Кәкім ОҢДАСЫНОВ
ӘМІРЕ ӘНШІНІҢ ТОЙЫНДА
1925 жылдың жазында Парижде өткен Дүниежүзілік этнографиялық концертте ән салып, қазақ халқының даңқын бүкіл әлемге шығарып, жүлделі орын алып, елге оралған әнші Әміренің құрметіне Семейде салтанатты сауық кеші өткізілді. Сауық кеші Семей қаласында тұратын Тобықты елінің атақты байы – Қаражан Үкібайұлының үйінде болды.
Осы салтанаттың үстіне Шыңғыстаудан дәрігерге қараламыз деп, қалаға келген Көкбай ақын мен Уәйіс ақын тап болды.
Көкбайдың өз атқосшысы бар, Уәйістің атқосшысы мен едім. Уәйіс пен Көкбайдың көптен бері қылтамақ ауруына ұшырап, науқастанып жүрген кездері еді.
Әйгілі екі ақынның той үстіне тап келгеніне қала жақсылары қуанысып, Көкбай мен Уәйісті құрметтеп, Әміре отырған Қаражан байдың үйіне түсірді.
Салтанатты мәжілісте Әміре ән салып, Париж сапарының әңгімесін айтты. Сонан соң кештің билігін өз қолына алған Көкбай Уәйіске қарап:
– Екеуіміз де науқаспыз, мына Әміре тойының үстіне дәл келуіміз, елдің мына сауық кеші, біздің тірілгеніміз болсын, сен ән сал, – деп, домбыраны Уәйіске көп қолқа салдырмай, терлеп, шаршап отырса да білдірмей, бірнеше ән салып берді. Уәйістің әнін ұйып тыңдаған халық қатты риза болып, әншіні қошеметтеді.
Әміре тойына жиналған қала халқы таң ата ғана тарасты.
Қаражан бай үшеуіне сый тартып, бір қасқыр, бір түлкі, бір күзен ішікті әкеп, өздеріңіз бөлісіп алыңыздар деп, Көкбайдың алдына тастады. Көкбай жұмбақтай сөйлеп:
«Биыл қыс қатты болатын шығар, сапарға аттанғанда тоңармын», – деп қасқыр ішікті өзі жамылып, түлкі ішік пен күзен ішікті Әміре мен Уәйістің арқасына жапты.
Осы сапардан елге қайтып келген соң көп ұзамай, сол 1925 жылдың күз айында Көкбай қайтыс болды. Көкбайдан соң, сол жылдың аяғында Уәйіс те дүниеден қайтты.
(Қ.Мұхаметқановтың «Абайдың ақын шәкірттері» кітабынан.)