ЖІГІТ СҰЛТАНЫ

ЖІГІТ СҰЛТАНЫ

Екінші рет мен Әмірені Семейге оқуға келгенімде көрдім.
Бұл даңқты он жетінші жылдың алды екен.
Мен кешікпей-ақ оның үйін тауып алдым. Мекені – осы күнгі Жаңа Семейдегі қазақ зираты жағындағы бір кішкентай жер үй. Сыртының биіктігі: түрегеп тұрған кісінің кіндігінен аспайтын. Әміренің «тальянка» деп аталатын он сегіз баспалы гармоны бар. Менің гармоньға жаным құмар. Сондықтан да сабақтан бос уақытымды Әміренің үйінде өткіземін. Ол маған гармонь үйретеді, өзі сүйемелдеп ән де салғызады. Кейде «дауысым шықпайды» деп жалтақтай бастасам, ол: «Әй, әкеңнің баласы, дауысың жердің астынан шықса да айғайла…» – деп ақырады.
Әмірені «мәжілістің гүлі» деп екінің бірі айтушы еді. Оны шақырушылар кезекке тұратын. Ол барған мәжілістің қызықтығы концертпен тең болатын. Он сегіз баспалы гармоньды құлаштай созып, қазақтың халық әндерін құйқылжыта соққанда, оның дауысы сай сүйегіңді балқытып, жан сарайыңды тебірентетін. Кейде қазақ әндерін қоя қойып, татар әндерін серпіткенде, татарлардың өздері аузын ашып, көзін жұмып: «и…и…худайым. Бик шәп үйни да, йырли да бу қазақ малайы» деп таңдайларын қағатын…
Жаңа
Семей тұрғындары жаз болса «көкке» шығамыз деп Үлкен Семеймен екі ортадағы Ертістің аралына баратын. Бұндай серуен кезінде де жұрт Әміреге таласушы еді. Ол кімнің мәжілісіне кетсе, соның абыройы артқандай болатын. Бір күні Белгібайдың Қажені, Бекбергеннің Бақиы, тағы толып жатқан адамдар Бұзау аралына шығамыз деп Әмірені шақырды. Ол қасына мені ертіп алды. Бардық. Ет асылды, шай қойылды, қымыз сапырылды. Қымызға арақ та араласып кетті ме қалай, түс қайта мәжіліс қыза түсті.
Қажен жауырыны жерге тимеген балуан жігіт еді. Денесі қызған сайын тасыған күшті кімге төгерін білмегендей, жігіттердің әрқайсысына тиісе бастады. Қырдан келген Қамбар дейтін жігіт өзін осалмын деп жүрген жоқ екен. Қаженмен сарт етіп байланыса кетті. Отырғандар опыр-топыр болды. Ел Қажен мен Қамбарды арашалаумен әуреленіп жүргенде екеуміз қара гармоньды кезек арқалап, Бұзау аралының бір шетіне шығып та үлгердік. Судан өтіп, үйге келгенше Әміре тірі жанмен сөйлеспей қойды.
Оның төбелесті жек көретінін мен сонда білдім.
Әміре кешірімді болатын, кісі көңілі қалсын демейтін. Және жаңалыққа жаны құмар болушы еді. Сонысын білетін Қажен ертеңінде кешірім сұрай келді. Әміренің өкпесін тарқату үшін:
– Әбілмәжін келіншек алыпты. Естідің бе? – деді.
– Қайдан алыпты, кімді алыпты?
– Өзім де соны толық білмеймін, түнде ғана естідім. Тегі Кереку жағынікі болу керек. Әйтеуір, жеңгей керемет әнші деседі.
«Әнші» деген сөзді естіген Әміреде тағат қалсын ба, үшеуміз Әбілмәжіндікіне келдік. Үй иесі бізді көргенде отырған орнынан ұшып тұрды. Құшағын жая Әмірені қарсы алды.
Қазақ ғұрпын сақтағаны ма, әлде қызғанғаны ма, кім білсін, келінді оң жақтағы батсайы шымылдықтың ішіне отырғызып қойған екен.
Әбілмәжін оны айтып, мұны айтып, әрі-бері жосыды да, төрде тұрған кішкене столдың үстіндегі ақ шілтермен жабулы қара гармонь бетін ашты.
– Әміре, мынау замандасыңның гармоны. Саусағыңды сағындым ғой, бір жорғалатшы. Майра, әу, Майра, мен айтқан Әміре осы. Жақсылап тыңда, үйреніп ал, – деді гармоньды Әміреге беріп жатып.
Әміре бірнеше ән орындап берді де, гармоньды Әбілмәжінге ұстатты.
– Мә, гармоньды иесіне бер, лебізін естіртсін, – деді. Әбілмәжін гармоньды алып, шымылдықтың ішіне кірді.
– Келістік, айтатын болды,– деді әлденуақытташымылдық ішінен шығып, шешесін бір шаруаға далаға шақырған ол.
Осы мезетте біз өзгеше бір үн естідік.
Қызы едім мен Уәлидің атым Майра,
Отыз тіс көмекей мен тілім сайра.
Гармоньмен Майраның даусы қалтқысыз бірдей шықты. Әйел үнінің көпшілігі скрипканың бірінші ішегі сияқты шырылдап шығатын еді ғой, ондай емес, Майраның үні қоңыр қаздың дауысындай, қоңырлап шығады екен. Оның аспай-саспай әнді кең көтеріп, баяулатып әкеп, қайырып тастағаны біздің құлағымызға ұзаққа жүгіретін, үнемі озар бәйгі аттың аяқ алысындай болып естілді.
– Әнші, әнші-ақ екен шіркін. Мен әйелдерден мұндай дауыс естіген емеспін, – деді Әміре Қаженге сыбырлап.
– Уәй, пәл-әй! – деп есіктен кіре көтермелеген Әбілмәжінге Қажен қадала бір қарап алды да, еркелей сөйледі:
– Аға-ау, мұның қалай? Жоқ сұмдықты бастап, жеңгейден жалғанның жарығын аяғаныңыз ба? Жазықсыз ареске алғаныңыз не?
– Жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болады, менің бұл көп қырларымның бірі ғой. Бірақ, мен Әміре басына қыр қолдануымның қисыны жоқ… Майраш, әу, Майраш. Әміре болса, әзілі жарасқан құрбың, Қажен болса, өзіңнің қайның, қаймыға қоятын қайнағаң жоқ мұнда, – деп Әбілмәжін жарма шымылдықтың шығыршығын сыр еткізіп, екі жаққа қайырып тастады.
Ақ төсектің үстінде ақ сұңқардай сыланған, ақсұр келіншек, ақ бөртпе шәлісінің шетімен бетін сәл көлеңкелей берді. Бірақ онысы мезіретісі болу керек, аз кідірістен кейін- ақ көптен үйір адамша жайраңдап сала берді.
– Майра, – деді тағы да Әбілмәжін, – «соқ, соқ борлатқа, кетсін аулаққа». Ән ағасы Әміре отырғанда, айтпаған әніңді қайда айтасың!
Майра Әміреге қасқая қарап алды да, гармонь баспалары- ныңбасынанаяғына, аяғынанқайтабасынадейіндомбыраның құлақ күйіндей желдіртпе бір күйді лепілдете ойнап:
– «Сметті» айтайын, – деді Әйтеуір, сол күні Әміре мен Майра өлең айтысқан қыз бен жігітше күні бойы кезек-кезек ән салысты.
Кәдімгі керекулік атақты әнші Майраның Әміремен бұл ең алғашқы кездесуі еді.

***
Ұлы Қазан революциясының дүмпуі басылмаған кезең еді. Семейге келіп-кетушілер көп. Алыпқашты сөз дегендеріңіз әртүрлі. Өкімет жиі ауысады. Алаш партиясының көсемдері де осында. Ақтар қуылса да, Совет өкіметі әлі нығайып орныға қойған жоқ.
Дегенмен әркімнің өз пікірі ішінде. Әрине, байлар кедейдің болғанын жек көреді, ал кедейлердің байларды атарға оғы жоқ. Әзір сыртқа шығармайды. Бітеу жара. Аузын жұлып алса-ақ ашылайын деп тұр.
Сонда да, ел ойын-сауығын тоқтатпайды. Мен бұ жолы да әдеттегідей Әміренің үйіне келдім. Ол шкафтың тартпасынан бір кішкентай қағазды алып маған ұсынды.
– Балам, мына қағаз не айтады? – деді.
Оқысам: «Құрметті Әміре, Кәмештің тойына рақым етіңіз. Тойды ертең сағат таңертеңгі онда бастаймыз, кешігіп қала көрмеңіз. Зинһар өтінемін. Ағаң Сержан», – деген екен.
Дауыстап оқып шықтым да:
– Кәмеші кім мұның? – дедім.
– Әлгі Кәмила деген баласын ұзатқалы жатқан жоқ па?
Кәмеші сол. Тәңертең ертерек кел өзің, – деді Әміре маған.
Тойға қала тұрғындарының бірсыпырасы шақырылған екен. Сержанның алты бөлмелі үйіне сыймағандар көрші үйлерінде күтіліп жатты.
Айтылған ән, тартылған гармонь, домбыра дауыстары ана үйден де, мына үйден де естіледі. Әншілеріне қанағат- танбағандары Әмірені сұрайды. Ол оған ерінбейді, бәріне де барып ән салып береді.
Бір мезетте есіктен күле кірген бір жас жігіт:
– Аға, аға. Сізді ақсақалдар шақырады, ән салып берсін, – дейді, – деді.
Барсақ, Сержанның үлкен үйіне қаланың ақсақал, қара сақалдары тәуір-ақ көп жиналған екен. Іштерінде орысша киінген, орта жастағы адамдар дa отыр. Олары – алашорданың қаратаяқтары. Сержан – сөзге шебер епті адам. Ақсақалдардың алдында аяғынан тік тұрып, өзі қызмет істеп жүр.
Есіктен кіріп келген Әміреге Сержанның өзі орындық қойды да, «ал, әншім, мынау отырған ақсақалдардың ішінде сенің әніңді естігені де, естімегені де бар шығар. Көрсетші өнеріңді бір», – деп мақтанғандай мұртын сипап, жан- жағына қарап қойды. Әміре «Сметтен» бастады. Қазақтың халық әндерін бір-бірлеп айтып отыр.
– Пай-пай, шіркіннің үні ай!
– Не деген дауыс!
– Ой… Құдай тілеуіңді берсін!
– Бір жасадық-ау!
Азырақ дем алған соң Әміре «Ардақты» айтты.
– Әміре, – деді орта бойлы, орта жастағы бір адам. – Ардақ апайларың қартайды емес пе, осы жаңа әндер жоқ па?
– Иә, мына бір жаңа шыққан ән бар. Бірақ әлі толық үйрене қойғаным жоқ, – деді Әміре.
– Е…е… соны айт. Соны айт! – десіп шулады бәрі.. Әміре гармоньға даусын қосып:
Азамат, жүнжіме, жүрме бос
Қол ұстас, бірігіп тізе қос.
Ту ұстап дұшпанға барайық
Теңдіктің ұранын салайық.
Тізесін батырған залымнан
Күн туды, біз теңдік алайық. –
деп сыздырта жөнелді.
– Өй, мынауың не оттап кетті!? – деді төрде отырған қара сақалды, қарны қабақтай біреу. Әміре бөгелген жоқ. Әлденеге өршеленгендей, көзін ақшита, кең аузын одан сайын соза түсіп, сықпырта берді. Әсіресе қайырманың:
Азамат, сестеніп көзіңді аш, жүрме бос
Ұран сал, алға бас, бірігіп тізе қос, –
деген сөздерін айтқанда, Даусы құлақ тұндырып жіберді. Әнін тоқтатпады.
…Қайырымсыз байлар көп еді,
Жауыздық мейірімі жоқ еді.
Жауыздың тамырын қиялық,
Қулардың аранын тиялық. –
дей бергенде, манадан бері не істерін білмей қопақтап тұрған үй иесі Сержан сасқалақтап: «Апыр-ай, Әмірежан- ай, мынауың дәл мына қонақтар еститін өлең емес қой, шырағым…!» – деді. Бір жақ бүйірден тағы да бір май қарын ұшып тұрып:
– Тарт әрі! Әкет! Еститін кісісіне естіртсін. Сержан, сен неменеге, сонша мәймөңкөлей қалдың, шығар үйден мына итіңді үргізбей! – деді булығып.
– Әй, итің кім!? Шығарың не!? Сен мені шын ит қой деп отырмысың, «шық» десе, шығып жүре беретін. Мені шығару үшін артыңа қара, – деді Әміре қатуланып.
Сол сәтте шынында да майлы қарынның арт жағынан балуан пішінді Дүйсембі атып тұрып, оған тап берді:
– Тарт тіліңді! Есірме! Есірген күнің болған, бірақ ол күнің өткен сенің.
– Аш көзіңді! – деп босаға жақтан Төлепберген де ұмтылды.
Елеуреген ел екі жарыла қалды.
Әміре тобының ішіндегілер кедей намысына қызып жүр, кейбіреулер ауқатты болса да, Әміренің сөзін сөйлеп жатыр. Өйткені, олар әншіні жақсы көретін.
Екі жаққа бірдей бәйек болып Сержан жүр.
– Сержан! – деді Дүйсембі зілді, нығыз дауыспен. – Бізге қой дегенше, ана кебеже қарын буржуйлардың тілін тиғыз. Әлде сен де солардың жыртысын жыртқың келе ме? Сен кешегі көп кедейдің бірі емес пе едің?
Сержан ләм демеді.
– Әй, Сержан! Неге ғана айдап шықпайсың өздерін?! – деді бағанағы қара сақал тағы да зілденіп.
– Ничего подобного! – деді Әміре үй иесіне қарап, – осы жуанның өзін айдап шықшы, айдап шықшы өзін!
Сержан суырыла сөйлей жөнелді.
– Ау, ағайын! Қызық менікі еді, қызықтаушы сендер ме деп едім, қателескен екем. Ұқпаған екем. Оны өмір көрсетті.
«Ара ағайын әсте-әсте» дегендей, мен бүгін қай-қайсыңа болса да бірдей ара ағайынмын, ешқайсыңның да сойылыңды соғайын деген ойым жоқ. Ал, азаматтар, ойын бітті, той тарқады, рұқсат сіздерге. Келгендеріңізге рахмет, – деді де далаға шығып кетті.
Жиын жан-жаққа тарап жатыр. Әміре, Дүйсембі, Төлепберген тағы да бірнеше жігіттер гармондатып көше бойлап кете барды.
Мен осы жанжалдың ішінде болып, өзімше әрі қызықтап, әрі әнші ағаны жақтап жүрсем де, дау туғызған әнді бұрын- соңды естімеген едім. Кейін сұрастырсам, бұл әлдеқалай себеппен Ақмола жақтан келген ән екен. Кімнің әні, қалай келгенін де білгеміз жоқ. Әлдекімдер Әміреге үйретіпті. Бүгінгі айтуы алғашқысы екен.
Әміре екеуміз сұрастырып жүріп, кейіннен бұл әнді Сейфуллаұлы Сәкен шығарғанын, ол «Жас қазақ марсельезасы» деп аталатынын білдік. Ән бізге ұнады. Әсіресе, сөздері көкейімізге қонды. Оны біз артынан талай рет қосылып айтып жүрдік.

***
Патша тақтан түскеннен кейінгі тоқсан түрге құбылып таралған лақаптан түйірдей түсінік: тек «бай» мен «кедей» деген сөз ғана. Оның ішінде «Балшабек байға қарсы» деген сөз еміс-еміс естіледі. Бірақ айтушылар «балшабекті» суреттегенде «оның көзі көрдей, мұрны үңгірдей, құлағы тебінгідей» екен деп бейнелейді.
Әйтеуір, халықтың долбарлауынша байға тықыр таянған тәрізді. Байлардың ақшасын кедейлерге алып береді деген соң, дорба дайындаған үйлер де болды.
Сан-сапалық, сөздерден құлақ сасиды, жұртта бір тыныштық жоқ, таңертеңгі шайын асыға ішіп, базарға барысады, әңгіменің бәрі сонда.
Қаланың білгішпін деген қазақтары мен қаратаяқтарының көпшілігі: «Алаш өкіметін құрдық», – деп күмп-күмп етеді. Сөз көп, пәтуә жоқ. Жиылыс көп, тиянақ жоқ. Алаш өкіметі әлсіз, оған бағыну азая бастады. Әрі-беріден соң жұрт өз бетімен кетті. Әркімде өзінше бір қиял, бірақ сонысы халықтың ойындағысындай болып шыға ма, шықпай ма, сол арасы белгісіз.
Осындай бір ой Төленнің Жақсылығында болды. Төленнен бұлар төртеу: Жақсылық, Игілік, Сүйіндік, Жармақ – төртеуі де етікші. Жақаң қаладағы етікшілерді ұйымдастырып, Сәлменнің үйінен етік тігінін ашты. Сол етікшілер арқылы көптеген кедейлердің басын қосып, «Жұмсат» деген ұйым құрды. Бұл ұйымның мақсаты – байларды жұмсату. Жұмсатып қана қоймай, ығы келсе олардың ақшасын тартып алу.
Жиылыс үйде өткізілмейді, базарда, көше-көшеде, бұрыш- бұрышта өткізіледі. Оны митинг дейді. Елдің бәрі шешен бе, әлде өмір шешен етіп жіберген бе, әйтеуір мінбеден бірі түсіп, екіншісі шығып жатады. Тіл жағына сүйенгені сондай, сөйлеушілердің бірде біреуінің қолында бір жапырақ қағазы болмайды, жатқа соғады.
Осы күнгі Жаңа Семей қаласы патша заманында «Заречная слабодка» аталды да, кейіннен алаш-ордашылар билеген кезде «Алаш» аталған болатын. Сол қаланың орталығындағы базар алаңында тақтайдан жасалған бір кішілеу мінбе болды. Митингінің көпшілігі сонда өтеді. Митинг күніне бір рет өтіп қана қоймайды, бірнеше рет өтеді. Желігіп алған жұрт соның біреуінен де қалмайды, барлығына қатысады.
Шешендердің сөзінен «большевик» пен «меньшевиктің» айырмасын аңғарғандай болды жұрт. Бір күні сөйлеушілердің артын ала ұзын бойлы, шашты, қара жігіт мінбеге шықты да, кепкесін жұмарлап ұстап қолын сермей сөйлей жөнелді. Оны қала халқы танитын-ды. Өзі анық орыс болмауы керек, өйткені оны жұрт шоқыншы дейтін. Әлгі шоқыншы мұндай шешен болар ма, сөзді түйдек-түйдегімен тастайды. Анда-санда басын сілкіп-сілкіп жібергенде, ұзын шашы біресе бетін, біресе желкесін жабады. Ол сөзінде большевик партиясы мен меньшевик партиясын салыстыра келіп, халық тілегі большевикті жақтайтынын дәлелдеді. Сөзінің ең ақырында үкімет билігін көнсе қолынан, көнбесе жолынан алатынын айтып, оң қолындағы кепкесімен бірге жұмылған жұдырығын жоғары көтеріп білеп-білеп қойды.
«Алашорда» басшылары енді істің насырға шабатынын сезді ме қайтты, олар қазақтан «милиция» құрмақболды. Өзім деген адамдардан елу-алпыс жігіт жинастырып, оларға атты әскер ойынын үйретті. Найза, қылышпен қаруландырды.
Атты әскер ойыны үнемі базар алаңында өтетін. Бұрын мұндай ойынды көрмеген елге ол да таңсық. Әскер ойынын көрмек болып, жұртпен бірге Әміре екеуміз де келдік. Кенет бүйірден он шақты адам шықты. Қолдарында мылтық. Алаңда жаттығып жүрген алашорданың атты әскеріне олар оқ атты. Әскерлер бет-бетімен қаша жөнелді. Енді мылтық дауысы әр жерден шыға бастады. Бұрын мұндай атыс көрмеген жұрт шошып кетті.
Ана бұрышта да, мына бұрышта да жиналған топ-топ адам. Біреуі большевик жеңеді десе, екіншісі меньшевик жеңеді деп дауласады. Әркім өз сөздеріне қисын тауып, себеп келтіріп дәлелдейді. Сондай бір сөздің реті келіп қалғанда, Әміре тұрып:
– Ничего подобного! Бәрібір большевик жеңеді. Большевикті қолдайтын жұмыскер, қарашаруа кедейлер. Не көп, кедей көп. Олар және жансебіл келеді. Табанына шөгір кірсе, бір жұма ақсап жүретін бай-болпаштар емес олар, найза кірсе де мәу демейді. Мұндай қол күшке келгенде байлардың ақшасы төтеп бере алмайды, – деді.
– Е, сен, өзің кедей болған соң айтып тұрсың ғой мұндай сөзді. Гәп ақшада, ақша не бол десе – сол болады. Сол айтып отырған кедейлерді ақшаға жалдап алып, байлар соғысқа жібереді әлі, – деді біреу Әміреге.
– Қой әрі, жанын ақшаға сатып, құтырып кетіп пе?
– Жоқ, сатады. Паберке жылдары білесің бе, қанша кісінің сатылғанын.
Осындай дау бір бұл емес, бірнеше жерде, көшеде де, үйде де болып жатты. Күндер өте берді, өткен сайын жақсы лебіз жақындай берді, ақыры Семейге Совдеп келіп орнады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *