ПАРИЖДЕ

ПАРИЖДЕ

Екі Семейдің маңдайындағы жұлдызы, сүт бетіндегі қаймағы болған Әміренің атағы бара-бара бүкіл Қазақстанға жайыла бастады.
Бір күні «Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде болатын Жержүзілік көрмеде қойылатын этнографиялық концертке қатысуға келісім бере ме екен. Соның хабарын тез білдіруіңізді сұраймын. Жол қаражаты, гонорары төленеді. Мерзім – маусым, шілде айлары. РСФСР Халық ағарту комиссары – Луначарский» деген Семейдің губерниялық халық ағарту бөліміне жедел хат келді. Ол кезде мекемелер алашордашыл, байшыл оқығандардан арылып болған жоқ- ты. Солардың олай-бұлайымен жүргенде бірсыпыра уақыт өтіп кетсе керек. «Әнші қазақ Әміре Қашаубаев туралы менің берген жедел хатыма жауапты тездетулеріңізді сұраймын. Парижде болатын біздің концерт мәселесінің мемлекеттік маңызы бар» деген А.В.Луначарскийдің қолымен тағы жедел хат келді. Бұл 1925 жылдың жазы болатын.
Парижде болатын концертке қатысу үшін Мәскеуге басқа ұлт республикаларынан бірнеше өнерпаздар келді. Дүниежүзілік концертке дайындық есебінде Мәскеудің Үлкен театрында байқау өткізілді. Бұл жөнінде «Правданың» 1925 жылғы 26 маусым күнгі нөмірінде:
«Башқұрттың қурайшысы Исенбаев, қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев, өзбектің бишісі және әншісі Тамара Ханум, армянның асбап триосы Сукиясов, Харибекишвили және Қахаров шын мәнісінде Одақтық республикалардың халық артистері, олардың шығармашылық өнері көркемдік сатысы мен орындаушылық жағынан еуропалық шеберлердің тәуір деген нөмерлерінен кем түспейді», – деп жазылды.
Осы сапар жөнінде Әміре бізге былай деген еді: «Еліміздің астанасы Мәскеуге барып түскенде, бейнебір бөтен дүниеге келгендей болдым: қаланың құмырсқадай қайнаған халқы, зәулім биік үйлер, зуылдаған машина, айнадай жарқыраған асфальт.
Мәскеуге таныс қайдан табылсын. Қаланы жатырқағандай елеңдеп елегізи бердім. Есіл-дертім Александр Викторович Затаевич. Өйткені, ол кісі менің ән тамырым емес пе. Енді былай қарағанша болмады, – дейді ол, – бір мезгілде ауыр қол оң жақ иығыма сарт ете түсті. Жалт қарасам Затаевичтің өзі, бізді қарсы алуға келген беті екен. Әкем Қашекең тіріліп келгендей қуандым. Жаным жадырап, жүрегім жай тапты да, тек оның артынан ере бердім. Қысқасы, қашан концерт болғанша Затаевич менен екі елі айырылмады. Бәйгеге қосатын аттай тәрбиелеп, маған ән салудың барлық амалын үйретті. Қазақ халқының мәдениеті мен өнерін зерттеп, сол үшін жан-тәнімен аянбай еңбектеніп жүрген кезі болатын.
Үлкен театрға халық лық толды, танитыным – тек А.В.Затаевич пен жуырда танысқан А.В.Луначарский. Кезегім келіп, сахнаға шыққанымда таяқ тастам жерден бір пенсне көзіме оттай басылды. Ол Анатолий Васильевич Луначарскийдің көзәйнегі екен. Ең алдымен «Қанапияны» айттым, екі көзім сол көзәйнектінің қимылы мен қас- қабағында. «А-а…» деп әнді көтергенімде-ақ Анатолий Васильевич пенснесін қолына алды да, жан-жағына қарап, бір қозғалып қойды. Тыңдаушыларға дауысымның ұнап кеткенін сезіп қалғандай болдым. Әнді аяқтағанымда қол шапалақтаумен бірге «Бис-бис!» деген дауыстар естіліп жатты. Халықтың шақыруымен сахнаға қайта шығып,
«Ағашаяқты» айттым. Бұл әннің көпшілікке сөзі түсініксіз болғанымен оның мәнеріне мән бермейтін кісі болмайды. Е…е…е…й… қалдау, қалдау…!» деп еңіреп қоя бергенімде, залдың іші менімен қоса күңіреніп кетті. Біреулер күліп жатыр, біразы жылаған да болу керек. Өйткені алдыңғы ретте отырғандардың ішінен мұрындарын қос-қостан тартып емсінген біреулерді байқап қалдым. Концерт аяқталғаннан кейін сахнаға Анатолий Васильевич келді. Қолымды ұстап құттықтады.
– Парижде де осындай табысқа жетуіңізге тілектеспін, – деді.
Профессорлар, композиторлар бас қосып, Парижде берілетін концерттің бағдарламасын жасады. Менің репертуарымды А.В.Затаевичтің өзі жасап берді. Біз орыс, украин, түркмен, башқұрт, кавказ халықтары өкілдерімен бірге Парижге жүріп кеттік.
Париждің үлкен театрларының бірінде дүние жүзі өнерпаздарының концерті берілді. Сахнаға совет делегациясы шығады деген күні театрдың ішіне ығы-жығы кісі сыймай кетті. Мен осынысына таңдандым, ежелден бақ күндес ел болған соң, бұлар қайтер екен, қара білек жұмысшылардың қандай өнері бар екен деп әдейі сынамаққа жиналып жүр ме деп те қалдым.
Концерт орыстың көп дауысты халық хорымен басталды. Би, жеке ән, тағы басқа өнерлер бағдарлама бойынша көрсетіліп жатты. Кезек өзіме келгенше домбырамды дауысыма дәлдеп, зар күйіне келтіріп алдым.
Бір уақытта концерт басқарушы жігіт сахнаға шығып:
– Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев қазақтың ұлттық құралы домбыраға қосып, «Қанапия» дейтін халық әнін орындайды, – деді.
Мен міз баққаным жоқ. Александр Викторович қорықпа деген. Үстімде ұлт киімі, қолымда қара домбыра, қаптап отырған француздарды кісі құрлы да көргем жоқ. Кердеңдей басып сахнаға шықтым да, орындыққа отыра қалып, мұнан бірнеше күн бұрын ғана Мәскеу халқын таңғалдырған «Қанапияға» бастым. Қайта-қайта биске шақырған соң «Ағашаяқты», тағы бірнеше ән айттым. Концерт біткен соң сахнаға Франция халқының жазушылары Ромен Роллан, Анри Барбюс келді. Таныстық. Олар мені құттықтады. Сонымен біз Парижде он шақты рет концерт бердік. Meн екінші орынға ие болып, күміс медаль алдым», – деп аяқтады ол әңгімесін.
Әміре еш уақытта өтірік айтпаған адам, өзі өтірік айтқан адамды иттің етінен жек көретін. Оның осы айтқан әңгімесінде бір түйір қоспа жоқ. Оған «Париж апталығы» газетінің 1925 жылғы 31 шілдедегі мақаласы дәлел. Газетте былай деп жазылған:
««Комедия» залында өтіп жатқан орыстың этнография- лық өнері әдеттегі біз болып жүретін концерттерден ерекше. Біз аса жоғары, қызықты сахна көрдік, біз Түркістанның, Украинаның, Оралдың, Кавказдың таза шынайы қалпында тұрған, жүрек қылыңды қозғайтын музыкасын естідік. Олардан гармониялық мелодиялық бұрмалау, дыбыс құрылыстарын өзгерту сияқты өзінің ерекшелік характерін бұзатын нәрселерді таба алмайсың. Қазақтардың, башқұрттардың, орыстардың әндері олардың төл интонациялары арқылы, ал аспаптық пьесалар өздерінің қолдан жасаған аспаптарында орындалды… Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін-еркін дауысына ұлт-аспабы домбыра сүйемелін қосып, өз елінің жанын толқытатын әндерін орындады…»
Француздың «Ле мюзикль» журналында Әміренің сирек кездесетін музыкалық көрініс екендігі жазылды. Сорбонн университетінің профессоры Перно фонографқа оның орындауында қазақтың бірнеше әндерін жазып алды.
Әміренің даусы қалмады-ау, – деп армандағанымыз болмаса, оныңайтқанәндері А.В.Затаевичтіңәнжинақтарына кірген екен. Оған бір мысал келтірейін.
1925-1926 жылдың қысы. Мен Қарқаралы қаласында қызметте едім, қазақ әндерін жинау үшін қалаға бір композитор келіпті дегенді естідік. Композитордың түскен үйін сұрастырып білдім де бардым. Еңгезердей үлкен, сары қасқа кісі мені есік алдынан қарсы алды да, «пожалуйсталап» үйге кіргізді. Сөйтсем, ол Затаевичтің өзі екен.
А.В. Затаевич ән жазатын жеке бөлмеге мені кіргізді де:
– Кәне, ән сал, – деді.
Өзімше боздатып отырмын, қай әнді айтсам да, Затаевич басын шайқайды, басқа әнді айтуымды өтінеді. Басқасын айтсам, ол тағы сөйтеді. «Е… бұл қасқа, көтеріңкі ән іздеп отыр ғой сірә» деп «Жалғыз аршаны» айта беріп едім, Затаевич сұқ қолының басын шошайтып, «тс…» – деді.
– Бағанадан бері айтқан әніңіздің бәрін Әміре Қашаубаевич берген, шүбәлансаңыз тыңдап отырыңыз, мен айтып берейін, – деп ыңылдаған ақырын дауыспен «Жалғыз аршаны» жатқа айтып қоя берді. Сөйтіп менің білген әндерімді Затаевич те білді. «Енді қайттым», – деп едім. Ол кісі: «Адам естімеген ауыл әндері болса, соны айт», – деді. Жібі түзу бір ән есіме түспей, сасқанымнан ауылда әйелдер aйтып жүретін «Екі ғашық, дариға» дейтін, тағы сондай бір ұсақ-түйек әндерді құрастырып, үш-төрт ән бердім.
Әндерімді жазып болған соң:
– Көңіліңізге келмесін. Осында бірсыпыра әншілермен де кездестім, бірақ сіздерге Қашаубаевичтай болу қайда, – деді даусын созып Затаевич маған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *