Мyқатай ТОҚЖІГІТОВ ӘН АТАСЫ – ӘМІРЕ


Мyқатай ТОҚЖІГІТОВ
ӘН АТАСЫ – ӘМІРЕ

Мен Әмірені ең алғаш елдегі өз үйімде көрдім. Бұл 1913 жылдың күзі еді.
Күн түс мезгілі болатын. Бір жаққа ойнап кетіп, қымыз ішу үшін үйге оралсам, төрде басы тап-тақыр, екі шекесі торсықтай доп-домалақ, сары шабдарлау қыршын жас жігіт отыр. Ол маған күлімдей қарады да, әкеме:
– Өй, менің балам осы ма? – деді.
– Иә, иә, осы. Өзі саған тартқан әнші болады-ау деймін, домбыраға әуес-ақ, – деді әкем.
Сол-ақ екен, әлгі кісі балажандығы ма, болмаса маған шын мерейі түсіп кетті ме, білмеймін, әйтеуір отырған орнынан атып тұрды да, мені құшақтап сүйді. Бұрын көрмеген адамды жатсындым ба, қайдам, мен бетімді білегіммен бүркелей бердім. Ол жалма-жан мені жықты да, «аузыңа түкіремін, мен сияқты әнші боласың» деп бетіме аузын тақады, бірақ түкірмеді.
Біраздан соң бүктемелі сырлы столға дастарқан жайылды, шай ішілді. Әміренің әнін есту үшін келді ме, әлде жай қыдырып келді ме, кім білсін, әйтеуір ауыл адамдары үйге сыймай кетті.
Шай ішіліп, дастарқан жиналып жайғасқан соң, әкем:
– Ал, Әміре, мына кісілер сенің әніңді естиміз деп келіп отыр, көрсетші бір өнеріңді, – деп жүкке сүйеулі тұрған домбыраны Әміренің қолына ұстатты.
Талай әншілерді көретінбіз. Біз көріп жүрген әншілер қолына алған домбыраны қайтарып беретін, «бүгін дауысым келмей отыр» дейтін. Әйтеуір, бірнеше жалындырғаннан кейін әзер дегенде «болмас, болмас» деп домбыраның құлағын оңды-солды бұрап, тағы біраз отыратын. Ондай әншіні қазақ «кер» деп ұнатпайды.
Әміренің әдетінде керігу, бәлсіну деген жоқ екен. Домбыра қолына тиісімен-ақ айғайы бірге шықты.
Әміренің тағы бір ғажабы – біз көріп жүрген әншілер сияқты ән салғанда тістенбей «а-а» деп көтергенде-ақ аузы кең ашылып, көмекейіне дейін көрінеді екен. Айғайы күшейген сайын қысқалау мойыны жуандап, онан да гөрі қысқара түскен сияқтанады. Дауыс дегеніңіз, сұрамаңыз, құлақ тұндырады.
«Үш дос» дейсіз бе, «Жалғыз арша» дейсіз бе, әйтеуір қазақтың керіп салма халық әндері бірінің артынан бірі айтылып жатты. Жастар:
– Уәй, мына салың не дейді-ау. У ара-рақ! У ара-рақ! – деп айғайлайды.
– Рахмет, балам! Көп жаса, өркенің өссін! – десіп жатыр ақсақалдар.
Тыңдаушылардың құлақ құрышы қанғандай болды. Әміре домбыраны жанына қойып, терін сүртіп, дем алды.
Біздің ауылда Ақымқұл, Сүтжан дейтін ағайынды екі жігіт болатын. Сүтжаны той-томалақ, шілдеханаларда әйелдермен айтыса беретін-ді. Енді жұрт сол Сүтжанға қадалды. «Әміре біраз демалсын ендігі кезек сенікі», – десті.
Сүтжан қашқалақтап, «қойыңдаршы, өлең айта алмаймын» дей берді. Ол «қойшы» деген сайын үй толы кісі өршелене түсті.
– Ал, шәпілдеп болмаушы едің, айтқыш болсаң енді айтшы, кәне!
– Бол енді, кергімей!
– Өй, айтпасаң өлеңіңді үйіңе бар да, езіп іш!
Сүтжан қызыл сары жігіт еді. Тіпті қызарып кетті. Ауыл ақсақалы Жәкең:
– Қойыңдаршы, ұялтпай. Өзі тым сүртиіп кеткен екен.
Әміренің салауаты басып отыр ғой деймін, – деді.
Қолына ұстатқан домбыраны Сүтжан әрі айналдырды, бері айналдырды, бірақ не тиегіне, не құлағына, не шегіне қолын тигізген жоқ. Тек алдына көлденең ұстаған қалпында отырып, тамағын бір-екі рет кенеп қойды да, бір мезетте:
Уа… мінгенім дәйім менің қара керім, Кез келді бүгін мұнда Әміре серің, –
деп барып ол бір тоқтады. Сол қолын домбыраның мойнымен ерсілі-қарсылы жүгіртті де, аз кідірістен кейін:
Уәй, Әміре, ақсақалдар алдыңда отыр, Соларға өлең айтар келді кезің, – деп аяқтады.
– Е, бәсе. Соқ, соқ!
– Тағы да, тағы!
Атыңнан айналайын, Әмірежан,
Ойда жоқ, түсте жоқта келдің қайдан? Атақты атқа шыққан әнші едің, Арттағы жеткіншекке тиер пайдаң.
– Пәле, пәле! Міне, қызық! Айтыс басталды деген осы…
– Енді домбыраны Әміреге беріңдер!
– Беріңдер Әміреге!
Әміре домбыраны қолына алып: «Мен ақын емеспін, әншімін, қандай әнді айт десеңіздер де айтып берейін»,– деп еді, жұрт оған көнбеді. «Өзі – Әміре болсын да, өлең білмесін, о не деген сөз. Сүтжанның өлеңі жесір кете ме?» – десті.
Сүтжанның басында түріктің шашақты қызыл тақиясы бар-ды. Әміре Сүтжанның бас-аяғына қарап отырды да, өлең шығармақ болып:
– Басында қызыл тақиясы бар, сап-сары ағам… – деді де, аяғын қиыстыра алмай, сақылдап күліп жіберді. Әміремен қоса үй толы кісі түгел күлді.
– Әміре ақын емес, айтыспайды. Онан да қалаған әндеріңді айтқызыңдар оған, – деп әкем тігісін жатықтырып жатыр.
Әнші мен ақынның арасын айыра алмайтын кейбіреулер Сүтжанның намысын жыртқандай болып өзеуреп еді, әкем:
– Жә! Болды, – деп қабағын шытты.
– Ал, ал… Жақаң жолдасының сөзін сөйледі ғой, қойдық енді. Қойдық, – деп бәрі де жым болды.
Сол келген сапарында әкем Әмірені жібермей, екі күн қонақ қылды. Екеуі бірін-бірі сағынысып қалған екен, айтылмаған сыр, шырқалмаған ән қалмады.
Әміреге мен әбден үйір болып алдым, аузына қараймын да отырамын. Аузына қарайтын да бір себебім бар: өйткені әкем кейде оған қалжыңдап, «ой, далба ауыз» дейді. Сонда Әміре ерегесіп кетеді де, жаңа пісірген жұмсақ, кішкене бауырсақтың онын аузына бірақ сыйғызып жеп қояды.
«Біздің ауыздың әннен басқа да осындай қасиеті бар, шамаң келсе, сен сөйтші» деп әкемнің аузына бауырсақ тығып тұншықтырады.
Әміренің осы сияқты мінездері, әсіресе оның олақтау, еркелей сөйлейтін сөздері адам баласын күлдірмей қоймайтын-ды. Ол «айналайын» деген сайын мен қуана түсем, оның бауырына кіре түсем. Тіпті екі күндей қасына да жатып шықтым.
Үшінші күн дегенде қонағымыз:
– Естекбайдың Әлиіне ұзатқан апамыз бар еді. Соған амандасамын, – деп аттанды.
Әлидің ауылы бізден әрі жиырма шақырымдай «Шорабай» дейтін жерде. Әлидің әйелі Сағындық Әміренің жақын апасы екені белгілі. Әкем мен екеуміз Әмірені «Ащысу» өзеніне дейін шығарып салдық. Менің әншіге деген жылы сезімім сол күннен басталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *