Тамара-Ханум
ӘМIРЕ – МЕНIҢ ҰСТАЗЫМ
(Әмiре Қашаубаевтың тұғанына 90 жыл)
Әмiренi ұлы әншi деп айтуға хақым бар.
Алма аларсың, алданарсың,
Алма пiскен шағында.
Сағынарсың, сарғаярсың.
Еске түскен шағында, –
демей ме? Е, өтiп жатқан уақыт-ай, десейшi. Одан берi де көп уақыт өттi ғой.
Мария Жагор деген орыс қызы,
Он алты, он жетiге келген кезi.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзi.
Дудара-ри дудым,
Сенiң үшiн тудым.
Шiркiн-ай, Дудара-ри, дудым-ай, –
деген жас жүректiң лүпiлiндей сөздердi маған алғаш Әмiре үйреткен едi. Үйреткенде де сонау Парижде айтып берiп, ән сырына қандырған-ды.
Бәрi есiмде, бәрi көз алдымда. 1925 жыл. Маусым айы. Парижде болатын дүниежүзiлiк көрмеде қойылатын этнографиялық концертке қатысуға жолдама алдық. Парижге барған соң, Совет павильонына орналастық. Бiздiң павильон бiршама жұпыны екен. Басқалардiкi болса мәрмәрдан, хрустальдан, қымбат бағалы жақұт тастардан қашап жасалыпты. Бiрақ, бiздiң рухымыз биiк, көңiлiмiз бай едi. Жуырда ғана азаттық алған елiмiзге деген зор мақтаныш бар едi жүрегiмiзде.
Бiздiң топқа мұндағылар қатты аңсары ауа, жапырыла қарады. Тiптi, әдейi тоқтап, мойын бұрып, таңырқай қарайтындар да бар. Оның себебi белгiлi. Париж халқы жас Совет өкiметi хақында небiр өтiрiк-өсектi көп естiген. Қисынсыз сөздердiң қайсысы рас, қайсысы өтiрiк екенiн көзбен көрiп, куә болмақшы-ау, тегi. Таңертең көрмеге барғанда, бiздi iшке жiбермедi. Документтердi тексеремiз деген сылтаумен күнi ұзаққа есiк алдында аяғымыздан тiк тұрғызды. Сондай мазасыз шақтарда Әмiре өзiн өзгелерден байсалды ұстап, асқан сабырлылық аңғартты. Бiр рет те тыпыршып, қабақ шытқан жоқ. Алаңсыз, ешнәрседен бейхабар кiсiдей болып жүрдi. Сонда мен де жүрек қобалжуын басып, маңғаз Әмiренiң қарапайымдылығына ұқсап баққым келдi.
Париждегi комедия залында Совет елiндегi көп ұлтты халықтардың этнографиялық өнерiн көрсетуге РСФСР-дың еңбек сiңiрген артисi, профессор Г. Любимов, жезтаңдай әншi Ольга Ковалева, О. Федоровская, А. Деливо, әзiрбайжан сандуғашы Шевхет-ханум Мамедова, қазақ әншiсi Әмiре Қашаубаев, башқұрт қурайшысы Исенбаев, өзбек әншiсi Кари Якубов пен бишi, осы жолдардың авторы мен болып рұқсат алдық.
Залда құмырсқадай құжынаған көп халық. Концерт жүрiп жатыр. Кезек Әмiреге келдi. Қарап қалдық, өзiн аспай-саспай жақсы ұстаса деймiз. Әмiре сахнаға дәл өз ауылында жүргендей қутың қаға, жайраңдап шыға келдi. Шыға келдi де қолтығына елеусiз қыса салған домбырасын оң қолына алды. Күнi бұрын қойылған орындықты өзiнше қайта оңдап қойып, артқы тағанын басты да, жайлап отырды. Қимылы ширақ, сыпайы. Артық әрекет жоқ. Салған жерден
«Ағашаяқтың» жоғарғы нотасын асқақтата шырқап жiбердi. Оның микрофонсыз-ақ тым биiк шыққан дауысына алдыңғы қатарда отырған көрермендер ғана емес, залдың түкпiр- түкпiрiне жайғасқан тыңдаушылар да екi құлағын басып, ауыздары аңқиып қалыпты. Ән аяқтала бергенде:
– Не деген дауыс! Ғаламат!
– Па шiркiн, мiне, өнер. Керемет! – деген сөздер тұс-тұстан саңқ-саңқ естiле бастады.
– Мынау ғажап құбылыс! Кiм бұл? – дегендер де болды.
– Әмiре Қашаубаев, қазақ, – деп жатты бiреулер.
– Сондай ұлт бар ма?
– Демек болғаны да. Бұл жiгiт Парижден өте алыстағы қазақ даласынан дейдi ғой.
Әмiре әрi қарай көсiледi. Жұрт тағы да аңырып, Әмiре сазына ұйыған. Ән бiткен соң олардың одан сайын таңырқап, қыза сөйлеп кеткенiн мен өз көзiммен көрдiм, құлағыммен естiдiм.
Халқым маған сенедi. Сыйлайды. Сондықтан адалын айтып беруiм керек. Бiр түйiр де өтiрiк айта алмаймын. Сол үшiн Әмiре жайындағы осындай көрiнiстi қазақ баспасөзі бетiнде алғаш рет айтып отырмын. Тағы да айта түссем, ұстаз алдындағы қарыз бен парызды аз да болса өтегендей болармын деп ойлаймын.
Бұл күнi париждiктердiң жұп-жұмсақ алақаны қызыл шақасы шыққанша соғылған шығар. Бұл жалған қошемет емес, ән құдiретiнiң күшi едi.
Әмiре қайтадан сахнада. Залға жiтi қарап алды да тағы да шырқай созды. Жұрт қайта серпiлiп, ұйқысынан бiр- жола оянғандай болды. Айқай бiртiндеп жұмсарып, естiген құлақты елiттiрiп, тұла бойға шымырлап тарап жатты.
«Дударайға» «Үш дос» қосылды. «Екi жирен» жорғалап, «Қос барабан» соғылды. «Қызыл бидай» тербелiп, «Қараторғай» Париж аспанында қалықтады.
«…Әмiре ән салғанда, соншалықты еркiн жiгермен бiрнеше әндер айтқанда, түсi бiр сәт бұзылмас едi. Күшпен айтатын әндердiң алдында демiн бiр-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар едi. Соған бар демiн толтырып алып, үнемдеп шығарып, көпке дейiн дем алмайтын», – деп қазiргi кезде тұрғыластары айтып жүрген сөздi мен де сол кезде аңғарған едiм. Таңғалатыным – ол сахнаға шықса жанып, от болып кететiн. Қолындағы домбырадан басқа бiлетiнi болмайтын. Бар дyниенi ұмытатын. Оның қолдан керемет жасау сыры да осында болса керек. Ендi ешкiм де бyлайша жан бiтiртiп, асқақ шырқай алмаy емес.
Ия, Әмiре орындаған қайсы ән болсын қайта туып, өзге нақышын, өрнегiн табатын. Даусыз жөнiне келетiн.
Дауысты оған табиғат үйiп-төгiп бере салған. А дегеннен әр әннiң күллi мақамы риясыз, соншалықты сенiммен шығады. Дауысында қоспа жоқ. өзiне тән өр екпiн, әуен, ырғақ сарыны бар-тын.
Парижде он бiр рет концерт бердiк. А.В. Луначарский мен Совет елшiсi Л. Красин, композитор С. Рахманинов, профессор Г. Любимов басшылығымен әр концерт алдында дамылсыз репетиция болып тұрды. Електен өтiп, шыңдалдық. Сондайда Әмiре сыннан сүрiнбей, оңай өтiп кететiн. Кейде әзiрлiк кезiнде кiсiге ас батпайды. Ас батқанмен де, үнемi мезгiлiмен тамақтана алмайсың. Мұрша келмейдi, уақыт жетпейдi.
Соңғы концерттi беретiн күн болатын. Шынында да, соңғы түйенiң жүгi ауыр демекшi, бұл сәт оңай түскен жоқ. Артистердiң iшiндегi ең жасы мен болғасын ба, менi көбiрек ортаға алып, үйретедi. Ақыл- кеңес бередi.
Түс мезгiлi жақындады. Әмiре менi шақырды. Жанына жақын бардым.
– Келшi бермен, Тамара. Отыршы жаныма. Шаршаған шығарсың, қарның да ашқан шығар, – деп жүзiме мейiрлене қарады. Тiзе бүктiм. өзiмен бiрге ала жүретiн қобдишасын ашты. Онда сап-сары таба нан бар екен. Құрт пен iрiмшiк бар екен. Бiр үзiм нан және уыстап-уыстап iрiмшiк пен құрт бердi.
«Ұялма, қарындасым, наннан жешi… Қалай, «Дударайды» ұмытып қалған жоқсың ба?» – деп сұрап та қойды. Талап пен талантты үнемi шыңдап, өнердi тот бастырмау жағын да ескертiп өттi. Мен бiр түйiр iрiмшiктi аузыма салып, қатқан нанды суға жiбiтiп жей отырып:
– Мақұл, жарайды, аға, – деп «Қараторғай» әуенiн ыңылдап салып бердiм. өзiм бiлем, кей жерi Әмiре салғаннан ауытқиды. Дегенмен, сабырмен тыңдады. Тыңдап болып, әндi өзi асықпай қайталады. Ән ырғағын буын-буынға бөлiп, қолға ұстатқандай етiп түсiндiрдi. Бар ықыласыңмен үйренiп ал деген ниетi едi бұл оның. Сөйтiп, сол сапарда мен осындай аяулы адамды кездестiрiп едiм. Ол байқауда жүлделi орынға ие болды. Үлкен абыройға бөлендi.
Елге оралғасын Әмiре үйреткен әндердi шырқап жүрдiм.
«Дударайды» естiген ел менi сахнадан жiбермейтiн болды. Сол ән арқылы мен де абыройға кенелiп, даңқты болдым. Әмірені ұстазым деп те сол үшін айтамын.
Қазақ даласы, қазақ жерi. Мен бұл өлкеге мәңгi ғашықпын. Оның жетiстiгi мен табысына үнемi құлақ түрiп, шын дос ретiнде қуанып, төбем көкке жетедi. Қазақта талантты ұл-қыздар көп екенiн де бiлемiн. Кешегi Күләш, бүгiнгi Ермек, Бибiгүл, Роза Бағланова, Роза Жамановаларды да жер жүзiнiң талай халқы бiледi. Ондай талантты жандар – Әмiредей ұл тудырған халықтың заңды мақтанышы. Үрiп ауызға салғандай Роза Рымбаева сынды жас әншiнiң есiмiне де бiршама қанықпын. Ол да сол Әмiре туып-өскен Семей өңiрiнiң қызы көрiнедi. өз халқының даңқын шығарған бүкiл әлемге танытқан осындай перзенттерi бар халық, әлбетте, бақытты, қашанда мерейлi, еңсесi жоғары.
Жасым бiразға келгенмен, менде де әлi арман көп. Соның бiрi – қазақ даласын тағы да бiр армансыз аралап, Әмiре өскен топырақты көрiп, тағзым ету. Семей атырабына барып, Әмiре үйреткен «Дударай» мен «Қараторғайды» шырқасам едi деймiн.
Иә, Әмiре есiмi мәңгi жасайды. Бүгiндерде туғанына тоқсан жыл толып отырған Әмiре бейнесi оны бiлетiн адамдардың жүрегiнен өшкен емес, өшпес те.
Ташкент қаласы, Өзбек КСР-ы («Мәдениет және тұрмыс» журналы. №7, 1978 ж.)