ӘН САПАРЫ
Бейімбет концерт болады деген күні театрға алдымен келіп, сахна жаққа шығып: Әміреге — “Ағашаяқ”, “Жанбота”, Елубайға — “Нақ-нақ”, Құрманбекке — “Сайра бұлбұл”; Қалибекке — “Тоқалға қой күзеттіру”, “Қыз ұзату”; Әли Құрмановқа — “Молдабайды”, — Исаға — “Желдірмені” айттыру керек деп арнайы нұсқау беруші еді. Әміре “Ағашаяқты” орындағанда сылқылдатып, неше алуан түрімен кей жерде жігерленіп, уайым-қайғысын елестете отырып, ең аяғында жайдарыланып, сахна төріне көзін тігіп, алысты болжағандай әсермен орындайтынын көзіміз көріп, құлағымыз естіп еді.
…Бір күні Иса: Біз ертерек барайық, — деді, мен ілесіп жүре бердім. Домбыраны шапанымның етек ішіне тығып алып келемін. Бір зор денелі, аяқ басысы, сөзі салмақты, танымайтын адам үйіне кіріп сәлем бердік. Кішіпейіл екен, майда тілмен сәлем алды. Бізді қонақ үйге кіргізіп, өзі басқа бір бөлмеге кетіп еді, толықша, сұлу келіншекті ертіп келді, “Әнеу күні айтып жүрген Иса ақынымыз осы”, — деп таныстырып жатты. Бір кезде есіктен жап-жас үріп ауызға салғандай, тығыршық ақ сары жігіт сәлем беріп кіріп келді. Сәлем алып, үй иесімен Иса екеуі қатты қошеметтесіп қалды. Келіншек те келіп жалпаңдап амандасып жатыр. Ішімнен бірімен-бірі ашына болған адамдар екен ғой деп бір қойдым. “Ақын, әнші деген жұрт құлағына шақыру тиді-ақ ерте ұшады ғой”, — деп, Иса мені сары жігітке таныстырып, «келешек сенің шәкіртің, екеуіміздің әрі атқосшы, әрі жолдас, әрі орындаушымыз”, – деп бітіре бергенде қорадағы ит абалап қоя берді. Қонақтар дыбысы білінді. Сәлем беріп, жанында әйелі бар, еңгезердей қара кісі, артында ширатқан мұрты бар, икемділеу бір қара кіріп келді. үй иесі баяғы биязы, салмақты мінезбен амандасып, Иса, Әміре шұрқырасып амандасып қалды. үй иесі әйел де келіп, амандасып, киім іліп жатыр. Менің ойыма жүгірген қиял, үй иесінің қызметі де кем емес-ау деп қалдым. Мен анадай жердемін. үстелге шай келді. Мұртты адам да салмақты, қызметі тәуір екендігі киген киімінен, отырыс-тұрысынан көрініп тұрды. Шайдан кейін Иса далаға шыққысы келді. Бірге шықтым. Бұларды сұрадым. “Губисполком, губпрокурор, бәрі де дәулер”, – деді. Аттарын атасып, сөйлесіп, Жұмат, Ахмедолла дегенде құлағым елең ете қалды. үйреніп қалған Әміреге үй иесі: – Қолыңа құралыңды ұста, — деді. Әміре домбыраны ала салып “Шіркін-айдан” бастап “Қанапия”, “Екі жирен”, Абайдың “Сегіз аяғы”, “Айттым сәлем” тағы бірнеше әндерді сорғалатты. Әміре тұрған жер кіші Семей қаласының қымызы үзіле ме, ар жақтан қолына күніне қырық сақина салған сұлу әйелдің қымызы да сапырылып құйылып калды. Сырнайды алып, Әміре “Бесқарагерден” бастап, бірнеше әнін тастап-тастап татаршалап та басып, домбырасын ала сала” “Ағашаяққа” түсірді. Ахмадолла үйіндегі сұлу келіпшек татарша ән айтылғанда жылмаң қақты.
Әміре ән айтқан сайын мен қозғалып қойыппын ғой. Бір кезде “Ой, пәле” деп көтеріп жіберіппін, сол кезде Ахмедолла: “Мынау қай жердің баласы”, – деп, Исаға сұрақ қойды. Иса ауыл-аймақтарды айтып, әкем атын айтқанда Ахмедолла: “Бисмиллә екен ғой, біздің үйде тұрып Мәсғұттан сабақ оқып еді ғой”, – деді. Інісі Ғабит Омбыдан оқып, демалысқа келгенде Ахмедолла үйіне Кереку жақтан келген-ді. Бір рет көргем. Ән салдырған. Есіме түсті. Жұмат шыдай алмай отыр екен, “Жарылғапберлінің “Топайкөк”, “Мәшине-Шама”, “үш досын” білесің бе”, – деді. «Білем», – дедім. Айтып бердім. Ән ұнады. Жұмат Әміреге: «Баланы жақсылап үйрет, жандарыңнан қайда барсаң да қалдырма, – деп тапсырып жатыр. – Дауысыңды сақта, арақ, суық су ішпе, темекі тартпа, жазда желді күні, қыста суық әуеде терлегенде шығып сөйлеп, айғайлап ән салма”, — деді. Мұны күні бүгінге дейін ұмытқаным жоқ.
* * *
Бір күні тұрған үйім жаныма бір жігіт қосып, сегіз-он шақырым жердегі қарағай отынға жіберді. Арбаны орталаған кезде, екі қара ат жеккен біреу, “Бисмиллә, сені Иса, Әміре тез алып кел деп жіберді”, – деді де, екі атты қарағайға байлай салып, өздері арбаны ағашқа толтырысып, “Ал, жігітім, көрген жерде ауыл бар”, – деді де, арбалы жігіттің өзін қалдырып, мені Төлештің үйіндегі Иса мен Әміреге алып келді. Мен бұлардың домбырасы мен сырнайын көтерем. Иек қағып “сүйт” дегендерін реттеп орындайтын – мен. Сондықтан менсіз бұлар ешқайда жүрмейтін. Аузы өз кілтімен жабылатын қара портфель мен қара шабадан ләшкенкеге түсті. Күзгі қысқа күн. – Ертіс суының астыңғы жақ жиегі күншығыс жақтағы екі-үш шақырым жердегі қара ағашты көрсетіп: – “Сабантой” деген қалың жиын болады, көресің бүгін Әміре екеуміздің қайнап, бұрқылдатып, Ертістей таситынымызды, — деп, Иса сөйлеп келеді. Айтса-айтқандай, көп болып әр жерде алқа-қотанданған халық. Әлі түсіріліп үлгерілмеген арбада тұрған қымыздар, жанында байлаулы қойлар мен сойылып жатқан жылқыны да көзім шалып қалды. Пар қараны жіберген халыққа қарай Шынжы Керейбаев, Ахмет Қозбағаров, тағы басқа да татарлар бар, қалың топқа келіп тұра қалдық. Иса мен Әмірені ала жөнелді. Жаутаңдап шабадан, домбыра, сырнайға ие болып қала бердім. Жан- жағыма көз жіберсем, сол топ маңында бір жылқы сойылып болып, қазанға салынып жатыр екен. Әміре қай жақтан сап еткенін білмеймін, шабаданды алып жүр деп, әлгі жылқы сойған жерге, бастығына тапсырып, портфельді, сырнай, домбыраны маған алып жүргіздірді. өзі барған топқа алып келді. Әр жерде сырнайлар сарнап, татарлардың жырлағаны естіле қалды. Сабантойға Исаның да, менің де бірінші келуіміз еді. Бұл 1922 жылдың күзі. Иса Әміренің ақыны, мен оның хатшысы ретіндемін. Иса “Бесқарагер” сөзін жазған, Әміре әбден сақадай сайлап алған. Әміре бір кезде сырнайды алып, басып-басып неше түрліге өзінің топ жаратын сүйегіне сіңген беташар әні “Бесқарагерін”, “Шіркін-айын” шырқап, ерсілі- қарсылы ырғалтып, жиналған жұртты өзіне тарта жөнелді. Маңайдағы топтар лап қойып жүгірісіп келіп жатты.
Жылында Қарағашта той болады,
Қаптаған құмырсқадай ел толады.
Ертістің жиегінде сабантойда,
Баласы Қашаубайдың қарқ болады.
Татарлар көп жиналушы еді. Әміре “Баламіскін”, “Ғалия бану”, т.т. бірнеше татар әндерін басып-басып жиынды қыздырып тұра қалды. Халық ұрымтал жерге сыймай толып, дуылдап, тұрар жерге таласуда. Осы кезде ақынға деген бір айғай шығып қалды. Бәйге атындай тықыршып отыра алмай отырған Иса домбырасын ала салып, той болатынын естігеннен, пар қара лашенкемен үшеу болып келгенін, тойдың жылда болатынын, бүгін бірінші жеткенін, той иесі қазақ, татар халықтарының аттарын атап-атап қояды. Совет өкіметі қалың бұқараны еркіндік теңдікке жеткізгенін айтып өтті. өйткені бұл тойдың жағдай мен жайын, адам аттарын Әміреден біліп алған. Әміре топ арасын бір аралап келгендей болып еді. Иса “Әкудей шіркін, өтер бір күн, миллион сомдық ойын күлкің” деген кезде, біреу келіп ентелеп, дастарқанға бір қағаз ақшаны тастап кеп жіберді. Сол-ақ екен дастарқан үсті сары, ақ теңге мен қағаз ақшаға толып кетті. Ол кезде ақын, әнші айлығы халық үстінде. Иса осындай той-думанда еңбектері болатынын айтып, онан сайын қыздырды. Бірін-бірі естіп, топтың шеттерінен үйір-үйірімен келіп, ақшаны дастарқанға карай будақтатып лақтырып тастап жатты. Жиналған ақшаны жиып мен тұрмын. Ақша салу бітер емес. Бір сағат болды- ау деймін. Әміре мені құлақтандырып қойды. Менің де екі көзім ақшада. Мынау ақша бізге түскеніне бұрыннан- ақ дағдыланып қалғам. Иса қыза шапқан құлагерше өлең дегенді бұрқыратып жатыр. Той иесі: “Тамақ дайын, орын-орындарыңызға барыңыздар, кеш болып қалды”, – деген кезде Иса тоқтап, үлкен шара аяқ қымызды басына бір-ақ көтерді. Әміре маған иек кағып қалды. Мен ақшаға қарай жылмаң еттім. Сыпырып, біреу жәрдемдесіп, кара портфеліме сүңгітіп жатырмын. Қағаз ақша аузына қарай ұмтылады, мен түбіне қарай нығарлап, аузын кілтімен жауып, басымды көтеріп, Әміреге көзім түскенде өзіне қарай ымдағандай болды. Жанына барып отырдым. Бұрынғыдан гөрі бұл жолы түсім көп болды, жанына отырғызып алды.
Өйткені бұрын ұрылардың айналдырғаны болған. Тамақ ішіліп, той тарады. Бағанағы пар атты, алдымен, бізді апаруға берді. Әзер көтеріп қара шабаданды да алдық. Қазіргі жаңа Семей “қаласына” – Ертіске келсек, қайық анадай жерге кетіп қалған екен. Әміре айғайлады: – Тез, бара қайт, — деп әмір берді. Тез-ақ өтіп Әміре үйіне келіп тұра қалдық. Оразке жеңгей жүгіріп шықты. Шабаданды көтеріп, ас үйге әкеліп, аузын ашты. Жал-жая, қазы-қарта. Тойға сойылған жылқы баласының бәрінен де той иесі салдырған екен ғой деп ойлап төргі үйге кірдім. Қара портфельдің аузын ашып, екеуі ақшаларды реттеп, санап жатқан сияқты. Менің есіл-дертім – Әміреден ұққан “Шіркін-ай” мен “Бесқарагерді” үйрену. Домбыраны алып, ауыз үйге шығып кеттім, Иса ас үйге келіп: “Бисмиллә, сені киіндіретін болдық, ақша көп түсті”, – деді. Жылы-жұмсақ етті Оразке жеңгей асып, тойдан сарқыт жейтіндер жиналып, Иса өлеңді, Әміре әнді бұрқыратып, қымыз сапырылып құйылып жатты.
Жұмат Шаниннің режиссерлігімен 1922-23 жылы Семейдегі Луначарский клубында оқушылар мен клуб пайдасына екі ай дайындықпен “Арқалық” қойылатын болды. Күндіз репетиция өтеді. Жұмат Иса мен мені, Әмірені қатты үйретті.
Өйткені Арқалық — Иса, кейде Жұмат — Арқалық, Әміре екеуміз Қияқ—Тұяқ болып ойнаймыз. Бір кезде Әміреге “он жасар дөнен қара бұқадай” деген сөздерді әнімен айтқанда бұқаша күжірейіп, жұртқа қарап, аузыңды толтыра айт деп үйреткені әлі есімде. Сол кездің өзінде ұлы орыс халқының Станиславский сықылды режиссерінің еңбектерімен Жұмат Шанин Омбы орталығында оқып жүргенде-ақ танысып алғаны сезіліп тұрған еді. “Арқалықтың” дайындығын жасап, Әміре, Иса үшеуміз клубтан шығып бара жатқанда Иса: «Өзі бір жақтан ойын жасап қоюды меңгеріп, оқып бітірген адамдай үйретеді», – дегенде, Әміре: “Мен сықылды тума сүйегіне біте қайнап орын тепкен ғой”, – деп бір қойды. Исаның ойына өзінің сүйегіне біте ұштасқан жаратылысынан тума пайда болған ақындығы есіне түсті білем, бір мәз болып күліп алды да:
«Жұмат сабаздың әуелі бірнеше күн құлаққа сіңдіріп оқып, одан әркімге айтатын сөздерін жаздырып, ойнаушылар оқып-үйреніп жаттыққаннан кейін тұрғызып үйретуін қарашы, – деді. – Жұмат бұл түрінде қазақтың бір үлкен ойын-сауық орнына ие болып жасайды-ау. Талай жастарды өнерге будақтата тартар да. Орнын да ашар», — деген кезде Әміре:
«Өзі орысша-қазақша жетік-ау», – деп қойды. Шынында, бір күні Әбікей бастап ашқан Кирпед (Киргизский педтехникум) техникумының отыз шақты оқушы жастарын араластырып, көпшілік кіретін жеріне қаптатып жіберді. Жұмат қою шашын көтеріп, сыйпап қойды да, соғыс эпизоды бар жерде көпшілікті ерсілі-қарсылы шұбыртып, будақтатып, тайқазанның бұрқылдап қайнағанындай үйретудің астына алды.
Қалқан, найза, шоқпарлар көпшілікке де жетерлік. Қатысуға келген оқушылардың өзі таңғалып жатыр. Біз болсақ күнде таңбыз. Бұл күнгі көргенімізге өзіміз де таңғалушы едік.
Әсіресе, Иса мен Әміре күнде дайындықтан шыққанда Жұматтың керемет өзгешелік жасаған көрініс, үйреткен өнерлерін айтып, мадақтап, таңданып жатады. Мен елтіп, бұларға ұйып тыңдап құмартып бара жатып, жығылып та жатам. Әміре, Иса күлісіп алады да: “Ай-ай сабазың, сенікі ұғып, үйреніп, бiздің аузымыздан шыққанды аңдып қағып, жадыңа сіңіру ғой,” – деуші еді.
Ол кезде билет кассада сатылмайды, қолмен таратылады. Әміре, Иса екеуіне жүз-жүзден, маған да, басқаларға да елу- елуден бес жүз билетті таратуға берді. үш күннен кейін ойын қойылатын үйге, күндіз — Жұматқа жиналдық. Әміре, Иса билеттерін түгел таратып бітіріпті. Мен де сол күні калғанын базарға апарып сатып, әзер деп бітірген едім. Басқалардан жүздеген билет қалған екен. “Арқалық батырды” екінші ойнайтын адамға – техникум оқушысына қалған билетті жиып берді. Пәлен уақытта клуб алдына келіп, тағы да қалғанын сат деді Жұмат. Киімімізді көтеріп, клубқа келсек, адам деген құж-кұж етеді. Билет іздегендер тіпті көп, манағы жігіт билет баяғыда бітіп кеткен деп шауып жүр. Жұмат сахнаны дайындап қойыпты. өзімізге де таңғаларлық. Түрлі бояуларды өз ақшасымен сатып алып, панер тақтайларды неше түрлі бояп, үйлер-бөлмелер, терезе-есік, дала көрінісі, батыр қалқандары, найзалар, шоқпарлар тіпті көп, толтырып қойған. Семей ағашқа қандай бай, керекті құрал-жабдықтардың барлығын жанына серік алып, ағаштан жасапты. Таңырқап тұрғанымызда төбемізден бір нәрсе оқыстан гүр ете түскенде ірге құлап келе жатыр екен деп шошып, тікірейісіп қалдық. Сахна алдына жоғарыдан жерге гүрс ете түскенде зал жақтағы үлкен терезелерден түскен жарық қараңғыланып, қамалдық та қалдық. Жұматтың күлген даусы естіледі. Иса мен Әміре мынауың не сұмдық деп жатыр. Жұматта үн жоқ, күлкісі ғана естіледі. Тағы да гүрс етті. Сонда барлығымыз күліп, үрейленгеніміз басылып, Жұматқа қарасақ, Жұмат шашын сыйпап жымиып, қолын шошайтып, сырылдаған сұмдықтың жоғарыда не сиқыры барын көрсетіп тұр. Бәріміз қарап таңырқап жатырмыз. Терең құдықтан су тартатындай төбеге шығыр бұрап орнатып, онан арқан өткізіп, сахна алдына түгел жететін бес-алты кило салмағы бар ағаш шегелеп, кенепке шымылдық жасаған. Зал жақ бетін халық таңырқап отыруға неше түрлі бояумен бояған. Әміре: “Ойпырым-ай” деп бір қойса, Жұмат: “Ар жағын көріңдер”, – дегенде, Иса қандай елгезек, жылдам, зал жаққа сып етті. Жұмат дыр еткізіп түсірді. Иса айғайлап: “Бері келіңдер”, – деп бізді шақырды. Жұмат барлығымыз шықтық, таңырқап қарап болдық. Иса: “Ойпырым-ай, мен өлеңді қиядан ойлап қиыстырушы едім, мына жасастарың, өперпаздығың, мынау әшекейлегендерің аман болса талайға мұра-ескерткіш боп қалар. Көзбенен көргендер сыр етіп шертер”, — деді. Жұмат көтеріп жиды да, қалай тартып ашып-жабуын бәрімізге үйретіп жатыр. “Кез келгенің осылай ашып-жап”, – деп қояды. Жұмат Шанин жазған осы “Арқалық батырды» Иса өле-өлгенше бас қосқан жерлерде өлеңмен дастан ретінде қисса етіп жатқа айтып өтті.
…Әкем Балабек келмей жатып Иса мен Әмірені сұраған. Ар жаққа Әміреге бара алмадым. Исаны әкейге апарып, төстерін түйістіріп құшақтастырып, амандастырып алғам. Иса: “Менің білімімді толықтыру үшін, күнде бір үйге барып, есептен, орыс тілінен дайындық жасаттырып, сабақ оқытқанын да айтып үлгерген, жақсы киіндірген. Әміреге тіркедім. Қайда барсақ, Бисмиллә біздің жанымызда”, – деп еді, әкем қатты қуанып: “Бақытты бол, суырып салма ақын алды, өз құрбыңнан кем қалма”, — деп батасын беріп жатты. Губисполком Досов та бар. Қой сойылып, қазанға сүңгіп кеткен. Әкей отырған үйде техникум жатақханасынан бір жігіт екеуміз дәу сабаны күмпілдетіп пісіп жатыр едік. Әбікей келіп әкемді домбырасымен жетектей жөнелді. Мойнымдағы міндетті жігітке тапсырдым да, костюмнің бір жеңін сұға салып, ұра жөнеліп, есік жабылмай мен де өкшелесіп жүрдім. Әкемнің қап-қара көмірдей сақалы бар, өзі де ақ емес, сәлем беріп кірді. Әміре тұра салып, әкеммен бас салып құшақтасып қалды. «Сізді Қояндыда күндіз де, түнде де бірнеше көріп, әніңізді есітіп, базар сыртында Сізден “Қанапия”, “Сметті” үйренгенмін», – дегенде: “Е, Әміремісің, жас та болсаң әндерің ұнап, “Сегіз аяқ” әнін үйреніп, елге апарып жайып едім”, — деді. Абайдың “Сегіз аяғы” ғой деп отырғандар күбірлесіп қалды. Әміреден кейін тал шыбықтай бұралған жасөспірім уылжыған жігіт — Қаныш ұшып тұрып, әкем қолын қазақша, екі қолымен ұстап, сәлем беріп «таныдыңыз ба» дегенде, әкем: “Шырамытамын, ел жақта көрдім бе?” – деп күбірлеп қойды.
— Бәкем дем алсын, Әміре, сеп тастап жібер, — деді Жұмат. Сол-ақ екен Әміре де қызып қалыпты. “Шіркін- ай”, “Бесқарагер”, “Екі жиреннен” бастап, сырнайын ерсілі- қарсылы созып-созып құтыртып-ақ жатыр. Татардың машықтап алған бірнеше әндерін айтып, қымызбен қызған жұртты онан сайын қыздырды. Домбырамен айт десіп қалып еді, Жұмат:
— Әміре екі-үш ән үйреніпті ғой, қазақ қағидасында үлкенді, ұстазды сыйлап, қадір тұтады. Сол тәртіпті сақтағаны ғой. Мұнысы келешек жастарымызға өнеге-ақ, — деді…
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сізді тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
Әкем түгел түсірді, барлығы риза болды. Дуылдасып көтеріп, Әміреге қарап қалып еді. Әміре біздің шалға ынталана қарап, аузының суы құрып, ішінен үйренгендей күбірлеп, төніпті де қалыпты. Жұмат: “Әміре!” – деген кезде ғана, “әу” деп басын көтеріп, ұйып қалған бойын жинап қарағанда, Жұмат әкейге қарап иек қағып қалып еді. Әміре осы әндерді үйреніп алам деген түсінік ымды бұл да берді. Бұл түн ән базары болып тарасты. Ертемен Әміре Әбікейдікіне келіп, әкемді ертіп үйіне әкетті. Әбікей бір жағы қалжың етіп: – Бөген құйрық қара шолақ аты көтергендей болсын, – деді. – “Ардақ”, “Гаућартас” әндерін үйреніп ал, – деді Әміреге. Бір жетіде Әміре үйреніп те бітті. Әбікей үйінде болған меймандар: “Әнші қонақ, кетеріңде амандасып кетерсіз, осы отырғанның бәріне де”, – деген Әбілқайыр. Әміре соны орындап, барлығының
үйін біледі, кіргізіп те біткен. Әкем жүрмек болып, байланған бөген құйрық, қараны ерттейін десе, аспанға секіріп, жүрсең жүр деп қалды. Арқасында қант, шай кездеме салған қоржынды Әміре екеуміз теңдеп бердік. Осы кезде Иса да келіп қалды. Әміре Иса келмеді-ау деп қатты қиналып тұр еді. Бір дорбаға салған кезде мені ұстатып, бір уыс ақшаны ұсына берді де, әкеме: – Әміре екеуміздікі, — деді. Бір бұт сұлы салған қабының ішіне сүңгітіп жіберіп, аузын байлап, барлығы Әбікейдің үйіне кірді. Әбең сабақтан шығып, үйге кірген екен. Әкейдің де тосқаны сол еді. Әбеңе: “Атты ерттеп, оны-мұны олжамның біразын артып қойдым, қалта да тиынсыз емес, жүрем”, — деді. Әбең әйеліне қарап еді, сырттан киетін қалың мәуті шапанды әкеме жаба салды.
Өзі қалтасынан үлкен қағаз ақша берді. Әкем үйден шықты. Қапты көтеріп салып, мықтап үстінен тартып байлады, 300 шақырымға жүруге бел байлады. Әбең әйелі екеуі, інісі Қаныш бәрі шығып тұр. “Жарайды, Әміре, айтқанымды орындапсың, рақмет”, — деді. Әкем тағы да жүгіріп келіп, үшеуін кезек-кезек құшақтап, көзі жасаурап, қолдарын ұстап, жеңімен көз жасын сыйпап, Әбекең үйіндегі жеңгей де жылап, жасын сүртіп, орамалын әкеме берді. Қалтаңа салып ал деді. Әміре, Исамен де құшақтасып, мені бетімнен сүйіп, қысып-қысып құшақтап, атқа мінді әкем. Көз жасын сүртіп барады. Біз бәріміз қарап қала бердік. Әкемнің енді баламды көре алам ба, көре алмаймын ба деп солқылдап жылағаны әлі көз алдымда.
…Қырғауылдың қалың жеріне, су жиегіне түстік. “Шай қайнатып, қырғауылды асыңдар”, – деп, олар жүріп кетті. Әміре – қосбасшы шеңгелдей ұстап көрген тәтті-дәмді бөтелкелер иесі, қырғауылды қызыл шақа етіп, лезде жүнін жұлдым да тастадым. Әміре бөтелке жақта бүкшеңдеп жатыр еді, үш рет тарсыл шықты. Әміре: “Ойбай, Бисмиллә, бері кел”, — деді. Әміреге бұрын да еріп қалған дағдымен жетіп келдім. Әміре газетті жайып, оған конфет пен печенье қойды. “Жұматтың мылтығы он екінші, аналардікі 16-шы. Он екіншінің даусы гуілдеп шықса, Қалибек, Исаныкі жіңішке естіледі. Әр атқан кезін іштей бақылап, өздері келгендерінде патрондарын санатпай әрқайсысының қанша оқ шығарғандарын, қырғауылдарын санап жіберіп, қаншасы бекерге кеткенін айтайын”, – деді де, жұлдызы бар қызыл бөтелкені ашып, бірді қағып жіберді. Төрт-бес рет мылтық дауыстары шығып қалды. Әміре жүгіріп барып, әр атылған мылтық үшін конфет салып жатты.
…Әміре кімнің қай жақта жүргенін де мылтық дауыстарынан жақсы біледі. “Газет маңына жуымаңдар”, – деді, бір уыс конфетті қалтасына салып, Иса мен Кәлләкиге ұра жөнелді. Шофер балық пен нанды қаусатып барады. Әміре кетіп бара жатып: “Ағашаяқты” үйретем, мол ғып отын дайындап қой, тамақ ішетін жерді ыңғайла”, — деп бүлкілдеп, аяғы шалынысып кетіп барады. Бұрын өзінің істеген шаруасы, мен келген соң Әміре арқасы босаған. Маған: “Мен ән салғанда сахна сыртынан қарап, бетімізді көріп үйрен, қалғанын өзім де үйретем”, – дейтін. Иса мен Қалибек ағаны да қадағалап бақылайтыным көзіме елестеп жүріп-ақ асты дайын еттім.
Жұмат келе жатыр. Мықшыңдаған жүрісімен Әміре екеуінің алдында “тиіспеңдер” деп айғайлап келеді. Жұмат келіп, қоржынын тастап болған кезде, қалғандары да жетті. Әміре қалтасынан конфетті бөліп салды да, аналарды шақырды, «не істегенімді қарап тұрыңдар” деп қойды. Жұматқа арналған жағын санады да, ұмтылып барып қырғауылды есептеді. Аналар таңырқап, күбірлеп: – “Біз айтқанын орындап, шарапты мол алған соң, Бисмиллә орындаушысы келген соң, көңілденіп бірдеме жасаған ғой”, – деп тұр. Әміре жүгіріп кеп, Жұматқа: “Патрондарыңды сана, бір оғың да бос кетпепті”, – деді. Жұмат жездерін санап жіберіп:
«Алпыс», – деді. Қырғауыл етін қойдың ақ құйрығындай асап, “ақмағамбетке” басып алған соң, көңіл қиялы шартарапқа шалқыды. Бұлғақтап қалғандар да бар. Жұмат Абайдың “Сегізаяғын” қоя берді.
Болмашы кекшіл,
Болсайшы көпшіл.
Жан ашымай кәсіп қыл,
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң,
Бола ма дәулет, нәсіп бұл.
Еңбек етсең ерінбей
Тояды қарның тіленбей, —
деп тастап-тастап, бірнеше шумағын түсірді. Сол күнгі еңбекті Абайдың “Сегізаяғымен” өтеген Жұмат жас баладай бұлғақтап отырған Әміреге: “Қазақтың атын шығарған әндерден айтшы”, – деген кезде оң жақ шетте отырған Әміре ортада жанып тұрған сексеуіл отынның көсеуін жұлып алып, домбыра етіп бұлғақтатқанда, ұшынан ұшқан шоғынан қашып, өзгелер дастарқанға түскен отты алақанымен сыпырып жатыр. “Қанапия”, “Дудар”, “Ағашаяқтарды” зулатып жатыр. Бұл үш әннің қаны жерге тимей тұрған кездері. Әміре жантая кетті. Қалибек Мәдидің әні мен арғы бабаларын қозғай бастады.
Бабамыз әулие өткен ер Қазыбек,
Бекболат онан туған өтіпті бек.
Тіленші онан соңғы абзал шерлер,
Қарадан бек боп өткен бәрі асыл тек, —
деп, бірнеше шумақтарын түсірді.
Қызып отырған Иса жанында жатқан мылтықты ала сала:
Әкудай шіркін
Өтеді бір күн.
Сағаттық миллион сомдық,
Ойын-күлкім, —
деп термелеп қоя берді.
Жұмат енді маған ымдап: “Қызыл бидай” деп қалды. Ол кезде бұл әнді менен басқа ешкім орындамайды, білмейді. Сондықтан сахнада көрінбесе де, артистердің өздері құмар.
Бір сексеуілді домбыра етіп, мен де орындап өттім. Әміре: “Жетпіс оқ атылыпты, елу әкепсіңдер”, — деген кезде аналар жездерін санап: “Астапыралла, тұп-тура”, – деп жағаларын ұстап жатыр. Жұмат жымиып күліп тұрып: “Әміремен ойнамаңдар, Парижде қазақтың атағын тек шығарды дейсің бе, бет құбылысы, дене қимылы да қоңырау үнді дауысымен бірге ұнаған ғой”, – деп қойды.
Қоңыр күз, түнде мылтықтарын ертеңгіге тазартып, патрондарды оқтап, қосқа жатуға кірістік. Бірге жатып үйренген Әміре, Исаны бір көрпе астына тықтым. Жұмат пен Кәллекиді машина үстіне көрпе брезентпен орадым. Шофер кабинада, мен отқа үлкен үш-төрт сексеуіл салдым да, артымды қымтап, бетімді отқа бере құладым. Енді аузыма арақ алмаспын деп күбірлеп жатып ұйықтап кетіппін. Таңертең аузыма арақ алмадым. Содан бері Иса мен Әміренің “ақмағамбет” жарықтығынан ауыз тиген емеспін.
Шайды іше салып, бәрі де жөнелді. Бір сағаттай тарт-тұрс мылтық атылып, аяқтарынан салақтатып, матастырылған үйрек әкелді.
Жүре бастадық. Әміре өзіне керегін қабына салып алды. Семейде, Ертіс бойында асыранды қаз-үйрек қандай көп, етінің дәмдісін біліп алыпты. Қалаға келе театрдағы артистерге екі-үштен үлестіре бастады.
…Асы жайлауының өзіне қарай құлап, төмен түсетін жерінің жоғарғы биігіне шығып, ат шалдыруға түсіп тұрмыз. Тұра қалып, Иса 1927 жылы Алматыда Жамбылдан түсініп, құмар болған Қарқара, Асыны айтып алды. Асы жайлауының төңірегіне көз жіберіп қайран қалды. Иса 1927 жылы екі жастың — Құрманбек пен Шараның үйленуіндегі үй иелері жасаған той үстінде Жамбылмен кездескенін айта бастады. Көзбен көріп, құлақпен естісек те, түрлендіріп қолмен қойғандай Жакеңнен ұққан Қарқара мен Асыны ағытып сөйлеп, кейде бір-бір ауыз өлеңмен де кіргізіп, ұйтқытып айтып қояды. өйткені, Исекең жылға-жылға, сай-сайға бөлініп, бұраңдап ағып жатқан Жамбыл ақын айтқан бұлақтарды көріп тұр. Жіңішкелігі арқандай болып, жыланша ирелеңдеп, сумаң қағып, бұлақтар Асыға құйылып жатыр. Бұларды Иса қолыменшошайтыпкөрсетеді. Бәрімізді аспанмен тілдесіп, тас жарып шыққан қарағайлар мен қатпар-қатпар тастар таңғалдырды. Әміре: “Жакең көзімен көрген-ау, біреулер осы жаққа әкелгендей бұлжытпай айтып түсіріп еді ғой”, – деп қояды. Бір кезде Қалибек нелер тамаша көріністерді көрсетіп: “Жакең сүйген халық мұрасы — ән өнерлеріміз Асы бойындағы анау қалың елде шалқитын шығар”, – деп жымыңдап қойды. 1927 жылы той үстінде Жакең Қарқара маңын біраз айналып, Асы төңірегін көп аралап еді. Осы өзеннің екі жақ бел ортасын Кеген, Еңбекшіқазақ, Талғар елдері жайлайтынын, Жакеңнің мақтағанын айтып елестетеді. Тағы да Иса: “Апырай, Жакең мынау табиғат байлығын, халықтың жайлау көріністерін сезгіштік қарадүрсін білімімен оқыған адамдай суреттеп, шебер мақтады-ау”, – деп өтті .
Әміре: “Ескіше оқыған-ау Жакең өзі”, – десе, Иса: “Болса болар”, – деп төңірекке қайтармалап көз жіберіп жатты. Сол кезде Әміре “Құлагер” әнін айтқанда Жакеңнің мақтағанын, халықтың мұра әндерімен той үстінде бірінші рет кездескенімізде шет патшаға барғанда қазақтың атын шығарып, бәйге алған әндеріңді шырқашы деп өтінгенін еске салдым.
…Шетелге барып ән салып, қазақ елінің әнші халық деген атағын шығарған Әміре Қашаубайұлы алдарыңызға шығады, – дегенде, дүркіресіп бір жүріп берді. Алақандарын ұрып еді, жөнді дыбыс шықпады, айғайға басты. Әміре сәлемдесіп отырды. “Дударды”, “Қапапияны”, “Жанботаны” шырқап тұра бергенде, “кетпе” деп шуылдап қоя берді. Бәйекші шығып, қайыра әкелді. – Сол шет патша Парижден бәйге алған әннің бірі “Дудар” болса, екіншісі – “Ағашаяқ”, – деді де жоқ болды. Әміре тастап кеп жіберді, бітіріп қаша жөнелді. Бәйекші сырнайымен ұстай алып шықты. Татарша да, қазақша да басып-басып жіберді. Жұрт таңғалды. өйтпесе босататын да емес. Кезек басқаға тиді.
…Әміренің шәкірті Бисмиллә шығады, – дегенде біреу “аты жақсы” екен деп айғайлап жатыр. Мен де асығып қалған сияқтымын. Әміре, Исадан үйренгендей, басымды бір еңкейтіп, көтеріп алып, орындыққа келіп бастап, олар да қарық болып жатыр. Бәйге алды – бір жылқы. Екінші бәйге – сиыр, үшіншісі – үш қой. Төртінші, бесінші бәйгілер де қой болды. Ат келгенше күрес, әйелдер күресі де болып жатты. Көкпар серкесі байлауда тұр. Бір кедейдің міністегі бесті аты бірінші болып келді. өзге аттар – мықты, әлді шаруалардікі. Батырақтар аты келген кедейді қолтығынан көтермелеп, міне, үстем болғаныңның бастамасы осы деп шуылдасып жатыр. Кедейдің аты кішкене, жұмыр, аяқ-басы балғадай, іші жоқ, бәрі қабырға сияқты. Екі жағы шекелі, танауы кең. Жерден көмулі теңгені шауып келіп әкету басталды.
үш бөлек, үш рет көмді. Бір-бір будасында екі-үш қойдың құны, он сомнан әрқайсысында. Біз де теңгелік ілеміз деп, бір-бір шауып өттік, маңайлай алмадық. Мен ең артын ала намыстана, құлшынып ұмтылып едім, түсіп қала жаздап, ат мойнын құшып барып түзелдім. Жолдастарым күліп жатыр. Сендердің намысыңды жыртамын деп, қолым жерге тиіп өтті ғой деп жатырмын. Бір кезде жатқан үйіміздің иесі Несіпбай бірі жатаған атқа мінген екен. Бір көмгенін іліп әкеткен, бәріміз ат қойып жетіп бардық. «Қазақтың атын шығарған сізді есіме ала ұмтылып едім, олжа сізге», – деп Әміреге бере салды. Әміре талай жиында ат, палуан бәйгелерінен үлес алып, маған талай құшақтатқан.
…Бір күні Жұмат мені шақырып алды да: “Наркомпрос арқылы Жүргенов әкеңді іздеп жатыр. Тез үйіңді, әкеңді Кузнецкіден көшіріп әкел, – деп бұйрық етті. Бір жетіде әкем келіп қалды. Ертеңінде театрға барсам, Қазақстан бойынша керемет жиналыс болады деген сөздер құлағыма шалынып қалды. Қызметке келген жерімде, Жұматқа келіп сәлемдестім. – Келді ме? – деді, – Иә, — дедім. Қызмет артынан әкейге Жұматты, Жанбикені алып келдім. Керекуден кейін көріскені. Есіктен кіре сәлемдесіп, екеуі құшақтасып, әкем бетінен иіскеп жатыр. Екеуі сәлем етісіп отырды. Әкем көз жасын құрғатып, орамалмен сыйпап жатып, Қашаубайұлы Әмірені, Сатыбалдиев Әбікейді сұрап жатты. «Әбікейді білмеймін, – деді де. – Біреулерден біліп, Бисмилләға айтармын. Әміре өлді», – дегенде көзінің жаңа ғана тоқтаған жасы көл болды.
(“Ән сапары” кітабынан. А., 1975 ж.)