АНТАРКТИДА — Жер шарының оңтүстік полярлық аймағындағы құрлық. Жерінің аум. 12,3 млн. км2, ал қайраңдық мұздықтар мен аралдарды қосқанда 14,0 млн. км2-ге жетеді. Жерінің 99%-ін қалың мұз басып жатыр. Оның жалпы көлемі 26 млн. км3. А. — дүние жүзіндегі ең биік құрлық. Оның мұз жамылғысымен қоса есептегендегі орташа биікт. 2040 м, яғни барлық құрлықтардың орташа биіктігінен (870 м) 3 есе артық. Құрлықтың жағалық сызығы онша тілімденбеген, оның құрамына бір ғана үлкен түбек — Антарктида түбегі мен бірнеше іргелес аралдар — Александр I жері, Оңт. Шетланд, Георгия және Оркней, Беллени кіреді. Құрлықтың жағалауын Оңтүстік мұхит сулары мен Уэдцелл, Беллинсгаузен, Амундсен, Росс, Ғарышкерлер, т.б. т-дері шайып жатыр. А. құрылығының негізін абс. жасы 1,6 млрд. жыл болатын гондваналық платформа түзеді, басым бөлігі архей эрасындағы гнейс, кристалды жақпар тас, граниттерден құралған. Жыныстардың іргетастарының қалыңд. 20км-ге жетеді. А. платформасы өзінің геол. құрылымы мен жыныстарының құрамы жағынан Бразилия, Австралия, Экваторлықжәне Оңт. Африка, Үндістан платформаларына өте ұқсас. Ол төменгі және жоғарғы палеозойлық құрылымдары есебінен көлемі ұлғайып, батыстағы Антарктида түбегін алып жатқан мезокайнозойлық Анд қатпарлы жүйесінің жалғасы болып табылатын жас қатпарлы құрылымдарға ұласады. Олардың іргетасының өте күшті өзгеріске ұшыраған құрлықтық шөгінді жыныстардан құралғандығы, осы аймақта жер қыртысының құрлықтық типінің дамығандығына дәлел болады. Ондағы жер қыртысының орташа қалыңд. 40 км. А-ның қазіргі жер бедерінің қалыптасуы жаңа жанартаулық атқылаулар нәтижесінде жүруде. Жанартаулық тауларға Эребус (3794 м), Террор (3262 м) жатады. Жер бедері ерекшелігіне байланысты Б а т ы с А. және Ш ы ғ ы с А. болып екіге бөледі. Оларды жан-жағынан жағалаулық және ішкі құрлықтық белдеу қоршай орналасқан. Жағалаулық тау белдеуі бірнеше ірі тау жоталарынан тұрады. Оларға Голицин, Принц-Чарльз, Эндерби тау сілемдері, Королева Мод жері мен Трансантарктида таулары, Пенсакол, Щеклтон таулары жатады. Таулардың орташа биікт. 1200 — 2500 м, абс. биікт. 3500 — 4000 м-ге жетеді. Ішкі құрлықтық тау белдеуіне Гамбурцев тауы (абс. биікт. 3550 м) жатады. Шығыс А-ның теңіз деңгейіненжоғары орналасқан бөлігінің орташа биікт. 690 м, ал оның теңіз деңгейінен төмен жатқан бөлігінің орташа ойыстығы 460 м. Батыс А. жерінің 80%-тен астамы мұз айдынында өте қатты ойысқан ойпаңдар. Оның орташа тереңд. — 700 м. Қалған 20%-іне дөңес таулы жер бедері тән. Яғни Батыс А-ның жер бедері шығыспен салыстырғанда өте қатты тілімденген. Құрлықтың ең биік нүктесі Элсуорт тауындағы Винсон тау сілемі(5140 м), теңіз деңгейінен ең төмен жатқан жер — Бентли ойысы. Алқапты кең жазықтардағы құрлықтың қайраңдық мұздықтар А. жерінің 12% жерін алып жатыр. Көршілес аралдардағы мұздықтармен қосып есептегендегі олардың жалпы ауд. 1,65 млн. км2. Қайраңдық мұздықтардың 83%-і Батыс А-да, олардың ең ірілері — Росс және Ронне-Фильхнер мұздықтары. Мұздықтардың шеткі бөлігі көп жағдайда үзіліп түсіп, мұзтауларға айналып, мұхит суында он шақты жылдар бойы қалқып жүреді. А. таулары мен жағалаулық бөліктерінде жылжымалымұздықтүрі кездеседі, оның ең ірісі — Ламберт мұздығы (ұз. 700 км, ені 30 — 40 км). А. — жер шарындағы мұздық пішіндердің барлық түрінің шоғырланған аймағы, мұнда тек жер асты мұздануы мен мәңгі тоңның үлес салмағы аз. Жер шарының басқа құрлықтарындағы тұщы су қоры 2 млн. км3 болса, А-дағы тұщы су қоры 26 млн. км3. Құрлықтың мұз баспаған жерлерінің, яғни шұраттың (оазис) жалпы ауд. 2500 км2. Олар, көбіне, жағалаулық бөліктерде теңіз деңгейінен 100 м биіктікте орналасқан, ең ірілері — Бангер, Вестфолль, Грирсон, Ширмахер. Сонымен қатар Виктория жері (4000 км2) мен Александр I жері (400 км2) сияқты биік таулық шұраттар да кездеседі. А-ның климаты — полярлық континенттік. Климаттықерекшелігіне байланысты А. суықтық полюсі, сондай-ақ жер шарының ең күшті желдер мен жазғы жиынтық радиацияның да полюсі болып табылады. Солт. полюс аймағы Арктикамен салыстырғанда А. Жердің Күнге ең жақын нүктесінде (перигелий) орналасқандықтан Күн жылуын 7%-тей артықалады. Ауаның мөлдір әрі құрғақ болуы, яғни антициклондық ауа райы Күн радиациясының жерге кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. А. жазында, яғни желтоқсан мен қаңтар айларында, ОрталықА-да орташа айлық радиация жиынтығы Жер шарындағы ең жоғары көрсеткішке (30 ккал/ см2) жетеді. Бірақ келетін жылудың 90%-ке жуығы мұз жамылғысымен шағылысып, әлем кеңістігіне қайта кететіндіктен, құрлықтың жылыну мүмкіншілігі өте төмен. Континенттің орталығында қысқы орташа темп-ра -60 — 72°С-қа дейін, жаз айларында -30 — 50°С-қа дейін, ал жағалауларда қыста -18°С, жазда -2°С дейін өзгереді. Жауын- шашынның жылдық мөлш. 30 — 50 мм, жағалауларда 700 мм-ге дейін жетеді, негізінен, қар күйінде түседі. Суық ауа А-ның ішкі аудандарынан шеткі бөліктеріне қарай қозғалып, ағынды желдерді туғызады (орташа жылдық жылд. 12 м/с), ол циклондық ауа ағынымен қосылған кезде теңіз дауылына айналады (жылд. 50 — 60 м/с, кейде 90 м/с-қа жетеді). Басым бөлігінде жылдың 340 күні қарлы борандар соғып тұрады. А-дағы тіршілік дүниесі өте жұтаң. Онда теңіз құстарының 13 түрі, антарктикалық суларда итбалықтардың — теңіз пілі, теңіз мысығы, Уэдделл итбалығы, шаян жегіш итбалықжәне теңіз қабыланы деп аталатын 5 түрі мекендейді. Құрлықтың нағыз жағалаулық бөлігінде пингвиндердің император және Адели атты түрлері тіршілік етеді. Өсімдіктері, негізінен, мүктер (75 түрі), қыналар (300-ге жуық түрі) және балдырлардан (қызыл, жасыл, көк жасыл, сары балдырлар) құралған. Антарктида түбегінде аласа гүлді өсімдіктердің 10 шақты түрі кездеседі, олар шұраттарда шағын шалғынды алаңдар түзеді. Құрлықты және оның жағалау бөлігін ғыл. түрде зерттеуді Р. Скотт экспедициясы бастаған. Жүйелі халықар. геофиз. зерттеу жұмыстары 1957 ж. басталды. 11 ел құрлықпен оның жағалауындағы аралдарда 57 база құрып, ғыл.-зерт. жұмыстарын жүргізді. Әр ел ғалымдарының басшылығымен ұйымдастырылған экспедициялар құрлықты бірнеше рет кесіп өтіп, Оңт. полюс, геомагниттік және “жетуге қиын” полюстерге жорықтар жасады, тұрақты зерттеулер мен байқаулар жүргізді. Соңғы жылдары А- да жүзден астам ғыл.-зерт. стансалары бүкіл жыл бойы және маусымдықжұмыс жүргізеді. Онда 16 мемлекеттің зерттеушілері өзара байланыста жұмыс жасайды. А. қойнауында мол кен байлықтарының (тас көмір, темір, слюда, графит, алтын, уран, молибден, мыс, никель, қорғасын, мырыш, күміс, титан, т.б.)қоры бар екендігі анықталды және олардың кейбіреулері өндіріле бастады. А. табиғатын зерттеп білу — планетамыздағы тіршілік дамуының өткені мен болашағы арасындағы байланысты анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, ол құрлық — мұхит — атмосфера — мұздану процестері арасындағы байланысты анықтауда негізгі буын болып табылады.