Жyмат ШАНИН ӘНШІ ӘМІРЕ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Жyмат ШАНИН
ӘНШІ ӘМІРЕ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Ноябрьдің 5-нен 6-на қарағантүнгісағат 3-те Қазақстанның белгілі халық әншісі Әміре Қашаубайұлы аз ауырып, қайтыс болды.
Әміре – бұрынғы Қарқаралы округі Абралы ауданынан, әкесі жалшылықта болған батырақтың баласы.
Әміре 12 жас шамасында Семейге келіп, Қаражан дейтін байдың терісін күзетуші болып, қызметке кіреді. Сол кездерден бері ән сала бастады. Әміренің сол кездегі тері үстінде отырып салған әні тері жанында босқа қалмайды, құлақтан құлаққа ілінеді.
Аз жүргеннен кейін Әміре күзетші Әміреліктен қол үзіп, шілдехана, сауықтың Әміресі болады.
1915-16 жылдардан бастап қазақша алғашқы сауық кеші, спектакльдер қойыла бастағанда, алғашқы сауықтарда Әміренің әні бірге естіледі. Содан 25-жылдарға дейін Әміре осы қалыпты сауыққа қатысумен өткізеді.
1925 жылы Францияға Париж қаласындағы Жержүзілік ән-күй көрмесіне жіберу үшін ресейлік Оқу комиссары Луначарский телеграммамен шақыртып алып, Әміре Парижге барып, 11 концертке қатысады.
1927 жылы Германияда Франкфурт-на-Майне қала- сына ән көрмесіне жіберілмекші болып Мәскеудің Yлкен театрында бірнеше қабат ән салады. Одан кейін Германияға барып қайтады.
1926 жылы Баку қаласына Түркология съезіне барып, ән салып қайтты.
Әміренің осы айтылған шетелдерге барып, жаңа Кеңес Одағының ірі қалаларында салған әндері қай жердің болсын ән-күй сыншыларына қазақ әндерін танытып, ал бұл әндерді тыңдату жағынан өзінің де шеберлігін көрсете білді.
Бүгін Әміре қайтыс болды. Әміренің әні тәтті еді. Оның әнін естіген құлақ оны өлімге қимастай еді.
Бірақ, әнші Әміре арманда емес. Бұрынғы қазақта қой соңында жүгіріп, босқа кеткен талайлар жоқ емес.
Мына ұлы мереке Қазан төңкерісінің арқасында Әміре жарыққа шығып, өнерін көп алдына жая алды. Кеңес елінің талантты тәрбиешілері Әміренің сан орынбасарын шығарады. Әміреге соңғы «қош болды» айтып, Әміренің әйелі мен алды 12, арты 3-те қалған балаларына жолдастық көңілімізді айтамыз.
(“Арқалық батыр” кітабынан, А. «Өнер», 1988 ж. (1934 жылы 10 yарашада «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *