ҰСТАЗДЫҚ

ҰСТАЗДЫҚ

«Мейзек» пен «Қапшық» – төр жайлау. Кең жайлау құрттап кеткен бе дейтіндей, НЭП кезі. Жұт көрмеген ел құжынаған мал ішінде қалыпты. Жер шүйгін, мал күйлі, ел көңілді.
Жылқы келген, ауыл адамдары бие байлап жатыр. Ауыл іргесінен құлай ағатын «Ақбұлақты» жағалап, екі салт атты келе жатыр, біреуінің жетегі бар, беті тура біздің ауыл.
Бұл кім болар екен деп, күн сала қарасақ та айыра алмадық. Жақындап келеді. Қай елдің қазағы екенін тымағынан айыратын әдетіміз емес пе, «ой-бой, мынау Тобықты болды» дестік. Өйткені тымақтарының құлақтары шұнтиып, төбелері тәйпие қапты. Алғарақ келе жатқанының мінгені мейіздей боп қатқан қара ат, астында солдат ері, үстінде ертедегі төрелер киетін сюртук, аяғында лактаған қара етік. Қонышы күнге шағылысады. Бізді таныды-ау деймін, әлгі кісі анадайдан күліп жіберді.
– Өй, мынау Әміре емес пе, жаным-ау! – деді әкем.
– Дәл өзі.
Басқа сөзге келгенім жоқ, мылтықтың оғындай атылдым әншіге қарай. Қаладан кеткелі айқаспаған екі құшақ жабыса кетті. Сүйісіп жатырмыз. Мына жағынан әкем де келіп құшағын ашты. Әміре оң қолымен әкемді, сол қолымен мені құшақтаған бойы үйге кірді.
– Тобықты еліндегі бір тойға шақырған еді, – деп бастады ол әңгімесін. – Оншақты күн сонда болдым. Келген жолың деп астыма ат мінгізді, үстіме шапан кигізді. Шапанын бір жолдасқа «олжам» деп бердім, атын семіртіп, соғымға соямын деген оймен саған әкелдім. Мына жігіттің жетегіндегі сол. Жаздай жылқыда жүрсін, күзде әкеп берерсің, – деді әкеме.
Әміренің біздікінде жатыр деген тек аты ғана. Оны қонаққа шақырғандар үйге түнетпейді.
Қарабикені жайлайтын Дүйсембі қажы Қаукер деген қызын ұзатпақ болып, сол жылы ағайын арасына хабар таратқан. Той болады дегеннен-ақ маңайдағы ел ат жаратып, саба-саба қымыз жия бастаған. Қажының қалада тұратын Қажен деген інісі келіпті, бәйгеге қосу үшін құйрық жалын сүзіп, торы төбел ат әкеліпті деген де қауесет естігенбіз.
– Өйтіп-бүйткенше той күні де болды. Әмірені ортаға алып біз де жеттік. Ортадағы ақ үйден шырқаған ән естіледі. Сұрастырсақ қажы ат жетер жердегі әншілерді жинатып алған екен. Абыралы ішіндегі әншілерден: Құдайберген, Игілік тағы басқалары бар. Ең аяғы кәрі Ұзаққа дейін келіпті. Ауыл сыртына келген бізді Қажен қарсы алып, ән айтылып жатқан үйге әкеп түсірді.
Әкем мен Әміреге еріп мен де кірдім үйге. Дәл ортаға дастарқан жайылыпты. Дастарқан үстінде үлкен қызыл тегене толы қымыз. Бір жігіт құлаштай сапырып, бос кеселерге құйып беріп отыр.
Әміре мен әкем сәлем беріп үйге кіріп келгенде іргелей отырған ел қақ жарыла төр төбесінен орын берді. Салынған ән, сапылдаған сөз бір сәт басыла қалды. Алқа-қотан отырған жұрттың назары Әміреде. Шапан жеңі етегіне түскен, етегі жерге сүйретілген қазақтардың арасында орысша киінген Әміре бейне бір бәйге аты сияқты болып көрінді. Ып-ыңғайлы қаршығадай құнтиған ол төрге шыққанда қаққан қазықтай бола қалды. Оның даңқын күні бұрын естіп отырған жұрт демін ішіне тарта қарайды.
Қонақтарды қарсы алып, күтуші ретінде жүрген Қажен отырғандарға қарап:
– Әміре деген атын естігендеріңіз болмаса көпшілігіңіз көрмеген боларсыздар бұл кісіні. Құдай айдап кез келтірген жоқ па осы тойға. Бұл отырғанның ішінде Әміремен ән таластыратыны жоқ, өйткенімен ауылдың «алты аузын» айтпасқа тағы қақыларыңыз жоқ. Сол жолды, Құдайберген, сен көрсет, – деді оң бүйірде отырған домбыралы жігітке.
– Ой, қойыңдар! Дарияның қасында құдық қазба деген қайда? – деп жалтақтады Құдайберген.
– Жарайды, жасқанба. Айт бір-екі ауыз. Игілікке де айтқызамыз сонан кейін, – деді бір ақсақал.
Қыз дауысты Құдайберген домбырасының құлағын бұрап біраз отырды да, қара мұртын сылап-сипап баптанғаннан кейін, өзінің жіңішке даусына салып «Жеңеше-айды» айта жөнелді.
– Уәй, пәле! Соқ, соқ! – десіп жатыр жұрт.
Құдайберген екі ауыз өлең айтты да, домбырасын Игілікке ұсынды. Игілік домбыраны кейін итеріп көнбеп еді, көпшілік қаумалап еркіне қоймады. Игіліктің көзінде де аздаған ақауы бар. Сонысынан жасқанды ма, кім білсін, қысылып- қымтырылып әзер дегенде екі ауыз әнмен ол да құтылды.
– Ал, кәрі тарлан, сен қаласың ба енді дүрмектен? Бас айғайға, – деді бағанағы ақсақал Ұзаққа қарап.
Ұзақ іркілген жоқ. Домбыраның құлағын босатыңқырап алып, қоңыраудай сылдыраған әдемі даусымен «Ғазезді» аңыратып қоя берді. Әнді айтып болған соң Ұзақ:
– Қарағым, Әміре, «асыл тастан, ақыл жастан шығады» деген бұрынғылар. Әрі жассың, әрі Әміре деген атағың жер жарады. Біздің көптен күткен адамымыз сенсің, аянбай бүгін шырқашы бір, – деді де домбырасын ұсынды.
Әміре домбыраны қолына алды да, құлағын қатты бұрап, домбыраның сағасындағы ең ақырғы пернені басты да:
– А…ха…а…а…у..! – деп бір тастады. Жұрт демін ішіне тартып тосып отыр. Сәлден соң аңыраған ән құйыла жөнелді.
Жасымнан көп салдырдым қаршығаны,
Аққан тер маңдайымнан тамшылады.
Ныспымыз Қанапия болғаннан соң,
Жиылып өңшең қашқын қамшылады.
Ай, яй, яй, яй. Ай, яй, яй… –
деп, келіп тоқтады.
Әміре отыздан астам ән салды.
Бір сәт топ ішінен: «Уа, мына Мұса ағасынан бата алсын, жол беріңдер! Жол беріңдер!» – деген дауыс естілді.
Бейтаныс жігіттің қасындағы тәпелтек, домалақ мұрын қара бала ыржия күліп келіп сәлем берді де:
– Аға, – деді Әміреге қарап, – аздап ән салушы едім. Сіздің даусыңызды естігенде шыдап тұра алмай, бойымнан еркім кетті. Батаңызды алайын деп келіп тұрмын.
– Кәне, олай болса, ән сал естиін, – деді Әміре жайдары күле, домбыраны Мұсаға ұстатып.
Қара бала именген жоқ. Домбыраның құлағына қол тигізбестен-ақ «Баянауылға» басты кеп. Әміре алғашқыдай емес, күлімдеген қалпын өзгертіп, терең ойға кеткендей, түсін суыта, әнді беріле тыңдап отырып қалды. Өйткені,
«Баянауыл» әнінің жоғарылығы сондай, оны айтқанда қазақ домбырасының сағасындағы тоғызыншы пернесі сай келмейді. Сондықтан да пернесіз жерді басып көтеруге тура келеді. Ондай жағдайда мүлтіксіз, жәрікшексіз домбыраға дауыс қосуға көп әншінің үні жетпей қалады. Оны Әміре біліп отыр, ал Мұса болса, онан да жоғары дауысты алып кетуге шамасы еркін жететінін танытқандай. Оның үстіне қоңырлата қайырып әкелгенде, әннің иінін өз нақышына келтіріп, әсіресе үннің жартысына жақынын кейкіштеу келген кішкене танауынан жібергені, бейнебір ерекше музыка тәрізді болып естіледі екен.
Әміре Мұса әнді аяқтаған соң:
– Шіркін, жігіт міне! Кәне, қоңыр әнді қалай айтар екенсің.
«Қорланды» айтып көрші, – деді.
Мұса «Қорланды» күмбірлете жөнелді. Оның даусынан сонша бір сазды үн шығып, үй толы елді таңғалдырды.
– Бала, – деді Әміре, – менен ән үйреніп тәлім алғың келсе, мына Жақаңдікіне кел.
…Сонымен қажының қызы ұзатылды, ойын бітті, той тарқады. Ел үйді-үйіне қайтты. Ертеңінде айтқанындай біздің ауылға Мұса келді.
– Әміре Мұсаны қасына отырғызып, дүркін-дүркін оған ән салғызды. Әннің кем-кетігін түзетіп, ерінбей, жалықпай өзі домбыраға даусын қосып, қайта-қайта айтып беріп отырды.
«Шеннен шығып, зорланып айтсаң тамағың жыртылады»,
– деп домбыраның құлағын өте қатты бұратпай, оның дәл өз даусын бұрап беріп үйретті.

***
Жазғы жайлауда айдан астам отырған аулымыз, қоныс аударып қонбақ болған еді.
Түнде төр алдында қатар жатқан Әміре екеуіміз бір мезетте көзімізді ашсақ, басымызда үй жоқ, тек әр жерде қаңқайып ағаш төсек, кебеже сияқты үй ішінің кейбір заттары тұр. Таңғы салқын қандай суық, тұрайық десек дір-дір етеміз. Сол сәтте Әміре мені шынтағымен түртіп қалып:
– Тоқташы, – деді басын көтере түсіп.
Бұлбұлдай сайраған бір дауыс еміс-еміс талып естілді құлаққа. Дауыста аздап діріл бар. Әсіресе сол дірілі жүректі елжіретіп, бойды билеп барады. Әміре шыдамады, атып тұрды.
Біз тұрғанда дауыс әлі сөне қойған жоқ еді, жақындаған кезде басыла қалды. Ешбір жан көрінбейді. Ауылдың барлық үйі жығылған, үюлі жүк, буылған тең. Қанқайған кебеже, жәшіктердің ара-арасымен іздеп келеміз. Әлден уақытта бір кебеженің түбінде кішкене тон жамылған қолтоқпақтай баланы көрдік. Қарасақ – Шәку.
– Ой, Шәку, – дедім мен, – ән салып отырған сен бе?
– Жоқ, – деп бетін басып күле берді ол. Өзі әбден тоңған.
– Әлгі әніңді айтшы, — деп Әміре азырақ әурелеп еді, бала қорықты ма, ұялды ма, білмеймін, жылап қоя берді.
Ауыл көшіп қонды. Әміренің есіл-дерті – әлгі Шәку. Шақыртып бала жіберсек, Шәку келмейді. Әкесі Жұмағұл:
«Бар, антұрған, жасық боласың ғой деймін», – десе, тағы жылап қоя береді. Ақыры ауыл боп Шәкуге жалынып жүріп, әзер дегенде оның бірінші әнін тыңдадық. Шәку домбыра, гармонь дегендердің дауыстарын дәл басып ала алмады, өз бетімен айтты. Әміре оның даусын ептеп отырып, әуелі домбыраға дәлдеп алды. Сөйте-сөйте гармоньға қосты.
Қалаға қайтар кезде Әміре Мұсаны да, Шәкуді де алдына алдырып, өзінің үйреткен әндерін айтқызып, олардан кәдімгідей емтихан алды.
Әміре ұстаздық еткен сол Мұса Құлжановтың әншілігі Абыралы ауданынан асты, облыстан озды. Ол 1933 жылы жазда Алматы қаласында өткізілген бірінші олимпиаданың кезінде ән орындап отырып, сахна үстінде қайтыс болды. Мұсаның өлімі өте сирек кездесетін қайғылы бір оқиға болды. Оның өліміне Әміре қатты қайғырды.
Шәку жас әнші еді. Жаңа жетіп келе жатқан ол 1932 жылы он сегіз жасында елде дүние салды. Ат жетер жерге Шәкудің де әншілік атағы жайылды. Әміренің айтуынша Шәку ipi әншiлepдiң бірі бoлмақ еді, бірақ қыршын жас жастай кетті. Әміре өз әншілігімен ғана қанағаттанып қойған жоқ. Ол бүкіл Семей облысы әншілерінің тәрбиешісі болды. Талабы бар талай жас әншілердің Әміреден сабақ алмағаны кемде-кем.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *