Медеу СӘРСЕКЕ АБЫРАЛЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Медеу СӘРСЕКЕ
АБЫРАЛЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Бұл арада біз Әміре Қашаубайұлының жұртшылыққа кеңінен мәлім өмір жолын қайыра баяндап, жеріне жеткізе тәптіштеуді қажет деп білмедік. Біздің мақсат – дүлділ әншінің нақты туған жері, өскен елі мен ата-тегі жөнінде аз-кем мағлұмат беру. Яки бұрын нақты айтылмай келген немесе бұлдыр баяндалған жайттарға тоқталмақпыз.
Соның бірі әншінің туған жері туралы дерек. Бұл болса бір кезде өмірбаян парағынан алынған, әншінің өз айтуымен құжатқа түскен «Семей облысының Қарқаралы оязына қарасты Дегелең болысында 1888, тышқан жылы дүниеге келдім» деген сөз бертінде Әміре туралы жазылған естелік (кейбірі соның ой-жотамен қиялданған, бірақ деректі баян деген тәрізді бопсалаумен қисындастырылған) жазбалардың бәрінде мүлтіксіз қайталанып келеді. Мысалы, Әмірені Семейге ауысқан кезінен білетін, жерлестік даңқына қарадай жығылған Сапарғали Бегалин ағамыз ол туралы жария еткен «Ән асқары – Әміре» атты хикаятында әншіні «Дегелең болысының «Атан» ауылына қарасты Алакөз Шәку деген атаның ұрпағынан болады. Ол кездегі қоныстары осы күнгі
«Қайнар» алқабында…» – деп жалпылама дерек айтады. Ал, ән-күйдің белгілі зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов 1936 жылы жария еткен «Ән-күй сапары» атты жолжазбасында Әмірені 1886 жылы, Семей облысының осы күнгі Абыралы ауданына қарайтын Дегелең тауының етегінде туды…» деген жаңсақ ақпар айтқан.
Әміре туралы 1970-жылдары көл-көсір хикаяттар жазып, соны әр жерде молдап жариялаған, өзін Әміренің сүйікті шәкірті деп атаған Мұқатай Тоқжігітов (солай деуіне иланымды дәлел де келтіреді: әкесі Жақып мырза Әміремен түйдей құрдас болыпты, әмбе Мейзек тауының маңайына екі ауыл жайлауға шыққанда Әмірені ауылына алдырып, әлденеше тәулік үйінде ұстайды-мыс, сол күндерде Мұқатайдың өзі әншінің тізесінде отырып, жайлау кешінде шырқата салған әнін талай мәрте сүйсіне тыңдаған, әнқұмар баланың өз өнеріне тәнтілігін ырым етіп, әнші ағасы батасын беріп, таңдайына түкірген-біс) өз жазбаларының бірде- бірінде оның туып-өскен қыстауы туралы сөз қозғамайды.
Өйткені, Әміре туған Тергеубай ауылын (әншінің немере ағасы) жоғарыда аталған естелік жазушылардың, иә оған сипаттама берушілердің бірде-бірі жете білмейді. Білмеген соң «Е, солай шығар» деген ойжотаға ұрынады. Немесе «Біз білеміз» деп ауызша айтушылардың ойдан шығарғанына жығылады…
Бұл жерде шүбәсіз шындық біреу – Әміре Қашаубай- ұлының Дегелең болысында дүниеге келгені рас, бірақ нақты туған жері – Дегелең тауының етегі, иә оның қойнауы емес. Ол туған жер – осы болысқа қарайтын Матай адыры, бұл болса Дегелең тауынан кем дегенде қырық шақырым түстікте тұрған жер. Матай адырынан Дегелең шошақ тымақтай боп ту алыстан көгеріп көрінеді. Анығында оған Дегелеңнен гөрі Шыңғыстау жақынырақ, 15-20 шақырымдай ғана. Тергеубай ауылының жұртын іздеген жанға бүгінде айтар бірден-бір белгі: Семей–Қайнар даңғылының 219-шақырымында сол жаққа қарай небары 18 шақырымдық жөнең тасжол шығады, бұл болса бұрынғы Ақбұлақ кеңшарының орталығына апаратын жол, соны бойлап, қозы көш жер жүрсеңіз – Матай адырының жатаған бұйраттары басталады. Ол болса күнбатыстан шығысқа қарай көлденең сұлап жатқан, аумағы он шақырымдай ғана бұйратты адыр. Көдесі бұрқыраған, құдығының суы тұщы әрі екі-үш құлаш таяздан шығатын, мал-жанға да аса жайлы қоныс. Мен бұл жерді біршама білемін, өйткені менің де атақонысым сол бұйраттың төрінде – Саршоқы деген, басында тастан үйген обасы бар тымақтай шоқының түстік бөктерінде, бертінде Ақан қыстағы атанған (әріде Ақан ауылы орныққан, мен өзім де осы ауылдың тумасымын), бүгінде де жеке шаруашылық иемденген елді мекеннен екі-үш шақырым жердегі ескі қораның орны жақсы сақталған. Ал, Тергеубай ауылының жұрты да біздің қыстақтан қашық емес, қозы көш теріскейде, оны табу үшін қазіргі тас жолға қиыстап жүру керек…
Тегінде Ақбұлақ кеңшарының барлық жері – қыстақтары мен жайлауы болған кең атырап бағзы уақытта төрт старшын ел болып (ту бастапқыда бұл атырап Тарақты болысы атанған) қаулап өскен Тарақты руына құтты қоныс болған. Тарақтының Қармыс бұтағынан тарайтын 12 атаның Сары мен Әлі ұрпақтары осы жерді түпкілікті қоныстанған. Бұл жайында біз 1994 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген
«Тарақты және Қаракесек шежіресі» атты кітабымызда мынадай уәж айтқамыз-ды: «Енді бірер сөз Тараққтының екі ТАРМАҒЫНЫҢ Абыралы атырабына келуі жайында. Ә.Бөкейхановтың «Қарқаралы уезі» кітабында (1905 жылы Санкт-Петербургте жарыққа шыққан «Каркаралинский уезд» деп аталған қалың кітап. Оның материалын дайындап, жарыққа шығарушы – санақшы ғалым, профессор Н.А.Щербина экспедициясы. Сол топ шығарған 13 том сүбелі еңбектің бір томы – «Каркаралинский уезд» кітабы. Ал, Ә.Н.Бөкейханов осы томға жауапты дайындаушы болған) бұл қақында 45-49 беттерде әлденеше дерек келтірілген. Солардың тұжырымы – Әлінің Қонысбай әулетіне дейінгі төрт буыны 1899 ЖЫЛҒА дейін Сарысудың Ақтау мен Ортау аталатын ЖОҒАРҒЫ атырабында (БYРЫНҒЫ бөлік бойынша Ақмола уезіне қарасты жерлер) тyрыпты; ал 1763 жылы бұл аталар ауа көшіп, осы маңатқа келіпті; Жантоқа yрпақтары қырық жылдай мезгіл Қу тауын қыстаудан соң, 1837 жылы Дегелең болысына қоныс аударыпты. Тараyтының Сарысының СОЙЫРҒАС әулеті, оның бәйбішесінен ТУҒАН Жақсыберді мен тоқалынан ТУҒАН ұрпақтары XVIIІ-ҒАСЫРДЫҢ аяy шенінде Омбы уезіндегі Ебейті көлінің ЖАҒАСЫНАН Темірші болысының Көкшетау тауына (Қарқаралы тауының түстігінен кyншілік жер) қоныстап, бірақ онда көп тyрақтамай, АҒАЙЫНДАРЫ жиын

ОТЫРҒАН Дегелең БОЛЫСЫНДАҒЫ Матай адыры деген жерге қоныс ауыстырыпты…»
Әміре Қашаубайұлы Тарақты руының Әлі бұтағына жатады, соның ЖАНТУ–АТАН тармағынан. «Тарақты және Қаракесек шежіресі» кітабының 26-бетінде бұл атаның төменгі буынын біз былайша таратқамыз: Атаннан
– ӘЛМЕНБЕТ, одан ЕСЕНӘЛІ, осы атадан – Өтеп пен ШӘКУ туады (Алагөз Шәку атанған, Сапаекең де ұрпақтары молырақ тараған осы атаны нұсқап отыр, олардың бертіңгі әулеті Семей мен Ақбұлақ ауылында тұрады). Шәкуден
– Есенбай, Қоңырбай, ТЕРГЕУБАЙ, Күзеубай, Жанай, ҚАШАУБАЙ және Кежембай туады. Тергеубайдан – СЕРІК ақын. Жанайдан – Исабек, одан Нығмет… (Қайнекей Жармағанбетовтің «Әнші азамат» атты деректі хикаятында Әміренің әнші атағы мәлімсіз кезде, Семей қаласына келген бетте атын айдады, мая боп үйілетін терісін күзетті дейтін бақалшы көпес ағайыны – осы Исабек). ҚАШАУБАЙДАН – ӘМІРЕ жалғыз…
Тергеубайдың Серігі – Абыралы, Дегелең атырабында суырыпсалма қабілетімен танылған ақын атанған. Біздің бала кезімізде сол атыраптың үлкендері оның өлеңдерін жатқа айтушы еді. Амал қанша, сол сөздер келешекте керек болар деп кезінде жазып алмадық. Серік ақынның кейбір жырларын әдебиетші Серік Қасымбеков білуші еді, одан да гөрі – 80-жылдары опат болған оның әкесі Мұсағали ағай (бұл кісінің өзі де өлеңнен қара жаяу болмайтын). Сапарғали Бегалин жоғарыда аталған «Ән асқары – Әміре» хикаятында Серік Тергеубайұлының бір ауыз өлеңін келтіреді (басқа бір шығармасында осы өлеңнің оншақты шумағын жария еткені – еміс-еміс есімде). Өлеңнің шығу тарихы мынадай: елдің жайлауға шыққан кезі болса керек, тегене толы сары қымызды алдарына алып, ауылдастарымен дойбы ойнап, одан да гөрі мәндірек ермек іздеп зерігіп отырған бай ауылдың иесі, Ақан ауылының көшбасшысы Сылдырбай Төкірұлы (Ақан Жолбарысұлы – Дегелең болысының биі, менің төртінші атам) киіз үйдің жаппасынан ішке аттай берген Серік ақынға: «Әй, құрдас, сол жерде тұрып, бір ауыз өлең айт, әйтпесе қымыз түгілі су татырмаймын!..» – деп қалжыңдаса керек, сонда Серік ағамыз:

«Ассалаумағалейкум, мырза Сылдыр,
Көзіме көрінесің алдыр-бұлдыр.
Бүгін кел, ертең келің таусылмайды.
Құрбыңның ат сұраған көңілін тындыр…» –
деп он шақты шумақты судырата жөнелгенде, төкпе ақынның өткір шымшымасын тоқтатуды қалаған бай туысы:
«Жә, жә, сөз тапқанға қолқа жоқ деген осы. Жылқыдан бір құр ат ұстап әкеліңдер, мініске емес, басы бүтін бердім…» – деп бәсіре атап, әрең құтылыпты.
Тегінде Әміре өскен дегдар ортадағы дара шыққан әнші де, ақын да – осы Серік Тергеубайұлы. Немере ағасының шаңырағында дүниеге келген әнқұмар жасөспірімге Серік ақын білген өнерін үйретіп, домбыра, гармонь тартқызып, талабын ұштаған деседі. Әміренің ауылға келгенде:
«Ақындық маған қонбады, ал әншілікті ағамнан асырып, әрі қарай дамыттым…» – деген сөзін еске алушылар бар. Ауылдастары жадында сақталған тағы бір дерек: Жанай деген ағасының қозы көш жерге жетерлік зор даусы болыпты, соған орай қыр елінде атағы мәшһүр ірі әнші атанған; бірақ сол өнерін өзі әуей көріп алысқа өрістетпеген, тіршілік тауқыметін жеңуді көбірек ойлап, шаруа қаузаумен кеткен деседі… Бірде, сірә, Әміренің алты жасқа шыққан кезі болса керек, қозы қайырып жүріп, жас баланың айдалада шырқата салған әнін естіп, інісінің шошаласына келіп: «Қашаубай інім, Тойған келінім, мен білсем сендердің Әмірелерің әлей әнші болады, баланың бетінен қақпаңдар, тегінде біздің әулеттің атағын осы боқмұрын шығарады… Баланың аузы даладай кең, көмейі де ерекше кең, соны бүгін байқадым, ал даусы ерекше күшті, ән шырқағанда сағағы түсіп, тіпті салбырап тұрады екен. Құдай тағала бұл баланы қас пен сұқтан аман қылсын?..» – депті-міс…
Біздіңше, жоғарыдағы бір ауыз өлең Тергеубай ауылының тұрмыс халін нақтырақ айқындайды. Ауыл иесінің жалғыз перзенті, есімі елге мәшһүр Серік ақынның тақымына басар дербес аты жоқ. Демек, күллі ауыл тақыр кедей. Сондықтан да олар қолындағы азын-аулақ күнкөрістік ұсақ малын, бірер сауын сиырын қыстауда бағып, төр жайлауға сирек шыққан. Ал, ересектері осы маңаттағы дәулетті ағайындардың малын бағып, шаруасына қолғабыс етіп тірлік еткен. Сапарғали ақсақалдың естелігінде осы ауылдың бірер азаматының ұрлықпен айналысып, соның салдарынан ел ішіне симай, Ақмола жағына да қоныс аударғанын жазыпты. Бұл да қарақан бастың қамы, қайткен күнде жан сақтап, тіршілік етудің шарасы… Шәку ұрпағы Жанайдың Исабегі еті тірі жан болса керек, қыр елінен тері-терсек, жүн-жырқа жинап, Семейге апарып жүріп, аз-кем дәулет жыйса керек, ақырында Ертістің қыр жағындағы бөлегінен, «Қайық аузынан» үй сатып алып, қалаға көшкен. Тетелес інісі Қашаубайдың ағасын сағалап, қалаға келуіне, сірә, осы жайт түрткі болған деседі бұл ауылдың жай-жапсарын білетіндер. Әміре туралы жазылған естелік, бірталай хикаяттарда оның 1917 жылдан бері де (сірә, бұл да атақты әншінің тағдырын Қазан төңкерісіне тікелей байланыстырудан, яки таптық- социологиялық көзқарастан туған қисынсыз бопсалау) Семейде біржола тұрақтағаны жазылған. 17–жылы Әміре 29 жаста, сөйте тұра оны мадақтаушылар жас күнінен Семейге келтіріп, Исабек көпеске атшы бала етеді. Екі бопсаның бір- біріне кереғар пайымдау екенін соны жазушылар тіпті де ойламаған…
Біздіңше, Қашаубайдың Ертіс жағасына қоныс аударуы жиырмасыншы ғасырдың басында, Әміренің 14-15 жасқа толған шағында жүзеге асқан. Мұқатай Тоқжігітов алғаш рет Семейге келіп, 1915-1916 оқу жылында өзінің бергі жағадағы 2-кластық орыс-қырғыз мектебіне шәкірт болғанын тәптіштеп жазады. Әмірені де алғаш рет сол кезде, Жақып мырза атанған әкесінің қаладағы үйінде көрген. Бұл кезде ол жиырманы орталаған сақа жігіт. Әмбе атағы дүрілдеп тұрған әлей әнші. Шынында да Әміренің ел құрметіне бөленген шағы жиырмадан асқан кезінде басталды десек, Мұқатай ақсақалдың елу жылдан кейін есіне алып отырған оқиғалары шындыққа жанасады…
20-жылдардың бас кезінде Семейде қазақ зиялыларының қарамды тобы шоғырланып, қыр елін білім жолына бұрып, мәдени-ағарту ісімен белсене шұғылданғаны жұртшылыққа мәлім. Нақ солар туған жұртын қалың ұйқыдан оятып, Еуропаның игі үлгісін ел арасына таратуға да әуей болған. Осы ниетте жолды болған игі істердің бірі – Жұмат Шаниннің бастауымен етікшілер артелінің иесі жұмыскер ақын
Жақсылық Төленов төрағалық еткен (Ол кісінің өзі ту баста
«Жұмсат» атты ұжым да құрған) «Ес-Аймақ» ұйымы. Осы топ қазақ тұрмысынан түрлі драмалар жазғызып (авторлары – Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин), оны көпшілікке көрсетіп, ойын-сауық кештерін ұйымдастырған. Бір ғажабы, соның бәріне қатысушылар – мектеп мұғалімдері, зиялы қауым өкілдері, педтехникумның оқушы жастары. Бұлардың тобында сақа жігіт болған кезінде оқу жолына түскен ересек азаматтар да болған. Әрине, солардың қатарында ән дүлдүлі Әміре де жүрген. Әмбе ол ойын-сауық қана емес, шілдехана, қыз ұзату, келін түсіру, бала сүндеті сияқты үлкенді-кішілі тойлардың көбіне қатысады. Әлбетте той иесінің қалауымен, құзыр-мәзір боп шақыруымен. Өйткені дөңгелек дәулетті Семей қазағының қайсысы болсын Әміренің қатысуымен той өткізуді өзіне бақ-бедел санайды. Сол себепті тойдың күнін ең алдымен Әміремен келісіп белгілейтіндер де бар…

* * *
Осы ретте өзімізге жақсы мәлім бір оқиғаны еске алуға тура келеді.
1918-1919жылдардаАлашқаласында(кейінгіЖаңаСемей) ашылған екіжылдық мұғалімдер курсын бітірген, Дегелең болысының тумасы Дүйсебай Есенжолов есімді азамат бір қыс Шыңғыстаудың күнбатыс сыртындағы ағайынды Ике- Мұсатай ауылында ашылған бастауыш мектепте мұғалім болып ұстаздық етуден соң, Семейге қайтып келіп, қала мектебіне жұмысқа орналасқан. Бұл болса 1921 жылдың екінші жартысы. Көзі қарақты жас мұғалім домбыра шертіп, ән салудан да қара жаяу болмаған. Сірә, осы жайт оның «Ес-Аймақ» ұйымының бұқара арасындағы игі жұмысына қолғабыс етіп, ұжым мүшелері қойған ойын-сауыққа белсене қатысып, ән айтып, драмалық қойылымдарға да қатысып, жұрт көзіне түсуіне түрткі болған. Сөйтіп жүріп, ол Семей әншілерінің дүлдүлі Әміренің ойын-сауыққа ертер серігіне айналады. Сірә, екеуінің өзара етене жақындасуына Дегелең болысының тумасы болғандығы да мұрындық болған сияқты…
Содан күндердің күнінде саяқ жүрген жас мұғалім отбасын құрып, шаңырақ көтеру жайын ойлап, өзіне лайық қалыңдық қамдайды. Бірақ көңілі құлаған жан – бір атаның жалғызы әрі ауқатты ата-анасының шаңырағында өскен еркебұла қыз екен…
Ақыры, не істерін білмей құса болған жігіт өзі тап болған қысылтаяң жағдайды аға тұтып, Әміреге айтады. Жас серігінен он екі жас үлкендігі бар Әміре бұл шаруаға бірден кірісіп, Семейдің Татар слободкасы аталған, кілең көктөбел, екі қабатты тас ғимараттардан тұратын орталық бөлігінің теріскей тұсына ірге тепкен (осы күнгі № 16 қазақ орта мектебіне ұрымтал тұс) Әкімбай көпестің әсем үйіне барып (асты-үсті қызыл кірпіштен сомдалған сол үй XXI ғасырдың басына дейін коммунальдық меншік атанып, қаз қалпында сақталды, төңкеріс кезінде Володар атанған, бертінде Ғабдолла Тоқай көшесінде алыстан андыздап тұрушы еді), үй иелерімен «жеңгетайлық» сөз жүргізеді. Таңға дейін шырқап салар ұшы-қиырсыз мол әнге болмаса, ұзақ сөзге жоқ және ойындағысын аңқылдап отырып бірден айтар Әміренің жалғыз қызын әлпештеп, бар өмірін соның тілеуіне бағыштап отырған кексе жастағы ата-анаға сол күні нендей желеу айтып, қандай ұтымды сөз сөйлегені – бізге беймәлім, алайда олжалы оралғаны – өмір шындығы. Дүйсебай інісінің жалдап тұратын жөнең тұрағына қайыра оралғанда айтқаны мынау болыпты: «Әй, Дүйсеш, көкейкесті шаруаңды біржолата тындырып қайттым, құдай жолымды оңғарды. Майнұр бойжеткенге құда түсіп қайттым. Қалыңдығыңның ата-анасы құдайға қараған оңды жандар екен. Бөтен емес, мына Семейтаудың арғы бөктеріндегі Көкен тауының уағы (ру аты – М.С.) екен, ертеден біздің елмен қойын-қолтық араласқан байауылдың ұрпағы болып шықты. Ал, өздерінің қаладағы үйі де сән екен, хан сарайындай сыңғырлап тұр, астын білмеймін, үстіңгі қабатында отырдым, бақандай алты бөлме. Ал, сен, сондай кең жайды жалғыз жайлап өскен сұлуды мына жер жалдаған жеркепеге әкелемін дейсің?.. Қой оны, Әкімбай отағасымен мынаған келістік: алдағы жұмада Үлкен мешітте некелеріңді қиямыз; сол күні сен қайын атаң үйіне бала болып біржолата кіресің, үстіңгі қабат – басы бүтін сенікі… Оны аз десең – Әкімбай шал жалғызының жансерік тапқанына қатарынан үш күн той жасайтын болды. Маған қойған шарты – жолдас-жораларыңмен үлкен топ болып, сән-салтанатпен келесіңдер… Мен келістім соған. Бұл уәдені бұзбайсың, өйткені мен уәде беріп келдім. Ал, Дүйсеш, Майнұр екеуіңнің құдай тағала бақтарыңды ашсын! Қысқасы, қаладағы ағайынның бетке ұстарына хабарла, қалыңсыз қыз бола ма, сый-сияпат алып, бір қауым ел боп барамыз да, Әкімбай көпестің жиған-тергенін үш күн бойы шашамыз. Күйеу жолдасты іздеме, мен өзім-ақ ол міндетті атқарамын, сен үшін бес-он жасты кемітіп айттым қайын жұртыңа…» – дейді білем.
Ақыры, Әміренің дегені болады. Дүйсебай Есенжолов пен Майнұр Әкімбайқызы екеуі алпыс жылдан астам уақыт (мұның аттай 12 жылы, яки 1937-1949 жылдар аралығында Дүйсебай мұғалімнің «Халық жауы» қамытын киіп, Сібір лагерьлерінің дәмін татып, еркінен тыс қапаста болғанын есепке алмасақ) тату-тәтті өмір сүріп, үш қыз, бір ұл сүйіп, бақытты ғұмыр кешті. 80-жылдардан беріде екеуі де сексен жасты еңсеріп барып, бақилық сапарға аттанды. Ал, төрт баласынан тараған ұрпақ бүгінде кең-байтақ Қазақстанның 4-5 қаласында ғұмыр кешіп жатыр.
Бізге енді соншама тәптіштеп баяндаған отбасылық хикаяттың кілтипанын ашу ғана қалды: Дүйсекеңнің екінші қызы – Клара Есенжолова менің өмірлік қосағым… Осы хикаятты жазып отырып, мен қайын енемнің әкесінің есімін сұрасам, қосағым бетіме аңтарыла қарап: «Нағашы атамның аты – Әкімбай, сол кісінің атамекені былтырға дейін аман тұр еді, жақында көрдім, бір байшыкеш сатып алып, тас-талқан ғып бұзып, орнына жаңа коттедж тұрғызыпты. Сол үйді менің әке-шешемнен 1928 жылы қазынаға тартып алған, әкеме 37-жылы байланған кінәнің бірі – байдың қызына үйленіп, байлардың рөлін ерекше рухтанып, сахнада тым әсерленіп бейнелейсің… деген жала айып (бұл кісі «Ес-Аймақтағы» әлеуметтік міндетін, Семей театры құрылып, дербес шаңырақ көтерген кезде де тастамай, ұстаздық жұмысымен, әрі қосағы Майнұр Әкімбайқызымен 1937 жылға дейін, яки түрмеге түскенше сахнаға шығуды тастамаған. Мысалы, М.Әуезовтің
«Қарагөз» трагедиясында Сырым салдың рөлін айрықша жақсы ойнаған)…» – деп көкірегінде шемен боп қатқан шерді ағыта жөнелді…
Енді осы хикаяттың түйткілді эпилогын баяндайын….
1975 жылдың қыс айы екені есімде. Алматыға жолаушылап барған сапарымнан Әміре Қашаубаевтың грампластинкаға жазылған әндерін алып қайттым. Оны Мәскеу архивінен тауып, жарық дүниеге шығарған музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімов ініміз еді. Фонографқа жазылып қалған Әміренің жеті әнін Семейге әкелгенімде Дүйсекең атам мен Майнұр енем біздің үйде болатын (қыс айларында, соғым сойған кезімізде ол кісілер Алматыдан келіп, жас күндері өткен Семейде бірер ай шеру жасап қайтатын-ды). Кешкі асты ішіп, дастарқан жиылған соң мен үйдегі грамофонды ортаға қойып, грампластинка табақтың кіріспе сөздерін аттап өттім де, ән басталатын тұсына инені қададым. Әуелі табақтан қырылдаған жағымсыз үн естілді (25-жылдардың үн жазу техникасының ақаулығына не істейсің?), ақыры оны әншінің саңқылдаған даусы көмді. Дыбыс күшейткішті көтере түсіп едім, еңсесі едәуір көтеріңкі қонақ бөлменің іші күмбірлеген үнге толды. Үйдегілер түсінік күткендей маған аңырая қарап отыр. Ал, мен қасақана үндемей, грампластинкадан шыққан сиқырлы күмбірге ынта қойған қалып аңғарттым. Әуелі «Балқадиша», артынша «Жалғыз арша» аңырады, ән кезегі «Бес қарагерге» жеткенде қайын атамның қарақоңыр жүзі қып-қызыл бояқтай болып, өзін ұстай алмай абдырай бастады. Ал, қайын енемнің де өзіндік майда қоңыр даусы бар, ақсақалына қосылып, баяулата ән салатын жан еді. Ол кісі де әлдеқашан жоғалтқан асыл дүниесін қайта тапқандай бір нұрлы қуанышпен аққұба жүзі күлімдеп, үстел басында отырған бала-шағасына еміне қарап, дегбірсізденген күйге түсті. Қосағым: «Бұл не жұмбақ?» – деп, маған түксие қарап еді, әкесі сабыр ет дегендей, сұқ саусағын шошайтты. Мен байғұстарды әлі де қинай түскім келіп, тіл қата қоймадым. Содан «Дударайды» тауысып, пластинкадағы үн «Ағашаяқты» көтеріңкі бастап, қайырмасына жетіп, сақ-сақ күліп, дем алмастан жылауға ауысқан тұста қайын атам, сірә, өзі де не істегенін аңғармаса керек, қолын сарт-сұрт соғып: «Өй, мынау Әміренің үні ғой, нақ өзі, бәйбіше, не білдің?!..» – деп тебірене үн қатты. Қайын енем де есесін жібермей: «Пәлі, жаңа білдің бе, Әміренің үні екенін мен «Бес қарагерді» айтқанда-ақ сезгемін», – десін.
«Үш дос» пен «Сметті» айтқызып алып, мен пластинканы ту басынан қайыра қойып, Сапарғали Бегалин мен Серке Қожамқұловтың кіріспе естелігін тыңдадық…
Апырай, Мәскеуден Әміренің үні табылыпты дегенді былтыр естіп едім, рас болды. Мынаны қайдан алдың, балам?
– Пластинкаға жазылып, көпшілікке тарағаны көрім болды. Бұл енді халық мұрасы ғой және кім-кім, Әміренің жоғалған үні!..
Мен табақтың сыртындағы мұқабасын көрсеттім, онда:
«Асыл аға, Ғабеңе, Илья, 20 ноябрь, 75-жыл» деген қолтаңба бар-ды. Өзіммен әріптес әрі замандас Илья Жақанов
«Мелодия» фирмасының Ташкенттегі зауытынан шыққан осы пластинканың біреуін Ғабит Мүсірепов ақсақалға сый етіпті. Құдай оңдап мен соның артынша Ғабең үйінде отырып, Әміре туралы сөз туып, қандас туысымның әндері жазылған пластинканы күні бойы іздеп таба алмағанымды мұң ғып шаққанмын. Ғабең қайтарда маған жымия қарап: «Медеу, ағаңның жоғалған үнін іздеп бекерге шаршама, ол жоғыңды мен шығарайын», – деп, жазу үстелінің бір қуысынан осы пластинканы суырып алып, маған ұсынған. Мен болсам соны енді ұлы әншінің ғажап үнін талай жыл естіген, дәмдес болған ата-енеме естіртіп, танымал үнді айнытпай таныған кексе жандарға қайран қалып отырмын…
Біз жоғарыда бүге-шігесін тәптіштей баяндаған үйлену хикаяты да алғаш рет сол кеште айтылған еді. Тағдыр шіркіннің бұлтарыс-қалтарысында шек жоқ. Екеуінің шаңырақ түзеуіне қалтқысыз көмек еткен қандас туысым ұлы Әміре сол күнде осы ісі оңға шығып, әнші рухына бала күнінен тәнті ағайындас ұрпағына қызмет етерін, сірә, ойлады ма екен? Шүбәлімін.
Әрине, соншама жыл күткізіп, туған халқының қолына тиген әншінің асыл мұрасы менің үйдегі архивімде ең қастерлі мүлік санатында сақтаулы.

* * *
Қай елдің болсын мақтаныш тұтып, өскелең ұрпағына үлгі етер көрнекті тұлғалары бар. Көбіне ол бір аудан, иә бір қауым ел емес, тұтас бір халықтың алға ұстар жарық жұлдызы іспетті кемеңгер ой иесі, сөз өнері қонған тілмар шешен, не ақын-жазушы, иә дүлділ әнші болады. Осы жөнмен зерделеп қарағанда қазақтың жампоз әншісі Әміре Қашаубаев – қаладан қиян шет Абыралы атырабында, көшпенді қазақ ауылында туса да, елден асқан өнерімен туған халқының даңқын төрткіл дүниеге паш еткен, өз ұлты атынан Париждің, Германиядағы Франкфурт қаласының атақты театрларының сахнасында ән салып, Еуропаның талғампаз қауымын сүйсіндірген дарабоз тұлға.
Сол себептен де Абыралы жұрты Әміре Қашаубайұлының есімін қадір тұтып, жадында сақтап, ардақтаудан жаңылған емес. Осы ауданның бұрынғы әкімшілік орталығы Қайнар мекенінде Мәдениет сарайы бой көтергенде, соның іргесіне қойылған тас мүсіннің Әміреге арналуы – соған айғақ. Сірә, бұл – атақты әншіге қойылған ең алғашқы, әзірше ең соңғы да мүсін болса керек. Өйткені, өткен ғасырдың 30-шы және 60-жылдарында Қазақстан үкіметінің әншіге ескерткіш қою туралы бірнеше қаулысы жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалғаны – жұртшылыққа мәлім… Әншінің есімі 70-жылдары Семей полигонының ғылыми орталығы болған Курчатов қаласының күнбатыс іргесінде қоныс тепкен, Бесқарағай ауданында жаңадан құрылған кеңшарға (орталығы Бөденелі ауылы) берілді. Ал, Семейдегі облыстық филармония 1968 жылдан бері Әміре Қашаубаев есімін абыроймен иеленіп келеді. Оның құрамында көп жылдар бойы Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеев, республиканың еңбек сіңірген әртістері Болат Сыбанов пен Дауыл Хайруллин (бертінде үшеуі де бақилыққа аттанды) ән шырқап, республиканың шартарабын аралап, әсем әуенге бөледі. Әншілердің Әміре Қашаубаев атындағы республикалық бәйгесінің жеңімпаздары – Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс Бақыт Үдербаева, әншілер тарланы Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов, Толу Сембаев сияқты күміс көмей әншілер осы ұжымда тұрақты жұмыс істейді. Осы филармонияға соңғы жиырма бес жыл бойы есімі республикаға танымал әнші, сазгер, ақын Аймұханбет Бейсенбеков сәтті басшылық етіп келеді.
Әрине, біртуар талант Әміредей асыл дарын иесіне құрмет осындай бірлі-жарым игі шаралармен шектелмесе керек. Сірә, оған Семей қаласында үлкен бір көше арнап, сол көшенің бойына, ел демалатын Ертіс жағасына да гранит тастан қашалған мүсінін қойып, халыққа дабыра атағына лайық марапат жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді…
(Қолжазбадан, Семей қаласы, 14 тамыз 2006 жыл.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *