да, бұл арада түрмеден үйіне жолданған жеделхаттарды берумен шектелеміз.
Бұл жеделхаттар Бутыркадан сыртқа шыққан және Жүсіпбектің тірі екендігінен хабардар ететін «жанды куәлік». Сондай-ақ Ж.Аймауытовтың қай камерада жатқанын анықтап береді. Келер күндерде қандай да бір мұрағаттық қажеттілікке жарап қалар деген ниетпен көпшіліктің қаперіне іле кетуді жөн көрдік.
«Бутырка түрмесінің комендатына № 63 камерадағы тұтқын Жүсіпбек Аймауытовтан өтініш
Әйелімнен телеграмма алуыма байланысты оған төмендегі мазмұнда жауап беруге рұқсат етуіңізді өтінемін:
Шымкент, Пушкин 5, Аймауытоваға. Бәрін тапсырып алдым. Аманмын. Бутырка түрмесіндемін. Аймауытов.
Жауап хатқа төленген түбіртекті ұсынып отырмын. Телеграмманы алғаны туралы түбіртекті маған беруіңізді өтінемін.
Аймауытов. 21/ІХ – 29 ж.» ( ҮІІ том, 375-бет).

Бұл әйелі Евгения Аймауытоваға өзінің тірі екендігінен хабардар етіп, белгі бергені. Сондай-ақ тиісті сәлемдемені тапсырып алғанын растайды.
Екінші өтініш те сол мағыналас. Онда:
«Бутырка түрмесінің комендантына Бутырка түрмесінің тұтқыны, 14 дәліздің № 63 камерасындағы Аймауытов Жүсіпбектен өтініш
Көптен бері үй-ішімнен хабар болмағандықтан да, өз есебімнен төмендегі мазмұндағы телеграмманы жолдауға рұқсат беруіңізді өтінемін.
Шымкент, Пушкин 5, Аймауытоваға. Амандықтарыңды хабарлаңдар. Шолақ тон жіберіңдер. Адресім бұрынғысынша. Аймауытов. 3/ХІІ-29 ж.» (ҮІІ том, 382-бет),– делінген.
Өтініштің бас жағына:
«Қарсы емеспін 8/ХІІ-29 ж.»,– деп қол қойылған.
Яғни бес күннен кейін барып қана жеделхатты жолдауға пұрсат берілген.
Үшінші өтініш оның жарық дүниедегі соңғы тілектерінің бірі. Өйткені тура сол күндері Ж.Аймауытовты ату жазасына кесу туралы айыптау қорытындысы дайындалып, соттың үкім шығаруына ұсынылып қойған болатын.
«Бутырка түрмесінің комендантына Бутырка түрмесінің тұтқыны, 14 дәліздің № 63 камерасындағы Аймауытов Жүсіпбектен өтініш.
Маған әйелімнің жолдаған жеделхатына жауап ретінде почта телеграфы арқылы төмендегі мазмұндағы жауапты ақысыз түбіртек арқылы жолдауыма рұқсат беруіңізді сұраймын:
Шымкент, Пушкин 5, Аймауытоваға. Аманмын. Шолақ тонмен бірге бас киімді де алдым.
Аймауытов. 28/І-30 ж.» (ҮІІ том, 384-бет).

Осы өтініштің шекесіне:
«Қарсымын. Басқарма көмекшісі Павлов 2/ІІ-30 ж.»,– деп қол қойған.
Бұл өтінішке қарсылық білдіруінің себебі жоғарыда айтылды. Яғни, тергеушілер үшін үкімі шығып қойған Жүсіпбек Аймауытов өлген адаммен тең еді.
Ал өлгендер хат жазып, хабарласпайды.
Жүсіпбек Аймауытовтың түрмедегі тағдыры туралы түрлі жорамалдар мен қауесеттер орын алған. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев сияқты алаш қайраткерлеріне кешірім жасалғанда, «Алашорданың» ұйымдық шараларына еш қатысы жоқ Жүсіпбектің атылып кетуіне сенімсіздікпен қарап, науқастан қайтқан болуы тиіс деп жорамалдауы орынды да. Бірақ Дінше Әділевтің «шынайы көрсетіндісі» оны ажал камерасына алып келгені шындық.
Оған Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1962 жылы 27 тамызда Партия институтына берген анықтамасы да емеуірін танытады. Мұнда жоғарыда аты аталған қайраткерлердің жер аударылуы, ақталуы толық баяндалады да Ж.Аймауытов туралы:
«Дулатов жетекшілік еткен қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысқаны үшін 1929 жылы мамыр айында тұтқындалып, ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі шешімімен ең жоғары жазаға – атуға кесілді»,– деп мағлұмат береді.
Бұл жауап: «Жүсіпбек түрмеде ауырып өлген»,– деп ішінара айтылып қап жүрген жорамалдың жалған екендігін дәлелдейді. Демек, үкім орындалып кеткен.
Жаны жаннатта болсын, жарықтықтың!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *