Қайым МҰХАМЕТХАНОВ ӘЙГІЛІ ӘНШІЛЕР ӨМІРІНЕН

Қайым МҰХАМЕТХАНОВ
ӘЙГІЛІ ӘНШІЛЕР ӨМІРІНЕН

Әлемге аты әйгілі өнерпаздар – Майра мен Әміре жайында аз жазылған жоқ. Олар жайында қалам қайраткерлері – ақын, жазушылар өлең-жыр, поэма, драмалық шығармалар жариялады. Өнер қайраткерлері олардың әншілік, композиторлық, ақындық өнері туралы зерттеу жұмыстарын жазып, жарыққа шығарды. Осының бәрі – халықтың қалың ортасынан қайнап шыққан табиғи дарынды ардагер ұлы мен қызының, ұлттық мақтанышының қадір-қасиетін терең түсініп, олардың тарихи-мәдени еңбегін құрмет тұтып, бағалай білудің айғағы.
Әміренің де, Майраның да көздері тірі кезінде олардың нақтылы өмірбаяндары қағаз бетіне түсірілмеген. Алайда, Әміре мен Майраны көрген, білген, істес болған өнер, әдебиет қайраткерлерінің, замандастарының олар туралы азды-көпті естеліктері бар. Бірақ, осы мағлұматтар тарихи, ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйеге келтіріліп, олардың ғылыми өмірбаяндары осы күнге дейін толық жазылған жоқ.
Ол үшін түрлі естеліктерді салыстыра зерттеп, әсіресе, архивтерде сақталған тарихи деректерді тауып, өнердің әйгілі екі қайраткерінің нақтылы ғылыми өмірбаянын жазу қажет.
Тіпті Әміре мен Майраның туған, өлген жылдарын әркім әр кітапта әртүрлі жазып келеді. Мысалы, бір жерде Әмірені 1892 жылы туып, 1933 жылы қайтыс болған десе, енді бір мақалада 1896 жылы туып, 1934 жылы қайтыс болған дейді. Тағы бір еңбекте 1888 жылы туған, енді бір кітапта 1886 жылы туған делінеді.
Майра туралы зерттеушілердің бірі оны 1896 жылы туып, 1927 жылы өлді десе, біреуі 1926 жылы өлді, енді біреуі 1929 жылы өлді дейді. Тағы бір мақалада Майраны 1884 жылы туған деп болжам жасайды. Бір кітапта: «Майра бойжеткеннен кейін Шорман тұқымдарының Өржан деген біреуіне тиеді» — десе, екінші кітапта Майраның күйеуін «Зәржан» деп атайды.
Осы келтірілген азғана мысалдың өзі-ақ Майра мен Әміренің өмір жолдарының үстірт, шалағай зерттеліп отырғанын көрсетеді.
Біз бүгінгі әңгімемізде Майра мен Әміренің нақтылы өмірбаяндарын баяндап берейік деп отырғамыз жоқ. Ол – өнер тарихын зерттеуші мамандардың абыройлы борышы.
Біз Майра мен Әміренің Семей қаласындағы өмір кезеңдерін айқын көрсететін архивте сақталған нақтылы тарихи деректер жайын қысқаша баяндамақпыз.
Ең алдымен Майраның алғашқы күйеуі жайында бір-екі ауыз айта кетейік. Тарихта белгілі Шорман бидің төрт баласы болған. Олар: Мұса, Мұстафа, Иса, Әужан. Мұсаның балалары: Сәдуақас, Біләл, Жәмі, Қабыш. Біләлдің баласы – Жаржан. Жаржан Біләлов – 1884 жылы туған адам. Павлодар уезд начальнигінің тілмашы болған, болыс та болған адам. Жаржан 1912 жылдары Майраға үйленіп, Майрамен бірге екі жыл өмір сүріп, 1914 жылы қайтыс болған.
Жаржан өлген соң, Майра өз еркімен сүйген өнерін қуып кетеді. Енді Майраның Семейдегі өмір кезеңіне келейік. Ол туралы архив документін келтірер алдында Әміренің ауылдасы, Семейде үнемі қасында болған шәкірті – Мұқатай Тоқжігітовтың естелігінен үзінді келтірейік. 1964 жылы,
«Ертіс» («Семей таңы») газетінде жарияланған Әміре туралы естелігінде «Екінші рет мен Әмірені Семейге оқуға келгенде көрдім», — деп келіп, жауырыны жерге тимеген палуан, Белгібайдың Қажені, тағы басқа адамдармен Әміремен бірге бір мәжілісте болғанда Қаженнің төбелес шығарғанына Әміренің өкпелегенін айта келіп, екінші күні Қаженнің Әміреден кешірім сұрағанын көрсетеді.
«Жаңалыққа жаны құмар Әміренің сырын білетін Қажен:
– Әбілмәжін келіншек алыпты, естідің бе? – дейді Әміреге.
– Қайдан алыпты, кімді алыпты?
– Өзім де соны толық білмеймін, түнде естідім, тегі Кереку жағынікі болу керек, әйтеуір жеңгей керемет әнші деседі.
«Әнші» деген сөзді естігенде Әміреде тағат қалсын ба:
«Әйдә жүр, Әбілмәжіндікіне барайық олай болса», — деді.
Үшеуміз Әбілмәжіндікіне келдік. Үй иесі құшағын жая Әмірені бас салып:
– Сағындым-ау, сәулем, әкем Дүйсенбі, шешем Қалипа, жалғыз қарындасым Сақыштан сені кем көрмеуші едім, — деп зуылдай жөнеледі.
– Өзеуремей тұра тұршы! Қайырлы болсынымызды айтайық та, әуелі, — деді Қажен күліп.
– Иә, иә айтуыңа тұрады, жеңгең Әміре сияқты әнші өзі, — деді Әбілмәжін масаттанып.
Қазақ ғұрпын сақтағаны ма, әлде қызғанғаны ма, кім білсін, келінді оң жақтағы батсайы шымылдықтың ішіне отырғызып қойған екен.
Әбілмәжін оны айтып, мұны айтып, әрі-бері жосыды да, төрде тұрған кішкене столдың үстіндегі ақ шілтермен жабулы қара гармонның бетін ашты.
– Әміре, мынау замандасыңның гармоны, саусағыңды сағындым ғой, бір жорғалатшы. Майра-ау, Майра, мен айтқан Әміре осы, жақсылап тыңда, үйреніп ал, — деді Әбілмәжін гармоньды Әміреге беріп жатып…
– Паһ шіркін, сақылдап-ақ тұр екен, тіпті алып қашады, қол тигізер емес, замандас та осындай болса жарар еді, — деп Әміре Қаженге көзін қысып қойды.
..Әннің әртүрлісінен екі-үш ауыз өлеңнен айтты да, Әміре Әбілмәжінге гармоньды ұстатып:
– Иә, гармоньды иесіне бер, лебізін естіртсін … — деді.
Осы мезетте өзгеше бір үн естідік:
— Қызы едім мен Уәлидің атым Майра.
Отыз тіс, көмекейден тілім сайра …
Гармоньмен Майраның даусы қалтқысыз бірдей шықты …
— Әнші, әнші-ақ екен, шіркін! Мен әйелдерден мұндай дауыс естіген емес едім, — деді Әміре Қаженге сыбырлап».
… Кәдімгі керекулік атақты әнші Майраның Әміремен бұл алғашқы кездесуі еді…
Енді осы естеліктің шындығын, яғни Майраның Әбілмәжін Дүйсенбинге күйеуге шығып, 1917 жылы Семейде болғанын дәлелдейтін Семей архивінде сақталған тарихи деректі келтірейік.
Бұл құжаттан Майраның басынан кешкен өмір кезеңдерінің тағы бір көңілсіз көріністерін көреміз және осы құжатта Майраның өз қолымен жазған қолтаңбасы сақталған. Онда араб әрпімен: «Маһира Дүйсенбина» деп қол қойыпты. Құжатты сол кездегі жазылған қалпында келтіреміз.
— 1917 года 19 июня я, помощник комиссара Слабодки (кейінгі Жаңа Семей қаласы. Қ.М.) постановил настоящий протокол в следующем: сего числа явилась в канцелярию жена киргиза Абралинской волости Каркаралинского уезда
– Абдулмажина Дюйсенбина Майра Дюйсенбина и заявила, что киргиз Маралдинской волости Павлодарского уезда Абдулгалим Кулакбаев-Чегулов заходил к ним в дом вчера т.с. 18-го июня с двумя револьверами в боковых карманах спрашивал ее мужа Абдулмажина Дюйсенбина, осматривал кругом комнаты, немного постоял и ушел, Майра Дюйсенбина добавила, что Габдулгалим Тулакбаев – Чегулов известный хулиган в г. Павлодаре, ввиду его плохого поведения волосное управление не выдает паспорта, его она знает по Павлодару, т.к. она рожденка г. Павлодара, она Майра Дюйсембина объясняет, что он покушается на ее жизнь. В настоящее время он Габдулгалим Тулакпаев – Чегулов находится в гостинице Пастухова в 3 ч. г. Семипалатинска. Дюйсембина просит задержать его и отправить к месту его жительства.
Подпись заявительницы. («Маһира Дүйсембина» деп араб әрпімен қол қойған. Қ. М. ).
Біз бұл арада өзіміз жақсы білетін палуан, сері жігіт Әбілмәжін жайына және оның Майраға үйлену тарихына тоқталмаймыз. Ол өзі бір төбе әңгіме.
Енді Әміренің 1917 жылы, Әбілмәжіннің Майраға үйленген кезінде Семейде болғанын көрсететін архив құжатын көрейік. Ол мынау.
«Список»
Киргиз, принятых на работу по консервированию баранины «Кувардак» для нужд Фронтовых учреждений Комитета Западного фронта Всероссийского Союза городов».
Осы тізімде оныншы болып Әміренің аты тұр.
Сөйтіп, 1917 жылы Майра Семейде болған кезде Әміренің де болғанын архив құжаты көрсетіп отыр.
Және 1917 жылы майданға қуырдақ даярлау жұмысына алынғанда Әміренің 25 жаста екені жазылған. Осы архив құжатына сенетін болсақ, Әміре 1892 жылы туған.
Ал, 1934 жылы Әміре қайтыс болғанда жазған «Әнші Әміре» атты мақаласын Жұмат Шанин: «Осыдан отыз алты жыл бұрын, Әміре 12 жасында, бүгінде Жаңа Семей, ол кезде Заречная Слободка кешегі байдың босағасында жүрген жалшы Әміре еді», — деп бастайды. Бұл мағлұматқа сенсек, Әміре 1886 жылы туған болады.
Жоғарыдағы келтірілген тізімге қол қойған агроном Сабатаев үлкен білімді мәдениетті адам болған. Ол М.Рамазановпен бірге 1914 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Восточный сборник в честь А.Н. Веселовского» атты кітапқа Абайдың 4 өлеңін («Аул ночью», «Лето», «Пожалейте меня», «Поэт») орыс тіліне аударып жариялаған екен.
Ал, Майраның 1917 жылдан кейін Семейде екінші рет болуын белгілі этнограф Александр Викторович Затаевичтің 1931 жылы жариялаған «Қазақтың 500 ән-күйі…» жинағының ескертпе бөлімінен оқып, Майраның толық тұлғасын көз алдымызға келтіреміз.
«…Омбыдан Семейге қарай, Ертісті жоғары өрлеп келе жатқан «Ленинград» атты пассажир пароходы Павлодардың пристанынан шықпай жатып, төмендегі үшінші класс каютасының терезесінен әсем қоңыр, жұмсақ тембрлі контральто, әйелдің ең жуан дауысы естілді… Гармоньмен қосылып, қазақ әндерін айтты. Бір минут та өтпей-ақ мен де төменге түстім. Айнала қамалап тұрған халықтың ортасында, жасы отыздан асыңқыраған, арықша келген, көрікті, жағы ғана сәл сопақтау… қараторы әйел отыр. Құлағында ұзын сырға, омырауында бірнеше қатар тізілген алқа. Үстіндегі жібек көйлегі, иығына бос салған шәлі аса жарасып тұр. Осының бәрінде де ерсі көрініп тұрған ешнәрсе жоқ… Бұдан келіп мен профессионал әнші екенін сезе қойдым.
Мен оның әнін тыңдадым. Ән салғанда бірінші планда қоятыны: өршіл өктемдік, кең құлаш, от мінез екен. Мен көріп жүрген қазақтың бұйығы қыздарынан дәл мынадай өршілдікті кездестірмеп едім. Оның сопақшалау болып келген беті де жалпы қазақ қыздарына ұқсамайтынын көрсетіп тұр. Енді бұл жұмбақты шешу ғана қалды. Әнін аяқтауын күтіп тұрдым да, аты-жөнін сұрадым. Ол еркін де салмақты сөйлеп: – Майра, – деді. Осы есімнің өзі-ақ маған біраз нәрсені түсіндіргендей болды. Мен сырттан білетінмін. Өзімнің кім екенімді айтқанымда, ол да мен туралы естігенін және мені көргеніне аса қуанышты екенін айтты. Өзі жап-жақсы орысша сөйлейді екен».
Сөйтіп, 1926 жылы жаз айында Майрамен тұңғыш кездесуін Затаевич осылай бастап әңгімелейді. Одан әрі:
– Семейге дейінгі екі тәуліктік жолда Майра менің 1 класты салоныма бірнеше рет келді. Пианинода ойнап отырып, мен оның өлеңдерін нотаға түсірдім. Семейге келген соң да мен Майрамен қымызханада кездесіп, әндерін тыңдадым.
Омбыға қайтып бара жатып мен Майраны тағы да Павлодар пристанында жолықтырдым. Қоштасып тұрып, әншімен ақырғы рет көрісіп тұрғанымды білмедім ғой. Осыдан төрт айдан кейін Майра аурудан қайтыс болып, Мәскеуде өтетін қазақ концертіне қатыса алмай кетті, — дейді.
Ол концерттің Мәскеуде 1927 жылы сәуір айында болғаны мәлім. Ендеше, Майраның дүниеден қайтқан уақыты 1927 жыл.
Мәскеудегі концертке: Қали Байжанов, Жанбике Шанина, Әміре Қашаубаев, Дәлила Оңғарбаева, Жұмат Шанин; Қалыбек Қуанышбаев, А.В. Затаевич, Ғаббас Айтпаев, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбековтар қатысқан болатын.
Әміре келер жылы (1928) тағы да үлкен концертке қатынасып ән салыпты.
Бұл жөнінде газетте мынандай хабар жарияланған.
Студенческий концерт
«Студенты Казахстана, обучающиеся в Москве, Ленинграде, и Ташкенте устраивают 6 января в межсоюзном клубе, концерт-бал. Сбор пойдет в пользу улучшения быта студентов. В концерте примут участие артисты Ольхов, Затаевич, Амре, а так же силы, выделенные из среди студенчества».
Біз бұл жолы Майра мен Әміре жайындағы тарихи нақтылы деректердің біразын ғана келтіріп отырмыз.
(“Жұлдыз” журналы, 1976 ж. №12.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *