ӘМІРЕ ҚАЙТЫП КЕЛДІ
Париж көрмесінде ән салуға барған Қазақстан әншісі Әміре Қашаубайұлы августың 20-сында Семейге қайтып келді. Оның әкелген мағлұматтарына қарағанда, көрмеде салынған әндердің ішінде өзбек, қазақ әндерінің Еуропа (күнбатыс) әндерінен бағыты бөлек, ырғағы басқа, өзінше бір жаттық, күншығыстық көрсеткендігі сезіледі.
Франция газетінің сөзіне қарағанда, әсіресе, қазақ әнінен көп дәме күтуге болатындығы байқалады.
Біздің әншілер туралы Франция газеттерінің жазғандарын төменде көшіреміз.
Париждегі француз тілінде шығатын «Комедия» газетінің 13 июльдегі санында жазады: «Қазақтардың сахарада айтылып жүретін үйреншікті әндерінен бірсыпыра әндерді Қашаубайұлы салып көрсетті. Оның ән салысында бізге ұнасын деп, біздің күнбатыс мінездерін сынау, мінеу жоқ.
Оның созып, шырқап салған айғайы әсерлі, қоңыр ырғағы қазақ даласының жерде қалмайтындығы, оның поэзия аспанының кең екендігі туралы бізді ойландырды».
«Соңғы жаңалықтар» деген ақпар газетінде олар былай деген:
«Кавказдан басқа халықтың ән-күйлері түгел алдымыздан өтті. Біз орыстардың өзімізге жаңа болып көрінген башқұрт, қазақ, өзбек әндері, әсіресе, қазақ әндерін жуырда ғана А.Затаевич деген біреу жинап, Орынборда «Қазақ аймағын үйретті» ұйымы бастырған екен. Оған А.Кастельский дәйектеме жазыпты.
Жиылған әндер 1000 түрлі. Соның ішінде 4-5 әнді Долибо мен Қашаубайұлы домбыраға салып өтті.
Кастельский айтқандайын, «Қазақ әндері еркіндігі – өлшеу түрлерінің бірінен-бірі ғажап басқалығы, әсіресе, қалай созуға болса да келетіндігі, бөтен әндерден жаратылысының жаттығы, кейде күтілмеген жерден келетін қайтармасы таңдандырады.
Башқұрт, қазақ, өзбек әндерінің сарындары естіген жерде- ақ біздің сарынға үйлеспейтіндігі байқалды.
Біздің алдымызда әлі тесе тексерілмеген бай жаңа дыбыс дүниесі тұр деуге болады»».
(«Қазақ тілі» газеті, 1925 жыл, 25 тамыз.)