Сәду МАШАҚОВ
ДYЛДYЛ ӘНШІ
Аласа бойлы, қаршығадай шағын денелі, кең, қасқа маңдайлы адамды мен 1916 жылы тұңғыш рет көрдім. Менімен бірге медреседе оқу оқып жүрген Ыбырай сабақтан қайтып келе жатып, бір үйдің терезесінің тұсына келгенде кілт тоқтап қалды.
Жазғы күн, аздаған самал жел соғып тұр. Аласа үйдің бір терезесі ашық. Терезе түбіндегі стол жанында үш адам отыр: мұның бірі жоғарыда айтылған кісі, екіншісі жирен мұртты, жасы отыздың ішіндегі жуан сары адам, үшіншісі бұл екеуіне қарағанда жас, өңі жылтыр, арық қара жігіт.
Ыбырай терезеге қарап тұрды да, үстінде көк бешпенті бар шағын денелі адамды нұсқап:
– Анау отырған шеткі кісі – әнші Әміре, қазір ән салады, тыңдайық! – деді.
Кішкене кеселерге құйылған алдындағы қымызды үшеуі де сарқа ішті, тегенедегі қымызды сапырып отырған шеткі арық жігіт кеселерге жағалай тағы да қымыз құя бастады.
Бірсыпыра уақыт ұсталып, сырты қоңыр тартып тозған он сегіз баспалы күрең қызыл гармоньды Әміре алдына өңгеріп, қайысын оң иығына ілді де, гармонның ақ тілдерінің үстінен саусағын ойната жүгіртіп, сипап өтіп, белгілі бір әнді бастап кетті.
– Уа, пәлі, кәне, “Қарғаны” шырқап жіберші, – деді жирен мұрт семіз адам. Бұл қаладағы белгілі саудагер Ахмади еді. Осыдан бірер сағат бұрын ол Әмірені көшеде ұстап алып, осы үйге алып келген екен. Бұл – Оралбай дейтін қымызшының үйі. Әміре көп жалындырған жоқ. Тамағын бірер кенеп алды да, дағдылы ащы айғайға салды. Кемеңгер Абайдың:
Көбінесе ән басы келеді ащы, “Кел тыңда” деп өзгеге болар басшы…” – деген сөзі осыған орай айтылған болар.
Әміре гармоньды шебер тартатын. Қай әнді тартса да көңілге қонымды, нәзік, құлаққа жағымды, майда тиетін. Ол гармоньда тек қазақ әндерін ғана емес, орысша, татарша да тарта білетін. Гармоньды құйқылжытып, түрлендіріп тартатын еді.
Әміренің үні кең, дауысы әлдеқайда алыстан шырқап естілетін. Дауысы “Ә” дегеннен тыңдаушыны баурап әкетеді. Әнді мүлтіксіз, біркелкі, еркін шырқайды.
Әміре “Қарға” әнінен басқа “Қанапия”, “Смет” әндерін айтты. Көшедегі жұрт үйді тегіс қоршап алды. Әннің әсерімен халық уақыттың қанша өткенін де сезген жоқ.
Мен осы алғашқы кездесуден соң Әмірені шілдеханада, мәжілісте, сахнада талай көрдім. Әміре кішіпейіл, әзілқой, адамға тез үйір болатын кісі еді. Мен қырдан келген оқыған азаматтардың Әмірені орталарына алып, мәжіліс жасап, ән салғызып, көңіл көтеріп отырғандарын сан рет көрдім. Семей қаласындағы басшы қызметкерлер жұмыстан бос – жексенбі күндері Жаңа Семейдегі қазақ үйлерінде ет астырып, қымыз алдырып, Әміреге ән салғызғанын білемін. Тіпті ауылдан келген бірен-саран адамдар да қаладан Әмірені іздеп тауып, оның әнін мәжілісте тыңдайтын.
Семей қаласында жиырмасыншы жылдарда мұғалім болып қызмет істеген Қалиакпар Төребаев былай дейді:
– 1921 жылы Орынбордан Семейге Әліби Жангелдин бастаған қызыл керуен келді. Қызыл керуеннің құрамында бірқатар адамдар бар. Семей жұртшылығы партия мен үкімет жіберген бұл өкілдер тобын жақсы қарсы алып, үлкен құрмет көрсетті. Оларды Жаңа Семей қаласындағы үлкен, кең үйге шақырып, бір кеш бойына қонақ етті. Бұл мәжіліске қаланың басшы адамдарды да қатысты. Сол мәжілісте Әміре Қашаубаев астанадан келген қонақтарға бірқыдыру ән салып берді. Әміренің әнін қатты ұнатты. “Ағашаяқ” әнін бірнеше рет қайталап айтқызды. Әміре мәжіліс, шілдеханаларда таң атқанша ән салудан жалықпайтын еді. Әлекең:
– Әміре сияқты өнерпаздардың күні туды. Мұндай дарынды адамдарды жинап, қазақтың ұлттық театрын ашпақпыз, оған Әмірені де шақырамыз, – деді.
1923 жылы Семейдегі циркте қаладағы сауыққойлардың күшімен концерт берілді. Көшелерге жапсырылған афишаларда: атақты әнші Әміре Қашаубаев ән салады. Иса ақын мен Нұрлыбек ақын айтысады. Мәулікей жырлайды… деген хабарландыру болды. Сондықтан жақсы ән тыңдап, қызықты ойын көру үшін сол кешке халық көп барды. Цирктің сыртында бір топ жігіттер мен қыз-келіншек ойынның басталуын күтіп, өзара әңгімелесіп тұр. Бір кезде бұлардың қасынан Әміре өтіп бара жатты.
– Аға, амансыз ба? – деп бір жігіт Әміренің қолын ұстап амандасты. Енді біреулері:
— Ой, Әміре аға, мұнда да келеді екенсіз. Енді сіздің әніңізді цирктен де бір тыңдап көрейік.
Әміре езу тартып күлді де:
– Біз халық жиналған жерге бара береміз, әнді қай жерде болса да айтуға болады емес пе? – деді.
Әміре сол кеште гармоньға қосылып, “Екі жирен” мен “Ағашаяқ” әнін шырқады. Жұрт қол шапалақтап тағы да одан ән айтуын сұрады. Енді гармоньға қосылып, “Қарғаны” айтты. Жұрт оның әніне риза болды.
Қыстың орта шенінде Семейдің Жаңа қала деп аталатын шет жағында Жүсіп дейтін жігіт үйленіп, тойға шақырды. Сол тойдың иесі ат айдаушы (бержабайшы) Жүсіп болатын. Оны, көбінесе, бала Жүсіп дейтінбіз. өйткені, Семейде Жүсіп аттас адам көп.
Күн аяз. Екі бөлмелі үйдің алдыңғы есігін ашқанда аяздың буы лап беріп үйге кірді. Есікті жауып, төрге көз салсам, Әміре гармоньды гүжілдетіп тартып отыр екен. Маңайын қоршап алған қаланың адамдары, ішінде кәрі де, жас та бар. Олардың бәрінің ынтызары – әншінің әсем әнін тыңдау, тәтті лебізінен, әуенінен ләззат алу. Ал, он сегіз жастағы менің есіл-дертім Әміренің құйқылжыта гармонь тартқан өнерін үйрену, соны құмарта тыңдау. Қыстың ұзақ түні. Әлі түн жарымы ғана. Ән салу тоқтаған жоқ. Әсіресе, Әміренің ән салғанына құмартып отырғандар көп. Бірақ, ол оқта-текте ғана бірер әнді орындап, көбінесе басқалардың, әйелдердің өлең айтуына, ән салуларына кезек беріп отыр. Ән салғандарды гармоньмен сүйемелдейді. Кейде Әміре қасындағыларға ән, күй жайында әңгіме де айтып қоятын.
– Осы кезде өзім айтып жүрген 80-90 ән бар, – деді сол кеште отырғандарға. – Қазақта ән көп.
Әміре гармоньды өте шебер тартатын-ды. Гармоньды қолына алысымен безектетіп, сайратып жіберетін. Сау- сақтары гармонь тілдерін сипай жорғалай жөнелетін. Ол мейлі қазақ әнін, мейлі татар жырын тартса да мүлтіксіз, майда үнмен түрлендіріп, құбылта, нақышына келтіріп тартушы еді. Домбыраны да шебер шертетін. Оның гармонь тартып, домбыра шерткенін тыңдаудан еш адам жалықпайтын. Қазақша гармоньды осындай әсем келістіре тарта алатын адамды ол күнде де, кейін де кездестірген емеспін.
Әміренің гармонь тартқанын, ән салғанын тыңдап отырғанда қыстың жылдай ұзақ таңы қалай атқанын білмей қалдық.
***
Ертістің аралы (қазіргі Стадион) ерте кезде қала тұрғындарының демалыс күндері серуен жасайтын, мәжіліс құрып, көңіл көтеретін жері болды… Аралға ол кезде тек қана қайықпен өтетін. Қайықтың иесі – жеке адамдар.
Мамыр айының аяқ кезі. Күн шағырмақ. Аралдың мәуелі биік ағаштарының көлеңкесі салқын, самал. Жер беті көкорай шалғын. Әр жерде жағылған от, қайнап тұрған самауыр. Біреулер қымыз сапырып, киіз, көрпе үстінде жағалай отырғандарға кішкене кесемен қымыз құйып отыр. Әне бір топтағы еркектер – қаланың бержабайшылары. Бұлар да қымыз ішіп, думан жасап отыр. Темекі түтіні бұрқырап, көкшіл тұман тұрған тәрізді. Бұлардың арасында гармоншылар, әнші-жыршылар да бар сияқты. Мынау түрегеп жан-жағын қоршап алған халық соларды тамашалап, тыңдап тұрса керек. Бір кезде сол тұрғандардың ішінен біреу:
– Әне, Әміре келе жатыр, – деді. Сол-ақ екен мәжілісте отырғандар елең ете қалды, таяу тұрған Ертіс жағасына тіктеп қарасып тұр.
үш адам қайықтан Ертіс жағасына түсіп, аяңдап осылай беттеп келе жатыр. Ортадағы аласа бойлы, кең майдайлы тығыршықтай, толықтау келгені Әміре. Оның үстіне кигені жұқа сары чесуча костюм шалбар, басында тоқылған ақ қалпақ, қолында бүктелген ақ шатыр. үшеуі де келген бетте сәлем беріп амандасты. Бәрі орындарынан тұрып, Әміреге төр жақтан орын берді. Жағалай отырғандар қымыз құйған кеселерін кезек-кезек ұсынып, Әміре олардың қымызынан ауыз тиіп, қайта қымыз толтырып қайтарып жатыр. Қымыз ұсыну біраз толастаған кезде:
– Ал, Әміре, Әміре деп ауыздарының суы құрып еді. Енді оның өнерін көрейік, – деді сыртта түрегеп тұрған біреуі.
– Ал, лебізіңді естірт, Әміре, көптен бері сағынып қалдық, – деді қасындағы жүзі таныс құрбысының бірі. Атақты гармоншы шала қазақ Боранбай гармоньға татар жырын тартып отыр.
– Жырлап жіберіңіз, – десті біреулері. Семей тұрғын- дарының әдетінше Әміре де дереу татарша жырлады. (өйткені, мәжілістегілердің көпшілігі – бержабай айдайтын татар жігіттері).
Алтын балдақ құйдырдым,
Атсыз бармақ атына Жырым түгіл,
Жаным пида Сіз достардың хақына…
Уа пәлі, тусаң ту… деп жұрт дуылдасып кетті. Әміре бес- алты ауыз жырлады да, басқаларына кезек берді. Ол сол күні кешке дейін ән салып, гармонь тартты. Бірақ, оның бір әдеті өзі ғана ән салып, гармонь тарта бермей, қасындағы талапкер өнерпаздардың да әнін тыңдап, гармонь тартқызып отыратын. Тойларда, шілдеханаларда, мәжілісте Әміренің қалада сол жылдардағы шебер гармоншы Боранбай, Сұлтан, бертінде жас жігіт Мұқатай Тоқжігітов сияқтыларға гармоньды тартқызып, өзі тыңдап, арасында басқалармен әңгімелесіп отыра беретін. Кейде солардың сүйемелдеуімен ән шырқап, жырлайтын.
Әміре сөз білетін, әзіл-қалжыңға ұста болды.
Мен осыдан кейін Әмірені 1925 жылы көктемде қаладағы губерниялық оқу бөлімінің есігінің алдында кездестірдім. Ол кезде губерниялық оқу бөлімі М.Горький көшесінде, қазіргі қалалық Советтің үйінде орналасқан. Менің қасымда курста бірге оқитын Мәлікаждар деген мұғалім бар. Екеуіміз де жарыса сәлем беріп, Әміренің қолын алдық.
– Ағай, бұл жерге не шаруамен келіп едіңіз? – деп сұрады Мәлікаждар Әміреден.
– Оқу бөлімінің бастығы маған қағаз жазып, «оқу бөліміне тез келіңіз», – депті. Біреулерден сұрастырып, неге шақырғанын біліп едім, Жоғарғы жерден Мәскеуге шақырған телеграмма келіпті, – деді Әміре біздің бетімізге қарап. Әміремен бірге біз де оқу бөлімі кеңсесіне ендік. Бастық әзірге келмеген екен, аласа бойлы секпіл бет, көзі азырақ қысыңқы келген отыздар шамасындағы жігіт:
– Әміре аға, бері келіңіз, сізді шақырған телеграмманы оқып берейін, – деді.
Телеграмманы оқып шықты. Аяғына Луначарский қол қойыпты. Сол күні Әміре Мәскеуге баратын болып, құжаттарын, жол қаражатын алды.
Мамыр айында пойызға отырып, Мәскеу сапарына аттанған Әміре сол жылы тамыз айында ғана Семейге қайтып оралды. Әміренің әуелі Мәскеуге, одан кейін Парижге барған сапары жайында газеттерде хабарлар басылып тұрды.
Сол жылы күзде Әміренің Парижден қайтып келген кезінде қалада үлкен концерт ұйымдастырылды. Оның жарнамаларын көрнекті етіп баспаханаға бастырып, көшелерге іліп қойды. Сауық кешінің бағдарламасы бойынша концерт үш бөлімді болды. Оның әр бөлімінде Әміре ән салады. Қаладағы ең таңдаулы өнерпаздар: домбырашы, күйші, жыршы, тақпақ айтушы, бишілер концертке қатысады. Концерт Свердлов атындағы клубта өтеді.
Бұл кешке келушілердің көп болғандығы сондай билет жетпей қалды. өйткені, сауық кешіне арналған билет бірнеше күн бұрын сатылған болатын.
Әміре осы кешке аса бір шат, тасқындаған көңілмен, шабыттанған күйде қатысты. Біз бұрын көріп жүрген әнші Әміре бүгін тым өзгеше, құлпырып, жайнап кеткен. Парижге барған сапары, ондағы алған абыройы, әншілік өнеріне еуропалық білгірлердің қол соғып, құрмет көрсетуі көңіліне медеу болып, бойын да, ойын да өсірген сияқты. Бірақ, кейбіреулерше бет алды мақтануды сүймейтін Әміре әлі де сол кішіпейіл қалпында еді. Парижде өзіне көрсетілген құрметті ол жайында сұрағандарға қарапайым түрде ғана айтатын. өзін көтермелеп, дәріптеушілерге онша елірмейтін, салмақты мінез көрсететін.
Бұл жолы да сахнаға домбырасын ұстап, салмақпен шыға келген Әміреге жұрт ерекше құрмет білдіріп, шапалақ соқты, тіпті залдағылар орындарынан тұрып кетті. Біраздан кейін Әміре бас иіп, ризалық білдіргендей сахна ортасына қойылған орындыққа барып, домбырасын безілдете тартып жіберді. “Қарға”, “Смет”, “Ғазиз”, “Екі жирен” әндерін шырқап, сахнаны сілкінтті.
Свердлов атындағы клуб қалалық бақшаның Ертіс жағындағы бұрышында тұратын. Әміренің күшті дауысы клубтың сыртына да, Ертіс жағасына да естілерлік болды.
Концерттің екіншібөлімінде де әншігежиналғанхалықтың ықыласы айрықша ауып, әнін тыңдауға ынта-құмары арта түсті. Әміре екінші бөлімде де үш ән айтты.
Концерттің ең соңғы – үшінші бөлімінде халық Әмірені сахнадан шығарғысы келмеді. Әміре бұл жолы төрт ән салды, тіпті тыңдаушылар қол соғып, жер тепкілеп отырып алған соң бесінші рет ән салды. Ақырында сахнаға қайта келген Әміре
үш ішекті домбыраның үзілген үшінші шегін салбыратып көрсеткенде ғана жұрт әрең басылды.
Жұрттың әнге құмары қанар емес. Бірақ әншіні де аяу керек қой деген ой тежеу салғандай.
Әміренің Парижден келген бойдағы ән өнерін Семей жұртшылығы осылай қарсы алған болатын.
(“Жұлдыз” журналы, №7, 1978 ж.)