ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚҰРАН ДӘМЕТКЕН АРУАҚ
– Жарқын аға, ел арасында әншi Әмiре Қашаубайұлы жайлы әңгiме бола қалса, сiздiң де есiмiңiз аталады. Оның басты себебi – 1974 жылы Әмiренiң жоғалдыға саналған әндерiнiң үнтаспасын таптыңыз. Содан бергi жылдарда Әмiре жайлы сандаған концерт-кештер ұйымдастырып, көптеген зерттеу мақалалар жаздыңыз. Сол 1974 жылы жоғалдыға саналған Әмiре жерленген жердi, мyрдесiн, зиратын табуға, қyлпытас орнатуға үйытyы болдыңыз.
Әмiре шығармашылығы жайлы “Әмiре”, “Амре Кашаубаев” (орыс тiлiнде), “Ән жұлдызы”, “Ән атасы – Әмiре” кiтаптарын жазып, жарыққа шығардыңыз. Мiне, осының бәрi Сiздiң де көптеген жылдар бойғы еңбектерiңiздiң жемiсi болар. Бәрi де ел есiнде. Ел құрметiнде.
Дегенмен де Әмiре жайлы сыры ашылмаған әлi де қандай ақтаңдақтар бар деп санайсыз? Әңгiменi осы тұрғыдан бастасақ!
– Әншi Әмiре 1888 жылы туып, 1934 жылы 46 жасында дүниеден өткенi белгiлi. Мына қызықты қараңыз, Әмiре дауысы жазылған фонограф үнтаспасы 1974 жылы табылды. Сонда, сол үнтаспа қырық жыл бойына неге iзделiнбеген деген сұрақ туады. Екiншiден, сол қырық жыл бойына Әмiре жерленген жердiң, мүрдесiнiң, зиратының орны қараусыз қалуы, жермен-жексен етiлiп тапталып, тайпалуы, сөйтiп жоғалдыға саналуы менi әлi күнге дейiн таңдандырады. Сонда 40 жыл бойына Әмiре зиратының басына барып, оның аруақ рухына бағыштап құран оқылмағаны ғой.
– Осы айтқандарыңыз, әлде бiр күштiң Әмiренi ел жадынан шығаруға әрекет еткенi тәрiздi ойға жетелейдi екен…
– Әлде бiр күштiң Әмiренi ел жадынан шығарамыз деуi, әрине, қисынсыз әрi негiзсiз. Мәселен, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Жұбанов және Ромен Роллан, Анри Барбюс, Луначарский, А.Затаевич тәрiздi шетелдiк зиялылар Әмiренiң көзi тiрiсiнде-ақ әншiлiгiне баға берiп, айдай әлемге паш еткен. Әмiренiң есiмi көзiнiң тiрiсiнде-ақ аңызға айналған. Одан бергi уақыттарда Қайнекей Жармағамбетов “Әншi азамат”, Сапарғали Бегалин “Сахара сандуғаштары”, Мұқатай Тоқжiгiтов “Ән атасы – Әмiре” кiтаптарын жарыққа шығарса, ақындар Хамза Абдуллин мен Оразақын Асқар Әмiре жайлы поэмалар жазып, поэзия тiлiнде де сөйлеттi.
– Олай болса, Әмiре жайлы айтылып жүрген қайғылы оқиғалар оның жеке басының, тағдырының трагедиясы деуге келер ме екен?
— Тұжырымың дұрыс тәрiздi. Мәселенiң мәнi осында. Әмiре 37 жасында 1925 жылы Парижде ән айтып, әлем жұртшылығын таңдандырған ғой. Сол сапарында Париж қаласында алаш ардагерi Мұстафа Шоқаймен жолыққанынан бастап “Бiрiккен Бас саяси басқармасының” (ОГПУ) назарына, қырағы қадағалауына, аяусыз шүйлiгуiне iлiктi. Париж сапары қазақ әншiлiк дәстүрiнiң мерейiн өсiрiп, Әмiре даңқын айдай әлемге қалай паш етсе, дәл сол тұрғыда, осы сапары оның 1934 жылғы дүниеден өткенге дәйiнгi қалған 9 жылын құсалықпен өткiзуге душар өттi. Тағылған айып
– “Мұстафа Шоқайдың Кеңестегi тыңшысы”. Оның түбіне жеткен – ОГПУ-дің тергеуі.
– Мyстафа Шоқайдық Әмiремен жолыққаны шындыққа жанаса ма? Қандай жағдайда жолықты екен?
– Ұзақ сапарға 1925 жылдың 27 мамыры күнi Семей қаласынан шыққан Әмiре Мәскеулетiп отырып сол жылдың 9 шiлдесi күнi бiр жарым ай жол жүрiп, әрең дегенде жеткен ғой Парижге. Содан Кеңестен келген делегация құрамында қазақ бар екен дегендi естiп, Мұстафа Шоқай Париждегi Әмiре орналасқан “Дария” қонақүйiне сәлем беруге келмей ме. Содан екеуi “Қайран қазағым-ай” десiп, төс қағыстырып дегендей, жыласып амандасқан ғой. Концерттен бос уақыттарында Мұстафа Әмiренi жанына ертiп қаланы аралатқаны, ресторанға апарып сыра iшкенi, екеуi фотосуретке түскенi, содан Ахмет Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовқа Әмiренiң қойын кiтапшасына жазып, сәлем жолдағаны тәрiздi деректердiң бәрi де шындық.
– ОГПУ тыңшыларының Әмiреге қол жүгiртiп, қинаған кездерi болды деп санайсыз ба?
– Әлбетте. Оған Әмiре екiншi рет шет елге шақырылғанында, атап айтқанда, 1926 жылы Англия сапарынан бас тартуы, келесi 1927 жылы Германияның Майндағы Франктфурт қаласына шақырылғанда тыңшылар назарында болуы дәлел. ОГПУ қызметкерлерiнiң Әмiренiң үйiн тiнткенi, қолхат алғаны, түн жамылғысында сан рет жауап алғаны, көгала қойдай етiп қол жұмсап, ұрып соққаны анық. Осы ауыртпашылықтың бәрi оның жеке басына, санасына, күнделiктi тұрмысына әсер етпей қоймаған. Отбасылық қайғысына әкелiп тiреген.
– Осындайлық ауыртпашылық кезеңдерiнде Әмiре атамыздың әншiлiгi, нақтылай айтқанда, шығармашылық жолы қандайлық күй кештi екен?
– 1934 жылдың 7 қараша күнi, Қазан төңкерiсiнiң 17 жылдық тойына арнап Е. Брусиловскийдiң “Қыз Жiбек” операсының премьерасы дайындалып, сахнаға қойылғаны белгiлi. Әмiре осы қазақтың алғашқы операсының шаңырағын көтерiсiп, негiзгi рөлдердiң бiрiнде ойнауға тиiстi болған. Алайда қарашаның 6-на қараған түнде Әмiре жұмбақ жағдайда дүниеден өткен. Марқұмның денесi Алматы көшелерiнiң бiрiнен табылған.
Сол жылы Әмiре дауысын Мәскеуден дыбыс жазу мамандары келiп, әндерiн күйтабаққа жазу да жоспарланған болатын. Оған да үлгермедi. Қырықтан асар-аспасында Әмiренi ауру меңдей бастаған. Өмiрден өтер, қайтыс болар алдында қаршадай қыздары Күлән мен Күләштi “Көз қырыңды салып жүргейсiң” деп Ахмет Жұбановқа табыстауы өмiрден күдер үзудiң белгiсi тәрiздi көрiнедi. Әмiре дүниеден өткенде бүкiл елiмiз болып жоқтағаны сол кездерi шыққан барлық газеттерде молынан жазылған. Сәкен Сейфуллиннiң өзi “Казахстанская правда” газетiнiң 1934 жылғы 12 қараша күнгi санында орыс тiлiнде күңiренiп жоқтау мақала жазды.