АНТИБИОТИКТЕР (грек. anti — қарсы және bios — тіршілік) — микроорганизмдердің өсуін, көбеюін тежейтін немесе тоқтататын микробтар, өсімдіктер мен жануарлар клеткасынан алынатын органикалық зат. А. микробтар мен кейбір қатерлі ісікке әсер етіп, олардың дамуын тежейді немесе жойып жібереді. А-дің пайда болуы микробтар дүниесінде кездесетін бір-біріне қарама-қарсылық әрекетіне негізделген. А. туралы ғылымның негізін қалап, алғаш көгерткіш саңырауқұлақтан пенициллин алған (1929) ағылшын ғалымы А. Флеминг болды. А-дің бірнеше жүздеген түрі бар, бірақ олардың бәрі бірдей медицинада қолданыла бермейді. А. шығу тегі, хим. құрамы, микробтарға әсер ету механизмі, т.б. қасиеттері бойынша жіктеледі. А-ді ретсіз қолданудың әр түрлі салдары болуы мүмкін. Мыс., денеге бөртпе шығып, қышыма пайда болады, кейде естен тануға әкеп соғады. Соңдықтан оларды тек қана дәрігердің айтуы бойынша қолдану қажет. А. медицинадан басқа а. ш-нда, тамақ өнеркәсібінде және микробиол. өндірісте пайдаланылады.